Ә мәтіні. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатынан үзінді.
- Жандарбек Мұхтарұлы, ғаламдық климат өзгерісі проблемасы біздің елімізде қалай көрініс тауып жатыр деп ойлайсыз?
- Климат өзгерісінің Қазақстанға әсері қандай деген мәселеге нақты тоқталар болсақ, мынадай факторларды атап көрсетуге болады. Мәселен, соңғы он жылда орташа ауа температурасы жоғарылады. Ғалымдардың болжамынша, алдағы бірнеше он жылдықта температура жоғарылап отырады. Яғни, климаттағы өзгерістер алдағы уақытта да тоқтамайды.
Сонымен қатар, соңғы уақытта жылы толқынды немесе «аптап толқыны» деп аталатын күндер көбейіп кетті. Яғни, бірнеше күн бойы күн қатты ысиды. Жылдың жылы мезгілдерінде осындай ыстық күндер көбейіп барады.
Оған табиғаттағы экстремалды құбылыстарды қосыңыз. Бұл дегеніңіз сел мен көшкін тудыратын нөсер жауындар, су тасқыны. Ондай құбылыстар біздің жекелеген облыстарымызда, мысалы биыл Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Алапат дауылдар мен орман өрті тағы бар.
Аталған табиғат құбылыстарының бәрі адам денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді, экономикалық шығынға батырады. Салдарынан жұқпалы аурулар таралып кетуі мүмкін.
- Қарапайым тұрғындар үшін климаттық өзгерістерге бейімделу жолдары бар ма? Оның қарапайым тәсілдері, белгілі бір нұсқаулар бар ма?
- Қазақстан көне заманнан климаты күрт құбылып отыратын мемлекет. Өзге елдермен салыстырғанда мұнда қыста минус 40 градус, жазда плюс 40 градус болады. Бұл әрине, адам ағзасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан біздің халқымыз үйренген, қорғану мен бейімделудің белгілі тәсілдерін бұрыннан қолданып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |