Дәріс 1
АӨК дамуындағы ДНҚ технологиясына кіріспе
Сабақтың жоспары:
1.Биотехнологияның мақсаты, міндеттері, даму кезеңдері. Ауылшаруашылығы өндірісі биотехнологиясының негізгі объектілері.
2.АӨК дамуындағы ДНҚ технологиясындағы жетістіктер
Биотехнология - ғылым мен өндірістің жаңа саласы. Биотехнология ұғымының дəл мəнісі - биологиялық технология, немесе «биология + технология». Басқаша айтқанда, биотехнология дегеніміз, биологиялық объектілер мен биологиялық процестердің негізінде түбегейлі жаңа технологиялар құру, сол арқылы адамға қажетті өнімдерді алу. Осы айтылған қандай объектілер, процестер, өнімдер? Биологиялық объектілерге сан-алуан организмдер, олардың əр түрлі мүшелері мен ұлпалары, əсіресе клеткалары жəне протопластары, солардың құрамындағы органоидтар, хромосомалар, тіпті жекеленген гендер де жатады. Ал, биологиялық процестерге келер болсақ, олардың тіршілік үшін ең маңыздылары - өніп-өсу, даму, көбею, зат пен энергия алмасу, информация қабылдау, сақтау, пайдалану жəне стресстік, қолайсыз факторларға бейімделу болып табылады.
Биотехнологиялық жолмен алынатын өнімдерге көптеген дəрі-дəрмектектер, белоктар мен ферменттік препараттар, құлпырған табиғи бояулар, хош иісті заттар, витаминдер жəне тағы басқа да биологиялық активті қосындылар кіреді.
Біріншіден, биотехнологиялық əдістердің көмегімен селекция процесін жүргізуде ежелден қолданылып келе жетқан тəсілдерді (будандастыру, мутагенез, сұрыптау, т.б.) едəуір жеңілдетуге, тездетуге болады. Екіншіден, керемет зор нəтижелерге қол жеткізетін мүмкіндіктер тууына жол ашылды. Бұлар биоинженерия (клеткалық инженерия, гендік инженерия) принциптері негізінде бұрын-соңды дүниеде болмаған, түп-тұқияннан қалыптасқан қасиеттерді тіпті қиялға симастай етіп өзгертіп, жаңа организмдерді конструкциялау, «жасап шығару».
Осындай биотехнологиялық жолдармен өсімдіктердің сапалы сорттары, малдың асыл тұқымдары, микроорганизмдердің аса өнімді штаммдары алынады.
Биотехнология бүгінде бүкіл әлемдегі экономиканың инновациялық дамуының түйінді бағыттарының бірі болып табылады. Бұндай өсімнің себебі адамның маңызды мәселелерін шешуге арналған биотехнологияның мүмкіндіктер потенциалы болып табылады, мысалы:
• Денсаулық сақтау – биотехнология заманауи вакцина жасау, сонымен қатар бұрын емделмеген дерттерді (обыр, ЖИТС) емдеуге тәсілдерді іздеу бағытында әсерлі жұмыс жасайды;
• Экологиялық мәселе – биоотынды пайдалану экологияға антропогенді әрекет етудің көлемін азайтады;
• Табиғи ресурстардың бұзылу мәселесі – биотехнология шикізаттың жаңартылған негізін пайдаланады;
• Өнім мәселесі – тәсілдерді жақсартумен қатар өнімдік дақылдарды пайдалану мен биологиялық тәсілдердің көмегімен зиянды жәндіктерден қорғануды арттыру.
Биотехнология ғылыми пəн ретінде жəне өндірістік қызмет саласы ретінде биохимияның, молекулалық биологияның, микробиологияның жəне химиялық технологияның функционалдық жетістіктері мен табыстарына сүйене отырып негізделеді (1-сурет).
Сурет 1 - Биотехнология жəне оның басқа ғылымдармен байланысы
Достарыңызбен бөлісу: |