Адамзат баласы дүниеге келген күннен бастап қай жерде болмасын өзіне жәрдем беретін, барлық нәрсені құдіретіне бағындырған бір күшті іздеуде


Хз. Мұса және Он бұйрық а. Таурат бойынша Хз. Мұса



бет32/126
Дата31.08.2022
өлшемі480.31 Kb.
#460106
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   126
Діндер тарихы

2. Хз. Мұса және Он бұйрық

а. Таурат бойынша Хз. Мұса


Хз. Жүсіптің өлімінен кейін иудейлер Мысырда көбейе бастады. Таққа жаңадан отырған перғауын Жүсіп жасап кеткен келелі қызметтерді ұмытты, оны ары қарай жалғастырмады және ол иуделердің көбейіп бара жатқанынан қатты қорықты. Ол келешекте еліне төнетін қауіпті шабуылдан және еврейлердің дұшпандармен бірігіп кететіндегінен қорқып, оларға қиыншылық, зорлық-зомбылық көрсете бастады. Сол кезде еврейлердің көбейіп кетуін тоқтату үшін әрбір туылған нәрсетенің дереу өлтірілуін әмір етті. Хз. Мұса осы уақыттарда дүниеге келген болатын. Анасы оны тек үш айдай ғана жасыра алды. Ақырында оны шайырмен майланған себеттің ішіне салып, өзенге ағызып жібереді. Ніл жағалауындағы қамыстың арасына тасталған себетті анасының сіңілісі Мариям мұқият бақылап отырды. Нәтижесінде Нілде шомылып жатқан Перғауынның қызы оны өзеннен тауып алып. оның еврей баласы екенін түсініп, жаны ашыды. Мариям Перғауынның қызына келіп баланы еміздіру үшін бір әйел шақыра алатынын айтады. Перғауынның қызы оның бұл тілегін қабыл етіп, баланың шын анасын алдырды. Баланы әйелге табыстап, нәрестеге «судан шығарылған» деген мағынаға келетін «Моше (Муса)» есімі берілді (79). Мұса жас кезінде иудейлердің қасында жиі болып, олардың арыз-шағымдарын, талап-тілектерін тыңдайтын.
Бір жолы мысырлық біреудің бір иудейді ұрып жатқанын көріп қалады. Иудейді қорғамақ болып жүргенде мысырлықты өлтіріп қояды. Бұл оқиға елге жария болып, Мұса Мидиянға қашып кетеді. Ол жерде мидияндық көріпкелдің қызымен үйленеді (80). Көріпкелдің отар қойын жайып жүргенде оған Тәңірдің періштесі Хореб тікенекті бұтаның арасында от кейпінде көрінеді. Жанып жатқан от әйтеуір сөне қоймайды. Мұны қызықтап тұрған Мұсаны бұтаның арасынан Құдай Тағала шақырып алып, былай дейді: «Мен – әкеңнің құдайымын, Ибраһимнің де, Ысқақтың да, Жақыптың да Құдайымын». Осы кезде Мұса жүзін бүркемеледі. Өйткені Құдайға қарауға қорықты. Содан Раб былай деді: «Шынында Мысырдағы қауымыңның қиыншылығын көрдім... Олардың жанайқайын есіттім. Өйткені олардың қатты қиналғандарын білемін... Және енді кел! Менің қауымымды – Исрайл ұлдарын Мысырдан шығару үшін сені Перғауынға жіберейін» (81).
Осылайша Мұса иудейлерді Мысырдан шығаруға міндеттелді. Бауыры Харун да оған жәрдемші болды. Бұл міндетті іске асыру үшін Мұса Мысырға қайтып оралды. Ол Исрайл ұлдарын Мысырдан әкетіп, Кенан өлкесіне апаратынын және мұның Құдайдың әмірі екендігін айтқанда, Перғауын: «Мен оған мойынсұнатындай Құдай сонда кім өзі?» деп оны сарайдан қуып шығарды. Содан екеуінің арасында күрес басталды. Іс насырға шауып, ақырында екеуі өзара таңғажайып керемет көрсетуге пәтуаласты. Перғауын барлық сиқыршыларын жинады. Олар бар өнерін ортаға салды. Мұсаның аса таяғы алып аждаһаға айналып, олардың бүкіл сиқырларын жұтып қойды. Мұның біріне де пысқырмаған Перғауын исрайлдіктердің Мысырдан шығып кетуіне рұқсат бермеді. Осыған байланысты Құдай-Иехова мысырлықтарға бәлекет жіберетінін және адамнан бастап хайуанға дейінгі алғаш туылғандарды қырып-жоятынын ескертті. Құдай Мұса арқылы Мысыр жеріне он бәлекет жіберді. Перғауын жағдайдың ушыққанын көріп, исрайлдіктердің Мысырды тастап шығуына рұқсат етеді.
Исрайл ұлдары Қызыл теңізге қарай жол тартады. Дегенмен Перғауын берген шешіміне қатты өкініп, олардың артынан өкешелеп қуа бастады. Қызыл теңізге келгенде Мұса қолын теңізге ұзатып еді, су екіге қақ айрылды. Исрайлдіктер судан өтіп кеткеннен кейін Мұса қолын суға қайта ұзатып еді, су бұрынғы қалпына келе қалды, ал Перғауын мен оның әскерлері судың астында қалып өлді (82).
Қызыл теңізден өткеннен кейін Марада ащы суды ішпей қойған исрайлдіктер үшін Құдай Тағала Мұсаға суға бір талдың бұтағын тастауын бұйырады. Осыдан кейін су тұщыланды. Шөл далада азық-түліктері бітуге айналғанда исрайлұлдары Мұса мен Харунға шағымдана бастайды. Құдай көктен тамақ жаудыратынын аян етеді. Мұса кешке қарай бөдене етін, ал таңертең нанмен қарындарын тойдыратынын жариялайды. Көктен әппақ қыраудай «мәнн» деп аталатын тәңірлік азық жауады. Оны халық қырық жылдай азық етті. Бұдан кейін су тапшылығы байқала бастайды. Олар Құдайға жалбарынып су сұрайды. Құдай тағала Мұсаға қолындағы аса таяғымен бір тасты ұруын әмір етеді. Сол кезде тастан су атылып шығады.
Исрайлдіктер Мысырдан кеткеніне үш ай болғанда Синай шөліне табан тірейді. Ол жерде Құдай тағала Синай тауынан Мұсаны шақырып, исрайлдіктерге берген игіліктерінің өтеуі ретінде олардың бір қауым болып бірігіп өмір сүру керектігі жөнінде сөзін алып, соған Мұсаны тағайындады. Мұса бұйрықты орындайтындығын Тәңірге білдірді. Үшінші күні Тәңір Синай тауының ұшар басына от кейпінде түсті. Мұсаны шақырып, он бұйрықты жария етті (83).
Мұса Исрайыл ұлдарын қиын да ұзақ арпалысудан кейін уәде етілген топырақтарға жақындатты да өзі 120 жасында өмірден өтті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет