Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік



бет25/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

3. «Аштық – тоқтық» оппозициясы. Романда жазушы кейіпкердің ішкі күйзелісін кейіпкердің ішкі монологы арқылы көрсетеді және осы жерде жазушы интермәтінділіктің реминисценция элементін сәтті пайдаланып, Кнут Гамсун, Генри Миллер, Эрнест Хемингуэй сынды жазушылардың есімдерін оқырман санасында жаңғыртады: «Мен Тантал азабын әбден сезінгенде, Кнут Гамсунның неге «Аштық» атты роман жазғанының сырын өз жүрегімнен таптым... Генри Миллер аштан қаңғып жүрген өмір кезеңін классикалық романға айналдырып жіберді... Хемингуэй тап сол богема сүйетін Парижде, қағылғандар мен соғылғандардың бәзбіреуі артынша данышпанға айналып шыға келетін құтты мекенде күн сайын қараң қалғыр почтадан қаламақы дәметіп, оны жалықпай тосып, зарығып жүргенін жүрегімнен өшірмедім» [86, б. 13]. Жазушы кейіпкердің өзі сүйіп оқитын жазушыларын еске түсіруінен күйкі тіршіліктен жоғары екендігін, рухани еркіндігімен биік тұрғандығын танытады. Ал, кейіпкер бала бағушы болып жұмыс істейтін үйде бәрі керісінше. Романда кейіпкердің өзі қызмет жасайтын үйдегі қоқыс шелектен гамбургердің қалдығын алып жейтін тұсы бар: «Тамақтанып болған соң қаймақтың қалбырын қоқыс шелекке лақтырып тастамақ болып қақпағын ашып едім, түбінде бір ғана зат жатыр. Оның гамбургер екенін сыртындағы орама ыдысынан бірден таныдым. Таңертеңгілік, жұмысқа кетердің алдында қожайын тастаса керек... Мен гамбургердің тістелінбеген бүтін жағынан тістеп жей бастадым» [86, б. 52]. Жазушы гамбургерге қатысты осы бір жайды «адамзат тәубәсін ұмытпасын» деп сабақтайды. Қазақта «ас атасы – нан» деп, нанға құрметпен қарау ертеден қалыптасқан. Жазушы осыны да меңзеген болуы керек. Байқағанымыздай, бұл жерде «қала – аштық», «қала – тоқтық» модельдері айқын аңғарылады.
4. «Ауыл – қала» оппозициясы. Біз зерттеу нысанына алған «Мұнара» романында кейіпкер қала өмірін көбіне ауыл өмірімен салыстырады. Кейіпкердің бұл көзқарасы шығармада төмендегідей беріледі: «Далада туып қалаға қызығу бағзыда көшпенді қазаққа жат, теріс мінез еді. Өркениет жасақшы тәрізді, арбап алады, жуан қазығын қалада қағып, таусылмайтын өрмегін тас үйлерден тоқыған. Онда адамға керектің бәрі бар, сұлу жаратылыстың жұпар иісінен басқа не керектің бәрі бар. Мағынасыз дүниенің молаюы дүниені тарылтып жібереді, сондықтан түнгі мегаполистің жарқыраған неон шамдары тығырықтан шығар жол іздейтін адамзатты үміттендіре түсуге, алдай беруге арналса керек» [86, б. 7]. Романның алғашқы беттерінде айтылған бұл ойға кейіпкер бірінші тараудың соңында қайта оралады: «Менталитеттен адам өлмей ажырай алмайды, мен кешегі адыршақ кең далада жылқы мінген көшпенді халықтың ұрпағымын, сондықтан менің қанымда жайбасарлық пен асығыс-қапылысты жақтыртпау бар. ... Ұлттық дүниетанымыма жат болған соң шығар, тарлықтан сұмдық қорқамын» [86, б. 88]. Кейіпкердің ойынан қаланы жатсынатындығын байқаймыз. Қиналған сәтінде де кейіпкер ауылын аңсайды: «Туған үйімде сүттен өзен ағып жатқанда, менің мұнда бір жұтым айранға зар болып қалғаным аянышты. ... Біздің ауылда сүтін сататын адамдар бар, әйтсе де ел оларды қу, сараң дегісі келіп тұратын сияқты. Мынау алып қалада тегін жатқан ештеңе жоқ, болмайды да. Сондықтан шешемнің үш сиырының сүтін оңды-солды тегін тарата бергені туралы ой көпке дейін миыма таскенеше қадалып, есімнен кетпей қойды» [86, б. 10]. Бұл – «қала – жат» моделіне мысал.
Осылайша, жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара» романынан келесі қала модельдерін анықтадық: «қала – сауық-сайран»; «қала – студенттік өмірдің куәсі»; «қала – саяси өмірдің кеңістігі»; «қала – үлкен мүмкіндіктер»; «қала – күйбең тіршілік»; «қала – аштық»; «қала – тоқтық»; «қала – жат».
Жазушы Дүкенбай Досжанның 2005 жылы жарық көрген «Ақ Орда» романы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын, Тәуелсіздік алған тұстағы ел өмірінде орын алған тарихи оқиғаларды кеңінен суреттеуге арналады.
Роман төрт бөлімнен тұрады: «Бал дәурен», «Атлантиданы іздеу», «Реформа», «Астана архитекторы».
«Бал дәурен» бөлімінде бас кейіпкер Нұрсұлтанның балалық шағы, алғашқы ұстазы, отбасымен байланысты естеліктер айтылған.
«Атлантиданы іздеу» бөлімінде Тәуелсіздік алған тұстағы ел өміріндегі маңызды оқиғалар тізбектеліп берілген.
«Реформа» бөлімі бірнеше модельге бөлініп берілген: «Экономика моделі», «Мәдениет моделі», «Тұрақтылық моделі», «Өмір кілті моделі», «Білім, ғылым моделі», «Сенім моделі», «Байқоңыр моделі немесе қарапайым халыққа қарай қарапайым он қадам», «Шекара моделі». Бұл модельдердің әрқайсысында модельдің атауымен байланысты орын алған реформалар жөнінде айтылған.
Романның «Астана архитекторы» атты төртінші бөлімінде Астана қаласының сол жағалауынан бой көтерген ғимараттар, сол ғимараттардың сызбасын дайындаған шетелдік және отандық архитекторлардың үлесі жөнінде баяндалған. Дей тұрғанмен, автор Астана қаласының бас архитекторы романның бас кейіпкері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деген байламға келеді. Кейіпкер Астана қаласынан қазақтың ұлттық айшығы білініп тұруын басты назарға алады. Мұны шығармадағы мына диалогтен анық аңғарамыз: «Есіне оралды, Польшадан келген сәулетші жаңа әлгіде орысшаға судай ағып, жанасып кеп төмендегіше төндіре сөйлеген. – «Мәртебелі Президент, Қазақстан көп ұлтты ел, жүздің үстінде ұлт пен ұлыс бірлесіп өмір сүріп жатыр. Сол себепті Есіл бойына бой көтерген астанасы гүлдесте-букет секілді әр көше әр ұлттың символын бейнелеп тұрғаны ләзім», – дейді алабажақ кемпірқосаққа ұқсайтын нобай-нұсқасын түсіндіріп. Нұрсұлтан Әбішұлы қарадай тіксініп қалды, әйтсе де әуелгіде қонағына сыр бермеуге тырысты. – «Мәртебелі Президент, қала көшелері әр ұлттың дәстүрі мен тарихынан хабар беріп тұрса қанекей». Нұрсұлтан Әбішұлы шыдай алмады, сексеуілше шарт сынды. – Сонда қалай, архитектор мырза, осынау ұланғайыр даланы шығыстағы қара қытай, қара қалмақтан қорғап, батыстағы ормандай орыс, башқұрт, құба қалмақтан қорғап жан алысып, жан берісіп, түстігінде қоқан қоқималары, хиуа ләшкерлері, түрікпен азбанымен күніге найза тіресіп... әр сайда домалап басы қалып жүріп... төрт жүз жылғы жұлқыстан аман қалып... енді тәуелсіздікке жеттік пе дегенде... түрлі саяси дүмпуден көзіне көк шыбын үймелеп, жанын шүберекке түйіп ауып келген ұлт пен ұлысқа иіліп төрімізді беріп, төбемізге шығара алмаймыз» [87]. Бұл жерде жазушы кейіпкерінің сөзі арқылы «қала – ұлттың айнасы» болу керектігін жеткізеді.
Романның төртінші бөлімінде Президент пен жаңа Астананың образы қатар беріліп отырады. Кез келген қаланың тарихы белгілі бір тұлғаның есімімен астасып жатады. Болашақта Астананың тарихында ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі аталатындығына күмәніміз жоқ. Бұл тұрғыда жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романының да рөлі зор болмақ. Олай болса, бұл жазушының танымындағы «қала – тұлға» моделін танытады.
Романда бұдан бөлек жазушының танымы арқылы көрінетін «қала – астана», «қала – жаңа мемлекеттің символы» модельдері аңғарылады. Романда берілген бұл модельдер жөнінде зерттеу жұмысымыздың келесі тарауында толығырақ айтатын боламыз.
Қорыта айтқанда, жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романында келесі қала модельдері көрініс тапқан: «қала – тұлға», «қала – ұлттың айнасы».
Біз бұл тарауда талданған Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесі, Талаптан Ахметханның «Төрт кәнден» әңгімесі, Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара» және Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романдары арқылы тәуелсіздік тұсында жазылған туындыларда қала тақырыбының өрісінің кеңейгендігін байқадық. Адам және оның өмір сүріп, тіршілік етер ортасындағы заттық әлем арасындағы қарым-қатынасты суреттеу қала моделінің түрліше берілуіне жол ашуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет