Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институты


Деректердің екінші кешені



бет2/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.52 Mb.
#19764
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Деректердің екінші кешені жергілікті халықтың әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің жергілікті және орталық биліктің әкімшілік органдарына жазған өтініштері, хаттар, арыз- шағымдарынан тұрады. Мұнда олардың шаруа бастықтарымен арақатынасы бейнеленген. Мысалы, қазақтардың шаруа бастықтарының қызметіне жасаған шағымдарын анықтадық. Соның ішінде Семей уезінің 1 учаскесінің шаруа бастығы Альфонс Игнатьевич Шелькингтің қызметін пайдаланғаны үшін қылмысты іс (2544-іс, 1-тізім, 64- қор), Павлодар уезінің 2 учаскесінің шаруа бастығы коллеждік секретарь Катасоновтың мал ұрлаушы қазақтарды жасыруы, бай қазақтардан ақша алым жинауы (2488-іс, 1-тізім, 64- қор, Құлынды болысының №15 ауылының қазағы Жұбандық Балғымбаев (1907-1911 жылдары) Өскемен уезінің 2 учаскесінің Шаруа бастығы Кожевниктің теріс әрекеттеріне шағымданған болатын (2523-іс, 1-тізім, 64- қор), Тосын болысының болыс басқарушысы Ж.Дауренбековтың заңсыз қызметтен босатқаны үшін Торғай уезінің 1 учаскесінің шаруа бастығы Березиннің үстінен шағым жасауы (3203-іс, 1-тізім, 25- қор) т.б. Бұл құжаттардың барлығы шаруа бастықтары қызметінің бір жақты еместігін ашып көрсетеді, көбінесе өз өкілеттіктерін жеке баю үшін немесе оларға әкімшілік тұлғалардың бағынышты болуын қалап, рулық топтар арасындағы күреске қатысу үшін пайдаланған. Сонымен қатар, мұның екінші жағы да болды, яғни, шаруа бастығы жоғары тұрған инстанцияларға болыстық немесе ауылдық старшындардың нұсқауларды орындамауы туралы арыздары беріп жатты. Шаруа бастықтары барымташылардың мал ұрлағаны үшін әкімшілік тәртіппен облыстан қуылуы туралы баянхаттарды жиі жазған. (2328-іс, 1-тізбе, 64-қор)

Деректердің үшінші кешенінде шаруа бастықтарының уездік съездерінің қызметі сипатталады. ҚР орталық мемлекеттік мұрағатында 1903, 1905, 1908-1910жж шаруа бастықтарының уездік съездерінің қызметі туралы, болыстық соттар мен болыстық басқармалардың есеп берулері сақталған. Бұл құжаттарда Далалық өлкедегі жаңа институттың қызметі айтылады, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша, өз учаскесін көріктендіру (әкімшілік ғимараттардың, жалпы білім беру мектептерінің, жәрмеңкелердің құрылысы, халық- ағартуды ісін дамыту, жетімдерді қамқорлыққа алуды рәсімдеу бойынша әлеуметтік жұмыс және т.б.) баяндалады. Сонымен бірге шаруа бастықтарының өз учаскелері бойынша уездік съезге берген есептері маңызды дерек саналады.

Революцияға дейінгі жарияланған деректердің ішінде «Ресей империясының заңдарының толық жинағына» кірген патшалық үкіметтің заңнамалық актілері маңызды орын алады. Зерттеліп отырған мәселенің контексінде аясында маңызды құжат император II Николайдың «Шаруа бастықтары туралы 02.06.1898 жылы бекітілген Уақытша Ереженің Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарына таратылуы туралы» Жарлығы болып табылады.[27]

Шаруа бастықтары туралы мәселені зерттеуде «Айқап» журналы[28] мен «Қазақ» газеті[29] шаруа бастықтарының халық соттарын сайлау, бақылау жүргізу, қазақтармен шаруа бастықтарының қарым- қатынасы (халық соты, болыс басқарушыларын, ауыл старшындарын, билерді сайлауда, жер мәселесі төңірегіндегі шаруа бастықтарының ұстанымдары, кейбір шаруа бастықтарының өз биліктерін асыра пайдалануы) сөз болады.

«Тургайская газета», «Тургайская областные ведомости», «Оренбургский край» мерзімді басылымдарының материалдары Дала генерал губернаторлығында шаруа бастықтары съезінің Омбы қаласында ашылуына император II Николай патшаның құттықтау жеделхаты, шаруа бастықтары институтының енгізілуі, әскери губернаторлардың өкімдері, Торғай облыстық басқармасының жалпы отырысының шешімдері шаруа бастықтарының ұсынысымен жерді арендаға беру, бір ауылдық қоғамнан екіншісіне көшіру, шаруа учаскелерінің кестесі, шаруа бастықтарының Қостанай, Ақтөбе Торғай уездік съездерінің қызметі, шаруа басқарушыларының уездік съезінің отырыстарының кестесі т.б. шаруа бастықтарының қызметін жан - жақты қарастыруға септігін тигізеді. [30] Cондай-ақ Орал, Торғай, Ақмола,Семей облыстарының «Шолулары», «Естелік кітаптары мен адрес- календарлары және «Анықтамалық кітапшалары» негізгі дерек көздері болып табылады.[31]

Сонымен бірге шаруа бастықтарының қызметінің басты бағыттарын айқындауда мына құжаттар мен материалдар жинақтары, баспасөз материалдары қолданылды: «Полное собрание законов Российской империи», «Материалы по истории политического строя Казахстана», «Журнал совещания о землеустройстве киргиз», Рабочие и аграрное движение в Казахстане в 1907-1914 годах, «Сборник законов и распоряжений по переселенческому делу», «Вопросы колонизации». [32]

Шаруа бастықтары институты тақырыбы бойынша ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов,А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышпаевтың шығармалары да маңызды негізгі дерек көзі болып табылады. [33]



Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мыналардан тұрады:

- зерттеу жұмысы Қазақстандағы шаруа бастықтары институтын енгізу үрдісін кешенді зерттеудің алғашқы тәжірибесі болып табылады.

- Ресей империясының аграрлы саясатының контексінде қазақтарды социумының трансформациялық дәрежесі мен механизмін және оның қазақ қоғамы үшін себеп- салдарын анықтауға тырыстық.

- еңбекте отандық тарихнамада алғашқы рет шаруа бастықтарының қызметі туралы деректер жүйеленді.

- шаруа бастықтарының білім деңгейі, әлеуметтік тегі, қызмет орнын т.б. анықтаған жүйелі кесте жасалды.

- қазақтардың шаруа бастықтарымен ынтымақтасудан ашық қарсылыққа дейінгі күрделі спектрінің толық көрінісін құрастырылды.

- орыс үкіметінің аграрлық саясаты Қазақстанның далалық облыстарында және Сібір губернияларымен қатынасына салыстырмалы талданды

-

Зерттеу жұмысының ғылыми - практикалық маңызы. Қоғамдық дамудың қазіргі кезеңінде XX ғ. басындағы жаңа әкімшілік басқару мәселесін ғылыми талдаудың қажеттілігі өсті. Қазақ халқының өткен тарихын зерттеу, ұлттық заңдылықтар мен әлеуметтік қайта құруларды айқындау, ҚР мемлекеттік аймақтық және ұлттық саясатын қалыптастыру үшін тарихи дамудың аймақтық ерекшеліктерін анықтау қажет. Ғылыми жұмыстың басты қағидалары Қазақстан мен Ресей тарихы бойынша қорытынды еңбек жазуға пайдалануға болады.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациядағы басты тұжырымдар мен автордың қорытындылары төрт халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес үш ғылыми мақала Жоғары аттестациялық комитеттің тізіміне енген басылымдарда жарық көріп, сыннан өтті. Диссертация Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Отан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Қорғауға ұсынылған басты қағидалар.

  1. Дала генерал-губернаторлығында шаруа бастықтары институтын енгізу қазақ көшпелі қоғамына қатысты жаңа ұйымдасқан түрдегі Ресей үкіметінің аграрлық саясатының жалғасы болды және Қазақ даласындағы шығыс славян шаруаларына да қатысты мемлекеттік патернализм саясаты болды.

  2. Шаруа бастықтары жөнінде заңнамалардың генезисін қарай отыра аймақтық және орталық билік өкілдерінің түрлі пікірлері шаруа бастықтары институтын енгізудің кешенді себептерін ашуға, түрткі болған жағдайларды және мақсатын анықтауға мүмкіндік берді.

  3. Шаруа бастықтары жергілікті жерлерде орталық билік өкілі саналды, өйткені, Ішкі істер министрлігі тағайындады, олар өз іс -әрекетінде дербес, зор әкімшілік - сот өкілеттілігіне ие болды.

  4. Шаруа бастықтарының қызметтік міндеттеріне талдау жасау олардың жергілікті басқару жүйесіндегі ролі жөнінде жалпы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шаруа бастықтарының практикалық қызметі олардың өкілеттіліктері мен шаруа бастықтарының уездік съездерінің отырыстарында қаралған мәселелер арқылы анықталды және олардың болыс басқарушылары мен ауыл старшындары және қазақ халқымен өзара байланыстарынан көрінді.

  5. Шаруа бастықтарының уездік съездері алқалық орган болып табылды және болыс басқарушыларын, село старостыларын және ауыл старшындарын басқаруда айтарлықтай әкімшілік өкілеттілікке ие болып отырды.

6. Қазақ халқының шаруа бастықтарымен арақатынасы түрлі бағытта

дамыды, яғни ынтымақтастықтан ашық қақтығысқа дейін болды. Шаруа бастықтары билікті асыра пайдаланды (заңсыз тұтқынға алу, өздеріне бағынышты тұрғындарды балағаттау, тіпті қол жұмсаудан да тайынбады); өздерінің өкілеттіліктерін асыра пайдаланды және қазына ақшасын ысырап етті,түрлі желеулермен қазақ халқынан ақша талап ету, жер дауын да үнемі әділ шеше бермеді

7.Қазақстанға тағайындалған шаруа бастықтарының түрлі әлеуметті статусы болды (ата-бабасынан келе жатқан дворяндардан бастап шаруаларға дейін) және білім дәрежелері де әр түрлі (университетті бітірушілерден бастап 4 кластық училищенің түлектеріне дейін) болды және мүліктік цензісі де әр түрлі болды. Оларды тағайындаудағы маңызды принцип олардың ұқыптылығы мен жоғары билікке адалдығы болып табылды.


1- тарау. Шаруа бастықтары институтының пайда болуының алғы шарттары.

1.1 Қазақ даласында орталық және жергілікті биліктің аграрлық саясаты

1868 жылы 21 қарашада Орынбор және Батыс Сібір генерал- губернаторлығын басқару жөніндегі Уақытша Ереженің «жерді пайдалану және иелену» деп аталатын тарауында қазақ жерлерін одан әрі отарлаудың заңдық негізі жасалады. Қазақ халқының ғасырлар бойы дәстүрлі түрде пайдаланып келген жері олардың қоғамдық пайдалануына беріліп, мемлекеттік меншік саналды. Жеке меншікке жерді жоғарғы билік «жерді сыйға тартқан адамдарға» және жерді иелену жөнінде «заңдастырылған актісі» бар адамдарға берді. Сонымен бірге белгіленген мерзімде жер иелену актісінің «заңды құқығын» дәлелдейтін қорытынды шығару үшін облыстық басқармаға көрсетуі керек, кейіннен генерал- губернатор бекітуіне ұсынылады. [35,с.448]

Қазақтың көшпелі өмірі «малдың санымен шаруашылықтың көлеміне» қарай қысқы қыстау және қауымдық жер иелену сақталған жазғы жайлауға бөлінді. Ереженің 214- тармағындағы параграфқа орай, қыстауға бөлінген жерде әрбір қазақ үйін және шаруашылық құрылыстарын салуға құқығы болды, сонымен бірге құрылысы бар жерлер «құрылыс тұрғанға дейін» мұрагерлік пайдалануға берілді. [35,с.449] Бұл- ең шұрайлы жайылымдар дәулетті мал иеленушілердің қолына шоғырлануына әкелді.

Егіншілік шекара бойындағы қазақтарда басымырақ дамығандығы табиғи нәрсе өйткені, оған аралас тұрғындар – орыстардың, башқұрттардың, татарлардың көршілес орналасуы әсер етсе керек. Торғай және Орал облыстарында егіншілік Орынбор қара топырақты далаларының жалғасы саналатын, солтүстіктегі бетегелі қара топырақты алқапта дамыған».[36,c.235]

Егіншіліктің әсіресе дамыған уақыты 1870 жылдан басталады, егістің көлемі 1875-1882жж. 17 мың десятинадан 44 мың десятинаға жетті. [36,c.236]

XIX ғ. аяғына қарай Торғай облысында егіншілікпен айналысқан қазақтардың жоғары пайызы Орынбор және Самара губернияларымен шектесетін солтүстік уездер саналатын Ақтөбе (95,4%) және Қостанай уездерінде болды.[36,c.239] Орал облысында да егіншілікпен қазақтар аралас уездерде айналысты. Орал, Лбищенск уездерінің солтүстік- батыс бөлігі, егіс алқабы 94 мың десятинаға дейін жететін Темір уездері еді. [37,c.22]

1889 жылы 13 шілдеде «село тұрғындары мен мещандарды қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударту туралы және аталған сословиелерді бұрынғы қоныс аударған адамдардың тізімін алу тәртібі туралы Ережені» бекітті.[38,c.535-538] Онда қоныс аударуға Ішкі істер Министрлігі және Мемлекеттік Мүлік Министрлігі алдын-ала рұқсат еткен жағдайда ғана қоныс аударуға болатыны, олардың келісімінсіз қоныс аударған шаруалар жергілікті әкімшіліктің шешімімен қайтып оралуға міндетті делінді. Ережеде қоныс аударатын аудандар анықталып, жаңа жерлерде әрбір ер адамға жер үлесі егіншілікке қолайлылығы және топырақтың құнарлығына байланысты бөлінетін болды, жер үлесінің нормасын жергілікті әкімшілік өздері шешетін болды. Сондай – ақ, Ережеде Ресейден қоныс аударушыларға жер 6-12 жылға жалға беріледі, ал, осы уақыт өткеннен соң жер тұрақты пайдалануға қалдырылады.[39,c.101]

Ережеде жерді пайдалану тәртібі ретке келтіріледі, қауым болып немесе әрбір отбасы жеке иелене ме, оны сол қоныс аударушылардың жалпы жиыны шешетін болды.

1891жылғы Далалық Ереже бұдан бұрынғы заң актілеріндегі жер иелену мәселелеріндегі басты баптарды бекітті және бірнеше жаңа бағыттарды енгізді.

Біріншіден, жерге жеке меншік мәселесі түпкілікті шешілді. 1891 жылы «Далалық ережеге» (125 бап) сәйкес салынған құрылыстар мен тұрғызылған тұрғын- жайлар жеке меншік саналып, жердің өзі жеке меншік саналмады. Бұл шаруа қоныс аударушылар үшін жер учаскелерінің санының көбеюімен байланысты еді.

Екіншіден, 120 баптың №1 қосымшасында көрсетілгендей «көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Мемлекеттік мүлік министрлігінің қарауына өтеді. Нақ осы бөлімде өлкені одан әрі отарлау туралы айтылды.[40,c.53]

Үшіншіден, егер 1868 жылғы Уақытша Ереже бойынша башқұрт және татарларға қазақ даласының қалалар мен елді мекендеріне тұруға құқығы болса, бірақ орыс тұрғындарына берілетін «жеңілдіктерді» пайдалана алмаса, ал, 1891жылғы Далалық Ереже бойынша оларға қазақ даласына орналасуына және жылжымайтын мүлікке ие болуға құқысы болмады. [41,c.432]

Сонымен, осындай жаңалықтардың нәтижесінде «артық жерлер» деген сылтаумен жерлерді тартып алу мен «қоныстандыру қорын» құрудың заңдық негізі жасалды. Мысалы, Ақтөбе уезі 492 мың шаршы метр яғни 5,5 млн. десятина жерді құрады және қоныс аударушылар үшін 87 учаске ұйымдастырылып, 14 болысқа бөлінді. [42,14-п.] Сондай-ақ, Торғай облысының әскери губернаторы Я.Ф. Барабаш 1890 жылы далалық облыстарды басқаруда өзгертулер мен толықтыру туралы өз пікірінде жазды, далада артық жерлер жоқ, өйткені олардың бәрі қысқы және жазғы жайылымдарға бөлінген. [43,c.17]

Сонымен бірге Торғай облысының Қостанай және Ақтөбе уездерінің жерлері Торғай облысының қалған екі уезі үшін (Ырғыз және Торғай) жазғы жайылым ғана болып ғана қойған жоқ, сонымен бірге екі көрші облыс - Сырдария облысының (Перовск және Қазалы уездері) және Орал облысының (Ембі,Орал және Гурьев уездері) көшпелілері үшін жазғы жайлау саналды. Оның пікірінше, Торғай облысындағы құнарлы жерлерді басып алу жоғарыдағы облыс қазақтарының экономикалық жағдайына үлкен апат әкелген болар еді. Қазақтардың осы аудандардан жаз мезгілінде көшуі қажеттілік еді, өйткені, бұл уездерде азықтың азайып, судың жетіспеуіне және мал шаруашылығына зиян келтіретін жәндіктердің көбеюіне байланысты малды қоңды ұстау мүмкін емес еді. [43,c.19]

Я.Ф.Барабаштың пікірінше, бұл көшіп-қону бағыты ежелден келе жатқан үрдіс, оны ықтиярсыз, күштеу арқылы қиратып тастау мүмкін емес, өйткені, қазақтар жаңа шараларды қабылдамайды, бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша көшіп-қонып жүре береді. [43,c.21] Сондықтан, Ақтөбе және Қостанай уездеріне көшкен қазақтардың жері отырықшы өмір үшін қолайлы болмады.

Алайда Я.В.Барабаштың пікірінше, мал шаруашылығының дамуын тежемеу үшін және көшпелілердің тұрмыс жағдайын сақтап қалу үшін жайылымдарды сақтап қалу керек, өйткені, облыстағы құнарлы жерлердің молдығы – алдамшы нәрсе. Сонымен бірге мал шаруашылығы, оның ішінде жылқы өсіру мемлекеттің мүддесі үшін маңызды, яғни мемлекеттік жылқы шаруашылығы осы саланы қаржыландыру үшін бірқатар шараларды қолға алды. Торғай облысының әскери губернаторы Я.Ф.Барабаш қазақ жерлерін кең көлемде отарлау мүмкіндігі, егер қазақтардың жер құрылысына сәйкес келетін болса, ал басқа жағдайда бұл мал шаруашылығына үлкен зардабын тигізеді деп есептеді. [43,c.22]

Сонымен, біз Я.Барабаштың отарлық биліктің өкілі бола тұрса да өз деңгейінде қазақ халқының заңды мүддесін қорғауға тырысқанын және қазақтарды отырықшылыққа бірте-бірте көшіру шараларын, «артық жерлерді» табу және қонысаударушы шаруаларды орналастыруды ұсынғанын көреміз. Сонымен бірге, ол орыс үкіметі Ақмола облысы мен\Сібір ведомствосы\ Торғай облысының қазақтары (Орынбор ведомствосы) үшін түрлі шараларды ұсыну керек деп есептеді.

Торғай облысының қазақтары Я.Ф.Барабаштың пікірінше империяның құрамына өз еркімен кірді және аймақтың байырғы тұрғындары саналады, сондықтан олардың ғасырлар бойы қалыптасқан егін шаруашылығына ықыласпен қарау құқығына ие. [43,c.22-23]

Қызықтысы сол, Торғай облысын 11 жыл бойы басқарған әскери губернатор Я.Ф.Барабаштың (1888-1899жж.) көзқарасы аймақтың әкімшілік шенеуніктерінің де көзқарасы болып табылды.

Торғай облыстық басқармасының аға кеңесшісі И.И.Крафт, Торғай облысының ветеринар дәрігері А.И.Добросмыслов және Я.Я.Полферов қазақтың жерлерін өте асығыс, мұқиятсыз, негізделмеген зерттеу шараларынсыз тартып алу, көші-қон жолдарының бұзылуына және мал шаруашылығына үлкен зиянын келтіреді, сондықтан да жергілікті тұрғындардың да, мемлекеттің де мүддесін сақтау керек екенін айтады. [43,c.23]

Аймақтық әкімшіліктің жоғарыда аталған шенеуніктерінің осы бағыттағы көзқарасты ұстануы олардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің тамаша білгірлері екендігін дәлелдейді, қазақ жеріндегі мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуын зерттеуге маңызды үлес қосқан еңбектердің авторлары еді. [44]

Қоныс аудару саясатындағы бетбұрыс 1880 ж. басталды, шаруалардың жерге деген мұқтаждығы империяның тұрақтылығы үшін шын мәнінде қауіпті болды, ал үкімет болса қонысаудару қозғалысын ретке келтіру қажеттігін түсінді. 1881 жылы шаруаларды қазынаның бос жеріне қоныстандыру туралы Уақытша ереже қабылданды. Далалық өлкеге қонысаудару күшейе түсті, алғашқыда Ақмола облысы, кейіннен басқа да облыстарға – Семей, Торғай және Жетісу облыстарына қоныстана бастады. 1885-1893жж. Ақмола облысында 251.779 десятина жері қазақтардың пайдалануынан тартып алынып, 10940 түтіннен тұратын 24 қонысаударушы поселкелері ұйымдастырылған, ал, Семей облысында – 33.064 десятина егіске жарамды жерлер тартып алынды. [45,c.137-c.108-109]

Сібір теміржол комитеті ұйымдастырылғаннан кейін қонысаудару саясатында жаңа кезең басталды. 1893 жылдың 1896 жылға дейін Ақмола облысында орыстардың саны 75 мың адамға жетсе, Торғай облысында 16 мың адамға жетті. [46,c.168]

Ақмола және Семей облыстарында 150 мың тұрғыны бар 43 болыс ұйымдастырылды, олардың пайдалануында 1.400 000 десятинадай жер болды. Бұдан да басқа шаруа қонысаударушылар қазақтардан 88 мың десятина жерді жалға алды.[ 45,c.138]

1889 жылдан 1904 жылға дейін қонысаудару туралы жаңа Заң бекітіліп, қызмет етті. Жаңа заңның негізгі міндеті – қонысаудару бақылаусыз, өз бетінше сипат алмай, әкімшілікке бағындырылып, яғни көшуге рұқсат берілетін адамдарды таңдаудан бастап, қазына жерінен алдын- ала дайындалған учаскеге орналасуға рұқсат беруге дейінгі шараларды қамтыды.

Қажетті мекемелердің рұқсатын алмаған қоныс аударушы өз бетімен қоныс аударушы саналып, ереже бойынша кейін қайтарылатын болды. Заңда алғаш рет ресми қонысаударушыларға шаруашылығын жүргізу үшін жәрдем ақы, несие және бірнеше жеңілдіктер берілетін болды, соның ішінде әскери міндетті атқару кейінге қалдыруға мүмкін болды. Рұқсат беруде шаруаның мүліктік жағдайы және оның тұрғылықты жері есепке алынып отырды. Негізінен, қоныс аударуға тиісті аудандардан күшті шаруалардың қонысаударуы құпталды. Бірақ, бұл жаңа заң өз бетімен қоныс аударатын шаруалардың күшті тасқынын тоқтата алмады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1890 жылдың басында Оралдың арғы бетінен өз бетімен қоныс аударғандардың үлесі 60%-тен-85% дейін құрады.[47,31б]

1890, 1891-1892жж. Қоныс аударушылардың шығысқа бет алу себебі Орталық Ресейдегі астықтың шықпай қалуы және елді алқымдаған аштық еді. Өз бетімен қонысаударғандарды түгелдей кейін қайтару мүмкін болмады және үкімет рұқсатсыз пайда болған елді-мекендерді заңдастыра бастады, тұрғындардың орналасқан жеріне тіркеп отырды.

Сібір темір жол комитеті 1892 жылдан бастап қонысаудару ісімен айналысқаннан кейін, жағдай біршама ретке келіп, шаруаларды орналастыруға және теміржолға жақын жатқан жерлерде өндірістің дамуына үлкен көңіл бөлінді. Ол үшін үлкен көлемде жерді алу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ, учаскелер өз бетімен қонысаударған қоныс аударушылар үшін де бөлінді.

Ал, 1893 жылдан бастап далалық аудандарға қоныс аудару түпкілікті заңдастырыла бастады, яғни адамдарға жолға қаражат, оларға дәрігерлік және азық-түлікпен көмек көрсетіле бастады, кей жерлерде жолға ақы да төленетін болды.

Сонымен бірге өлке әкімшілігі шаруаларды егіншілікке қолайлы аудандарда орналастыруға тырысты және оған мүдделі болды, өйткені империя құрамына жаңа қосылған аудандарда Ресей билігіне тірек қажет болатын еді. Өлке әкімшілігі заң талап еткендей өз бетімен қоныс аударған шаруаларды отандарына қайтарудың орнына оларды орналастыруға тырысты, әсіресе, Семей облысына. Олар 7-10 десятинадан жер және материалдық көмек- көшер ақы, яғни, үй-жай салуға, жұмыс көлігін алуға және басқа да түрлі жеңілдіктерді пайдаланды.

Кауфманның пікірінше 1893 жылы дейін артық жерлерді генерал-губернаторлар мен уезд басқарушылары тауып, арнайы қаулы бойынша беріп отырған. Ал, 1893 ж. 13 маусымдағы Уақытша Ереже Сібір темір жолы аймағында қоныс аудару қорын құруға негіз болды. Ереже бойынша 1893 жылғы қоныстандыру және артық жер учаскелерін құру Мемлекеттік Мүлік Министрлігінің жанынан құрылған уақытша комиссиялардың жерге орналастыру және межелеу шенеуніктеріне тапсырылады. Учаскелерді ұйымдастыру темір жолға жақын станциялардан басталады. Қоныстандыру учаскесінің құрамына кіретін селолық қоғамның немесе жеке адамдардың иелігіндегі жерлер алдын-ала ескертілуі тиіс болды. Қоныстандыру учаскесінің қорына арналған жер аумағының 10-нан 25% дейінгі жерлер артық қорға қалдырылуы тиіс болды. Ереженің 14 бабына сәйкес қоныстандыру учаскелері су көздерімен қамтылуы тиіс және мүмкіндігінше ормандардың болуы ескерілуі керек және учаскелер темір жолға жақын, ауыл шаруашылығына жарамды жерлер болуы керек делінді. Әрбір қоныстанушы ер адамға 15 десятинадан жарамды жер беріледі. Ережеде темір жолдың суға деген техникалық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін су көздерінің болуы ескеріледі делінді. [48,c.97-104]

Егіншілік және Мемлекеттік мүлік министрі 1898 ж. мамырдың 19-да қоныстандыру және артық жер учаскелерін дайындауда Ақмола және Торғай облыстарының Уақытша комиссияларының меңгерушілеріне жіберілген нұсқау хатта артық жерлерді ұйымдастыру кезінде мыналар санақтан алынуға тиіс делінді:

1-бабында керуен және мал айдайтын жолдар учаскеге жобаланбайтын болды;

2-бабында Торғай облысының Ақтөбе және Қостанай уездеріндегі жазғы жайылымдар;

3-бабында қазақтардың пайдалануындағы арықтар, жасанды су қоймалары, шабындық жерлерді алмау.

4-бабында қоныстандыру учаскесінің аумағына қазақтың қорымдарын кіргізу міндетті емес,сондай-ақ бұл учаскелер жазғы жайылымдарға көшу жолдарына кедергі келтірмеуі тиісті.

Қосымшасында: Егер қоныстандыру учаскесінің шекарасында қорымдар болған жағдайда ол жер қоныстандыру учаскесінің құрамына кірмейді.

5-бабының қосымшасында қазақтардың шабындық жерлері және егін егілген немесе егіске даярланған жерлері бұрынғы иесінің иелігінде қалады» делінді.[48,c.122-127]

Ал, шын мәнінде, бәрі басқаша болды, бұл туралы III Мемлекеттік Думаның депутаты Волков бюджеттік комиссияның отырысында Қазақстанға патша үкіметінің қоныстандыру саясатын сипаттай келе былай деді: «Паленнің тексеру кезіндегі мәліметтеріне қарай отырып, мен осы бақытсыз қазақ халқына артық жерлерді алу деген сылтаумен арық, шабындық және суармалы шабындық жерлерді, бақтарды, жоңышқа, қысқы қыстаулардың тұрғанына қарамастан ондап,жүздеп бұзылып жатты» [49,c.71]

1898 ж. 10 шілдедегі қоныс аудару және артық жер учаскелерін ұйымдастыру үшін қазақтардың үй жайларын бұзуға байланысты ақы төлеу ережесі қабылданады. Бұл ереже бойынша қазақтардың үй жайларын басқа жерге көшіру үшін тіркеу жұмыстары жүргізілуге тиісті болды. Үй - жайдың иесіне ақы төлеу әскери губернатордың шешімімен жүзеге асырылады. [48,c. 134-135] Көп жағдайларда белгіленген құн қыстаудың шын бағасынан әлдеқайда төмен болды. Мысалы, қоныстандыру учаскелерін құру барысында Ақтөбе уезі, Әлімбет болысы №2 ауылының 11үй қожасына небары 866 рубль 31 тиын төленген, бұл көрсеткіш қыстау иелерінің есебі бойынша нақты құнынан 3 есе арзанға түскен. [50,26-п.]

Учаскеге орналасушыларға қоныстану кезінде бірнеше жеңілдіктер жасалды:

-егер қонысаударушы екі жылдың ішінде үй-жайын салып,егін ексе жер телімін таңдап алу құқығы беріледі;

-қайтарылмайтын пособиелер алғашқыда үй тұрғызуға, егіншілік құралдарын және мал алу үшін 20 рубль мен 100 ағаш берілетін болды. Бірақ, осындай жеңілдіктерге қарамастан және үкіметтің азық-түлік түрінде көмек көрсеткенімен қоныс аударушылар жақсы тұра алмады, өйткені, алған жер телімдері құнарсыз болып шығуы, жергілікті климаттық жағдайға үйренісе алмады. Ақтөбе уезінде 1903 жылы қоныс аударушылардың 12 учаскесі құрылып, 91110 десятина жерді және 3 дворяндық учаске ұйымдастырылып, 5907 десятинаны алып жатты. [51,c.11-21]

XIX ғ. аяғынан бастап Торғай облысына интенсивті қоныс аудару басталды. Егер 1886 жылы Ақтөбе уезінде 177 аула қоныс аударушылар болса, ал, 10 жылдан соң 28400 жан адам болды. [36,c.339] Осы уақытта алғашқы арендалық негіздегі қонысаудару поселкелері пайда болды. Можарский хуторы 99 ауладан 1246 адамнан тұрды, Аралтөбе болысының № 2 ауыл қазақтарынан 200 десятинадай жерді жалға ала отырып, Орскіден қоныс аударған шаруалар 1895 жылы осы хуторды ұйымдастырды. Ащыбұтақ хуторы Аралтөбе болысының №5 ауыл қазақтарынан жалға алынған жерде ұйымдастырылған. Украин шаруалары 1896 жылы Ақтөбе болысының №7 ауыл шаруаларының 500 десятинадай жерін 12 жылға, жылына 150 рубль төлей отырып, Қосестек деп аталатын селолық қоғамды ұйымдастырды

Ақтөбе болысының № 9 ауыл қазағы Төремұрат Қазикенов 1893 жылы Ырғыз қаласына қоныс аударған Кузмин Башаринге Қарабұтақ өзенінің бойына орналасқан жерін 10 жыл мерзімге жылына 125 рубльге жалға береді. Осыдан кейін Ақтөбе уезінің №5 ауыл қазақтары 1895 жылы Тастысай деп аталатын жердегі 200 десятина жерді ақтөбелік мещанин Степан Хорольский және Сергей Некогдинге және басқа 20 шаңыраққа 10 жыл мерзімге тапсырады.[52,c.6-23]

Қазақ жерлерін белгілі мерзімге жалға алған орыс шаруалары бірте-бірте сол жердің мәңгі иегерлеріне айналды.Орыс шаруаларына берілген жерлер негізінен қазақтың шұрайлы, жайылымды жерлері еді.

1895 жылы жаңа Ресей императоры Николай ІІ Сібірге отарлауды ынталандыру туралы пікірін айтты. Көп ұзамай Шығысқа қоныс аударғандарға жетекшілік ететін қонысаудару басқармасы құрылды. Қазақтардың пайдалануындағы «артық жерлерді» табу және сол жерлерде қоныстандыру учаскелерін ұйымдастыру мақсатында 1896 жылы қазақ даласына арнайы Ф.А. Щербинаның жетекшілігімен экспедиция жіберілді.

Экспедиция өз жұмысын 1896 жылдан бастап 1902 жылға дейін жалғастырды. Табиғи-тарихи және шаруашылық-статистикалық зерттеулердің негізгі нысаны Ақмола, Семей облыстарының уездері және Торғай облысының солтүстіктегі екі уезі Ақтөбе және Қостанай уездері болды.

1903 жылы 25 шілдеде «Сібір және Дала генерал губернаторлығына үкімет тарапынан жәрдем ақша беру туралы Ереже қабылданды. Қоныс аударушылардың отбасына («путевые ссуда») 5 жылға жол шығынына 50 рубль, шаруашылық жағдайына 100 рубль, ходоктарға 1жылға қарыз берілді. [53,c23-24]

ХХғ. басында шаруалардың шығысқа қоныс аударуы Ресей Ішкі Істер Министрі П.А.Столыпиннің жаңа аграрлық саясатының құрамдас бөлігі саналды. Шаруалар қауымдық тәуелділіктен құтылып, қоныс аударушылардың құқығы кеңейтілді.

1904-1906жж. үкімет Қазақстанның территориясын 4 қонысаудару ауданына бөлді: Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария.

1904 жылы қоныстандыру туралы жаңа заң жарияланды, шаруаларды Азиялық Ресейге еркін қоныстандыру үшін жер учаскелерін таңдауға алдын-ала ходоктар (жүргіншілер) жіберілді.

Жалпы алғанда 1904 жылдан бастап қонысаударуға тікелей рұқсат етілмеген және қайшылықтарға толы бұрынғы саясат енді ынталандыру мен жеделдетуге негізделген саясатпен алмасты.

Үкімет қонысаударуға жарнама жасауға кірісті. Ресейдің азиялық бөлігіне қоныс аударуға шақырған шаралардың ішінде 6,5 млн дана кітапшалар мен үнпарақтар таратылды. 1906 жылдан бастап темір жолда жүру ақысына жеңілдіктер беріле бастады, бұл жағдай жаппай қоныс аударуға түрткі болды.

Несие берудің жаңа тәртібі енгізіліп, ең алдымен жеке ауқатты, дәулетті шаруашылықтарды құруға бағытталған бірнеше заң шығарылды. Қоныс аударушылардың үздіксіз келіп жатқан легін орналастыру Дала және Түркістан өлкесінде жаңа жер учаскелерін іздестіруді қажет етті. Далалық өлкеден 1907 жылы қосымша «артық» жер учаскелерін іздестіру үшін экспедиция жіберілді және өткен экспедиция зерттеу кезіндегі көшпелілер үшін белгіленген норма қысқартылды.

1909 жылы 9 мамырда кабинет министрі «қазақтардың шаруашылық қажеттеріне немесе уақытша тұруға арналған құрылыс жайлары жерлерді алуға кедергі бола алмайды» деді.

1910 жылы үкімет қоныстандыру саясатында «жаңа бағыт» ұстанды. Бұдан былайғы міндет - жеке және хуторлық шаруашылықтарды тарату мақсатында шеткі аймақтарға «күшті элементтерді» орналастыру болып табылды, сондай-ақ (в противовес общинному землепользованию) «орыс мемлекетінің тірегі» ретінде күшті кулак шаруашылықтарының болуы маңызды болды.

1907-1912 жылдары Торғай облысында 188 қоныс аударушылар поселкелері пайда болып, 116,7 жаңа қоныс аударушылар келді. [54,c.161] Торғай-Орал ауданы бойынша 1913 жылы 6258 отбасы көшіп келіп орналасып, оның 1175 отбасы отанына қайта көшіп кеткен. [55,c.22-23]

1903-1912 жж. Ақтөбе уезінде 155 поселке ұйымдастырылып, оның 146-cы поселке, 7-уі «отруб», 1-хутор, 1-дворян шаруашылығы болды, оларға 731537,8 десятина жер бөлінді, 13219 жер үлесінен тұрды. Мысалы, Можарский болысында Можарский, Ащыбұтақ, Екатеринославский болысында Көлбай, Яковлевский, Крещенский, Боголюбовский, Дамбар болысында Каменский, Аралчинский, Анастасьевский, Григорьевский т.б.[56,25-п.]

Негізгі миграция толқыны Сібір және Қиыр Шығысқа бағытталғанмен, әрбір үшінші қоныстанушы 1906-1910жж. қазақ даласына ағылды. Көптеген кедей шаруалар қысқа уақыт ішінде орналаса алмай жаңа жерде тоқырауға, кедейшілікке ұшырады. Бір ғана Ақмола облысының өзінде өз бетімен қоныстанушылар 1910 жылға қарай 100 мың адам, ал, Жетісу облысында 40 мың адам жерге орналастыруды күтті.

Қоныс аударушылардың орналаспаған белгілі бір бөлігі кейін отандарына қайтуға мәжбүр болды. Жыл сайын 1905-1911 жылдары Азиялық Ресейден қайтып оралған мигранттар жалпы саны қоныс аударушылардың 10-36% құраса, ал 1911 жылы 60% кейін қайтып оралған.

Түркістан өлкесі бойынша бұл көрсеткіш тіптен жоғары: 1910 жылы кеткен адамдардың келген адамдардан асып түсті, ал 1911жылы және 1913 жылы алғашқысы 81% ал екіншісі 99% құрады. [57,c.31]

Қоныстандыру учаскелерін жобалау қазақтардың өз ішіндегі ықпалды өкілдерімен келісе отырып жасалды, яғни, Ресей үкіметі жобалаған жер учаскелерін өз еріктерімен беру үшін оларды өз жақтарына тартуға ұмтылды. Шаруа отарлауына байланысты жер алу жұмыстарының ауқымын (землеотводные работы) мына фактілер бойынша жорамалдауға (көрсетуге болады), 1917 жылға қарай қазіргі Қазақстан территориясында «артық жерлердің» көлемі, қазақтың пайдалануындағы жерлердің 28% құрады.[49,c.55]

Шаруалардың қонысаудару қозғалысының бастапқы кезеңінен, яғни ХІХғ. 70 жылдарынан – ХІXғасырдың аяғына дейін Далалық өлкеде славян халқының саны екі есе өсті және 1897 жылғы санақ бойынша 430 мың адам болды. Олардың көшпелі облыстардың арасындағы үлес салмағы 11% құрады. 1897-1917жылдары көшпелілер территориясында славян халықтары 3 есеге дейін өсті және Далалық өлкеде олардың саны 1 миллионға жетті.[54,c.129,134-138,171-175]

Далалық өлкеде қоныс аударушылардың саны жағынан бірінші орында Ақмола облысы тұрды. Түркістан өлкесінде 1897жылы славян халықтары 200 мың адамды құрады, соның ішінде 116 шаруа поселкелерінде 70 мың адам тұрды. 1917 жылға қарай Түркістанда славян халықтары 750 мың адам яғни өлке халқының 10% құрады. Оларды ішінде 350 мыңы селолық жерлерде тұрды. Қонысаударушылардың саны жағынан бірінші орында Семей облысы болды, онда өлкедегі қонысаударушылар үштен екісі тұрды.[58,c.46-47,71]

Мигранттардың басым бөлігі халық тығыз орналасқан, қара топырақты губерниялардан келді, онда шаруалардың жер үлесі аз еді. Бұл ең алдымен Полтава, Курск,Чернигов,Тамбов және Воронеж губерниялары және Украинаның сол жағалауы. Жаппай қоныс аудару әсіресе 1912 жылдан кейін басталды. Киев, Харковь, Волын, Саратов және басқа да губерниялардан, сондай-ақ Орал сырты және Батыс Сібірден келді.

ХІХ ғасырдағы қоныс аударушылар мүліктік жағдайы өзінен кейінгі келгендерден ерекшеленді. 1906 жылға дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі жаңа жерде өзінің жағдайын түзетіп алғысы келген орташа қамтылған шаруалар болды. ХХғ. басында қонысаударушылар арасында кедейлер басым болды.

Далалық және Түркістан өлкесіндегі қоныс аударушылардың қозғалысы түрлі жолдармен жүрді. Сібір темір жолының батыс учаскесінің құрылысының басталуымен Далалық өлкеге қоныс аудару біршама жеңілдетілді. Орынбор-Ташкент теміржол магистралінің салынуымен және оның Закаспий теміржолының 2 тармағымен 1898 жылы және 1900 жылдары қосылуы, Орталық Азияның оңтүстік аудандарына жол жүруді жеңілдетті. Қонысаударушылар арнайы жүк вагондарында мүліктерімен және малымен тасымалданды.

Қоныс аударушылар тоқтайтын орындарда адамдар арнайы шатырларды күтіп жатты, дәрігерлік көмек және азық-түлік келгендер тобына көп жағдайда жетпей жатты. Әрқашанда қонысаударушылар ұйымдасқан түрде орналасып жатты. Үй иелерінің тізімі жасалып, топтар жасақталды.

Үй қожайындарының тобы жиналып, болыстық басқармада тізім жасалып бекітілді, ең құнарлы жерлерді іздеп табатын тәжірибелі және күшті шаруалардан \ходоктар\ жүргіншілер тағайындалды. Жақсы жерлерді іздестіру Омбыдағы қоныс аудару басқармасынан мәлімет алудан басталды, яғни, таңдауға бірнеше жер учаскелері ұсынылды. Ходоктар топырақтың құнарлылығын анықтауға тырысқан, сондықтан да өсімдік шығатын көктем айында келген. Қонысаударушылар барлық мүліктерін ақшаға айналдырып, ең қажет деген инвентарларын қалдырып, шаруашылығына өздерімен бірге орта есеппен 200-300 рубльді әкеліп отырды. Қоныс аударушылардың орналасуы поселкеге жер таңдаумен басталды.[59,c.56]

Қоныстандыру селолары бір-бірінен оқшауланбады және бірнеше елді-мекендердің шоғырын құрады, бір орталыққа жалғасқан немесе пошта бекеттері, темір жол, өзендердің бойымен тізбек құрып, олардың поселкелері жалғасып жатты. Тек қана өз бетімен шеткері және жолы қиын жерлерде құрылған поселкалар болмаса. Қалаға және сауда өнеркәсібі бар поселкелерге жақын орналасқан шаруалар өздеріне қажетті нәрселерін сатып алуға, сауда келісімін жасауға, сол жерде өнімдерді қайта өңдеуге немесе сатуға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін басқа аймақтарға жөнелтуге мүмкіндіктері болды. Бір шаруаға арналған учаскенің көлемі әдетте 6 десятинадан 20 десятинаға дейін болды және ол артық жерлердің болуы, жердің құнарлылығына және жерді суару мүмкіндігіне байланысты болды. Мұндай үлес бір отбасының күн көрісінің ең төмен деңгейіне жетеді деп есептелді, жерді бір өзі өңдейтін, ал үлкен жер телімдері, қосымша «бұратана» жұмысшыларды жалдауды қажет етеді. (әрине, бұл жаңа келген қонысаударушылар үшін қажетсіз еді).

Қоныс аударушылардың экономикалық дербестігі олардың шаруашылықтарының кешенді құрылысына байланысты болды. Егіс алқаптарымен және үй жанындағы телімдер де жанұяны қамтамасыз ететін, астық және техникалық дақылдарды өсірді, мал шаруашылығымен айналысты, қайсыбірі ара шаруашылығымен айналысып бір-екілі шаруашылықтар тауарлық сипат алды. Қазақ даласында солтүстік және орталық аудандарда негізгі сала астықты суарылмайтын жерлерде өсіру және мал шаруашылығы да жетекші рөл атқарды. Олар тың жерлерді жыртты, сол кезең үшін алдыңғы қатарлы ауылшаруашылық құралдары саналған тырма, астық басатын машина және ең бастысы – бір түренді (тісті) соқа яғни бұрын жергілікті тұрғындарға белгісіз болып келген және қатты топырақты қопсыту үшін пайдаланылды. Тек қана жекелеген қоныс аударушылар үшін мал шаруашылығы басты күнкөріс кәсібі болды. Ауқатты, дәулетті шаруалар кей жағдайда қазақтарға малдарын бағуға берді немесе қазақтардан жайылымдарды жалға алып отырды. Қонысаударушылар малдың жаңа тұқымдары: биязы жүнді және меринос қойларын, ангор және дон ешкілерін, жылқы, ірі қараның түрлі тұқымдарын әкелді. Шаруалардың қазақ жеріне қоныс аударудың күшеюінің тағы бір себебі, соның ішінде Қытаймен шекаралас аудандарға Зайсан және Өскемен уездеріне орыс қоныс аударушыларын орналастыру, яғни империяның шеткі алыс шекараларына берік тыл ретінде пайдалану, шеткері аймақтарды жандандыру және оның табиғи байлықтарын игеру деді Дала генерал-губернаторы Е.О. Шмидта Ішкі Істер Министрі Столыпинге 1908 жылы 1 желтоқсанда жазған құпия хатында.[60, 5-п.] Бұл мәселе сондай-ақ 1910 жылы 22 қаңтарда өткен Семей облыстық басқармасының жалпы отырысында талданып «жалпы мәжіліс» өз бетімен жаңа келген қоныс аударушыларды еркін орналастыру қажет, өйткені жергілікті жерлер күшті «орыс элементтеріне» мұқтаж, ал олар дегеніміз өз бетімен келген қоныс аударушылар деді. [60, 10-п]

Қазақтардың жерін күшпен тартып алып, өз бетімен келіп орын тепкен қоныстанушылар аз болмады, сонымен бірге олар қоныс аударушылар үшін дайындалған жер телімдерін де басып алып отырды.

Қазақтардың жайылымды жерлерін тартып алу қазақ руларының арасындағы жер тартыстарын, жерсіздендіруді күшейтті және рулық қауымның күйреуіне әкелді. Көшпелілерді жаппай жерсіз ету қауымнан көптеген қазақтардың бөлінуіне әкелді, бұрынғы шаруашылық түрімен айналысуға мүмкіндігі болмағандықтан ақыр соңында көптеген кедейленген қазақтар егіншіліктен тірек іздеді. Сонымен бірге жұмыс көлігінің жоқтығы, қарадүрсін ауыл шаруашылық құралдары, кедейленген шаруалардың шаруашылығын тұрақсыз етті, оның шаруашылығының күйреуін тездетті, ақыр соңында кедейленген шаруалар жыл сайын жалдамалы жұмысшылардың санын көбейтті.

1914 жылы 23 қаңтарда «Речь» газетінде Ә.Бөкейханов Далалық өлкедегі қоныстандыру басқармасының жерге орналастыру саясатын талдаған «Мемлекеттік Дума мүшелеріне» ашық хатын жолдады. Хат авторы депутаттарды заңды айқын да сорақы бұзу фактілеріне көңіл аударуға шақырды. [61,c.228]

Соныменен, ұлт зиялылары заң шығарушы және атқарушы биліктің назарын үкіметтің жаңа аграрлық курсының әлеуметтік - экономикалық зардаптарына көңілін аударды. Бірақ, думалық механизм парламент пен атқарушы билікке әсер етуіне икемсіз болып шықты. Мемлекеттік Дума аграрлық мәселені далалық өлкеде ғана емес, жалпы елде де шеше алмады. Депутаттық корпустың солшылдарымен орталық биліктің бірнеше әрекетіне қарамастан, империяның шеткері аймағындағы халық бұқарасының мүддесін ескеруге, ұлттық негізіне қарамастан шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының шын мәнінде жақсартуға бағытталған шараларды оңшылдар көп жағдайда қабылдамады.

Орыс шаруаларының үлес салмағының өсуі қазақ көшпелі ауылының экономикасын өзгертуге де үлес қосты, қоныс аударған шаруалар қазақтарда егіс көлемінің ұлғаюына әкелді. Ақмола облысында 1907-1916 жылдары 282 мың десятинадан 969 мыңға дейін, Семей облысында қазақтардың егіс көлемі 50 мыңнан 101мыңға дейін, Торғай облысы 132 -ден 149-ға дейін, және 233 мың шақырымнан 364 мыңға дейін өсті. [62,c.130]

Шаруалардың жаппай қоныс аударуы дәстүрлі көшпелі қазақ қоғамына үлкен соққы болғаны анық:

біріншіден, мал басы санының өсуімен қатар, қазақтың мал жайылымды жерлері тарылды. Мысалы, Семей облысында 1886 жылы 3.052.381 болса 1909 жылы 4.062.169 жетті. Қостанай уезінде, Торғай облысының жалпы мал саны (жылқыға есептегенде) 1898 жылдан 1909 жылға дейін 29% жетті.[63c.255] Нәтижесінде бір шаршы метрге жайылымның малмен қамтылуы 1905-1916 жж. өсті. Омбы уезінде үш есе, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, және Павлодар екі еседен астам, Ақмола және Қарқаралы уездерінде 70% өсті. [62,c.141] Осы мәліметтерден белгілі болып отырғандай Далалық өлкенің көпшілік уездерінде жайылымды жерлер жетпеді, яғни, істің мәніне тоқталар болсақ, бұл көшпелі қазақ қоғамының дағдарысының маңызды себебі болды.

Екіншіден, қазақтардың жерлерін тартып алу, оларды басқа қыстауларға кетуге мәжбүр етті, яғни бұл жерлер де рулық қауым - ауылдық топтар арасында бөлініп қойылған және басқа біреулерді өз жеріне жібергісі келмеді. Ең ақырында қыстауынан айырылған шаруа оны жалға алуға немесе жазғы жайлауды қысқы қыстау ретінде пайдалануға мәжбүр болды.

Үшіншіден, шаруа қоныс аударушылар қазақтарды құнарсыз, жері сортаң, шаруашылыққа пайдалануға келмейтін (егін егуге жарамайтын) шеткері аймақтарға қуды немесе рулық үлесін жалға беруге мәжбүр етті. Әрине, құнарлы жерлерді, жалға алған жерлерді қоныс аударушылар басып ала отырып, ол жерлерді өзінің жеке иелігіне айналдыруға ұмтылды. Қазақтар далалық аудандардың түкпіріне кетуге мәжбүр болды, өйткені, қоныс аударушылардың егістігіне жақын орналасқан жалпы жайылымда малды бағып-күту мүмкін болмады.

Шаруалардың қоныс аударуы және Далалық өлкені онан әрі отарлау қазақ халқының ең құнарлы жерлерін тартып алуға әкелді, оларды шөлді де шөлейтті аймақтарға ығыстыру, көшіп-қонудың дәстүрлі жүйесін және жылдар бойы қалыптасқан қысқы қыстау және жазғы жайылымдарды кезек пайдаланудың тәртібін бұзды.

Көшпелілердің өмір сүру кеңістігі қысқарды, ақыр соңында көшпелі мал шаруашылығы дағдарысқа ұшырады. Осы дағдарыстың шиеленісуі мал табынындағы өзгерістерде белгілі бір роль атқарды, яғни ірі бай шаруашылықтар өзгермелі экономикалық жағдайға бейімделе отырып, рыноктың талабына қажетті малдарды өсіруге бейімделе бастады. Мысалы, Қостанай уезінде әр жанұяға есептегенде 1898 жылдан 1909 жылға дейін жылқының саны 11,5 тен.- 10,7 дейін қысқарған. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өндіру үшін ірі қараны қолға ұстау әр отбасына 3,5 бас малдан 4,6 басқа дейін өссе, ал, жұмыс күші ретінде әр отбасына 2,17 ден 4,13-ке дейін өсті. [63,c.256]

Көріп отырғанымыздай мал шаруашылығында бір жағынан рыноктың талабына сай ірі бай шаруашылықтар нарыққа бейімделіп күшейе бастады, ал, екінші жағынан қоныс аударған орыс шаруалары үшін жерлердің тартып алынуы тың жерлердің қысқаруына әкелді, бұл болса мал түрлерінің өзгеруіне ықпал етпеуі мүмкін емес еді.

Сонымен, қазақ ауылының экономикасына шаруалардың қоныс аударуы үлкен әсерін қалдырды. Жер тапшылығы жергілікті тұрғындарды көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығынан отырықшы егіншілікке көшуге мәжбүр етті, ал бұл болса, дәстүрлі қазақ қоғамының тұйықталған дағдарысын көрсетті. Сонымен бірге көшпелілер егіншілікпен айналысқысы келген сол жерлерде шын мәнінде өзінің табиғи климаттық жағдайларына байланысты осы шаруашылық түрімен айналысуға мүмкін болмады. Ақыр соңында шарасыздық пен мұқтаждық қазақ шаруасын казактар немесе дәулетті шаруа қоныс аударушылардан жер телімдерін жалға алуға мәжбүр етті немесе отырықшы өмір салтына көшіп жатаққа айналды. Соңғылардың қатарынан саудамен, тауарлы егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатын ауқатты шаруалар сондай-ақ кедейлер де орын алды.Өз руының жерінен ығыстырылған қазақтарға басқа жерден үлес берілмеді, яғни оларға өз қалауымен басқа қауымның жеріне орналасуына құқығы болды.Бірақ өзінің жерінен айырылған көшпелілер еш жерде есепке алынбады, өйткені барлық жерде мұрагерлік жер иелену үстемдік етті. Қазақтардың жерлерінің заңсыз тартып алынуы жөнінде Торғай облысындағы қазақ халқының өкілдерімен Жерге орналастыру және Егіншілік Бас басқармасының вице – губернаторы Забелломен өткен кездесуде талқыланды. Кездесу 1905 жылы 30 қыркүйекте Орынбор қаласында өтеді.Қазақ делегациясының құрамында «Торғай» газетінің корреспонденті көрсеткендей ықпалды, беделді қазақтар Д. Беркімбаев, Б. Кейкин, Ақтөбе уезінен Т. Ибрагимов,Торғай уезінен Бірімжаров болды. Кездесуде қазақ делегаттары қазақ халқын жерге орналастыруда әділдіктің болуы үшін қазақ жерін жан-жақты зерттеуді ұсынды. [64,c.газета]

Шын мәнінде бұл кездесу белгілі бір резонанс туғызды және болыстық съезде талқыланды, 1906 жылы Теректі болысының болыс басқарушысы М.Тажигулов, №2 және №3 ауылдың қазақтары Төребек Қосаев, Баймухамед Жанұзақов, Елек болысы № 1 ауылының қазағы Сарман Аманжолов, Мұстапа Өтеғұловтар Жер шаруашылығы және жерге орналастыру Бас басқармасына қазақтардың жерлерін заңсыз тартып алуы және І-ші Мемлекеттік Дума отырысында осы мәселе қаралмайынша, қазақ жеріне қонысаударушыларды орналастыруды тоқтатуды ұсынды. Олар өздерінің арыздарында ең шұрайлы жайылымдық жерлердің тартып алынғаны және басы артық жерлердің жоқтығын айтты.[65,267-п.]

Бірақ, Егіншілік және Жерге орналастыру жөніндегі Бас басқармасы мен Торғай облыстық басқармасы аталған арызды жауапсыз қалдырды.

ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында Далалық өлкеге шаруаларды қоныстандыру шаруашылықтың көшпелі түрінің құлдырауына әкелді, яғни:



  1. қазақтардың пайдалануынан егіншілікке жарамды жерлер ғана емес, кейіннен сол жерлерде қоныс аушылар поселкелері құрылған, сонымен бірге қазақтың мал жайылысты жерлері де тартып алынды.

  2. далалық облыстардағы аймақ әкімшілігі жергілікті қазақтарды өсімдігі тапшы және су көздері жоқ климаттық белдеулерге ығыстырды.

  3. қоныс аудару шенеуніктері шаруа – қоныс аударушыларға жер телімдерін кесіп бере отырып, бұл жерлердің мал айдау жолында тұрғанын ескермеді.

Мұнан да басқа Қазақ даласына қоныс аударған шаруаларды басқару мәселесі өткір қойыла бастады. XIX ғасыр аяғына таман қонысаударушыларға қатысты мәселерді шаруа істері жөніндегі губерниялық басқарма шешті. Бұл әкімшілік құрылымды тұрғындар санының көбеюіне байланысты 1891 жылы Далалық Ережеге қосымша облыстық басқарма енгізген. Сонымен бірге шаруа істері жөніндегі уездік присутсвие\қатысым\ құрылды және шаруа істері жөніндегі шенеунік лауазымы енгізілді.

XIX ғ. аяғына қарай патша үкіметі қоныс аударушылардың далалық өлкедегі орналасуына және алымдардың өз уақытында мемлекет қазынасына түсуіне күшті бақылау орнату үшін оларды басқарудың жаңа формаларын ыждағатты түрде іздестіре бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет