Сондай-ақ, сорт сынау тәжірибелерінде барлық қайталымдардағы біртекті мөлдектерге бір сортты сеуіп шығады да, сепкіштерді толықтай тазартып, келесі сортты себеді.
Дақылдарды сепкенде келесідей тәртіптерді сақтау қажет: сепкіштерді іске қосу және ағыту жұмыстарын тәжірибенің сыртында, яғни мөлдектердің шекарасынан 1 м-ден жақын емес жерде жүргізу қажет (бұрыштағы қазық сызықтарын, мөлдектердің шеттерін, тәжірибенің шекарасын тәжірибені салып болған соң белгілі бір дақыл тұқымымен сеуіп өтеді). Бір жылдық дақылдар қолданылатын тәжірибелерде қорғаныс жолақтарына, мал азығына немесе астыққа жиналатын біржылдық дақылдар, ал көпжылдық шөптер (еркекшөп, қылтықсыз арпабас және т.б.) қолданылатын тәжірибелерде – көпжылдық шөптерді себеді.
Жоғарыда аталған тәжірибелерден басқа тәжірибелерде, тәжірибенің жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар арнайы жұмыстар жүргізіледі: жолақтарды тазарту (мәселен, арамшөптерден), «таза» қазықтарды қағу, этикеткалар қою және т.б., сонымен қатар мөлдектердің қорғаныс жолақтарының ені қойылатын негізгі талаптарға сай болуы тиіс.
Этикеткалар қайталымдар мен мөлдектердегі өсімдіктердің өсіп-дамуына бақылау жасаған кезде және әр түрлі жұмыстар жүргізген кезеңде қателіктердің туындау мүмкіндігін төмендетеді, сонымен қатар тәжірибелердің демонстарциясын жеңілдетеді және оларды өсімдіктердің тіршілік ету кезеңдерінің басында қойған дұрыс. Олар әр түрлі материалдардан (қаңылтыр, ағаш) және әр түрлі көлемде дайындалады, дегенмен олардың минималды көлемі 20 х 10 см болу керек деп есептеледі, сонымен қатар этикеткалардағы жазулар қысқаша, бірақ зерттеушінің өзіне ғана емес, сонымен қатар сырттан келген адамдарға да түсінікті болуы қажет.
Танаптық тәжірибеде өсімдіктерді күтіп-баптау жұмыстарының, өндірістік жағдайда өсімдіктерді күтіп-баптау жұмыстарынан ешқандай айырмашылықтары болмауы тиіс, сонымен қатар барлық жұмыстар тәжірибенің барлық мөлдектерінде біркелкі және бір уақытта жасалуы тиіс. Жер учаскесінің арамшөптермен ластануының біркелкі болмауы зерттеліп отырған факторға әсер етуі мүмкін, сондықтан тәжірибелік барлық мөлдектерді арамшөптерден таза күйінде ұстау қажет.
Дегенмен, белгілі бір шараларды зерттеудің бірқатар тәжірибелерінде, мысалы, себу мерзімдерін және т.б., арамшөптерді есепке алу үшін сол қалпында қалдыру қажет. Нәтижелерін өндіріске ұсыныс ретінде ұсынуға болатын тәжірибелерде арамшөптерді қолмен жою жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ, мысалы, көпжылдық шөптерді қолданатын және олардың бүркемелі және бүркемесіз себу әдістерін зерттеу тәжірибелерінде көпжылдық шөптерді салыстырмалы бағалағанда, олардың себілген (көпжылдық шөптердің бірінші тіршілік жылында) жылы арамшөптерге қатынасы бойынша бәсекеге түсу қабілеттілігін бағалағанда және т.б. тәжірибелерде арамшөптерді жоймай, сол қалпында сақтау қажет. Тәжірибелерде өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы, тәжірибеде зерттеліп отырған технология элементтерінің нәтижелеріне немесе сорттарды салыстырмалы зерттеу нәтижелеріне кері әсер ете алатын, ең жақсы күресу шараларын қолдану қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |