Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік



бет24/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

1. «Сауық-сайран – дүрбелең» оппозициясы. Романның «Бала бағушы» атты алғашқы бөлімі Мәскеу қаласындағы бейбіт өмірді суреттеуден басталады: «Москваның қоңыр күзінде Тверь бульварына бөгде жұрт айрықша анталайды» [86, б. 5], «Москваны күні-түні аралап, көбелек тәрізді әсер аулаған сан қилы шетелдіктердің кейпі тым жадыраңқы, бұлтсыз аспандай ашық. Қалталы турист үшін көне астана ештеңесін аямайды» [86, б. 6], «Бульвардан күндіз бос орындық табылмайды, түнде де біреулер отырады» [86, б. 6]. Роман басталғаннан-ақ біз бас кейіпкердің студент екендігінен хабардар боламыз: «Институттың соңғы бесінші жылында ұстаздарыма деген қимастық сезімі туғаны рас» [86, б. 5]. Бұған қоса, кейіпкердің баяндауынан студенттік өмірдің небір қызықтарына куә боламыз: «Бір жолы біздер түнгі бірде келіп осы арадан Патриция Каастың концертіне бару үшін гүл шоқтарын жұлып алдық. Әншейін еріккендік, идея менікі емес, билеттерді де мен құлшынып сатып алғамын жоқ. Қасымдағылар жақын маңда жүретін милиция патрульдерін сөйтіп сынап көрді. Содан таксиге ақша жоқ, тұрағымызға жаяу қайттық. Настя Патрицияға гүлді өзі беретініне мәз, жолай ақ гүлдерді бір құшақ етіп тағы жинап алды, сүйікті әншісі дала гүлдерін сүйеді деп газеттен оқып алыпты. Леша самбырлап анекдот айтып келді, арасында ішек-қарын ақтарғыш монстр Джекті суреттеп екі қызды қорқытып қояды» [86, б. 6]. Содан кейіпкердің баяндауынан Әдебиет институтында оқитындығын білеміз: «Бірінші курста оқитын студент ақын жігіт сабан шаштарын Есенинше қайырып қойып, аспан түстес көздерін төңкеріп тастап Николай Гумилевтің ұзақ өлеңін маған жатқа оқып берген еді. ... Біздің Әдебиет институтының студенттері тегіс ұлы ақындарды жатқа оқу үшін туғандар, олар өздерін поэзияның құлы да, тәңірі де санауға құлап түсетіндер» [86, б. 6]. Автор бұл жерде «шаштарын Есенинше қайырып қойып», «Николай Гумилевтің ұзақ өлеңін маған жатқа оқып берген еді» деп, Сергей Есениннің, Николай Гумилевтің есімдерін оқырман санасында жаңғыртады. Қала бір жағынан, осылайша сауық-сайранның, алаңсыз студенттік шақтың мекені болса, екінші жағынан митингілерден көз ашпайтын саяси өмірдің кеңістігі. Елде орын алып жатқан саяси оқиғалардың елдің өміріне қатты әсер етіп жатқандығын суреткер қапысыз бейнелейді: «Халықтың тұрмысы нашарлағаны сондай, тамақ дүкендерінің алдындағы иін тірескен кезектегі адамдардың әңгімесінен миың айналады» [86, б. 8]. Жағдайы қиындаған халықтың өз наразылықтарын осылай білдіруден басқа амалы жоқ. Қаланың саяси оқиғалардан тысқары қала алмайтындығы анық. Яғни, бұл жерде «қала – сауық-сайран», «қала – студенттік өмірдің куәсі», «қала – саяси өмірдің кеңістігі» модельдері бой көрсетеді.
2. «Үлкен мүмкіндіктер – күйбең тіршілік» оппозициясы. Бұл оппозицияға үлкен қалада үлкен жетістікке жетіп, «үлкен коммерциялық фирманың бас экономисі болып қызмет істейтін» [86, б. 21] Жамал мен амалдың жоғынан бала бағушы болып жұмысқа орналасқан студент Айжанның өмірі мысал бола алады. Елдегі саяси жағдайларға байланысты анасының пошта арқылы жіберген ақшасын ала алмай, кейіпкер қиындыққа тап болады. Осы кезеңдегі студент қыздың ауыр жағдайын, күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін жұмыс іздеп, сандалған күйін жазушы төмендегідей суреттейді: «Күн сайын лекциядан шыққан соң дедектеп жұмыс іздеймін. ... Киоскіде кітап сататын бір жұмысқа келіскендей сыңай танытып еді, оның да қайыры шамалы болды, төлейтін ақысы тиын-тебен екен» [86, б.11]. «Жақында төменгі курста оқитын бір студент 3000 сом ақысын төлеп, курс жұмысын жаздырып алды. Өзі жалқау болған соң, «еріншек, бекер мал шашпақ». Былтыр бір қызға Байронның «Дон Жуаны» бойынша жазып бергенмін, бірақ онда ақша үшін емес, өзі жалынған соң көмектестім. Былтыр ақша қашан мақсатқа айналып еді» [86, б. 12]. Яғни, ауыр тұрмыс кейіпкердің ақшаға деген көзқарасын өзгертеді. Өзінің осындай қиын жағдайға түскеніне іштей налыған Айжанның өз сөзінен үзінді келтірейік: «Дүние наурыз туарда, дүр сілкініп, тоң ұйқыдан оянбас бұрын ұзақ мүлгіп жатып алары сияқты, қыстың көңілсіз күнінде, бейтаныс біреулерге күң есебінде жалдануға мәжбүрлік жанымды жегідей жейді» [86, б. 21]. Яғни, қала адамдарға үлкен мүмкіндіктер ұсынумен қатар, адамдарды тығырыққа да тірейді. Бұдан «қала – үлкен мүмкіндіктер», «қала – күйбең тіршілік» модельдерін анық байқаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет