Тапсырма
Мәтінді мұқият тыңда.
Күн мен ай
Өте ерте заманда Жер-Ананы Күн мен Ай айналып жүріпті. Таң атқанда Күн төңірекке нұрын шашыпты. Ол қызарып ұясына батқан шақта, толықсыған Ай сүттей жарығын көпке сыйлапты.
Күн соңынан күндер, жыл соңынан жылдар өтіпті. Бірде Күн мен Ай «Күн жақсы ма, Ай жақсы ма?» деген сұрақтың шешімін таба алмай, өзара өкпелесіп қалады.
Күн айтады:
Мен Жер бетіне сәуле, жылу таратамын. Адамдар ерте тұрып еңбек етеді. Жолға шығып, ұзаққа сапар шегеді. Мен ұяма батқан кезде бүкіл тіршілік атаулысы бір сәт дамыл тауып, демалады.
Ай да уәжді сөзден қалыспайды:
Мен Ай десе аймын. Сен айналаны қараңғыға бояған сәтте түндерді аппақ нұрға бөлеймін. Балалар ай нұрына шомылып жасырынбақ ойнайды.
Күн мен Айдың өзді-өзін мақтай сөйлеген лебіздерін Жер - Ана байыппен тыңдап, былай депті:
Күнім мен Айым, екеуіңнің сөздерің көңіліме дөп тиді. Сендер болмасаңдар, мен бусанып жатпас ем. Бірің жылу дарытып, топыраққа түскен дәнге жан бітіресің. Ал Ай болса, мызғыған тіршілікке сұлулық әкеледі. Шаршаған жанға қуат береді. Сондықтан екеуің де маған қымбатсыңдар. Күн де, Ай да әманда бірі оңымнан, бірі солымнан туа берсін.
Содан бері Жер - Ананы мекен еткен төл перзенттері өздерінің ұлын еркелетсе «Күнім» деп, қызына мейірлене «Айым» дейтін болыпты. Дүниеде одан жақсы теңеу болмайтынына еш күмән келтірмепті.
Жұбыңа мәтіннің мазмұны бойынша 3 сұрақ қой.
Жұптағы оқушының қойған сұрақтарына жауап бер.
|