Айбек Қалмағамбетов Жоғалған қыз туралы аңыз



Дата03.07.2016
өлшемі183.54 Kb.
#174465
Айбек Қалмағамбетов

Жоғалған қыз туралы аңыз

Қалмайды тағатым,

Соқты ма сағатым.

Кеудеден кептерді,



Шығарып салатын.

Жоғалған қыз туралы поэма



Ақ шашты аяулы ана, ақ шуағым,

Өзіңсің шалқар көлім, ақ шынарым.

Кеудемде бүршік жарған осы әнді,

Өзіңе сыйлық қылып тапсырамын.
Маңғыстауда алты жасар бір қыз кетті жоғалып..,

Құлады ана асқары, құлады ана аспаны,

Аппақ болды қырыққа жетпей ананың,

Көмірдей қара шаштары.

Қайғырғанда көзден жастар тамады,

Таудың тіліп тастарын.

Ең болмаса денесі қыздың табылмай,

Іздеушілер талабы таудай шағылған.

Ешбір хабар құлағына шалынбай,

Сорлы ананың үміті отқа жағылған.

Ауырып жаны қызын ойлап сағынған,

Зар жылайды қаралы ана жарымжан!

Содан бері сегіз көктем өте шықты қас-қағым,

Талай-талай дауыл соқты құрғатып ана жастарын.

Еске аламыз анда-санда жоғалған қыз туралы,

Көрген кезде анасының аппақ қардай шаштарын!
Бір жыл өтті әкеме уақыт болғалы,

Бір жыл өтті өртенгелі орманым.

Мен әкемнің тұңғышы едім, сондықтан,

Әкем мені жақсы көрді ерекше.

Мен бір төбе, өзге ұлдары бір төбе,

Жүруші еді мені ылғи бөлектеп.

Әкем солай бергеннен соң ерікті,

Бала көңіл талай-талай желікті.

Сотқар едім, тентек едім, ерке едім,

Өзіме де белгісіз еді ертеңім.

Соның бәрі әке арқасы екен-ау,

Соның бәрі бүгін міне ертегі!

Мен есейдім он жылдықты бітіріп,

Кетті достар оқу іздеп күпініп.

Ал мен болсам қолға күрек ұстадым,

Белді буып, алақанға түкіріп.

Еркеліктің жұрнағы да қалмады,

Жолда қалды бала күнгі арманым.

Жұмыс жасап анашыма сүйеу боп,

Кешегімді болашаққа жалғадым.

Шешіміме риза болды анамда,

Бір мақсат бар ерте есейген санамда.

Бауырларға тағдыр сынын сездірмеу,

Әке орнын жоқтатқызбау амалдап.

Әкем көзі үлкен қара шаңырақ,

Тұрмасын деп, қалмасын деп қаңырап.

Соңыма ерген бауырларым қаперсіз,

Күлсінші деп, жүрсінші деп жадырап,

Мақсат қылдым азырақ!
Арман деген жандай досым бар-тұғын,

Ол жоқ болса бүтін емес жартымын.

Сағынумен көрісуші ек екеуміз,

Бөлек жүрсек жарты күн.

Бала кезден бірге өскен сырласып,

Кетуші едік сырласумен қырды асып.

Екеуміздің қанымызда бірігіп,

Қос өзендей ағушы еді жымдасып.

Болса дағы уақыт жылдам өтпелі,

Арман күзде армияға кеткелі.

Айдалада жалғыз өскен теректей,

Осы болды шын жетімдік шеккенім.

Аралдағы қалған жандай сопайып,

Қалды менің жан сарайым ортайып.

Күндіз жұмыс қызығымен елігем,

Түнде мені тербетеді ой қайық.

Тұратынды досым жиі хат салып,

Көңілдегі бар сырларын ақтарып.

Қайта-қайта оқығанда оларды,

Қалушы еді көңілімде жатталып.

Күндер жайлап өтіп жатты білінбей,

Жан досымнан хат келеді үзілмей.

Оқығанда қуанышқа кенелем,

Бақыттымын хат келді ғой бүгінде.
Досымның бірінші хаты

Аманбысың жан досым,

Көрісуші ек күнде біздер сағынышпен асығып,

Қалмаушы едік бірімізден біріміз сыр жасырып.

Осы хаттың әрбір сөзін жазу ауыр тиседе,

Саған бүкпей баяндаймын ашығын.

Бір ауылда бірге тұрып, бірге өскен тел едік,

Өзімізді қатар өскен қос шынарға теңедік.

Бір сырым бар әлі ешкімде білмейтін,

Соны екеуміз бөлелік.

Қуаныш бар рас болса сүйіншісін алатын,

Саған соны жеткізгенше қалмады еш тағатым.

Бір сұлуды кездестірдім таулықтардың жерінде,

Алма апайдың қызын еске салатын.

Танисың ғой Алма апайды шеткі ауылда тұратын,

Қайғыдан ба ерте ағарған шаштары да сұрапыл.

Алты жаста жоғалып кеткен қызының,

Білесің бе шын атын.

Бір сапарда машинаның суы қайнап кеткені,

Су алуға маңайдағы бір ауылға беттедік.

Кабинаға жол серігім Николайды қалдырып,

Шарбаққа ендім шеттегі.
Мен шарбаққа енгенімде есік ашып алдымнан,

Бір бойжеткен шыға келді, мені қайран қалдырған.

Қолаң шашын төгілдірген, келбеті бар Баяндай,

Қозыны естен тандырған.

Аққу мойын, қарақат көз жәудіреген керемет,

Айту қиын сұлулығын қызыл тілмен төрелеп.

Көрген сәтте естен танып, тұрып қалдым қалшиып,

Тастағандай қара жерге шегелеп!

Қас-қағымдай қыз екеуміз тұрып қалдық бетпе-бет,

Тұрмыз біздер сырласқандай көздеріміз жекпе-жек.

Жанарлары жақын тартып, жүрегіме жол тауып,

Жаутаңдайды кетпе ағатай, кетпе деп!

Осы кезде Гүлмаржан деп іштен біреу шақырды,

Қыз селк етті естігендей жер астынан жат үнді.

Бұрылғанда артына ол қос жанары мөлтілдеп,

Екі тамшы төмен қарай құлап бара жатырды.

Қыз артынан ұмтылғанмен тоқта деуге бата алмай,

Есеңгіреп қалдым кейін ешбір жауап қата алмай.

Қыз жоқ болды көңілімде көп сұрақтар қалдырып,

Дөңбекшідім түніменен жата алмай.

Көз алдымда қарындас тұр бәйшешектей бүр жарған,

Айнымайтын ауылдағы қарақат көз қыздардан.

Кімсің жаным көңіліме сонша жақын көрінген,

Атыңда ыстық Гүлмаржан!

Ұмыта алмай жұмбақ сырды қыз көзінен байқаған,

Көп кешікпей сол ауылға оралдым мен қайтадан.

Ақиқатқа көз жеткізбей дамылдамас мінезім,

Енді қалай жаным менің жай табар.
Қиялдың ұшқыр кемесімен,

Өткен күндер елесіне,

Бойлап жүзіп барамын.

Жаны сондай мейірімді,

Шуақ болып үйірілген,

Баурап алар алуан түрлі баланы,

Алма апайдың жанары.

Ол кісінің жақсылығын,

Қалай айтып тауысармын,

Әлі күнге сағынамыз,

Балдай тәтті бауырсағын.

Достың хаты көкейімнен кетпеді,

Жетеледі көк шарбаққа шеттегі.

Келіп тұрып оқталсам да батылым,

Көк қақпаны итеруге жетпеді.

Ашылмады көп сұрақтың беттері.
Досымның екінші хаты

Аманбысың жас досым,

Баяндайын кездесудің жалғасын.

Кездестік біз екеуміз таныс жандай,

Кеше ғана қоштасып қалысқандай.

Қуанғанын көрсеңші Гүлмаржанның,

Ағасы іздеп келгендей алыстардан.

Қуанышын шалқыған жасыра алмай,

Өрікпеген көңілі басыла алмай,

Мойныма ол асылды жүгіріп кеп,

Ағасының мойнына асылғандай.

Кетті менің көңілім тебіреніп,

Құшақтадым жас қызды еміреніп.

Қозғалғандай сел болып көңілімде,

Мұзды мұхит көрмеген өмірі еріп.

Сөйтіп біздер сағынышпен табыстық,

Сырластық көп, пікірлермен жарыстық.

Жүрегімді шымшып өтті сыздатып,

Жаңа туған кіп-кішкентай таныстық.

Әңгімені еске алудан бастады ол,

Ұмытпапты ауылдың әр тастарын.

Көңілінде қалып қойған жатталып,

Әсіресе кейбір сәттер қас-қағым.

Туған жердің табиғатын суреттеген кезінде,

Жүргенімді бірден білдім ауылымда өзімнің.

Берік сенім ығыстырды бірте-бірте күдікті,

Жорамалдың ақиқатпен ұласқанын сезіндім.

Тағдыр деген бұралаң жол, тайғанағы болар мол,

Ешкім алдын болжай алмас, сондықтан тек абай бол,

Көзден кетсе, көңілден де кетер” деген мақал бар,



Ұмыт болар көп нәрселер санаңнан.

Алты жаста бөтен жандар оны ұрлап кетіпті,

Торға түскен жас балапан осы жерге жетіпті.

Таңғажайып табиғаты қанша сұлу болса да,

Туған жерін сағынумен сегіз жылы өтіпті.

Тыңдап оны бар жағдайға қанықтым,

Ащы тағдыр басына қайғы салыпты.

Талдап көрсем бастан кешкен жайларын,

Жылатардай небір нардай алыпты.

Содан бері сәби жүрек қайғы-мұңға бөленген,

Бөтен жерде күңге көңіл бөлер ме.

Айтса болды көргендерін көзге ерік береді,

Айтып берді соның бәрін өлеңмен.

Шулаған жағалауда, оңашада,

Отырмын теңіз көркін тамашалап.

Тұл жетім көңіліме серік болып,

Ұшып жүр ақ шағала қара қанат.
Қарақанат шағалалар,

Сендерге айтам сырымды.

Сендер ғана бағалаған,

Менің қайғы-мұңымды.
Қызғалдақ теріп жүріп алты жаста,

Тап болдым адамдарға сұрқы басқа.

Қолымнан ұстап алып кетті алысқа,

Көл болған көз жасыма пысқырмастан.
Қарақанат ақ шағала,

Саған айтам сырымды.

Жеткізе гөр сорлы анаға,

Менің осы жырымды.
Күнімен тыным бермей қой баққызып,

Іңірде қойды маған от жаққызып.

Бәріде ештеңе емес батады тек,

Қойғаны анашымды жоқтатқызып.
Өзек от боп өртенеді,

Ойлағанда анамды.

Бақытты шақ келте ме еді,

Қуантатын адамды.
Олардан қаштым талай су жағалап,

Ұстамай қоймайды екен қуған адам.

Көк теңіз сенің терең түкпіріңнен,

Бір қуыс табыла ма мен паналар.
Қарақанат шағалалар,

Сендерге айтам сырымды.

Сендер ғана бағалаған,

Менің қайғы-мұңымды.
Теңізге төнеді кеп таудың тасы,

Әкенің еске аламын нар тұлғасын.

Туған жер, ата-ана, бауырлармен,

Кездесер күн барма екен мауқым басып.
Күннің көзін күлім қаққан,

Қара бұлттар жабады.

Хабар күтіп ауыл жақтан,

Жүрек дүрсіл қағады!
Әуен қандай қалқыған, дауыс қандай,

Бұлбұл құстар әнімен жарысқандай.

Дәріс алып Күләштың мектебінен,

Ең жоғары бағаға тауысқандай.

Мұң сезім бойжеткеннің бойындағы,

Әуенмен енді маған ауысқандай.

-Аға,-деді Гүлмаржан кенет,

Маған жалғыз бостандық керек.

Түрлі амалым іске аспады,

Болмаған соң тәңірден көмек.

Жаяудың сірә шықпайды шаңы,

Жат елдің болар өзіндік заңы.

Мен жайлы енді қожамның ойы,

Тоқал ғып сатпақ біреуге тағы.

Жетімдік көрсең санаң тез өсер,

Балалық дәурен бастан тез көшер.

Жасырам қалай көркімді мынау,

Құрт болып жұрттың көңілін тесер.

Тұтқынға түскен мен сорлы тоты,

Өшкен жоқ бірақ үміттің оты.

Бейнеттің арты зейнетпен толар,

Орнайтын болса әділдік соты.

Көргенімде сізді аға бірінші рет,

Қарағандай болды өмір күлімсіреп.

Ішімнен сонда жалынып тұрдым,

Жанымды аға менің ұғыншы деп.

Болса да сол бір кездесу тосын,

Елеңдеп жүрдім жолыңды тосып.

Тоқтап қалғандай көрінді мәңгі,

Сағаттың тілі кенеттен сосын.

Бірақта сезім алдамайды екен,

Шыдамды ғана мақсатқа жетер.

Құдайым бәлкім жебеген шығар,

Өзіңді аға күтпеппін бекер.
Осы кеште біз екеуміз айырылмасқа келістік,

Құтқаруға бірімізді-біріміз сөз берістік.

Ортақ біздің ойымызда, ортақ бізде мақсат бар,

Күтеді ғой екеумізді, туған жермен ел ыстық.

Досымның үшінші хаты

Аманбыссың жан досым,


Таулықтарда Магомед деген алып бар,

Ол жөнінде мынандай сөз бар халықта.

Егер Магомед тауға өзі бармаса,

Тауды онда Магомедке алып ба!

Көкірекпен көкті анық тіреген,

Осы сөзден менмендігін біле бер,

Ұрпақтарға өсиет қылып қалдырған,

Көп айтылар ол жайында жыр-өлең.

Көрші ауылда бір Магомед бар еді,

Олда өзіне тау шақырған нар еді.

Денесі алып, асқақ мінез және бар,

Кең дүние кеудесіне тар еді.

Тентектікпен жастай шықты атағы,

Ол жүрген жер көп болады шатағы.

Күрескенде шаң қаптырды қиналмай,

Өзінен де үлкендердің қатарын.

Тауқандымыз дейді өздерін Аварлар,

Ыстық қаны таудың тасын жарардай.

Болса болар сол таулықтың басымы,

Барыс жүрек батыр болып жаралған.

Сол Магомед сауық құрып жүргенде,

Көрші ауылға нағашылап келгенде.

Көріп қалып Гүлмаржанның келбетін,

Ғашық болды бір көргеннен шерменде.

Көрмеген ол бұрын мұндай көркемді,

Ғашықтықтан сорлы жүрек өртенді.

Жүздеспекке, тілдеспекке талпынды,

Күте алмасын білгеннен соң ертеңді.

Дүниеде ең жаман зат құмарлық,

Құмарлыққа күш болмайды шыдарлық.

Дүниеде ең жақсы зат құмарлық,

Құмарлық тек жаңа өмірді шығарды.

Ғашықтықтан жүрек қатты құлшынып,

Көктей берді махаббаттың бүршігі.

Шақырды ол кездесуге ақыры,

Шыдай алмай қалуға үнсіз тұншығып.

Гүлмаржанның жаны қатты қиналды,

Сонда да ол кездесуге жиналды.

Айтып қалмақ неде болса бар ойын,

Тәуекел деп белді бекем буған ол.
Маң далада адасқан адам,

Күдік пен сенім таласқан адам,

Сөйтіп қатты шатасқан адам.

Екі айырық жолға келіп тірелді,

Жол таппай қатты сенделді,

Құтқара гөр жаратқан аллам,

Домалақ басты пендеңді.

Бір жағында өлім барын,

Бір жағында өмір барын,

Жүрек шіркін сезеді.

Тығырықтан шығар жол іздеп,

Адам миы шартарапты кезеді.

Сен тек жолдың басындасың,

Көрінбейді екі жолдың шетіде.

Сонда да сен ұмтыласың,

Дұрыс жолды шешуге.

Екі жол тұр қарсы алдында,

Жетер басы белгісіз.

Қалдырайық қаз-қалпында,

Сөз тыңдаңыз ауыл жақтан енді сіз.

Қош оқырман шаршамасақ соншалық,

Әңгіменің ең қызығын басталық.

Түйдек-түйдек келіп жатқан шабытты,

Әрлі-берлі айтып-айтып тастайық.

Өмір бойы жолдас қылған иманды,

Алма апайды бүкіл ауыл силайды.

Қызы жайлы қуанышты хабарды,

Естіртуге бүкіл ауыл жиналды.

Елдің іші алтын бесік тербелген

Әрқашанда жүрегіңе дем берген.

Әдет-ғұрып жақсы салттар өнеге,

Сол бесіктен жұқпадыма сендерге.

Табылады сол бесіктен бәріде,

Үлгі болар жасың менен кәріңе.

Бесік жыры кішкентайдан әлдилеп,

Тербетті ғой сүйікті әуен әнімен.
Мінезі асқақ,

Қаны бар ыстық оттан,

Болса да қанша сотқар.

Магомед түсінетін,

Жан еді сөзге тоқтар.

Магомед уақытты көп асырмады,

-Қосағым болшы,- деді қасымдағы.

Төркінін әңгіменің түсінген соң,

Өз ойын Гүлмаржанда жасырмады.

-Түсінген соң әңгіменің ыңғайын,

Сері жігіт мен үндемей тұрмайын.

Шамаң болса тыңдайтұғын егерде,

Өзім жайлы бір-екі сөз жырлайын.

Атағыңды естіп жүрмін бұрыннан,

Сен бір ерсің дара туған Қырымда.

Егер менің жағдайымды сұрасаң,

Қызғалдақпын ерте жерден жұлынған.

Менің дағы мұң еседі жырымнан,

Терең көмген көкіректе сырым бар.

Алты жаста қолды болып кенеттен,

Осы жақтың топырағы бұйырған.

Атағыңа қанықпын ғой сыртыңнан,

Сен бір палуан асып туған жұртыңда.

Ғашық болсаң шыныменен жан құрбым,

Тізгіндерсің мас сезімді бұлқынған.

Жықтың талай мықтыларды белдескен,

Нар күшіңе куә болды жерлестер.

Әлі күнге келе жатсың ешкімге,

Жеңіс туын өз қолыңнан берместен.

Сәті келіп бүгін міне таныстық,

Сырласумен бірталай жер барыстық.

Екеуміздің тағдырымыз әр-түрлі,

Осы жерден білінеді алыстық.

Сен серісің белден кешкен дәуренді,

Мен жұлдызбын бұлт ұрлаған сәулемді.

Ғашық болсаң шыныменен егерде,

Аямассың қолдан келер жәрдемді.

Жарты айдан соң Наурыз мейрам болмайма,

Сол мейрамға ағылып жұрт толмайма.

Түрлі жарыс көрсетіліп алаңда,

Жігіт бағын сынамайма сондайда.

Батырлардың сыналатын жүрегі,

Ер жігітттің сыналатын білегі,

Шешеді ғой талайлардың тағдырын,

Күресетін палуандар кілемі.

Ондай сәтте әркім шабар бағына,

Нағыз мықты шығар жеңіс тағына.

Мен болайын бәрін жыққан адамның,

Сүйген жары табылатын жанынан.

Жалғыз шартым осы менің қабыл ал!

Қыздың ойы көкейдегі дөп келді,

Ойға салды Магомедтей өктемді.

Келісімін берді сосын түйіндеп,

Күтемін деп сол мейрамды көктемгі.


Гүлмаржанның Арманға жазған хаты.

Келді бүгін дүниенің кезегі,

Жүрек деген бір бақытты сезеді.

Бақ пен сордың айқасында,

Өмір-өлім шайқасында,

Күштілердің мәртебесі жеңеді.

Көк мұхитта мінгеннен соң кемеге,

Тәуекелге бел бумасаң немене.

Жағалауға ұмтылады өр көңіл,

Сенім ғана жан бітіріп денеге.

Қос аққуға мекен болмас екі айдын,

Бір биеге таласады екі айғыр.

Арпалысқан қан майданның соңында,

Біреуінің сау қалуы неғайбыл.

Басқа амал менде мүлде қалмады,

Сайтан үміт болашаққа жалғады.

Не өлімге жем болармын аранды,

Не болмаса орындалар арманым.

Магомедтің даңғойлығын білемін,

Осы сырға есеп құрды жүрегім.

Бұл аймақта жыға алмайды ешкімде,

Оның дағы сом темірдей білегін.

Денесі зор, дүлей күшті алыпсоқ.

Бұл аймақта Магомедтей алып жоқ,

Бірақ менің халқым қазақ емеспе,

Ал ендеше алып тумас халық жоқ.

Көптен күттім осы сәтті сағынып,

Бостандықты аңсауменен зарығып.

Туған шығар бір Адайдың баласы,

Нарды жығар,

Осы менде бар үміт.

Тәуелсіздік қымбат байлық алтыннан,

Іздеп келер адам жоқпа артымнан.

Магомедті жамбасқа алар бір жігіт,

Табылады деп ойлаймын халқымнан.

Құдай маған бермесе де ерікті,

Жаратыпты айдай сұлу көрікті.

Мендей сұлу қызғалдақты туғанда,

Туған болар ұлдарын да бөрікті!
Арманнан хабар алдым,

Кешікпей тез кел деген.

Жеткізген бар жағдайды,

Қып-қысқа сөздерменен.

Егіздей түсінеміз,

Бар сырды көңілдегі.

Ақылмен күшім егіз,

Аттандым өзге елге мен.

Кішкентай бала кезден күреске болдым құмар,

Ауылда жан болмайтын белдесіп мені жығар.

Бұла күш бойымдағы атақты Маңғыстаудың,

Бабалар қаны тамған,

Әулиелер жаны қалған,

Аруағының желі шығар...
-Ау, ағайын жақындаңдар,

Шуламаңдар, бақырмаңдар,

Әрбір елдің еркелері,

Әрбір елдің серкелері,

Бағын сынар ортада,

Балуандар жекпе-жегі,

Басталады ортаңызда қоршаған.

Куә болар мол қызыққа қанша жан.

Өзгеше ғой бүгінгі күн ерекше,

Өзгеше ғой тігілетін силықтар.

Ең кіші сый Ақалтеке биесі,

Содан кейін Қарақұмның түйесі.

Бас бәйгені жеңген адам халайық,

Мына тұрған хас сұлудың иесі.

Деп баршаға жар салып,

Айқайлайды бар даусымен жаршы анық.

Естіртпейді шуылымен сонда да,

Бұл мейрамға жиналған жұрт соншалық.

Тұрыс барма кезек берсе ұрысқа,

Балуандар шықты ортаға жұлысқан.
Магомедтің тегеуіріне шыдамай,

Талай мықты ала шаң боп құлады-ау,

Кейбіреулер белдесуден ығысқан,

Шыға алмай қалып қойды бұрышта!

Хас сұлудан, жас сұлудан үміткер,

Шықты ортаға қаншама нар жігіттер.

Сау қалмады жерге тимей жауырындар,

Магомедтің тырнағына іліккен.

Жауырыны жерге тимей кетеме,



Кетеді ме Гүлмаржанды жетелеп”.

Тұла бойым бір суынып, бір ысып,

Қорқыныш пен күдік төмен ығысып.

Атып шықтым бір аллаға сиынып,

Намысыма тырысып.

Төтеп бермей қайратына жан адам,

Магомед тұр менмендікпен қараған.

Буырқанып бұлшық еті бурадай,

Өзін жалғыз жеңімпазға санаған.

Масаттанып жеңістердің желіне,

Әп дегенде менсінбеді мені де.

Осы керек дандайсыған талайды,

Қойып едім мен тиісті жеріне.

Талайларды бас асырып лақтырдым,

Талайлардың аузын шаңға қаптырдым.

Кейбіреулер келген жерін ұмытып,

Орынынан басы айналып шақ тұрды.

-Уа, Бекет деп,- аруақты шақырып,

Жұлып алдым жерден оны ақырып.

Айналдырып екі мәрте төбемде,

Алып ұрдым таулықтардың батырын.

Бағанадан гуілдеген қалың жұрт,

Тып-тыныш боп қалды бір сәт абыржып.

Шапшаңдықпен, шеберлікке сүйсініп,

Таңдайларын қақты сосын тамылжып.

Дүрсілдейді аспанға атып жүрегім,

Ақтаған соң қалың елдің тілегін.

Уа, Бекет деп ақырғанда артымда,

Бар Маңғыстау сыйынғанын білемін!

Жауырыны жерге ешбір тимеген,

Көңілін әркез жеңіс сезім билеген.

Қиын еді Магомедтей палуанға,

Жеңілістің ащы дәмі күйреген.

Бірақта ол ер екенін танытты,

Қап тауының асқақтығы қалыпты.

Төс қағысты жеңілгенін мойындап,

Тоқтатты да тұра ұмтылған халықты.

Эпилог

Жарқырайды көктемгі күн арайлы,

Көңілдерге жылы шуақ тарайды.

Құшақтасып елге оралған үшеуге,

Шал Маңғыстау қуанышпен қарайды!!!!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет