14- дәріс. Тақырыбы: Даму ауытқулары бар балаларды тәрбиелеп отыратын отбасыларды психологиялық зерделеу (2 сағат)
Жоспар:
8.1 Қиын балаларға жалпы сипаттама
8.2 Қиын балалармен жұмыс жасау ерекшеліктері
8.3 «Гайденс» эксперименті
8.4 Қиын балалардың мінез-құлқын түзертудің мәселелері
8.5 Жасөспірімдердің сыныптастарымен қарым-қатынасын жақсартуға арналған тренингтер
8.6 Ата – аналар мен балалар арасындағы қарым – қатынасты жақсарту мақсатында қолданылатын ойындар 8.7 Бекітуге арналған сұрақтар 8.8 Қиын балаларды тәрбиелеудегі дәстүрлі емес әдістер тақырыбы бойынша тест
8.1 Қиын балаларға жалпы сипаттама
Мектепте жұмыс істейтін педагогтар, тәрбиешілер балаларды оқытып-тәрбиелеу барысында, сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, ашуланшақ, бұзақылықтар жасайтын балаларды жиі кездестіреді. Психолог мамандар мұндай оқушыларды «Қиын балалар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар оқушылар», «Қиын тәрбиеленуші» қатарына жатқызады.
Қиын бала деген кім? Қиын баланың пайда болуына не немесе кім ықпал етеді? деген сұрақтар амалсыздан туындайды.
Қиын балалар және мінез-құлықтағы қиындық ұғымы 1920-30 жылдары П.П. Блонскийдің еңбектерінде пайда бола бастады. Оның зерттеулерінде қиын балалардың мінез-құлық тарихын мектеп, отбасы арқылы ашып көрсетеді. Ол қиын балаларға мұғалімнің қатынасы арқылы қиын оқушы терминін нақтылауды жөн көреді. Бұл балаларға былайша мінездеме береді: обьективті көзқараспен қарағанда қиын оқушы –мынадай, ол мұғалімнің жұмысының жемісті еместігіне байланысты. Субьективті көзқараспен қарағанда қиын оқушы – мынадай, онымен мұғалімге жұмыс істеу өте қиын, мұғалімнен көп жұмыс істеуді талап ететін оқушы. Істі бүлдіруші оқушыларға толыққанды мінездеме бере отырып, П.П. Блонский өз жұмыстарында мектепті, сыныпты ұйымдастыруға баса көңіл бөледі. Блонскийдің пікірі бойынша қайта тәрбиелеудің нағыз тура жолы, тәртіп бұзушыларды мәдениетсіз ортадан мәдениетті балалар ұжымына біртіндеп әкелу болып табылады. Қиын бала мәселесі бойынша ең алғаш зерттеу жүргізген П.П. Бельский кәмелетке жасы толмаған мінез-құлқындағы қиындығы бар балалардың ішкі дүниесін қарастырды. В.В. Трифонов зерттеулерінде «қиын оқушы анықтамасы – бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы. Г.А. Фортунатовтың зерттеулерінде «қиын балаларға » үлгермеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды және психикалық бұзылудан жапа шеккендерді жатқызады. Қазіргі кезде психологияда қиын бала түсінігінің бірыңғай анықтамасы жоқ. Бұл шексіз ұғым, ол жеке адамның өзгеру құбылысын жинақтаушы. Осы категориядағы балалардың жалпы адамдық және өзге ешкімде қайталанбайтын қасиеттері, әлеуметтік және биологиялық факторлардың ықпалымен қамтамасыз етіледі.
Ағылшын психологы Хевитта және Дженкинс қиын балаларды екі үлкен категорияға бөлген :
1. Әлеуметтік формадағы антиқоғамдық мінез-құлқы тән балалар.
2. Әлеуметтік емес антиқоғамдық агрессивті мінез-құлықты балалар. Бұл балалардың жанұясымен, қатарластарымен қарым-қатынасы жаман, эмоциялары бұзылған, агрессивті, қатыгез әрі кекшіл балалар.
Ғалымдардың бірқатары қиын балалардың пайда болуын өмірдің қолайсыз және әлеуметтік-биологиялық факторлармен байланыстырды.
Ал И.А. Невский қиын баланың пайда болуы отбасындағы, мектептегі жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігінен деп түсіндірді. Яғни, ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылулық сезінбеген, мейірімділік көрмеген оқушы өмірде өзінің ешкімге қажетсізбін деп есептеп, ашуланшақ, агрессивті, қатыгез болып өседі. Қиын оқушының пайда болу себептерін анықтағанда, біріншіден отбасындағы тәрбиеге, ал екіншіден мектептегі оқу-тәрбие мәселесіне аса көңіл бөлеміз. Өйткені, көптеген психолог ғалымдардың зерттеулеріне жүгінетін болсақ, оқушылардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себептерін отбасындағы дұрыс тәрбие бермеудің салдарынан болатындығын анықтады:
1) отбасының әлеуметтік және экономикалық жағдайы;
2) ата-ананың баласына немқұрайлы қарауы;
3) қараусыз қалған бала немесе шектен тыс қамқорлық.
Қазіргі кездегі жас ата-аналар өсіп келе жатқан баласын аса тым еркелетіп өсіріп жатыр десек те қателеспейтін шығармыз. Аса тым артық мадақтау мен шектен тыс мәпелеуде өскен бала ешқандай күш жұмсамайақ көзге түскісі келеді, егер мұғалім ескерту айтатын жағдайда жылай салатын әлсіз, өздігінен еш нәрсеге қол жеткізе алмайтын, ерке болып, өзбеттілігі қалыптаспаған бала болып өседі. Сонымен бірге «Үйлену оңай, отбасын құру қиын» деп ата-бабамыз айтқандай қазіргі жастарымыздың отбасылық өмірге дайын еместігінен, немқұрайлы қарағандықтан қара көзді балалар толық емес отбасында немесе жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Не анасының жылылығын, не әкесінің мейірімділігін, тәрбиесін көрмей өскен баланың психикасы жарақатталып, қиын балалар санының қатарына қосылады.
Қиын оқушылардың пайда болуына себепті факторлар.
Отбасы тәрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни тұрмыстағы ұрыс – талас, дау-жанжал, баланың табиғи психологиялық ерекшеліктерін ескермеу, ата – ананың біреуінің болмауы, т. б. Жағдайлар себепті болады.
Қоғамдық ұйымдар мен жұртшылықпен жүргізілетін жұмыстың әсіресе, оқушылар тұратын микроаудандарда күрт төмендеуі. Қиын балалардың пайда болуына бірден – бір себепті болатын және жағымсыз жағдай туғызатын – отбасы тәрбиесі. Оның басшылары: баланың күнделікті жүріс – тұрыстарын қадағаламау; оның көзінше арақ – шарап ішу, дау – жанжал, ұрыс – керіс туғызу. Екіншіден, тәрбиенің көзі, баланы киіндіру, тамақтандыру, мұң – мұқтаждын қамтамасыз етуідеп санаушылық.
Жастайынан еңбектену әдет – дағдыларынқалыптастырмау, баланың жан дүниесіне көңіл аудармау, отбасындағы ажырау және жаңа адамның отбасы мүшесі болып етуіне себеп болады. Мысалы: зерттеулердің қорытындысы дәлелденгендей тәртібі нашарлаған оқушылардың көбі ата аналардың моральға жат қылықтарымен өз балаларына теріс әсерлер жасаған. Баланың тәрбиесіне кері әсер ететін келеңсіз жағдайларда (ұрыс – керіс, дау – жанжал), бірін – бірі сыйлау сияқты қасиеттердің сезбейтіндігі аян.
Мінез-құлқында қиыншылығы бар оқушыларды әдетте екі топқа бөліп қарастырады:
1. Тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар;
2. Отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы кері факторлардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалыптаспаған оқушылар.
Балалардың тәртіптерінің нашарлауын 3 топқа бөліп қарастырамыз:
І-топқа күнделікті мектеп тәртібін бұзатын, оқығысы келмейтін, кішігірім ұрлық жасап, анда-санда темекі тартып, шарап ішетін оқушылар жатады.
ІІ-ші топқа осындай кемшіліктермен қатар қоғамдық орындарда бұзақылық жасап, үлкендерді сыйламайтын оқушылар жатқызылады.
ІІІ-ші топқа денсаулығы нашар, ақыл-ойы өз жасына сәйкес дамымаған, жүйке жүйесі әр-түрлі ауруларға ұшыраған жасөспірімдер жатады.
Осылардың барлығы қазақ тілінде шыққан педагогикалық әдебиеттерде «қиын» балалар деп аталады. Ал, негізінде, І-топтағы оқушыларды «тәртібі төмендеген оқушылар», ал ІІ-ші топтағы оқушыларды «тәртібі нашар оқушылар» деп атап, 3ші топтағы оқушыларды «тәрбиеленуі қиын оқушылар» деп атаған орынды. Біз осы оқушылардың бәрін де бір топқа жатқызып қателесудеміз. Себебі І-ші және ІІ- ші топтағы оқушыларды ғылыми негізде ұйымдастырылған оқу-тәрбие процесінде 1-2 жылда қайтадан тәрбиелеуге болса, ІІІ-топтағы оқушылардың сырқаты болғандықтан ұзақ тәрбие жұмыстарын жүргізіп, қажет болғанда емдеу әдіс ұйымдастырылады.Сондықтанда зерттеушілер осы топтағы оқушыларды ғана «тәрбиеленуі қиын оқушылар» деп аталынуы керек деп кеңес береді.
Қиын балалардың психологиялық ерекшеліктерін теориялық тұрғыда Л.С. Выготский еңбектерінде талқыланды, сондай-ақ А.С. Макаренко тәжірибелерінен де үлкен орын алды.
Бірқатар қазақстандық педагог зерттеушілер В.Г. Баженов, А. Жұмабаев, К.А. Жүкенова, А.М. Карабаева, И.Ф. Назаров, В.А. Парфенов, В.А. Трифонов, В.П. Шевченко, Л.В. Лысенко, Л.К. Керимов және т.б еңбектерінде қиын балалардың қиқарлық сияқты жағымсыз қасиеттерінің қалыптасуына әлеуметтік-педагогикалық факторлардың әсер ететіндігін зерттеді. Бастауыш мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің асоциальды мінез-құлықтарын, спорт, өзіндік және жеке жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту, отбасындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге балаларды қатыстыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетті.
Бала мектепке келген кезден бастап оқушы - мұғалім және оқушы-оқушы арасында қарым-қатынас қалыптаса бастайды. Бұндай қарым-қатынасты орындау оқушыға бастапқыда қиын соғады. Жалпы мектептегі мұғалімнің барлық балаларға қойылатын талаптары да көзқарастары да бірдей болуы керек. Дегенмен де кейбір мұғалімдердің өзінің сүйіктілері және сүйікті емес оқушылары да (гадкий утенок) болады. Бұл мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынас орнатуын аса қиындатады. Өйткен мұғалім өзінің сүйіктілеріне жақсы баға қойып, қолдап отырады, ал қалған балалар қаншама тырысқанмен шет жақта қалып «Мен қанша тырысып айтқанмен де төмен баға қояды» деген пікірлер қалыптасып, оқушылардың оқу мотивациясының төмендеуіне әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |