Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: зерттеу жұмысының нәтижесінде мынадай тұжырымдар алдыңғы қатарға шығарылды:
- батырлар институты дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер, тархандар және басқа да институттар секілді халқымыздың тарихында маңызды орын алатын ерекші құрылым болды;
- батырлар институты ерте орта ғасырларда пайда болып, өзінің қалыптасу, гүлдену және құлдырап жойылу сатыларынан өтті. Батырлар өзінің қалыптасуының алғашқы кезінен бастап қызметі ел қорғау ісіне бағытталған кәсіби жауынгерлер категориясына дейін көтерілді;
- батырлар қоғамда бірнеше функцияларды атқарды: олар жауынгерлік, қолбасшылық, елшілік, бітімгершілік қызметтері. Батырлар зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері қамтыған кезеңде елдің ішкі және сыртқы саяси өміріне белсене араласты;
- Тәуке, Әбілқайыр, Абылай хандар тұсында батырлар мемлекеттік саясатқа араласса, Қазақстан Ресей бодандығына өтіп, отарлық саясаттың өршіген кезінде ел тәуелсіздігін сақтау, хандық басқару жүйесін қалпына келтіру үшін қарулы күрес жолына түсті;
- Бөкенбай Қараұлы еліміздегі танымал батырлардың қатарында елдің саяси мәселелеріне, қазақ хандығының сыртқы және ішкі саяси өміріне белсене араласуымен ерекшеленді. Ол қазақ елін жан-жақтан қоршаған сыртқы жаулардан аман алып қалудың балама жолы ретінде Қазақстанның Ресеймен одақтасуының оңтайлы әрекет болатынын түсінді. Сондықтан Кіші жүз ханы Әбілқайырмен осынау күрделі сынға бірге бел байлады;
- Бөкенбай батырдың ұлы Тіленші батыр Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының отарлық езгіге қарсы күресіне белсене қатысты. XVIII ғасырдың 90-жылдары Тіленші батыр жасының ұлғаюына және денсаулығына байланысты қарулы күреске қатыса алмады;
- Бөкенбай батыр әулетінің ішінде Ресейдің отарлық езгісіне қарсы өмірінің соңына дейін күрескен Жоламан Тіленшіұлы болды;
Зерттеудің теориялық және қолданбалы маңызы. Диссертация батырлар институты тарихына арналғанымен, халқымыздың XVIII-XIX ғасырлардағы күрделі кезеңін зерттеген еңбектер қатарын толықтырады. Осы зерттеу барысында жасалған тұжырымдамаларды Қазақстан тарихындағы дәстүрлі құрылымдарды, жеке тұлғалар, қазақ батырларының өмірбаянын, ұлт-азаттық күрес тарихын оқыту барысында, Қазақстан тарихынан арнаулы курстар мен факультативтер, семинар сабақтары ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері тарих мәселелері бойынша өткен халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндалып, ғылыми журналдарда жарияланып, көпшілік назарына жетті. Жұмыс Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Тақырып аясында Атырау, Алматы, Ақтөбе қалаларында өткен халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасалып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің хабаршысында жарияланды.
Диссертацияның құрылымы және көлемі зерттеудің мақсаты мен міндетінен туындайды. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер мен қосымшалардан тұрады.
Жұмыстың негізгі мазмұны
Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері белгіленді. Зерттеу жұмыстары талаптары бойынша жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі, ғылыми жаңалығы, қолданбалы маңызы, хронологиялық шеңбері анықталып, тақырыптың зерттелу деңгейі және дереккөздеріне сипаттама беріледі.
Бірінші тарау «Батырлар институты: функциялары, ерекшеліктері» аталып, батырлар институтының қазақ даласында қалыптасуына әсер еткен жағдайлар, дәстүрлі қазақ қоғамында алған орны, батырлардың әлеуметтік категория болып қалыптасуы, олардың әлеуметтік табиғаты, атқарған қызметі, басқа әлеуметтік құрылымдармен салыстырғандағы ерекшеліктері туралы мәселелер талданады.
Батыр атауы көшпелі халықтармен қатар, отырықшы халықтарда да кездеседі. Термин шығу тегі жағынан түркі-монғолдық топқа жататын халықтарда да, славян халықтарында да кездесуіне байланысты «батыр» сөзі ержүрек, батыл адамдарды сипаттауға арналған еуразиялық ортақ атау. Терминнің алғаш пайда болуы ерте орта ғасырларға жатады. Бұл кезеңде «батыр» термині әлеуметтік мәнге ие болмағанмен жеке тұлғалық ерекшеліктерді сипаттайтын термин ретінде қоғамда қолданысқа ие болды. Батырлар қазақ қоғамында ерекше әлеуметтік мәнге ие. Оған Қазақстанның Еуропа мен Азияның, яғни батыс пен шығыстың (отырықшы және көшпелі өркениеттер арасындағы) ортасындағы геосаяси орналасуы да әсер етті. Кейіннен түркі халықтары арқылы «батыр» атауы славян халықтарына таралған, оған шығыс славяндардағы «богатырь» (багатур) атауы дәлел. Дж. Кестль өз күнделігінде «батыр (батур) қырғыздарда (қазақтарда) «ер» («герой») деген мағына береді, - деп жазады [3, С. 119].
Батырлар институты мәселесін арнайы ұстаным ретінде зерттеуге бірнеше негіз бар. Біріншіден, батырлар институты тарихи ұзақ уақытты қамтиды. Екіншіден, батырлар қоғамда саяси, әлеуметтік, экономикалық рөл атқарды. Үшіншіден, батырлар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен сақталуына қызмет етті.
Қазақ батырларының шығу тегі мен қоғамдағы орнын зерттеген тарихшы Е.Бекмаханов батыр сөзінің шығу төркіні татардың «багадур», «бакхатур» сөздерінен деп есептейді [19, C. 62].
Батырлар институты өзінің дамуында өзгерістерге ұшырап отырды. Ерте орта ғасырлардағы, орта және кейінгі орта ғасырлардағы эволюциялық дамуды анық байқауға болады. Ерте орта ғасырларда көбінесе ертегі мен жырлардағы аңыздық батырлар бейнесін көрсек, кейінгі орта ғасырларда, жаңа заманда нақты тарихи тұлғаларға, тарихи істерге куә боламыз. Елдің саяси құрылымын, ел азаттығын сақтап қалу мүддесі батырларды бір мақсатқа жұмылдырды.
Батыр терминінің ерте ортағасырлардан келе жатырғандығын М.П.Вяткин көне гемандықтардағы дружиналардың пайда болуымен салыстырса [33,С.119], И.Ерофеева батырлардың XVIII ғасырда рулық басшылықтың беделді тобын құрап, батырлар институтының әлеуметтік категория ретінде пайда болуын әскери-феодалдық биліктің қалыптасуымен байланыстырады және «батыр» атауының түп-төркіні көне түркі-моңғол дәуірінде жатқанын атап өтеді [34,С.33].
Батырлықты тек жеке адамның қасиеті деп қарастырмай қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына ықпал еткен саяси-әлеуметтік үрдіс деп қарастыруымыз қажет. Кеңестік заманның идеологиясына сай батырлар институтын қазақ қоғамындағы алауыздықты тудырушы еш пайдасы жоқ, тек қана өз пайдасы үшін өзгенің мал-мүлкін талан-таражға салушылар деп баға беру де орын алды. Осыған орай К.Есмағамбетов: «Отандық тарих ғылымында қазақ батырларының елі мен жері үшін қан майданда жаулармен шайқасқан жанкешті күресін, оның халық тағдырындағы орнын көрсетуге әлі күнге дейін толық мән берілмей келеді. Бұл, ең алдымен, кеңес заманында батырларды «үстем тап өкілдеріне жатқызған» кеңестік идеология мен тарихнаманың салқыны болса, екіншіден, өзіміздің ұлттық идеологияны қалыптастырудағы салдыр-салақтығымыздың, «жайбасарлығымыздың» салдары екені анық», - деп жазады [21, 65-66 бб.].
М.Дауытбекова «батыр» сөзіне қатысты 1917 жылға дейінгі зерттеушілер еңбектерінде алғаш көңіл бөлініп, оның түркі-монғолдық «баһадур, batur, багадур, бак-хату» сөздерінен шыққан деген тұжырымдарын ұсынады [23,69 б.]. Батыр сөзінің қазақ тілінің түсіндірме сөздіктеріндегі мағынасы «ел қамы үшін жауымен сайысқан тарихи қаһарман, алып ер» екендігі жазылады [35, 152 б.].
Қазақтардың дәстүрлі қоғамындағы батырлар институтының көне түркі заманында қалыптасқандығы туралы ойымызды Білге, Күлтегін, Тоныкөктің өз заманындағы қызметтерімен нақтылауға болады. Мысалы, Білге – мемлекет басшысы, қолбасшы, Күлтегін – батыр, Тоныкөк - әрі батыр, әрі шешен, әрі данагөй. Бұлар қазақ хандары, билері, батырларының бойынан табылған қасиет. Х.Әбжанов: «өз әскерін ұстай алмаған ел басқаның әскерін асырайды екен. Бұл қағидаларды байырғы түркі қоғамы қапысыз ұққан. Өйткені байырғы түркі мемлекетінің дүниеге келуі, территориялық тұрғыдан ұлғаюы, табғаштармен күресте жеңіске жетуі, алыс-жақын көршілеріне өзін мойындатуы – бәрі, қарулы күштер арқасында жеңіспен аяқталған қақтығыстар, соғыстар нәтижесінде жүзеге асқан еді. Байырғы түркілер адамзат өркениетіне аз олжа салған жоқ. Солардың ішінде бір де болса бірегейі - әскери тактика, стратегия және соғыс өнері жайлы қалдырған мұрасы», - деп түйіндейді [36, 117 б.].
Замана ағымына сай батырлар институты даму сатысынан өтіп отырды. Ол көне түркілік көшпелі қоғамдағы жауынгерлер тобы, яғни мемлекеттің саяси құрылымындағы әскерилік жүйе, көшпелілердің күнделікті өмірінде жаугершіліктің үлкен рөл атқаруына орай әрбір ер-азамат-жауынгер тізбегімен сипаттауға сай келді. XIII-XY ғасырларда мемлекеттік шекараны жаңа жерлерді жаулап алу арқылы кеңейту, империялар құру дәуірінде Шыңғыс хан, Әмір Темір сияқты билеушілердің тұсында соғыс өнерінің шеберлері, жекелеген батырлардың ерліктерін көреміз. Осы кезде түркілік дәуірде қолданыста болған «эр» атауының орнына «бахадур» термині жиі айтыла бастайды.
Қазақ халқының тарихындағы үздіксіз әскери қақтығыстар мен соғыстардың жиі болған қазақ хандығы дәуірі, әсіресе оның ыдырау кезеңінде батырлар институтының нағыз гүлдену дәуірі болды. Батыр және бахадүр терминдеріне қатысты бахадүр негізінен ақсүйектерден, ел билеуші хандардың батырлық қасиеттеріне сай «бахадүр» деген атақ алып, ал қарапайым қазақ руларынан шыққандар «батыр» деген атаққа ие болды деген тұжырым жасауға болады. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, ханнан да, қарадан да жаужүрек батырлар шығып отырған. Бірақ бәрі бірдей «бахадүр» атала берген жоқ. Енді осы мәселеге талдау жасап қарағанда, батырлығымен әйгілі болған хандардың саяси титулдарымен қатар бахадүр деген де атақтары болғандығы анықталады. Атап айтқанда, тарихта батырлықтарымен Тәуке, Абылай, Әбілқайыр хандардың мысалының өзінен бәрінің де есімдері және лауазымдарымен қатар бахадүр атағы кездесетін заңдылықты байқаймыз. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мөрінде «Мұхаммед Қазы бахадүр Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлы» деген жазулар бар. Қазақ билеушілері Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қайып хан, Нұралы хан, Қаратай сұлтан сияқты тұлғалардың ресми хат алмасуларда, мөрлерінде өздері жайындағы толық мағлұмат қатарында батыр (бахадүр) титулын бірге көрсетеді. И.Ерофеева XVII ғ. соңы-XVIII ғ. ортасында «бахадур» титулы қазақтардың шыңғыс тұқымдарына ірі әскери жеңістері үшін берілді, ол көшпелі қазақ қоғамының барлық топтарында беделді маңызға ие, сондықтан әрбір жаңа сайланған хан мен сұлтан өзінің мөрінде негізгі титулымен қатар міндетті түрде жаздырып отырды»,- деп есептейді [37, С. 29].
С.Е.Толыбеков қазақ хандары мен сұлтандары, ру басыларының көпшілігі батырлар болды, сондықтан олар қарапайым халықты қанаушылар еді деп тұжырымдаса [38,С.218-219], М.П.Вяткин «батыр» деген термин әлеуметтік-таптық мазмұны жоқ атау ретіндегі ұғым береді», - деп санаса [33, 118 б.], Н.Абдоллаев пен Е.Сатыбалды батырлардың әлеуметтік сипатына қатысты «Егер, бір ұлыс елді билеген рубасы-батыр бір жағынан экономикалық мүмкіншілігі мол болса онда көшпелі қоғамдағы билеуші хан мен сұлтандардан да ықпалды болды. Мәселен, орыс бодандығын қабылдаған Әбілқайыр ханды өлтірмекші болған ру басы билерді тоқтатқан Бөкенбай батыр мен Есет батырдың беделін атап өткен жөн»,- деп жазады [22, 12-13 б.].
«Қарасүйектер» категориясының маңызды тобының бірі батырлар XVIII және XIX ғасырларда тарихи қалыптасқан жағдайларға байланысты ел тарихында аса маңызды рөл атқарды. Батырлар институтының қалыптасуына қазақ қоғамының көшпелілік жағдайы, сыртқы жаулардан қорғанудың көкейкестілігі әсер етті, дәстүрлі қоғамдағы ерекше тұлғалар - батырлар институтын қалыптастырды. Сондықтан батырлар институтының басты қызметі - елді, мемлекетті, жер мен суды сыртқы жаулардан қорғау. Осыған орай қазақ халқының тарихындағы жаугершіліктің, сыртқы жаулардың шабуылдары күшейген кезеңдерде батырлардың да қоғамдағы орны арта түседі.
Е.Бекмахановтың пікірінше, батырлар институты әскери-феодалдық рубасылары ретінде қалыптасса, Н.Аполлова «XVII-XVIII ғасырларда батырлар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан күшейеді» [39,С.73-74], Т.Шойынбаев «батырлар, мырзалар, тархандар, ақсақалдар мен билер жаңадан қалыптасып келе жатқан мемлекеттік аппараттың өкілдері болды», - деп атап өтеді [40,С.31].
Қазақ батырлар институтының гүлдену кезеңіндегі батырларды олардың қоғамдық ықпалының артуына байланысты үш топқа бөлуге болады: біріншісі, қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі ел азаттығын сақтап қалу жолындағы азаттық күресінің батырлары, екіншісі, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына қауіп төндірген Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы азаттық күресін жүргізген батырлар, үшіншісі, Ресейдің отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті бастаған батырлар.
Батырлар институтының қалыптасу кезеңі тарихи даму үдерісіндегі бір-бірінен өзара айырмашылықтары бар кезеңдерді айқындайды.
Екінші тарау «Бөкенбай Қараұлы және XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығы» аталып, Бөкенбай батырдың ата-бабасы және өскен ортасы, өмірі мен қызметі қарастырылады.
XVIII ғасыр қазақ даласы үшін жоңғарлар, башқұрттар, түркмендер, Жайық казактары шабуылдаған жан-жақтан төнген қауіппен ерекшеленді.
Бөкенбай Қараұлы Кіші жүздің Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ тарихында елеулі орын алған тарихи тұлға. Бөкенбай Қараұлының көші-қон жерлері Табын руының ата қонысы Кіші жүздің Елек, Жайық, Қобда, Ойыл, Бұлдырты, Қалдығайты, Сағыз өзендері бойларында, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңайында болды.
Н.Жетпісбай «Бөкенбайдың туған жылы, нақты туған жері белгісіз, шыққан ру тармағына карап біз оны Шыңғырлау, Қобда немесе соларға жақын аймақтарда дүниеге келген деп жорамалдаймыз. Кез-келген батырдың атын шығаратын көбіне оның жас күнінде көрсеткен ерлігі не шайқас алдындағы жауымен шығатын алғашқы жекпе-жегі еді. Бұл тұрғыда Бөкенбайдың жас кезі туралы көп дерек жоқ, бірақ ол да жас Әбілқайыр секілді ақтабаннан көп бұрынғы Еділ қалмақтарымен соғыстарда көзге түскендігі сөзсіз. Оның атын алты алашқа мәлім қылған 1710ж. өткен Қарақұм жиыны болатын»,- деп жазады [41, 72 б.]
Әбілқайыр ханға арналған зерттеу жұмысында Ж.Жақсығалиев: «Табын руының жылқышы деген атасынан шыққан Қарабатырұлы Бөкенбай батыр, Әбілқайыр ханның қазақ халқын Ресейге қосу жолындағы күресінде оң қолы болған, халыққа қадірлі, мол дәулетті, үлкен беделді адам болған. Әдебиетте бұл бұл Бөкенбайды 1723-1729 жылдары іс жүзінде қазақ жасақтарына қолбасшы Орта жүз, арғын Қанжығалы Бөгенбаймен, Керей Бөгенбай батыр Маянбайұлымен де шатастырулық бар», - деп атап өтеді [27, 150 б.].
Бөкенбай Қараұлы - Табын Жаманкерей – Амандәулеттен тарайтын жиембет руынан келіп шығады. Жиембеттен бес ұл, оның ішінде Бөкенбайдың әкесі Қарабатыр (Бисембі) туады. Қарабатырдың Танысқожа және Бөкенбай атты екі ұлы және асырап алған Жарбол (Түрікпен), Айткелтір, Балғын деген үш ұлы болады. Осы әулеттен Жиембет батыр, Қарабатыр, Бөкенбай батыр, Тіленші батыр, Есенаман батыр, Жоламан батырлар қазақ жерінің тұтастығы үшін күреске қатысады. Бөкенбай Қараұлының жастық шағы мен сол тұстағы қызметі немесе қатысқан соғыс жорықтары жайында деректер сақталмаған. Бөкенбай батырдың хандықтың ішкі саяси істеріне араласуы Қарақұм мәслихатынан басталып Кіші жүздің Ресеймен одақтасу үрдісімен жалғасты. 1710-1742 жылдар аралығында Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханмен бірге Қазақ ордасында орын алған маңызды оқиғаларға белсене араласты. 1726 жылы Әбілқайыр мен Сәмеке хандардың қалмақ хандығына қарсы жасаған жорықтарына белсене қатысқан батыр 1727-1728 жылдары бір жылдай Есет батырмен бірге қалмақ ханы Цэрен Дондук ұлысында аманатта болып, екі көшпелі хандық арасындағы тыныштықты сақтауда қызмет атқарады.
Қазақстанның Ресейге қосылуы процесінде қазақ билеушілері арасында екі топ (партия) пайда болды. Осы екі партияның да негізгі сенім білдіргендері батырлар мен билер болатын. Қазақ-орыс қатынасындағы батырдың қызметі А.Тевкелевтің «Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр Кіші орданы тыныштандырып, Орта жүзге Сәмеке ханға Құдайназар мырзаны жіберді. Адамгершілігі мол әрі ақылды Бөкенбай маған (Тевкелевке –Г.Қ.) оң қабақ танытқаннан бастап ісім алға баса бастады»,- деген жазбаларынан анық көрінеді [42,С.55]. Бұл жағдайды Н.Г.Аполлова «Тевкелевтің қазақ батырларының ең ірі өкілі Бөкенбаймен кездесуі болды» - деп жазады [39, С. 205]. 1737 жылы башқұрттар, Жайық казактары, Еділ қалмақтары Кіші жүзге қайта қауіп төндіруіне байланысты әскери әрекеттер күшейді [43, 22-23пп.]
Осы жағдайларға байланысты 1738-1740-шы жылдары Ресей әкімшілігі Әбілқайырмен келіссөздер өткізді. Бөкенбайдың Ресей әкімшілігімен келіссөздерге қатысқандығы туралы П.И.Рычков: «В.Н.Татищев Бөкенбай батырды қошеметтеп қарсы алып, сый-сияпат жасап, жанына Таймасты қосып, ханға қайтарды», - деп жазады [4].
XVIII ғасырдың 40-шы жылдары қазақ-түрікмен қатынасында шиеленіс басталады. Нәдір шах Бұхара мен Хиуа жерлерін өзіне бағындырып, Кіші жүздің оңтүстік-батыс шекараларына қауіп төндірді. 1742 жылы Төлеп батыр, Барақ сұлтан мен Есет батырлар қол жинап, түрікмендерге соққы береді. Қайрақлы тауында мықты бекініс жасап, орнығып алған түрікмендерді толық жеңуге мүмкіндік болмайды. Осы жылдың сәуір айында қазақ әскері мен түрікмендер арасында болған шайқаста Бөкенбай батыр өзінің жүзден аса батырымен бірге қаза табады [44, 49 б.].
«Батырлар институты және қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу үшін күрес» аталатын үшінші тарауда Бөкенбай батырдың ұрпақтары Тіленші және Жоламан батырлардың қазақ жерінің саяси құрылымын сақтаудағы күресі қарастырылады.
Тіленші батырға қатысты мәліметтер орыс әкімшілігінің қазақ-орыс қатынасына қатысты ақпараттарымен қатар ауыз әдебиетінде – батырлар жырында да сақталды. Тіленші батырға байланысты деректер «Асау Барақ» жырында мол. Тіленші батырдың есімі қазақ жерлері Ресей империясына қосылғаннан кейінгі империяның өзінің отарлық саясатын бастап жүргізе бастаған кезеңдеріндегі азаттық күресі жылдарында, әсіресе Сырым Датұлы бастаған көтеріліс жылдарында тарих төріне шықты. Бұған дейінгі кездерде Жетірудың бас биі болған тұсында Тіленші батыр екі бірдей азаттық соғысына қатысып, 1773-1775 жж. Е.Пугачевтің және 1783-1797 жж. Сырым батыр бастаған көтерілістерінде көзге түсті.
1775 жылы патша үкіметі Кіші жүздің жергілікті басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, қайта құрды. Басқару жүйесінде Шекаралық комиссия құрылып, шекаралық линиялар қалпына келтіріліп, оларды бақылауда ұстайтын қарулы әскердің саны көбейтілді. 1743, 1747, 1759 және одан кейінгі жылдары «олар бұдан былай іс-қимылдарға бармас үшін зұлымдар мен бүлікшілерге қарсы әскери жорықтар ұйымдастыру» жайында шешімдер қабылдайды [45, С. 164]. 1785 жылдың басында Барақ батыр 2000 сарбазымен, Табын Бөкенбайұлы Тіленші батыр 1500 адамымен Сырым тарханға қосылған. Зерттеулер 1785 жылы Датұлы Сырымның өз жасағында 2700 адам болғанын көрсетеді [46, 94 б.]. Тіленші және Барақ батырлар бастаған 3500 қол келіп, Сырым батырдың өзіне қараған ауылдардан 3500 адаммен Сырым сарбаздарының саны 7000 адамды құраған. Қозғалыстың негізгі орталықтары Байбақты, Табын, Тама руларының ұлыстары болды. Смирнов отрядына Ембі өзенінің бойында «Байбақты, Кете, Шекті, Табын, Шеркеш, Таз, рулары Сырым, Барақ, Тіленші деген атақты ұрыларының басшылығымен жиналып жатыр, Сырымның жанында 2700, Барақтың жанында 2000, Тіленшінің жанында 1500 адам бар» деген хабар келеді [33, С.205]. 1784 ж. 24 наурызында табындар ауылдарын талқандап, екі мыңнан астам жылқысын айдап әкеткен Назаровтың отрядына Тіленші, Барақ батырлардың жасақтары қарсы тұрды. 1785 жылы шілде айында қазақ даласынан келген депутаттар 1784 ж. өлке бастығы болып тағайындалған О.А.Игельстромға хат тапсырады. Кіші жүздегі көтерілістің өршіп, Сырым батырдың елдегі беделінің өскенін көрсеткен бұл хатқа Шекті, Төртқара, Қаракесек, Шөмекей, Табын, Тама, Кете, Беріш, Жағалбайлы, Масқар, Есентемір, Жаппас, Қызылқұрт, Таз, Шеркеш, Байбақты және басқа да Кіші жүз руларының старшындары қол қойған 53 адамның ішінде Табыннан – Тіленші батыр, Байбақтыдан – Сырым батыр, Масқардан – Дөнен батыр болды. Хаттағы талаптары бірдей қанағаттандырылмағанмен де ханды биліктен аластату жайы бойынша 1786 жылы қыркүйек айында Нұралы хан орнынан алынып, ордада старшындар съезі шақырылды. Жиылыста Табын, Кердері және Тама руларының старшындары сайланып, Тіленші батыр Табын руының бас старшыны болып тағайындалды [47, 24 б.].
XVIII ғ. 80-жылдарындағы көтерілістің барысына белсене араласқан Тіленші батыр тоқсаныншы жылдары күрестен алшақтай бастайды. Тіленші Сырым бастаған күрестен уақытша қол үзгенімен 1792 жылдардың өзінде де жалпы көтерілісшілерден бөлінген жоқ. Ол туралы М.Вяткин «Тіленші Бөкенбаевтың позициясы да толқиды. Жаз шығысымен атқа мініп, сөзге кірісуге» келіседі дейді [33, 317 б.]. Бірақ көп ұзамай 1799 жылдың аяғында1800 жылдың басында қайтыс болды.
Батырлар әулетіндегі азаттық үшін күресті енді Бөкенбайдың немересі, Тіленшінің ұлы Жоламан жалғастырды. Оның есімі мұрағат қорларында 1817 жылдан бастап кездеседі. Г.Ф.Генс Жоламан және оның отбасы жайында мынадай мәліметтер келтіреді: «Жоламанның жас шамасы елулерде. Оның өзінен біраз жас кіші екі інісі бар. Өзінің 10 ұлы, тағы бір інісінің 9, және бір бауырының 2 ұлы бар, барлығының ержеткен балаларының саны 21. Жоламаның өзінде 800 жылқы, 2000 қой, 50 түйе бар. Және әрбір бауыры, ұлдары, жиендері, немерелері бәрінің жеке меншіктегі малдары болды, оның бәрі қомақты байлықты құрайды. Осы мол дүние-мүліктің иесі болып басында Жоламан тұрады. Оның қарамағындағы туысқандары оның адамдары болып саналады. 3000 жауынгерлік жасағы, яғни қырғыздары бар» [48, 56 п.].
Жоламан Тіленшіұлы 1822 жылдың 27 тамызында табын, тама руларының батырлармен бірігіп, орыс-казак форпостарына шабуыл жасайды. Қыркүйек айында жасақшылар саны 1000-ға жетеді [49,1,2пп.]. Шерғазы сұлтан Жоламанның қарулы әскермен хан ордасын шабуға дайындалып жатқаны туралы Ресей әкімшілігіне мәлімдеме түсіреді [50, 45 п.]. 1822 жылдың күзінде Жоламан Тіленшіұлы 500 қолмен Елек бойына шабуылдар ұйымдастырды [51, 16-п.]. Жоламан Тіленшіұлы бастаған табын руының қарсылық күресі 1835 жылы бұқаралық сипат алады. Патша әкімшілігі мен әскерилері батырға «бүлікші», «қарақшы», «банда», «шайка», «хищник» деген теңеулерін тағады [52, 3 п; 19-20 пп.].
Жоламанның Есет батыр бастаған күреспен байланыста болғаны географиялық аймағының жақындығымен бірге күрес себептерінің ортақтығымен түсіндіріледі. Олардың өзара байланыста болғанын Елек бекінісінің бастығы подполковник Поплавскийдің 1838 ж. 4 тамыздағы рапорты көрсетеді: «получил из киргизской степи извещение, что называемый так батыр Джуламан соединились с подобным ему Исетом Котибаровым и с однородцами собравшимися около 3 тыс.человек» [53, 32-п].
Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық күрестің алғашқы кезеңі 1817 ж. Орынбор шекаралық комиссиясының өкілі В.Топориннің іс-әрекетіне наразылық білдіруден басталды [54,3-4 пп.]. Күрестің екінші кезеңі батырдың елдегі ахуалды патша шенеуніктеріне баяндап жазған хаттары, дипломатиялық шаралары арқылы көрініс тапты. Соңғы кезеңді батырдың тікелей әскери соғыс қимылдарын бастауы, ашық күрес жолына түсуі деп анық айта аламыз.
Жоламанның адамгершілігі мол адам екендігін батырдың ауылында сегіз ай тұтқын болған Падуровқа қатысты «Он пробыл в плену восемь месяцев. Джулламан держал его конечно довольно хорошо» деген мәліметтен көре аламыз [55, 51, 51е/б пп].
1848 ж. 23 қазанда шекаралық комиссияның Жоламан батырдың 1838 ж. 17 қыркүйектегі Анинский станицасына шабуылын тексеру туралы тапсырмасына старшын Арыстан Жантөрин: «Шекаралық комиссияның 1848 ж. 25 тамыздағы №10538 хатына орай Аннинск станицасынан жылқы айдап кетушілерге және казактар Розенин мен Волковты өлтірушілерге қатысты ешқандай шара қолдана алмайтынымды жеткіземін. Біріншіден, ол оқиғаның орын алғанынан бері он жылдан астам уақыт өтті, екіншіден, осы жағдайға кінәлі батыр Юламан Тлянчин әлдеқашан өмірден өткен»- деп жауап жазады [56, 9 п.].
Патша үкіметі дәстүрлі басқару құрылымдарымен қатар батырларды да жоюға бар күшін салды. Тіпті «Орданы басқаруда ханның өзінің де бізге тиімді не тиімсіздігін анықтап алуымыз қажет, болмаса басқарудың басқа түріне көшкен жөн» деп патша әкімшілігі ойларын анық жазды [57, 2,3,4 пп.]. Әкімшілік реформалар батырлар институтының жойылуына алып келді.
Қорытынды
Қорытындыда зерттеу тақырыбынан туындаған ойлар тұжырымдалды. Батырлар институтының қазақ даласында қалыптасуы ерте орта ғасырларда басталып даму жолынан өтті. Сондықтан зерттеу қорытындысы құрылымның әр кезеңіндегі даму үрдісі Бөкенбай батыр мен оның әулетінің тарихымен байланыста қарастырылды. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институтының күрделі әлеуметтік құрылым ретіндегі басты белгілері қалыптасты. Оларды алдымен батырлар институтының кезеңдері, батырлардың әлеуметтік табиғаты және батырлардың қоғамда атқарған қызметі деп бөліп зерттеу тиімдірек болып табылады. Осы бөлініс негізінде қарасақ: біріншіден, батырлар ерте орта ғасырларда, Түрік қағандықтары тұсында қалыптасты; екіншіден, ол он сегізінші ғасыр мен он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында гүлдену кезін басынан кешірді; үшіншіден, ресейлік отарлық әкімшіліктің ықпалымен батырлар институтының жойылуына арналған шаралар жүзеге асырылды. Патша үкіметі «батырлыққа жол бермеу саясатын» ашық ұстанды. Қазақ даласын басқарудың жаңа жүйесін жасау кезінде Хандар кеңесінің ережесі үшін дайындалған құжаттарда «батырлардың пайда болмауы» жайында нұсқау берілген [58,166-167 бб.]. Батырлар институтын күштеп жоюға жасалған іс-шараларға халық ұлт азаттығы үшін күрескен батырлардың өмірі мен қызметіне арнаған жырларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу арқылы жауап берді.
Батырлардың қоғамдағы функциясы, біріншіден, батырлардың басты қызметі жауынгерлік қызмет, ел қорғау, соғыс өнерін, әскери тәлім-тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізу болып табылады. Екіншіден, елдегі саяи басқару жүйесін, ел тыныштығын сақтап қалу жолында мемлекеттің саяси институттарымен бірге мемлекет мүддесі үшін қызмет ету. Үшіншіден, елдің саяси өмірі мен ішкі және сыртқы істеріне белсене қатысу. Төртіншіден, мемлекеттің саяси тәуелсіздігін сақтап қалу ісінде қазақ билеушілері билермен қатар батырлармен кеңесіп, маңызды шешімдер қабылдап отырды.
Батырлар институты - қазақтардың тарихи даму процесінде табиғи түрде көшпелі қазақ қоғамының қажеттілігінен туындап, қалыптасқан құрылым. Сонымен, қорыта келгенде, батырлар институты артына мол тарих қалдырған ұзақ даму жолдарынан өтті. Қай кезеңде де ол елінің, жұртының біртұтастығы үшін, тәуелсіздігі үшін қызмет етті деп анық айта аламыз. Батырлар институты тарихын зерттеу арқылы оның жаңа беттерінің нәтижесінде бүгінгі еліміздің тәуелсіздігінің іргесінің бекуіне септігін тигізетіндігі анық. Сонымен бірге қазақ батырлары тарихы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтіні белгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |