Аттайды, басқа


Алдыңда не күтіп тұр, соны ойла



бет2/4
Дата03.07.2016
өлшемі295 Kb.
#175019
1   2   3   4

Алдыңда не күтіп тұр, соны ойла.
Игі мақсатқа тура жүрген жетеді
Фирдоуси

Қай портқа бет алғанын білмейтін
кеменің желі де оңынан тұрмайды
Сенека

      Бүгiн бiз зор мүмкiндiктер табалдырығында тұрмыз. Азияның ең кедей елдерiнiң кейбiрiнiң отыз жыл iшiнде қайыршылықтан оңалып, индустриялы мемлекеттерге айналғанын сiздердiң көпшiлiгiңiз бiлесiздер. Алғашқылары Корея, Тайвань және Сингапур болса, ал қазiр оларға Малайзия, Индонезия және Тайланд қосылды. Бiздiң ұлы көршiмiз - Қытай жоғары қарқын танытып отыр. Үндiстан мен Бразилия да өз қуатын еселей түсiп келедi. Бiзге достас Ресей де жуық арада ұлы елдiң жаңа келбетiне ие болады деп шынайы үмiт артамыз және оған сенiмдiмiз.  


      Осыдан қырық жыл бұрын Сингапур өз тәуелсiздiгiн алған кезде, жан басына шаққанда 200 долларға жетпес табысы бар әлемдегi ең кедей елдердiң бiрi едi. Бүгiнгi таңда сингапурлықтардың жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар. Өзiнiң халқы, этникалық құрамы жөнiнен және басқа да "көптеген" параметрлерi бойынша бiзге ұқсас ел, Малайзия да 20 жылға жетпейтiн уақыт iшiнде өз азаматтарының өмiр сүру деңгейiн 10 есе арттыруға қол жеткiздi. Осындай табыстарының нәтижесiнде бұл елдер күллi әлемде Азия Жолбарыстары ретiнде танылып отыр.  
      Қазақстан өзiнiң күллi мүмкiндiктерiмен нақ осындай нәтижеге қол жеткiзе алмайды дейтiн себептер бар ма? Ондай себептер жоқ. 2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болады деп сенемiн. 
      Бiзде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тiршiлiк ететiн Қар Барысы дүниежүзiлiк қоғамдастыққа онша таныс емес. 
      Жануарлар әлемiнде Жолбарыс туыстас болғанымен Барыстың өзiндiк ерекшелiктерi де бар. 
      Бұл - өзiне тән тектiлiгiмен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды бiлмейтiн тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ, Ол ешкiмге бiрiншi болып шабуыл жасамайды әрi тiкелей соқтығыстардан бойын тартатын болады. Бiрақ егер өзiнiң еркiндігi мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады.  
      Осы сыптай да серпiндi болуға және семiздiк пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиiс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмiр сүре алмайды. 
      Ол жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жетелейтiн елеусiз, бiрақ сенiмдi соқпақтарды iздестiруде табанды да бiрбеткей болуға тиіс. 
      Ол қауiп-қатерден қаймықпауға, тоқшылықтан босаңсымауға тиiс. 
      Ол өз ұрпағын баулыған кезде: оны баса-көктей келген қонақтардан қорғай отырып, аузындағы дәмдiсiн соның аузына тосуға, оның саулығына, өресi мен пайымына нәр беруге тиiс, сөйтіп кез келген ортадағы қатаң бәсекелестiк жағдайында ерте сақайып, өз бетiнше дербес өмiр сүруге жетелеп, көрегендiк танытады.  
      Ол өзі ішетін тұнық судың ылайланбауын, ал өз аясында тiршiлiк ететiн табиғат пен тыныстайтын ауасының жақсаруын қатаң қадағалап отыратын болады. 
      Ендеше қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздiк деңгейiне үстелген Батыстың талғампаздығы да, Шығыстың кемеңгерлiгi мен төзiмдiлiгi де тән болуға тиiс.  
      Ол өзiнiң талпыныс-ұмтылыстарында, жеңiстерi мен сәтсiздiктерiнде бiр ананың сүтiн тел емген өзiнiң бауырлары - Өзбек, Қырғыз және басқа да Орталық Азия барыстарымен дәйiм бiрлiкте болып, олардың өрлеуi мен жетiстiктерiн мақтаныш тұтатын болады. 
      Дегенмен 2030 жылғы осындай Қазақстан өзiнен-өзi пайда болмайды. Оны бiз өз қалауымызбен және табысқа жетуге талпынған ерiк-жiгерiмiз арқылы тұрғызамыз. Егер бiз осы мүмкiндiктi сәтiмен пайдалана алмасақ, егер бiз болашағымызға жоспар құрмай және бүгiнгi күнi нақты iс-қимылдарды iске асырмай, күндер мен апталарды уысымыздан шығарып алсақ, егер сәтсiздiкке ұшырасақ, онда өзiмiзден басқа ешкiмге кiнә арта алмаймыз. 
      Еш нәрсеге бiрден қол жетпейдi. Табысты әрi тұрақты дамуға объективтi түрде белгiлi бiр сатылар тән, оған құлашты бiр сермегеннен жетуге болмайтыны да белгiлi. 
      Салауатты әрi гүлденген экономика құрмайынша, бiз қуатты мемлекет пен Қарулы Күштер құра алмаймыз, демографиялық, экологиялық және әлеуметтiк мiндеттердi шеше алмаймыз, әрбiр адамның жеке басының қадiр-қасиетi мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз. 
      Экономикалық дамудың жоғары қарқынына қол жеткiзу өз кезегiнде саяси тұрақтылық пен тұрлаулылықты, қуатты әрi нысаналы реформаларды талап етедi. Ал бұл үшiн Президенттiң саясатын iске асыруға, ескiнiң қарсылығын еңсеруге, әрi күмәнданушыларды соңынан ерте бiлуге қабiлеттi кәсiпқой, зерделi, батыл және отансүйгiш Үкiмет қажет. 
      Бұл жұмыста табысқа жету Қазақстан азаматтарының қолдауына байланысты. Ал мұндай қолдау адамдар істің оңалуға беталысы мен әдiлеттiлiкке көзi жеткен жағдайда ғана көрсетiлелi. Нақ сондықтан адамдардың әл-ауқатының өсуi бiздiң күллi күнделiктi жұмысымыздың күретамыры болуға, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қүрес батыл жүргiзiлуге тиiс. 
      Осындай болашақтың iргесiн тұрғызу үшiн және алған бағытымыздан ауытқымас үшiн, бiз өзiмiздiң ненi қалайтындығымызды бiлуге тиiспiз. Сондықтан ұзақ мерзiмдi кезең жайында айтқан кезде, мен, мемлекет басшысы ретiнде, бiздiң елiмiздiң мұраты: ұлттық бiртұтастық, әлеуметтiк әдiлеттiлiк тән әрi күллi халқының экономикалық әл-ауқаты артқан тәуелсiз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстанды сомдау деп санаймын. 
      Барша қазақстандықтардың гүлденуi, қауiпсiздiгi мен әл-ауқатының артуы - өзiмiз орнатсақ дейтiн Қазақстанды сипаттайтын өрелi сөздер, мiне осылар. Бiздiң iлгерi жылжуымызға қарай бұл сөздер әрдайым бiздiң iзашарымыз болып қалуға тиiс. 
      Мен өзiме 33 жыл өткеннен кейiнгi Қазақстанды қалай елестетемiн? Бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп, кемелденедi, бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз ұрпағының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болады. Олар, бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады. Олар бейбiт, абат, жылдам өркендеу үстiндегi, күллi әлемге әйгiлi әрi сыйлы өз елiнiң патриоттары болады. 
      Бiздiң балаларымыз бiлiгi жоғары жұмысшылар мен фермерлер, инженерлер, банкирлер және өнер қайраткерлерi, магазиндердiң иелерi, мұғалiмдер мен дәрiгерлер, зауыттар мен фабрикалардың иелерi, биржа делдалдары және спортшылары болады. Олар мұнай, газ бен электр қуатын, тамақ өнiмдерiн өндiретiн әрi олармен әлемдiк экономиканы қамтамасыз ететiн болады. Көпшiлiгi халық тұтынатын жоғары технологиялық тауарларды және әлемдiк рынокта өзiнiң арзан бағасы мен үздiк сапасына орай жоғары сұраныспен пайдаланатын өнiмнiң көптеген басқа да түрлерiн өндiрушi болады. 
      Бiздiң жас ұрпақтың кей өкiлдерi мемлекеттiк қызметке тұрады. Олар жоғары ақы төленетiн, жақсы оқытып-үйретiлген, Қазақстан мен Қазақстан халқының мүдделерiн өздерiнiң жеке мүдделерiнен жоғары қоятын мамандар бола отырып, жаңа дәуiр жағдайында жұмыс iстейтiн болады. 
      2030 жылдың азаматтары мемлекеттiң өздерiнiң құқықтарын қорғайтынына және мүдделерiн биiк ұстайтынына сенiмдi болады. Бұл ретте олар қолайсыз жағдаяттар себебiмен өмiрден өз орнын таба алмай, мемлекетке әлеуметтiк көмек сұрап жүгiнуге мәжбүр болған аз ғана адамдарға да мемлекеттiң қамқорлық жасайтынын бiлетiн болады. 
      2030 жылғы Қазақстан ауасы таза, мөлдiр сулы, жасыл желектi елге айналуға тиiс. Өндiрiс қалдықтары мен радиация бұдан былай бiздiң үйлерiмiз бен бақтарымызға енбейтiн болады. Біздiң балаларымыз бен балаларымыздың балалары кiнәрәтсiз жағдайда толыққанды өмiр сүретiн болады. 
      2030 жылы бiздiң ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдiк оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмiр сүретiн болады. Олардың Қазақстанды Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың - Қытайдың, Ресейдiң және Мұсылман әлемiнiң арасындағы экономика мен мәдениеттi байланыстырушы буын рөлiн атқаратын болады. 
      Оны барлық ұлттар үшiн тең мүмкiндiктер барына сенiмдi, бiрақ бәрiнен бұрын өздерiн қазақстанның азаматтарымыз деп санайтын көптеген ұлттардың өкiлдерi мекендейтiн болады. 
      2030 жылғы Қазақстан әлi де барынша кемелдене алмайды. Ол әлi әлемдегi ең бай, ең бiлiмдi, ең дамыған ел бола қоймайды, бiрақ ол күрделi жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесi кезеңiне нық қадаммен аяқ басқан ел болады. 
      Әрине, мұның бәрi - болашақты ой көзiмен көру, оның моделi, асқақ мұрат, арман ғана. Сiздердiң көпшiлiгiңiз бұл мұратты кей кезде ең қарапайым нәрсенiң өзi жетiспей жататын бүгiнгi тiршiлiкпен салыстырып, мұны қиялға балап, ащы мысқылмен езу тартуларыңыз да мүмкiн. 
      Бiрақ олай емес. Мұның бәрiне де қол жеткiзуге болады, әрi әлемдiк тәжiрибе бұл жоспарлардың ақиқаттығын қуаттап отыр. Иә, бүгiн бәрiмiзге қиын түсiп отыр. Оңай болған кезi бар ма? Бiздiң аталарымыз бен әкелерiмiз осы жүз жылда қандай жеңiл кездi бастан кешiрген екен? Азамат соғысы, аштық пен жұт, жаппай қуғын-сүргiн, Ұлы Отан соғысы немесе соғыстан кейінгі күйзелiс жылдары оларға оңай тидi дейсiз бе? Өткен ғасыр мен оның алдындағы ғасыр жеңіл болып па? Әрине, бұл - тарих. Тіпті бүгінгі күні де жер бетiнде 800 миллион адам жыл сайын асқа жарымай, аштықты бастан кешіруде, талай жүздеген миллион адамдардың баспанасы жоқ, миллиондар қанды соғыстарда қаза тауып жатыр.  
      Ендеше, бiз неге аhылал-уhiлей береміз, ішкi қуатымызды қысыр сөз бен күңкiлге несiне жұмсаймыз?  
      Кез келген сыннан бiрлiгiмiздiң, күш-жiгерiмiздiң және болашаққа деген сенiмiмiздің арқасында абыроймен шыққанымызды ұмытатындай зердемiз сонша қысқа ма едi? Тәулiк бойы тыным таппай жұмыс істеп, аш құрсақ жүрсек те, аузымыздағыны балаларымызға жырып берiп, олардың ертең жақсы өмiр сүретiніне сенген едiк қой.  
      Бүгiн және ертең дәл осылай iстеуiмiзге не кедергi? Ендеше неге уайымға салынып, еңсемiздi түсiрiп жiбердiк? Ендеше елiмiздiң алдында, әрқайсымыздың алдымызда орасан зор мүмкiндiктер ашылған осындай кезде, ең бастысы бұрын ешқашан еншiмiзге тимей келген еркiндiкке қолымыз жеткен кезде мұнымызға не жорық! Барлығы тек өзiмiзге, сенiмiмiзге, ерiк-жiгерiмiзге, бiрлiгiмiз бен еңбегiмiзге байланысты. "Ел мен үшiн не iстей алады деп сұрамаңыз, ел үшiн өзiм не iстей алам деп сұраңыз".
     Джон Кеннедидiң американ халқына арнаған үндеуiндегi осы бiр сөздер бiз үшiн бұрынғы қай кездегiден де гөрi көкейiмiзден шығып тұр.

 3. Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру


стратегиялары

Бұл әлемде ең бастысы - біздің қай жерде
тұрғанымыз емес, қандай бағытта жылжып
барамыз - міне, сонда
Холмз

      Бiздiң елiмiз мен айтқан перспективаларға қол жеткiзуi үшiн мынадай ұзақ мерзiмдi жетi басымдықты iске асыру қажет:  


      1. Ұлттық қауіпсіздік. Аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанның тәуелсiз егемен мемлекет ретiнде дамуын қамтамасыз ету.  
      2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы. Қазақстанға бүгiн және алдағы ондаған жылдар iшiнде ұлттық стратегияны жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн iшкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бiртұтастықты сақтап, нығайта беру.  
      3. Шетел инвестициялары мен iшкi жинақталымдардың деңгейi жоғары ашық нарықтық экономикаға негiзделген Экономикалық өсу. Экономикалық өрлеудiң нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетiн қарқынына қол жеткiзу. 
      4. Қазақстан Азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты. Барлық қазақстандықтардың өмiр сүру жағдайларын, денсаулығын, білiмi мен мүмкiндiктерiн ұдайы жақсарту, экологиялық ортаны жақсарту.  
      5. Энергетика ресурстары. Мұнай мен газ өндiрудi және экспорттауды қалыпты экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмысын жақсартуға жәрдемдесетiн табыс алу мақсатында жедел арттыру жолымен Қазақстанның энергетикалық ресурстарын тиiмдi пайдалану. 
      6. Инфрақұрылым. Әсіресе Көлік және байланыс. Осы шешушi секторларды ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жәрдемдесетіндей етіп дамыту. 
      7. Кәсіби мемлекет. Ісіне адал әрі біздің басты мақсаттарымызға қол жеткізуде халықтың өкілдері болуға қабілетті Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің ықпалды және осы заманғы корпусын жасақтау. 
      Осы ұзақ мерзімді басымдықтардың әрқайсысы үшін біз бір жылдық, үш, ал кейіннен бес жылдық жоспарларда белгіленген нақты іс-қимылдарға күш-жігерімізді жұмылдыра отырып біз стратегиямызды талдап жасауға және оны дәйекті түрде іске асыруға тиіспіз.
      Осы ұзақ мерзімді басымдықтар мемлекет пен біздің азаматтарымыздың күш-жігерін жұмылдыру үшін қызмет етуге, еліміздің бюджеті мен кадр саясатын қалыптастыру кезінде өлшемдер негізіне алынуға тиіс.

1-ұзақ мерзімді басымдық:
Ұлттық қауіпсіздік

Сақтықта қорлық жоқ
Халық даналығы

      Адамзат дамуының бүкiл тарихи тәжiрибесi мемлекеттiң алға басуы және тұрақты өсуi жүзеге асырылатын қажеттi шарттардың бастауында оңың ұлтының қауiпсiздiгi мен мемлекеттiлiгiнiң сақталуы тұрғанына куә. Бостандық пен тәуелсiздiктi жеңiп алу жеткiлiксiз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Бiздiң ұрпақ еңсере алмай, өздеріне қалдырған ауыртпалықтар, қиыншылықтар мен проблемалар үшiн болашақ ұрпақ кешiрер. Егер бiз өз мемлекеттiлiгiмiзден айрылып, егемендiгiмiздiң стратегиялық негiздерiн, өз жерлерiмiз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бiзге кешiрiм жоқ. Әрине, болашақты бағамдаудың мұндай қисыны кез-келген iшкi және сыртқы жағдайларда ұзақ мерзiмдi кезеңге арналған Қазақстан саясатының стратегиялық бағыты үшiн уақыты жағынан үздiксiз болуы керек. Бұл Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi дамуының бiрiншi стратегиялық басымдығы болуға тиiс. 


      Қауiпсiздiктiң басымдығы анық: егер елiмiз қауiпсiздiгiн сақтамаса, онда тұрақты даму жоспарлары туралы сөз қозғауымыздың өзi қисынсыз. Бабаларымыздың өз мемлекетiнiң iргетасын қалауы мен дамытуын шолып қарағанда, олардың өз мемлекеттiлiгiн сақтап қалу үшiн тарихи ауыр және қатал күрес жүргiзгенiн айқын көрсетедi. Осы стратегиялық мiндеттiң шешiмiн үнемі iздестiру қажеттiгi бiзден қалыптасып отырған жағдайды геостратегиялық күштермен және олардың өзгеру серпiнiмен теңдестiре байсалды әрi барабар бағалауды талап етедi. 
      Қазақстанның қазiргi кездегi және жақын болашақтағы ұлттық қауiпсiздiгiне төнуi ықтимал қауiптiң тiкелей әскери басып кiру және мемлекеттiң аумақтық тұтастығына қатер төндiру сипатында болмайтынын бiз түсiнемiз. Ресейдiң де, Қытайдың да, Батыстың да және мұсылман елдерiнiң де бiзге шабуыл жасауға итермелейтiн сылтауы жоқ екенi айдан-анық. Бұл тыныштық пен тұрақтылықтың болжап бiлуге болатындай қашықтығы Қазақстанның экономикалық әлеуетiн тиiмдi нығайту үшiн пайдаланылуға тиiс, соның негiзiнде бiз ұлттық қауiпсiздiктiң сенiмдi жүйесiн құра аламыз. 
      Өз қауiпсiздiгiмiз мен аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз ету үшiн бiз күштi мемлекет болуға және көршiлерiмiзбен берiк және достық қарым-қатынаста болуға тиiспiз. Сондықтан ең жақын және тарихи достас көршiмiз Ресеймен арадағы сенiм мен теңқұқылы қарым-қатынасымызды дамытып, нығайта беремiз. ҚХР-мен өзара тиiмдi негiздегi осындай сенiм мен тату көршiлiк қатынастарымызды жалғастырамыз. Қазақстан Қытайдың гегемонизмге қарсы, көршiлес елдермен достыққа бағытталған саясатын құптайды. 
      Бiз Орталық Азия мемлекеттерiмен байланыстарымыз бен интеграциялық процестердi күшейте беремiз. 
      Таяу және Орта Шығыс елдерiмен де қарым-қатынастарымыз тиiстi деңгейде нығая бередi. 
      Бiздiң стратегиямыздың екiншi құраласы - Америка Құрама Штаттарын қоса алғанда, басты демократияшыл индустриясы дамыған мемлекеттермен байланысын күшейту. Бұл елдер тәуелсiз және гүлденген Қазақстанды құрудың өздерiнiң ұлттық мүдделерiне сай келетiнiн ұғына бастады. 
      Үшiншiден, БҰҰ, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзiлiк, Азиялық, Еуропалық және Ислам даму банктерi сияқты халықаралық институттар мен форумдардың көмегi мен қолдауын барынша пайдаланамыз, бұл Қазақстанға халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау көрсетiлуiн қамтамасыз етедi.  
      Бiздiң стратегиямыздың төртiншi элементi - елiмiздiң ұлттық егемендiгi мен аумақтық тұтастығын қорғау үшiн сенiмдi негiз бола алатын бай табиғи ресурстарды игеру. 
      Бесiншiден - бiз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезiмi мен өз елiне деген сүйiспеншiлiгiн дамытуға тиiспiз. Халық пен мемлекет арасындағы бұрынғы тығыз байланыс едәуiр босаңсып кеттi, ал жеке мен мемлекеттiк мүдде арасындағы жаңа байланыс әлi қалыптаса қойған жоқ. Бақытымызға орай, бұқаралық санада адамдар мен мемлекет мүдделерiнiң ортақтығын түсiну пiсiп-жетілiп келедi. Адамдардың тұрмысының жақсаруына орай ол сезiмнiң нығая беретiнiне күмәнiм жоқ. Бұл әр азаматтың жақсы тұрмысының өзi ол тұрып жатқан мемлекеттiң егемендiгi мен қауiпсiздiгiне байланысты екенi сияқты, бiр қарағанға, қарапайым ақиқатты пайымдауды жеделдетедi.  
      Бiздiң ұжымдық қауiпсiздiгiмiз қамтамасыз етілгенде әрбір адам өзінің жеке мүдделері ғана қамтамасыз етiлiп, ал қоғам қауiпсiздiгi қыл ұшында тұрғандағыға қарағанда әлдеқайда көп нәрсе ұтады. Егер елiне қауiп төнiп тұрса, жеке адам қаншалықты сәттi өмiр сүргенiмен, ол бәрi-бір қорғансыздың күнiн кешедi. Қоғамдық мүдденің жекеменшiк мүддеден басым екенiн көрсете отырып, мұны әсiресе бiздiң ұлттық капиталымыздың өкiлдерi терең пайымдауға тиiс.  
      Бiзге деген ниетi терiс күш иесi өзiнiң, оны қолданбақ әрекетiне немесе қатер төндiруiне қарсылық көрсетiлетiнiн алдын ала бiлуi үшiн бiз әлемге бiрлiгiмiз бен тәуелсiздiкке деген ерiк-жiгерiмiздi, азаматтығымыз бен отансүйгiштiгiмiздi паш етуге тиiспiз. Айқын азаматтық тұғырымыз болмайынша, стратегияның тәуелсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған басқа элементтерiн ойдағыдай iске асыру өте қиынға түседi. 
      Қорғаныс саясатымызға келетiн болсақ, бiздiң бейбітшілік сүйгiш халық екенiмiз және ешкiмнiң жерiне, ресурстарына, байлығына көз тiкпейтiнiмiз баршаға аян болуға тиiс. Жерiмiз де, мол қазынамыз да өзiмiзде жеткiлiктi, ал дәулеттi өз еңбегiмiзбен еселей беремiз.  
      Бiрақ бiз басқа елдермен өзiмiз қандай қарым-қатынаста болсақ, Қазақстанға қатысты дәл сондай қарым-қатынасты талап етемiз және кез келген тосын жағдайларға әзiр тұрамыз.  
      Бiздiң дәуiрiмiзде, әлемнiң әскери егестен алыстауына орай бәсекелестiк әскери саладан саяси және экономикалық салаға ойыса бастады. Бiз бұл үрдiстiң бел алатынына сенемiз және бейбiтшілiк орнап, тату көршiлiктiң қалыптасуына бар күш-жiгерiмiздi жұмсаймыз. Сонымен қатар, бiз Қазақстанның өзiнiң экономикалық дамуына орай, дүниежүзiлiк экономикаға дәйектi енуi елдi әскери-саяси, экономикалық және конфессионалдық сипаттағы әр түрлi аймақтық қақтығыстардың тосын иiрiмдерiне тартып әкетуi мүмкiн екенiн де түсiнуге тиiспiз. 
      Мiне, сондықтан да қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жұмысында сөзсiз басымдық бiздiң сыртқы саяси қызметiмiзге және Қазақстанның өз көршiлерiмен, дүние жүзiнiң алдыңғы қатарлы елдерiмен өзара тиiмдi қарым-қатынасының берiк тұғырын қалыптастыруға беріледi.  
      Бүгiн, жиырмасыншы ғасырдың аяқ шенiнiң өзiнде, Екiншi дүниежүзілiк соғыс пен қырғи-қабақ соғыстан алынған сабақтан кейiн де, әлемнiң блоктар мен одақтарға бөлiну қауіп жойылған жоқ. Бiрақ бұл жол Қазақстан үшiн қолайлы емес, бiздiң бес элементтен тұратын стратегиямыз осыған келiп саяды. Елiмiздiң этникалық құрамы соншама алуан түрлi болып келедi, бiздiң мүдделерiмiз де өте маңызды, ал келешегiмiз де өте зор, сондықтан да бiз қандай да бiр елмен арадағы қарым-қатынасқа тәуелдi болып қалуға немесе соған ғана иек артуға жол бере алмаймыз. 
      Қазақстан халқы мен Қазақстан Үкiметi бар күш-жiгердi ірі ұлтаралық капитал үшiн төзiмдi және оңтайлы экономикалық өрiс құруға жұмсауға, елiмiзге ұзақ мерзiмдi инвестициялар тарту үшiн "ықыласты рай" туғызуды көтермелеуге тиiс. Бiз қандай да бiр тайталасты әскери жолмен шешуге барынша қарсы тұрып, "жақсы араздықтан жаман татулық жақсы" дейтін қағиданы уағыздауға тиiспiз. Жақын және алыс болашақтағы ұлттық мүдделердi қорғау мен күштердiң теңдестiгiн қамтамасыз етудегi біздің мықты құралымыз, ынтымақтасу саясатын алдымен Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы Орталық Азия Одағын нығайтып дамыту, басқа мемлекеттердiң iсiне араласпау, қарсы тұрудан гөрi татулық ахуалын басым ұстау саясаты болуға тиiс.  
      Әскери қақтығыстардың жосықсыз екенiн әлемнiң ұғынғанына зор сенiм артсақ та, парасатты мемлекет басқа үкіметтердiң уәдесiне сенiп қана қоймай, өз елiнiң қуатына да сүйенетiнiн ұмытпағанымыз жөн.  
      Сондықтан Қарулы Күштеріміздің құрылысы мен жаңартылуына, олардың кәсiби даярлығы жауынгерлiк әзiрлiгiнiң деңгейiне және оларды қарудың осы заманғы құралдарымен жарақтандыруға зор басымдық берiлетiнi сөзсiз. 
      Қазақстан Республикасының қазiргi кезге сай әрi тиiмдi армиясын, әскери әуе және әскери теңіз күштерiн құру үшiн бізге материалдық бөлiмдi, жеке құрамды және оны оқыту жөнiндегi жұмысты нығайту керек. Мұның өзi Қарулы Күштерге бөлiнген және бұдан былай да бөлiнетiн бюджет қаражатын үнемдi және тиiмдi жұмсауды тұрақты түрде талап етеді. Бұған қоса аймақтық қорғаныс жүгiн бөлiсу үшiн елiмiз өз көршілерiмен ынтымақтасатын болады. 
      Қауiпсiздiк пен тұтастық мәселелерiнде бiз үнемi қырағы болуға тиiспiз. Бiздiң көрсетiп отырған және болашақта да көрсете беретiн ізеттiлiгiмiз бен меймандостығымыз тiптi де аңқаулық пен кiрiптарлықтың көрiнiсi емес.  
      Ұлттық қауiпсiздiк басымдықтарының деңгейiне мықты демографиялық және көшi-қон саясаты шығарылуға тиiс. Егер бiздiң мемлекеттiк органдарымыз бұған бұрынғысынша немқұрайдылықпен қарайтын болса, онда бiз ХХI ғасырдың қарсаңында Ресейдiң артынан адам саны сыртқы көшi-қон процестерінен ғана емес, табиғи жолмен кеми беретiн "демографиялық оппа" жағдайына тап боламыз. Бұл тенденция дереу тоқтатылуға тиiс.

2-ұзақ мерзiмдi басымдық:
Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы

Бірлік жоқ жерде - тірлік жоқ
Төле би

      Тату көршілік бірінші кезектегі міндет, алайда, елдi iшкi алауыздық жайласа, ол шешiлмейдi. Егер әр түрлi топтар оларды мүдделердiң - саяси, идеология, дiни, этникалық немесе таптық мүдделердiң бiрiктiретiнiне қарамастан, қарама-қарсылық күйде болса, бұл халықты ортақ игiлiкке қол жеткiзу мен өзiнiң ұлттық мүдделерiн iске асыру мақсатынан жаңылыстыратын қауiптi жағдайға әкеп соғады. Бұл жерде әңгiме тiкелей қарсыластық немесе соғыс жағдайы туралы да болып отырған жоқ. Солтүстiк Ирландия, бұрынғы Югославия, Перу, Ауғанстан, Камбоджа мен Руанда және басқа да елдер ешбiр өркениеттiң, ешбiр мәдениеттiң алауыздықтың ауыр салдарынан сақтандырылмағанын дәлелдеп отыр.  


      Бiрлiкке апаратын жолдағы бұрынғы кедергiлердi жойып, әдетке, құштарлыққа, ерекше мүдделерге, дiнге, жас қарайластығына немесе басқа факторлардың қайсысына негiзделгенiне қарамастан, жаңа кедергiлерді болдырмау - біздiң мiндетiмiз. Диалогтың ықтимал барлық нысандарын көтермелеу, сондай-ақ адамдар арасындағы өзара байланыс пен қарым-қатынасты күшейту арқылы бiз бiртiндеп ұлттық ынтымағымызды нығайтып, ұлттық әлеуетiмiздi ұлғайтамыз. 
      Қоғамның негiзi болып табылатын бұл басымдықты жүзеге асырудағы бiздiң стратегиямыздың мынадай құрамдас бөлiктерi бар: 
      - елiмiздiң барлық азаматтары үшiн мүмкiндiктердiң теңдiгiне негiзделген бiрыңғай азаматтығымызды дамытатынымызға кепiлдiк беру; 
      - этникалық түсiнiспеушiлiк себептерiнiң жойылуын, барлық этникалық топтар құқықтарының, тең болуын қамтамасыз ету; 
      - қоғамымыздағы дәулеттiлер мен жарлылардың арасындағы айырмашылықты азайту және ауыл проблемасына үнемi ерекше көңiл бөлу;  
      - өтпелi және кейiнгi кезеңдерде пайда болатын әлеуметтiк проблемаларды ұдайы шешiп отыру;  
      - ұзақ мерзiмдi болашақта саяси тұрақтылықты да, қоғамның топтасуын да қамтамасыз ететiн бай Қазақстанды барынша жiгерлi түрде қалыптастыру; 
      - адамдар арасындағы қарым-қатынас пен коммуникациялық байланыстардың барлық нысандарын дамыту; 
      - әр түрлi конфессиялар арасындағы өзара құрмет, төзiмдiлiк пен сенiмдi қарым-қатынастарды нығайту.  
      Бүгiн "Бiздер - қазақстандықтар кiмдермiз?" деген сырттай қарағанда қарапайым сауалға кез келген адам бiрден жауап бере алмайды. Өзiн-өзi бiрегейлендiру проблемасын шешу үшiн уақыт пен белгiлi бiр тарихи даму кезеңi қажет болады. 
      Коммунистiк режим 70 жылдан астам уақытта бiрыңғай кеңес халқын ақыры қалыптастыра алмады. Орталықтан шыққан көп ұлтты елдердiң көпшiлiгi ондаған жылдар өткеннен кейiн де бұл процестi аяқтай алмады. Бiзде де бұл сезім қалыптасып, орныққанға дейiн бiрнеше ондаған жылдар өтедi. 
      Бiрақ қазiрдiң өзiнде бiздi бiрiктiретiн бiрқатар факторлар бар. Бұл - өз шекарамыздың шегiндегi жерiмiз, оны көркейткен ата-аналарымыз, сәтсiздiктердiң ауыртпалығын бiрге көтерiп, жетiстiктерiмiздiң қуанышын бiрге бөлiскен ортақ тарихымыз. Бұл - келешекте осы жерде бiрге тұрып, бiрге жұмыс iстейтiн бiздiң балаларымыз. Сондықтан бiздiң әрқайсымызды өз ата-анамыздың алдындағы борышымызды ұғыну мен балаларымыздың өмiрiн одан әрi жақсарта түсуге деген ұмтылысымыз бiрiктiредi. Бүгiнгi таңда осы айқын мақсаттар бiрлiк пен топтасу үшiн нақты тұғыр болып табылады. 
      Тәуелсiздiк пен реформалардың алғашқы жылдарында бiз коммунистiк-ұжымдық негiздерден жекеше-дарашылдыққа қарай ыға бастадық. Жекеменшiк дарашылдықтың жедел дамуы құндылықтар бағдарын ауыстыруға ғана көмектесiп қоймай, этникааралық қарама-қайшылықтардың терең тамырларын қиып, олардың әлеуетiн кемiтуге де ықпал еттi. 
      Алайда, шовинизм мен ұлтшылдық әлi толық ұмытыла қойған жоқ. Мұндай процестердi қыздыра түсу әрекеттерi халықтың көпшiлiгiн қызықтырмайды, керiсiнше олардың наразылығын тудырады. Русофобия күрт кемiп, қазақ дәстүрлерi мен тiлiнiң қайта өрлеу үрдiсi табиғи құбылыс деп қабылданатын болды. Қоғам этникалық проблемаларды бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым байыппен, сындарлы және ашық талқылайтын болды. 
      Бiздiң нарыққа қарай басқан космополиттiк және интернационалдық қадамымыз этникааралық қарама-қайшылықтарды әлсiретіп, зор қызмет атқарып отыр. Еркiн нарық та мемлекеттiң бара-бар рөлiнсiз кiршiксiз емес, ол маятник сияқты құндылықтардың бiр жүйесiнен екiншi жүйесiне ауысу жылдамдығын алғаннан кейiн бiзге қажет тепе-теңдiк нүктесiнен ендiгi аттап кеткен тәрiздi. Бүгiн қарсы тұрудың жаңа полюстерi - кедейлер мен байлар арасындағы, басқарылатындар мен басқарушылар арасындағы, село мен қала арасындағы қарсылық полюстерi ашылды. 
      Бұл алшақтық жалпы қабылданған шектен тыс деген түсiнiк қоғамда пiсiп-жетілдi. Егер Қазақстан бай адамдардың шағын тобы бар мемлекет болса, өмiрге төзiмдiлiктiң төмендеуi мен iшкi-сыртқы тұрақсыздық салдарынан, жақсы дегенде, әуре-сарсаңға түседi. Бiз кедейлер мемлекетi болып көрдiк. Мемлекет ең алдымен орта таптың - фермерлердiң, "ақ жаға-көк жағалылардың", интеллигенцияның, ұсақ буржуазияның мүддесiн бiлдiруге тиiс. Кезiнде большевиктердiң осы топтардың барлығына шүйлiккенi тегiн емес. Олар капитализмнен коммунизмге өту үшiн басты соққыны қайда бағыттау керек екенiн бiлдi. Олар капиталистiк мемлекеттiң тiрегiне соққы бердi. Бiздi кулактарға, "шiрiк интеллигенцияға", Жұмысшы ақсүйектеріне, ұсақ саудагерлерге қарсы қалай тәрбиелегенiн еске түсiрейiк. Көпшiлiгiмiзде жек көрушiлiктiң орнығып қалуы осыдан емес пе екен? 
      Iшкi саяси тұрақтылық пен даму үш тапқа да: байларға, орташаларға және кедейлерге сүйенедi. Олардың барлығы да қазiрше қоғамда болады бiрақ, әрине, қалыпты өркениеттi арақатынаста болуға тиiс.  
      Қала мен село арасындағы қарым-қатынаста жiктелу айқын көрiндi. Мұнда жiктелудiң терең процесі жүрiп жатыр және бұл ретте алшақтық үнемi ұлғая түсуде. Село таяудағы он жылда, нарықтық өзгерiстерге қосымша серпiн беру және әлеуметтiк проблемаларды шешуге ерекше көпшiл бөлу, инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан басым сала болуға тиiс. 
      Бiз селодағы жұмыс күшiнiң көптеп босауына, село тұрғындарының қалаға көшуiнiң ұлғайып, урбанизация процестерiнiң дамуына әзiр болуға тиiспiз. Село бүгiн: жалақы, зейнетақы төлемеу, артта қалушылық, кедейлiк пен жұмыссыздық, әлсiз инфрақұрылым, бiлiм беру мен денсаулық сақтау, экологиялық апат сынды барлық негiзгi әлеуметтiк проблемалардың өзегiне айналды. Әйтсе де мұнда демографиялық әлеует өте жоғары. 
      Орталықтан қиындықпен "жиналған" қажеттi ресурстар қалаларда қалып қойып, селоға жетпейдi. Мұндай "жайылыңқы" саясатты доғару керек. Қысқа мерзiмде селодағы барлық өзгерiстердi аяғына жеткiзу керек, олар қуатты және нысаналы әлеуметтiк саясатпен қатар жүргiзiлуге тиiс. 
      Мұндағы бiздiң мақсаттарымыз айқын - бiз шаруалар мен село тұрғындарына өз өмiрiн көбiрек қадағалауға мүмкiндiк беруге, сондай-ақ осындай бақылауды жүзеге асыруы үшiн оларды құралдармен қамтамасыз етуге тиiспiз. 
      Бұл проблемаларды стратегиялық тұрғыдан, негiзiнен, экономикалық ілгерілеу арқылы шешуге болады. Мейлiнше бай Қазақстан әр адамға барынша көп мүмкiндiк бередi. Әлемге әйгiлi ұлы басшы айтқандай "судың көбеюi қайраңнан барлық кеменi көтередi". Бiздiң стратегиямыз ұлғайып келе жатқан ұлттық байлықтың бiр бөлiгiн әр адамның алуына мүмкiндiк беретiндей болуға тиiс.  
      Ал, қазiргi өтпелi кезеңде адамдардың көпшiлiгiне оңай болмайды, Үкiметтiң де барлық адамға бiрдей көмектесетiндей қаражаты жоқ. Бұл салада бiздiң стратегиямыз мемлекеттiк көмектi халықтың ең мұқтаж топтарына, тек соларға ғана тiкелей жiберу болып табылады. Бiрақ бүгiн бiз өз қиындықтарын өзi жеңе алатын адамдардың санын көбейтуге мұқтаж болып отырмыз. 
      Балаларымыздың болашағы мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың қандай болатыны туралы сөз қозғағанда бiз өзiмiз құратын өркениеттiң - бiздiң болашақ қоғамымыздың моделiн алдын ала бiлуге тиiспіз. Бүгiн тоталитарлық және либералды қоғам арасындағы дау жойылған кезде либералдық қоғам модельдерiнiң өзi әр түрлi болатыны және әр елдiң өзiндiк ерекшелiктерi болатындығы анықталып отыр. 
      Негiзгi айырмашылық модельдердiң екi үлгiсiнiң: ағылшын-саксон және "азиялық жолбарыстар" көрсеткен азиялық үлгілерiнiң арасында болып отыр. Бiрқатар бағыттарда ортақ сипаты бола тұра олардың арасында үлкен айырмашылықтар байқалады. Бiрiншi модельге көбiне даралық, екiншiсiне - коммунитаризм тән. Бiрiншi жағдайда мемлекеттiң шектеулі рөлi уағыздалса, екiншiсiнде мемлекеттiң жоспарлаумен белсендi түрде айналысып, жекеше сектор мен бүкiл қоғамға жетекшiлiк етуге тиiс күшейтілген рөлi уағыздалады. Бiрiншi модельде көңiл макроэкономикаға, екiншiсiнде - микроэкономикаға бөлiнедi және т.с.с. 
      Бұдан бұрын айтып өткенiмдей, бұрынғы жылдары алдымызға жедел өзгерiстердi мақсат етiп қойып, белсендi түрде ағылшын-саксон нұсқасы бойынша жүрдiк, бiрақ бүгiн бiз бұдан әрi қай жолмен жүру керек деген стратегиялық сауалға жауап табуға тиiспiз. Қоғамда бұған қатысты консенсус жоқ. Қазақстан Еуропаның кiшкентай болса да бiр бөлiгi, тарихи тұрғыдан да бiз Батыс өркениетiне ұмтыламыз дейдi бiреулер. Бiз көбiнше азиялық елмiз, сондықтан "жолбарыстардың", Жапонияның, Кореяның тәжiрибесiн ұстануға тиiспiз дейдi екiншi бiреулер. Бiз ресейлiк менталитет пен ұжымшылдық принциптерiн терең сiңiрдiк, сондықтан бiздiң таңдауымыз Ресейдiң таңдауына сай болуға тиiс дейдi үшiншiлер. Төртiншi бiреулер бiздегi халықтың басым көпшiлiгi мұсылмандар, сондықтан бiз жаңа түркi моделiн негiзге алуға тиiспiз деп дауласады. 
      Ғажабы, бұлардың барлығының айтқаны ақиқат және сонымен бiр мезгiлде олардың барлығы қателеседi. Бiз - өзiмiздiң белгiлi тарихымыз бен өзiндiк, болашағымыз бар еуразиялық елмiз. Сондықтан бiздiң моделiмiз басқа ешкiмнiң моделiне ұқсамайтын болады. Ол өз бойына әр түрлi өркениеттердiң жетiстiктерiн сiңiредi. 
      Алдымызға екiнiң бiрiн таңдап алу керек деген мәселенi қоймаймыз. Бiз екеуiн де, iс жүзiнде өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеген барлық өркениеттердiң ең соны жетiстiктерiн пайдаланып, диалектикалы боламыз. 
      Бiздiң моделiмiз қоғам дамуының әр түрлi модельдерiнiң түйiсуiн бейнелеуге тиiс. Қазақстан Конституциясына сәйкес бiз әлеуметтiк нарықтық экономика құрудамыз. Бұл - бiзге қажеттiнiң нақ өзi.
      Бiздiң моделiмiз басқа модельдердiң элементерiн сабақтастыра отырып, бiрақ негiзiнен, өзiмiздiң ерекшелiктерiмiзге, тарихымызға, жаңа азаматтығымызға және даму кезеңдерiнiң нақтылығын еске ала отырып, ұмтылыстарымызға сүйенiп, өзiмiздiң жеке даму жолымызды белгiлейтiн болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет