Барлаушы егістер топырақ құнарлылығы жағдайының толық бағасын және ала-құлалығын білуге мүмкіндік береді. Зерттеліп отырған жер учаскесіне белгілі бір танаптық, біржылдық дақылдың бір сорты (бидай, арпа, сұлы және т.б. астыққа немесе жасыл балауса өніміне, пішенге), біркелкі себу мөлшерімен және себу тәсілімен себіледі. Себілген дақылды тіршілік ету кезеңінде жер учаскесінің топырағының құнарлылығы бойынша және басқа да көрсеткіштері бойынша біркелкі болуы шамалап және көзбен бағалануы тиіс, дегенмен бағалаудың анағұрлым сенімді критериі ретінде – жер учаскесін зерттеу жүйесінің қорытынды бөлімі болып табылатын, бөлшектік есептеу әдісін санаған жөн.
Тексеріп көру үшін себілетін, яғни барлаушы (рекогносцировкалы егіс) егістердегі бөлшектік есептеу – ол жер учаскесін зерттеу жүйесінің қорытынды бөлімі болып табылады. Оның маңызы – белгілі бір дақыл себілген жер учаскесін ұсақ алаңдарға, яғни қарапайым мөлдектерге бөледі, мөлдектердің ауданы топырақтың құнарлылығы бойынша біркелкілігіне байланысты 10 м2-ден 100 м2-ге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін, бұл мөлдектерден өнім жиналады және өнім есепке алынады, ал кейін алынған мәліметтерді статистикалық өңдеуден өткізеді, мұның өзі жер учаскесінің топырақ құнарлылығы бойынша біркелкілігін белгілеп қана қоймай, сонымен қатар келешекте салынатын танаптық тәжірибелердегі мөлдектердің ауданын және олардың орналасу тәртібін болжауға мүмкіндік береді.
Теңестіруші егістер – барлаушы егістер (рекогносцировочные посевы) технологиясымен бірдей технологиямен жүргізілетін, танаптық тәжірибелерге жер учаскесін дайындау шараларына жатады. Оның міндеті жер телімі топырағының құнарлылығы бойынша әркелкілігін азайтып, ондағы әр түрлі факторлардың тез әсер етуін жою. Теңестіруші егістердің рөлі – оларды 2-3 жыл бойы және ауыспалы егіске енгізілген дақылдардың кезектесіп келу тәртібін сақтай отырып қолданғанда ғана жоғарылайды және осыдан кейін ғана танаптық тәжірибелерді салу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жер телімі бір мезгілде өндірістік (агротехникалық) типтілігі жағынан көзқарас бойынша дайындалады. Теңестіруші егістерде, тәртіп бойынша өнімді есептеу жұмыстары жүргізілмейді, дегенмен теңестіруші және барлаушы егістер уақытқа және технологияға сай жасалады, сондықтан қандайда бір барлаушы егістердің өзін теңестіруші егістер деп санауға болады, ал қандай да болмасын теңестіруші егістер, бөлшектік есептеу жұмыстарын жүргізген кезде жер учаскесінің құнарлылығы бойынша ала-құлалылығын зерттеу үшін қолданылуы мүмкін, яғни барлаушы егістер ретінде.
Теңестіруші егістер агротехникалық тәжірибелерде қолданылады, сонымен қатар сортсынау тәжірибелерінде де кеңінен қолданылады: сорт сынау жер учаскесінде, сорт сынаумен және бұл жерде алдыңғы жылы себілген әр түрлі дақыл түрлерімен және олардың сорттарымен байланысты топырақтың құнарлылығы бойынша әр түрлілігін анықтау үшін және келесі сорт сынау жұмыстарына теңестіруші егістерді жүргізу қажеттілігі туындайды. Теңестіруші және сорт сынау егістерінің ауысым технологиясы келесідей, яғни ауыспалы егістің әр бір танабының жартысына ғана тәжірибе салынады, ал қалған бөлігіне сорт сынау ауыспалы егісіне енгізілген және ауыспалы егістегі дақылдардың кезектесіп келу тәртібіне сәйкес дақылды себеді, яғни танаптың бұл бөлігін тәртіп бойынша тапшы (дефицит) сорттарды көбейту үшін қолданады. Келесі жылы ауыспалы егіс танабының өткен жылы теңестіруші егістер себілген бір жартысына сорт сынау бойынша тәжірибелер салады, ал екінші жартысына теңестіруші егістерді жүргізеді, яғни теңестіруші егістер және тәжірибелер ауыспалы егістің жекелеген танаптарында бір жылдан кейін кезектескен тәртіппен ауысады.
Б.А. Доспеховтың (1985) пікірі бойынша тәжірибе жүргізушіге тәжірибе жұмыстарын барлаушы егістердің бөлшектік есептеу жұмыстары бойынша жүргізу міндетті емес, яғни оларды көзбен бағалаудың өзі жеткілікті. Барлаушы егістің бөлшектік есептеу жұмысының болмауы, танаптық тәжірибені жүргізудің дұрыс әдістемесін қолдануға кедергі бола алмайды, ал берілген танаптың тәжірибе салуға жарамдылығын анықтау үшін «топырақ құрамын зерттеу және тегістеу (нивелировка) жұмыстарын жүргізу жеткілікті, сонымен қатар танаптың тарихын зерттеу және барлаушы немесе теңестіруші егістерде топырақ құнарлылығының құбылмалылығына көзбен баға беру, қазіргі уақытта танаптық тәжірибе жүргізу әдістемесі жақсы жетілдірілгендігіне байланысты, әсіресе біржылдық дақылдар қолданылатын тәжірибелерде, барлаушы егістердің бөлшектік есептеу жұмыстарын жүргізгенше, тәжірибенің қайталымдарын көбейткен абзал, ал барлаушы егістердің бөлшектік есептеу жұмыстарын жүргізудің маңызы ерекше, арнайы жағдайларда байқалады, мәселен, көпжылдық станционарлық тәжірибелер салғанда».
Достарыңызбен бөлісу: |