Қалам қайраткерлерінің жайынан
Орынборға шақырған қазақ қайраткерлерінің съезі адам аз
келгендіктен съезд есебінде болмай, кішкентай ғана кеңес түрінде болып
өткені озған номерлерінде жазылды. Орынборда отырғандар, о жақ, бұ
жақтан кез келгендер болмаса, съезге елден адам келіп жарытпады: үш-ақ
кісі келді. Съезге атын атап шақырған адамдар да келмеді.
Келмеу себептерін түрлі жоруға болады.
Келмеулеріне бір жағынан, жол қаражатына қаржы жоқтығы себеп
болған шығар; екінші жағынан, Жүсіпбек жолдас сияқты керексіз съезд
деушілік те себеп болған шығар; үшінші жағынан, қазақ қайраткерлерінің
Орынбор қаласынан қараңғы үйден жаман қашатындығы да себеп болған
шығар; төртінші жағынан, өзгеріс уақытында қайрат жолы өзгеріп, қарқын
беті қайтқаны себеп болған шығар. Бұл көп «шығардың» ішінде көбінен
себеп болатын соңғы екі «шығар».
Съезге келуге ынталы адамдар болса қаржы да табылады, керексіз
съезд деп те айтпайды. Мұның бұлай болуы келуге ынталы адамдар
болмағандықтан, Орынборды көруге табиғаты шаппағандықтан болып
отырған хал. Бұрын Орынбор қазақтың пікір құбылысындай болған
заманда, съез түгіл жайда Орынборға келіп, бас қосып, қазақтың қамын
ойласып, қайғысына дауа қарастырып қайтатын ел азаматтары енді
еріншектік етіп келмей отыр деуге болмайды. Мұның мәнісін әрірек,
тереңіректен іздеу керек.
Қазақ қалам қайраткерлері қайдан туған, қашан шыққан деп сұрау
қойылса, жауап қиын емес.
1) Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, таяқ жеген,
орыс табанында езілген жұрттан туған.
2) Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман
түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан.
Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп
отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту,
ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген
жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс
қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны
ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал
болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңынан
тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады.
Қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған
қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері октябрь өзгерісі болғанда бірден
интернационал (бибауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей
278
«алымсақтан бері» коммунист, интернационалист елім деп айтуға аузы
бара алмады. Сондықтан бибауырмалдық жолға қызмет қылып, басшылық
қыла алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін
бибауырмалдық жолындағы үкімет хош көрмейтін болды. Сөйтіп, қазақ
қалам қайраткерлерінің халінде дағдарыс болып, өзгерістен бұрынғы
қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды. Сол қайтқан қарқын әлі күнге
қайта келіп жеткен жоқ. Бұрынғы қалам қайраткерлерінің бәрі де
өзгерістен кейін қалам қайратына әлі белсеніп онша кіріскен жоқ.
Бұл айтылған себептің үстіне жамалған екінші себеп болды. Ол
Қазақстанға ұлық болған адамдардың лағу-төңкеріс болса істің бәрі өзінен
өзі істеліп, өзінен өзі өзгеріп кететіндей көруі. Қалыпты өзгертететін
адамның ісі, яғни жұмсайтын күші, қайраты, ісі, білімі екендігін
ойламады. Төңкеріс болды, патша үкіметінің орнына совет үкіметі
орнықты: қазақты билеген, патшаның оң қолы болған чиновниктер қалып,
олардың орнына совет үкіметінің оң қолы болып коммунистер қазақты
билейтін болды. Елдің төбесі өзгерді, төресі өзгерді. Онан былайғысын
өзгертуге көп күш, көп іс, түрлі еңбек, қайрат керек, яғни істей білетін
түрлі адамдар керек.
Қазақтың оқығаны аз, оның ішінде халық ісіне қатысып, жұрт үшін
жұмыс қылған адамдар аз. Бірақ аз да болса, қазақта қызмет қылып
ысылған, төселген адамдар, қазақтың ісіне қатыспақ түгіл қарасын
көрмеген, атын есітпеген жат жұрттың адамдарынан гөрі, қазаққа көбірек
пайда келтіретіні шексіз.
Ескі үкімет тұсында, қазақтың басына қаптаған қара бұлттай қалың
пәле торлаған заманда, жұрт үшін, ұлт үшін қызмет қылған, қиналған
адамдарға «жұртшыл», «ұлтшыл» деген таңба басылып, олар қораға
жолатпайтын қотыр мал сияқты шетке шығарылып, әлеумет жұмысынан
аулақ ұсталды. Қазаққа жаны ашып, қазақ сөзін сөйлеген адам болса, оны
ұлтшыл деп әдепсіздік еткен сиырдай қылатын болды.
Төбелеске шығатын адам сияқты, төсін ұрып, тұлданып «Жасасын
бибауырмалдық!» - деген қазақ болса, қошемет айтып, қол шапалақтап,
төбесіне көтеретін болды. Қазақтың көрген қорлығын, зорлығын айтатын
адам болса, ауызға қағып сөйлетпейтін болды. Қазақ өзгеріс үшін құрбан
болса, несі құрайды деуші болса, арқаға қағып, дұрыс пікір осы дейді.
Солай болып тұрғанда қазақтың жұртшыл, ұлтшыл, бауырмал қалам
қайраткерлері қалайша белсеніп, қалам қайратына кіріспек? Қалайша
қаламды қолға алуға көңілі шауып, ықыласы түспек?
Қалам қайраткері – жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін
бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, я
бояумен түсін өзгертіп, я түленмен түгін өзгертіп бибауырмал болмаса,
279
нақ ішін өзгертіп бибауырмал бола алмайды. Жалғыз қалам қайраткерлері
емес, қазаққа жаны ашитын, басқа азаматтар да қазақтың басқалардан
көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Оны айтып отырса, бауырмал
деген сөзден құтыла алмайды. Солай болған соң, я бауырмал деген сөзден
қашып, бибауырмал үкіметтің ыңғайымен болып, қазақты басқалар пісіріп
жесін, шикі жесін үндемей қарап отыруы керек: не бауырмал деген сөзді
басқалар ауыр мағынада айтса да, қазақ азаматтары ауырламай, қазақтың
сөзін қаймықпай сөйлеуі керек. Енді осыған жеттік.
Қазақ деп ауызға алмай, не болса о болсын, қараға қостық, не көрсе
көппен бірге көрер деп отыруға болар еді, егер қазақ мәдениеті қасындағы
халықтармен бірдей болса. Қазақ қасындағы халықтар: орыс, неміс, ноғай,
жәуіт, ғайлар.
Бұлардың бәрінің де мәдениеті қазақ мәдениетінен жоғары.
Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай
жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді
халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион
Қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны – адам баласының
теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін ыспаттайды.
Қазақ мәдениеті жәуіт, неміс, орыс, хатта ноғай мәдениетіндей болса
да, «қазақ» деп айыра сөйлеп, ауыз ауыртып, әуре болмай-ақ, көппен
бірдей көрер деп қояр едік. Қазақ айрықша сөз болатын халі айырықша
болатындықтан.
Қазақ мәдениеті қасындағы жұрттан кем екенін біле тұра, мәдениеті
кем халық мәдениеті зор халыққа жем екенін біле тұра, қазақты жемтік
есебінде жей бер деп қазақ азаматтары тастай ала ма? Оны қазақ
азаматтары істей алмайды. Оны істей алмаса, бауырмал деген сөзден
құтыла алмайды. Олай болса, бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл
десін, оған құлақ ауыртып ауырламасқа керек.
Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп теңелуіне керек
ісімізді қолға алып, қанаттамасақ, қазақ күнін қараң қылатын
бибауырмалдық адам арасына жік салады, бауыр керек емес, «жасасын
бибауырмалдық!» деп айқайлағанмен, адам баласының арасындағы құр
айқаймен жоғалатын көрінбейді. Мәдениет жігін жоғалтпай өз жігін
жоғалту оңай жұмыс емес. Бұл айқайдың қолынан келмейтін іс екендігіне
көз жетті.
Алдымен бауырмалдық жігін жоғалту керек деп адасқандар адаса
берсін, қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін,
ісін сарп ету керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса, жармаса
күнелтуге қазақ жеткен күні, қазақты қасындағылар қыңсылатуын қояды,
280
қазақ азаматтарының қазақ үшін айырықша қайғыруы, қаны қызуы
жоғалады, бауырмалдық өзінен өзі жоғалады.
Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау
күшеюімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-
саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен
адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену
дегеніміз – оқу. Сөйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы
жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп
тіреледі.
Қазақта оқу ісі қалам қайраткерлеріне қарап тұрғаны, олар не істеуге
керектігі өткен номерлерде басылған съезге арналған мәселелерде
айтылды. Мұнда айтайын дегеніміз: қалам қайраткерлерінің бас қосып
бақыршылығын сөйлесуі. Қалам қайраткерлерін июнь съезіне «топалаң
уақытындағы той» емес, топалаң келмеуіне амал қарастырайық деген ой
еді.
Съезд июньде болмады деп қою керек емес, июньнен басқа да айлар,
күндер көп, әлі де болса бас қосып сөйлесу, қалам қайраткерлерінің
ұйымын жасау керек. Жазушыларымыз бытыранды болмай, ұйымдасып,
бірлесіп іс істесе, бәлкім істері берекелі, өнімді болар. Өзгеріс болғанымен
өзгермей тұрған қазақта қалып көп, қашаннан бері қазақ ішіне сіңіп,
орнығып қалған қалыпты өзгерту оңай нәрсе емес. Бас өзгерді, бастық
өзгерді, төре өзгерді, басқасы әлі қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен
зорлық көбеймесе, кеміген жоқ. Жеуге жеңіл тұрғанды жеу – табиғи іс.
Тіске жұмсақ болған соң, қай уақытта да жеуге қазақ жеңіл болып
тұратыны мағлұм. Қазақты бұрын жегендері әлі жеп отыр, бұрын зорлық
қылғандары әлі де зорлық қылып отыр. Өзгеріс кімге жағымды, кімге
жағымсыз болып шыққаны көзі бар адамдар көрерлік, есі бар адамдар
білерлік болды. Өзгерістің негізі тартыс, талас болған соң тіршілікке
қайым біткен қайраттыларға, күн көруге ептілерге, дүние жиюға құмар
адамдарға жағымды болғанымен, момындарға, ақ көңіл, анайы,
аңқауларға жағымсыз болғаны шексіз.
Ақкөңілдік, анайылық, аңқаулық табиғаттан да болады, тәрбиеден де
болады, яғни мәдениет жоғары-төмендігінен де болады. Көбінесе
мәдениеті төмен жоғары жұрт ақ көңіл, анайы, аңқау келеді. Сондықтан
да мәдениеті жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп
жем болады. Қазақ жеріндегі халық көбінесе қазақ пен орыс. Қазақ
мәдениеті орыстан кем болған соң жем болатыны шексіз. Ол жем болудан
мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декрет
қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады.
281
Үкімет тарапынан қазақтың қазіргі күтетін көмегі – мәдениеті
жетілгенше басқалардың зорлығынан қорғау, мәдениеті көтерілуіне
қолдан келген жәрдемін аямау. Солай болған соң қазақ үкіметі құр
декретін көбейтумен бола бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына
көз салып, көбірек күшін жұмсау керек.
Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді
оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет
оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет бірін-бірі қолдап, бірін-бірі
көтермелеп, бірін-бірі сүйрейді. Оқусыз әдебиеттің күні жоқ, әдебиетсіз
оқудың күні жоқ, қазақта оқу да, әдебиет те жаңа ғана көктеп көзге ілінген
күйде тұр. Оның өсіп, үлкейіп, гүлденуі үшін көп іс, көп күш керек. Сол
көп істі қолынан келгенше істейтін, сол көп күш шамасынан келгенше
сарп ететін қазақ қалам қайраткерлері.
Ол қалам қайраткерлері бұл күнде өз жұмысында емес, өзге жұмыста
жүр. Оларды өзге жұмыстан алып, өз жұмысына салу қазақ үкіметінің
міндеті: қалам қайраткерлерінің жұмысы – әдебиет, әдебиетсіз оқу
қуаттану жоқ, оқусыз мәдениет қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазақ
қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Орыстан қазақтың көріп отырған
отаршылығы, омыраулығы қазақ мәдениеті орыс мәдениетінен төмен
болғандықтан. Азаттық асылы мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі оқу
мен әдебиетте.
Достарыңызбен бөлісу: |