Астық массасының сусымалылығы мен өздігінен сұрыпталынуы
Астық және астық массасының горизонталь жазықтыққа бұрыш жасай орналасқан бетте жылжуын олардың сусымалдығы деп атайды. Астық массасы жақсы сусымалылығымен ерекшеленеді, ал мұны конвейер, нория т.б. құралдармен орын ауыстырғанда, шанақтар мен силостарға астықты тиегенде және түсіргенде пайдаланады. Астық массасының сусымалылығы элеваторда, ұн, жарма, құрама жем зауыттарында шанақтармен силостардың ең төменгі иілу бұрышын (еңкіштігін) анықтайды, оны астық қоймаларының беріктігін т.б. есептегенде ескереді.
Әдетте астық массасының сусымалығын үйкеліс және табиғи көлбеу бұрышын өлшеу жолымен анықталатын, сыртқы және ішкі үйкеліс коэффициенттерімен сипаттайды.
Үйкеліс бұрышы деп астық массасының белгілі бір жазықтық бетінен жылжи бастайтын ең төменгі бұрышты айтады.
Табиғи көлбеу бұрышы деп астық массасының горизонталь жазықтыққа, мәселен, қойма еденіне еркін түсу нәтижесінде пайда болатын конус диаметрі мен табанының арасындағы бұрышты айтады. Астық массасының сусымалылығына көп факторлар әсер етеді: түйіршікті құрамы мен түйіршіліктілік сипаттамасы, дән бетінің күйі мен сипаттамасы, ( пішіні, көлемі, ылғалдылығы, қоспалардың мөлшері және олардың құрамы, дән ағатын құбырдың материалы, пішіні мен оның бетінің күйі).
Пішіні шар тәрізді жылтыр бетті дәндерден тұратын астық топтары ( тары, май, бұршақ, ас бұршақ) барынша сусымалы. Бұл пішіннен ауытқығанда астықтың сусымалылығы баяулайды. Ұзынша келген, жұқа, әжімді қабықшалары немесе гүл қауыздары бар дәндердің (астық массасының) сусымалылығы шамалы. Жеңіл және ұсақ, немесе беттері кедір-бұдырлы қоспалар астық массасының сусымалылығын төмендетеді. Астық массасы ылғалдылығының жоғарылауы оның сусымалылығын азайтады және табиғи көлбеу бұрышын арттырады. Сақтаудағы астық массасының артық тығыздалуы да сусымалылықты төмендетеді және астық күйінің жанама көрсеткіші қызметін атқарады.Силостарды толтырғанда өздігінен сұрыпталу барынша көп байқалады. Бұған қозғалыстағы бөліктерге көрсететін ауа кедергісі мүмкіндік береді. Ірі, ауыр дәндер және жоғары тығыздықтағы басқа бөліктер жеңілдеріне қарағанда силосқа тігінен, әрі үлкен жылдамдықпен түседі. Олар силостың орта бөлігін толтырады. Ұсақ, ұрылған, семген дәндер және жеңіл қоспалар құйындатқан ауа ағынымен силос қабырғаларына қарай әкетіледі, немесе астық массасынан түзілетін конус бетімен сырғиды.
Өздігінен сорттаудың нәтижесінде силостың ортасында шөмшармен аз ластанған, натурасы, (көлемдік массасы) жоғары, құнды астық шоғырланады; силостың қабырғаларына таяу маңда ылғалдылығы жоғары, жеңіл органикалық қоспалар, шаң, тозаң, арамшөптердің тұқымдары, семген, уатылған дәндер жинақталады да, силостың бұл бөлігіндегі астықтың сапасы нашарлау болады. Силостан астық массасын қотару оны толтыру кезіндегі өздігінен сұрыпталудың зардаптарын жоя алмайды. Астық силостан ағып шығу сипаты астықтың араласуына мүмкіндік жасамайды.
Сонымен, астық массасының өздігінен сұрыпталуы – қолайсыз құбылыс. Қоймалардағы астық топтарының біркелкілігінің бұзылуы силостағы және ондағы астықты жөнелткенде, астық сапасын дұрыс бағалауды қиындатады, сонымен бірге жоғары тіршілікті құрауыштар шоғырланған үйінді бөліктерінде әр түрлі физиологиялық және микробиологиялық процестердің дамуына мүмкіндік жасайды. Мұның өзі астық массасында өдігінен қызу, басылып қалу т.б. алғы шарты болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |