2. Алаш партиясының шартнамасы мен бағдарламалары
Партияның бекітуге даярланған жарғысы жөнінде «Қазақ» газеті былай деп жазды: «Алаш партиясының толық шартнамасы» Орынборда жасалынатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қыланады. Қазіргі шарты - кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, «Алаш» партиясының программасын жаттықтарып, жөн көрген программадағы мәселелерді айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындыққа, туысқандыққа бүйрегіне жақын тартпайтын, дүниелікке қызығып, сатылмайтын,шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлтара беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі айтылған шарттарды ойлап, толғап жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн». Партияның Орынбор қаласында Торғай облысында ашылғандығы жөнінде хабарында «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының ағзалық жарнасы бір сом деп көрсетті. Алаш партиясының жарияланған бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық Федеративтік Республика болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономииялық негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеуметтік қатынаста феодалдық аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше жалпы ұлттық мүдде, ұлттық тұтастық бағытында тұрды.
Алаш партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жолына бастайды деп көрсетеді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. «Салық мал – ауқат, табысқа қарай байға – байша, кедейге – кедейше ғаділ жолмен салынады, ... бар жұмысшылар заң панасында болады». Бағдарламаның антифеодалдық сипаты «негізгі құқық», «ғылым - білім үйрету» сияқты тараулардан байқалды. «Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек - әйел демей адам баласы тең. Жыйылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік», заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды, т.б. қазақ мемлекетінде оқу орындарының есігі кімгеде болса ашық және оқу ақысыз болмақ, оқу жалпыға бірдей жайылмақ. Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, баштауыш сыныптарда оқу ана тілінде жүргізіледі. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдаер мен профессорлар өзара сайлау арқылы сайланады.
Бағдарламадағы ең маңызды мәселе - жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның асты -үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тақтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, ата мекенін әркімнің тілегіне сай ауылға, руға, ұлысқа бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін жер сыбаға шаруаға, жердің топырағына, жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тыйым салады. «Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверсная) қазақ сол жерден өз үлесін алсын. Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, Законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді».
Достарыңызбен бөлісу: |