Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институты


Шаруа басқарушыларының қызметі мен міндеттері



бет5/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.52 Mb.
#19764
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Шаруа басқарушыларының қызметі мен міндеттері

Шаруа бастығына өзіне бекітілген учаскедегі барлық әкімшілік және сот - полицейлік мәселелерді шешіп отыру тапсырылды, яғни бұрынғы уезд басқарушысымен бітістіруші судьялардың мойнындағы міндеттерді атқару жүктелді. Бұл туралы «Шаруа басқарушылары туралы Ереженің» 35 бабының қосымшасында Ақмола, Семей, Торғай және Орал облысының шаруа басқарушыларына Далалық облыстарды басқару туралы Ережеде көрсетілді.

Шаруа басқарушыларының міндеті 1902 жылы 10 маусымдағы Ақмола,Семей,Орал,Торғай облыстарында шаруа басқарушылары туралы Уақытша Ереже бойынша анықталып, сот-полицейлік дауларды шешуде «Жаза туралы Уставты» басшылыққа алды. Шаруа басқарушыларының қызметін екіге бөліп қарастыруға болады: әкімшілік және сот-полицейлік мәселелері. Шаруалар бастықтарына жаза туралы Уставтың 130,131,133-135,139-142,147-149,151-152 баптарында көрсетілген «теріс» іс-әрекеттері үшін сот-полицейлік істерді қарау тапсырылды. [69,593-594 пп]

Әкімшілік басқаруда учаске көлеміндегі барлық қоғамдық басқару жатқызылды. Шаруа басқарушысы бұқараның қоғамдық ақшасына бақылау жасады яғни шаруалардан түскен алымдарға, қарыз - жинақ кассаларына және учаскеде орналасқан банктерге бақылау жасай алды. Мысалы, Ақтөбе уезі 3 шаруа учаскесінің шаруалар бастығы 1912 жылы Әлімбет, Теректі, Ақтөбе болыстық несие-жинақ кассаларының іс жүргізуін тексереді. Әлімбет болыстық кассасының қызметін, іс жүргізуін шаруалар бастығы жақсы деген қорытынды жасады.Кассаның берген қарызы 2278 рубль 22 тиын құрады, оның 442 рубль 22 тиыны 1911 жылы астықтың шықпай қалуына байланысты шаруалар бастығы кейін төлеуге рұқсат берген.1912 жылдың 15 қыркүйегіне дейін төленбеген қарыздың көлемі 487 рубль 99 тиын құрады, қалған қарыздар төленген. Теректі несие кассасы бойынша басқарманың жылдық есебі дұрыс болмаған, өйткені жылдық есептің формасын есепші дұрыс түсінбеген, сондықтанда өткен жылғы қарыз төлеушілерге кейін төлеуге рұқсат беріледі.Ақтөбе болыстық несие кассасы бойынша жылдық есеп дұрыс жүргізілмеген. [82,2п]

Семей уезінің 3 учаскесі бойынша 1903 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан облыстық қазақтардың несие кассасына қазақтардың берешегі 1903 жылдан бастап 1913 жылдың 1тамызына дейін 45 299 рубльді құрады. Мерзімін өткізген борышкерлерге шара қолдануда шаруа бастығы болыс басқарушыларына барлық шараларды қабылдау туралы өкім шығарады және төлеген қарыз алушылардың тізімі мен төлем қағаздардың нөмірлері көрсетілуін талап етілді.Болыс басқарушылары шаруа бастықтарына әр ай сайын несиенің төленуі туралы мәлімет ұсынуы керек болды. Түскен мәліметтерге қарағанда қарыздардың түсуі төмен деңгейде болған. Шаруалар бастығы болыс басқарушыларының пайызды және өсімді дұрыс есептеуі үшін кесте жасады.

Шаруа бастықтары жылдың аяғында қоғамдық ақшаға есеп жүргізді және есептің қорытындысы ауылдық және болыстық жиында айтылатын болды. [83,21п]

1906 жылы 17 ақпанда Егіншілік және Жерге орналастыру Бас басқармасы қоныс аудару учаскелерінің меңгерушілері үшін берілген нұсқауда 57 бапқа түсінік береді. Ішкі істер министрлігі Торғай губернаторына 1907 жылы 18 желтоқсандағы арнаулы хатында олардың өкілеттілігінің ерекшелігін түсіндірді. Оның бір себебі қонысаудару учаскелерінің меңгерушілері шаруа басқарушыларының қызметін атқарды.

Ең маңыздысы, бұл шенеуніктердің қызметтік міндеттерін бірін- бірі қайталауы емес, сонымен бірге бұл шенеуніктердің арасында аудандардың бөлінбеуі де болды. Бұл өз кезегінде осы лауазым иелерінің арасында түсінбеушілікті туғызды, соның ішінде өзінің тікелей міндетін орындамау, болыстар мен ауыл старшындарына бақылау жоқтығынан көрінді т.б.

Ішкі істер министрлігі осы қалыптасқан жағдайға байланысты Егіншілік және Жерге орналастыру Бас басқармасымен біріге отырып шаруа басқарушылары мен қонысаудару учаскелерінің меңгерушілерінің қызметтік міндеттерін жетілдіру қажет деп есептеді. Шаруалар туралы Уставтың 438 бабына сәйкес оларға тапсырылған аудандардың көлемінде міндеттерді орындауды жүктеді. Онан да басқа ІІМ-гі 1907 жылы 18 желтоқсанда қоныс аудару басқармасының қонысаудару учаскелерінің меңгерушілеріне қоныс аудару ауданының шегінде шаруа басқарушыларының міндеттерін орындауды жүктеді.

Осыдан соң облыстардың әскер губернаторлары шаруа бастықтары мен қоныс аудару шенеуніктерінің арасында учаскелерді бөлу жәйі туралы шаруа бастықтарына және қоныс аудару учаскелерінің меңгерушілеріне ІІМ ұсынысын талқылау үшін жүгінді. Ақтөбе уезі қонысаудару учаскелері бар үш шаруа учаскесіне бөлінді. Облыстық басқарманың мүшелері әскери губернатордың тапсырмасымен шаруа басқарушыларының іс жүргізулерін және жұмысты ұйымдастыруларын тексеру үшін жіберіліп отырды.

Қазақстанда шаруаларды қоныстандырумен қонысаударушыларды басқару жөніндегі органдар пайда болды, соның ішінде Торғай-Орал ауданы бойынша қонысаудару ісінің меңгерушісі, облыстарда қонысаудару шнеуніктері еді. Шаруа бастықтарымен қонысаудару чиновниктері арасында қызметтері мен функционалды міндеттерін орындау барысында қарама қайшылық орын алды. Осыдан соң облыстардың әскери губернаторлары шаруа және уезд басқарушыларына, қоныс аудару учаскелерінің меңгерушілеріне шаруа басқарушыларымен және қоныстандыру шенеуніктерінің арасында учаскелерді бөлу жөніндегі ІІМ-нің ұсынысын талдауға ықылас білдірді. Ақтөбе уезі үш шаруа учаскесі және қоныстандыру учаскелеріне бөлінді яғни 1-шаруа учаскесіне 44 қонысаудару поселкелері енгізілді,2-учаскеге 23, ал 3- учаскеге 3 орыс учаскелері енді. Осы территория 3000 түтіні бар 3 кіші аудан меңгерушілері арасында бөлінді, бірақ Қоныстандыру басқармасы белгіленген норма бойынша әр учаскеде 7 мың түтін болуы керек. [84,451-565пп] Шаруа бастықтарымен қонысаударушы кіші аудан меңгерушілері арасында учаскелерді бөлуде әркелкілікті Ақтөбе уезінің 1 шаруа учаскесінің территориясынан айқын көруге болады. Шаруа бастығына 4 қазақ болыстарына ғана емес, сонымен бірге 44 қонысаудару учаскелеріне де бақылау жасауына тиісті болды. Әрине, осы жерде шаруа басқарушыларының бақылауындағы жерлерді басқаруда тәртіп, ұқыптылық жетпей жатты, шешім қабылдауда жайбарақаттық т.б. орын алды. Сондықтанда осы мәселені шешу үшін шаруа басқарушыларының уездік съезі 1907 жылы 7 шілдеде Ырғыз уезінің шаруа басқарушысын Ақтөбе уезіне көшіру туралы өтініш жасады. [84,15п]

Осыған байланысты Торғай облыстық басқармасы мәселені шешу үшін Ырғыз уездік шаруа басқарушылырының сьезіне талқылауға жібереді. Сьезге 1908 жылы 31 қаңтарда А.В. Козлина төрағалық етуімен шаруа басқарушылары М.Л.Шубин, Ырғыз уезінің басқарушысы Е.Л.Глембицкий осы уездің салық инспекторы В.П. Камсаков және басқалары қатысты. Ырғыз уезінде шаруа басқарушыларының санын азайту және осы бірлікті Ақтөбе уезіне беру туралы мәселені талқылаған кезде мұндай тәсілдің болу мүмкін еместігі жайында бір шешімге келді. Оған негіз болған төмендегі аспектілер:1. Ырғыз уезі (127300 шаршы метр) Ақтөбе уезінен 2,6 есе үлкен аумақты алып жатыр, болыстардың құрамындағы ауылдар ұлан-ғайыр аумақта шашырап жатты, ал, жазғы уақытта олар басқа уездің территориясына көшіп жүреді.

Шаруа басқарушысы жылына екі рет (жазда және қазан, қараша айларында жер тартыстарын т.б. шешу үшін өз учаскелерін аралап шығуға міндетті болды.) Сонымен бірге шаруа басқарушысы өз қарауындағы жерлерге шұғыл жағдайда жол сапарға шыға алатын болды. Учаскедегі болыс,ауылдардың арақашықтығының ұзақтығы, жол қатынасының қиындығына байланысты жолсапарлар 1 айға кей жағдайда онан да көп уақытқа созылатын болды.Осындай жағдайларға байланысты шаруа басқарушыларының қызметі қиын да ауыр болды, учаскелерге бөлуде және жаңа болыстардың келіп қосылуы уездік съезд мүшелерінің пікірінше шаруа басқарушыларының міндеттерін өз деңгейінде атқару мүмкін емес делінді. Сонымен бірге шаруа басқарушыларының ұзаққа созылатын жол сапарлары учаскенің іс қағаздарын жүргізуде теріс ықпалын тигізді. [84,451-465п]

Мына бір дерекке көз жүгіртсек, Ақтөбе уезінің 3 учаскесін шаруа бастығы Е.Е.Витман басқарды. 1907 жылы шілде айында Жер бөлімі басқарушысының көмекшісі Стыраонович тексеріп, бұл тексерудің қорытындысы кейіннен 1909 жылы «Известия Земского Отдела» журналының № 5 нөмірінде жарияланды. Учаске территориясында 1907 жылы 8 қазақ болысы Әлімбет, Ақтөбе, Теректі, Аралтөбе, Қарабұтақ, Қамсақты және 3 орыс болыстары Степная, Кось- Истекская, Херсон, барлығы 44 ауыл және 5 ауылдық қоғам кірді. Учаскенің солтүстік-шығысында қарай ең алыс нүктесі Қамсақты болысы саналады, шаруа бастығының камерасынан 130 шақырым жерде, ал оңтүстікте шеткі болыс Степная болысына дейін 55 шақырым, солтүстік- батыста Әлімбет болысы 90 шақырым жерде орналасты. Учаскенің аумағы Ақтөбе уезінің 1/3 бөлігін құрады. Осындай ұлан -ғайыр территорияны алып жатқанына қарамастан деді Стыраонович «Тек қана тәжірибелігі мен күш - қуаты, табандылығы мен білімі шаруа бастығы Витманға осы ұлан-ғайыр территорияны игеруге мүмкіндік берді.» деп жазды. [3105,2п] Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарында болыстық старшын және болыс басқарушысы алдын шаруалар бастығына болыстық жиында және болыстық съезде қаралатын істердің тізімін ұсынды. Олар болыстық жиында қаралатын мәселелерді толықтыра алатын болды. Егер шаруа басқарушысы болыстық немесе селолық жиынның шешімін заңға сәйкес емес деп тапса, шешімнің орындалуын тоқтата алады. Сонымен бірге шаруа басқарушысы уездік съезде болыс, ауыл жиындарының шешімін бекітуге ұсына алды. Шаруа бастықтарына немесе шаруа бастықтарының уездік съезіне бекітуге жіберілген селолық және ауылдық жиынның шешімдері арнайы кітапқа тіркелуі тиіс болды. [69,593-594 пп]

Ауылдық және селолық соттың қызметіне бақылау жүргізді, ол үшін болыстық және ауыл старшындарынан істердің тізімі алынды және қандай шешімдер заң күшіне енген және қаншасы орындалған, қаншасы орындалмаған осы тізім бойынша лауазымды тұлғалардан ай сайын шешімдердің орындалуы жөнінде мәлімет алып отырды, яғни бұл шаруа бастығына болыстық соттың және халық сотының шешімдерінің өз уақытында орындалуына бақылау жасай немесе қадағалай алатын болды.

Шаруа басқарушылары халық сотына бақылау жасап отырды. Болыстық сот шешімдерін және қазақтардың халық соты шешімдерін өзгертіп отырды. Семей уезі №3 шаруа учаскесі бойынша 1914 жылы қылмыстық іс бойынша 36 және азаматтық іс бойынша 68 істің шешімі орындалмады.[83,22п]

Халық соттарына шешім шығару үшін орысша білімді хатшылардың болмауы қиындық туғызған. Мысалы, бұл жағдайды Ырғыз уезі №1 учаскесінің шаруа басқарушысы 1911 жылға арналған есебінде көрсетеді. [78,139-140пп] Шаруа бастықтарының міндеттерінің бірі халық билерінің съезіне бақылау жасау болды, жыл сайын билер съезінің отырыстарында 2,5 мың дейін іс қаралатын болды. [84,22п]

Шаруа басқарушыларымен қонысаудару учаскелерінің менгерушілерінің арасында жер учаскелерін территориялық жағынан бөлу мәселесі Қостанай шаруа басқарушыларының уездік сьезінде 1909 жылы 9 ақпанда қаралады.Отырысқа қонысаудару учаскелерінің шенеуніктері А.Шемшайский, Қостанай уезінің басқарушысы М.Андреев, салық инспекторы Д.З.Степанков, шаруа басқарушысы А.В.Сутягин және басқалары қатысты. Олардың барлығы ішкі істер министрлігінің пікірімен келісті яғни жаңа қонысаудару учаскелер санының көбеюі және селолық болыстық қоғамдардың ұйымдастырылуына байланысты шаруа басқарушыларының міндеті аса ауқымды. Осыдан кейін Қостанай шаруа басқарушыларының уездік сьезі жаңа 5-ші шаруа учаскесін құруға өтініш етті.Қонысаудару шенеуніктерінің енбегін жеңілдету мақсатында уездік сьезд осыған дейін құрылған учаскелер мен енді ұйымдастырылатын учаскелер үшін. жерге иелік етуге құқ беретін жазба актілерін дайындап,басып шығаруға шешім шығарды. Бұл жағдай қонысаударушы чиновниктер үшін белгілі бір жұмыс көлемін азайтуға мүмкіндік береді.Сонымен бірге уездік сьезд шаруа басқарушыларының міндеттерін қонысаудару учаскелерінің меңгерушілеріне жүктеу мүмкін емес деп есептеді. [84,24-25п]

Сонымен қатар ІІМ қонысаудару шенеуніктеріне шаруа басқарушыларының міндеттерін орындауда оларға жүктелген ауыртпалықты бөлісу тек ақырғы жағдайда болу керек деп есептеді. [84,2п]

Торғай-Орал ауданы бойынша қонысаудару ісінің меңгерушісі Л.И.Цабель шаруа басқарушыларымен қонысаудару учаскелерінің меңгерушілері арасында аудандарды территориялық жағынан бөлу мәселесі жайында өз ұсынысын білдірді. Ол 1906 жылы жарық көрген нұсқаудың 57 бабына сәйкес қонысаударушы чиновниктерге орыс тұрғындары бар болыстар, сонымен бірге комиссиядан өткен және қабылданған бірақ орналасып болмаған учаскелер берілгені дұрыс деп есептеді. Сондай-ақ оның пікірінше қонысаудару шенеуніктері шаруа басқарушылармен бірдей жағдайда уездік сьездің мүшелері болуға тиісті деп есептеді. [84,11п] Біз көріп отырғандай қонысаудару учаскелерінің шенеуніктері шаруа басқарушыларының міндеттерін өз учаскелерінің көлемінде орындауға тиісті болды.

Торғай облыстық басқармасының 1909 жылы 15 мамырдағы отырысында шаруа басқарушыларымен қонысаудару учаскелерінің шенеуніктері арасындағы міндеттерді бөлу және нақты белгілеу жөнінде мәселе қаралды.Бұл маңызды мәселелердің бірі болды. Оның бір дәлелі мәселені талқылауға Торғай облысының әскери губернаторы И.М.Страховский, вице губернатор В.А.Мишин, Орынбор-Торғай жер және мемлекетік мүлік басқармасының бастығы В.А.Михайлов, Орынбор округтік сотының бастығы А.А.Быбин, Торғай ауданы бойынша қоныстандыру ісі меңгерушісі Н.Д.Михайлов қатысты. Бұл мәселеге назар аударудың бір себебі шаруа басқарушылары мен кіші аудан меңгерушілері де Торғай облысындағы қоныстанушыларды әкімшілік,шаруашылық жағынан басқарумен айналысты.Губернатор И.М.Страховский «осы лауазым иелерінің түрлі ведомсволарға бағынғанына қарамастан қызмет функциялары жақын, тіпті бірін-бірі ұқсас деді».Сонымен бірге губернатор олардың функционалды міндеттерінің нақты белгіленбегені, оларға бағынатын тұрғындарға қатысты «биліктің толыққанды» еместігін көрсетті. [85,1п]

Біз көріп отырғандай нормативті құжаттармен шаруа басқарушылар мен қонысаударушы шенеуніктерінің қызметінің басты бағыттары бойынша басшылыққа алатын құжаттың жоқтығы халықтың тұрмыс жағдайына әсер етіп,селолық қауымның және оның тұрмысының дұрыс ұйымдастырылмауын көрінді. Шаруалар шаруашылықтың жетілдірілген түріне көшуге дәрменсіз болды. Шаруа басқарушылары өз учаскелерінде қонысаударушыларды әкімшілік-қоғамдық жағынан орналастырумен айналысты.Сонымен бірге шаруалардың жер қатынастарын реттеуге және жерге байланысты алғашқы кедергілерді болдырмауға тиісті болды. Бірақ ,осы жерде шаруа басқарушылары өз қызметтік міндеттерін орындауда қайшылықтарға тап келді, өйткені шаруаларды жерге орналастыру және оларды есепке алу қонысаудару учаскелерінің меңгерушілерінің де міндетіне кірді. Екінші жағынан қонысаудару учаскелерінің меңгерушілері қоныстанушылар арасында жер қорын бөлуге шаруа басқарушыларымен қатыса алатын еді, бірақ қандай да бір таластарды шешуге құқығы болған жоқ. Осы жағдай шаруаларға шаруашылық қажеттеріне қарыз беруде де сақталды. Қонысаудару учаскелерінің меңгерушілеріне қарыз беруге өтініш етуге құқығы сақталғанмен, мәселені шешуге қатыстырылмады. Осы шенеуніктердің қызметінің екіұштылығы және айқын еместігі олардың функционалды қызметтерін немқұрайлы атқаруларына әкелді. Сонымен, қонысаудару учаскелерінің меңгерушілері қауымдық жер қажеттіліктерін жете ұғынбай жер учаскелерін формальды түрде есепке алумен шектелді. Ал шаруа басқарушылары әкімшілік және қоғамдық құрылымымен айналысты. Нәтижесінде жер қауымы өз деңгейінде дами алмай, тіпті қауым мүшелерінің өз ішінде қақтығыстар болып отырды.

Онан да басқа шаруа басқарушыларының қызметіне сараптама көрсеткендей оның қарауындағы территорияда қызметтік міндеттері қонысаудару учаскелерінің меңгерушілеріне қарағанда ауқымды екендігін көруге болады. Қостанай уезінде 4 басқарушысы, Ақтөбе уезінде 3 шаруа басқарушысы жұмыс істеді. Сонымен бірге, бұл тұрғындарды қамтуда шаруалардың жаппай қоныс аударуы басталған кезеңде белгіленген штат болатын. Қостанай уезінің 1-учаскесінде -10 болыс, 2-учаскесінде 11, 3-учаскесінде 14,4- учаскесінде 8 болыс болды.Болыстар саны жағынан жылдан жылға өсіп отырды. [85,1п]

Әрине, учаске аумағының ұлан-ғайыр жерді алып жатуы және болыстар санының үнемі өсіп отыруы, лек- легімен келіп жатқан қоныстанушыларды орналастыру жағдайында шаруа басқарушыларының өнімді енбек етуі мүмкін емес еді. Әсіресе бұл мәселе Торғай облысының Қостанай және Ақтөбе уездерінде шешуші мәселелердің бірі болды. Мысалы, 1909 жылға қарай Қостанай уезінде 160 мың қонысаударушы тұрып жатты. [85,2п]

Шаруа бастықтарымен қонысаудару учаскелерінің меңгерушілерінің қызмет аясының айқынсыздығы қонысаударушыларды орналастыруды қиындатты және тежеді. Сондықтанда Торғай облыс басқармасының 1909 жылы 15 мамырдағы отырысында шаруаларды орналастыру және оларды басқаруда барлық жұмыстарды шаруа басқарушыларымен қонысаудару учаскелерінің меңгерушілеріне тең бөліп беру ұсынылды. Торғай-Орал ауданы бойынша қоныстандыру ісінің меңгерушісі шаруа басқарушыларымен қоныстандыру учаскесінің меңгерушілері арасында учаскелерді қайтадан жоспарлауды ұсынды.Әсіресе қонысаударушылар ағылып келіп жатқан Қостанай және Ақтөбе уездерінде. Ол осы уездердің территориясында 7 шаруа және 9 қоныстандыру учаскелерін біріктіріп, 16 бірыңғай әкімшілік-территориялық учаскелер құруды ұсынды. Ол үшін басқаруды шаруа басқарушыларының да қонысаудару учаске меңгерушілерінің де билігін толық иеленетін 16 заңды чиновникке тапсыру керек. Сондықтанда қоныстандыру басқармасының меңгерушісінің пікірінше олардың қызметтік міндеттерін қайталау емес, керісінше өздеріне қарасты территорияларда әкімшілік және қоғамдық құрылымның жалпы міндеттерін шешуге, тұрғындар арасында дауларды шешу, бос жерлерді есепке алу,жер бөлу, жаңадан келген қонысаударушыларды тіркеу секілді жалпы міндеттерді шешуге күш жұмылдыру. [85,2п]

Шаруа бастықтарымен қоныстандыру учаскелерінің арасында міндеттерді заңды бөлу шаруа басқарушыларының Ақтөбе уездік сьезінің отырысында 1908 жылы 8 қаңтарда талқыланды. Аталмыш сьезд отырысында сондай-ақ қонысаударушыларға несие беруде өзара келісілмеген іс-әрекеттердің болғандығы туралы дерек келтіріледі. Қонысаударушыларға заңға сәйкес несие беру жөніндегі шешім Орынбор қаласында өткен кезектен тыс уездік съезде қаралды және шаруа басқарушылары жердің шалғайлығына байланысты түгелдей қатыса алмады. Осы жағдай шаруаларға несие беруде және шаруаларды орналастыруда әділетті шешім шығару мүмкін емес еді. [84,13-16п]

Шаруа бастықтары мен қонысаудару учаскелері меңгерушілері арасында өкілеттілікті бөлудің күрделі болу себебі кейінгілері шаруа басқарушыларының уездік съезіне мүше болған жоқ, аталмыш орган олардың қарамағындағы тұрғындарды басқаруда екінші инстанция болса да. Осы жерде түсініксіз жағдай қалыптасты яғни уездік съездің отырыстарында қонысаудару учаскелерінің меңгерушілері ұсынысымен қоныстанушыларға қатысты көптеген істер талқыланып жатты, бірақ олардың дауыс беруге құқығы болмады. Ақтөбе шаруа басқарушыларының уездік съезі 1908 жылы 8 қаңтарда 4 кіші аудан меңгерушілеріне шаруа басқарушыларының міндетін жүктеуге және шаруа басқарушыларының уездік съезіне құрамына тең құқылы мүшесі етуге шешім қабылдады. [84,15п]

Шаруа бастықтары өз қарауындағы учаске тұрғындарынан жиналатын салыққа бақылау жасау міндеті болды. Салымдар мен алымдарға үлкен маңыз беруі талап етіліп, шаруалардан алымдардың уақытында төленуіне жауапты болды. Мысалы, Семей уезі 3 учаскенің шаруа бастығының барлық алынуға тиісті салықтарды өндіру туралы болыс басқарушыларына 1913 жылдың өзінде екі рет жазбаша нұсқау береді. (12 наурыз, 4 қазан) Нұсқау орыс және қазақ тілдерінде басылған. Учаскені тексерген Облыстық басқарманың мүшесі Сайлотовтың мәліметтері бойынша учаске бойынша 1914 жылы шаңырақ салығының төленбегені 2,046 рубль 93 копеек құрады, яғни жалпы төленуге тиісті салықтың 9% төленбеген. Земстволық алымның 13 062 сомы өтелмеген, яғни алымның 60%. Орыс селолық қоғамдары бойынша Михайлов селолық қоғамы бойынша есептеліп, барлығы 174 сом өндірілген. Басқа қоғамдар жеңілдік мерзімдері әлі бітпегендіктен есепке енгізілмеген. Қазақтардың азық түлік берешегі 15 602 сом құрады, яғни барлық қарыздың 73 % өндірілмеген.[83,21п] Алымдарды жинау шаруа басқарушылары тарапынан аса қысыммен жүргізілген жағдайлар да кездесіп жатты. Салығын төлемеген шаруалардан салықтар әр түрлі жолмен және әдістермен жүргізілді: қамауға алу, дүние мүлкін сатуға көндіру, дене жарақатын салу, дүре соғу т.б. тәсілдер тән болды. [15,с.224]

Әрине, салық жинаумен тікелей ауыл старшындары, село старосталары айналысты, бірақ жыл сайын салықтың жиналуына наразы болған тұрғындардан шағымдар түсіп жатты. Көптеген ауыл старшындары сауатсыз болды. Ырғыз уезі 1 шаруа учаскесінің шаруа басқарушысы осы міндетті жетілдіру үшін қазақтардан салық жинау уақытында ауыл старшындарының үстінен бақылауды күшейту үшін ауыл старшындарына хатшылар тағайындады, яғни барлық келіп түскен түсімдерді ерекше кітапқа тіркеді және салығын төлегендерге түбіртек беріп отырды. Осы қабылдаған шараларға байланысты Ырғыз уезінің шаруа басқарушысы былай деп жазды «1911 жылы қазақтардың тарапынан салықты төлеуге байланысты шағымдар түскен жоқ, ал ауыл старшындары өздеріне қарасты тұрғындарға салық төлетуді дұрыс және қатаң жолға қоюға мүмкіндік алды». Бұл екі жақты оң шешім болды. Сонымен бірге ауыл старшындарының іс жүргізуін бірнеше рет тексере келе қазақ тұрғындары үшін мұндай түбіртек кітабы түсінікті және хатшыларға оны жүргізу еш қиындық келтірмейтінін жазады. Сондықтанда ол тиімді және қажет болды. [77,139п]

Шаруалар бастықтары жыл сайын уездік съезге өз учаскесіндегі орыс,қазақ болыстарының саны, болыстар бойынша ауылдардағы шаңырақ саны, жер көлемі мен малдың саны, астықтың түсімі, тұрғындардан түсетін салықтың көлемі, мектеп ісі, халық соттарында, болыстық соттағы қаралған істердің саны, орындалуы, учаскедегі қоныс аудару шаралары т.б. мәселелер туралы уездік съезге есеп берді.

Шаруа бастықтарының қызметіндегі маңызды бағыттарының бірі өз қарауындағы орыс, қазақ болыстарының болыс басқарушыларын, ауыл старшындарын, болыстық басқармалардың қызметтік міндеттерін орындауын бақылау, тексеру міндеті болды.

Семей облыстық басқармасының жалпы отырысында 1915 жылы 12 ақпанда Қарқаралы уезінің 1 учаскесінің шаруа бастығы жүргізген Күзек және Дегелен болыс басқарушыларының 1914 жылғы іс жүргізулерін тексеру хаттамасы қаралады. Осы болыстар бойынша шаруа бастығы төмендегідей кемшіліктерді анықтады: тексеру кітабында өткен тексеруде анықталған кемшіліктерді жою туралы белгі жоқ; болыс басқарушысының қаулыларды, келісім шарттарды тіркеу кітабы жоқ; лауазымды тұлғалардың бұқаралық және қазыналық алым салықты жинау кітабы жүргізілмеген, ауылдар бойынша отбасылық тізім кітабы болмай шықты,адамдарды түрмеге қамау кітабы жүргізілмеген. Болыс басқарушысы Жаппас Ақаев іс жүргізумен жақсы таныс, хатшы Перов 1913 жылдың шілдесінен бастап қызмет етуде.

Дегелен болыстық басқарушысын тексеру барысында төмендегі кемшіліктер анықталды;

а\тексерудің ескертулер кітабы жүргізілмейді.

б\кіріс қағаздарының журналы бойынша 1914 жылдың 1 қаңтарынан тексеру күніне дейін 769 құжат келіп түскен, олардың санының аздығына қарамастан, құжаттардың көпшілік бөлігі орындалмаған, ал кейбір орындалғаны, журналдың тиісті бағанына белгіленбеген.

в\ ауылдар бойынша отбасылық тізім кітабы болмай шықты.

г\келісім шарттар, өсиеттерді тіркеу кітабы жүргізілмеген.

д\ басқарма мүлкі еш жерде тіркелмеген.

е\ болыстық басқарушының істері мен кітаптары бұрын жүргізілмеген, тек тексеру алдында толтырыла бастады.

Болыс басқарушысы Әлиен Белгібаев 3 жыл қызмет еткен, қызметтік міндетімен жеткілікті түрде таныс, жауапқа тартылмаған, айына 36 сом жалақы алды.Болыстық хатшы – қазақ Қалиақпар Айдаров 1914 жылдың 20 мамырынан қызметте, айына 30 сом жалақы алды. Тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді жою үшін екі ай мерзім тағайындалып, Күзек және Дегелең болыстық басқарушыларының іс жүргізулері бойынша баяндалған есеп мәліметтері Дала генерал- губернаторы мен Ішкі Істер Министрлігінің Жер бөліміне ұсынылатын болды. [83,232-233пп]

Семей облысы, Павлодар уезі 1 учаскесінің шаруа бастығы 1914жылы Александров, Орловск болыстық басқармасын, болыстық соттың іс жүргізуін тексереді. Шаруа бастығы болыстық хатшы Сизовскийдің іс жүргізудегі салақтығына көңіл аударды.Мысалы, 1913 жылы 211, ал 1914 жылы 115 кіріс қағаздары орындалу жәйі туралы белгі жоқ, кіріс және шығыс қағаздарын тіркеу сауатсыз атқарылған, селолық қоғамдар бойынша түскен салықтардың түсуі туралы белгі жоқ. Болыс басқарушысы Александров поселкасының шаруасы А. Хроморов өзінің қызметін біледі, сауаты орташа, салық жинауда, азық- түлік төлемдерін реттеуде жауапкершілігі жетпейді деді шаруа бастығы. [83,223-225пп]

Ырғыз уезінің 1- учаскесінің шаруа бастығы болыс басқарушыларымен ауыл старшындарының өз міндеттерін мұқият, сапалы орындауы үшін 1910 жылы нұсқау дайындады, онда осы лауазым иелерінің есеп беруге тиісті міндеттердің тізімі бөлімдер бойынша көрсетілген. [78,139п] Сонымен бірге Ырғыз уезінің 1учаскесінің шаруа бастығы осы лауазымды тұлғаларды басқару мен бақылаудың тиімділігін арттыру үшін оларды сол тұрғылықты жерінде іс жүргізуді ұйымдастыруын жиі-жиі тексеріп тұру керек деп есептеді. Бұл оның пікірінше олардың жіберген қателіктерін дер кезінде түзетуге және әр нақты жағдайға байланысты түсінік беріп, яғни олардың қызметін нәтижелі етеді. Ырғыз уезінің 1- учаскесінің шаруа бастығы 1911 жылғы есебінде ауыл старшындарын жиі тексеру оларды жұмыс істеуге мәжбүр етеді және тапсырманың ойдағыдай орындалуына себеп болады деп көрсетеді. [78,141п] Қостанай уезінің учаскесінің шаруа бастығы болыс басқарушыларымен ауыл старшындарын тексеру мақсатында 1909 жылы 23 тексеру жұмыстарын жүргізді. [84,6п]

Шаруа бастықтары уездің ішіндегі бір ауылдық қоғамнан екіншісіне көшуге рұқсат етіп отырды, шаңырақ иелерінің бір уезден екіншісіне көшуіне шаруа басқарушыларының уездік съезінде өз шешімімен бекітіп және облыстық басқарманың жалпы мәжілісіне ұсына алды.

Шаруа басқарушыларының маңызды міндеттерінің бірі өзінің қол астындағы тұрғындарды тізімге алу болды. Ауыл старшындары және болыс басқарушылары ауылдар бойынша отбасы мүшелерінің тізімін жүргізді және бұл тізімдер жыл сайын қаңтарда тексеріліп, шаруа бастығына тапсырылуы керек болды. Cелолық және ауылдық съездерде жыл бойы отбасы мүшелерінің кеткені немесе келгені туралы отбасылық тізімдердің кітабында белгіленетін болды. Семей уезінің шаруа бастығы Данилов 26 ақпан 1913 жылғы № 446 хаты бойынша болыс басқарушыларына отбасы мүшелерінің тізімін жүргізу туралы нұсқау берген. Бірақ бұл тапсырма орындалмаған. [83,22п] Шаруа бастығы отбасылық тізімдерді тексеріп отырды.

Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуына байланысты, қоныс аударушыларды орналастыру, жер бөліп беру, оларға несие беру шаруа басқарушыларының міндеті болды. Оларға жаңа жерде шаруашылықтарын қолайлы жасап алуларына мүмкіндік туғызу,жер алғандардың дұрыс орналасуы, өз отанында айналысқан шаруашылық формасымен айналысуына мүмкіндік туғызу қажет болды. Шаруа бастығы қонысаударушыға орналасуына құқ беретін куәлікті отбасының басшысына орналасуға дейін беретін болды, орналастыру билетінсіз қонысаударушы учаске жерін пайдалануға, үй тұрғызуға, егін егумен шөп шабуға рұқсат берілмеді.

Шаруа бастығы орыс шаруаларымен жергілікті қазақтарды басқаруда облыстық басқармамен әскери губернатордың тапсырмасын жүзеге асырды яғни жоғары басшылықтың қаулы шешімдерінің орындалуын қадағалады.

Шаруа бастықтарының міндетіне астық қоймаларын, шөп, ауыл-шаруашылық құралдарының қоймасын ұйымдастыру мәселелері т.б. кіреді.

Шаруа бастықтары Уездік съезге болыс басқарушыларын, ауыл старшындарын қызметінен алу туралы ұсыныс жасап, съездің шешімімен әскери губернаторға бекітуге ұсынып, болыс басқарушыларын, ауыл старшындарын қызметінен босату құқығына да ие болды.

Шаруа бастықтары қызмет барысында лауазымды тұлғаларды яғни болыс басқарушылары, ауыл старшындары, халық соттарының үстінен түскен шағымдарды қарады. уездік съездің шешімімен, әскери губернатордың бекітуіне ұсынып,. Шаруа бастығының лауазымды тұлғаларды қызметінен алу жөніндегі ұсынысы, шаруа бастықтарының уездік съезінің шешімі бола тұра Облыстық басқарманың бұл шешімді бекітпеген жағдайлар кездесіп жатты. Мысалы, 1903 жылы желтоқсанның 5 күні Торғай облыстық басқармасы Қостанай уезі Обаған болысының №2 ауылының халық соты Жанторинді, Аққарағай болысының 1 ауылының халық соты Жауғаштинді және Аққарағай болысының болыс басқарушысына кандидат Қанаевты қызметтерінен алу жөнінде Қостанай уезінің шаруа бастықтарының уездік съезінің 1903 жылы 23 шілдедегі хаттамасы тыңдалды. Онда Қостанай уезінің 1- учаскесінің шаруа бастығының ұсынысымен аталған лауазым иелері, ықпалды адамдар ретінде жер дауы бойынша өтетін съездерде үкім шығаруға қатты қысым көрсетеді деген айып тағылады. Осыған байланысты Шаруа бастықтары туралы Уақытша ереженің 46, 61 және 71 баптарына сәйкес қызметінен алу туралы Қостанай уезінің шаруа бастықтарының съезі шешім қабылдап, әскери губернаторға бекітуге ұсынады. Бірақ облыстық басқарма Уездік съездің хаттамасында Жанторин, Жауғаштин, Қанаевтың өздерінің қызмет бабына сәйкес қызметтік міндеттерін орындамау туралы немесе қызмет бабын пайдалану туралы мәліметтері болмағандықтан, жер дауына байланысты съездің үкіміне ықпал ету Далалық Ереженің 123 бабына сәйкес олардың қызмет лауазымына берілген құқық екенін ескере отырып, съездің хаттамасын шаруа бастықтары туралы Ереженің 42 бабын анық бұзған ,яғни ,өз билігін асыра пайдаланған деп танып Жанторин, Жауғаштин, Қанаевты қызметінен алу туралы Қостанай уездік съезінің қаулысы күшін жойсын делінді. [86,44п]

Шаруа бастықтарының лауазымды тұлғалардың үстінен түскен шағымдарды қарауға міндетті болғандығын мына бір дерек дәлелдей түскендей Семей уезі 3 учаскенің шаруа бастығына Шаған, Бүлікші және Мұқыр ауылдарының тұрғындарынан ауыл старшындарының артық салық жинағаны үшін шағымданады, шаруа бастығы бұл істі ауылдың шаңырақ иелерінен сұрау жүргізу арқылы шешкен, бірақ кейіннен ауыл тұрғындары ешқандай да артық салық төлемегендері туралы айтады. Осы учаскені тексерген облыстық басқарманың міндетті мүшесінің пікірінше шаруа бастығы бұл жерде ру-аралық қақтығыстарды ескере отырып, ауылдың ақша түбіртек кітабында бірнеше жазбаларды салық төлеушілердің түбіртегімен салыстыру керек еді және ауыл старшындары ақталғаннан кейін, кінәлі жалған айтушыларды сот жауапкершілігіне тартылуы керек еді, тек ғана осындай жолмен ғана жалған айтушылармен күрес жүреді деген пікір айтады. [83,23п]

Торғай уездік басқармасы 1902 жылы 1 желтоқсанда лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттері туралы шағымданған істердің тізімін Торғай уезінің 2 учаскесінің шаруа бастығына қарауына берген.Істердің мазмұнына төмендегідей:

-Қарақұйын болысының болыс басқарушысы өз қызметін атқаруда заңсыз әрекеттері жөнінде №4 ауылдың қазақтары Бекболат Маралов пен Байтұяқ Қысыбаевтың шағымы туралы іс (15бет);

-Қарақұйын болысы №6 ауыл старшыны М.Жақсылықовтың артық салық салғаны үшін айыптау туралы;

-Сарытоғай болысының №4 аулының халық судьясы Беріковті мал ұрлағаны үшін айыптау туралы іс.(8бет);

-Сарықопа болысының басқарушысы саудагер Усмановтан ақша талап еткені үшін (30бет)

-Сарытоғай болысының басқарушысының пара алғаны үшін айыптау (2 бет) т.б. [87,1-3 пп.] Бірақ шаруа бастықтарының істерді қалай жүргізгендері туралы дерек жоқ.



Шаруа басқарушылары ауылдық, болыстық қызмет орындарына тағайындау, бекіту құқын кеңінен пайдаланды. Болыс басқарушыларымен ауыл старшындарын, селолық старосталарын сайлауға қатысып отырды және сайлау кезінде асыра сілтеушіліктерге жол беріп отырды.

Мыс. 1904 жылы 20 ақпанда әскери губернатор А.А.Ломачевскийдің төрағалық етуімен, Торғай облыстық басқармасының жалпы отырысы Қостанай уезінің №4 учаскісінің шаруа бастығының Елизаветта және Асинкрити болыстарының селолық старосталарын, хатшыларын, судьяларын тағайындауда съездің шешімі бір ғана шаруа басқарушының ұсынысымен жасалған. Бірақ Торғай облыстық басқармасының жалпы мәжілісі бұл хаттаманың шешімін жарамсыз деп тапқан. [86,77-78пп]

Ақтөбе уезі №1 учаскесінің кіші аудан меңгерушісі В.И.Какитаға қонысаударушы Флоренскийге үй - жай салу үшін берілетін 75 сом несие ақшаның 50 рубльін өзіне алып, заңсыз іс әрекет жасағаны үшін ескерту жасалған. [88,41-43пп]

Шаруа бастығына болыстық және ауыл старшындарының съезіне қатысу міндеті болды.

Болыстық және ауылдық съездің қаулысының негізінде шаруа басқарушысы осы шешімдердің орындалуы үшін шараларды белгіледі немесе жоғары орындарға соның ішінде облыстық басқармаға жүгініп отырды.Сонымен, Ырғыз уезінің 1- учаскесінің шаруа бастығы 1911 жылы болыс басқарушысының кеңсесінде болып, қоғамдық келісімдерді, лауазымды тұлғалардың қызметіне байланысты шағымдарды және қазақтардың жер үшін дау,таластарына тергеу жүргізді. 1911 жылы шаруа басқарушысының атына болыс басқарушылары мен ауыл старшындарына теріс іс-әрекеттері туралы 18 шағым, халық соттарының шешімдерін өзгертуге 25 шағым келіп түскен.Ырғыз уезінің 1учаскесінің шаруа бастығына 1911 жылы айналысуға тура келген маңызды мәселелер осы болды. [78,141п]

Шаруа бастықтары туралы Ереженің 36-39 бабының қосымшасына сәйкес, шаруа басқарушыларына Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарында сот-полицейлік дауларды шешу жүктелді. Ереженің 36-37 және 6 баптың I бөліміне сәйкес шаруа басқарушыларына бағынатын учаскелерде бітістіруші судьялардың сот ісіне кірісуіне тыйым салынды. [66,352п]

Шаруа бастығына шаруаларға 15 рубльге дейін, ал шаруа басқарушысының көмекшілері 7 рубльге дейін ақшалай айыппұл сала алатын болды және 3-7 күнге дейін қамауға алуға құқысы болды.

Шаруа бастықтарының басты міндеті деревняда,ауылда тәртіп сақтау. Сондықтанда оны шешу үшін шаруалардың өзін-өзі басқаруына, ауылдық, болыстық съездерге өздерінің билігін жүргізді.



Уезд басқарушысына қарағанда шаруа басқарушысы жылына 5-6 рет өздеріне қарасты болыстарды аралап шығуға мүмкіндіктері болды,яғни бұл лауазым иелерінің (болыс және ауыл старшындарына) қызметіне бақылауды күшейтуге және олардың болыстық және халық соттарының съезіне белсенді қатысуына ықпал етті. Мысалы, Ақтөбе уезінің 3- учаскесінің шаруа бастығы халық соттарының қызметіне үлкен көңіл бөлді, яғни 1903 жылы мыңға жуық іс қаралған халық соттарының болыстық съезіне қатысып отырған, бұл жылқы ұрлаудың азаюына әкелді. [76,67п] Билер соты 3 категорияға бөлінді: жеке билер соты, болыстық билер соты, билердің төтенше съезі. Жеке билер соты 300 рубльге дейін талап еткен істерді қарауға құқығы болды, олар тек 30 рубль дейінгі істерге шешім шығара алды.Бұл бағадан жоғары талап етілген істерді билердің болыстық сотына жібереді, съезге шақыру уақыты еркін, болыстық басқарушыға байланысты болды. Жеке билер сотының аяқталмаған істері болыс басқарушысына онан әрі билер сотына жіберілетін болды. Билердің болыстық соты барлық суммада істерді талап етуі тек 500 рубльге дейін талап еткен істер бойынша ақырғы шешімді шығара алады. Болыстық билер сотының аяқталмаған істерін уезд басқарушысына беріледі, ал одан жоғары инстанция-облыстық басқармаға жолданады. Облыстық басқарма билердің болыстық сотының шешімін бекітуге құқығы бар немесе аса қажет болған жағдайда билердің төтенше съезін шақыра алады. [89,с.102п] Жеке билер сотында істі тергеу кезінде іске қатысы бар мүдделі адамдар ғана қатыса алды. Сотқа шынайылық,жариялық беру үшін шаруа басқарушылары жеке билер соты қарайтын істерді болыс басқарушысының кеңсесінде тергеу, қарау қажет.Бұл шара жеке билер сотының қаулысына шағымдарды азайтып қана қоймай, сонымен бірге болыс басқарушысының кеңсесінде істердің жинақталып, халық сотының іс қағаздарын белгілі бір жағдайда ретке келтіреді. [78,140п]

Торғай облыстық басқармасының мүшелері әскери губернатордың өкімімен шаруа басқарушыларының жұмысының ұйымдастырылуын және іс қағаздарының жүргізілуін тексеру үшін жіберіліп отырды. Торғай және Ақтөбе уездеріне 1912-1913 жылдары шаруа басқарушыларының уездік съезінің қызметін тексеру үшін Торғай облыстық басқармасының мүшесі Н.В.Безобразов келді.

Ақтөбе уезінің 3 учаскесінің шаруа басқарушысы Евгений Евгеньевич Витманды 1912 жылы 10,11,12 қарашада тексерген. [82,1-10пп]

Семей облыстық басқармасының жалпы мәжілісінде осы басқарманың міндетті мүшесі Л.Сайлотовтың 1915 жылы мамыр айында Зайсан уезінің 1 учаскесінің шаруа бастығы Г. Селезневтің қызметін тексеру есебі тыңдалды. Есепке анализ жасай отырып шаруа басқарушыларының функциональды қызметін айқындауға және аймақ әкімшілігінің оларға қойған талаптарын көруге болады. Шаруа басқарушысының қызметі туралы қаулыда өз міндетін қалай жүзеге асырғандығы туралы сөз болады.

а) шаруа басқарушысының ауылдық жиынмен болыстық съездердің шешімдеріне бақылау жасауы, шешімдер көрсетілген талапқа сәйкес ерекше кітапқа тіркеліп отырған.1915 жылы 15 шешім тіркеліп, олардың барлығы шаруа басқарушысы тарапынан мақұлданып және орындауға жіберілген.

б) шаруа басқарушысының капиталға бақылауын жыл сайынғы болыс басқарушыларымен ауыл старшындарынан талап етілетін капитал балансы туралы есептерінен сондай-ақ осы капиталдың шығыны туралы қараған шешімдерінен көруге болады. 1915 жылы 7 қазақ болысынан жиналған қаржы капиталы 616 рубль 97 коп. құрады.

в) лауазым иелерінің қызметіне бақылау жасалып, соның ішінде болыс басқарушылары, ауыл старшындары тексеру кезінде орындарында болуы керек, басқарушылардың теріс әрекеттері туралы шағымдарды шешу, үкім бойынша әкімшілік жазалау, болыс басқарушыларынан және ауыл старшындарынан ақшалардың есебін талап ету.

г) ауылдық және селолық соттардың қызметіне бақылау жасалып, шешілмеген істердің жиналып қалмауы үшін ай сайын істердің қозғалысы туралы мәлімет алынып отырды.

д) отбасылардың тізімі ретке келтіру, шаруа бастықтарының болыс басқарушыларымен және ауыл старшындарының есеп мәліметтерінен көруге болады.

1\ Аяқталмаған істердің жинақталуын азайту мақсатында мәліметтерді өз уақытында өткізіп отыру және іске қатысатын шеткі болыстардың тұрғындарын алдын- ала қаралатын істің күнін және орнын алдын ала ескертіп шақырту қағазын жіберу және болыс басқарушыларын мен ауыл старшындарын хабардар ету және осы процеске қатысатындарды толық қамтамасыз ету тапсырылады. Қаралатын істің күнін және орнын осы іске қатысатын шетке болыс тұрғындарын алдын ала шақырту қағаздарын жіберіп және болыс басқарушыларымен ауыл старшындарына осы процеске қатысатындардың толық қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды.

2\ Шаруа басқарушысы жетімдердің жеке басымен мүлкін қамқорлыққа алуды жалғастыруы керек, сондықтанда болыс басқарушыларымен ауыл старшындарынан жетімдердің тізімін болыстық және ауылдық қоғамнан оларға қамқоршылар тағайындауды талап етуге міндетті болды.

3\ Шаруа бастығына өз қарамағындағы қызмет адамын жазаға тартпас бұрын одан түсініктеме алу талап етілді. Шын мәнінде облыстық әкімшілік \басқарма\ түсіндіреді немесе шаруа басқарушысы туралы Ереженің 446 бабына сәйкес түсіндіреді. Жазалау құқын пайдалану үшін алдымен формальді түрде болса да тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. «Басқа жағдайда бұл артық талап ету» деп саналады.

4\ Шаруашылықтың жағдайына бақылау жасау үшін шаруа басқарушыларына қоғамдық басқарманың барлық төлемдері және кірістері туралы мәлімет алып тұруы керек болды.

5\Шаруа басқарушысына оның қарамағындағы адам дөрекілік көрсеткен жағдайда ол «Шаруа басқарушылары туралы Ереженің» 445 бабына сәйкес кінәліні жазалауға құқығы болды.

6\Шаруа басқарушысы өз жарлығымен қоғамдық басқарманың лауазымды тұлғаларынан \болыс басқарушылары мен ауыл старшындарынан жыл сайын ақшаның суммасының есебін тағайындауы керек болды.

7\ Шаруа басқарушысына оның шешімдерінің міндетті түрде мүлтіксіз орындалуын және аймақ әкімшілігінің қоғамдық басқарманың қызмет адамдарынан олардың шешімдерінің мүлтіксіз орындалуын талап етіп отырды.

8\Шаруа бастығы қоныс аударушылардың орналасуына бақылау жасап отыруға тиісті болды, қоныстандыру учаскелеріне орналастыру қоныстану билеті болған жағдайда мүмкін болды. [83,124-126пп]

Шаруа бастықтары жер мәселесі төңірегіндегі таластарды шешіп отырды.Ол туралы келесі тарауларда толығырақ айтылатын болады.

Қостанай уезі 4 учаскенің шаруа бастығы 1909 жылға арналған есебінде учаске бойынша есепті жылда 4 іссапар ұйымдастырған, 4 ақпаннан 5 наурызға дейін, 18 мамырдан - 15 маусымға дейін, 27 шілде -31 тамызға дейін, 8 қазаннан-4 желтоқсанға дейін. Жол сапар кезінде барлық болыс басқарушылары, болыстық басқарма,13 ауыл старшыны, 5 селолық староста және 10 халық соты тексерілген. Қостанай уезі 4 учаскесінің шаруа бастығы 1909 жылға арналған есебінде 15 оқиға бойынша Шаруа бастықтары туралы ереженің 446 бабы бойынша шаралар қолданылды: 9 айып салынды, 3 адам қамауға алынды, 2 адамға сөгіс берілді, 2 адам қызметінен алынды, халық соттарының съезіне келмегені үшін 8 сотқа айып салынды. [78,11п] Қостанай уезі 4 учаскесінің шаруа бастығының есеп беруі бойынша 1909 жылға арналған әкімшілік және сот- полициялық істердің қозғалысы төмендегідей болды. [78,22-23пп]

Кесте 2





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет