Қорытынды
Зерттеу жұмысын дайындау барысында ата -аналармен тілдестік. «Үйде қазақша сөйлессек те, балабақшада, мектепте, яғни ортасына байланысты орысша сөйлейді», «қазір қазақ тілінің қажеті шамалы, орыс, ағылшын тілдерін білсе, кейін жұмысқа орналасуға оңай болады» деген ата -аналар болды.
Әсіресе қалада қазақ балалары неге орыс тіліне бейім екенін психологтан сұрағанымызда, «ақпараттардың орыс тілінде екендігімен», ата- аналардың таң атқаннан кешке дейін жұмыста болулары себепті, баламен байланысқа тұспейтіндіктерімен байланыстырды.
Халықаралық PISA зерттеулерін талдау барысында Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Сингапур секілді елдер үздік нәтиже көрсетіп келеді. Ал олардың білім беру жүйелерінде ұлттық -рухани тәрбие мәселесіне басты назар аударылады екен. Қай ел өз ұрпағына ұлттық -рухани тәрбие берсе, сол елдің білім сапасы да жоғары болатындығы айқындалды. Демек, біздің елде де қарадомалақ қазақ баласы бесіктен бастап ұлттық -рухани тәрбие алса, білім сапасы да жоғары болмақ.
Жалпы қай тілде сөйлесең, сол ұлттың өкілі боласың. Сондықтан да әр бала өз елінде 12-13 жасқа дейін өз ана тілінде сөйлеуі керек деп тұжырымдаймын. Баланың санасында алғаш қалыптасу кезеңінде әуезді, құлаққа жағымды үнмен айтылатын Мәшһүр Жүсіп өзі болмаса да, осы уақытқа дейін өзектілігін жоғалтпаған, баға жетпес құнды шығармаларын ұлт болашағы - бала тәрбиесінде, яғни баланың бойында Отансүйгіш, еліне, ата- анасына қамқор, еңбекқор, шыншыл, адал қызмет ететін, тілі ана тілінде сайраған Мәңгілік елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде қолдануды ұсынғым келеді.
Осылайша «Менің елім, Менің жерім» деп елжіреп Әнұран шырқаған бала жүрегіммен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге титтей де болса үлес қосқым келеді.
Халық байлығы ана тілді меңгеру бесіктен, яғни ана әлдиінен бастау алады. Халқымызда «сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» дейді. Демек, сәби шақтан баланың бойына қазақ тілінің қасиетін сүтпен сіңірсек, еңбегіміздің ертеңі болашақта деген тұжырым.
Достарыңызбен бөлісу: |