Қ
Ұ
Қ
Ы
Қ
Құқықтық жүйе Құқықтық жүйе
Жалпы нормативті жүйе
Ғылым және құқық саласы ретінде халықаралық жеке құқықтың жүйесі.
Көптеген ғылыми әдебиеттерде «халықаралық жеке құқық жүйесі» түсінігі екі мағынада түсіндіріледі:
Біріншіден – құқық саласы ретіндегі «халықаралық жеке құқық жүйесі»;
Екіншіден – құқықтану ғылымы ретіндегі «халықаралық жеке құқық жүйесі».
Ең алдымен, халықаралық жеке құқық жүйесін бірегейлендірілген материалдық, азаматтық – құқықтық нормалардан (халықаралық шарттар нормалары) және коллизиялық – құқықтық нормалардан (халықаралық шарттар нормаларымен қатар ұлттық заңнаманың коллизиялық нормалары) тұратын құқық саласы ретінде қарастырады. Осы тұста ұлттық коллизиялық нормалар мен халықаралық коллизиялық нормалардың маңызды айырмашылықтарына тоқталып өткен жөн.
Әрекет ету сферасына байланысты: халықаралық коллизиялық нормалар тек бір ғана мемлекет үшін ғана емес, шарттың барлық қатысушылары үшін заңды күші болғандықтан олар ұлттық коллизиялық нормаларға қарағанда әрекет ету саласы кеңірек болып табылады.
Оларды қолданудың тәртібіне байланысты: халықаралық коллизиялық нормалар халықаралық шарттардың мақсатын ескере отырып қолданылады. Бүгінгі таңда қандай да бір халықаралық шарт жасалған кезде оның халықаралық сипатын ескере отырып қолданылатын норманы таңдауды міндеттейтін нормалар бекітіледі.
Ғылым саласы ретіндегі халықаралық жеке құқықтың жүйесі оның пәнін зерттеумен байланысты мәселелер кешенін қамти отырып, өзгеше анықтамаға ие болады. Сол себепті, халықаралық жеке құқық ғылымы нормативтік құрамымен қатар шетел элементімен күрделенген азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеумен байланысты жария-құқықтық сипаттағы әр түрлі мәселелерді қарастыруды да қамтиды. Мысалы, халықаралық жеке құқық ғылымында халықаралық сипатқа ие азаматтық құқықтық дауларды сотпен қарастырудың процессуалдық ерекшеліктері зерттелінеді: шетелдік талапкерлердің талап-арыздарын қамтамасыз ету шаралары (сот кепілдігін төлеу); шет мемлекеттерде дәлелдемелер жинаудың құқықтық негізі; шетелдік сот тапсырмаларын орындау; шетелдік сот шешімдерін мойындау және т.б.
Ғылым саласы ретіндегі халықаралық жеке құқық жүйесінің тағы да бір ерекшелігі - оның қатарына әр түрлі ғылыми зерттеулер, халықаралық жеке құқық классиктерінің еңбектері, доктриналары және оқу курсы да жатады.
Халықаралық жеке құқықтың оқу курсы үлкен екі бөлімнен тұрады: Жалпы және Ерекше. Жалпы бөлімде, негізінен, халықаралық жеке құқық үшін жалпы маңызы бар сұрақтар, сондай-ақ, Ерекше бөлімнің жекелеген тақырыптарының мазмұнын құрайтын нормалар мен институттардың анализі барысында оның шегінен тыс шығатын мәселелер қарастырылады. Бұл бөлімде халықаралық жеке құқықтың қайнар көздері, ортақ анықтамалар мен қағидалар қатары, ең бастысы, реттеу әдіс-тәсілдері, коллизиялық нормалар, ұлттық режим және ең қолайлы жағдай ұсыну режимі, өзаралылық қағидасы және басқа да халықаралық жеке құқықтың қағидалары көрініс табады. Сонымен қатар, аталмыш бөлімде шетел элементімен күрделенген азаматтық-құқықтық қатынас субъектілерінің, осындай қатынастардың ерекше субъектісі ретіндегі мемлекеттің, шетелдік заңды тұлғалар мен шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы зерттеледі.
Ал Ерекше бөлімге келер болсақ, ол мынадай тараулардан тұрады:
Меншік құқығы;
Міндеттемелік құқық, соның ішінде, тауарды сатып алу-сату шарты, тасымалдау шарты;
Несиелік-есеп айырысу қатынастары;
Құқық бұзушылықтан туындайтын қатынастар;
Авторлық және патенттік құқық;
Отбасылық құқық;
Мұрагерлік құқық;
Еңбек қатынастары;
Халықаралық азаматтық процесс.
Сауда, теңізде жүзу саласындағы мүліктік қатынастарды халықаралық-құқықтық реттеудің дамуы халықаралық жеке құқықтың ерекше бір саласының пайда болуына алып келді.
Халықаралық жеке құқықтың әйгілі классигі Л.А.Лунц өз еңбегінде халықаралық жеке құқық жүйесін үш бөлімге - Жалпы бөлім, Ерекше бөлім және Халықаралық азаматтық іс жүргізу бөліп қарастырған.
Достарыңызбен бөлісу: |