Бұл уақытта Аллаһ елшісі (с.а.с.) үлкен қайғы-қасіреттің
ауыртпалығында жүр еді. Ол құрметті де сүйікті әйелі
Хадишадан (Аллаһ оған разы болсын) айырылған-ды. Хадиша
қасиетті уахиді тарату жолында Аллаһ елшісіне (с.а.с.) құрмет
көрсетіп, оған қорған әрі жәрдемші ретінде өзінен кейін тек
жақсы бейнесін ғана қалдырған-ды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) өңі қашып, мұңайып, Хадишаның
өзіне қалай қолғанат болып, қамқорлық жасағанын, екеуі бірге
өткізген бақытты ерлі-зайыпты күндерін есіне алатын. Оны
(с.а.с.) өзіне қарап қалған, аналарын аңсап, сағынып жүрген
қыздарының жағдайы алаңдататын.
Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қайғысы күн өткен сайын артып, ылғи
да Хадишаны есіне алып, көңілсіз күй кешіп жүреді. Содан соң
ешкімнің қаперіне кіріп те шықпаған бір жағдай орын алады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) меккелік муһажирдің жесірі – Сәудә
Зумғақызындай сабырлы әйелге, көрген бар бейнетінің
зейнетіндей мұсылмандардың анасы болуы үшін Хауләны (Аллаһ
оған разы болсын) жіберіп сөз салдырады. Бұл жағдайдың мән-
жайы былай өрбіген-ді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ішінен тынып, қайғырып жүргенін
айтпаса да көріп жүрген сахабалар оған көмектесудің жолын
қарастырады. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) үй-жайына ие, өзіне
қамқор, қыздарына ана болатын бір әйел қажет деп ойлаған олар
бұл ойларын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзіне тура барып айта
алмайды, өйткені оның ішкі жан дүниесі қандай жағдайда екенін
ешкім білмейтін. Сахабалар бұл ойларын Хаулә Хакимқызы
деген сахаба әйелді араға салып іске асыруға уағдаласады. Хаулә
сахаба Осман ибн Мазғунның (Аллаһ оған разы болсын) әйелі
еді. Бұл екеуі де бір кездерде Эфиопияға қоныс аударған және
құрайыштардың көрсеткен қиянаттарының алдында бір жағадан
бас, бір жеңнен қол шығарып, мұсылман бауырларының қасынан
табылу үшін ол жақтан алғаш қайтып оралғандар болатын.
|