ҚАҺАРЛЫ ҚАРАМАН
Қалмақтың қалың қосынан оңаша, биік дөңес үстінде ерекше салтанатпен тігілген ақ шаңқан шатыр тұр. Төрт иығы алтындаған бақанмен керіліпті. Оның өзі күнге шағылып, көрер көзді қарықтырып, қараған жанның мысын басқандай. Әр бақанның арасы күлтелене төгілген жібек шашақпен жалғасқан. Іргеден сорая шыққан үш сүңгілі қара найза қақырайып, қан тілеп тұрғандай ерекше сұсты көрінеді.
Шатырдың сыртқы босағасында қайқы қылыштарын жалаң ұстап қос жауынгер тұр. Шілденің шыжыған ыстығында қазір айқасқа түсетіндей сауыт-сайман құрсанып, бес қаруын асынып алған. Содан да болар, пысынап, кертпеш танаудың үстінен шып-шып шыққан тер моншақтары білінеді. Бірақ оны елеп тұрған бұлар жоқ, тас мүсін сияқты кірпік қақпастан қатып қалған. Осы көріністің өзі-ақ шатыр иесінің ерекше қатыгез зәрлі екенін әйгілегендей.
Бұл оңаша тігілген шатыр иесі — қалмақтың ханы әрі қолбасшысы Қараман батыр болатын. Кеше кешкісін бір бағыланның етін жалғыз өзі жеп, жастыққа бас қойған. Содан, міне, сәске түс болды, әлі ұйықтап жатыр. Батырдың тыныштығын күзеткен сырттағы жалаң қылыш ұстаған қсұ: жауынгер ғана емес, алыстан орап, бейсауат жүргіншіні жасқап, бәйек болып жүрген жауынгерлер де бар. Күзеті осындай берік болған соң, шатыр маңайы құлаққа ұрған танадай шырт тыныштыққа шомған. Кенет осынау тыныштықты тапырақтай дүрсілдеткен ат дүбірі мен әлдекімнің «Аттандаған» жарықшақ даусы бұзып жіберді. Сырттағы қос жауынгер елең етіп ес жиғанша болған жоқ, тасырлата шапқан жалғыз аттылы хан шатырын бетке алып келіп қалды.
— Аттан! Аттан! Жау! Жау!
Жалғыз аттылы даусы сенбестен сұңқылдап келіп, атынан домалай түсті. Бір аяғын ауырсынып сүйрете басады. Қара санға бойлай кірген найзаның орны ырсиып, шұбырған қан жолақ боп соңында қалып жатыр. Әбден үрейі ұшып, титықтап жеткен жаралы жауынгер қос күзетшіні серпіп тастап, ішке енді. Босағадан аттай бере:
— Хан ием, жау... жау шапты!—деді ентіге тұрып.
Бұл кезде Қараман батыр да басын көтеріп, жібек шапанды желбегей жамылған қалпы төрде отырған. Сол сәт қабағын түйіп, қабыландай гүр ете қалды:
— Маған жау таңсық емес, өзім де жау ішінде отырмын. Аптықпай, айтарыңды жөндеп айт!
— Бүгін таңда шұбар атты бір бала келіп, қалың қолыңа бүйідей тиді. Атсақ — оқ, шапсақ — қылыш өтпейтін бір керемет! Әуселесін көрген соң, өзіңе хабар бермек болып талпынып едік, қойдай иіріп, қоғадай жапырып, шашау шығармай қырумен болды. Содан есебін тауып, сытылып шыққаным осы. Өзі көктен түсті ме, жерден шықты ма, жан білмейді. Ақберен қылышын сілтесе, құр кетпейді, небір атан жілік батырларың опат болды.
Талай дұшпанмен бетпе-бет келіп едім, дәл мынадай алапаты артық біткен жауды көргенім жоқ. Сөзіме нансаң, тезірек орныңнан тұр. Қалың қолың қырылып, масқара болмай тұрғанда, алдынан шығып, арынын бас. . Мына сөзді естіп Қараман қарқ-қарқ күлді.
— Бұл күшімнің пайдасын қашан көремін деп қапа болушы едім, сен жақсы хабар әкелдің-ау!—деді. Сонан соң, күректей алақанын сарт-сарт соғып, тыстағы күзетшіні шақырып алды да, қара тұлпар мен қару-жарағын әзірлеуді бұйырды.
Бұл екі арада Қараманның оянғанын біліп, шатырдың төңірегінде қара-құра молайып, асшы-қосшы жігіттер зыр жүгіріскен. Батыр қамданып жатыр деген соң, арнайы сойылған тайлы бие, тоғыз қойдың жылы жұмсағы айтқызбай-ақ шатырға келтірілді. Дәмді тағам келгенде, дүниенің бәрін ұмытқандай Қараман буы бұрқыраған жас етке сұғына кірісіп еді. Кешікпей-ақ шатыр алдына көлденеңдетіп қара тұлпар тартылды. Жау-жарағын асынып^ төбедей болып теңселе басқан Қараман атқа мінді. Қараманның айбатпен атқа қонғанын жансыз жіберіп, Гүлбаршын сұлу да біліп отыр еді. Сол сәт ол да асып-сасып, жанын шүберекке түйіп, Алпамысқа хабарлауға асыққан. Өзінен басқа ешкімге сенбей, құстай ұшып, шолпысы сылдырап келе жатқан.
Бұл кезде қалың қалмақты қынадай қырған Алпамыс атынық белін босатып, маңдайының терін сүртіп тұр еді. Өзімен-өзі болып, жауға шапқан алғашқы қадамына іштей толғанып тұрып, Гүлбаршынның қасына келгенін бірден байқамай қалды.
Гүлбаршын болса, жолы жіңішке қыз ғой, Алпамыстың мойын бұрып қдрамағанын өзінше жорып, көңілі құлазып, көзіне жас іркіліп еді. Бірақ жөн-жоралғы сақтап, сызылып тұрар уақыт па, Гүлбаршын тақалып кеІІіп тіл қатты:
— Армысың, Алпамыс!
Мойын бұрып, көз салған Алпамыс демде жадырап, уыз өңінен қаһарлы қаталдық қас қағымда сейіліп, күле жауап берді:
— Бар бол, Гүлбаршын! Есен-сау жолыққанымызға шүкірлік!
— Айналайын, Алпамыс!—деді, Гүлбаршын даусы дірілдеп, көзінің жасын ірке тұрып.— Талабың құтты болсын! Іздеп-жоқтаушым өзің болып, зарығып жүргенде төбеңді көрдім, Тәңіріме мың да бір шүкірлік.
Тілегіміз қабыл болса, айтылар сыр алдымызда ғой... Мен сені бір қатерден сақтандырғалы келіп тұрмын. Жаңа Қараман батыр атқа мінді. Жауар бұлттай түнерген түрі жаман, тіс қаққан жырынды жау ғой, тілімді алсаң, сонымен тіреспей-ақ қойсаң деймін. Есебін тауып, қашып кетсең, келер күннің амалын тағы көре жатармыз.
— Сабыр ет, Гүлбаршын!—деді Алпамыс. — Сабыр ет! Жазмыштан озмыш жоқ. Ақ бата қосқан өзіңдей қосағымды қалмаққа қор қылып, жер басып жүрмей-ақ қояйын. Жалғыздың жары құдай деген, Қараман да мен сияқты басы жұмыр пенде шығар. Тағдырдың бұйрығын тәуекелге салып көрейін... Ал сен уайым етіп жүдемей, тезірек үйге қайт.
Гүлбаршын зерделі қыз ғой, мұнан әрі тәжікелесіп, сөзге келмеді. Шолпысы шылдыр етіп болмашы иілді де, кері бұрылып жүріп кетті.
Бұл кезде Қараман аш бөрідей жалақтап, төңірегіне тінте көз салып, қара тұлпарымен сыдыртып келе жатқан. Кешікпей-ақ, жолында төбе боп үйіліп, қоңырси жанып "жатқан сансыз өліктің үстінен шықты. Қырғын тапқан қандастарының мына көрінісі Қараманның намысына шоқ болып түсіп, ширығып шыға келді.
— Қайда?! Жау қайда?!—деп арыстандай ақырды. Қараманның қаһарлы үні төңірегіндегі тау-тасты тітіретіп, жанына ерген жауынгерлерін қалтыратып жіберді.
Өздері қара көрсетуге бата алмай, Алпамысты алыстан торып жүрген жауынгерлер жампаң қағып, Қараманды бастай жөнелді. Жел қайықтай сырғыған қара тұлпар арқасындағы иесін төбедей теңселтіп, әне-міне дегенше Алпамыстың тұсына алып келді. Алпамыс мынадай алып тұлғалы жауынгерді тумысында көрмеген. Жас жрегі алабұртып, іштей толқу үстінде жаратушы жалғызға сыйынды. «Тіленіп шыққан өзім ғой, тентіреп қашсам, өлгенім болар... Жар бола гөр, жалғыз хақ, өлсем де қарсы тұрайын!» Бұл екі арада үңіле төніп келген Қараман сөзге.де келместен бұж-бұж шойын күрзісімен Алпамысты соғып өтті. Қапысыз сілтенген қара күрзі Алпамыстың дәл басынан тиіп, дүние шыр көбелек үйірілгендей болды. Көзінен ыршып кеткен жасы Байшұбардың жалын сулады. Соққының қуаты соншалық, егер Қойқаптың қия шыңына тисе, тау-тасының быт-шыты шығып, жермен-жексен болғандай еді. Әйтеуір, жаратылысы бөлек Алпамыс болғандығымен ғана шыдап қалды. Дереу тізгін тежеп, екінші рет қайрылған Қараман тағы да құлаш керіп ұмтыла бергенде, Байшұбар ат ышқына қарғып, құла дүзге ала қашты. Сол қашқаннан мол қашты. Қазіргі сәтте ауыздықпен алысқан Алпамысты да елең қылмай, қамыс құлағын жымита жүйткіді. Бұл кезде Қараман да қарап тұрмай, қара тұлпарға қамшы басып, өкшелей қуған. Осы кезге дейін тізгінін босатса болды, қара тұлпардың алдына төрт аяқты шығып көрмеген. Сонан соң да Қараман: «Қазір-ақ қуып жетермін, қара құстай бүрермін»,— деп ойлап еді. Бірақ олай болатын ыңғайы көрінбеді. Байшұбар ат мазақ қылғандай — не қара үзіп кетпей, не жеткізбей, көз алдында көлбеңдеп — жынына тиді.
Қараман болса, ашуға булығып, қамшы үстіне қамшы ұрды. Жан-жағына көз салса, бел-белестер қаңбақтай дөңгелеп қалып жатыр. Қара тұлпардың шабысында мін жоқ сияқты. Бірақ қарсы алдындағы Байшұбар жеткізер емес. «Жамандатқыр ит Қара ат, жаңағы жеген тайлы бие, тоғыз қойдың етін ауырсынып келе жатқаннан сау ма!»—деп ойлады Қараман. Ойлады да, қалбаң еткізіп қалқанын бір жерге тастады, шолтаң еткізіп шоқпарын бір жерге тастады.
Осы сәт қос құлағын жымитып артын бағып келе жатқан Байшұбар демде адымын қысқартып, қара*тұлпарды өзіне тас лақтырымдай жуықтатып еді. Байшұбардың ыңғайын Алпамыс та жазбай танып, есті жануардың ақыл-айласына тәнті болған.
Қараман болса, қорбаңдап, қара аттың төніп келгенін қос қаруын тастағаннан деп біліп, енді қалған қаруын лақтырып, үстіндегі сауытын шеше бастаған. Үш сүңгілі қара найза шаншылып бір жерде қалды, алмас қылыштың алқымы жарқ етіп бір жерде қалды. Бара-бара тоғыз қабат темір сауытын да лақтырып, енді мүлдем жалаң төсі жарқырап қалып еді. Мұны көрген Алпамыс та көңіл орнықтырып, Байшұбардың басын тежей түскен. Сол кезде аңғал-саңғал боп, үңірейе төніп келген Қараман құр қолын көкке білеп, ызадан жарылып кете жаздады. Алпамыс болса, түлкідей жалтарып, қаршығадай қайырылып соғып, ителгідей сүзіле түйіп өтеді. Мұндайда Қараманның қарақұстай қалбаңдап, құр қолын ербеңдеткеннен басқа шарасы жоқ. Онысына күйіп-пісіп тістеніп жүргенде, ашыққан қасқырдай жағы қарысып қалсын. Оған бұл да бір сор болды. Енді Алпамыстың жалтақтайтын реті жоқ. Байшұбарын қиялай бұрып, қарсы төніп келді де, Қараманның ербең еткен бір қолын шауып түсіріп кетті. Екінші қайырылғанда, келесі қолы шабылды. Мұнан әрі тіптен жанаса түсіп, кескен теректей болған Қараманды жағадан алып, сілкіп-сілкіп жіберіп еді, бағанағы сұғына жеген жылы-жұмсағы кесек-кесек боп атқып кетті. Іле аузы-мұрнынан дірдектеп қара қан ақтарылды. Осылайша шипасы біткен Қараманды көкпардай сүйретіп, Алпамыс кете барсын.
Бұл кезде қос батырдың қайсысы жеңер екен, Гүлбаршын оұлу қайсысына бұйырар екен деп, әр төбенің басында қазақ пен қалмақ анталасып тұр еді. Әлден уақытта көз ұшынан бұлдырап жалғыз ноқат көрінді. Соңынан шүйкедей созылған шаң білінеді. Жалғыз ноқат тақала келе, бурыл тартып, Байшұбар екені көзге оттай басылды.
Әні-міне дегенше аузынан көбігі былшылдап, қолтықтан тері тамшылап, құйындатып өте шыққанда, көкпар әкеліп салғандай шаңын бұрқ еткізіп Қараманды тастап кетті. Ойнақтап өткен Байшұбардың үстінде мейманасы асып Алпамыс бара жатты.
Күні кеше қалың жұртты қан қақсатып, қырғидай тиген Қараманның мына күйін көргенде, төбе басында тұрған тамам әйел лап қойсын. «Қөзіміздің жасын көп төгіп едің, қу қара, тарт енді сазайыңды!»—деп, түйіле ұмтылған қатын-қалаш Қараманды әп-сәтте жүндей түтті. Ел-жұртының қайғы-қасіретіне көп куә болған күміс сақал қария төбе басында отырған күйі: «Зорлық түбі — қорлық!»—деп күбір етті.
— Сүйінші, Сүйінші!
— Күйеу келеді! Күйеу келеді!
— Гүлбаршын сұлудың қүдай көз жағын иді-ау!
Біреуі — басшы, біреуі — қосшы боп, Алпамысты қоршаған қалың жұрт у-шу, дабыр-дұбыр болған күйде Сарыбайдың ақ ордасына тақалып келе жатты. Тұс-тұстан жақсылықтың хабаршысындай болып керней үні естіледі. Аяғы жеңілдер оза жүгіріп, сүйінші сұрауға асыққан. Алпамыс болса, уыз өңіне болмашы қан жүгіріп, қазіргі қолпаш-құрметтен қымсынғандай.
Жақсылық хабар жата ма, бұл кезде Сарыбай да құлақтанып; «Алпамыстың алдынан алтынмен зерленген кілемді алып шығыңдар, аяғын жерге тигізбей, аттан түсіріп алыңдар!»—деп, оң шырай танытқан. Мұнысы, бір жағы — өзінің ауа көшкен айыбын жуғаны болса, екінші жағы — Алпамыстың артық жаралған ерлігіне көңілі толған шын пейілі еді.
Сарыбайдың бұл қылығы «қайтер екен!» деп толқыған ел-жұртын қуанышқа бөлеп, мәре-сәре етті. Қылымси басып, үлкендердің қас-қабағын баққан қыздар жағы шашылған гүлдей жамырап, Гүлбаршынды алып келуге асықты. Қатындардың бір тобы қонақ үйді құлпыртып, қазан-ошақ көтерді. Көпшілік қаумалап жүріп, Алпамысты хан көтеріп, кілем үстіне түсірді.
Күйеу де болса бөлек құрмет көрсетіп, сыртқа шыққан Сарыбай осы кезде тіл қатты.
— Қадамың қайырлы , құтты болсын, балам!
Қысқа қайырым тіл қатса да, Сарыбай ерекше толқып, аталық мейірім таныта сөйлеп еді.
Бұл кезде үкідей ұшып, қуаныш лебіне шарпылғандай, ақша беті алаулап Гүлбаршын да жеткен. Бірақ ата-ана, ағайын-туған алдында ибалық сақтап, іштей Алпамыстың жолына жанын құрбан етіп тұрса да, көз көргенді қанағат етіп еді. Амандық-саулық сұралып, жөн-жоралғы жасалған соң, Алпамыс қонақ үйге кірді. Айтканша, қуаныш дастарқаны жайылып, алтын табақтар қолдан-қолға жүгіріп, шекер менен бал келді, қазы-қарта, жал келді! Гүлбаршын сұлу бұрала басып барып Алпамыстың оң жағынан отырды. Жай отырмай, нұрлы жүзін бұрып, аппа.қ тісін көрсете жымиып, ықылас пейілмен қызмет көрсете бастады. Алпамыс пен Гүлбаршынның жарастықты жайлары жиналған қыз-бозбаланың көңілін судай тасытып, әзіл-оспақ, ойын-күлкі, ән-күй шаңырақтан шалқи көтеріліп жатты.
Ойын-сауық түннің бір уақытына дейін созылды. Үркер жамбасқа ауып, Шолпан жұлдызының хабаршысындай болып Есек қырған шақырая көтерілгенде, ел аяғын сиретті. Неше күндей жол жүріп, неше мың жаумен шайқасып, қиындықты көп көрген Алпамыстың тынығуына мұрсат берді.
Қыз-бозбаланың сыңғыр күлкісі сейіліп, үй оңаша қалған соң Гүлбаршын мен Алпамыс бір-бірімен сағынышпен табысып еді... Сонымен Алпамыс батыр Шекті елінде жата берді. Жай жатқан жоқ, Сарыбайдың алдынан өтіп, ақ батасын алып, Гүлбаршын сұлуға қосылды.
Отыз күн ойыны, қырық күн тойы болған соң, атына қайта мініп, атасы Сарыбайды сол елге хан сайлады. Бұл екі арада үш-төрт айдың жүзі болған. Ойға алғаны орындалып, көңілі жай тапқан соң, енді Алпамыс еліне қайтуды жөн көрді.
Батырдың бұл ниетіне Сарыбай да қарсы болған жоқ. Ел-жұртын жинап, игі жақсыларымен ақыл-кеңес құрып, қырық нарға зер артып, алтындағанотау көтеріп, қызы мен күйеуін шығарып салды.Сарыбайдың бұл жасаған сән-салтанаты көрген жанның көзін қуантып, көңілін өл-өлгенше әлдилеп өткен еді.
Достарыңызбен бөлісу: |