Халықаралық жеке құқықтың мақсаты – әр түрлi елдердiң фирмалары мен кәсіпорындарын арасындағы iскерлiк байланыстарды құқықтық реттеу болып табылады.
Қатынастардың екiншi бiр тобы – шетелдiк қатысушылар, яғни жеке тұлғалардың қатысуымен болады. Халықаралық құқық-тағы сияқты халықаралық жеке құқықта да, жалпы қоғамдық мүдде мен жеке тұлғаның мүдделерi толығымен ескерiлуге жатады.
Халықаралық жеке құқық шетелдiктердiң жеке мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарын, олардың еңбек, отбасы және басқа салалардағы құқықтарын қарастырады. Осы аталған құқықтардың сақталуына кепiл болу халықаралық жеке құқықта басты орынға қойылады, әсiресе, бұл аралас (шетелдiң қаты-суымен) некелерге, отбасылардың түрлi мемлекет азаматтарынан құрылуына байланысты болып табылады. Халықаралық жеке құқық нормаларын қолдана отырып, Қазақстандағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайын және бiздiң азаматтардың шетел мемлекетiндегi жағдайы анықталады.
Сонымен, Халықаралық жеке құқық – шетел элементімен күрделенген азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтін коллизиялық-құқықтық және бірыңғайланған материалдық-құқықтық нормалардың(ережелерінің) жүйесі.
Халықаралық жеке құқық халықаралық жария құқықпен (не жалпы халықаралық құқықпен) тығыз байланысты. Халықаралық жеке құқық өз алдына, тәуелсiз құқық жүйесi болып табылады.
Халықаралық жария құқық пен халықаралық жеке құқықтың нормаларын басты мақсаты – әр түрлi саладағы халықаралық қауымдастықты дамытудың құқықтық алғышарттарын дайындау қызметiн атқару және ол екеуiнiң арасындағы ортақ сипат: –кең мағынада, екi немесе одан да көп мемлекеттердiң қатысуымен болатын, бiр мемлекет аумағынан тыс туындайтын қатынастар ретінде танылады. Дегенмен, халықаралық жеке құқық жария құқықтық емес, жеке құқықтық қатынастарды реттейдi. Бұл реттегi халықаралық дегенiмiз шетел элементiмен шиеленіскен қатынастарды бiлдiреді.
Халықаралық жеке құқықтың халықаралық жария құқықтан ең бiрiншi айырмашылығы – олардың реттейтiн қатынастарының мазмұнының әртүрлiгiнде. Халықаралық жария құқықта мемлекеттер арасындағы саяси қарым -қатынастар, бейбiтшiлiк пен халықаралық қауiпсiздiк, мемлекеттiң егемендiгi мәселелерi, мемлекеттің ішкі iстеріне араласпау, қарусыздану сияқты мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар халықаралық жария құқықта халықаралық сауда, экономикалық әрекеттесу сияқты мәселелердің кең етек алуы халықаралық экономикалық құқықтың туындауына ықпал етеді. Дегенмен, олармен реттелетiн қатынастар азаматтық-құқықтық емес, мемлекетаралық сипатқа ие болып табылады. Ал халықаралық жеке құқыққа келер болсақ, оның реттеу аясы халықаралық қатынастардағы осы жеке құқық саласында көрiнiс табады. Бұл ең бiрiншiден, мүлiктiк қатынастар (мәселен, авторлық пен патенттiк құқық саласында), яғни бұлар халықаралық жеке құқықтың реттеу аясына жататын қатынастар болып табылады.
Халықаралық жария құқықтан халықаралық жеке құқық тек өзiнiң реттеу пәнiмен ғана емес, сол қатынастарға қатысты субъектiлерiмен де ерекшеленедi. Мемлекеттер - халықаралық жария құқықтың негiзгi субъектiлерi болып табылады. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар мен өз тәуелсiздiгi мен бостандығы үшiн күресушi халықтар да осы топқа жатқызады. Ал халықаралық жеке құқықтың қатысушылары мемлекет қана емес (бiрақ оның қатысуы да жоққа шығарылмайды) алайда, ең басты қатысушылар болып жеке және заңды тұлғалар танылады. Жеке тұлғалар – бұл азаматтар, ал заңды тұлғалар – бұл мемлекеттiк ұйымдар, жеке фирмалар, өндiрiстер, ғылыми зерттеу және басқа да ұйымдар.
Ендiгi жерде халықаралық жеке құқықты халықаралық жария құқықтан ерекшелейтiн үшiншi белгiсiн атап өтуге болады. Халықаралық шарт, халықаралық жария құқықта қатынастарды реттеудiң негiзгi қайнар көзi болып табылады. Халықаралық жеке құқықта да халықаралық шарттардың алатын орны ерекше, бiрақ олардың ережелерi кейбiр мемлекеттердiң заңнамаларында көрініс тапса да, таппаса да бередi, алайда кейбiр мемлекеттерде ол шарт тек мемлекет санкциясын алған уақыттан бастап қолданысқа енгізіледі.
Халықаралық жеке құқықта маңызды орынды (бұл халықаралық жария құқыққа барынша тән қасиет) таза iшкi сипаттағы заңнама, сот және арбитраж тәжiрибесi алады.
Ендi, халықаралық жеке құқықтың мәнiн анықтағаннан кейiн, оны құқықтық тұрғыдан алғандағы түсiнiгiне байланысты пiкiрлердi қарастырған жөн.
Кеңестiк дәуiрде осы ғылымның дамуының алдында тұрған сұрақтардың бiрi халықаралық жеке құқық түсiнiгіне байланысты болып табылған. Жалпы жағдайларда, лениндiк түсiнiк – бiз ешқандай жекелiктi танымаймыз, бiзде бәрi ортақ, сондықтан да, жария құқықтық деген түсiнiк қолданылуы қажет деп саналады. Дегенмен де, осы жеке құқық деген сөздiң өзi тұтастай алғанда осы ғылымның iшкi мәнiн және оның мазмұнын айқындап, өйткенi бұл сонау ерте римдiк дәуiрдегi құқықтарды жеке және жария деп бөлудi ары қарай дамытып отыр. Бұны Ульпиниан қалыптастырған болатын, оның айтуын-ша; “ жария құқық мемлекеттiң жағдайына байланысты”, ал жеке құқық – жеке тұлғалардың құқықтарына байланысты болып табылады. Халықаралық жеке құқықтағы халықаралық деген ұғым қазіргі кезде даусыз мәселе болып табылады. Бiрақ көптеген авторлардың пiкiрi бойынша, халықаралық жеке құқық барынша iшкi құқықпен тығыз байланыстағы құқық саласы ретiнде танылады және ұлттық құқық жүйесiнiң бөлiгi болып табылады. Ал ендi ең соңғы авторлардың қатары, құқық деген сөзге өздерiнiң қарсылығын бiлдiрдi, себебi олардың пiкiрi бойынша халықаралық жеке құқық ол реттеушi функцияны емес, тек қана сiлтемелiк функцияны атқарады және мұндағы басты мәселе коллизиялық ережелер болып табылады.
Сонымен қатар, осы халықаралық жеке құқық деген түсiнiк-ке өзгертулер енгiзуге байланысты жұмыстар одан әрi жалғасты. В.М. Корецкий өзiнiң «Очерки международного частного права» деген кiтабында осы пәнге қатысты деген 50-ден астам пәннiң атауын ұсынады. Олардың қатарына келесi пәндердi жатқызуға болады: 1) халықаралық азаматтық құқық; 2) халық-аралық шаруашылық құқық; 3) жеке құқықтық қатынастардың халықаралық режимi; 4) халықаралық жеке құқық; 5) шетелдiк құқықты қолдану; 6) халықаралық құқық қағидаларына сәйкес түрлi мемлекеттердiң заңдарын қолдану; 7) мемлекеттердiң аумағынан тыс жерлерде құқықты тану; 8) құқықты тану; 9) шетелдiктердiң жалпы жеке құқықтары; 10) бөлектейтiн құқық;
11) жеке құқықтық саласындағы құқық қақтығыстардың теориясы; 12) құқық қақтығысы т. б.
«Халықаралық жеке құқық» термині алғаш рет 1834 жылы американдық Жоғарғы Соттың мүшесі Джозеф Сторидің «Коллизиялық құқыққа түсіндірме» атты еңбегінде көрініс тауып, кейіннен бүкіл Еуропаға таралып кетті. Дегенмен, бұл терминді құраушы барлық элементтер – «халықаралық», «жеке», «құқық» - көптеген мемлекеттерде сынға ұшырап, бірден мақұлдана қойған жоқ.
Халықаралық жеке құқықтың мазмұнына аталған атаулардың қайсысы көбiрек келетiндiгiн бiз төменде көрсетiлген бөлiмдерден бiлетiн боламыз, ал қазiр бiз халықаралық жеке құқық деген сөздi қолданған барынша дұрыс екендiгiн айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |