Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
105
жағын биік бекініспен қоршаған, айдалада жападан-жалғыз тұрған сұлтан
Ордасында өскен жас балаға, бұл шаһар бір керемет салтанатты боп елестеді.
Қаланың жасыл бағында сыңсыған алма, өрік, жүзім, алмұрт... Көшесіне шықса,
диқан аспаптарын,
жауынгер қару-жарағын, қыз-келіншектер алқа-жүзік,
білезіктерін соғып жатқан шеберлердің көк құрыш төсті құлаштай кеп ұрған
балғаларының шаңқылынан құлақ тұнады. Алғашқы рет ол осы қалада намаз
оқуға көк күмбезді мешітке кірді. Осы қалада ол алғашқы рет кәпірлер шоқынатын
насрани дініндегі келімсектер салған шіркеуді көрді. Сол бір ғажайып балалық
шағындағы көріністер әлі күнге дейін көз алдынан кетпейтін. Әкесі Уайс хан өте
діншіл еді. Бір күні ол таңғы намазын оқып болды да әлі шырт ұйқыда жатқан ер
жете бастаған балалары — Жұныс пен Исан-Бұғыны оятты. Өзімен бірге ертіп
жүрді. Соңдарында нөкерлері. Көп кешікпей бұлар көне Алмалыққа келді. Тісі
түсіп опырайған кәрі адамның аузы тәрізді, келісімсіз
кілең құлап жатқан шым
үйлер, зәулім үлкен кірпіш қоралар... Осы жан шошырлық күйреген қаланың
ортасында тек басында сары жезден крес орнатқан жасыл күмбезді мәнерлеп
салған ағаш үй көрінеді. Үйдің жанында бау-бақша. Бақша толы кілең ишан, қожа,
ақ сәлделі, көк сәлделі молда, мәзін, кәри, мүриттер. Хан келісімен ортада тұрған
мінбеге ақ сәлделі молда шықты. Таңертеңгі салқыннан әбден мұздап қалған екі
бала енді әлгі мінбенің жанындағы дарды көрді. Дар қасында екі қолы артына
байланған, шашы өсіп кеткен, ақ сақалы бүкіл кеудесін жапқан, үстінде тізесіне
түсетін ақ кенеп көйлегі бар келісті біреу тұр.
Сырт пішіні, түр келбеті
мұсылманға ұқсамайды. Ат жақты, көк көзді, ақ сары адам.
Мінбеге шыққан әлгі молда екі қолын жоғары көтеріп, Уайс ханға қарап:
— Ісләм дінінің қорғаны, ұлы мәртебелі Уайс хан сіздің мүбәрәк қолыңыз
қойылып, алтын мөріңіз басылған әділетті жарлығыңызды орындауға рұқсат
етіңіз! — деген.
Хан басын изеген:
— Рұқсат!..
Қызыл шырайлы молда енді қолы байлаулы кісіге қараған:
—Мұхаммед пайғамбардың үмбеті, ұлы Моғолстанның ұл-қызын өз дініне
өткізіп, дозаққа түсірмек
әрекетімен шіркеу ұстап, күнәкар болғаның үшін
Сүлеймен пайғамбардай әділетті, Ғазірет Ғалидай айбарлы, ұлы мәртебелі Уайс
хан, аллатағаланың кәпір пендесі Дәниел, сені дарға асып өлтіру жазасына
бұйырды. Ажал алдында қандай өтінішің бар?
Ұзын сақалды, дудар шашты адам басын шайқаған.
— Діні басқа пұсырмандардан еш өтінішім жоқ. Дінім үшін құрбан болуға
бармын! Тезірек дарларыңа тарта беріңдер!
Молда ханға қараған. Хан басын тағы изеген.
Қолы байлаулы адамның
жанындағы екі жендетке молда:
— Аллатағаланың жазмышы осылай. Құдайдың шоқынды құлы Дәниелді дарға
асыңдар! — деген.
Екі жендет қолы байлаулы адамның мойнына қыл арқанды ілмешектеп түйіп,
екінші ұшын өздеріне қарай тарта бастаған. Сақалды адам серейе, жоғары көтеріле
берген. Тек дары белағашының тұсына таяғанда ғана бір рет жұлқына түсіп, екі
қолын салбырата, басын бір жағына қисайтып тына қалған. Екі жендет арқанның
қолдағы басын жердегі қазыққа апарып байлаған.
әлгі молда қайтадан Уайс ханға қараған: