Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институты


III- тарау. Қазақстандағы шаруа бастықтарының қызметі (1902-1917жж.)



бет7/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.52 Mb.
#19764
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15

III- тарау. Қазақстандағы шаруа бастықтарының қызметі (1902-1917жж.)
3.1. Шаруа басқарушыларының уездік съездері және жер тартыстарын шешуі.

Шаруа бастықтарының уездік съезі Облыстық басқарманың жалпы мәжілісі бекіткен кестеге сәйкес өтетін болды. Съездің мүшелері уезд бастықтары, шаруа учаскелерінің бастықтары, салық инспекторы, хатшы болып табылды. Съездің отырысына облыстың әскери губернаторы, әр облыстың қонысаудару ісі меңгерушілері де қатыса алатын болды. 1903 жылы қаңтардың аяғында Ақтөбеде өткен шаруа бастықтарының I- съезіне Торғай облысының әскери губернаторы А.А.Ломачевский қатысқан шаруа бастықтарының съезі ашылды, даланың жаңа өкілдеріне қазақ халқының «амандығы» және «көрші орыс халқымен достық байланысын» дамытуға күш салулары қажет.- деді. [133,1б]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің маңызды қызметі Далалық облыстарды басқару туралы Ереженің 138-139 бабының негізінде салық инспекторын қатыстыра отырып, шаруа бастықтары дайындап ұсынған шаңырақ иелерінің тізімін өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстыру, әрбір болыс бойынша шаңырақ иелерінің санын есепке алу (келгендермен кеткендердің тізімі), әр болыстан түскен салықтардың жалпы көлемін көрсете отырып, облыстық басқармаға тапсырады. [134,43п]

Мәжілістерде ауқымды мәселелер қаралатын болды: болыстық соттың шешіміне,шаруа басқарушыларының шешіміне шағым айту, келісімдерді өзгерту,салықты төлемеген жағдайда мүліктері сату туралы, азық түлік несиесін беруге өтініш беру туралы, лауазымды тұлғалардың қоғамдық басқаруы т.б. Уездік съездің тез арада шешуді қажет ететін шұғыл мәжілістері де өтіп отырды, соның ішінде учаске аумағындағы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға байланысты. Мысалы,1909 жылы Қостанай уезінің шаруа басқарушыларының уездік съезінің мәжілістерінде 612 болыстық сот шешіміне шағым айту, 54 шаруа басқарушыларының шешімдеріне шағым білдірілген істер қаралған. Осы шағымдарды қарастыра отырып мынадай шешім шығарылған: өз күшінде қалдырылғаны 220 іс (33%); болыстық сотпен шаруа басқарушыларының шешімдері өзгертілген 106 іс (16%); шешім өзгертіліп және істі қайта қарауға жіберілгені 237 іс яғни (35,5 %); шағымдар екі жақтың келісімге келуімен бейбіт аяқталғаны 30 іс. [135,2-4пп]

Біздің көріп отырғанымыздай, шағымдардың жартысына жуығы жергілікті тұрғындардан түскен, болыстық сот немесе шаруа басқарушыларының шешімдері өзгертіліп қайта қаралған. Өкінішке орай, болыстық сот және шаруа басқарушыларының шешімдерін қалай өзгерткені жайында құжаттарда көрсетілмеген. Егер де мұны тереңірек қарастырар болсақ ,болыстық соттың шешіміне шағымдар көп түсті, сондықтанда болыстық соттың шешіміне өзгерістер көп енгізілді. Яғни, 1909 жылы болыстық сот шешіміне түскен шағымдар 495, ал әкімшілік 235. [136,5п] Онан да басқа уездік съезге төрағалық етуші шаруа басқарушысының жеке дара шешімін қажет ететін қағаздар да келіп түсіп жатты. Мысалы, Қостанай уездік съезінің төрағасы 257 шағымды қарап, шешім шығарады. [137,5п]

1911 жылы Ырғыз уезінің шаруа басқарушыларының уездік съезінің 9 кезекті және 30 төтенше мәжілісі өткен. Бұл мәжілістерде 144 хаттама қабылданған. Хаттама қаулыларына сараптама жасай отырсақ, соның ішінде 40- тан астам хаттама қаулылары болыстық және ауылдық старшындардың қызметін ұйымдастыруға арналған яғни оларға төленетін жалақы, болыстардағы іс жүргізуді ұйымдастыруға қаражат бөлу, қазақтарға несие беруге арналған. Сондай-ақ 19 келісім Ырғыз уезінде шаңырақ санын қайта есептеуге бағытталған. [138,134п] Сонымен бірге Шалқар және Қарабұтақтағы нан сататын магазиндердің құрылысы туралы мәселелер қарастырылған.

Шаруа бастықтарының уездік съезінің құзырында төмендегідей мәселелер қаралатын болды, болыс басқарушылары мен уезд басқарушылары өз уақытында съезд өткізулеріне және іс жүргізуді ұйымдастыруларына бақылау жасау болып табылады. Мысалы, Ақмола шаруа бастықтарының уездік съезінде 1903 жылы 15 наурыздағы отырысында мынадай фактілер келтірілді, болыс басқарушыларының съезі жыл бойы өткізілген жоқ оған төмендегі жағдайлар себеп болды:

а\ Ақмола уезінің аумағы ұлан - ғайыр жерді алып жатты және болыстардың уезд орталығынан алыс жатуы, көшпелі өмір ерекшеліктеріне байланысты;

ә\ қардың қалың түсуі, қыстың қатты болуына байланысты хабар жіберуге мүмкіндіктің болмауы; б\ болыс басқарушыларының съезіне шақырту мүлдем мүмкін болған жоқ; в\барлық шаруа бастықтары өз қызметтерінің алғашқы сәттерінде қызметтік міндеттерін атқаруда қиындықтардың пайда болуына байланысты және болыстық съезге қатысуға уақытты таңдай алмауы себеп болды. Жоғарыдағы жағдайларға байланысты Ақмола шаруа бастықтарының уездік съезі болыстық съезді Ақмола қаласында Константинов жәрмеңкесінің ашылуына байланысты яғни болыс басқарушылары малдарын мен мал өнімдерін өткізу үшін және қазынаға салық төлеу үшін келетін жаз мезгілінде өткізу қажет шешті. [139,15-17пп]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің қызметінде болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының қызметі мен олардың іс жүргізуіне аса көп көңіл бөлінді.Мысалы, съезд отырысының күн тәртібіне мынадай мәселелер қойылды.

- іс жүргізудің және ведомосттардың бірыңғай формасын енгізу;

- шұғыл хабарламалардың толық тізімдемесін жасау;

- қандай жағдайда ауыл старостасы қоғамдық істер бойынша куәлік бере алады;

- болыстың лауазымды тұлғаларын іс жүргізумен таныстыру яғни болыстарды болыстық жиын және селолық жиында істерді жүргізу тәртібімен таныстыру т.б; [140,21-22пп]

Осы мәселелерге талдау жасау бізге болыс және ауыл старшындарын шын мәнінде іс жүргізуге үйрету процесі жүргенін, шаруа бастықтарына есеп беру принциптерін және Ресей қызметіндегі шенеуніктің белгілі бір дағдысын қалыптастырудың болғандығын көрсетеді. Сонымен бірге болыс басқарушылары, хатшылар, ауыл старшындары шаруа бастықтарының уездік съезіне жиі шақырылып отырды, яғни болыстық және ауылдық жиын өткізуде олар үшін бұл үлгі болды. Мұнан да басқа болыстарға салықтарды жинауды реттеу міндеттері жүктеліп отырды. Мысалы, 1915жылы 5 желтоқсанда Семей облыстық басқармасының жалпы мәжілісінде Өскемен уезінің 3 учаскенің шаруа бастығының және Тайынты болысының болыс басқарушысының іс жүргізуін тексеру есебі қаралды. Тексеру жұмыстарын жүргізген Семей облысының қоныс аудару ісі меңгерушісінің көмекшісі Саенко болды,ол тексеру барысында 3 учаскенің шаруа басқарушысының іс жүргізуді ұйымдастыруын қанағаттанарлық деп есептеді.Тайынты болысының болыс басқарушысы Ажен Белгібаевқа ескерту жасалып және екі ай ішінде «көрсетілген кемшіліктерді» жою тапсырылды. [141,233-234пп] Кемшіліктер төмендегі сипатта болды; касса кітабы өз орнында болмай шықты, кіріс кітабында 85 іс тіркелген бірақ олардың орындалғаны жөніндегі бағанда белгі қойылмаған,тұрғындардан түскен ауызша шағымдар тізімдеме кітабына тіркелмеген, хаттамалары жоқ, ауылдық жиынның 5 үкімі тіркелген ал олардың орындалғаны жайында белгі жоқ, тұрғындардың тізімі алфавит бойынша, шені мен діни ұстанымы бойынша жүйеленбеген және т.б. [142,230-235пп] Шын мәнінде бұл ескертулер мұрағат құжаттары көрсеткендей бір ғана облысқа емес, барлық облыстар мен болыстарға тән кемшілік болды. Сондықтанда, Дала генерал- губернаторлығында облыстық басқарманың мәжілістерінде шаруа бастықтарының «іс жүргізуді дұрыс ұйымдастыру үшін тиісті нұсқау беруі» қажет болды. Сонымен бірге облыстық әкімшілік шаруа бастықтары өз қызметтерін көп жағдайда «тиісті дәрежеде» орындамайды деп көрсетті. [143,235п]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің қарауына болыстық съездердің үкімі бойынша жиналған азық –түлік капиталы сақталған. Қостанай уезінің Дамбар болысының азық түлік капиталы -1609 рубль, Бестөбе болысының -1081 рубль 87 тиын, Аманқарағай болысы-2222 рубль құрады. [144,9п]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің қызметі күнделікті жұмыстардан өзге егін шықпай қалған жылдары тұрғындарға көмек көрсету мақсатында қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және азық –түлік компанияларының қызметін жүргізуімен, яғни ,қоймалар салу, тұқым, астық дайындау т.б. Сонымен қатар 1909 жылы Қостанай уезінің 248 поселкесінде ұйымдастырылды. Тұрғындар плотина тұрғызумен, суды жинайтын орлар, ағаш және тас құдықтар,жыра,өзендердің үстіне көпірлер,бөгеттер және су басатын жерлерге үйінді тұрғызу т.б. Барлық осы жұмыстарға 23108 отбасы жұмылдырылып, 1603 629 рубльдің жұмысын атқарды.[145,112п]

Уездік съездер бір мезгілде азық түлік, тұқымдық қоймалар салу мәселелерін қарастырды. Қостанай уезінде астық шықпаған 1909 жылы тұрғындарға несиеге астық және бидай беру үшін 22 азық -түлік қоймасы қоймалары салынды. Қоймаларда 1 017 233 пұт азық-түлік, 699 670 пұт тұқымдық астық сақталды. [146,112п]

Сонымен бірге Торғай облысының әскери губернаторының тапсырмасымен съезд мүшелері тұрғындардың қажеті үшін азық –түлік және тұқымдық бидай сатып алды. Қостанай уезінде 1909 жылы 460047 астық 121720 пұт тұқымдық бидай сатып алынған. [147,113п] Мысалы, Ырғыз уезінің шаруа бастықтарының уездік съезі астық шықпаған 1911жылы бағаны ұстап тұру үшін сайлаушылардың болыстық съезінің шешімімен 6300 пұт бидай және 750 пұт арпа сатып алуды ұйғарды. Астықтың бір бөлігі Шалқарға(1800 пұт бидай),бір бөлігі Қарабұтаққа (900 пұт бидай) жөнелтіліп, қалған бидай қолма қол ақшаға сату үшін Ырғызда сақталған. [148,135п]

Шаруа бастықтары жыл сайын Шаруа бастықтары туралы Уақытша Ереженің 59 бабына сәйкес уездік съезге есеп беріп отырды. Есептің жобасы төмендегідей болды:

I. Жалпы мәлімет

(қазақ және орыс болыстарының атауы, болыстар бойынша ауылдардың саны, орыс болыстарындағы қоныстар мен хуторлар саны, болыстардағы шаңырақ саны, отбасылық тізім бойынша әйел мен ер адамдардың саны, жер көлемі, қазақ және орыс болыстарындағы мал саны, егістің көлемі, қазақ және орыс тұрғындарынан жиналған астықтың түсімі, жиналған шөптің көлемі т.б.)

II. Болыстық басқарманың жеке құрамы

(Болыс басқарушыларының олардың хатшыларының тізімі, ауыл старшындарының, қазақтардағы халық соттарының тізімі, болыс старшындарының,болыстық судьялардың тізімі және олардың кеңсесіне кеткен шығыны, қоғамдық қойма қарауылшыларының тізімі т.б.)



III. Көшпелілерден түсетін салықтың көлемі.(болыстар бойынша салық ведомосі

  1. Орыс тұрғындарынан түскен салық көлемі.

  2. Астық қоймалары (орналасқан жері және қандай материалдан салынғаны, астықтың тұқымы, берілген қарыз көлемі т.б.)

  3. Қоғамдық ақша және болыстық несие кассалары.(қазақ болыстарының қоғамдық ақшасы,бұқара капиталы,жалпы капитал, берілген қарыз суммасы, қайтарылған қарыз көлемі.)

  4. Мектеп ісі.(болыстық және ауылдық мектептер саны, сауат ашу мектептерінің саны, оқушы балалар мен қыздардың саны т.б. )

  5. Санитарлық жағдайы. (індет, шаруа бастығының апатқа байланысты қабылдаған шаралары. )

  6. Өрт сөндіру ісі. (Өрттің саны және оған кеткен қаржы шаруа бастығының өрт сөндіру ісін дамытуға және өртті болдырмауға қабылдаған шаралары.)

  7. Халық соттары және болыстық соттар.( болыстық сот, халық соттарындағы істердің саны, төтенше шақырылған съездердегі сот істерінің саны, қанша шешім орындалғаны, болыстық сот шешімдеріне шағымданып шаруа бастығына келіп түскен және уездік съезге ұсынылған істердің саны, халық сотын және болыстық соттарды тексеру саны және оның салдары. т.б.)

  8. Шаруа бастығының қызмет адамдарына\лауазымды тұлғаларға\ және болыстық, селолық жиындарға қатынасы.(шаруа бастықтарының 1898 жылы 2 маусымдағы шаруа бастықтары туралы Уақытша Ереженің 40,41 және 42 баптарға байланысты ескертулері, қазақ және орыс тұрғындарындағы жас жетімдердің саны, қамқорлыққа алынғандардың және олардың қамқоршыларының саны, болыстық және селолық жиындардың саны қазақ және орыс болыстары бойынша,шаруа бастықтары қатысқан съездер, келісімдердің\үкімдердің саны және облыстық басқармаға, уездік съезге бекітуге, өзгертуге ұсынылған, үкімдердің саны, қоғамға жат, пиғылы теріс адамдарды сот арқылы қуу т.б.)

  9. Болыстарды тексерулердің саны және болыстарға шыққан жолсапардың саны.

  10. Қандай кәсіп түрлері бар учаскеде ( мал шаруашылығы мен егін егуден басқа, ара шаруашылығы, орман шаруашылығы, бау - бақша, қолөнер т.б.) Шаруа бастығының ұйымдастыруымен орман және бау бақша өсіру үшін қандай шаралар қолданылған. Шаруашылыққа зиянын келтірген қандай да бір апат болған жоқ па, қасқыр, күзен қырған малдың саны, өлтірілген қасқыр, күзен саны.

  11. Сот-әкімшілік қызмет.

  12. Шаруа бастығының кеңсесі. Іс қағаздарының Кіріс және шығыс қағаздарының саны, сот және әкімшілік істердің саны, іс жүргізу және өтініштерді қабылдау тәртібі.

  13. Қоныс аудару ісі.(жаңадан үйымдастырылған поселкелердің саны, қанша ауылдық қоғам ұйымдастырылды, есепті жылдағы қоныс аударушылардың саны, орналаспаған жүргіншілердің саны, орналасқан қонысаударушылардың саны және есепті жылда қаншасы егіс екті, қонысаударушылардың арасында сауаттылар саны, қонысаударушылардың күшімен қандай жаңа өсімдік түрі өсірілді, жер өңдеу әдістері, қонысаударушылар ішінде қолөнермен айналысатындар саны, қоныс аударушылар ішінде жалдамалы жұмыс істейтіндер, өз бетімен қонысаударушылардың саны т.б.) [149,3-6пп]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің атқарған қызметтерінің бірі отырықшылыққа көшкісі келетін қазақтарға қоныс аударушылар үшін белгіленген нормамен жер үлесін беру болды. Осы кезде егіншілікке жарамды ең құнарлы жерлерінен айырылып қалу қаупін сезінген қазақ ендігі жағдайда отырықшы өмір салтына бір жола көшуге көмек сұрап, әкімшілік орындарына арыз жаза бастады. Қазақ шаруаларын жерге орналастыру ісі әсіресе 1909-1910 жылдары кең көлемде жүрді.Оған негіз болған 1909 жылы 9 маусымда Министрлер Кеңесінің «Ақмола,Семей, Торғай және Орал облыстарда Жерге орналастыру және қоныстандыру мекемелеріне берген нұсқауы болатын еді. 1909 жылы 19 мамырда Жерге орналастыру және Егіншілік Бас басқармасы қазақтарды қоныс аударушылармен бір деңгейде жерге орналастыру тәртібін Торғай облысында тарату мақсатында Торғай губернаторы Страховскийге хабарлама жасап, «қазақтарды жерге орналастыру маңызды, бұл қазақ даласында орыс отарлауының күшейту үшін және қазіргі экономикалық жағдайда шаруашылықты жүргізу қазақтар үшін тиімді болмақ.Сондықтанда өзіңізге қарайтын облыс қазақтарын жер учаскелерін беру тәртібімен яғни отырықшылыққа көшкісі келетіндерді хабардар етуіңізді сұраймын».- деп жазды.

Сонымен бірге әскери губернаторға қазақтарды жерге орналастыру жұмысын орыс шаруаларын қоныстандырумен бірге жүргізуді ұсынды. [150,81п]

Алғашқыда Ақмола облысы, Көкшетау уезінің отырықшылыққа көшуге тілек білдірген қазақтары қоныс аударушылармен бір деңгейде жан басына 15 десятина жер үлесін алуға өтініш береді. Осыған орай Ақмола облысы, Көкшетау уезінің қазақтарының пайдалануына қоныс аударушылармен бір деңгейде жан басына 15 десятинадан жер берді. Жерге орналастыру және Егіншілік Бас Басқармасы Ішкі Істер Министрлігімен келісе отырып қазақтарды жерге орналастыруды Көкшетау уезінде енгізілген тәртіппенен басқа облыстарда таратуды ұсынады. Осыған байланысты Торғай губернаторы 1909 жылы 1 желтоқсанда шаруа басқарушыларының Қостанай уездік съезіне қазақтарға қоныс аударушылар үшін бекітілген нормамен жер үлесін беру тәртібі туралы нұсқау хатын жолдайды. Осыған байланысты Қостанай уездік съезі 1910 жылы 18 шілдедегі мәжілісінде осы хабарламаға сәйкес төмендегідей қаулы қабылдайды:

1\ қандайда бір әкімшілік немесе шаруашылық ауылдың шаңырақ иелері ауылдық жиынның үкімімен өздеріне жер үлесін алуға өтініш бере алады.

2\ Шаруа бастықтары осы мәселе бойынша екі мың дана қазақ тілінде хабарландырулар тарату қажет.

Қаулының бірінші тармағына байланысты Уездік съезд мынаны хабарлады яғни әкімшілік ауылдың шаңырақ иелерінің съезі Далалық Ереженің 58,122,124 баптарына сәйкес осы ауылға кіретін шаңырақ иелеріне жерді үлестіруші, сондықтанда осы съезге жерге орналастыру жөніндегі өтініштерді қарау құқығы берілген. Уездік съезд қаулының екінші тармағына байланысты шаруа бастықтарын қазақтарды жер үлесін алудың тәртібі мен мәнін кеңірек түсіндіруге үндеу тастауға шақырды. [151,50п]

Сонымен бірге Торғай облыстық басқармасы 1910 жылы маусымның 11де шаруа бастықтарының Ырғыз уездік съезі жіберген қатынас қағаздың негізінде қазақтардың өтініштерін жолдау тәртібі туралы мәселені қарады.

Егер істің мән - жәйіне тоқталар болсақ, шаруа бастықтарының Ырғыз уездік съезі 1909 жылы 24 маусымда отырысында қоныс аударушылар үшін белгіленген нормамен жер үлесін алғысы келетін қазақтардың арызын қайда және қалай жолдау қажеттігі туралы және олардың арыздары бойынша жазғы жайлау жерлері қазақтар үшін қалай бөлінбек осы мәселені қарап, облыстық басқармаға жүгінді. Облыстық басқарма да осы мәселені қарап төмендегідей шешімге келеді: «Далалық Ереженің 11,120,122,127,128 баптарына сәйкес қысқы қыстаулар сияқты жазғы жайлауларда белгілі бір болыстың немесе ауылдық қоғамның иелігінде болуы мүмкін, жайлауға арналған жерлерді алу сол жер тиесілі қауымның келісімімен жасалу керек. Қандай жағдайда мұндай жерлерді алу ақырғы жағдайда жүзеге асырылу тиіс. Ал ,қазақтардың өтініштері оларға жақын үкімет саналатын шаруа бастықтарына жолдануы қажет делінді.

Шаруа бастықтары қазақтардың өтініштерін алып, осы жерге мүдделі адамдардың бейбіт келісімін алуға тиіс, ал нәтижеге қол жеткізе алмаған жағдайда жер берілетін адамның, жерге мүдделі адамдардың пікірлерімен және өз қорытынды сөзімен Облыстық басқармаға жібереді, істің шешімін жалпы отырыс анықтайды. [152,40-41пп]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің отырысы айына бір рет өтетін болды, сондай –ақ істерді шұғыл шешу қажет болған жағдайда кезектен тыс съездер де өтіп отырады. Торғай газетінің 1903 жылғы №1 санында Торғай облысының шаруа бастықтарының уездік съездерінің мәжілістерінің уақыт кестесі жарияланды. Кестеде өтетін мәжілістің айы, күні, учаскенің реттік саны және шаруа басқарушысының аты - жөні әр уезд бойынша көрсетілді. Уездік съездер Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз, Торғай уездері бойынша 1903 жылы қаңтардың 28- і, ақпанның 21- і, наурыздың 21- і,сәуірдің 22- і, мамырдың 22-і, маусымның 20- і, шілденің 23- і, тамыздың 21- і, қыркүйектің 23-і, қазанның 23- і ,қарашаның 25-, желтоқсанның 18- не жоспарланды. [153,№1,4б]

Шаруа бастықтарының уездік съезінің қызметі облыстық басқарманың мәжілісінде қаралып отырды. Мысалы, Қарқаралы уездік съезінің іс қағаздарының жүргізуін 1915 жылы Семей облыстық басқармасының міндетті мүшесі В.Г.Самойлов тексерді. Қарқаралы уездік съезінің төраға қызметін 1 шаруа учаскесінің бастығы Ивановтың әскерге шақырылуына байланысты және 2 шаруа учаскесінің Флеровтың ауыр науқастануына байланысты, осы шаруа учаскесінің шаруа бастығына кандидат Прозоров атқарды. Осыған дейін Уездік съездің іс қағаздарын тексеру 1912 жылы шілдеде жүргізіліп, тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша Уездік съезге төмендегідей нұсқаулар берілген:

- егер де шаруа басқарушысы берілген тапсырманы орындамаған жағдайда, екінші ескертуден кейін уездік съездің төрағасы Шаруа бастықтары туралы Ереженің 446 бабына сүйеніп, әскери губернаторға тапсырманың орындалмағаны жөнінде шағымдана алады;

- болыс басқарушыларына, хатшыларына және кеңсе шығындарына басқа болыстардың есебінен қаржы бөлуді тоқтату;

- уездік съездің төрағасына азық-түлік қарызын беру кітабын дереу дайындау;

- Едірей, Тоқырауын және т.б. болыстардың қазақтарының өткен жылдардағы алған несиелері қазақтардың несие кассасына қайтарылуына шаралар белгілеу;

Аталған кемшіліктерді орындауға үш ай мерзімде уақыт беріліп, орындалғаны жөнінде губернаторға хабарлануы тиіс.

1912 жылы тексеру кезінде орындалмаған 12 істің алтауы аяқталып, алтауы 1915 жылға дейін басталған. Сондай-ақ уездік съездің қаулылары көп жағдайда негізделмей жасалған.

- азық- түлік қарыздарының құжаттары болыстар бойынша кіріс- шығыс қағаздары, дербес есебі жүргізілмеген. Уездік съезде қарыздардың берілгендігі туралы жазбалар сақталғанмен, қарыздардың төленгендігі туралы мәліметтер жоқ. Бұл мәселе жөнінде уақытша төрағаның және хатшының мәлімдеуіне қарағанда «шаруалар азық-түлік қарызын төлеуге құлықсыз, өйткені Ақмола облысында азық - түлік қарызын төлеу астықпен жүргізілген» деді.\ 5 фунтпен есептелген\ [154,158-159пп] Осы жылы Семей облыстық басқармасының отырысында 1915 жылы 20 тамызда облыстық басқарманың міндетті мүшесі Д.Т.Сайлотовтың Зайсан шаруа бастықтары уездік съезін тексеру қорытындысы талқыланды. Тексеру уақытында Зайсан шаруа бастықтарының уездік съезінің төрағасы қызметін 1 шаруа учаскесінің бастығы коллеждік ассесор Селезнев 1914 жылдан бері атқарды.Уездік съездің кеңсесі Зайсан қаласына орналасты. Уездік съездің кеңсесі төраға, хатшы және айына 50 рубльден алатын екі хатшыдан тұрды. Зайсан уездік съезінің іс қағаздарын 1912 жылы тексеру барысында анықталған кемшіліктерге байланысты төмендегі нұсқаулар берілген:

- уездік съезге шаруа бастықтарының шешімдерін қараған кезде әсіресе әкімшілік істерге байланысты басты Ережені сақтау қажеттігі айтылады.

-тексеру барысында Зайсан уездік съезінде шешілмеген 82 іс анықталып,істерді тез арада шешу және істерді тыңдау кезінде екі жақтың адамдарын хабардар етуді тапсырады.

1912 жылы тексеру мәліметтерінде көрсетілген шешілмеген істерді жою мәселесіне байланысты 1915 жылғы тексеруде 1913 жылы істердің басым бөлігі шешіліп, 1914 жылы 1 қаңтарында шешімін таппаған істердің 12-сі қалған. Сонымен бірге 1915 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпы саны 62 істің 28-сі шешіліп, 1915 жылдың мамырдың 19-на дейін шешілмеген істердің 33 қалған. Шешілмеген істердің мұнша жинақталуын уездік съездің төрағасы мен хатшының пікірінше 1914 жылы әскери мобилизацияға байланысты істердің саны арта түскен. Өйткені солдат семьяларын қамқорлыққа алу, оларға азық түлікпен жәрдем ету, солдат семьяларының егістік жерлеріне егін егуді ұйымдастыруға байланысты уездік съездің кеңсесінің қолда бар күшімен барлық әкімшілік істерді шешу мүмкін болған жоқ деді.1915 жылы тіркелген 62-істің 18-і ауылдық қоғамның шаңырақ иелерін басқа ауылдық қоғамға көшіру жайында болды. Болыстық соттар бойынша 35 іс тіркелген, ал 1915 жылы 3 сот - әкімшілік істері қаралмаған және ол істерге тыңдау да бекітілмеген. [155,118-128пп]

Зайсан уездік съезі Семей облыстық басқармасы бекіткен нұсқауға сәйкес төмендегі құжаттарды жүргізген. Соның ішінде;

- кіріс-шығыс құжаттарын тіркейтін;

- әкімшілік істер тіркеу кітабы;

- сот-әкімшілік істер тіркеу кітабы;

-сот істерін тіркеу кітабы;

- оған алфавиттік тізімдеме;

- мұрағаттың тіркеу кітабы;

- бухгалтерлік есеп журнал кітабы;

- қаржы кітабы;

- депозит кітабы;

- қазақтардың салық төлеу есебінің кітабы;

- аванс берудің есеп кітабы;

- қаржы бөлу бланкілерінің кітабы;

- азық - түлік қарызының кіріс- шығыс кітабы.

Зайсан уездік съезінің есеп- бухгалтерия журналы бойынша келген кіріс 41 115 рубль 37тиын, шығыны 5275 рубль 44 коп. Семей облыстық басқармасының міндетті мүшесі Д.Т. Сайлотов 1915 жылы Зайсан уездік съезінің іс жүргізуін тексере келе уездік съездің төрағасына кемшіліктерді жою үшін төмендегі шараларды жүргізу қажеттігін айтты.

- Әкімшілік және сот істерінің жиналып қалуын тез жою үшін істерді шұғыл тыңдауды белгілеу қажет.

- уездік съездің отырысында болыстар бойынша бұқараның капиталын бөлу мәселелерін талқылау;

- облыстық басқармаға қазақтарға несие беру үшін қазақтардың несие кассасынан жұмсалған қаржының есебін жіберу;

- болыстардан түсетін салықтардың не себептен түспегенін анықтау. Мысалы, Қалжар, Майтерек, Шорған, Хабарасу, Базар болыстарының болыс басқарушылары өз бетімен болыстық ақшаларды жұмсап жүрген жоқ па осыны анықтау керек. Далалық облыстарды басқару туралы Ережеге сәйкес бұл ақшалар уездік съездің депозитіне тапсырылуы керек деп есептеді. [156,118-128пп]

Уездік съездер соғысқа шақырылғандардың семьяларын қамқорлыққа алу жұмыстарын жүргізді. Уездік съездер әскерге алынғандардың семьяларын қамқорлыққа алу ісін жүйелі түрде жүргізіп отырды.Уездік съездер әскерге алынғандардың жанұяларына несиелерді кідіріссіз жіберіп отырды.Мысалы, Зайсан уездік съезі қабылдаған қаулысының негізінде 1914 жылы 20 шілдеден осы жылдың желтоқсанына дейін 13 723 рубль 38 тиын жіберілді.Зайсан қалалық старостасына 1372 рубль 6 тиын, Көкпекті қалалық старостасына 174 рубль 59 тиын, Зайсан станицалық атаманына 102 рубль, 95 тиын, Пограничный болыстық старшинасына 1380 рубль уездің басқа елді мекендеріне 9359 рубль, 95 тиын барлығы 12589 рубль 70 коп бөлді. [157,118п]

Мысалы, Қарқаралы уезінде уездік съезі 1 шаруа учаскесінде 2 солдат семьясын, 2 шаруа учаскесінде 7 солдат семьяларын қамқорлыққа алып азық- түлік паегін беріп отырды.Сондай-ақ кедей солдаттарға қайтарымсыз жәрдем ақы беріп отырған, солдат семьяларының егістік жерлеріне егін егуді ұйымдастырды. Уездік съездер өз мәжілістерінде азық түлік паегін тағайындау құқығын атқарды. Мысалы, Қарқаралы уездік съезі 1915 жылы екі шағымды қарап азық түлік паегін беруге болады деп шешкен. Оның біріншісінде солдат Тагильцев мобилизациядан кейін қайтыс болған, оның әйелі Тагильцевтердің жанұясында тұрады, онда екі солдат әскерге шақырылған, екінші шағымда әскери қызметте үш жылдан артық ұсталып отырған Черкашиннің әйелінің шағымына уездік съезд азық түлік паегін беруге болады деп шешті[158,158-159пп]

Уездік съезд өздерінің отырыстарында астық жинап алу науқанын ұйымдастырып отырды. Мысалы, Қарқаралы уездік съезі өзінің 1915 жылы 7 және 23 шілдедегі отырыстарында осы мәселені қарап, уезді екіге бөліп, бірінші ауданды салық инспекторына басқаруына, екінші ауданды уездік съезге төрағалық етуші Прозоровтың басқаруына беріледі, сондай - ақ астық жинау науқанына жақын тұратын қазақ болыстары да жұмылдырылған. [159,159п]

Ақмола облысының шаруа басқарушыларының уездік съезінің 1904 жылға арналған істердің қозғалысы жайында мәліметтерге тоқталар болсақ, Ақмола уезі шаруа басқарушыларының уездік съезінің 1904 жылдың 1 қаңтарына дейін шешілмеген істерінің саны 4, оның ішінде сот істері- 3, әкімшілік істері -1,шешімін тапқан істер оның ішінде сот істері- 17, шешімін тапқан әкімшілік істердің саны -177 ,оның ішінде болыстық соттың шешіміне шағым білдірген 30 іс, шешім өзгертілгені 7, өз күшінде қалғаны 11 іс, басқа болыстық соттардың қарауына берілгені 12- іс, болыстық және селолық жиынның шешімдерінің өзгертілгені 16- іс басқа да қабылданған қаулыларға келер болсақ лауазымды тұлғалардың міндетті жалақысын тағайындау, уезд басқарушысының хабарламасына орай шаруалардың жылжымалы мүлкін сату т.б. Съезд қаулысының ішінде облыстық басқармаға шағымданғаны 4 іс, облыстық басқарманың жалпы отырысының шешімімен өзгертілгені 2 іс. [160,21-22пп]

Облыстық басқарма 1902 жылы 10 маусымдағы Ақмола,Семей,Орал және Торғай облыстарында шаруа бастықтары туралы Уақытша Ереженің 3 бабының қосымшасын негізге ала отырып шаруа бастықтарының уездік съезінің кеңсе және шаруашылық шығындарына бөлінетін қаражатты анықтады. Мысалы, 1903 жылы желтоқсанның 12-де әскери губернатор А.А.Ломачевскийдің төрағалық етуімен Торғай облыстық басқармасының жалпы мәжілісінде құрамында вице-губернатор Н.Е.Богданович, Егіншілік және мемлекеттік мүлік жөніндегі Орынбор-Торғай басқармасының бастығы И.Болоблоцкой, округтік соттың прокуроры В.В.Петропавловский,облыстық басқарманың міндетті мүшесі И.В.Аничков т.б. уездік съездерге бөлінетін қаржыны анықтады:

Қостанай уездік съезіне 1400 сом, Ақтөбе уездік съезіне 1300 сом, Ырғыз уездік съезіне 1100 сом және Торғай уездік съездеріне 1000 сом етіп бөлу туралы ұсынысты өзгеріссіз қалдырады. [161,№52,1б] Қаржыны бөлу тұрғындардың және учаскелердің санымен байланысты болды.

Шаруа бастықтарының уездік съезі болыс басқарушыларын, халық соттарын қызметінен алу мәселелерін қарап отырды. Мысалы, 1903 жылы 23 шілдедегі шаруа басқарушыларының Қостанай уездік съезінің отырысында осы уездің 4 учаскесінің шаруа бастығының ұсынысымен Желқуар болысының №1ауылының халық соты Тоғызбаевты қызметінен босату туралы шешім шығарылады. [162,№52,1б]

Ақмола,Семей,Торғай және Орал облыстарының шаруа басқарушыларының уездік съезіне уездің ішіндегі бір ауылдық қоғамнан екіншісіне көшуге рұқсат ету, облыстық басқарманың жалпы мәжілісіне шешім шығару үшін ұсынады.

Шаруа бастықтарының уездік съезі бір ауылдық қоғамнан екіншісіне көшуге рұқсат ету міндетін атқарды. Мысалы, Ақтөбе шаруа бастықтарының уездік съезі 1903 жылдың 22 ақпан №67 шешімімен Ырғыз уезі, Бақсай болысы №3 ауылының қазағы Матай Нұрдәулетовті Ақтөбе уезі, Аралтөбе болысы, №1 ауылына көшіру туралы шешімді бекітеді. [163,№19,1б]

Шаруа бастықтары жер дауын шешу үшін халық соттарының съезіне қатысып отырды. Соныменен, 1905 жылы 8-15 мамырда Желқуар болысымен Наследницкая станицасының арасында жер дауын шешу үшін халық сотының съезі өтті. [164,451-465пп] Өкінішке орай, Қостанай уезінің 4 учаскесінің шаруа басқарушысының есебінде аталмыш жер дауының нәтижесі көрсетілмейді.

Ақтөбе уезі 1903 жылға дейін шаруалардың қоныс аударуы үшін ашылған жоқ, дегенмен де орыс шаруалары хутор тұрғындарынан немесе қазақтардан десятинасына 2-3 рубльден төлеп, 2-5 десятина жерді жалға алып отырды. Қонысаударушылардың басым бөлігі уезд территориясында құнарлы жерлерді іздестіріп өздерінің мекен жайларын жиі ауыстырып отырды. Жер мәселесінің дұрыс шешілмеуі және өз бетімен қоныс аударған шаруалардың орналасуы хуторлардағы үй санының көбеюіне әкелді.Мысалы, Новоуральский хуторында 1903 жылы 150 үйге жетсе, ал Қосестекте 100 үй болды. Осының нәтижесінде жер дауы туындады. Қоныстандыру учаскелерін нақты анықтау маңызды болды, ал хуторларда жерге бақылау жасайтын және өз территорияларында орналастыруды ретке келтіретін қоғамдық басқарма ұйымдастыру. [165,69п]

Болыстық съездерде плотина салу құрылысы және бөгет тұрғызу мәселелері қаралып отырды, соның ішінде жауын-шашыны аз, ылғалы аз түсетін, табиғаты қолайсыз Ырғыз уезі ерекшеленеді. Осы жағдайды түсінген қазақтар плотина құрылысына қаражатты шын көңілдерімен жинап отырды. Ырғыз уезінің 1учаскесінің шаруа бастығының мәліметтері бойынша плотина құрылысына 1478 рубль 40 тиын жиналды. Бірақ тәжірибелі және білгір гидротехниктің жоқтығы жиналған ақшаның өз мақсатына жұмсалуына кедергі болды. [166,137п]

Құрғақшылық аудандарда суландыру жүйелерінің салынуы қазақтардың мал шаруашылығына үлкен көмек болған болар еді, бірақ ,бұған көшпелі қауым арасында қалыптасқан жерді пайдалану жүйесі кедергі болды.Аридтік зонаның күрделі табиғи-климаттық жағдайында қоғамның басты ұйымы - бұл көшпелілердің өндірістік негіздегі ұйымы. Нақ сол қауымның деңгейінде мал шаруашылығы аясында өндіріс процессінің барлық элементтері жүзеге асырылды: малды бағып күту, азығын пайдалану,су ресурстары, өмір сүру ортасы т.б. Қауым мүшелерінің өндіріс процесіне қатынасуы бірінші кезекте өндіріс құралы   малға және малмен қамтамасыз етілу факторына байланысты болды.

Қазақстандық тарихнамада Н.Э.Масанов осы проблеманы зерттеуде жаңа концептуалды көзқарасты ұсынды, атап айтқанда ,социоқұрылымдық талдау өндірістік экономикалық саланың қиысуында берілген. Н.Масанов қауымның екі үлгісін көрсетеді: минималдық және кеңейтілген түрі.[167,с.320] Минималдық қауым мал бағуды ұйымдастыруда оның қысқы және ерте көктемгі уақытта азықпен қамтамасыз ету мақсатында көшпелілердің еңбек күштерін біріктірумен сипатталады және сонымен бірге әлеуметтік қатынастарда өзіндік ерекшеліктері бар - қауым қыстау,күзеу, ерте көктемгі жайылымдық жерлерге жеке меншік және \қауым ішіндегі түрлі топтар арасында әлеуметтік қатынастардың ортасында біріншілікті көрсету\ малға жеке меншік.

Кеңейтілген қауым - өз дамуын ең жоғары өсімдік жамылғысының өнімділігі нәтижелі кезеңін ала алады, яғни жылдың жылы мезгілінде. Аталмыш тұжырым еңбекті біріктірумен сипатталады - малды тиімді су көздерімен қамтамасыз етуде күш біріккен өндірістік қызмет болып табылады.Осы кезеңде суға қауымдық меншік және малға жеке меншік пайда болады.

Ол үшін мынаны білу маңызды азық, су ресурстары арасында тиімді балансқа жету мақсатында қауымның мал басы қатты реттеу.Яғни минималдық қауым –еңбек кооперациясы экстремальды жағдайда қыста мал бағуды ұйымдастыру мақсатында құрылды,малды сақтау және оны өндіру. Қауымның көлемі табиғи–климаттық жағдайында азық ресурстарының болуымен,малдың санымен, қыстауда азықтану мүмкіндігімен анықталады. Ең қолайлы отар 400-600 бас қойдан аспайды, минималдық қауым – номадтардың бытыраңқы жағдайында бағыттардың ең дамыған салдары, өсімдіктердің өнімділігімен көлемі және көшпелі қауым қозғалысының қарқынды дәрежесі коллективті болады.

Біздің көріп отырғанымыздай суландыру жүйелерінің құрылысын қиындатқан көшпелілердің жерді пайдалану жүйесі пайда болды. Жаз мезгілдерінде су көздеріне қауымдық меншік су қоймаларының құрылысын салуға мүмкіндік бермеді, өйткені ол рулар арасындағы су көздерімен жайылымдық жерлер үшін дау туғызған болар еді.

XX ғасыр басында жерлердің тартып алынуына байланысты жерді пайдалану принципі бұзылды және рулар арасында сондай-ақ қазақтармен орыс шаруаларының арасында жер үшін талас тартыстарды туғызды. Біріншіден, жайылымдық жерлерді ірі ру басылары өздеріне меншіктеу процесі байқалды. Бұл туралы жерді пайдалану мен жерді иелену үшін күрестің жалпы бейнесін сипаттайтын мұрағат құжаттары дәлел болады. Жер үшін күрес Қазақстанның барлық аймағында жүрді, әсіресе ,табан тірескен күрес мал шаруашылығымен егіншілігі бар аудандарда болды. Мысалы Торғай, Орал, Семей және Ақмола облыстарының шаруашылық ауылдары мен болыстарында Ішкі Орданың старшындықтарының арасында жүрді. [168,3-4п] Соныменен, Бөрлі болысының №3 ауылы шығыста Теректі болысының №1 ауылы қазақтарының қоныстарымен шектесіп жатты, екі болыс арасындағы шекара дау - дамайдың негізгі обьектісі болды. Бөрлі болысының қазақтары 825 рубль талап етсе, Теректі болысының №1 ауылының қазақтары (жағалбайлы руы)1307 рубль талап етеді. Үнемі болып тұрған барымтаны тергеу үшін Ақтөбе уезінің уезд бастығының кіші көмекшісі Дербісәлі Беркімбаев іс сапарға жіберіледі. Осы мәселені талқылауға сарапшы Бөрлі болысының болысы Нысан Шулатов, Досан би Қышқынбаев, Қалыбай Тұрышев және Бөрте болысының №6 ауылының қазағы Меңдіқожа Ишмұханбетов қатысты. Өзара жер дауын талқылаудың қорытындысы төмендегідей, яғни ,1889 жылы шекара үш жерден өтетін болды:1\ Актөқаланың жоғары жағы: 2\ Қызыладыр және Алимбай жерден сайларының арасымен 3\ Қамба өзенінен солтүстікке Оралға жақын[169,с31] Осы құжаттарды алғаш оқи отыра жерді иелену үшін күрес рулар арасында жүрген деген пікірге келуге болады. Құжаттарды онан әрі сараптай отырсақ, бұл күрес көшпелі қазақ қоғамына енді ене бастаған сол үрдістардің нәтижесі екендігі көрінеді. Осы үрдістерге қазақтардың отырықшылануы және олардың егіншілікке көше бастауы, жаңа өмір салтының үлгісі болатын қонысаударушы шаруа учаскелерінің пайда болуы және жердің тартып алынуына байланысты жердің тапшылығы секілді құбылыстар еді. Революцияға дейінгі зерттеуші И.Аничков былай деп жазды. –«жер үшін күрес, ауылдар арасында қысқы қыстау және шабындық үшін күрес даланың барлық өңірін қамтыды. [170,с.50-73]

Ақтөбе уезі, 3 шаруа учаскесіне қарайтын Ақтөбе болысының №1 ауылының қазақтары екі жылдан бері (1906-1908жж) олардың жерлерін осы уездің Қараторғай болысының қазақтары заңсыз басып алғандығы туралы шағымданады. Қазақтардың шағымдарын қарай отыра Ақтөбе уезі 1 учаскесінің шаруа бастығы Торғай облысының әскери губернаторының алдына екі ауыл арасындағы жер дауын шешу үшін 1891 жылы 25 наурыздағы Далалық ереженің 123 бабына сүйене отырып ерекше съезд өткізу қажеттігі туралы өтініш етеді. Шаруа басқарушысының төрағалық етуімен Далалық Ереженің 123 бабына сәйкес ерекше съезді өтеді.Осы іс бойынша Торғай облыстық басқармасының жалпы отырысында 1 учаскесінің шаруа бастығының мәлімдемесі тыңдалады.Оның баяндауынша 1908 жылы 6 қыркүйекте съезд шақырылып, онда дауға айналған жерді екіге тең бөлу арқылы олардың шекарасын көрсете отырып екі болыстың сайлаушыларының келісімге келгендігі айтылды. [171,1-3пп]

1908 жылы 12 желтоқсанда Торғай облыстық басқармасының отырысы болды, онда Ақтөбе және Қараторғай болыстарының ауылдары арасындағы жер дауын шешу үшін ерекше съезінің үкімін бекіту туралы Ақтөбе уезі 1 учаскесінің шаруа бастығының ұсынысы тыңдалды. Мұнан басқа шаруа бастығы екі болыс арасындағы шекара дауын №1 ауыл қазақтары негізсіз бастаған деп көрсетті. [172,8-9пп]

Қамсақты болысының №6 ауылының қазақтары 1912 жылы ауылды екі жеке ауылға бөлу туралы өтініш жасайды. Оның бір себебі осы ауыл территориясында төрт бөлек, түрлі рулық топ \тұрып жатты. әр кез ауыл старшынын сайлау алдында қазақтар ру -руға бөлінді және осы лауазымды қызметті иелену үшін олардың арасында күрес жүріп жатты. Екіншіден, осы ауылда 194 шаңырақ тұрып жатты. Олардың өріс- қонысы едәуір алқапты алып жатты және бір ауыл старшынына өзінің қызметтік міндетін атқару қиын болды. Үшіншіден, ауылдық жиынның шешімінде көрсетілгендей 1913 жылға қарай белгіленген нормадан асып шаңырақ саны 200 жетті. №3 учаскенің шаруа бастығының пікірінше ауылды екіге бөлу негізінен олардың арасындағы рулық топтар арасындағы күрестен туындап отыр деп есептейді. Онан да басқа ол ауылды тексеру кезінде жаңадан құрылатын №9 ауылдың лауазымды тұлғасын қамтамасыз ету «ауылға кіретін шаңырақ иелерінің кедей болмауы себебінен» қиындық болмайтын анықтады. Торғай облыстық басқармасының 1912 жылы 14 желтоқсандағы отырысындағы осы мәселе қаралып, шаруа бастығы ауылды екіге бөлу болысты бөлу мәселесімен байланысты емес және бұл мәселені №6 ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері көтеріп келеді және осы дауды шешуге №7 және №8 ауыл қазақтары қатысты. Тек, 1912 жылы жауласып отырған рулық топтар ауылды екі жеке ауылға бөлуге келісімге келді. 3 учаскенің шаруа бастығының ұсынысы және №6 ауыл қазақтарының ауылдық жиынының үкімі Қамсақты болысының территориясында 76 шаңырақтан тұратын жаңа ауылдың пайда болуына әкелді[173,13-14пп]

Жайылымдық жерлер үшін күрес облыстардың өз ішінде ғана емес, сонымен бірге шекаралас аудандарда да, көрші облыстың ауылдарымен болыстары арасында туындап отырды. Әсіресе Сырдария облысы, Перовскі уезінің болыстарымен және Торғай облысы, Торғай уезінің қазақтарымен қыстау маңындағы, шабындық және жайылымдық жерлер үшін ұзаққа созылған және шиеленіскен күрес жүрді. Осы уездердің арасындағы жер үшін күрес талас тартыс 1894 жылы тамыздың аяғында екі уездің өкілдері, уезд басқарушылары, ерекше тапсырмаларды орындайтын шенеуніктердің қатысуымен билердің төтенше съезінде қаралды. Съезд Перовскі уезінің көшпелілеріне Тайпақөткел арқылы Қабырға- Қараөткел мекеніне жіңішке жолмен жүре отырып, Сасықкөл мен Доңғұз көліне дейін және кейін қарай Сужарған өзені арқылы Итқырылған өткеліне дейін көшіп жүруге рұқсат беріліп, қаулы қабылдады. Съезд қаулысын 1895 жылы шілдеде Сырдария облысы мен Торғай облысының әскери губернаторлары бекітеді. [174,с.274-275;1-120] Бірақ осы шешімге Тайпақ өткелден бір шақырымдай жерде тұратын Торғай уезі, Шұбалаң болысының №2,3,4 ауылдарының қазақтары наразы болды. Торғай облысының әскери губернаторына жазған өтініштерінде олар осы өткелді басқа болыстардың ауылдары үшін көші-қон жолындағы еркін өңір етіп, ал оларға шабындығы бар және егін егуге қолайлы басқа жер \учаскесін\ беруді өтінді. [175,451-465пп] 1910 жылы маусымда екі уездің билерінің төтенше съезінде мал айдап өтетін жер қайта қаралады. Бірақ съезд осы шешімді өз күшінде қалдырды. [176,с.276]

Жер дауы қазақтармен қоныстанушылардың арасында туындап отырды. Қазақтар өздерінің жерлерін көп жағдайда қоныстанушыларға жалға беріп отырды. Соныменен, Торғай облысының Қаратоғай болысының №2 және №10 ауылының қазақтары Қарақұдық мекенінде хутор тұрғызу үшін мещандар Дедиков, Зайцев, Кривоножкин және Шелюстиковтарге жерлерін жалға берді. Теректі болысының №7 ауылының қазақтары болыстық съездің шешімімен 300 десятина жерді (Жоғары Қарғалы) астық егу үшін 4 жыл мерзімге, 350 рубльге унтер-офицер Решетовке жалға берді. Жалға алынған ақша түтін салығын төлеу үшін жұмсалаған[177,с.6]

Қазақстанға шаруалардың қоныс аударуына байланысты әлеуметтік шиеленіс белең алып, қоныс аударушылармен жергілікті байырғы тұрғындар арасында жер үшін талас күшейеді. Жер тапшылығы қазақтар арасында, жеке адамдар арасында бұрыннан қалыптасқан қарым қатынасты бұзды.Жер тартысы бітіспес жер дауын туғызып қана қоймай ру аралық өшпенділіктің күшеюіне, қазақ қоғамының бөлшектенуіне алып келді. Қазақ ауылдарындағы рулық топтар арасындағы күрес, жер үшін талас тартыс шаруа басқарушыларының қолындағы биліктің күшеюіне әкелді. Қазақтар әсіресе қоныстандыру учаскелерінің құрылуына қатты қарсылық көрсетті. Қазақтың шұрайлы, мал қоңды жайылатын шалғынды жерлер тартып алынып, қоныстандыру қорына алынды.

Шаруа басқарушылары сүйенген Далалық Ереженің 123-бабында былай делінеді:«Уезд территориясындағы болыстар арасындағы жер дауын губернатордың келісімімен ерекше съезд шеше алады. Екі уезд ішіндегі болыстар арасындағы жер дауы сол жердегі биліктің келісімімен шешіледі. Съезд уезд басқарушысы немесе губернатор тағайындаған адамның төрағалық етуімен және болыстық съезде сайланған әр болыстан 3 сайлаушының қатысуымен өтуі тиіс. Съездің шешімі Облыстық басқармаға ұсынылады». Шаруалар бастықтары Далалық Ереженің 123 бабына сүйеніп съезд шақырып, жер дауын шешіп отырды. Қазақ халқы қонысаудару учаскелерін құруға, топографтардың жер кесуіне қатты қарсылық көсеткені белгілі, осы іске шаруа бастықтары араласып отырды.

Соның бірі 1906 жылы 13 мамырда Торғай губернаторына Торғай-Орал ауданы бойынша қоныстанушылар ісі меңгерушісінің жолдаған хатында Қобда болысының №1 ауылының қазақтары соның ішінде шекті руының 150 адамдай қазағы осы ауылға жер бөлу жұмыстарына жіберілген топограф Малянчикті жұмыс істеуге жібермейтінін хабарлайды. [178,6п] Ақтөбе уезінің 1 учаскесінің шаруа бастығы Торғай облысының әскери губернаторына 1906 жылы мамырдың 13- жұлдызында жазған хатында Қарақобда болысында қазақтар жер бөлу жұмыстарын жүргізушінің көмекшісі Васильевті және оның жанындағы 2 топографты жұмыс істеуге жіберуден бас тартқандығын айтқан. Соған байланысты Қарақобда болысына барамын деп жазады. [179,7п] Шаруа бастықтары патша үкіметінің сойылын соққандықтан қоныс аудару учаскелерін ұйымдастыруда қалайда қазақтарды көндіру үшін ештеңеден аянып қалмады. Бұл туралы архив құжаттары былайша шертеді.



Ақтөбе уезінің 1 учаскесінің шаруа бастығы 1906 жылы 17 мамырда Торғай губернаторына жазған хатында. «Мен Қарақобда болысының №2 ауылына келгенде, жұмыс жүргізушінің көмекшісі Васильевті және 2 топографты шекті руының 150-дей адамы әлімдер жұмысқа жібермепті, Мемлекеттік Думаның шешімінсіз жерді бөлу жұмыстарына шенеуніктерді жібермейтінін айтты. Мен ақсақалдар мен қырғыз әлімдерді жинап істі тергеп, бұл бүліктің тек өздеріне ғана зиянын тигізетінін айтып түсіндірген соң 16 маусым күні кешкі сағат 5-ке таман жағдай қалпына келді дейді. Мен кінәлі 70 шаңырақ иелерін (барлығы 140-160 адам) жазаға тартпай бір рет ескертемін деп жазды. [180,8п]

Шаруа бастықтары қонысаударушылармен қазақтар арасындағы жер үшін таластарға араласып отырды. Ақтөбе уезі, Удачный қоныстанушылар учаскесінің тұрғындары Торғай губернаторы Ломачевскийге 1906 жылдың 28 мамырында жеделхат жолдап, онда «Ақтөбе уезінің №2 ауылының қазақтары 200 адам 1906 жылдың 27 мамыр күні Удачный поселкесіне ашық басып кіріп, қазақтар поселкені қоршап, өртейміз деп қорқытты.Бізді қазақтардан тез арада қорғау туралы Сіздің өкіміңізді күтеміз, әйтпесе поселкеде толығымен ұрып-соғу басталады».- деп жазды. [181,13п] Осыдан соң Торғай облысының әскери губернаторы Ломачевский 1906 жылы 29 мамырда Ақтөбе уезінің шаруа бастығына жеделхатында «Удачный поселкесінің қоныстанушыларына қазақтардың ашық көтерілісі туралы қарамағыңыздағы болыс басқарушылары мен ауыл старшындарына қатаң жауапкершілікке тартылатын ескертіп, күш көрсетуді тез арада тоқтатуды түсіндіруді ұсынамын.Ұрланған малдар, мүліктер тез арада қайтарылуы керек. Кінәлі лауазымды тұлғаларды заң бойынша жауапқа тартып қызметінен алып тастау керек. Қажет болған жағдайда заңды биліктің күші менімен және әскермен басылатын болады».- деп жазады. [182,15п] Бұл барып тұрған отарлық әкімшіліктің озбырлығы еді.

Қазақтардың жерлерін күшпен тартып алып, өз бетімен басып алушылар көп болды. Қоныстанушылар жүздеген адамнан тұратын топтар болып жиналып, Торғай облысында Медет жайлауындағы Арақарағай болысының 2-ауылына, Жаркөл жайлауында Сарыой болысының 1-аулына, Шолақтерек жайлауындағы Аманқарағай болысының 3-аулына өз еріктерімен қоныстануға тырысты. Кей жағдайда қазақтар тобыр болып жиналып, қоныстанушылардың өздеріне ұнаған жерлеріне орналасуына күш көрсетіп жібермеді, қақтығыстар салдарынан таяқ жегендері жаралылар да болды. Қазақтардан жалға алған жерлерде құрылған шағын поселкелерде қақтығыстар жиі болған, алғаш қоныстанушылар өздеріне жаңа қоныстанушыларды шақырып, жалға алған жерлері үшін ақы төлемей, қазақтардың жеріне малдарын жайып, жайылымдарды құртуға тырысқан т.б. Ішкі Істер министріне Торғай облысының вице губернаторы Леонтьев «қақтығыстардың бірінде өз бетімен қоныстанған Удачный поселкесінде 1 қазақ өлтірілген. аталған жағдайға ашуланған қазақтар соңғы кездері жер бөлу партияларының жұмысына қарсы әрекетке барды, қысқа мерзімде Қарақоба, Елек, Қобда және 2-Бөрте болыстарында жұмыстың барысы күштеп бұзылды, тек шаруалар бастықтарының және Облыстық басқармадан арнайы іссапармен келген тұлғалардың айтуымен аман есен аяқталды».- деп жазды [183,190-196пп]

Шаруа басқарушылары осы Ереже бабына сүйеніп съезд шақырып отырды. Мысалы, Ырғыз уезі № 1 шаруа учаскесінің шаруа бастығы Гарф 1903 жылы 14 тамызда № 504 қатынас қағазымен Торғай облысының әскери губернаторына Аманкөл және Тәуіп болыстарының қазақтарының арасындағы Қосбұлақ, Байжан елді мекендері үшін Далалық Ереженің 123 бабына сәйкес болыстар арасындағы жер таласын шешу үшін ерекше съезд шақыруға рұқсат етуін сұрап хат жолдайды. [184,3п]

Патшалық Ресей қазақ халқын отарға айналдыруды жерге зорлықпен иелік жүргізуден бастаған еді. Жерді тартып алу халықты саяси экономикалық еркіндігінен айыру болды.

Жер үшін тартыс қазақ халқының отырықшылануына байланысты да туындап отырды. Сібір темір жол комитетінің жанынан құрылған комиссия Сібір, Орта Азия және Қазақстанды отарлау мәселесін (мәжіліс журналы, 1-19 қараша,1896ж) талқылай келе, қазақтарды отырықшыландыру және олардың «артық» жерлерін тартып алу мәселесін көтерді. Олардың пікірінше көшпелілердің отырықшылыққа көшуі «қоныс аударушылар үшін ұлан ғайыр жерлерді босата отырып, Далалық өлкені отарлау ісінде аз пайда әкелмейді.» Ішкі Істер Министрлігі Дала генерал- губернаторлығының әскери губернаторларынан қазақтарды отырықшылыққа көшіру жайында өз пікірлерін сұрады. Губернаторлардың пікірлері көп мәселеде әр түрлі болды, себебі біреулері жерді иеленуде ең құнарлы жерлер қазақтардан тартып алынды, көшпелілерді отырықшы етуге мәжбүр етті десе, ал енді бір шенеуніктер тобы қазақтар «мемлекет үшін малшылар ретінде көп пайда әкеледі және пайдалану құқығы үшін мемлекеттік салықты ұқыпты төлеушілер, ең бастысы ауыл шаруашылығына жарамсыз жерлер үшін. Талқылаудың нәтижесінде патша үкіметі өз саясатында әдеттегі дағдылы бағытын ұстанды. [185,461-465пп]

Сонымен, шаруа бастықтарының уездік съезінің материалдары шаруа бастықтарының есеп беру жүйесі болғандығын көрсетеді. Соның ішінде уездік съездің төрағасына шаруа бастығының қандай да бір шешіміне шаруалар немесе қазақтар наразы болған жағдайда жүгіне алатын болды, яғни бақылаушы инстанция саналатын жұмыс тәжірибесі пайда болды.

Сонымен бірге,облыстық басқарма жыл сайын шаруа бастықтарының уездік съезіне тексеру жүргізіп отырды, шешім шығарды және өздерінің ұсыныстарын жасады. Шаруа бастықтары барлық жоғары инстанциялардан қолдау тауып отырды және өз мәселелерін шешуде олардың биліктері оларға қарасты территорияда тегіс қамтылатын.

Соныменен, шаруа бастықтарының уездік съезінде олардың қарамағындағы аумақты басқару мәселелері қаралды: а) болыс, ауылдар арасындағы жер қатынастарын реттеу; ә) жаңа қонысаудару учаскелерін ұйымдастыру; б) шаруа бастықтарының есептерін қабылдау; в)болыс және ауыл старшындарының іс жүргізуін ұйымдастыру; г)тексеру қорытындылары тыңдалды. д)шаруалармен қазақтардың шағымдары қаралды. Шын мәнінде шаруа бастықтарының қызметін бақылайтын маңызды орган болып табылды. Съездің шешімдері үнемі орындала бермеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет