Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институты


Орталық және аймақтық биліктің шаруа басқарушылар институтын енгізуі туралы



бет3/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.52 Mb.
#19764
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

1.2. Орталық және аймақтық биліктің шаруа басқарушылар институтын енгізуі туралы.

ХIX ғасыр аяғында Шаруа істері жөніндегі уездік қатысымның төрағасы болып саналатын уезд бастығының қызметі қазақ даласына қонысаударушы шаруалар санының көбеюіне байланысты арта түсті. Уезд бастығының уездің ұлан - ғайыр территориясына байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді толықтай орындауға мүмкіндігі болған жоқ, сонымен бірге Қазақстанның полиэтникалық тұрғындарын басқаруда басқа да мәселелердің тез арада шешілуі қажеттілік болды. XIX ғ. аяғы XX ғ.басы патша үкіметі шаруаларды басқарудың жаңа формаларын іздеді, Ресейдің орталық аудандарынан шаруалардың қоныс аударуына байланысты қоныс аударушыларды орналастыру, тұрғындар санының өсуіне байланысты алымдарды жолға қою қажеттілігі, егіншілікпен айналысатын аудандарда жер тапшылығының туындауына байланысты жергілікті халықтың наразылығының күшеюі шаруа істерін жолға қоюды қажет етті.Сонымен бірге осы кезде отарлық билікке оған тіреу болатын көптеген құққа және түрлі жеңілдіктерге ие шенеуніктер қажет еді.

1897 жылы 10 наурызда Ақмола облысында шаруа істері жөніндегі уақытша ереже қабылданады. Кейіннен осы Уақытша Ереже Дала генерал губернаторлығының барлық облыстарында таралатын болды. Ақмола облысына 1891 жылы 13 маусымда «Сібір темір жол бойына қоныстандыру учаскелерін ұйымдастыру жөніндегі Уақытша Ережеге» және 1897 жылы астықтың шықпай қалуына байланысты қоныс аударушылардың осы облысқа ағылып келуімен ерекшеленді.

Сондықтан шаруаларды басқаруда шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет болды. Осының нәтижесінде облыстық және уездік басқармаларда шаруа істері жөніндегі шенеунік лауазымы енгізілді. Сонымен бірге ол бір уақытта шаруа істері жөніндегі шенеунік, бітістіруші судья және салық инспекторынан тұратын шаруа істері жөніндегі қатысымның да төрағасы болды. Шаруа істері жөніндегі шенеуніктің болыстық және селолық жиынының шығарған үкімін қарауға құқысы болды, егер де заңға сәйкес емес деп тапса шешімді тоқтата алды немесе уездік қатысымның қарауына ұсына алды. Оның шешімін немесе талабын орындамаған жағдайда шаруаларды үш күнге дейін қамауға алуға немесе 6 рубльден артық емес ақшалай айып салуға құқысы болды.Сондай-ақ шаруа істері жөніндегі шенеуніктің үкіміне шаруаның екі апта ішінде облыстық басқармаға шағымдануына құқығы болды. Құжаттағы маңызды факті шаруа істері жөніндегі шенеунікті қызметінен алу немесе қызметінен босату сонымен бірге «қызметтегі теріс әрекеттері үшін» жауапқа тарту Ішкі істер министрлігінің құзырында болды. Облыстық басқарманың құрамында Ішкі істер министрлігі тағайындайтын және қызметінен босата алатын тағы бір лауазым иесі шаруа істері жөніндегі міндетті мүше болды. [66,319п] Облыстық басқарманың міндетті мүшесіне облыстық басқарманың жалпы отырысында селолық қоғамның өміріне қатысты істерді шешуге қатысуға, олардың іс жүргізуіне бақылау жасау жүктелді.

Ақмола облысында шаруа істері бойынша присутствие 5 шенеуніктен тұрды, олардың әрқайсысының жалақысы 2600 рубль, Облыстық басқармада бір ғана міндетті мүшенің жалақысы 2500 рубль, іс жүргізуші 1000 рубль және іс жүргізушінің көмекшісі (600 рубль) жалақы алды. [66,320п] Дегенмен, аймақтық биліктің пайымдауынша Ақмола облысында шаруа істері бойынша басқару жүйесі көрсеткендей,әсіресе, осы облысқа қоныс аударушылардың ағылып келуі және жаңа қоныстардың пайда болуы шаруа шенеуніктерінің жетіспейтіндігін көрсетті. Сондықтан 1898 жылы 19 қаңтарда 5 жаңа шенеунік бекітілді.

Сонымен, XX ғ. басында Ақмола облысында қоныс аударушыларды орналастырумен айналысатын шаруа істері бойынша 10 шенеунік қызмет атқарды. Жалпы алғанда шаруа істері жөніндегі шенеуніктің қызметінде олардың міндеті жете қарастырылмағандықтан нәтижесі аз болды. Сонымен бірге, осы кезде қазақтар уезд бастығына да бағынышты болып қала берді. Билікте дуализм пайда болды. Уезд бастығымен шаруа істері жөніндегі шенеуніктің арасында айырма болған жоқ, кімнің қандай қызмет атқаратындығы айқындалған жоқ. Олар көп жағдайда бірін бірі қайталады. Уезд бастығы екі көмекшісімен бірге полицейлік қызметтен басқа қаржы басқармасының органдарының, сондай-ақ, қалалық басқарманың да қызметін атқарды.

Дала генерал-губернаторы барон Таубе Дала генерал губернаторының 1897 жылға арналған есебінде және 1898 жылы 31 желтоқсанда Ішкі Істер Министрлігіне жазған хатында қоныс аударушы шаруалармен қазақтарды басқаруды түбегейлі қайта құру туралы мәселе қояды. Генерал-губернатор Таубе ІІМ-не жазған хатында уездік басқарманың шенеунігіне земстволық басқарушының құқығы мен функцияларын беру және сот істерін қоса жүргізуді оларды земстволық учаскелік басқарушы деп атау жөнінде кеңес береді. Жылдық есепте көрініс берген генерал-губернатор Таубенің бұл ұсынысы патша назарына ілігіп, Ішкі Істер Министрлігінің қарауына жібереді. Ішкі Істер Министрлігі Дала генерал-губернаторының атына 1898 жылы 2 маусымда Сібірде енгізілген шаруа басқарушылар институтының ережесінің мәтінін жібере отырып, осы Ережені далалық облыстарда тарату мүмкіндігін мұқият қарастыруды өтінеді. Таубе бұл мәселеде Ресейдің орталық аудандарындағы земстволық басқарушыларға берілген сот өкілеттілігін қатар атқару құқығын беруді ұсынады, ал онсыз «Далалық облыстарда земстволық учаскелік басқарушылар күткен нәтиже әкелмес» деп есептеді. [66,101п]

Ол шенеунікке әкімшілік істерді шаруаларға ғана қатысты емес, сонымен бірге қазақтарға қатысты атқаруды жүктеуді ұсынды немесе бұл екеуін бөлу «әкімшілік биліктің бірлігін» бұзады деп есептеді. Онан да басқа екеуінің арасындағы келіспеушіліктердің болғандығы жөніндегі мәліметтер келтіріледі. Біріншіден, биліктің бірлігі болмаған жағдайда шаруалардың елді мекендері мен көшпелі ауылдардың қалалардан алыс орналасуына байланысты, әрбір құқық бұзушылықта бітістіруші судьяларға жүгіну мүмкін болмайды. Екіншіден, «бітістіруші судьялардың саны аз, олар қалалықтармен және казактардың сот істерін әзер үлгереді, ал өлкеде шаруаларды және бұратана халықтарды басқаруда осы лауазым иелерін сот міндетін атқарудан айыратын болсақ, жергілікті халық бұрынғысынша сот көмегін тез арада ала алмайды» деді барон Таубе. Бітістіруші судьяның шалғайдағы ауылдарға үнемі және жиі барып тұруға мүмкіндігі жоқ еді. «Кейін ретке келтіру қиын болғандықтан» осындай қиын жағдай туғызбас үшін генерал- губернатор шаруа істері шенеуніктің құқығын кеңейтуді ұсынды[66,321п].

Дала генерал- губернаторы өз тарапынан ең бірінші болып далалық облыстарда 1889 жылы 12 шілдедегі Земстволық басқару туралы Ережені енгізу қажеттігі туралы пікірді айтты. Шаруаларды және жергілікті тұрғындарды басқару туралы мәселе Қазақстанның басқа өңірлерінде өткір қойыла бастады. Сібір темір жол комитеті жанындағы комиссия Ішкі Істер Министрлігіне «Семей облысында шаруа істерін жүргізетін шаруа мекемелерін жуық арада енгізу туралы өтініш жасады. [66,323п]

Сонымен бірге император империяда лауазым иелерінің түрлі атаулармен шаруа істерін жүргізетіне назар аударды. Сібірдің 4 губерниясында - шаруа басқарушылары, Ақмола облысында - шаруа істері жөніндегі шенеунік, Дала генерал губернаторлығында жаңа лауазым жергілікті басқарушыларды енгізу жобаланды. Мұндай ала-құлалық императордың пікірінше «тұрғындардың мүддесіне орай жоғары дәрежеде қажетсіз» саналды. [66,323п]

Осы уақытта Мемлекеттік Кеңес мәжілісінде Тобыл, Томск, Енесей, Иркутск губернияларында шаруаларды басқаруды қайта құру туралы заң жобасы талқыланып жатты. 1898 жылы 2 маусымда император II Николай жоғарыда аталған заң жобасын Сібір губернияларына қатысты «Шаруа басқарушылары туралы Уақытша Ережені» бекітті. Осы оқиғалардың сәйкес келуі және Далалық облыстарда шаруаларды басқаруды реттеу қажеттігі туралы мәселе император II Николайды Дала генерал губернаторының жылдық есебін оқи отыра, Далалық облыстарда шаруа бастықтары институтын енгізу қажеттілік пе деген мәселені Ішкі Істер Министрлігінің алдына қоюға мәжбүр етті. [66,324п]

Осы уақыттан бастап Ішкі Істер Министрлігінде қазақ даласында аталмыш институтты енгізу туралы мәселе өткір қойыла бастады. Әрине, Ресей үкіметі «Уақытша Ереже» тек қана Сібір губернияларына қатысты екендігін түсінді, бірақ осы өлкенің далалық облыстармен шекаралас жатуы және осы өңірмен табиғи климаттық жағдайының ұқсастығына байланысты аталмыш институтты қазақ даласына енгізу мүмкіндігі туралы мәселені қойды. Үкімет осы мезгілде таңдау алдында тұрды. Сібір губернияларында енгізілген шаруа басқарушылары институтын енгізу қажет пе, әлде Европалық Ресей губернияларында енгізілген земстволық басқарушылар институтын енгізу қажет пе? Осы мәселені талқылау үшін Дала генерал губернаторын және облыстардың әскери губернаторларын, уезд бастықтарын шақырды, яғни, өздеріне бағынышты территорияда жаңа басқару жүйесін енгізу қажеттігі мен төмендегі мәселелер төңірегіндегі өз шешімдерін білдіру үшін:

- далалық облыстарда Сібір губернияларында енгізілген «Шаруа басқарушылары туралы Ережені енгізу мүмкіндігін шектейтін жергілікті ерекшеліктер бар ма?

- далалық облыстарда 1889 жылғы 12 шілдедегі Ресейдің европалық бөлігінде енгізілген «Земстволық басқарушылар туралы Ережені» енгізу мүмкіндігі қандай?

- егер «Шаруа басқарушылары туралы Ережені» енгізген жағдайда лауазым иелерінің сот қызметін атқаруы сақтала ма деген сияқты мәселелер тұрды

Торғай облысының әскери губернаторы 1898 жылы 2 маусымдағы Уақытша Ережеде көрсетілгендей құқықтар мен міндеттерге ие, халыққа жақын шаруа бастығы лауазымы қажет. Себебі, ұлан-ғайыр уезд аймағында жергілікті халықтарды басқаруда және сот істерін жүргізуде жалғыз әкімшілік - полицейлік үкімет – бұл уезд басқарушылары. Оларға полицейлік, қалалық, земстволық істердің ауыртпалығы түсіп, қазақтарды басқаруда нақты бақылау жасаудан айырылған» деді. Орал облысының әскери губернаторы «қазақтарды басқару ісін реттеу» қажеттігі мен қазақ халқына олардың өкілеттілігін тарату жолымен шаруа бастықтарының билігін күшейту керек деп есептеді. [67,323п]

Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторлары өлкеде шаруа бастығы туралы Уақытша Ережені емес, Земстволық басқаруды енгізу қажеттігі туралы айтты.

Дала генерал-губернаторы М.Таубе Сібір губернияларында енгізілген «Шаруа басқарушылары туралы Уақытша Ережені» және Ресейдің орталық губернияларында енгізілген «Земстволық басқарушылар туралы Уақытша Ережені» зерттей келе, мынадай пікірге келді - земстволық басқарушылардың сот қызметі талқыланған кезде Далалық облыстарда Ресейдің орталық губернияларында енгізілген модельді енгізу қажет.[67,101п]

Мұндай көзқарастың астарында Сібір губернияларында шаруа бастықтарының сот өкілеттілігі болған жоқ. Далалық облыстарда бітістіруші судьялардың шектеулі штаты әр уезге бір бітістіруші судьядан келді және облыстағы тұрғындар санының артуы, уезд территориясының ұлан-ғайыр жерді алып жатуына байланысты олардың өздеріне жүктелген міндетті толық орындауға мүмкіндіктері болған жоқ. Осыған байланысты генерал - губернатор егер де шаруалар мен бұратаналардың сот органы сот міндетін атқара алмаса, онда жергілікті тұрғындар «тез және жақын арада сот көмегін ала алмайды, бұрынғы жағдайларында қала береді» деп көрсетті. [67,322п]

Осы көзқарасты шаруаларды басқару ісін жақсы білетін Ақмола облысының әскери губернаторы Санников та және облыстық басқарманың шенеуніктері де ұстанды. Ақмола облысының әскери губернаторының кеңесшісі, облыстық басқарманың міндетті мүшесі Т.Тихонов Далалық облыстар шаруа басқарушылар институты енгізілген Сібір губернияларымен теңесе алмайды, өйткені осы губерниялардың тұрғындары отырықшы - егінші шаруалар, ал далалық облыстың тұрғындары - көшпелілер.

Далалық облыстарда 1898 жылы 29 қыркүйекте шаруа басқарушылар институтын енгізу механизмі туралы ұсыныстар мен мәселенің пысықталған анализі, талдауы ұсынылады. Шаруашылықтың ерекшелігіне және қазақ халқының тұрмысына байланысты Ақмола облысының әскери губернаторының пікірінше төмендегі өзгерістерді енгізу қажет.

1. Шаруа басқарушылары атауы шындыққа сай келмейді, «шаруа» сөзі отырықшы мәдениет, егіншілікті білдіреді, ал қазақ халқы көшпелі, мал шаруашылығымен айналысады. Онан да басқа шаруа учаскелері қазақтар тұрған жерлерде ұйымдастырылды, мысалы Ақмола және Атбасар уездерінің оңтүстік бөлігінде тек қана қазақтар тұрады. Атаудың сәйкес келмейтіндігі жайында Ақмола облыстық әскери губернаторының кеңесшісі, сарай кеңесшісі Т.И.Тихонов өзінің ерекше пікірінде толық түсініктеме берді. Ол екі әлемнің, екі діннің, екі мәдениеттің өкілдері- қазақтар мен орыс шаруаларының қарым -қатынасына үлкен назар аударды. Қазақ халқынан қоныстандыру учаскелері үшін жердің айтарлықтай бөлігінің тартып алынуы қазақ халқы мен орыс қоныс аударшылар арасында қарым-қатынасының шиеленісуіне себеп болады. Осы жерде қазақтар жерді пайдалануда өздерін шеттетілгендей сезінеді, сондықтан да олар барлық жаңа өзгерістерді енгізуге аса қатты қарсылық көрсетеді. Сондықтан Тихонов «Шаруа басқарушылары» атауы теріс және қисынсыз әңгіме туғызуы мүмкін, қазақтардың шаруаларға айналуы жайында және саяси қауіпті деді. Ол Ақмола облысының әскери губернаторының пікірін қолдай отырып, оларды земскілік, далалық және учаскелік басқарушылар деп атаған жөн деп есептеді.Әсіресе қазақ халқы өздерінің тікелей басқарушылары саналатын уезд басқарушысы басқаратын уездік басқару жүйесіне үйренген.

2.Сонымен бірге, Ақмола халқының басым көпшілігін қазақтар құрайды 55 қазақ болысы, 388 ауыл, 401 745 жан адам тұрады, ал шаруа болыстары 36, 137 елді мекендері жалпы барлығы 107 120 (екі жынысты) адам тұрады, қазақ ауылдары облыстың ұлан-ғайыр территориясында шашырап жатыр (479 шаршы шақырым) сондықтанда көптеген құқыққа ие билік мекемесі қажет. Бұл екі мәдениеттің (көшпелі және отырықшы) көрші болғаны дұрыс және осы жерден үнемі құқық бұзушылық және бірін бірі түсінбеушілік туындайды.

3. Әкімшілік және сот құқығын иеленген земскілік басқарушы «өз беделімен» үлкен пайда әкеледі және қазақтармен қоныс аударушылар арасында «тәртіпті ретке келтіруге қызмет еткен болар еді». Бітістіруші судьяның міндетін атқаратын земскілік басқарушы тұрғындарға бақылауды күшейтеді. Ақмола облысында штат бойынша 13 бітістіруші судья жұмыс істесе, оның 5-і Омбы қаласында, қалғандары уездер бойынша таралады, бірақ, уездердің үлкен аймақты алып жатқаның ескерсек бітістіруші судьялар өз қызметтерін атқаруға толық мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан земстволық басқарушының халыққа жақын келуі әскери губернатордың пікірінше билікті күшейтуге және тәртіп орнатуға ықпал еткен болар еді. [67, 178-183пп]

Торғай облыстық басқармасының негіздемесінде ережені енгізу орыс отаршылдығының күшеюіне, тұрғындар санының көбеюіне әкеледі деген дәлел келтіреді. [67,322п]

Сондықтан да уезд басқарушысы билігіне қосымша шаруа басқарушысы құрылымы қажет. Орал облыстық басқармасы Ішкі істер министрлігіне жіберген пікірінде қазақтарды басқаруды реттеу үшін өз облысында шаруалар бастықтары туралы Уақытша Ережені тарату қажеттігін айта келіп, өлкенің жергілікті ерекшеліктері ескерілуі керек деп есептеді.

Алынған материалдар мен пікірлерге қарай отырып 1899 жылы Ішкі Істер Министрлігінің Жер бөлімі Сібірдегі шаруа басқарушылары туралы заңға сүйеніп, Далалық облыстарды басқарудың жаңа жобасын жасады. 1901 жылы императордың қатысуымен Сібір темір жол комитетінің жаңа отырысы болды, онда Торғай облысында шаруа басқарушыларын енгізу мәселесі қаралды. 1901 жылы 7 наурызда Ресей императоры Ішкі Істер Министрлігімен және Қаржы министрлігімен келісе отырып, Қазақстанның далалық облыстарында 1902 жылдан бастап шаруалар бастықтары институтын енгізуді бұйырды. ІІМ-нің Жер бөлімі Сібір темір жол комитетінің шешіміне сәйкес жобаны толықтыруға кірісті.

ІІМ пікірінше, біріншіден, шаруа бастығы қызметін енгізу қазақтардың бір облыстан екінші облысқа көшуге келісім алуды жеңілдетеді, өйткені, олар түрлі үкімет орындарына бірде сот, бірде әкімшілік т.б. орындарына баруы керек, ол сол жердегі қандай шаруа мекемесінің болуына байланысты болды, ал екінші жағынан бұл қазақтар мен қоныс аударушылар арасындағы түсініспеушілікті тияды, бұл жағдай әсіресе қоныс аударушылардың саны көбейе түскен Ақмола және Торғай облыстарына тән. Ішкі істер министрінің орынбасары Дурновоның пікірінше «жақын арада Торғай, Ақмола облыстарында шаруа мекемелерін құру қажет, өйткені бұл облыстарда орыс тұрғындарының жергілікті халықпен қарым -қатынасы тұрақсыз, сондықтан да халыққа жақын үкімет, билік керек» -деді. [67,351п]

Ішкі Істер Министрлігі тез арада далалық облыстарда шаруа бастықтары туралы Ережені енгізу осы жерлердегі қоныс аударушы орыс шаруаларын орналастыруға және жергілікті халыққа тәртіп орнатуға мүмкіндік алатынын түсінді.

Талқылауға түскен мәселелердің бірі - далалық облыстарда қанша шаруа учаскелері құрылу қажет, Сібір губернияларына ұқсас болуы керек пе немесе көшпелі қоғамның ерекшелігі ескерілуі қажет пе, ал соның ішінде осы территорияның ұлан-ғайыр алқапты алып жатуы мен тұрғындардың шашырап орналасуы ескерілу қажет болды.

Торғай облысының әскери губернаторы Л.Ф. Барабаш шаруа отарлауы процесі барысында жергілікті жағдайға байланысты әзірше 12 учаске жеткілікті деді. [68,265п]

Орал облысы территориясының белгілі бір бөлігінде өзіндік ерекшеліктері болды өйткені әскери министрлікке қарайтын казактар иеленген. Орал облысының әскери губернаторы 4 уезді (Орал, Темір,Гурьев, Лбищенскі) әрқайсысы 3 учаскеге бөлуді ұсынды, яғни әр учаскеде орташа есеппен 36 мың адам болуы керек деді.

Осы мәселеге байланысты талқылау мына бағыттар бойынша өрбіді:

- 1898 жылы 2 маусымдағы «Шаруа бастықтары туралы Уақытша ережеге» толықтырулар мен өзгерістерді енгізу қажеттігі:

- шаруа бастықтары институтын біртіндеп сатылап енгізу;

- әр 4 облыстың территориясы шаруа учаскелеріне қалай бөлінуі керек және шаруа учаскелерінің саны қанша болуы керек;

- шаруа бастықтары ауырған немесе еңбек демалысын алған кезде немесе қандай да бір жағдайларда болмаған уақыттарында олардың орнына шаруа басқарушыларына кандидаттардың штаты туралы.

Шын мәнінде бұл кадрлық резерв болды. Мұндай штаттың енгізілу себебі Далалық өлкедегі қызметтің жергілікті жағдайымен түсіндірілді, соның ішінде «жаңа ашылған бос орындар» үшін жаңадан шенеуніктерді іздеп табу қиындығы еді. Торғай облысының әскери губернаторы шаруа басқарушысына бір кандидатты ұсынуды дұрыс деп есептеді ал басқа облыстардың әскери губернаторлары бұл қызметке екі кандидат ұсыну керек деп есептеді.

- уездік съездің қызметі мен жұмысы туралы.

- шаруалар бастықтарының жалақысы туралы. [68,268п]

Ішкі істер министрлігі Дала генерал- губернаторы, әскери губернаторлардың ұсыныстарын талқылай келе төмендегідей қорытындыға келді:

1.Тобыл, Иркутск, Томск және Енисей губернияларда енгізілген 1898 жылы 2 маусымдағы «Шаруа басқарушылары туралы Уақытша Ережені Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарына төмендегі ережелерді сақтай отыра енгізу.

1. 3-бап «Ережені....» шаруа басқарушылары басқаратын учаскелердің құрамына Әскери министрлікке қарайтын казак елді мекендері енбейді деген нұсқаумен толықтыру.

2. 5-бапты мына қосымшамен «елді мекені \қыстағы\ жоқ жерлерде шаруа басқарушылары облыстық басқарманың жалпы мәжілісінің шешімімен өзінің мекен - жайын учаскеден тыс жерден таңдауына құқығы бар».

3. шаруалар бастықтарының қызметіне бақылау жасау Ақмола,Семей облыстарында Дала генерал губернаторына жүктелді, ал Орал және Торғай облыстарында Ішкі Істер Министрлігіне жүктелетін болды.Осы сәттен бастап Далалық өлкеде осы институтты енгізу процессі басталатын болады.

4. «Уақытша ереженің....» 35 бабын толықтыра отырып қаулы етеді, «Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарында 1891 жылы 25 наурыздағы Далалық Ереженің 33-38,61,67,72,74-75,123,139 баптарына орай уезд басқарушысының міндетіндегі «бұратана халықтарды басқару, халық соттарына бақылау жасау және олардың мұқтаждарын қамтамасыз ету» секілді міндеттерді атқару шаруа бастықтарына жүктеледі.

5. Шаруа басқарушысына 2200 рубль көлемінде жылдық жалақы тағайындалғаны дұрыс, өйткені осы көлемдегі жалақы Забайкалье облыстарында шаруа басқарушылары үшін тағайындалған. Ішкі істер министрлігінің пікірінше бұл әділ шешім болар еді, өйткені шаруа істері жөніндегі шенеуніктің қызметтік міндеті шаруа басқарушысына қарағанда аз бола тұра 2000 рубль жалақы алып тұрды. Шаруа бастығына кеңсе шығындарына және қызмет барысындағы жол шығындарына 800 рубль бөлінеді.Сонымен бірге Ішкі Істер министрлігі 1898 жылы 2 маусымдағы «Уақытша Ережедегі» секілді шаруа басқарушыларына тегін жылқы алу құқығы «ауыл және бұратана тұрғындар үшін өте қиын шара» болу мүмкіндігіне назар аударды.Мұнан да басқа қазақ болыстарына аудармашы жалдау үшін 300 рубль көлемінде қаражат бөлінетін болды.

Шаруа бастығының кандидатына жылына 1000 рубль көлемінде жалақы тағайындалды. Семей облыстық басқармасы осы облыстағы шаруа бастығының кандидаттарына 1400 рубль көлемінде жалақы тағайындау туралы өтініш етеді және бұл әскери губернатор жанындағы ерекше тапсырмаларды орындайтын аға шенеуніктің жалақысымен салыстырылып шығарылады.

6. Уездік съездің шаруашылық және кеңсе шығындарына жылына 1200 рубль қаражат бөлінетін болды, бұл Сібір губернияларының уездік съездері үшін 1898 жылы 2 маусымдағы Уақытша штат белгілеген суммаға сәйкес еді. [68,265-273 пп]

7. Уақытша ереженің баптарында көрсетілгендей ведомоствоның негізі Сібір губернияларында губерниялық басқарманың жалпы қатысымы болса, енді аталған облыстарда облыстық басқарманың жалпы отырысы атқаруы керек,осы басқарманың қызметін реттеу үшін аталмыш ережені осы облыстарда тарату қажет.

8. Бітістіруші сот ведомоствасына шаруалар бастықтары туралы Уақытша Ереженің 36-37 және 6 бап І бөлімінің негізінде Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстарының шаруа бастығының учаскелеріне қарайтын істер кірмейді. [69,593-594 пп]

9.Ақмола, Семей, Торғай,Орал облыстарында шаруа мекемелерін қамтамасыз етуге мемлекеттік қазынадан 243 300 руб. жыл сайын бөлінуі керек, ал соның ішінде Ақмола облысының шаруа мекемелеріне 33600 руб бөлінеді, ал 209 700 руб. қалған облыстардың қажетіне бөлінетін болды.

ІІМ шаруа бастықтарының 18 уездік съезіне қажетті жабдықтар мен заттар алу үшін кететін шығын -9000 руб. 2) осы қайта құруды жүзеге асыру үшін кететін шығын 6000 рубль болады деп есептеді. [68,265-273 пп]

Жоғарыда айтылғандар Мемлекеттік Кеңестің назарына ұсынылады.

Шаруа бастықтарының лауазымына және осы қызметке кандидаттар мынадай жағдайда тағайындалмайды: тергеуде немесе қылмысы үшін сотта тұрғандар немесе сот үкімі бойынша жазаға тартылғандар.[70,9-49 пп]

Сонымен бірге жергілікті басшылық жоғарыдағы қызметті жергілікті шенеуніктің иеленгенін дұрыс көреді, бірақ Министрлік мұндай шаралармен келісуге болмайтындығын Далалық облыстардағы мұндай қызметке жеткілікті білім дайындығы мен тәжірибесі бар адамдарды шақыру керек және оларға шақыруға тұратындай жалақы тағайындау керек деп есептеді.

Ең соңында уездік съездің хатшысының жалақысына байланысты Финанс министрінің ұсынысы бойынша 800 рубль, ол Ішкі Істер Министрінің пікірінше «бұл мақсатсыз кеткен ақша, өйткені Далалық облыстарда уезд басқарушысы кеңсесінің шенеуніктері, яғни, іс жүргізушісі мен аудармашылары да осы көлемдегі жалақыны алады \XIV-X класс\, 1898 жылы 2 маусымдағы заңға сәйкес уездік съездің хатшысына \IX класс беру\ және мен Мемлекеттік бақылау қорытындысының шешімімен келісе отырып, уездік съездің хатшысына 900 рубль жалақы тағайындауға болады деп есептеймін» деді. [68,273п]

Сонымен, Далалық өлкедегі жергілікті облыстық басқарманың жылына кеңсе қызметіне бөлінетін қаржысы 1500 рубльді, Ақмола облысының облыстық басқарма кеңсесіне 2000 рубльді бөлінді, облыстық басқарманың іс қағаздарын жүргізушінің жалақысы 1000 рубльге көбейтуге және өлкедегі Уездік съездің кеңсе және шаруашылық шығындарына 1200 рубль бөлінетін болды өйткені Сібір губернияларының уездік съезіне 1898 жылы 2 маусымдағы Уақытша штат бойынша осы сумма көлемінде қаржы белгіленген. Уездік съездің кеңсе және шаруашылық шығындарына бөлінетін қорды реттеу облыстық басқарманың құзырына берілетін болды.

Сонымен, Ішкі істер министрлігі шаруа мекемелерін қайта құруға арналған жылдық шығынның төмендегідей есептеді[68,қосымша А]:


  1. Облыстық басқарманың е4 міндетті мүшесін қамтамасыз ету үшін 10000 руб.

  2. Облыстық басқарманың 4 іс жүргізушісі мен облыстық басқарманың 5 көмекшісін қамтамасыз ету үшін-7000 руб.

  3. Облыстық басқарманың кеңсе шығындарына - 6500 руб.

  4. 52 шаруа бастығын қамтамасыз етуге олардың кеңсе шығындарына, аудармашы жалдауға, жол сапарға шығуына 171.600 руб.

  5. Уездік съезде төрағалық еткені үшін 18 шаруа бастығына қосымша қаржы 5400 руб.

  6. Шаруа бастығының 5 кандидатына - 5000 руб.

  7. 18 уездік съездің хатшыларына - 16200 руб.

  8. 18 уездік съездің кеңсе және шаруашылық шығынына 21600 руб.

ал барлығы жылына 243.300 руб. бөлінеді. [68,348п]

ІІМ-нің Жер бөлімі дайындаған жобада шаруа басқарушылары қарамағындағы учаскелерде бітістіруші судьялардың сот ісіне кірісуіне тиым салынды. Юстиция министрі Муравьевтің шаруа басқарушыларына сот өкілдігін беру бітістіруші судьялардың беделін түсіруі мүмкін және сот істерімен белгілі бір юристік білімі бар шенеунік айналысуы керек деген ескертуін ешкім қабылдаған жоқ. [15,с.218]

Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.Н. Сухотин және әкімшіліктің жоғары лауазымды шенеунігі Абаза шаруа басқарушыларының тікелей уезд басқарушысына бағыну пікірін және оларды тағайындау қызметі Дала генерал-губернаторына жүктеу туралы пікірі жобада көрініс тапқан жоқ, мемлекеттік кеңестің бекітуімен және императордың қол қойғаннан кейін күшіне енетін болды.

Шаруа бастығының құзыреті мен қызметтік міндеттері жөнінде талқылауға қатысып және заң бойынша кеңес беретін Әділет министрлігі Департаменті 1901 жылы 11 маусымда Далалық облыстарда шаруа бастықтары институтын енгізу жөнінде өз пікірін дайындады. Әділет Министрлігі іс материалдарын зерттей келе шын мәнінде аталмыш институтты енгізуге маңызды кедергілер жоқ деп есептеді. Бірақ сонымен бірге шаруа бастықтарына алдағы уақытта сот құзыретін кеңінен беру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ шаруа бастықтары жергілікті тұрғындардың әдеттегі құқық ерекшеліктерін ұғынуға қабілеті жете ме деген де күмәнін жасырмады. Ең бастысы әкімшілік және сот билігінің түрі Сібір губернияларына қарағанда басқаша болуы керек. [68,286-287пп] Қызметтің қиындығы Далалық өлкенің географиялық жағдайы мен халқының сирек қоныстанғаны ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің тиісті полицейлік істі ұйымдастыруға бөлінетін қаржының шектеулілігі себеп болды. Әділет министрлігінің пікірін Дала генерал-губернаторы да қолдады, яғни, мемлекет сот және тергеу бөлімін сан жағынан да, сапа жағынан да тиісті жағдайға жеткізетіндей қаражат таппайынша, шаруа бастықтары қазақ даласында кең сот құқығына ие болуы керек.

Дала генерал - губернаторы Н.Н.Сухотин Далалық өлкеде жергілікті қажеттілікке жауап беретін жалғыз шара ретінде шаруа басқарушылары институтын енгізу қажеттігіне сенімді болды. Ол шаруа бастықтарының қызметі өлкеде орыс мәдениетін енгізуде, әдет-ғұрыпты жұмсартуда, Далада тыныштық пен тәртіп орнатуда ұлы қызмет атқарады деп есептеді.

Сонымен бірге, 1901 жылы 17 желтоқсанда Дала генерал губернаторы М.А.Таубе Ішкі Істер Министрлігіне берген мәлімдемесінде уездік мекемелерді қайта құру, ІІМ-нің жобасын жүзеге асыруда ұсақ полицейлік міндеттердің шеңберінде уезд бастықтарының қызметін шектеу қажетсіз зардаптарға ұшырату мүмкіндігін ескертті. Уезд бастықтары Далалық өлкеде ұзақ жылдар өмір сүру арқасында әкімшілік лауазымды тұлға ретінде, жергілікті тұрғындардың көзі алдында биліктің бейнесі ретінде белгілі бір мәнге ие болды. Шаруа басқарушылары қызметінің енгізілуіне байланысты уезд бастықтарының биік мәртебесі екінші сатыға түспек. Осыған байланысты Н.Н. Сухотин жергілікті тұрғындарды басқаруда жеткілікті тәжірибе жинақтаған, генерал- губернатор мен әскери губернатордың үлкен сеніміне ие болған уезд басқарушысының уездік съезде төрағалық ететін міндетін сақтап қалуды ұсынды. Сонымен бірге олардың барлығының белгілі бір білім дәрежесі болды. [68,292-293 пп] Далалық өлкеде шаруа бастықтары институтын енгізуде үкіметтің жылына жұмсайтын шығыны 247 600 сомды құрады. [68,279п]

Қаржылық шығындарға байланысты Қаржы министрлігінің Ішкі істер министрлігіне ұсынған уездік мекемелерді реформалау жобасына берген пікірі қызығушылық туғызады. Қаржы министрлігі шаруа бастықтарының жалақылары мен олардың кеңсе тауарларына жұмсайтын шығындары асырылып көрсетілген деп таныды. Қаржы министрлігі шаруа бастықтарының жалақысын 1700 рубль көлемінде шектеуді ұсынды себебі 1898 жылғы 2 маусымдағы заңмен белгіленген шаруалар бастықтарын қамтамасыз етуде осы сумма ең жоғары норма саналды.

Император II Николай 1901 жылы 7 наурызда Сібір темір жол комитетінің отырысына қатысып, шаруа бастықтары басқаратын түрлі мекемелерді біріктіру туралы және «1898 жылы 2 маусымдағы Уақытша ереженің» негізінде Далалық облыстарда шаруа бастықтары институтын енгізу қажеттілігі туралы ұсынысын білдірді. Сонымен бірге ІІМ-не Қаржы министрлігімен келісе отырып Торғай, Амур және Приозерный облыстарында 1902 жылдан бастап шаруа бастықтарын енгізуді тапсырды. [68,323п] Императордың жарлығы және Дала генерал - губернаторы, Торғай және Орал облыстарының әскери губернаторларының пікірлері Далалық облыстарда 1898 жылы 10 маусымдағы «Шаруа бастықтары туралы Уақытша Ережені» тарату туралы заң жобасын жасауға негіз болды.

Ең маңызды мәселе осы институтты енгізу мерзімі жайында болды. Шаруа басқарушылары институтын енгізу қазына үшін едәуір шығындарға әкелетініне байланысты, далалық облыстарда жаңа әкімшілік бірлікті енгізу сатылап, біртіндеп енгізу ұсынылды. Торғай облысының әскери губернаторы шаруа басқарушылар институтын алғашқыда Торғай және Ақмола облыстарында дәлірек айтқанда 1902 жылдың 1 қаңтарынан енгізу, өйткені оның пікірінше осы облыстар неғұрлым даярланған қонысаударушылар көбірек орналасқан және қонысаударушылардың легі негізінен осы облыстарға бағытталып, қонысаудару учаскелері құрылған болатын. Ал Орал және Семей облыстарында сәл кейінірек яғни 1903 жылдың қаңтарынан енгізілмек болды. [68,282п]

Егіншілік және Мемлекеттік мүлік министрлігі мен Әскери министрлік жүргізіліп жатқан реформаға ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Қаржы министрлігі ішінара түзетулер мен өзгерістерді енгізді. Қаржы министрлігі Далалық облыстарда Сібір губернияларымен салыстырғанда лауазымды тұлғалар үшін жалақы белгілеудің заңдық негізінің жоқтығына назар аударды. 1891 жылы 25 наурызда Далалық Ереже бойынша уезд бастықтарымен бітістіруші судьяларға жылына 2500 рубль жалақы төленді. Осындай жалақы шаруа басқарушыларына тағайындалды, бірақ жобада Ақмола облысының шаруа басқарушылары үшін ең жоғары жалақы тағайындалды. Қаржы министрінің пікірінше Ақмола облысында шаруа басқарушылар үшін тағайындалған «жоғары жалақы» осы облыс арқылы өтетін Сібір темір жолы мен басқа облыстарға қарағанда жағдайдың біршама жақсы болуына байланысты қисынсыз саналды. [71,347-348пп] Қаржы министрінің үшін маңызды болған және осындай жалақының тағайындалуы Далалық облыстарда осы қызметке білім деңгейі жеткілікті және қызметте тәжірибе жинақтаған адамдардың тағайындалуына мүмкіндік береді есептелді.

Далалық облыстарда шаруа мекемелерін қайта құруда уақытша штаттың жобасы бойынша төмендегіше жоспарланды: Ақмола облысында 16 шаруа басқарушысы лауазымы енгізіліп, жалпы жылдық шығыны 35200 рубль құрады, Орал, Семей және Торғай облыстарында 12 шаруа басқарушысы қызметі енгізілді, әр облыстың жылдық шығыны 26400 рубльді құрады. Қаржыландырудағы қиындықтардың бірі шаруа басқарушыларының айлық жалақысы ғана емес, сонымен бірге іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жағдайды қамтамасыз ету мен жергілікті тұрғындарға бақылау жасау маңызды болды, ал соның ішінде кеңсе шығындары, жол сапарға шығу, аудармашы жалдау және т.б. Сондықтанда шаруа басқарушыларының шығындары туралы белгіленген норма мәселесі яғни кеңсе шығындары, жол сапарларға шығу, аудармашы жалдау Қаржы министрлігі үшін маңызды болып қала берді. 1898 жылы 2 маусымдағы Ережеге сәйкес Далалық облыстарда бітістіруші судьялар үшін 1100 рубль бөлінді. Ішкі Істер министрлігі бұл қаржыны 800 рубльге дейін қысқартуға болады және жергілікті тұрғындарға шенеуніктердің жол сапарға шығу кезінде жылқымен қамтамасыз ету жүктелді.[71,347п]

Сонымен бірге шаруа басқарушылары шаруа басқарушыларының уездік съезіне төрағалық қызметке тағайындалғаны және оның өкілеттілігін кеңейтіп қосымша міндеттерді атқарғаны үшін қосымша жалақы алады. Жобада ол 300 рубль көлемінде көрсетілді. [71,354п]

Жаңа мекеменің әкімшілік және сот істеріне қатысты екінші сатысы - бұл шаруа бастықтарының уездік съезі болды, онда шаруаларды басқару және сот мәселелеріне байланысты шаруа басқарушыларына арыз айту, шешім айту т.б. мәселелер қаралатын болды.

Облыстық басқарманың жалпы мәжілісі - онда шаруа басқарушыларының қызметіне, олардың іс жүргізулеріне, уездік съездеріне бақылау жасап, уездік съездің шешімдерін бекітіп, қадағалап отырды. [69,593-594 пп]

Далалық облыстарда шаруа бастықтары институтының енгізілуі (1898-1902жж) ұзақ талқыланды.Басты кедергі далалық облыстардың генерал-губернаторлары және уезд басқарушылар тарапынан болды, яғни жаңа сот - полицейлік органмен өздерінің құқықтарымен жеңілдіктерін бөліскісі келмеді.

Ресей үкіметінің айтарлықтай қаржы шығындағанына қарамастан (жыл сайынғы жалпы суммасы 7519821 рубльді құрады) Қазақстанда шаруа бастықтары институтын енгізу жөніндегі бұл реформа жасалды. 1902 жылы 10 маусымда «Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарына «шаруа бастықтары туралы Уақытша ережені» тарату туралы Мемлекеттік Кеңестің пікірі бекітілді.

Бұл туралы 1903 жылдың қаңтарында Торғай газеті былай деп жазды: «Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі 1898 жылдың 2 шілдедегі Ереженің негізінде 1902 жылдың 12 маусымында Торғай облысында шаруа басқарушылар институтының енгізілуі болды. Халық соттары, жер және сайлау мәселелері, халық шаруашылығы және басқа да істер осы жылдың аяғында шаруа бастықтарының қолына көшті». [72,№1,1б]

Соныменен, шаруа бастықтары институтын енгізу процесі орталық билік деңгейінде және аймақтық билік деңгейінде де талқыланды. Ресей үкіметі үшін (Ішкі Істер Министрлігі, Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігі) Далалық облыстардың территориясында шығыс славян этностарын күшейтуде, биліктің бірлігін сақтауда, шаруа бастықтары арқылы қазақ халқына ғана емеc, сонымен бірге орыс халқына да бақылауды күшейтудегі шешуші қадамдардың бірі болды.

Шаруа бастықтары институтын енгізу мәселесін талқылау уезд бастықтарынан бастап, облыстардың әскери губернаторлары, Дала генерал- губернаторы, ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік, инспектордан бастап Ішкі Істер Министрлігінің министрі, Қаржы министрлігі т.б. дейін болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет