3 ХХІ ҒАСЫР ПРОЗАСЫНДАҒЫ ҚАЛА МОДЕЛЬДЕРІ
3.1 Қазіргі қазақ прозасындағы қалалардың көркем моделі
Қазіргі қазақ прозасында қала тақырыбы өрісін кеңге жайып, даму үстінде. Дүкенбай Досжан, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Дидар Амантай сынды жазушылардың шығармаларында қала адамдарының бейнесі жан-жақты ашылып, қаладағы тыныс-тіршілік, дүниетаным айқын суреттелген. Жоғарыда аталған жазушылардың шығармаларында қала модельдері «қала – іс-әрекеттер орын алатын кеңістік», «қала – астана», «қала – жаңа мемлекеттің символы» ретінде көрініп, гуманистік сипатқа да, енді бірде «қала – жоқшылық», «қала – қатігездік», «қала – оқшаулану» модельдерінде көрініп, теріс сипатқа да ие болып отыр.
Біз өз зерттеуімізде жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» (1990) повесіндегі, Талаптан Ахметханның «Төрт кәнден» (2001) әңгімесіндегі, Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара» (2003) және Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» (2005) романдарындағы қала модельдерін қарастыратын боламыз.
Жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесінде қаладағы тіршілік иттердің көзімен беріледі. Әлем әдебиетінде қоғамдық өмірді үй жануарларының көзімен бейнелейтін шығармалар жетерлік. Мәселен, Э.Т.А. Гофманның «Мурр мысықтың тұрмыстық көзқарастары» («Житейские воззрения кота Мурра») (1819, 1821) романын, М.А. Булгаковтың «Ит жүрегі» («Собачье сердце») (1925) повесін, Г. Троепольскийдің «Ақ Бим Қара құлақ» («Белый Бим Чёрное ухо») (1972) повесін атауымызға болады.
Шығармада «Ала төбет», «Тік құлақ», «Сары тазы», «Торшолақ», «Ақ қанден» деп аталатын иттердің өмірі туралы баяндалады. Тағдырдың тәлкегімен үй жануарлары қаңғыбас иттерге айналып, аштықтың, адамдар тарапынан орын алатын қорлық пен сатқындықтың куәгері болады. Иттердің басынан өткен қиындықтарды сипаттай отырып, жазушы адамдардың рухани кереңдігі, қатыгездігі, басқаға деген жанашырлығының жоқтығы сияқты мәселелерді көтереді. Егер адамдардың немқұрайлығы болмаса, иттер өз иелерімен бақытты болар еді деген ойды алға тартады. Шығармадағы иттер адамдарда жоқ адалдық, «адамгершілік» сияқты моральдық қасиеттерге ие.
Иттердің бойындағы «адамгершілік» қасиеттер адамдарға қарағанда көбірек көрінеді. Иттердің бойындағы «адамгершілік» қасиеттер адамдардың тек иттерге ғана емес, сонымен бірге басқа адамдарға да немқұрайлылық, қатыгездік, дөрекілік сияқты қасиеттерді танытуымен салыстырылады.
Жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесінен тарихи-әлеуметтік реминисценцияның барын анықтадық. «Әдебиеттануға кіріспе» еңбегінде реминисценция терминіне төмендегідей анықтама берілген: «Реминисценция – (көне лат. reminiscentia – еске түсіру) – еске түсіру, жаңғырту. Поэтикалық шығармадағы басқа шығарманы еске түсіретін белгілер; әдетте – автордың басқа біреудің образын, мотивін, стилистикалық құрылысын, интонациялық ырғақты қозғалысын бейсаналы түрде алуының нәтижесі. Қазіргі өнерде оқырманның (тыңдаушының) есте сақтауына және ассоциативті қабылдауына арналған саналы қабылдау ретінде кездеседі» [82]. Ал, тарихи реминисценция тарихи оқиғаларды еске түсіруімен ерекшеленеді.
ХХ ғасырдың аяғында қазақ қоғамында орын алған ірі саяси үрдістер біз зерттеу нысанына алған «Қаладағы құтпандар» повесінде нақты айтылмай, реминисценция әдісі (еске түсіру) арқылы берілген. Мәселен, иттердің қардың астынан қыз бен жігіттің өлі денесін табатынын бейнелейтін сюжет 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске түсіреді. Себебі, осы оқиғаға дейін автор иттердің жатақхана маңына қалай келгендігін («Іңір қараңғысымен ілесе келгендей төрт ит жастар мекен еткен, ығы-жығы салынған жатақханалардың жанына жақындаған» [83]) және екі жастың бейбіт өміріне куә болғандығын («... жас қайыңдар түбін жанамалай өткен соқпақ бойында екі адам қайыңға сүйене құшақтасып тұр. Қыз бен жігіт... Оларға аяз да, ақ нұрлы ай сәулесі де әсер етпейтін секілді» [83, б. 32]) сипаттайды. Повесте іс-әрекеттер болып жатқан қаланың атауы нақты айтылмаса да, оқырман оқиғалардың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алған Алматы қаласында өтіп жатқандығын бірден түсінеді: «Қала сыртындағы, тау бауырындағы тоғай арасы жаймашуақ.…» [83, б. 13]. Сонымен бірге, мұрағаттық құжаттардан Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды тарату үшін қызметтік иттердің қолданылғандығын және Желтоқсан қатысушыларының көбін қала сыртындағы орманға апарғандығын білеміз.
Повестегі тарихи реминисценциялардың едәуір бөлігінің өмірбаяндық сипатқа байланысты енгендігін де байқауға болады.
«Қаладағы құтпандар» повесінің өмірбаяндық реминисценциялары шынайы өмірде болған тарихи оқиғаға негізделген. Жазушы Асқар Алтай өз өмірбаянында Желтоқсан оқиғасына қатысқандығын және жертөледе жасырынып қана тірі қалғанын айтады. Повесте де иттердің «ұра-подвалға» келетін сәтін суреттейтін эпизод бар: «Түссіз түнек... ұра-подвал жып-жылы екен. Ішінен өткен жылу құбырлары жылытып-ақ тұр. Мұндай жылы жерге тап болған иттер аш та болса көңілдері тоғайып қалғандай» [83, б. 26]. Осылайша, шығармадағы тарихи реминисценциялар ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қоғамдық өмірдің кең панорамасын жасайды.
Повесте қайта құру кезеңінде орын алған әлеуметтік мәселелер де қарастырылады:
1. Ерлі-зайыптылар арасындағы адалдықтың болмауы. Шығармада ала күшіктің бұрынғы иесінің үйленген бола тұра, аптасына екі, кейде бір рет үлкен қалаға келіп, жас қызбен кездесетіндігі баяндалады: «Иесі орта жасқа кеп қалған адам. Өңі суық. Өте таза, мінсіз киініп жүреді. Машина тоқтағаннан сәл уақыт өтпей-ақ әлі уыздай бойжеткен есікті ашып, алдыңғы орындыққа жайғасады. Қала сыртындағы, тау бауырындағы тоғай арасы жаймашуақ.… Жеңіл машина және бұл үшеуі осы арада ұзақ болады… Кейде иесі ала күшікті қыз отыратын алдыңғы орындықтың қуысына тастайтын. Ал өздері артқы креслода түн ортасы болғанша бірге болатын…» [83, б. 13].
2. Ата-анаға деген мейірімділіктің болмауы. Ақ канденге мейірімін төккен иесі өзінің туған балаларының мейіріміне зәру болып, ақыр аяғында өзі өмір сүрген пәтерде көз жұмып, денесі бірнеше күн пәтерде жатып қалады. Повестегі кейіпкерлердің іс-әрекетінен кемпірдің өмірден өтуінің тек ақ қанденге ғана қатты әсер еткендігін байқау қиын емес: «Адамдарға деген жүрегі суып, жалғыз өзі көше-көшенің қалтарыс жерлерімен тайып отырды» [83, б. 20].
3. Маскүнемдік. Тік құлақтың бұрынғы иесі маскүнем болатын: «Ішімдіктен бір ауруға шалдыққаны шындық... Оның қандай ауру екенін ит қайдан ұқсын? Ит қой» [83, б. 23]. Иесінің кезекті тепкісіне шыдамаған Тік құлақ үйінен қашып кетеді: «Бұған дейін талай тепкі көрсе де, талай таяқ жесе де кектеніп көрмеп еді иесіне ит» [83, б. 23]. Осы оқиғадан кейін біраз уақыт өткен соң ит үйіне оралғанда, үймен бірге иесінің де өртеніп кеткенін біледі: «Тік құлақ иіс тартып біраз тұрды. Иесінің өзіне ғана тән күшік кезінен таныс иісін іздеген. Иесіне тән иіс бұл қанша құмартса да сезілмеді. Өз тәнімен бірге кеткен де... күйік иісі ғана қалған да... Көңілді құлазытар, жүректі көтерер күйік» [83, б. 24].
4. Жастардың есірткіге тәуелділігі. «Ұзын бойлы үстел үстінен кесектеу нан алып Тік құлақтың аузына тістетті де, өзі бұйрабастың қолынан шприцті алып, оның екінші білегін түргізіп, барлаудан күре тамырын оңай тауып салды. Бұл кезде қыз да білегін дайындап отыр еді. Әлгі шприцпен қызға да, өзіне де қойды» [83, б. 29].
5. Қылмыс. Иттер қармен жабылып қалған арықтың ішінен қыз бен жігіттің өлі денесін тауып алады: «Торшолақ қар астынан қарайып жатқан алақандай нәрсені иіскелеп, тісімен тартқылай бастады… Арық ішінде адам жатыр екпетінен… Шашы арқасын жапқан бойжеткен… Оның қара етік киген балтыр жағымен айқаса екінші адамның қар астынан аршылмаған денесінің белгісіндей болып тағы екі сирақ шығып жатыр… Қорқынышты көрініске иттер де үрейлене әрі таңырқай қарайды» [83, б. 33].
6. Ананың қатігездігі. Повестен туған баласын далаға тастап кететін ананы кездестіреміз: «Әйел адам ақ көрпемен ораған қолындағысын аялдамадағы орындық үстіне қоя салып, асығыс тастай жүгірді… Артында қалып бара жатқанға бұрылып, көз де салған жоқ!» [83, б. 46]. Осылайша, әйел адам жаңа туған нәрестесін тастап кетеді.
Жазушы Асқар Алтай бес иттің тағдыры туралы айта отырып, бүгінгі күні өзекті болып отырған жалпы адами маңызды мәселелерді де, әлеуметтік мәселелерді де көтереді. Автор өзіміз күнде көріп жүрген оқиғаларға басқа тіршілік иесінің көзімен қарауға мүмкіндік береді.
Осылайша, «Қаладағы құтпандар» повесіне тарихи-әлеуметтік реминисценция тұрғысынан талдау жасау арқылы мынадай мәселелерді анықтадық:
1. ХХ ғасырдың аяғында қазақ қоғамында орын алған нақты тарихи фактілерге сілтеме түрінде ұсынылған тарихи-әлеуметтік реминисценциялар шығарманың көркемдігін күшейтеді және баяндаудың тарихи-әлеуметтік алғышарттарын жасайды, бұған қоса автор бұл оқиғалар туралы өзінің жеке пікірін білдірмейді.
2. Географиялық сипаттағы тарихи-әлеуметтік реминисценция шығарманың хронотопын ұйымдастырады.
3. Повестегі өмірбаяндық реминисценциялар іргелі болып табылады және бірінші кезекте автордың өміріндегі нақты оқиғалармен байланысты, бірақ автор шығармада өзінің сезімін тікелей білдірмейді.
Қорыта айтқанда, жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесінен келесі қала модельдері анықталды: «қала – сатқындық», «қала – қылмыс көп жасалатын орын», «қала – қатігездікке жол берілетін мекен».
Жазушы Талаптан Ахметжанның «Төрт кәнден» әңгімесінде де қаладағы иттер әңгіме кейіпкерлері ретінде көрінеді. Әңгіме қалаға келіп, жалдамалы пәтер іздеп жүрген кейіпкердің сөзімен басталады: «Пәтер іздеп қаңғыра-қаңғыра қала сыртына шықтым. Суырдың ініндей тарам-тарам тар көшелерді бойлап жүре беремін. (Екі айдан бергі «ермегім» осы)» [77, б. 29]. Әңгімеге қалаға келіп, ғылым жолына түсіп, ақыр аяғында бір пәтерге қолы жетпеген ғалымның өмірі негіз болған: «Жиырма беске келгенше басыма баспана бұйырмаған тайқы маңдайыма ма, болмаса, он бес жыл кітап кеміріп «оқымысты» боламын дегенде алар айлығым 200 сомнан аспай, екі балам мен келіншегімді асырауға жетпейтінін сезбеген жетесіздігіме өкпелеймін бе, әйтеуір қай-қай иттен өш аларымды білмей діңкем құрып, сіркем су көтермей отыр. Оның үстіне сегізінші кластан соң оқуды тастап, сауда қуып кеткен бір кластасымның қазір алты бөлмелі үйі, «Волгасы» барын келіншегім жиі-жиі есіме салып, онсыз да іштегі қыз-қыз қайнаған отқа мая құя береді» [77, б. 31]. Кейіпкер пәтер іздеп жүріп «жасы жетпістің ішін аралап кеткен шынашақтай сары кемпірмен» танысады [77, б. 29]. Әңгіме ары қарай осы кемпір мен бас кейіпкер арасындағы диалогтардан тұрады. Әңгімедегі диалог арқылы кейіпкерлердің өткен өмірін, мінездеріндегі ерекшеліктерді байқаймыз. Диалогтың көркем шығармада қолданылуы жөнінде әдебиеттанушы Б. Майтанов мынадай тұжырым жасайды: «Диалог шығармадағы қаһарманның характер ерекшілігін ашу үшін қолданылады. Кейіпкердің әрекеті мен сөзінде тамырластық болуы шарт. Еркек – әйелше, әйел – еркекше сөйлемеуі керек, немесе ғалым – шопанша, шопан – ғалымша сөйлемеуі керек. Жазушы диалог мәселесіне келгенде – актер» [64, б. 77]. Бұл тұрғыдан келгенде жазушы өзінің шеберлігін танытқан деп толық сеніммен айта аламыз.
Автордың баяндауынан әңгімедегі оқиғалар Өскемен қаласында өтіп жатқандығын білеміз: «Ертеңіне құлқын сәріден Ертістің сол жақ жағалауын шарлауға қайта шықтым. Өскеменнің бұл жағында ылғи ығы-жығы салынған ескі үйлер; көшелер де мың бұралаң; кей көше тұйыққа апарып тірейді де, қайта жол тауып шыға алмай, ит біткенді шуылдатып ығыр боласың» [77, б. 35].
Әңгіме соңында бес бірдей баласы бола тұра өмірінің соңғы сәтінде аузына су тамызатын жан табылмаған сары кемпірдің трагедиялық өлімімен аяқталады: «Кемпірді қайтыс сапарға төрт қанденнің «жоқтауы» шығарып салды» [77, б. 39]. Жазушы шағын ғана әңгіме арқылы қазақ қоғамындағы баспанасыздық, ата-анасын тастап кетіп жатқан балалар, ғылым, білім жолында жүрген жандардың әлеуметтік жағдайының төмендігі сияқты түйткілді мәселелерді қозғайды.
Сонымен, Талаптан Ахметжанның «Төрт кәнден» әңгімесінен келесі қала модельдері анықталды: «қала – баспанасыздық», «қала – қатігез қоғам».
Жазушы Айгүл Кемелбаеваның 2002-2003 жылдары Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» конкурсында жүлдегер атанған «Мұнара» романын әдебиеттанушылар әр қырынан зерттеуде. Мәселен, зерттеуші С.Д. Сейденова «Мир природы и человека в романе Айгуль Кемельбаевой «Башня»» тақырыбындағы мақаласында «Мұнара» романын адам мен табиғат әлемі бірлігінде қарастырады [84]. Аталмыш мақалада романның «Соңғы жолбарыс» аталатын екінші тарауы жан-жақты талданған. Ал біз романның «Бала бағушы» аталатын бірінші тарауын, осы тараудағы қала модельдерін қарастыратын боламыз. Жазушы Айгүл Кемелбаева «Мұнара» романына эпиграф ретінде Сент-Бёвтің «Піл сүйегінен жасалған мұнара» («Башня из слоновой кости») деген метафорасын алған. «Піл сүйегінен жасалған мұнара» – ақын мен суретшінің өмірді жатсынатындығын білдіретін тіркес; Шарль Огюстен Сент-Бёвке (1804-1869) тиесілі [85]. Романда ХХ ғасырдың соңындағы, яғни Кеңес Одағының ыдырауы тұсындағы кезең суреттеледі. Басты кейіпкер Айжан өз айналасындағы саяси оқиғаларға немқұрайлы қарайтын адам ретінде бейнеленеді. Мұны шығармадағы кейіпкердің өз сөзінен байқаймыз: «Мен мекендегелі Москва митингілерсіз күн көрмейді. Өкін мейлі, өкінбе мейлі, өмірдің өз өктемдігінен ешкім асып түсе алуы мүмкін емес. Бәрінің де ішкі заңдылығы бұрып әкетері сөзсіз, болары болса, бояуы сіңеді. Сондықтан, елдегі саяси оқиғалар жан ауыртатындай мүшкіл күйде сезілсе де, кейде олар маған бөгде планета, мысалы, Айда өтіп жатқандай әсер етеді» [86]. Осы тұста романға эпиграф ретінде алынған «Піл сүйегінен жасалған мұнара» тіркесінің мәні ашылады.
Романдағы қала модельдері келесі оппозицияларға негізделген: 1) «сауық-сайран – дүрбелең» оппозициясы; 2) «үлкен мүмкіндіктер – күйбең тіршілік» оппозициясы; 3) «аштық – тоқтық» оппозициясы; 4) «ауыл – қала» оппозициясы.
Достарыңызбен бөлісу: |