1.2. Дәстүрлі музыкалық өнердің ұлттық дүниетанымның қалыптасуындағы маңызы
ХХI ғасыр басында және Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толған уақытта өз мемлекетіміздің дербестігін толық нығайту үшін тек саяси, экономикалық тәуелсіздік пен әлеуметтік және құқықтық институттарды дамыту ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік идеология мен мәдениетті дамыту қажет. Соңғысына қол жеткізу үшін рухани мәдениет және өнер аясында ең жақсы ұлттық дәстүрлерді қайта қалпына келтіріп, қолдап және дамытуымыз қажет.
Көшпенді қоғамдарда дәстүрлі мәдениет жүйесінде өнердің кеңістіктік емес, уақыттық түрлері басты орын алғаны белгілі, атап айтқанда – поэзия және музыка. Көптеген ғасырлар бойы оларды дамыту нәтижесінде қазақ халқында өте күшті эпикалық, өлеңдік және аспаптық кәсіби дәстүрлер пайда болып, гүлдене түсті, сонымен қатар олар айтылу жағынан аймақтық көркем стилімен және аспаптық орындауымен ерекшеленді. Осы дәстүрлер сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті: олар музыкалық, музыкалық-поэзиялық шығармашылықтың мыңдаған үлгілері. Алайда біз осы мәдени мұра мен байлықты жоғалтып алуымыз мүмкін, себебі, бір жағынан дәстүрлер дамымай жатыр, оларды меңгерген нағыз шеберлердің саны азайып бара жатыр, екінші бір себебі – шығармашылық пен өнердің дәстүрлі түрлерінің сақталуына және дамуына себепші болатын тыңдаушылар жойылып бара жатыр.
Өнер адам баласының дүниетанымының қалыптасуына ерекше әсер еткен. Өнер – адам болмысының бағыттылығы және күрделілігі бойынша әр алуан сұрақтарының туатын және шешілетін саласы, сондықтан оның мазмұндық-мағыналық мәніне күмәндану - әлемнің шексіз, ұшы-қиыры жоқ кеңістігінде өтіп жатқан өз өміріңнің шындығына күмәндану деген сөз. Өнердің құндылық-мағыналық маңызы – оның құрамында адам субъективтілігінің ішкі дүниесінің терең онтологиясы, оның құндылық қатынастарына негізделген талпынысы, адам болмысының әр түрлі дүниетанымдық түсініктерінің болуында. Осының арқасында дүниеге қатынас рухани - өнегелік бағытқа ие болады [25.451].
Дүниетанымдық түсінікке негізгі бағыт беретін қоғамдық өмірді тұрғысында суреттейтін адам өнердің бірі – ол музыка өнері. Музыка өнері қоғамдық формациядағы халықтың тұрмысын, саяси хал-жағдайын, іс-әрекетін, мінез-құлқын тереңірек көркем түрде түсінуге жол ашады. Өйткені музыка өнері адам баласын алуан түрлі біліммен қаруландырады, адам жанын нәзік сезімдерге бөлейді.
Біз өз зерттеуімізде осы ойды басшылыққа ала отырып, музыка өнері, оның ішінде дәстүрлі музыкалық өнер туындыларын талдау арқылы, олардың дүниетанымды қалыптастырудағы мүмкіндіктерін қарастырғанды жөн көрдік.
Дәстүрлі музыка дегеніміз қазақ халқының мыңдаған ұрпақтарының баға жетпес мәдени-тарихи тәжірбиесі ретінде сақталуына тиіс рухани мұраның үлкен бөлігі. Сонымен қатар, мәдениеттің материалды емес саласы бола тұра, дәстүрлі музыка постиндустрализация және глобализация кезеңінде және жоғалып кетпей, сақталудың қатал жағдайында қалып отыр. Сондықтан ұлттық музыка классикасын (ән, күй, жыр) жинақтау, сақтау (консервация), зерттеу және келешекте әрекет ету міндеті бүгінде өзекті мәселенің бірі болып табылады [26.36].
Дәстүрлі музыкалық өнердің ауқымды саласы - жыраулық өнер болып табылады. Жыраулық өнерге дейінгі әдебиет халық жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулық өнер Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді. Жырауларды халық қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келғен кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулық өнер ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды.
Жырау деген атау "жыр" сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған. Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау. Жыраулық өнерді оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарына қанып, халқымыздың басынан кешірген тарихи кезеңдермен таныс болып, оның қадір-қасиетін білу, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енуге мүмкіндік туады.
Жыраулық өнердің құндылығы жайлы көп айтылған. "Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, – дейді М.Әуезов, – ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады" [27.152]. Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулық өнердің идеялық-көркемдік мәні терең ашылған.
Еуропалықтардың пікірінше, «қазақ даласындағы жыраулық-эпикалық дәстүр Мысыр пирамидалары мен Бабыл мұнаралары сияқты, адамзат өркениетінің бізге қалдырған ең жоғары мәдениеті.
Қазақтың дәстүрлі өнерінің адамзат қауымы мәдениетінде өзіндік орны бар. Бұл туралы халықаралық деңгейдегі өнертанушылар мен ғалымдар талай жазды. Қазақтың жыр-дастандарын тыңдаған Францияның, Америка мен Англияның ғалымдары Еуропа өзінің трубадурларынан 1,5 ғасыр бұрын айырылып қалғаны жөнінде өкінішпен айтады. Өйткені Еуропадағы авторлық музыка дәстүрлі музыканы барынша әлсіретті. Ғылыми-техникалық прогрестің бүгінгідей аса қауырт дамуынан бүтін бір ұлт немесе аймақ бастау-бұлағынан айырылып қалып отыр. Фольклор мен дәстүрлі музыка зерттеушілері соңғы кездері Еуропаның механикалық музыкадан шаршағанын айтады. 1993 жылы Франциядағы «Шаттле» музыкалық театры, «Ситье де ля мюзик» театрында және сондағы «ХХІ ғасырдың музыкалық қалашығында» қазақ жырауларын 4 сағат бойына ұйып тыңдауы, сол қойылымнан кейін Голландия, Италия, Швейцария, Америка және Англияның музыкатанушылары бірауыздан «сіздердің рухтарыңызбен Еуропаның трубадурларының рухы оянады» деген сөзі қазақ жыр-дастанының шын мәнінде тек өз еліміз ғана емес, әлем мәдениетінің бір бөлшегі екенінің айқын дәлелі [28.98].
Ата-бабаларымыздың мың-миллиондаған жол жыр мұраларының әуен, саз түрінде бізге жетуі, ћәм жыраулық дәстүрдің атадан балаға мирасқорлық, мұрагерлік сипатта жетуі - ұлт генофонының тарихи тектілігі мен бекзаттығын, мәрттігі мен жомарттығын, батырлығы мен сахилығын танытады. Ноғайлының жырын, лиро-эпостық, батырлық дастандарды, Тұрмағанбет Ізтілеу аударған Фирдоусидің «Шахнамасын» жырлау сонау Иран-Тұран заманының тарихын тарқатумен тең. Жыраудың жадындағы сан-миллиондаған жыр жолдарында ел мен жердің тарихы тұнып жатыр. Демек, жырау орындаушы ғана емес, жырау синкреттік кәсіп иесі, тарих пен жыр өнерін ұштастырып келе жатқан рухани-ағартушы, авангардтық жетекші тұлға. Ендеше, бүгінде жыраулықты кәсіп еткен жыраулар мен жыршы, әнші, күйшілердің алдында ұлттық рухани дамуды барынша ширату міндеті тұр. - «Ертеден салса, кешке озған, етектен салса, төске озған», таңды таңға ұрып жырлайтын алып сөз өнері бүгін қай деңгейде? Күні кеше ғана эстраданы, одан джаз бен рок-музыканы қолай көрген көпшіліктің ниеті бүгінде өткен ғасырдың сыршыл әуендеріне, ал соңғы кездері сонау Әсет, Біржан және Әміре заманының інжу-маржан әндеріне ауа бастады [29.63].
Жыраулық дәстүрді, жыр мұраларын сақтап, насихаттауда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиуты мен М. Әуезов мұражайының жанындағы ғалым Р. Бердібай басқарған «Халық университетінің» рөлі зор еді. Сол тұста жыраулық дәстүр, ақындық, күйшілік өнерге баулу ісі де қолға алына бастаған-ды. 1988 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда «Халық әні» кафедрасы ашылды. 1998 жылы мемлекеттік оқу стандарты бойынша, 0621 «Дәстүрлі өнер-жыр мамандығы» бекітіліп, жыраулардың жоғары оқу орындарында кәсіби мамандық алуына қол жеткізілді.
Халықтық өнерді жоғары оқу орнында оқыту ісіне Орталық Азия аймағы және халықаралық деңгейде қазақ дәстүрлі музыка өнерінің өкілдері бірінші болып қол жеткізген еді. Сол мамандық бойынша алғашқы студенттер Бекболат Тілеухан, Ержан Қосбармақ бүгінде тек әнші, термеші, орындаушы ғана емес, қоғамның әлеуметтік даму бағытына өзінің ой-пікірін қоса алатын азаматтар болып қалыптасты. Бұл жыраулардың тұңғыш рет әлеуметтік-саяси тұрғыдан танылуы еді. Олардан басқа Рамазан Стамғазиев, Ардақ Исатаева, Айгүл Қосанова, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева секілді әнші-жыраулар өсіп қалыптасты.
Егемен ел болып еңсе түзеп келе жатқанымызда ұлттық экономикалық саладан бастап, рухани-мәдени мұраларымызды көзіміздің қарашығындай сақтаудың жолын тапқан жөн болар. Өйткені, бүгінде әлем мемлекеттерінің барлығы дерлік өзінің ұлт болып қалыптасуына күш салуда. Ол, мейлі, экономикалық саясат болсын, әйтеуір алабөтен Қазақстанның үстіне арнайы түскен алапат болмаса, ұлттың өзегі барда жаћандану бізді бүріп тастай алмайды. «Жақсылығыңды айтып, жамандықты таяп қой» деген бар. Қазақ және «Жау хабарын естісең, жарақтан да, жолға шық» дейді. Жаћандану құбылысындағы «жарағымыз, бес қаруымыз» ұлттық құндылықтарымыз. Соның бірі - исі қазақ баласы үшін ұран сипатты жырау, батырлық дастандар. Демек біз саясаттың қайсыбір құбылысынан хабардар бола отырып, ұлттық мүддемізден таймауымыз керек.
«Жаћандану атты аладүбір біздің ортамызға әлдеқашан енген. Әдетте, диірменнің үстіңгі тасы шыр айналғанымен, астыңғы тасы бір айналмайды! Бірақ, талқанды да, ұнды да жасайтын астыңғы тас. Сол секілді, жаћандану саясаты төбемізден шыр айналғанымын, астыңғы тасы ұлт сол қалпында қалады әрине, генефонымыз мықты, ұл-қызымыз өзегінен, ділінен айырылмаса. Демек, қазақ жаћанданудан емес, ұл-қызының ділі мен ерік-жігерінің мықтылығына, рухымыздың таймауына сақ болуы керек», - деп жазады белгілі жырау А.Алматов [28.3]
Бұл орайда кез келгеннің жігерін жанитын батырлық, лиро-эпостық дастанның орны айрықша. Батырлық жыр-дастан, әдетте, рухты көтереді. Рух патриоттықты тудырады. Жыраулық дәстүр өзінің тарихында соншама қарқынды дамып келді де, кешегі патшалық Ресейді қазақ жерін отарлау уақытында әлсіреп барып, белгілі бір кезеңдерде өзінің қоғамдағы жетекші тұлғалық орнынан ажырап қалды.
Кешегі Махамбеттің:
Арғымақ сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп!
Азамат, сені сақтадым,
Бір қадеме керек деп!
Жабыдан туған жаман ат,
Жау қарасы көрінсе,
Шаба алмайды бөжектеп, - немесе:
Ат - жігіттің майданы
Қылыш - ердің пәруәні,
Атақты ермен бір күлген
Бола ма жанның арманы?-деп, Махамбет төніп тұрған ажалға қасқайып қарсы жүріп сарбаздардың алдына түсіп, жауға қарай кете барған. Жырау әрқашан өз елінің, жауынгерлерінің рухын көтеріп, намысын оятып, жігерін жаниды. Кешегі Кенесары, Наурызбайдың қасындағы Нысанбай жыраудың:
Қолдаудан өтіп ақ найза
Қойныңа қаның құйылмай,
Қақыратып ақ етті
Белдікке барып ұйымай,
Жантайып жатсаң жастанып
Ақ төсегің бұйырмай,
Ат үстінен алшайып
Ажалға қарсы ұмтылдық
Алланың берген сыйын-ай!- деп, халық үшін, ел үшін отқа түскенді Алланың берген сыйындай көріп, шейіт болуды үлкен абырой санайды [29.11]. Ақ Кете Шернияз Баймағамбет сұлтанның айналасындағы өршіл жыраулар ше? Демек, халық өз бостандығы мен азаттығына ұмтылған халық қайда жүрсе, жырау сол маңнан табылады. Кешегі Жанқожаның қасындағы Құттық Нұсқабай жырау, Төремұрат жыраулар. Аузынан жалын атқан Сыр бойы жырауларының арасындағы Балқы Базар жырау, Балауса жыраулар халық азаттығы үшін сарбаздардың қанын ойнатып, намысын жани жыр айтқанда жиырма бес түгілі, жетіпісіңді де ат ойнатып, алаңға шығарғандай. ...Бізге салса, қазір де әрбір полкта, әскери қосында, бір-бір жырау болғанның еш артықшылығы жоқ. Әне, сонда қазақтың рухы асқақтайды. Әрі сарбаздардың, жас жігіттердің намысын жанып, азаматтық қасиетін нығайтуға сеп болар еді деп ойлаймын. Яки, халықтың рухы мен жадын, зердесі мен ақыл-ой, сондай-ақ ұландарымыздың асқақ рухын оятуда жыраулық өнерді одан әрі дамытып, барынша нығайту керек.
Жырау – жоғары адами болмысқа берiлетiн Ақыл-ой, Күрделi сана иесi. Жырау – дүние сырларын белгiлi бiр заңдылықтарымен түсiндiрiп, талдауға қабiлеттi философ, өмiрлiк күрделi мәселелерде халқына жол сiлтеушi ақылман, адамгершiлiктiң, адамдықтың жолына уағыздаушы идеолог, сөз шеберi, шешен, сонымен бiрге адам бойында болатын небiр мiнез-құлық, әдеп, салттың сипатын дәл танып, болжал жасай алатын көреген, дүниенiң қалт еткен сәтiн дәл бейнелеп, сөз-суретiне сала алатын суреткер, ойлаудың күрделi қисынын келтiре алатын логик-ойшыл, көзi қырағы, көңiлi ояу тарихшы, шежiре. Жоғарғы қабiлеттiң осынша қабаттарын бiр өзiнiң бойына жинаған жыраулық болмыс көркем сөз жүйесiнде жинақталған бiртұтас когнитивтiк құрылымда танылатын тұлға [30.13].
Қазақ даласындағы жыраулық-жыршылық өнердің тарихы қай дәуірден басталады? - Қазақ даласындағы жыраулық-жыршылық өнердің түп-тамыры сонау сынтасқа қашап жазылған Орхон-Енесай жазуларында жатыр. Тұйұқық пен Күлтегінге арнап жазылған мадақ жыры мен 8-9 ғасырлардағы Қорқыттың абыз жырлары қазақ даласындағы жыраулық дәстүрдің тарихи бастауы деп қарасақ қателеспейміз. Одан бергі кезеңдерде Қазтуған, Доспамбет, Бұқар, Үмбетей, Тәтіқараға жалғасқан жыраулық дәстүр бұл өнердің отын одан әрі лаулатты. Жыраулар тарихи оқиғалар мен саяси әлеуметтік іс-шараларға белсене араласып, өздерінің қоғамдағы саяси әлеуметтік үлес-салмағын айқындап қана қоймай, рухани ағартушылық жетекшісі болды. Кешегі кеңестік үкіметтің уақытында зар заманның ізін жалғастырған Жиенбай, Рүстембек, Кәрібоз жыраулардың ізі тап жауы есебінде жойыла бастады. Бай, бұрынғы хандық дәуірді аңсаушылар деп саясат бұлардың барлығына шектеу қойып, жазалап жатты. Бірақ қазақтың қасиетіне біткен қанындағы тектілігінің арқасында қылша мойны талша қиылып түсіп жатқанымен, әкесі баласына, баласы немересіне үйретіп, бұл өнер атадан балаға мирас үлгі болып, бүгінгі біздің 21-ші ғасырдағы ұрпағының қолына тізгінін үзбей, шылбырын шұбатпай жетіп отыр. Қазақтың бүкіл болмысы мен қасиетіне қатысты барлық ақпарат оның қанына жинақталған болатын. Халықтың қаны қою болды, жеті атасынан тектілік үзілмеді дейтіні соның айғағы.
Жыршы-жыраулардың ел билеушілерінің қасына топтасуының себебі осыдан болар деген ой туындайды. Ханның қасында бас уәзір болып әуелі жырауы жүрді. Бұқар ғана емес Ақтамберді, Доспамбет, Қазтуған, Жиенбет жыраулар ақылшы болды. Олар ел басына күн туған кезде - «ат үстінен алшайып ажалға қарсы ұмтылдық, Алланың берген сыйын-ай» деп бүкіл қалың қолды өзінің ханын, мемлекетін қорғауға шақырды [31.7].
Тәуелсіздіктен кейінгі қазіргі кезеңде дәстүрдің алдында тарихи үлкен кезең тұр. Біз тарихи кезеңнен дәстүрлі үлгіге өтіп, дәстүрлік үлгіден бүгінгі таңда мектептік үлгіге қайтадан топтасып, дәстүрлік үлгіге жылжып келе жатырмыз. Мектеп деп отырғандарымыз, дәл осы кезеңде Маңғыстау, Атырау өңіріндегі үлкен кешегі Сүгірменен жалғасып бүгінгі ұрпаққа берілген Маңғыстау өңіріндегі мектеп. Сол секілді Батыс өңіріндегі, Ақтөбе өңіріндегі және Жетісу өңіріндегі үлкен ақындық-жыраулық үлгілер. Сыр өңірі, оңтүстік Қаратау өңірінің, сол секілді Алтай-Тарбағатай өңіріндегі үлкен мол мұра да Сарыарқаның сайын даласындағы үлкен әншілік, сал-серілікпен астасып, атаның жүрегінде, ананың бесік жыры әлдиінде сақталып бүгін бізге жетіп отыр. Жыраулық, жыршылық өнердің зерттелуі, жиналуы ең бірінші кезекте филолог, фольклор зерттеуші ғалымдарымыз арқылы ел игілігіне айналды. Оның басында Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев, Сейіт Қасқабасовтар болды. Олардың еңбегімен бұл мұра әуелі мәтін күйінде, одан кейін халық орындаушылары, халық таланттары басқосуы күйінде Мұхтар Әуезов музейінің жанындағы Халық университетінде қайта түледі. 30 жылдай санаткер ғалым Рахманқұл Бердібаев басқарған бұл өнер сол жерде түбегейлі өзінің жаңаша күйіне енді деуге болады.
Ал бүгінгі дербес мемлекет болған уақытта әншілік, күйшілік өнер жоғары оқу орындарында кәсіби маман есебінде дайындалу деңгейіне дейін жетті. Халық өнерпаздары, халықтық өнердің өкілдері, әнші-күйші, жыршы-жыраулар басқа мамандық иелері секілді өз өнерлерін ғылыми-методикалық, теориялық, музыкалық тұрғыдан зерттеп үйренуге қол жеткізіп отыр. Демек біздің алдымызға қойылған ендігі мәселе, халықтық өнер иелерінің оның мұрагер ұрпақтарының қоғамдағы саяси әлеуметтік үлес салмағын айқындап беру. Кезегінде олар ұлттың рухани ағартушылық деңгейіне дейін көтерілуі керек. Біз әзірге жырауларды да, әншілерді де тек ғана концерттік, сахналық өнер шеберлері есебінде ғана танып жүрміз. Керек десеңіз, әрбір әскери қосындар менен әрбір жүздікте бір-бір жырау, бір-бір әнші, бір-бір күйші отыру керек. Олардың әскери шені болу қажет. Сонда ғана рух оянады. Әрбір ұжымның қарауында фольклорлық ансамблі, әншісі, күйшісі, жыршысы болса одан олар ұтылмайды. Біз музыкалық оқу орындарын бітіргендерге жұмыс жоқ дейміз, орын жоқ емес - орын беретін кеуіл, пейіл жоқ. Сондықтан да ұлттық өнерге ұлттық, халықтық қамқорлық керек. Халық жиналған жерге бір әнші, бір жырау, бір күйші барсын, әрқайсысы он адамды тәрбиелейді. Ал олар өзге адамдардың ықылас-пейілін, ілтипатын бұруға дайын тұруы керек.
Ата-бабаларымыз адамзат өркениетінің қалай дамитынын, болашақта қай жақтан жау келеді, қай жақтан дос келетінін алдын-ала болжап отырған. Тұрмағамбет «Қауіп-қатер қай жағымнан қаптайды деп, талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі» дейді. Асан қайғы, Бұқар жырау, Қазтуған мен 20-шы ғасырға жетіп жығылған Жиенбай, Оңғар жыраулар да ел мүддесін, халықтың арман-тілегін ғана жырлады. Армандап өтті. Сондықтан біз бүгінгі ұрпақ сол өсиет-насихаттардың барлығынан үлгі ала отыра, тәуелсіз қазақ елінің келешегіне тәрбие, рухани құндылық есебінде сіңіруіміз керек. Оны сіңіретін -халық орындаушылары. Халық орындаушылары деп біз әнші, күйші, жыршы, жырауларды айтамыз. Олай болса, біз концерттік деңгейде ғана емес, қоғамдағы ұлт пен ұлыс өкілдері бас қосқан барлық жерде өнеріміз бен өнерпаздарымыздың етене араласып, ата мұрасын насихатауына қоғамда әлеуметтік тұрғыдан статус берілуі қажет. Мәселен әскери қосындарда Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Орақ-Мамай, Едіге, Қарасай-Ғазиларды ата-бабамыздың тарихы, тірі жәдігері деп қарап, ұлтқа үлгі, ұрпаққа насихат есебінде жырлануы керек.
Соңғы жылдар дәстүрлі өнерді қайта жаңғырту мақсатында түрлі конференциялар, фестивалдер мен концерттік шаралар өте бастады. Әр өнердің майталман зертеушілері бар. Сондықтан ақпарат беру немесе насихаттау тұрғысында бірінші таспалар, дискілер шығарып, екінші кезеңінде оларды ғылыми жүйелікке салып, үшінші кезеңде оның академиялық құрылымдарын қалпына келтіру уақыттың ғана еншісіндегі дүние. Бізге жойылып, жоғалып кеткен дүниелерді іздеп тауып, жарыққа шығарудың өзі үлкен бастама. Бұл ерте туып кеш қалып келе жатқан өнер. Ғылыми қауым енді қалыптасып келе жатыр. Оның әлі докторлары, профессорлары аз. Сондықтан шығып жатқан дүниелердің барлығына оң көзқараспен қарап ізденіс жолдарын ғылыми-тәжірибелік конференцияларда талқылап отыруымыз керек. Біздің пайымдауымыз ша, кейбір жастардың дәстүрлі өнерді заман талабына сай қайта жаңғыртуы құптап-қолдайтын нәрсе. Өйткені өнер адамы жаућарланып, сан қырынан көрініп отырып, алқаны игеру керек. Ол эстрада бола ма, басқа бола ма, бәрібір қазақтың әнін айтып тұр ғой. Демек, алдыңғы лектегі шудың ішіне кіріп кеткен көрермендеріміз бен тыңдармандарымызды қайтаруда алдынан халықтық өнердің өкілдері шығу керек. Роза, Мақпал, Бағдат, Майра - олардың барлығы да халықтық орындаушылар. Бұл әлемдік өнер сахнасындағы стратегиялық, кәсіби орындаушылық жүйедегі өзіңнің ұлтыңды сақтау үшін, бояуыңды, нақышыңды сақтау үшін жүргізіліп жатқан аса қымбат жұмыстар деп түсінем. Алқалы жиын сіздікі, әлемдік жиын сіздікі. Қазір қазақ өнеріне әлемдік сахнаның есігі айқара ашылып, дәстүрлі өнер өкілдері оның төріне отырып өз өнерін көрсетіп жүр. Ұлттық өнердің бояу, нақышы әлемдік өнердің ырғағына әуеніне сыйып, сол жерде өзін дәлелдей алса, оны тек қолдап, қостауымыз қажет. Қазір біздің жырауларымыздың кез келген эпосты жырлап шығуға мүмкіндіктері жетеді. Қорқыт, Күлтегін-Тоныкөк жырларының қай-қайсысын да сырбойылық жыршы-жыраулар кәсіби шеберлікпен орындай алады. Бұл оқып-тоқудың жемісі [32.22].
Жыраулық - әдеби шығармашылық еңбектің ең көне түрлерінің бірі. Жыраулық қазақтан басқа түркі текті ноғай, қарақалпақ халықтарында да болған. Әдебиеттану терминдер сөздігінде жырауға мынандай анықтама берілген: «Жырау ауыз әдебиетінің ежелгі өкілдерінің бірі, ірі қоғамдық мәселелерді қозғайтын толғау-жырларды шығарып айтушы, жыршы болумен қатар ойшыл, ақылшы, көреген, сәуегей. Жырау тұлғасы ерте дәуірде, тайпалық одақтар бірлестігі тұсында қалыптасып, ХҮ – ХҮІІІ ғасырларда үлкен өнер иесі және қоғам қайраткерлері ретінде танылған. Соғысқа кірер алдында бата беріп, толғау жырлар айтып, жауынгерлердің рухын көтерген, саяси, әскери дипломатиялық істерге кеңінен араласқан, мемлекет басшысының кеңесшісі қызметін де атқарған» [33.159].
«Жырау» сөзінің этимологиясы жайлы алғаш пікір білдірушілердің еңбектерінде жыраулық поэзияның қалыптасып, дамуына әсер еткен тарихи факторлар, қоғамдық жағдайлар, әдеби дамудың ішкі заңдылықтары, жырау тұлғасы, жыраулық поэзияның өзіндік ерекшелігі мен бейнелілігі т.с.с. ауқымды мәселелер қарастырылды. Махмұд Қашқаридың сөздігінде ежелгі және орта ғасырлық түркілер тілінде «йырағу» - «өлеңші», айтушы» деген мағынаны білдіретіні айтылған. Көрнекті фольклортанушы ғалым Е.Тұрсынов қазақ тіліндегі «жырау» сөзі көне түркілік «йырағу» сөзінің мағынасын сақтай отырып, дыбыстық өзгеріске ұшырау арқылы жасалғанын нақты мысалдармен дәлелдейді [34.204].
Бізде жырау және жыраулық поэзия деген анықтама негізінен алғанда ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген көркем сөз шеберлеріне қатысты айтылады. Жыраулардың жырдан зергерлік жасаған керемет туындылары арада сан ғасырлар өтсе де көркемдік байлығымыз болып келе жатқаны белгілі.
Көне дәуірдің өкілі Жұмағұл, ХІІІ ғасырдағы Аталық, Кетбұға, ХҮ-ХҮІІ ғасырдағы Қотан, Қазтуған, Асанқайғы, Доспамбет, Шалкиіз Тіленішұлы, Жиембет Бартоғашұлы, Марқасқа, ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Марабай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Арыстан, Құлтума, Тоғжан, Жамшыбай, Кемпірбай, Шөже т.б. ақын-жыраулар халық поэзиясының іргесін қалағандар.
Белгілі ғалым Р.Бердібай жыраулар шығармалары жөнінде былай дейді: «Ұлы жыраулар заманынан бері қарай қазақ жерінде алуан түрлі оқиғалар, күрделі өзгерістер болып өтсе де, олардың жырындағы саф алтындай дүрдана ойлар халқымыздың санасын нұрландырып, адамдық биіктікке, асқақ ерлікке, тот баспайтын намыстылыққа, өмірдің парқы мен нарқын ғарыштық өлшеммен тұтас тануға үндеп келеді» [35.172].
Асан қайғыдан басталып, Бұқар жырауға дейінгі жыраулар толғауларындағы негізі сарын – ел билеушілердің халықтың бірлігін көздің қарашығындай сақтауға міндеттілігін айту. Олардың мінін жалтақтамай бетке басып айту - жыраулардың халық арасындағы беделін көтеруге зор ықпалын тигізген. Сондықтан жыраудың сөзі – халықтың сөзі делінген. Сонымен қатар жыраулар шығармаларындағы басты тақырып - ел қорғау, елдік, бірлік, әділдік, өнегелік, намыстылық, адамгершілік болған.
Қазақ халқында жырау, жыршы, шайыр, әнші-ақын шығармалары жоғары бағаланғаны белгілі. Әсіресе жырау мен жыршыны халық қатты қадір тұтқан. Ақындарды шайыр деп атап, оларға төрден орын берген. Шайыр, жырау әлі күнге дейін ауыздан түспейтін ардақты сөз. Олардың тыңдаушысы да, бағалаушысы да халық.
Жырау, жыршылық дәстүр - арнайы зерттеуді керек ететін бір сала. Ол туралы сөз еткенде, Сыр бойының өнері, ақындарының шығармашылығы ойға оралады. Кез келген көркем шығарманы талдау үшін әуелі оның тудырушы, таратушылары туралы айтқан жөн. Сондықтан Сыр бойындағы жырау, жыршыларының шығармашылығы туралы айтқанда, импровизаторлық дәстүрді ерекше еске алмай болмайды. Ақындарды бір-бірімен салыстыра отырып, олардың шығармашылығындағы жыршы, жыраулық дәстүрін анықтап, көтерген мәселелері мен тақырып-талғамдарын ашудың маңызы зор. Бірақ бір аймақтың барлық жырауларын тұтас алып бір еңбек жазу нәтижелі болмауы мүмкін. Ол жалпылама шолудан әрі аспайды. Сондықтан олардың ең ірілерін бөлек зерттеу орынды.
Жыраулық – қазақтың өзімен бірге жасамыс та, ұлтымыздың қанына тән, жанына тән абыз өнер. Оны тіпті ұлттық өнеріміздің ежелден келе жатқан бастау бұлағы десе болғандай. «Өнер алды – қызыл тіл», «өлеңдетіп туасың, өлеңдетіп өлесің» деген қанатты сөздердің де төркіні жыраулықтан туындаған деуге болады. Өйткені сәби туғандағы шілдехана әнін, сондай-ақ, адам дүние салғандағы жоқтау зарын алдымен жыраулар бастаған [36].
Тағы бір айтатын жәйт, жазу-сызуы жоқ дәуірлердің өзінде осы жыраулар жарапазан, мадақ жырлар айтып, үгітші болды, насихат таратып, жоқтау, көңілқос айтып, халықтың көңілін көтеріп, жұбатып отырған. Ұзақ қисса, толғаулар, ән-термелер айтып, жұрттың бос уақытын көңілді өткізудің сан түрлі жолын қарастырған.
Қазақ халқының рухани байлықтарының ішінен жыраулар поэзиясы маңызды орын алады. Жыраулар поэзиясы – ақындық өнердің ең көне түрі. Біздіңше, «жырау» - қазақтың төл сөзі. Ол өте ертеден өмір сүріп келеді. «Жырау» сөзі XI ғасырдағы М.Қашқаридың сөздігінде де кездеседі екен. Жырау деген ескі ұғымды кейін халық ақын деп атап кеткен сияқты. Өйткені, табан асты өлең, жыр, толғау шығарып айту бұлардың екеуіне де ортақ қасиет. Жырау сөзінің алғаш хатқа түсуі XI ғасыр. Жыраулық өнер тарихы әріден басталатын өте ежелгі өнер. Осы орайда абыз деген деректерге жүгіне кетейік. XV ғасырдың орта тұсында жазылған «Түріктер шежіресі» деген кітаптан Ұлық деген жыршының есімі кездеседі. Ұлық жыршы шамамен XIII ғасырдың алғашқы жартысында Орта Азия жеріндегі әмірлердің бекінісінің төңірегінде өмір сүрсе керек. Міне, сол өнерпаздың ұлты қазақ болуы мүмкін деген болжам бар [37.321].
Жыраулардың сан қырлы дарынын ашатын тағы бір хиқая деректі алға тарта кетейік. 1227 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы жорықта (аңшылықта жүргенде өлген деген аңыз бар) жүріп, Ұлытау маңында қаза табатыны тарихтан белгілі. Ал, оның өлімін қаћарлы ханға естіртуге ешбір жанның батылы бармайды. Сол сәт елді, жерді қатал ханның зұлматынан тек өлең ғана құтқарып қалады. Найман тайпасынан шыққан батыр, күйші, жыршы, Кетбұға ақынның ғана батылы жетіп, Шыңғысханның алдында жыр төгіп, «Ақсақ құлан – Жошы хан, балаң өлді осыдан» деп өлімді естіртіп қапалы ханның көңілін аулапты, ешкімді тыңдамай, зәрін шашып арыстанша атылғалы жатқан ұлы «жауыз» поэзия құдіретіне бас иіп қаћарынан қайтқан еді.
Поэзия мен жыршылық өнердің тағы бір ғажап кереметін еске ала отырайық. Александр Македонский әлемді жаулап жүрген жорықтарының бірінде Фивы қаласының тас-талқанын шығарыпты да «Наубайхана мен Пиндар ақынның (жыраудың) үйіне тимеңдер, жан азығы аман болсын» деп әмір берген екен.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары соңында «Бес ғасыр жырлайды» деген жыр жинақтардың алғашқы кітабы жарыққа шықты. Сөйтіп бұрынғы қолда бар жыр-деректі тағы екі ғасыр әріден бастап, енді XV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының қалың қауымның қолына тиіп, ел игілігіне аса бастады. Бұған дейін XVIII ғасырда өмір сүрген Бұқар жырау мен XX ғасырдың алғашқы жартысында жасаған Сәбит Дөнентаевқа дейінгі аралықта болған жыр жампоздарын білсек, енді XV ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы (Хасан Сәбитұлы) шығармаларын оқуға қолымыз жетті [38.245].
Асан Қайғы деген атпен есімі аңызға айналған жырау 1361-1370 жылдар шамасында туып, Қазақстанның барлық жерін аралаған. Бір ғажабы ол болған жерлерінің бәрінің табиғи ерекшелігін тап басып, келешегін де болжап, баға беріп отырған. Тағы бір деректерде Асан Қайғы Алтын Орда ханы Ұлұғ-Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болғанға ұқсайды. XV ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ұлұғ-Мұхамед ордадан қуылған кезде ақын әміршісімен бірге кетеді де, хан өлген соң Дәшті-Қыпшаққа қайтып оралады. 1456 жылы Шу алқабында қазақ ордасы құрылған кезде Асан жаңа мемлекеттің ұраншысы болады. Ол Әбілқайыр хан ұлысындағы тартыс кезінде Керей Жәнібек сұлтандарды жақтап, солармен ымыралас болған. Аңыздың дерегі бойынша Асан Қайғы Сарыарқадағы Ұлытауда дүние салған деседі.
Осы күнге дейінгі аңызға сенсек Асан асқан саяхатшы әрі болашақты болжай білген дана саясатшы да болған. Кемеңгер ақын өлеңдерін бірыңғай ақыл, нақылға құрған. Өмірдің жақсы-жаманын мақтай отырып даттаған, болашақ күндердің болымсыз әрекетінен халқын алдын-ала сақтандырған аса көреген ойшыл, бүгінгі тәсілмен айтқанда қиял-ғажайып шығарманың негізін салушы ұлы жырау күні кешеге дейін «Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер» деп басталатын төрт мың жолға бергісіз төрт жол өлеңді немесе :
Уа, хан ием,
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан.
Ел ұстайтын ұл таппас
Айрылар ата мұрадан,
Мұны неге білмейсің?
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнің түледі.
Аққу құстың төресі
Ен жайлап, көлде жүр еді,
Аңдып жүрген көп дұшпан
Елге жау боп келеді.
Мұны неге білмейсің?, -
деген сияқты тебіреніске толы жырлардың Асан Қайғы жырлары екенін білмей, авторы жоқ дүние санап келгеніміз рас. Сол дәуірдің ұлы жыршысы Асан Қайғы жөнінде Шоқан Уәлиханов «Асан – ұлы дала философы» деген болатын [40.122.]. Асан ақын руханият әлеміне жалғыз келген жоқ. Жылымық заман талабына сай өзінен Бұқар жырауға дейінгі кезеңдердің – Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей жыраулар сияқты бұлақтарды ұлы арнаға жетелей келіп, ұрпақтан ұрпаққа азық боларлық өлшеусіз қазына қосты.
Қорқыт атадан жалғасқан жыраулық дәстүр мен шығыс шайырларының жазба әдебиет үлгісі үндестігінің сан ғасырлық үрдісі бар ел - Сыр бойы болып табылады. Мұнда Базар жырау, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Дүр Оңғар сынды атақты ақын-шайырлардың баға жетпес мұралары негізінде жеткіншектерге тәрбие беру – ұрпақтың рухани және мәдени жетілуіне, саналы, білімді, парасатты, адамгершілік пен ізгілікті қасиеттерді бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуына ықпалы зор деп есептейміз [41.78]. Соңғы уақытта Сыр бойы ақын-жырауларының өмірі мен шығармашылығы біршама жинақталып, зерттелгенімен, олардың тәлім-тәрбиелік идеялары әлі де арнайы зерттелмей отыр.
Қазіргі әдебиеттерде дәстүрлердің мәніне қатысты көлемді үш теориялық көзқарас көрініс алады.
Бірінші көзқарасты шартты түрде жалпыфилософиялық деп атауға болады. Мұнда ғалымдардың дәстүрлер жайындағы философиялық-дүниетанымдық көзқарастары жинақталып, көлемді ілім ретінде ұсынылады.
Екінші көзқараста, дәстүр ұғымы және оның жаңашылдыққа қатысы жалпы әлеуметтік тұрғыда түсіндіріледі. Бұл жағдайда ол тарихи мирасқорлықтың объективтік және қажетті жағдайы ретінде қоғамдық дамудың өткен кезеңінің прогрессивтік мазмұнын келесі кезеңге ендіру процесі тұрғысында қарастырылады. Дегенмен, мұнда мәдениеттің мәні қоғамдық адамның шығармашылық әрекеті болатыны және дәстүр мен жаңашылдық проблемасын талдауда мирасқорлықтың қоғам дамуында ерекше көрініс беретіні туралы деректеме сараланып көрсетіледі.
Үшінші көзқарасты нақты-әлеуметтік деп атауға болады. Бұл жағдайда дәстүр мәдени мирасқорлықты жүзеге асыру механизмі ретінде әлеуметтік жүйенің белгілі бір элементтері, көбінесе қоғамдық сананың әлеуметтік психологиялық днңгейіне сәйкес қарастырылады. Мұнда дәстүрді, ең алдымен, тарихи-мәдени процестің жалпы заңдылықтарымен емес, сақтаудың қажетті жағдайы және мирасқорлықты қамтамасыз ету факторы ретінде әлеуметтік жүйенің қызметін жасау проблемасымен байланыстырады. Осыған орай, дәстүр, бұл жағдайда басқа да өмір сүретін салттар, нормалар, мінез-құлық ережелері, әлеуметтік дағдылар, принциптер секілді әлеуметтік-реттеушіліктің бір түрі ретінде түсіндіріледі [42.26-45].
Осы жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, біз «дәстүр» мен «жаңашылдық» ұғымдарына өзіміздің ұлттық тұжырымдамалық көзқарасымызды береміз. Біздің пайымдауымызша, дәстүр – қазақ халқының мәдени құндылықтарды жасаудағы тәсілі және соның нәтижесі. Онда олардың құрылымы мен элементтері толықтай сақталады. Дәстүрдің негізгі әлеуметтік мәдени қызметі: қоғамдық қатынастардың маңызды нормаларын тұрақтандыру, қазақ халқының мәдени құндылықтарын сақтау және бір ұрпақтың жинақтаған рухани-адамгершілік тәжірибесін келесі ұрпаққа жеткізу.
Жаңашылдық – қазақ халқының мәдени құндылықтарын қайта жандандырудың және жасаудың механизмі. Онда әлеуметтік қажеттіліктерді нәтижелі қанағаттандыру үшін рухани өндірістің өткен кезендерімен
салыстырғанда ең жетілген, мазмұны бай мәдениет нысаналарының формаларын құру саналы түрде мақсат етіп қойылады. Бұл механизм мәдениет динамикасына тән және қоғамның рухани өмірінің өзгерісін әлеуметтік қайта жаңарумен бірдей қамтамасыздандырады. Дәстүр мен жаңашылдықтың өзара қарым-қатынасындағы басты мәселе - өзара қарым-қатынаста үйлесімділікке қалай қол жеткізуге болады және мәдениеттің дамуында осы үйлесімділікті қалай қамтамасыздандыруға болады деген сұрақтардың шешімін іздестіру. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі ұғымдарды біріктіретін ұлттық дүниетаным қазақ халқының ұлттық құндылықтарының кешені, оларды сақтау, қоғамдық прогрестің нақты-тарихи мақсатына сәйкес өткен ұрпақтың тәжірибесін қазіргі ұрпаққа жеткізу және қайта жандандыру тәсілдері.
Қазіргі таңда дүниені қазақтың ұлттық дәстүрлі мәдениеті арқылы тану мәселелері ұрпаққа мәдени-эстетикалық тәрбие беру саласында көрініс тауып отыр. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеуге бағытталған еңбектер соның дәлелі. Халықтың әлеуметтік-философиялық ой-пікірлері мен дүниетанымын игеру арқылы жастарға эстетикалық тәрбие берудің ғылыми-теориялық негіздері Қ.Жарықбаевтың [43], С.Қалиевтың [44], Қ.Бөлеевтің [45], Қ.Бейсенбиевтің [46], Х.Арғынбаевтың [47], Н.Сарсенбаевтың [48], С.Ұзақбаеваның [49], М.Балтабаевтың [50], т.б еңбектерінде қарастырылған. Бірақ аталған ғалымдардың еңбектерінде Сыр өңірі ақын-жырауларының шығармашылығының тәрбиелік мүмкіндіктері туралы нысанды пікірлер кездескенімен, Сыр өңірі ақын-жырауларының шығармашылығы негізінде тәрбие беру мүмкіндіктері арнайы қарастырылмаған.
Кесте-3 Студенттердің ұлттық дүниетанымын дәстүрлі музыкалық өнер негізінде қалыптастыру
Е.Ысмаилов Сыр бойы ақындарына тән ерекшеліктер жайлы былай жазады: «Қызылорданың Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, бергі шеті Шиелі, Жаңақорған аудандарында ақындардың мол бір ұялы тобы болып келген... Бұл дәстүрге тән ерекшелік: ақындардың көбі хат біледі. Өлеңдерін жазып шығарып, ел арасына таратады, бір-біріне жұмбақ айтысып, шешендік, тапқырлық өнер салыстырады. Тұрмыс-салт жайлы, елдік күнбе-күнгі тіршілігі жайлы толғау, жыр, тақпақ, күлдіргі, сықақ сөздерді айтып шығарады. Онан соң бұл ақындар өзбек, тәжік, түрікмен халықтарының үлгілі әдебиетінен мол үйреніп, қазақ тұрмысына үйлестіріп, көлемді дастан, әңгімелі жыр, мысал, ертегі, айтыс өлеңдер айтып таратады. Ол шығармалардың қай-қайсысы болсын ақындардың бірінің мінін бірі айтқыш өзара сын елегінен өтіп, сұрапталып жарыққа шығып отырған. Дастан болса оқиғасы қызықты, шағын жыр, өлең болса мағынасы, әсері көкейге қонымды етіп жазу, осы ақындық ортаның осы күнге дейінгі мықты бір дәстүрі» [51.162].
Сыр бойы ақын жырауларына атақты ақын Қасым Аманжолов:
«Жағалай қонған ел еді,
Ел іші өлең, жыр еді,
Арманы елдің көп еді,
Өлеңі елдің Сыр еді, - деп жазған [52.413]
«Бұл өңірде жырау, жыршы, термешілердің қатары тіптен қалың. Сыр бойында қазақ халқының ұлттық өнерінің барлық түрі кең түрде дамып, өріс жайған. Соның ішіде жыраулық дәстүрді бұл өлкеде есейген баласынан еңкейген қариясына дейін меңгеріп, ата мұраға айналдырған», - деп жазады жергілікті әдебиетші ғалым Т.Еңсегенов [53].
Біздің ғылыми диссертациямыздың тақырыбы тұрғысынан алғанда маңызды болып табылатын жыраулар поэзиясының өзіне тән бір ерекшелігі бар. Ол – жыраулар шығармаларының мақал-мәтел, үлгі-өсиет, нақыл байлығы. Мысалы, Қорқыт Ата шығармаларындағы нақыл, ғибрат сөздер қазіргі кездегі мақалдармен ұштасып жатыр. «Күл төбешік болмас, күйеу ұл болмас», «Ер малын қимайынша, аты шықпас», «Қыз анадан көрмейінше, үгіт алмас» деген нақылдары - жастарға өнеге берер философиялық пайымдаулар [54.148].
Жыраудың үлгі-өнеге, өсиет, насихат ретінде айтылатын жырларының бір түрі – терме деп аталынады. Термеде жырау өмір тәжірибесінен алынған ой-шешімдерін айтады: адамгершілік қарым-қатынасты, өмірдің философиялық мәнін түсінуді, адамгершілік пен ізгілікті, әсемдік пен әділеттілікті уағыздайды. Терме жыраудың, жыршының өз әуенімен мақамымен айтылады. Терме айтушы оның әуенін, көбінесе домбыраға, гармонға қосып айтады.
Термеші адамгершілік пен зұлымдықты, әділеттілік пен әділетсіздікті, жаман мінез бен жақсы мінезді салыстыра жырлап, тыңдаушыны адамгершілікке, достыққа, бірлікке, еңбекке, өнерпаздыққа тәрбиелейді. Термені жаттап алып, халыққа таратушы өнерпаз - термеші деп аталады.
От басында баланың өнерлі бейімділігін дамытып, домбыра тартуды үйреніп, терме жаттауына ата-ана мән бере қарап, жанып келе жатқан дарынға жауапкершілікпен жол ашу керек. Термені айтушы оны әуенімен қоса жаттайды, сондықтан баланың әуенді абайлап, әуеннің әсемдік ырғақтарын ажырата білу қабілетін бағалай білу керек. Қазақ халқы терме үйренуге ықыластанған баланың сағын сындырып алмауға тырысқан, оны дамытуға ықпал жасаған.
Халық аузында ертеден айнымай келе жатқан Қазтуған жырау, Жиембет жырау, Бұқар жырау, Майлықожа, Қашаған жырау, Базар жырау, Иманжүсіп жыраумен қатар, советтік дәуірде шыққан Жамбыл, Нартай, Кенен ақындардың термелік әуендері (сарындары) тарихтың толғамалы сияқты өлең-жыр өрнектерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін замандар мен заманалардың алтын арқаулы әсем әуендері. Терме жырлар, көбінесе 7-8 буынмен жеңіл айтылады да, олардың әуендері де жедел жаттап алуға бейім келеді.
Термешілер бұрынғы ақын-жыраулармен қатар, қазіргі ақындардың да өсиет жырларын термелік әуенге қосып айтады. Терме – жастарды адамгершілікке баулудың қуатты құралы.
«Терме – поэзияның үлгі-өнеге, ақыл-насихат, өсиет ретінде белгілі бір әуен-ырғақпен орындалатын түрі. Терме - өмірлік тәжірибе мен философиялық ойлардың түйіні. Ол – бас-аяғы жинақы, қорытынды нақыл» - деп жазылған Қазақ Совет энциклопедиясында [55.45].
«Терме көбінше жеке-жеке нақыл сөздерден құралады. Бір нәрсені, бір ойды айту үшін ұқсас нәрселерді, алуан түрлі жайларды қатарластырып, тізім келтіреді. Мұнда бір ойды дамытып әкетуден гөрі оны өрнектеп, еселеп айтатын шешендік, тапқырлық, нақыл сөзге жүйріктік басым» - дейді З. Ахметов [56.49].
Сонымен ғылыми әдебиеттерге талдау жасай отырып, төмендегі қорытындыға келеміз:
-
Терме – сан алуан пікірді, ниетті білдіретін, сарындас мақамдармен орындалатын, тақырыбы ұқсас қысқа-қысқа жыр желілерінің жиынтығы.
-
Терме - белгілі жақын адамдарды, атақты жер-су аттарын жырға қосып, тізіп-тізбектеп, мақтап-марапаттаудың, насихаттаудың әдеби-музыкалық тәсілі.
-
Терме – нақыл сөздердің, афористік тіркестердің, шешендік шумақтар легі.
-
Терме - өмірлік мәселелердің астарын ашатын, тұрмыс-тіршілік сырларын ақтаратын, музыкалық белгілерін саралайтын, сұлулық сынын сипаттайтын, ақыл үйрететін, нақыл айтатын, этикалық – эстетикалық тәлім беретін, өмірлік-философиялық, тарихи-тағылымдық ғибраттар таратын жыраулық-ақындық поэзия түрі.
Сыр бойы ақындарының шығармашалығын зерттеу үстінде біз жыраулық, жыршылық, термешілік, импровизаторлық өнерінің әлі де ашылмаған сырлары көп екенін аңғардық. Сондықтан бұл саладағы өнер иелерінің шығармашылығына арнайы назар аударып, кейбір жеке өкілдерінің қосқан үлестерін аша түсуді дұрыс көрдік.
Сыр бойы ақындарының дәстүрлі поэзиясының өткенін сөз еткенде, оларда жыраулар да, термешілері де, төкпе ақындар да көп болғандығын айтып кеткен жөн. Олардың ішінде елге тегіс танылғаны атақтылары, суырып салма өнерінің майталмандары да аз емес. Кейінгі ұрпаққа үлгі болар терең толғаулар, ерлік, эпикалық жырлар, ойнақы терме-тақпақтар, аталы ақыл-нақыл сөздер, жол-жора болар мәнді сөз қалдырған халық таланттары көп.
ХХ ғасырдың басында Сыр бойында аты мәлім, көпшілікке танымал, айтулы ірі жүзге жуық ақын-жыраулар өмір кешкен. Олардың жыраулық өнері мен дәстүріне көз жіберсек, бәріне тән бір ортақ белгіні байқаймыз. Яғни бір ғана жырау-жыршылық дәстүрдің төңірегіне топтасқандық және бірсарын әуенділік, ауызша да, жазбаша да (сауаттылары) өлең шығарғыштық (шайырлық). Олар көбінше өздеріне ғана тән әуенділік, шешен сөзділік, қиссалы сюжетті жырлар, айтыс, толғау, нақылдар үлгілерін ұстаған жыраулардың сауаттылары көп болуы себепті кейде жазбаша түрде шығармалар қалдырған. Осылайша ауыз әдебиетін ұштастырып, жаңа дәстүр қалыптастырған. Бұл дәстүрді XX ғасыр басында жасаған ақындар ілгері дамытып, көптеген шайырлар тобын құраған [57.143].
Дәуір мен дәстүр туралы дәуір, дәстүр мен жаңашылдықтың ара қатынасын ұрпақтардың ара қатынасына байланысты қараған орынды сияқты. Сонымен қатар, дәстүр үнемі жаңарып отырады, ал біз жаңаға қоса ескінің керегін таңдап қажетімізге жаратуға тиіспіз. Ескісіз жаңаның болмайтыны баршамызға мәлім. Болашақ аспаннан түсе қалатын даяр нәрсе емес. Оны жаңа дәуірдің азамат перзенттері жасайды. Жасампаздық ізденімпаздыққа ұштасып, өткенді игереді, жаңа болашаққа көз жіберіп, ой түйеді.
Қазақтың жыраулық, ақындық өнер тарихына көз жіберсек, жалғасып жатқан біртұтастық байқалады. Ата жыраулардан орта ғасыр жыраулары, одан кейінгі кезеңдердің жыраулары мен ақындары туындайды екен. Бұлардың арасында тарихи жалғастық, үйлесімділік, дәстүрлі түрлері мен мазмұны өсіп, жетілу заңдылығы талассыз ақиқат.
С. Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы Базар жырау» деп бекерге айтпаса керек [58.182]. Жыраудың да жырауы бар. Тарих олардың ұлыларын сақтап қалған. Батыс өлкесін жайлаған Сыпыра, Асан, Қазтуған, Жиенбет есімдерін кім білмейді. Халқымыз ғасырлар бойы қадірлеп, әр сөзін бойтұмарындай қастерлеп, жадында ұстап жеткізді. Ұрпақ мүлкі, ел қазынасы ретінде сары алтындай сақталды. Олар қалдырған татымды терме тұтымды үгіт, адамгершілік өсиет әр кез ақын-жырауларын тебіренткен аса құнды туындылар [59.47].
Бұқар, Дулат, Шортанбай, Махамбет, Шернияз, Базар т.б. сол бір алып жырауларды жалғастырушылар, жыраулық өнерді жаңа сатыға көтерушілер, дәуірінің ұлы суреткерлері жоғарыда біз сөз еткен, әркімге мәлім әйгілі жыраулардың жаңа ұрпағын қанаттандырған жылы ұясы да солардың тамаша шығармалары. Аталмыш ұяда өсіп өнердің өріне қанаттанған жас жыраулардың кейінгі тобын біз Сыр өңірінен көптеп кездестіреміз. Қазақтанның басқа өлкелерінде жыраулар мектебі болмаған, тек Сыр бойында ғана тамыр жайған деп кесіп айту оғаш болар. Бірақ соңғы дәуірге жеткен қалың тобы Сыр бойын мекендеп өскенін, біз атап айтуға тиіс болып отырмыз. Бұлай болуының біраз объективті себебі де болған сияқты. Сыр бойы - қазақ халқының ең ежелгі ата мекені екені белгілі. Тарихи адамдар, соның ішінде жыраулар мен ақындар қай тайпадан шықпасын Сырға соқпай, оның кең өлкесін қысы жазы жайламай өтпеген. Өңір тұрғындары жер өңдеу, бақ өсіру сияқты өнеркәсіппен де ерте шұғылданып, сауда-саттық базары, керуен жолы бар бай да байтақ тұрмыс кешсе керек. Елдің тұрмыс тіршілігі жөнделген сайын оның өнерінің де өсуі заңды. Сондықтан болса керек, қазақ халқы Сыр бойын аңызға айналдырған [60.103].
Басқасын айтпағанымыздың өзінде, атақты Қорқыт – атаны еске алмауға болмайды. Қорқыт қобызын Сырдарияның қасиетті суының үстіне кілем төсеп отырып, ұзақ тартқан. Қобыз үнінен жасқанған тажал өлім оны оңай ала алмаған. Тек қобыз үні өшкен кезде ғана шаршап-талған өнерпазға тап берген. Қобыз өнерінің атасы Қорқыттың зираты, оның үстіне қазіргі ұрпақ орнатқан зәулім ескерткіш те осы қасиетті Сыр бойында тұр. Қысқасы, Сыр өлкесіндегі жыраулар мектебінің тарихы тереңде жатыр. Өнерді өлтірмей жалғастырып келген сан жыраулар ұрпағы қазір де өмір сүріп келеді.
Жыраулық дәстүр қоғамдық, әлеуметтік өмірдің талап-тілектеріне сәйкес жеке жанр болып қалыптасты. Ол, Шоқанның көрсетуі бойынша, қобыз сүйемелдеуімен орындалып, ән-әуенмен жырланатын рапсодия. Жырдың мазмұны батырдың өмірі мен ерлік істерін жырлауға байланысты көрінеді. Ал Ә.Марғұлан: «Жыраулар – эпикалық жырды жасаушылар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын профессионалдық топтың өкілдері. Мұның басында Қорқыт, Аталық, Сыпыралар тұрса, кейінгі өкілі Асанқайғы», - деп қарастырады [61.82]. Осыған орай, Қ.Халитоғдының жоғарыда аталған кітабында да жыр мен өлеңнің табиғи белгі-сипаттары біліктілікпен сөз етіледі. Ол ақын мен жыршының айырмасын әңгімелегенде, сондағы құрылысы мен буын санындағы өзгешеліктермен қанағаттанып қалмай, олардың мазмұндық айырмасына да зер салып: «Ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал жыршылардың сөзі мадақ, насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады», - дейді [62.27].
Қазақ дүниетанымында ақын-жыраулар поэзиясының, оның идеологиялық мәнінің орны ерекше. ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулық өнерінен ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы, жалпы дүниетанымы өзекті орын алады [63.89].
Ақын-жыраулардың шығармашылығын талдау олардың өз заманы үшін белгілі бір деңгейде рухани көсем ролін атқарғаны, өз руластарының моралдық бағдарына жауап бергені көрінеді.
Жыраулық өнер әрекет еткен кеңістік өзінің барлық тәжірибесін сөз арқылы бейнелеуге тырысатын көшпенділердің эстетикалық ойлауының ерекше типіне негізделді. Негізінен жыраулар қалыптасқан этникалық қауымдастықты (қазақтардың) біріктіру идеясын қалыптастыру функциясын атқарды. Сонымен қатар жыраулық өнердің этикалық және эстетикалық құндылықтар мен символдар қалыптастырудағы ролі ерекше болды. Жыраулар өз шығармаларына рух аристократизмі мен даңқты өзек етті. Оның символдары ретінде бостандық, еркіндік, адамгершілік, батырлық, сөзге беріктік алынады.
Ақын-жыраулар шығармаларын бірнеше аспектіде қарастыруға болады. Өйткені жыраулық өнердің ауқымы дәстүрлі поэзия ауқымына қарағанда кеңірек болып келеді. Мәдени-философиялық аспектіде қазақ мәдениетіндегі гуманистік принциптердің қалыптасу мәселесінің жыраулар шығармашылығындағы көрінісі қарастырылады. Бұл жерде сонымен қатар мәдениеттегі даралық мәселесіне, оның ішінде мәдениеттің рухани дәстүрлеріндегі даралықтың және даралық сананың көрінісі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Жыраулық өнердің әлеуметтік-тарихи аспектіде қарастырылуы адам даралығының қалыптасуының әлеуметтік тұжырымдарын қарастырады. Бұл жерде индивидтің адамгершілігі, оның этикалық жауапкершілігі туралы сөз болады.
Жалпы, қазақ қауымында (басқа да түркі тілдес қауымдастықтардағы сияқты) жырау бейнесі ерекше құрметке ие болған, олардың дарынын «Тәңірдің сыйы» деп есептеп, қауым толығымен мойындаған. Сондықтан да жыраулардың ерекше белгісі – ымыраға көнбестігі, айтқан сөзі үшін жауапкершілігі, халықтың алдындағы ашықтығы болып табылады. Өз шығармаларында еркіндік, бостандық, теңдік идеяларын ұстана отырып, олар өз заманының тәрбие мақсатын анықтады [64.174].
Қазақтың белгілі жырауларының ішінен Асан Қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра жырауларды және т.б. ерекше атауға болады.
Жыраулардың шығармашылығы олар өмір сүріп отырған ортамен тығыз байланысты. Олардың кейбіреулері ханға қызмет етсе, үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, басқалары бұқара халықтың атынан сөйлеп, халықтың мұң-мүддесін – көңіл-күйін білдіреді және батырлар жырларының, аңыздардың сақтаушылары және орындаушылары болып табылады.
ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ жыраулық өнерінен ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады [65.96].
Толғау тарихы жыраулық өнерге тікелей қатысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б. бейнелеу тәсіліне насихаттық, өсиеттік сарын, мәселені жан-жақты терең толғап айтатын ойшылдық тән болған. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Әрбір даму кезеңінде толғау мазмұны жағынан да, бейнелеу тәсілі жағынан да бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды.
Өзінің толғауларында эстетикалық талғамның жоғары деңгейін көрсете отырып, жыраулар эстетикалық тәрбие туралы құнды ойлар айтады. Өз шығармалары арқылы олар жан сұлулығы мен тән сұлулығының гармониясына үндейді, әсемдікке ұмтылуға шақырады. Бейнелерді, кейіпкерлерді көркем сипаттау арқылы сөз өнерінің жоғары үлгісін көрсеткен Бұқар жыраудың шығармаларының эстетикалық-тәрбиелік маңызы осында.
Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра-жырау сияқты жыраулар заман, қоғам жайлы, ел басына түскен әр алуан оқиғалар жайынан толғау – жыр айтушы болған. Қазақ поэзиясында жыраулар жеткіншек, ақылгөй тәрбиешінің ролін атқарады. Ақын – жырауларға тән бейнелі сөз айшықтары билердің шешендік сөздеріне де арқау болған [66.142].
XVIII ғасырда өмір сүріп, өзінің артына үлкен поэтикалық мұра қалдырған ақын Тәтіқараның шығармаларының қазақ педагогикалық ойлар тарихындағы алатын орны ерекше. Өзінің өлеңдерінде ақын салыстырулар арқылы түрлі эстетикалық категорияларды көрсетіп, олардың мәніне үңілген [67.85].
Сөз болып отырған кезеңдегі жырдан дауыл тудырған саңлақ жыраудың тағы бірі – Үмбетей жырау. Үмбетейдің жыр-толғауларында эстетикалық ойлар өзі өмір сүріп отырған заманның тұрмыстық келбетінен туындап, сол кездің құндылықтарын сипаттау арқылы көрінеді. Мәселен, тұрмыс-тіршілігі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған қазақ қоғамында төрт түліктің орны ерекше болғандығы мәлім [68.154].
Ұрпақтың адамгершілік-эстетикалық тәрбиесі үшін маңызы зор өлеңдер Шал ақында көптеп кездеседі. «Дос болма майда тілді күлгенменен, сырты ғана жылтырап жүргенменен» - деп өсиет айтқан Шал ақын сыртқы сұлулық пен ішкі сұлулықтың арақатынасын ашып берді [69.142-147].
Осы кезде өмір сүрген тағы бір ақын – Жанақ өз шығармаларында «...Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы, ән – сәнің, күйші - көркің, ақын - жорғаң» деп, көркем өнердің эстетикалық тәрбие жүйесінде алатын орнын Бабатайұлының шығармаларында да айқын көрсетіледі. Ақын өлеңдеріндегі эстетикалық ойлар туралы айтқанда, оның табиғат әсемдігін сипаттайтын жырларына тоқталмай кету мүмкін емес [70.89].
Өз өлеңдері арқылы эстетикалық талғам қалыптастыруға үлес қосқан ақындардың бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Оның «Бәйтікті мақтағаны» және «Бәйтікті жамандағаны» өлеңдерінде эстетиканың бір-біріне қарама-қарсы категориялары - әсемдік пен ұсқынсыздық, асқақтық пен төмендік бір адам мысалында қатар беріледі [71.88].
ХІХ ғасырда өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармаларында жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысты ойлар аз емес. Оның ішінде эстетикалық талғам қалыптастыруға, жақсы мен жаманның парқын білуге, әсемдік пен ұсқынсыздықтың ара-жігін ажыратуға бағытталған өсиет жолдар да жеткілікті. «Қызыл ала киініп, барын бойға жиынып, қыз-бозбала өседі» деген Майлықожа ақын өз шығармаларында әсемдікке баулуға, үйлесімге шақыруға аса мән береді [72.49].
Ұрпағына сөзімен де, ісімен де, ақылымен де, парасатымен де үлгі-өнегесін қалдырған ата-бабаларымыздың мәдениетті қарым-қатынасқа бағытталған дәстүрлері сарқылмас қазына. «Ата сөзі – бата сөзі» деп, ата-бабамыздың нақыл сөздері мен ақыл сөздерін - өрнекті өсиеттерін қастерлей қабылдап, жадымызда сақтаймыз. Елге бірлік, тыныштық тілеп, халқының қадірлі, қасиетті болуын армандаған данышпан ата-бабаларымыздың жолын қуып, жоралғысын жасау – біз үшін міндет, парыз, ұрпақтық борыш.
С.Сейфуллин еске алған Базарды одан кейінгі жалғасып жатқан Жиенбай, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіптер тобы қалдырған жыр-толғаулар қанша? Кете Еснияз, Қарасақал, Ерімбет т.б жырау-жыршылар аға буынды жас буынға жалғастырып жатқан елеулі есімдер ғой. Әуелі жырау боп келіп, аяғын ақындыққа нық басқан өнерпаздардың мұралары әлі өзінің арнайы зерттеулерін күтуде. Әсіресе, біздің жазба әдебиетіміздің дамуына үлестерін қосқан, сауатты жазушы, ақын-жырауларға көңіл қоймау өкінерлік жай. Солардың ішінде: Құлыншақ, Нұралы, Бұдабай, Сарыбай, Ораз Молла, Нартай, Тұрмағамбет т.б. өзінің арнайы зерттеушісін күтіп жатқан ұшан-теңіз қазына мүлік екенін кім білмейді? Мысалы: Нысанбай, Жаңаберген, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Рүстембек, Сәрсенбай, Молдахмет, Жиенбайлар шығармаларын алсақ, бұлардың поэзиясы көбіне жыраулық салтында дамыған. Ал, Нұртуған, Қарасақал, Ерімбет қиса-жырау сюжетті шығармаларға көңіл бөліп, шығыс үлгісін ұстағандар [73.246].
Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Назым, Даңмұрын, Тұрмағамбеттер негізінен ақындар. Кейбірі айтыс жанрын дамытуға баса еңбек еткен. Әуезов: «Айтыстағы шеберлік – ақындық өнердің биік белгісі», - деген [74.341].
Сыр жырауларының дәстүрінде қалыптасқан жүйрік тілді, суырып салма, ақындық өнердің биігінен көрінген айтыс ақындарының шоғырын жасаған. Бұл дәстүр осы күнге дейін сақталған. Қазір Сыр бойында осындай жыраулық мектептер көп. Сондай тамаша дәстүрдің жалғасуына халық ерекше мән береді. Мысалы: Арал, Қазалы аудандарында Нұртуған жырау мектебі болса, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында Жиенбай жырау мектебі бар. Шиелі, Жаңақорған аудандары Нартай мектебін құрған. Жыраулық өнер – ертеден келе жатқан өнер. Қазір бірнеше жыраулық мектептер өмір сүруде, одан сайын биіктеп, нығайып, Сыр сүлейлерінің, ақын-жыршыларының мектебіне айналды [75.154].
Сыр сүлейлерінің көпшілігі Қармақшы өңірінде туып өскен. Сұлу сазды, алуан мақамды, жезтаңдай термешілердің көбісі осы өңірде мекендеген. Қазір осындай асыл өнерді сақтау үшін бір ғана Қармақшы ауданында төрт ақын-жыраулар мектебі ашылған. Олардың мақсаты – халық шығармашылығының дәстүрлі үлгілерін дамыту, жетілдіру, атақты жыраулардың мақамын үйрену, ақындық өнерге баулу. Міне, ақын-жыраулық мектептер осындай мақсатта жұмыс жүргізеді. Қармақшы ауданында құрылған 4 мектептің екеуі Жиенбай жырау атымен аталады. Осы аталған жыраулық мектептер сол есімі аталған жыраулардың толғау мақамдарын насихаттайды. Ғалым Р. Бердібаев: «Қазақ әдебиеті тарихында азды-көпті орны бар, бірақ шығармалары бұл күнге дейін жеткілікті зерттеліп, танылып болмаған ақындар есімі аз емес. Солардың бір тобы Оңтүстік Қазақстанда жасаған шайырлар. XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде өмір кешкен мұндай ақындардың үлкен шоғырын атап көрсетуге болады. Олар: Базар жырау, Шәді, Майлы, Мәделі, Құлыншақ, Молда, Мұса, Шораяқтың Омары, Нұралы, Бұдабай, Тұрмағамбет, Кете және Қаңлы Жүсіптер» [76.24].
Бұл ақындар қазақ әдебиетінде бүкіл іргешіл шығыстың көркемдік жетістіктерін, ізгі дәстүрлерін жеткізген халықты жаңа рухани әлеммен қауыштырған ақындық елшілері бола білген. Осы іспеттес қайраткерлердің жазбаша және ауызекі жәдігерліктерін білмей, халқымыздың әдеби тарихы туралы түсінігіміз толық болмақ емес.
Осы мақсатта біз зерттеуімізге негіз болып отырған кезеңде Сыр бойында өмір сүрген жыраулар жайлы баяндауды жөн көрдік.
Ешнияз сал Жөнелдік ұлы 1834-1902 жылдар аралығында өмір сүрген әрі ақын, әнші, сазгер, сал-сері. Әндері «Жүрек сазы», «Дүрдараз», «Желдірмая», т.б. Сол кезде күй атасы Құрманғазы Сыр бойына келгенде Ешнияз салмен кездесіп, дос болған. «Бес ғасыр жырлайды» жинағына өлеңдері енген.
Ешниязов Жүсіп 1871-1927 жылдар аралығында өмір сүрген. Сырдария облысы, Қазалы уезінде, Қуаңдария болысының 1-ауылында (Ленин атындағы ауылдық совет) дүниеге келген. Кете Жүсіп ХХ ғасырдағы Қазақ әдебиетінің тарихында белгілі ақындардың қатарынан орын алған. Әнші, сазгер, айтыс ақыны [77.160].
1905 жылы өз әйелімен айтысқан. «Бес ғасыр жырлайды» жинағына өлеңдері енген.
Омар Шораяқов 1878-1924 жылдар аралығында өмір сүрген. Сырдария облысы, Қазалы уезі, Аққыр болысы, 12-ауылында (Ленин ауылдық совет) туылған. 17 жасқа дейін Алдашбай ахуннан оқып, мұсылманша хат таныған. Өз бетімен ізденіп, шығыс әдебиетімен танысады. Өлең жазуды 16 жасынан бастаған. Бірнеше толғау, терме, өсиет, мысалдарымен қатар 15-тен аса көлемді дастандары бар [78.52]. Омар ақын совет тақырыбына да араласқан. «Бес ғасыр жырлайды» жинағына өлеңдері енген.
Оңғар жырау Дырқайұлы 1859-1902 жылдар аралығында өмір сүрген. Қазалы уезі, Жамансыр Болысы, 3-ауылда туылған. Бірнеше өлең жырлары болған. Алайда кезінде жинақталмай ұмытылып, өзгеріске ұшыраған. Сыр бойы ақын-жырауларының ішінде Дүр атанған жырау. Толғау, терме, айтыс, көңілқос айту сияқты өнер түрлеріне қатысқан ақын әрі жырау. «Бес ғасыр жырлайды» жинағына өлеңдері енген [79.153].
Әбдікәрім Оңалбаев 1901-1964 жылдар аралығында өмір сүрген. Қармақшы ауданы, Көктөбе ауылында туылған. 7 жылдық мектепті бітірген. 1940-43 жылдары Алматыда «Әдебиет және өнер», қазіргі «Жұлдыз» журналында Ғабиден Мұстафин екеуі жұмыс атқарған. Өлеңдері: «Кешеуілдеп іздедім білім кенін», «Ерте туып кеш қалыппын», «Туған жер», «Тозбайтын асыл», «Аққұм», «Ардақ», «Жәмилә», «Кемпірім» т.б [80.97].
Әлқуат Қайнарбаев. 1898-1979 жылдар аралығында өмір сүрген
Қазалы уезіне қарасты Қарабас болысының «Кентүп» деген жерде дүниеге келген. Жүз мың жолдан астам өлең, хисса, дастан, поэма, айтыс т.б ауыз әдебиет үлгілерін жинап, оның 60 мың жолдан астамын Қазақ ССР Ғылым Академиясына тапсырған [81.207].
Молдақмет Дабылұлы. 1893-1946 жылдар аралығында өмір сүрген. «Сары қасқа атты Келмембет» дастаны, «Сексен сегіз», «Тыңдаушыға наз», «Өлеңмен өзім айттым өз жайымды» өлеңдері. «Майданға», «Шәріге хат», «Ізмаханға хат», «Бұл сөзіме кім тоқтар», «Тексізден текті шықпайды», «Өсиет», «Өнегелі іс», «Өткіздік бұл дүниені» т.б терме толғаулары бар [82.193].
Қабақ, Тілеу. Қабақ 1912 ж. туылған. 60 жасында 1972 ж. қайтыс болған. Тілеу Тұрмағамбеттің бірнеше өлеңдерін жатқа білген. Бұл кісілер әлім руының Тілеу-Қабақ деген руына жиен болған. Сондықтан есімдерін осылай атаған [83.26].
Әлиакбар Жұматаев 1910-1987 жылдар аралығында өмір сүрген. Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария болысында дүниеге келген. Жастайынан Тұрмағамбет Ізтілеуовтен және Шора молдадан ескіше сауат ашады. 1922 жылы Ташкент қаласындағы Рабфакте оқиды. Осы уақыттарда Темірбеков Әбілданың көмегімен газеттерге өлеңдері шығып тұрады. «Қара қисық туралы» дастанында Қоқан билеушілеріне қарсы Қара қисық батырдың күресі ерекше баяндалған. «Сұлу сырым», «Темір тұлпарлы қыз алтын шаш», «Мардымсыған бір төбет», «Мектеп оқушыларына», «Халқыма етсем қызмет», «Лениннің 100 жылдығына», «Ешовтың естелігі» І-ІІ варианты, «Дүниеде бір зат көрдім өлмейтұғын», «Қазалының Әбдіразақ деген ақыны», «Масамен айтыс», «Ешкімен айтыс», «Мақтанышым емес пе?», «Қуанып Мұрат айға ұшты», «Қадірлі інім Құттыбай», «Кетенің кемеңгері» өлеңдері бар [84.65-68].
Сыр бойындағы жыраулар жайлы мамандарымыз зерделі зерттеулер жүргізіп, талай-талай құнды пікірлер айтты. Әр жылдары С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, М.Мағауин, Ә.Сейдімбеков, Б.Жүсіпов, А.Алматов, т.б. әдебиетші ғалымдар мен қаламгерлер толымды талдау, салиқалы сараптамалар жасаған. Әсіресе ұлы Әуезов жыраулардың ақылман өсиет айтатын ағартушы, жыр-дастандарды зердесінде сақтайтын мұрағат ролін атқарғанын паш етеді. Мұның өзі әріге бармай-ақ соңғы екі ғасыр (XIX-XX ғ.ғ.) беделіндегі жыраулық өнеріміздің даму, өсу барысын бағамдап, оның қадір-қасиетінің қашпағанының, бағасы арзандамағанының көрінісі [85.97].
Сөзіміз жалаң болмас үшін Сыр өңірі кешегі және бүгін де жыраулық өнердің бастау бұлағы деген ойымызға ғалым А.Сейдімбектің мына пікірін көлденең тартайық:
«Жыршылықтың үрдіс дамуының сыры Сыр бойының ежелден-ақ қазақ халқына саяси-әлеуметтік кіндік мекен болғандығынан деп жорудың қисыны бар. Ұлы дала көшпелілері XX ғасырдың басына дейін саяси-әлеуметтік тағдырын Сыр бойына тоғыстырып отырды. Осынау тарихи үрдіс өнерпаздық дәстүрде де әсер етіп, исі қазақ даласындағы өнер мектептерінің тоғыса түрленуін қамтамасыз етіп отырған» [86.154].
Жоғарыда аталған ақын мен жыраулардың әрқайсысы өз алдына арнайы зерттеуді қажет ететін көрнекті тұлғалар. Өлкемізде кейбірін зерттеп, шығармаларын баспаға шығару ісі жүзеге аса бастады.
Қазіргі заман тұғырынан дәстүрлі музыкаға қатысты мынаны айта аламыз:
1. Оның қазіргі заман мәдениет жүйесіндегі орны аса күрделі. Бір жағынан аталмыш музыка объективті түрде қолданыста бар, кәсіби өнер аясында және халық ортасында сұранысқа ие. Ал, басқа жағынан алып қарасақ, ол келешекте қандай жолмен дамуы қажет екендігі айқын емес –халық аспаптары оркестрлері (кеңес дәуіріндегідей), эстрада, рок-топтар арқылы «жетілдіру» жолымен ба (қазіргі заман ғаламдастыру процесі желеуімен), әлде өнердің қазіргі заман жағдайына үйлестіру арқылы дәстүрлі формаларды қайта жандандыру жолымен бе? Көптеген адамдарды мазалап жүрген осы сұрақ, мәдениет қайраткерлерінің, ғалымдардың, мемлекеттік билік өкілдерінің кездесулерінде, ғылыми және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жеке маңызды сөз қозғаудың себебі болуы мүмкін.
2. Ұлттық мәдениеттің және музыканың ең жақсы дәстүрлерін сақтау және дамыту жөніндегі мәселе жоғарғы оқу орындарына жүктеледі. Дәстүрлі музыканың ортасы мен әрекет ету механизмдерін жоғалтқан жағдайда сол білім беру орталары мамандар дайындау орталықтарына және дәстүрлі музыканы нақышына келтіріп, жоғары кәсіби деңгейде орындау ортасына айналады. Өкінішке орай қазіргі уақытта жастарға қазіргі заманда мәдениеттің дәстүрлі салаларын дамытуға қатысты қандай да бір приоритеттерінің бар-жоғын айта алмаймыз, сол себептен оларды бүгінде қандай кәсіби әрекетке бағыттайтынымыз да анық емес.
3. Республикамызда концерттік өмір жеткілікті деңгейде емес – бұрынғыдай залдарда, теледидарда, радиода дәстүрлі музыка концерттері аз беріледі. Өкінішке орай, кеңес дәуірінде халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізетін, «Музыкалық мәдениет университеттері» аясында өтетін музыкалық лекторийлер келмеске кетті.
4. «Темір пердені» ашқан сәттен бастап, бұрынғы кеңес кеңістігіне батыс өркениетінің жақсылықтарымен қатар оның бұқаралық мәдениет өнімдерінің еш кедергісіз енуіне жол берілді. Біздің еркіндігіміз тек кәсіпкерлік деңгейінде ғана қалып қойды, соның нәтижесінде, өзіміз куә болып отырғандай, рухани құндылықтар мен бағыттардың арзандауына алып келді: мемлекеттік-саяси құрылымдардың жетілмеген кезінде және қоғамның орныққан идеологиялық негіздерінің болмау жағдайында өмірдің барлық саласына нарықтық қатынастардың енуінің салдары осындай.
5. Әлемдік ғаламдық (жаhандыру) процестерге айқын түрде бағытталу жағдайында мәдениеттегі нақтыланбаған құндылықтар этномәдени дәстүрлерді және классикалық ұлттық өнерді қоғамның мәдени өмірінің қалтарысына ығыстырып тастады. Мысалы, шынайы қазақ руханияты мен санасын бойына сіңірген дәстүрлі музыка мамандарына мемлекет тарапынан не материалды, не моралды қолдаудың болмауы түбінде қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің ең құнды қабатының жоғалып кетуіне әкелу қаупі бар. Жоғарыда айталғанды сараптай келе, ұлттық (дәстүрлі) мәдениет пен өнерді сақтау және дамыту міндеттері Қазақстанды дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде енгізілуі қажет және еліміздің мәдени саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы қажет деп есептейміз.
-
Достарыңызбен бөлісу: |