Алпамыс батыр



бет10/11
Дата08.09.2022
өлшемі109.82 Kb.
#460449
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
1638705643 aseleu-sejdimbekov -alpamys-batyr

ЖИДЕЛІБАЙСЫН ЖЕРІНДЕ
Байшұбардың тізгінін тартпастан ен даланы көктей шапқан Алпамыс арада отыз күн өткенде, Жиделібайсын жеріне тұяқ іліктірді. Ел шетіне жеткенін алдымен Байшұбар ат біліп, үстіндегі иесіне белгі берген. Қөлбеп жатқан қоян жонға сыдыртып шыға келсе, арғы жақ бауыздау алқымы жер қайыстырған калың жылқы екен. Шұбар ат өз үйірін бірден танып, арқырай кісінеп қоя берсін. Қалың табын үрпиісе бас көтеріп аз-кем тұрды да, Байшұбарды олар иісінен танып, шұрқырай қоршап алған. Әсіресе жалы жер сызған мама бие Байшұбарды танауынан иіскеп, солқ-солқ оқыранып қоя берген.
Алпамыс сонда ғана мән-жайды түсініп, мына бие Байшұбардың енесі екенін танып, мына жылқы өз малы екенін біліп, көңіл орнықтырған. Сонан соң, ел ішіне бірден кірмейін, түсімнің сыңайы жаман еді, неде болса аңысын аңдайын деп, үстіне қоржынынан алып диуананың киімін киді. Әбден танымастай болып киінген соң, атының басын жылқышылардың қосына бұрып еді.
Қосқа кіріп келсе, төрде киімдері келісті бес бек ұйықтап жатыр. Босаға жақта мосыға шай қайнатып, өңі жүдеу біреу отыр. Жай отырған жоқ, көзінен жас аға мұқалып, сол көз жасы құрғамаған күйі қалғып отыр. Алпамыс бұл қалай деп әлгі от басындағы кісіге назар салса, өзінің әкесімен немере Құлтай деген бабасыңың Тортай деген жалғыз баласы екен. Ал төрде жатқандар — осыдан жеті жыл бұрын жылқы бағатын бес кұл.
Сәлем беріп кірген Алпамысқа Тортай елең етіп бас көтеріп, ығысып орын берді. Бес бек оянған да жоқ.
— Иә, жол болсын, танымадым ба, қалай?—деп Тортай тіл қатты.
— Байсынға кіре тартып бара жатқан жолаушы едім,— деді Алпамыс.— Кіндігімнің қаны тамған жер — осы Жиделібайсын. Елден шыққаныма жеті жыл болды. Ата-ана, туған-туыстың не күйде екенін білмей, елеңдеп келемін. Ел шетінде кезіккен қара болған соң, соға кетейін деген ниет еді. Тіл беріңіз, мына сыңсыған қалың мал қай бектікі?
— Ей, шырағым-ай!—деп Тортай күйіне тіл қатты.— Несін сұрайсың, ежелден бақ қонып, ырыс дарыған Жиделібайсын жерінде қалың Қоңыратты аузына қаратқан Байбөрі байдың жылқысы еді ғой бұл. Осыдан жеті жыл бұрын Тайшық хан елді шауып, тізесі батқан соң Байбөрінің тірек еткен жалғыз ұлы кек қайыруға аттанған. Алпамыс атты ұлы жау соңынан кетісімен, Ұлтан деген құл билеп-төстеп бек болды. Бек болғаны құрысын, халыққа қорлық көрсетіп, ен дәулетті судай шашуда. Ұлтанның қай зорлығын айтып тауысайын, бұл малдың түп төркінін білгің келсе — Алпамыстікі. Шырағым, алысты басқан жолаушысың ғсш, мүмкін, Алпамыстың бір хабарын білерсің?
Осы кезде төрдігі бес бек оянып кетті де, ішіндегі жуан қарын біреуі:
— Ей, қақбас, неғып шатып отырсың? Ел қыдырған диуана не біледі, қайнат шайыңды!—деп Тортайды бүйірден ыңқ еткізіп бір тепті. Сол-ақ екен, ұйқы^|аар жасағысы келгендей басқа бектер де бастарын көтеріп, Тортайды төмпештей бастап еді.
— Жігіттер, араша!—деді осы кезде шыдай алмаған Алпамыс,— бұларың қалай, мені сыйласаңдар, сабыр етіңдер. Болмаса, мен де сіздерге өнер көрсетермін!
Елірген бес бек бұған тоқтамады:«Ой, жаман диуана!»—деп
Алпамыстың өзіне қол көтерсін. Сол-ақ екен, ашуға булыққан Алпамыс қолындағы асасымен бес бекті де бір-бір ұрып сілейтіп салды. Осы сәт Алпамысты қаһарланған қайратынан танып, Тортай құшағын жая ұмтылған. Сол бетінде: «Тәңірім-ау, рас па, өтірік пе!»—деп құшақтай алып, өкіріп қоя берді. Тортай мауқын басқанша жылап, көрісіп болған соң, Алпамыс:
— Ал, аға, елдің жайы қалай?—деп сұрады.
Түйе түлігінің сүйіп жайылатын сор табан өрісін Алпамыс жақсы біледі. Қостан шығысымен ат басын сортаң өріске бұрған. Сол бетінде қарсы алдындағы мұрыншақ төбені айналып келе жатса, қыр астынан зарлаған дауыс естіледі. Арада жеті жыл уақыт өтсе де, әкесінің даусын Алпамыс жазбай таныды. Тани тұрып, қабырғасы қайыса күйзелді. Ет жүрегін кернеген сағыныш дәл бсы сәт асып төгіліп, алқымына кептелгендей болды.
Алпамыс қырдан баспалап қараса, үстіне өрім-өрімі шыққан көне шекпен киген әкесі екі иіні салбырап, түйе қайырып жүр. Түйе қайыра жүріп, сұңқылдай зарлайды. Біресе құдайға жалбарынса, біресе өзіне-өзі мұңын шаққандай болады. Енді бірде шөп басының сынғанын көрсе де, алдынан пыр етіп бөдене ұшса да, ырым етіп, елеңдеп қалады. Бүгін неге екені белгісіз, алдындағы түйелер бытырап, қайыру бермей діңкелеткен. Кәрі сүйегі сықырлап, әбден қалжыраса да, түйелердің байыз таппаған мінезін де өзінше жақсылыққа жорып, зарына қосып жүр еді. Әкесінің бұл күйін көрген Алпамыс шыдай алмай, жақындап келіп:
— Ассалаумағалайкүм, ата!—деп еді. Қапелімде шыққан дауыстан Байбөрінің зәресі ұшып, қолынан таяғы түсіп кетті. Ол бұ жолы да әбден тізесі батқан Ұлтанның аңдытып қойған тыңшысы ма деп абдырап қалған. Байбөрінің есеңгіреп қалған бұл күйін көрген Алпамыс батыр: «Әкеме кім екенімді көңілін орнықтырған соң айтайын, жүрегі жарылып кетер»,— деп ойлаған.
— Ақсақал, ел қыдырған жолаушы едім,— деді Алпамыс,— дауысыңызды естіп бұрылдым. Зарыңызға қосып жүрген балаңыз қайда кетіп еді? Алпамыстың бұл сауалына жауап берудің орнына Байбөрі өзімен-өзі болып, мұны да жақсылыққа жорыған жайы бар.
Тәңірім-ау!—деп еді ол. — Көрер болсаң, көзімнің жасы аз аққан жоқ қой, Ұлтан құл хан болғалы тірі пенде сәлем берген жоқ еді. Жапан түзде мейірімі түскен жан қалмаққа кеткен жалғызым болмаса неғылсын?!
— Жоқ, ата,— деді Алпамыс,— балаңнан хабар білмедім. Зарлаған даусыңыз сай-сүйегімді сырқыратқан соң бұрылып едім. Енді тілімді алсаңыз, бүйтіп жапа шеккенше, біреудің малын бағып, отын жақпай-ақ қойсаңыз деймін.
Сол-ақ екен, Байбөрінің көзінің алды қызарып, иегі дірілдеп, өкіріп қоя берді.
— Тәңірім-ау, рас па, өтірік пе!.. Ата деген даусыңнан айналдым... Бәсе.. бәсе... жөргектегі иісің мұрнымды жарардай бұрқырап ед.. Бұл кезде Алпамыстың да шыдамы таусылып, атынан домалай түскен бетінде әкесіне құшақ жая ұмтылған. Сол бетінде, қушиып шүйкедей болып қалған Байбөріні құшағына қысып тұрып қалды. Бір мезгілде:
— Мүсәпір болған жан ата, қамықпа енді!—деді, толқу үстінде даусы дірілдей шығып.
Байбөрі Алпамысын аймалап, мауқын басып, өзіне-өзі келгенше бие сауым уақыт өтті. Сонан соң ғана түсі емес, өңі -екеніне көзі жетіп, тілге келіп еді.
— Ата, елдің жайы қалай?—деді Алпамыс.
— Е, шырағым, еліңнің басы мына мендей болған соң қалғ^анының несін сұрайсың. Сен сұрап, мен айтқанмен, тілі құрғыр көрген қорлықты айтып жеткізе, санап тауыса алар деймісің. Онан да өзің көзіңмен көр. Мына қырдың астында Құлтай бабаң жүр. Сенің тілеуіңді менен кем тілеген жоқ еді, алдымен сол бабаңа сәлем бер,— деді Байбөрі. Әкесінің ақылын жөн көріп атқа мінген Алпамыс кешікпей-ақ бір отар қойдың шетінде жүрген Құлтай бабасын көрді. Көрісімен тақым қағып айнала жүре беріп еді, қой бастаған қос серке мүйізі қақырайып Алпамысқа жанаса кетсін. Жай жанасқан жоқ, үзеңгісін иіскеп, алды-артын орап, соңынан ілесе берді. Бұлар Алпамыстың өзі барда серке қойған екі лақ болатын. Енді, міне, арада жеті жыл өтсе де, иесін танып, үйіріліп түрған сыңайы еді.
Мұны білген Құлтай жоқ. Қөлденеңді көк аттыға қос серке ілесіп бара жатқан соң, шыр-пыр болған.
— Қарағымның көзіндей болып, артында қалған қос серке-ау!—деп дауыстады Құлтай. — Көлденең көк аттыға ілесетіндей не қара көрінді. Ертең Алпамысым келіп, аманат еткен серкелерім қайда десе, не айтамын... Шөрей, жаным, шөрей!
Осы кезде Алпамыс жақындап келіп:
— Е, ата, аша тұяқ, айыр мүйіз ешкіге бола несін күңіренесің. Мен де бір балаңмын, мына серкелер өздері мойын бүрып тұр ғой, біреуін бере сал,— деді.
— Ойбүй, шырағым-ай, бермеді деп сөге көрме. Алпамыс атты балам осыдан жеті жыл бұрын жауға аттанғанда, аманат етіп кетіп еді. Кебенек кисе де, кебін киіп кеткен жоқ, оралар деген үмітім бар. Айып етпе!—деп, Құлтай қалбалаңдай берді.
— Жеті жыл аз уақыт емес қой, ұмытып қалған жоқсыз ба? Балаңыздың не белгісі бар еді? — деді Алпамыс қасақана.
— Ай, несін айтасың, тұлғасы нар, көкірегі толы ар еді ғой, — деді Құлтай күрсініп, — жауырынында алақандай қалы болатын.
Ел шетіне жанын сағыныш қажап шалдығып жеткен Алпамыс осы сәт шыдай алмай кетті.
— Жан ата, мынандай ма еді! — деп, иығындағы шапанды сілкіп тастады.
Көзі шарадай болған Құлтай Алпамысты бас салып құшақтап, еңіреп қоя берді. Айдалада екеуі ботадай боздап, мауқын басқанша көрісті. Бір мезгілде Құлтай еңсесін түзеп, есін жиып, тіл қатты.
— Балам, — деді ол, — ел шетіне есен-сау келдің ғой, әйтеуір, не болғанын өз көзіңмен көре жатарсың. Алдымен мына қырдың астында қол-аяғы кісендеулі, қозы жайып жүрген Жәдігер балаңды қуантып қайт.
— Ата-ау, Жәдігер балам болса да, танымаймын ғой. Онан да, мына менің атыма мініп, өзіңіз сүйінші сұрап қайтыңыз, — деді Алпамыс. Құлтай сөзге келген жоқ, қауқылдап жүріп шұбар атқа мінді де, жел қайықтай сырғып жүріп кетті.
... Жүйрік аттың жалында жиырма бестегі жігіттің қызуы бар деген сөз рас екен, былай шыққан соң, Құлтайдың делебесі қозсын. Оның үстіне Алпамысты көрген қуанышы көкірегіне сыймай көтеріліп% осы күйінде хан болған Ұлтан құлға қыр көрсетіп қайтқысы келіп еді. Сол ой делебесін қоздырып, Жәдігерге соғуды да ұмытып кетті. Бұл кезде Үлтан құл Гүлбаршынға үйлену тойын қыздырып, түрлі бәсеке-белдесу ойындарына кезек берген.
Байлық не істетпейді, Ұлтан құл Гүлбаршын сұлумен болатын неке қияр тойында көкпарға деп құнан атасын. Небір атан жілік, аптал жігіттер еліріп келіп, олай-бұлай айналдырған болып еді, құнанды орнынан қозғай алмады. Осы көріністің үстіне шұбар атты сыдыртып Құлтай баба келген. Келген бетте көкпар құнанның тірсегін тіліп жіберіп, ердің қасына іліп сүйрей жөнелсін. Жұрт шу етіп, астындағы шұбар аттың тегеурініне қайран болып қала берді. Бұл кезде той қызығына еліріп алғандардың алды Үлтан құлға келіп: «Көкпар тартып, құмарымыз тарқамады ғой, бір мал бер», — деп, мазалай бастаған.
Сонда Ұлтан құл:
— Уа, жарандар, — деген, — мен сендерге адам көрмеген қызық көрсетейін! Ендігі көкпарларың анау жүрген Жәдігер болсын, барыңдар да тартыңдар!
Бұл сөз шынында да жиналған көпшілікке бұрын адам естімеген кереметтей әсер етіп еді. Біреулер: «Қойыңдар, кешегі Алпамыс ердің көзі емес пе еді», — деп, бірден салқын шырай танытты. Енді біреулері: «Ой, тамаша!» — десіп даурығып, Жәдігерге қарай тапырақтай жөнеліскен.
— Шет жағасын жаңа айттым ғой,— деді Тортай көзінің жасын сүртіп,— Ұлтан құл бек болған соң, менің тілеуімді тілемей, Алпамыстың тілеуін тілейсің деп, әкеңді түйе бағуға салып қойған. Атаң Құлтай қой жаяды. Өзіңнен қалған жеті айлық балаң Жәдігер жалаң аяқ, жалаң бас, қол-аяғы кісендеулі, қозы соңында жүр. Өзгесін не қылайын, әсіресе өзіңнің Гүлбаршын жарыңды Ұлтан құл аламын деп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, бүгін кешке некесін қидырып қосылмақшы болып қиғылық салып жатыр. Енді өзіңнің келгенің жақсы болды. Тілімді алсаң, тезірек қимылда.
Алпамыс батыр бұл жайды естігенде, сабыр тауып отыра алмады. Дереу орнынан тұрды. Қостан шығарында:
— Ал, Тортай, тәрізі өз ішімізден шыққан қара шұбар жыланды індетпей болмас. Сондықтан әзірше менің келгенімді жан баласы білмесін,— деді. Тортай болса, бір күліп, бір жылап: «Тәңірім-ау, бұл күнге жеткізгенің рас па, өтірік пе»,— деп қала берді.
Бұл сұмдық жеті жасар Жәдігердің жанын түршіктіріп еді.
— Ағатайлар-ай, көкелерім-ай, не жазығым бар еді... Жан сауға!—деп шырылдаған Жәдігер әркімге бір тығылып, араша сұраумен болды. Бірақ Ұлтан құлдың сойылын соққан, Алпамыстың қадірін білмес өңшең әңгүдік жігіттер Жәдігердің сөзіне құлақ аспады. Сонда ешкімнің жаны ашымасына көзі жеткен Жәдігер қанына қарайып, көкпаршыларды қарғай бастап еді.
— Ой, өңшең қанқұмар қарақшылар! Менің көрген азабымды бастарыңа берсін... Ешкі жасынан аспай жер жастаныңдар... Ағайын-туған, дос-жарандарың сырт беріп, бастарыңнан қасірет тұманы арылмасын! Әлі-ақ Алпамыс әкем келер-ау, «жалғызым қайда!» деп сұрар-ау, сазайларыңды сонда тартасыңдар... Ал тартыңдар, өңшең қорқаулар!..
Осы сәт Жәдігердің шырылдаған даусын сырт жақтан өктем шыққан үн бөліп жіберді. Бұл Алпамыстың көзін көрген, қадірін білетіндер еді. Жаңағы: «Ой, тамаша!»—деп еліре шапқандардың соңынан ілесіп жеткендері осы екен. Келісімен жалақтап тұрған есерсоқ жігіттерді жасқап, ұрысып, Жәдігердің жанынан қуып жіберді. Жәдігер болса, осынша қорлық көргеніне налып, оның үстіне қол-аяғын кажаған кісенді ауырсынып, құмыға жылап отырып қалды.
Бір мезгілде астында шұбар ат, тақымында көкпар құнан, дырылдата сүйретіп Құлтай баба келе жатыр. Екі езуі құлағында, бүгілгенбелі жазылып, түлеп шыға келген. Мүны көрген Жәдігер көзінің жасын да сүртпестен, аңырып отырып қалды.
— Шырағым Жәдігер, сүйінші!—деп қуана дабдырлады Құлтай,— сүйінші... Мына көкпарды, абырой серік болып, мен алып кеттім... Өзіңе арнайы әкеліп салғаным ғой...
Құлтай осы сөзді айтып, құнанды сылқ еткізіп тастады да, жүріп кетті. Кәукілдеп, қуаныштан есі шығып жүріп, Алпамыстың келгенін айтуды да ұмытып кетті. Жәдігер болса, бабасының бұл қылығына одан сайын таңырқап, қайран қалды. «Жаман қүл келінін алғалы жатқанда, бабамның мұнша әулекіленгені несі,— деп ойға қалды Жәдігер.— Астындағы аты Ұлтан құлдың итке сүйек тастағандай етіп алдарқатқан сыйы болар... Ал мына көкпарды қайтемін... Көкпар шабар күнім болса, өстіп жүрер ме едім... Қой, басқаға өкпем болса да, бабамның ықыласын елеусіз қалдырмайын, мұны Қарлығаш апама апарып берейін, тым болмаса сорпа-су етіп, жігіттерге асып берсін». Осындай ойға келген Жәдігер орнынан тұрып, құнанды тірсегінен ұстаған күйі ауылға сүйрей жөнелді. Қол-аяғы кесіндеулі болса да, есік пен төрдей кұнанды ауырсынар емес. Тері сүйреткендей ғана болып кетіп барады. Бұл жайды сыртта жүрген Ұлтан құл көріп қалған. Құтырған құл көріп қана қоя ма, бір жағы Жәдігердің мына күшіне таңырқай қараса, екінші жағы сол жойқын күштен секем алып, жүрегі мұздап қоя берді. «Ә, бөрінің баласы бөрілігін жасамай қоймайды екен,—деп ойлады,— мына күшімен бір күні жазым етіп жүрер... Оның үстіне шешесін алғанымды қызғаныш көрмес деймісің... Дереу көзін құртпаса, болмас!» Ұлтан құл осы ниетпен Қарлығашқа келді де, өктем тіл қатты.
— Әй, Қарлығаш,— деді жұдырығымен нұқып жіберіп,— сен жылдам Жәдігерді алып маған кел. Бөрінің бөлтірігінің көзін жоймай, жаным жай табар емес. Бұл сөзді естігенде, Қарлығаш еңіреп қоя берді.
— Тәңірім-ау, енді көрсетпегенің осы ма еді!—деп зарлады Қарлығаш.— Егіз қозыдай тел өскен Алпамыс ағамның жалғыз көзін өлімге қиып қалайша жер басып жүрермін!
— Тоқтат!— деп ашу шақырған Ұлтан құл Қарлығашты бір ұрып мұрттай ұшырды.
Осы кезде көкпардың құнанын сүйретіп Жәдігер де келе қалмасы бар ма. Ақылынан ашуы бұрын жүретін Ұлтан құл Жәдігерді де бір салып қалды. Сол-ақ екен, әбден күйініп келе жатқан Жәдігер Ұлтанды сарт еткізіп жағадан алып сығымдай жөнелді. Мұны көрген Қарлығаш шыр-пыр болып арашаға жүгірді. Жәдігердің тегеуріні Ұлтанның шымбайына батыңқырап кетсе керек, арашаға тез көніп, жылыстай жөнелді.
— Қарағым, Жәдігер-ау!—деді осы кезде Қарлығаш,— көкпардың етін бозбалаға асып беріп, сауық-сайран құратын күн бе еді? Бұл неғылзан еркелігің, шырағым!
— Апажан, жылама,— деп, Жәдігер үлкен адамдай сабырмен тіл қатты,— қайбір еркелік дейсің, уайымның уын жұтып қажып жүрген соң, кішкене көңілдерің бөлінсін деп едім...
Мұны естігенде, Қарлығаштың көңілі босап, онан сайын ағыл-тегіл жылап еді. Осы кезде бұлардың даусын естіп, Қарлығаштың анасы, Жәдігердің әжесі — Аңалық бәйбіше де келген. Бір-біріне сүйеніп, зар еңіреген қос құлыны Аналық бәйбішенің де көңілін босатып, әжімді жүзін жаспен жуды. Үш мұңдыққа жылау таңсық емес, әрі-бері шер тарқата егілі-еңіреп алды да, басқа түскен тірліктерін күйттеуге тарасты. Аналық бәйбіше шөмшек теруге кетті. Қарлығаш үйіне қайтты. Жәдігер болса, кісенін сылдыратып қозы соңынан ілесті. Бұл кезде Құлтайдың есі шығып жүріп ешкімге хабар бермегенін естіген Алпамыс Байшұбарына мініп, сабыр-тағаты қалмай Жәдігерді көрмекке келе жатқан. Келе жатса, бір қырдың астында бытырай жайылған қозыларға ие бола алмай Жәдігер жүр.
Бейтаныс жолаушыны көріп, алдымен Жәдігер тіл қатады.
— Ей, диуана, жол болсын,— дейді ол,—іздегенің сауап болса, мына қозыларымды бір қайырып бере кет. Аяғымда кісен, басымда қайғы-зарым бар, егер уақытың болса, бір бал ашып бер.
Артында қалған жалғыз тұяғы дәл осындай күйде болар деп Алпамыс еш ойламаған. Қазір де мына баланы Жәдігер болар деп қаперіне де ілмеп еді. Бірақ іштей: «Менің де жалғыз құлыным осындай болып жүрген шығар»,—деп ойлап, атының басын бұра берген. Осы кезде Жәдігер тесіле қарап, тағы да тіл қатты.
— О, тәңірім!—деді ол таңдана тұрып,— ел ақтаған диуана ма десем, атың жарау, қабағың қатулы, ел үшін туған ер секілді ғой тұрпатың... Құдай көз жасымды иіп, әкем болмасаң неғылсын! Түр-түсіңді көрмесем де, көргендерден сұрап біліп, елесіңе жұбанып жүруші едім. Сол елесім шын болғандай, әкежаным сен болмасаң неғылсын!..
Алпамыстың дәті қанша берік болса да, мына сөзді естігенде шыдап тұра алмады.
— Жәдігерім, жалғызыміт- деп, аттан сыпырыла түскен бетінде баласын құшағына қысты. Туғалы жетімдіктің қасіретін белшеден кешіп келе жатқан Жәдігерге қорған таудай әкесінің бар екенін дәл осы сәт білгізіп, төбесін көкке жеткізгендей болды. Көрген қорлық, тартқан азабын көрген түстей сейілтіп жіберді.
Алпамыс сол жерде-ақ Жәдігердің қол-аяғындағы кісенді бұрап ағытып, лақтырып жіберді. Сонан соң:
— Ал, балам, Жәдігер,— деді,— ел шетіне аман-есен жеттім ғой, енді қапа болма. Сен әзірше осылай жүре тұр, мен есірік Ұлтан құлдың жайын таптырып қайтайын.
Жәдігердің уыз беті албырап қан жүгіріп, жүзінде шаттық нұры ойнап қала берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет