Казақстан тарихы туралы Ресей мұрағаттарында
Аз ғана уақыттың ішінде қазақ мемлекеттілігінің, басқа елдермен қатынастарымыздың беймәлім тұстарын айқындайтын бірегей жәдігерлер табылды. Ғалымдарымыз Ресей, Өзбекстан, Армения ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай мен Египет секілді елдерге іссапарлары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың есебін алды. Дегенмен, қандай жұмыс та кемшіліксіз болмайды. Әсіресе, шет елдердегі халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс берген материалдарды іздестіру мен олардың көшірмелерін алдыруға байланысты функциялары айқындалған бір үйлестіруші орталықтың, әдістемелік құралдың қажеттігі айқындалып отыр.
Орталықтан “Зарубежная архивная казахстаника. Информационно-аналитический обзор” (Астана, 2006) деген кітапты жарыққа шықты.
Иә, “Шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жөніндегі материалдарға жолбасшы” сияқты басылым “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен кезде-ақ керек болатын. Мұндай әдіснамалық құралға сұраныс уақыт өткен сайын күшейе түсуде десек, 210-беттен тұратын шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жөніндегі құжаттарға “ақпараттық-сараптамалық шолу” жасауды мақсат тұтқан, әсем безендірілген басылымды парақтай бастағанда-ақ үмітіміз су сепкендей басылды. Бұл арада онда бұрынғы Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитеттің (кейін Ақпарат және мұрағат комитеті) бірнеше бағытта жүргізген ауқымды ұйымдастырушылық жұмысының толық көрсетілмегенін айтсақ та жеткілікті.
Жеті-сегіз бетті алатын “Шетелдік мұрағаттық казахстаниканы зерттеудің алғашқы ресми қорытындылары” деген түсініксіз тарауда мұрағат қызметкерлерінің Ресей мұрағаттарында болғандығы ғана сөз етіледі. Олар тарихшы-ғалымдар, мұрағат мекемелері қызметкерлері енген топтың ұсынысы бойынша жұмыс жасаған (10-11-бет), ал топ өз кезегінде Ресей Федерациясы мен Өзбекстан мұрағаттарының Қазақстан туралы мағлұматтар бар қорларын ғана атаумен шектелген. Сонда, шамасы, осы елдерге іссапармен баратын адамдар әр мұрағатта әрбір қор бойынша “Жолбасшы” (“Путеводитель”) болатындығын білмейтінге ұқсайды.
Кітаптың тағы бір тарауы “Қазақстан тарихы бойынша алынған мұрағаттық құжаттар коллекциясына қысқаша сипаттама” делінеді және онда Франциядағы М. Шоқайдың жеке мұрағаттық қоры туралы ғана сөз болады. Қорды сипаттаудың өзінде үстірттік байқалады (“Жаңа Түркістан” емес – “Йени Түркістан”; Али Мардан Бей емес – Али-Мардан Бей Топчибашы).
Осыдан кейін-ақ “казахстаника” (Қазақстан тақырыбы) ұмытылады. “АҚШ мұрағаттары мен кітапханаларындағы КСРО тарихы бойынша құжаттар” деген тарау (31-46 б.) көзге ілінгенде тығырыққа тірелгендей күйге ұшырайсыз. Осы біз қандай тақырыпты зерттеп отырмыз деген ой мазалайды.
Кітап көлемінің жартысына жуығы “қосымша” материалдарға арналған, онда оқырман ҚР ОММ, Ресей мұрағаттарымен таныстырылады. Және осы бір ғылымның қай жанрына жататындығы белгісіз “туындыны” М.Олкоттың, Л.Крадердің, В.Мартин, т.б. шетел зерттеушілерінің Қазақстан туралы ағылшын тіліндегі еңбектерінен үзінділер аяқтайды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан ЮНЕСКО “Халықтар тарихы үшін дереккөздерінің жолбасшысы” деген топтаманы дайындап, оны Халықаралық Мұрағаттар Кеңесі (ХМК) жариялай бастаған-ды.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ХМК мен ЮНЕСКО-ға шетел мұрағаттарындағы “Россиканың” библиографиясын жасау туралы ұсыныстар түсті. Бұл мәселе 1992 жылы шілде айында Парижде өткен батыс елдері және Ресей мұрағаттары басшыларының арнайы симпозиумында талқыланды. Содан бері қарай Ресейде Е.Старостиннің “Шетел мұрағаттарындағы Ресей тарихы” (М., 1994), одан өзге авторлардың “АҚШ-тағы Россика” (М., 2001), “Шетелдік мұрағаттық Россиканың мәселелері” (М., 1996) т.б. бірнеше еңбектер жарық көрді. Мұны айтып отырған себебіміз, екі жағдайға байланысты. Біріншіден, Кеңес одағының құрамына енген елдердің, олардың ішінде Қазақстанның мұрағаттары шетелдік “Россикамен” тығыз байланысты. Бұл орайда жоғарыда сөз болған кітапты құрастырушылардың “Россикаға” бет бұруы дұрыс, бірақ осы “Россика” аталатын ғаламат дүниенің ішінен Қазақстанға қатысты материалдарды іріктеп алу керек.
Өткен ғасырдың 30-40-жылдары Ұлттық мұрағатқа Қазақстан туралы да мағлұматтарды қамтитын Американың бірнеше мекемелерінің материалдары берілді. Әсіресе, №226 құжаттық топ материалдары ерекше назар аударуды қажет етеді. Оны Қорғаныс министрлігінің Стратегиялық қызмет біріккен басқармасының құжаттары құрайды. 1942 жылы құрылып, 1946 жылға дейін АҚШ Қорғаныс министрлігінің біріккен бас штабы үшін ақпараттық және барлау материалдарын дайындаумен айналысқан бұл Басқарма Кеңес одағындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, оның ішінде ұлттық мәселелер бойынша құпия мәліметтер жинастырған екен.
Стратегиялық қызмет басқармасы федеральдық атқару департаментінің бөлімшесі болуына қарамастан, оның материалдарының бір бөлігі, әсіресе, Кеңес одағындағы ұлттық қатынастар бойынша жасалған есептері №248 құжаттық топ құрамында ұшырасады. Бұл топта ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде әрекет еткен Әскери-теңіз тасымалдау басқармасының құжаттары шоғырланған. Орта Азия халықтарының тарихына қатысты құжаттар инженерлік әскерлер басқармасы материалдары арасында да кездеседі (№77 құжаттық топ).
Қазақстан жөніндегі мағлұматтар АҚШ ұлттық мұрағатының филиалдары – құжаттану федеральдық орталықтарының жергілікті мұрағаттық бөлімшелерінде де бар. Бұл орайда ұлттық мұрағатта түсірілген микрофильмдерге көңіл бөлген жөн. Қазақстан жөніндегі құжаттар құрамын зерттеушілер федеральдық мұрағат қызметі 1975 жылы құрастырған “Ұлттық мұрағаттың регионалдық мұрағаттық бөлімшелеріндегі микрофильмдерден” біле алады.
Жеке мұрағаттық қорларда да Қазақстан туралы материалдардың баршылығын өмір көрсетіп отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына Ұлыбританиядағы Басхановтың коллекциясынан “Яш Түркістан” журналының барлық сандарының көшірмесі алынды. Канада профессоры Р.Пирсте “Туркестанские ведомости” газетінің толық коллекциясы сақтаулы. Орта Азия мен Қазақстанды ұзақ жылдар зерттеумен айналысқан француз профессорлары А.Беннигсен, К.д’Анкос, Ш.Лемерсье-Келькеженің жеке мұрағаттары да назардан тыс қалмауы тиіс.
5. Кеңес өкіметі мұрағаттары
Достарыңызбен бөлісу: |