2.6. № 5 ЗТС
Сабақтың тақырыбы: Малдарды гинекологиялық зерттеу тәсілдерін игеру
Сабақтың мақсаты: Малдарға гинекологиялық зерттеу жүргізіп үйрену.
Гинекологиялық зерттеу әдістері .
1. Бедеу малды тіркеу.
Арнайы кітапшаға , хаттамаға немесе тексеру актіге мал түрі , жынысы , түсі жасы , сырға нөмірі , лақабаты , малдың иесі , мекен-жайы жазылады .
2.Анамнез мәліметтері .Аурудың себептерін , патологиялық үрдістердің сипатын анықтауға көмектеседі .Ол үшін мынадай сұрақтарға жауап алу керек :
а)соңғы рет қашан төлдеді , қалай төлдеді , қандай көмек көрсетіледі .
ә) төлдегеннен кейін бірінші рет қашан күйледі , содан кейін неше рет күйледі , күйлеу аралығындағы кезеңнің ұзақтығы қандай.
б)төлдегеннен кейін неше рет ұрықтандырды, соңғы рет қашан ұрықтандырды, қандай әдіспен ұрықтандырды.
в)аборт болды ма , сыртқы жыныс органдарынан іріңді немесе басқадай жалқыаяқ бөлініп түскені байқалды ма .
г)немен азықтандырады, рационның құрамы , сапасы қандай , жайылымға шыға ма .
ғ)тұрған жері қандай , микроклимат талапқа сай келе ме , мал жайылуға шыға ма .
е) сауу әдісі қандай , немен сауады ,неше рет сауады .Малды суалту мерзімі дұрыс сақтала ма , сүттілігі қандай .
ж) фермадағы тазалық қандай ,малдәрігерлік –санитарлық ережелердің орындалуы . Жалпы малдың ауруы , шығыны көп пе , немен ауырады .
з)осы зерттеп жатқан малды дәрігерге көрсетудің себебі не, не білгіңіз келеді .
и)мал мамандарының кәсіптік деңгейі .
3. Клиникалық зерттеу .Өте құнды мәліметтер береді .Алдымен малдың сыртқы түріне , жүріс тұрысына көңіл аударады , тыныс алу органдарын , жүрек –тамыр жүйесін , ас қорыту органдарын тексеріп , нәжіс бөліп зәр шығару актісіне көңіл бөлеміз . Сарпайының төңірегіне , құйрық түбі , сауырыны былғанып , қатып қалған қабыршақтар да ішкі жыныс органдарының жағдайынан көп мағлұматтар береді .
Гинекологиялық ауруларға диагноз қою үшін міндетті түрде сарпайды , қынап кіреберісін , қынап ,жатыр мойны , жатыр тармақтары мен ұрық жолдарын және ұрық бездерін зерттейді
Сарпай мен қынап кіреберісін қолмен ашып , ұстап көреді :Қынапты зерттеу үшін қынап айнасын қолданады және оған жарық беретін қондырғы орнатады .Қынап , қына кіреберісі мен шүртекейдің төңірегін қарағанда , оның кілегей қабығы ісінген бе түсі өзгерген бе, құрғақ немесе ылғалды ма , жара , күлдіреуіктер, абцесстер , ұсақ түйіндер жоқ па , жиналған жалқыаяқ бар ма , ауырсына ма, бәріне көңіл бөлу керек .
Жатыр мойнының ашық –жабығына , орналасуына , көлеміне , жарақаттарына , ағып шығып жатқан жалқыаяқ –шырыштың сипатына көңіл бөледі.
Тік ішекке қол салып жатырдың көлемін, екі тармағының симметриясын, тығыздығын анықтайды, ішіне жиналған сұйықтың сипатын , сипағанда мал ауырсына ма , ыстығы бар ма , төңірегіндегі органдарға жабысып қалмады ма , бәрін анықтайды.
Осыдан кейін ұрық жолын сипалап оның диаметріне, температурасына , малдың ауырсынуына көңіл бөледі . Қалыпты жағдайда ұрық жолы қолға білінбейді .
Аналық ұрық безінің көлемі , сыртқы пішіні , тығыздығы, температурасы , күлдіреуік немесе фолликулдің , сары дененің болуы , ісініп ,ұстағанда малдың ауырсынуы ұрық безінің әртүрлі физиологиялық немесе патологиялық жағдайларына байланысты өзгеріп отырады .
4. Зертханалық зерттеу .Кейде клиникалық зерттеулерге қосымша зертханалық зерттеулер жүргізуге тура келеді . Атап айтқанда , жыныс органдарына рентгенография, рентгеноскопия , биопсия , эндоскопия жасау, қан, зәр , нәжісті биохимиялық зерттеуден өткізу , жыныс органдарынан ағып шыққан экссудатты, шырышты микроскопиялық , бактериологиялық зерттеуден өткізу, жемшөптің сапасын , агрохимзертханадан өткізіп тексеру , гинекологиялық аурулардың себебін , сипатын анықтауға үлкен көмек көрсетеді.
Бақылау сұрақтары:
Гинекологиялық зерттеу әдістеріне не жатады?
Клиникалық зерттеу қалай жүреді?
Зертханалық зерттеу қалай жүреді?
Гинекологиялық ауруларға диагноз қалай қояды?
Достарыңызбен бөлісу: |