3-ұзақ мерзiмдi басымдық:
Шетел инвестицияларының деңгейі жоғары, дамыған нарықтық
экономикаға негізделген экономикалық өсу
Экономика неғұрлым еркін бола, соғұрлым
әлеуметтік болады
Эрхард
Біздің салауатты экономикалық өрлеу стратегиямыз мықты нарықтық экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне және айтарлықтай шетел инвестицияларын тартуға негізделеді. Ол мынадай 10 принциптен тұрады:
Мемлекеттiң белсендi рөл атқара отырып, экономикаға араласуының шектеулi болуы. Экономикалық реформалардың табысы мен олардың жекелеген учаскелерде тежелуi мемлекеттiң рөлiн қайта қарастыруды талап етедi.
Орталықтағы және жергiлiктi жерлердегi үкiмет экономикаға араласудың барлық түрiмен, дән себу, егiн жинау және басқалармен айналысуды тоқтатуға тиiс. Мемлекет жекеше сектор басты рөл атқаратын нарықтың заңды шеңберлерiн құра отырып, экономикада маңызды, бiрақ шектеулi рөл атқаруға тиiс. Яғни, меншiк құқықтарын ресiмдеуге, бәсекелес рынок пен монополияға қарсы күрестi реттеудiң сенiмдi құралдарын құруға, фискальды және монетарлық саясатты қолдауға, әлеуметтiк қорғау жүйесiн дамытуға, қажеттi инфрақұрылымды, бiлiм берудi, денсаулық сақтауды дамытуды қамтамасыз етуге және мықты экономикалық саясат жүргiзуге бағытталған құқықтық және нормативтiк база жасауды аяқтау көзделiп отыр.
Бiрақ нарық дамымаған, нарықтық кеңiстiк әкiмшiлiк жүйенiң қалдықтарына толған жерлерде мемлекет нарықты дамыту мен ол кеңiстiктi тазарту үшiн араласуға тиiс. Экономиканың өзi тұрақсыз дамудың аралық кезеңiнде тұрғанда, мемлекеттiң реттеушi рөлi мен араласуы бара-бар болуға тиiс.
Жаңа әлемдiк экономикалық үлгiлерге сай болу үшiн бiз мемлекеттiк басқарудың тиiмдiлiгi мен сапасын едәуiр көтеруге, жекеше сектор мен ұлттық капиталға жәрдемдесуге, оларды ынталандыруға және олардың белсендiлiгiн арттыруға тиiспiз.
Осымен бiр мезгiлде мемлекеттiң өзi еркiн экономиканың кепiлi болуы керек. Оның мiндетi нарық ережелерiн белгiлеу, бұл ретте әдiл әрi зайыпты iс-қимыл жасай отырып, ол ережелердiң орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.
Бiз - саналы да жiгерлi халықпыз. Егер ойын ережелерi айқын белгiленiп, олардың орындалуы объективтi негiзде қамтамасыз етiлсе, онда Қазақстан азаматтарының нарықтық экономикаға тез бейiмделетiнiне менде күмән болмайды.
Дамыған рыноктарда мемлекет рөлiнiң шектеулi болатынына қарап, ол еркi мен қайратынан айрылып, енжар байқаушыға айналады деген түсiнiк тумауға тиiс. Керiсiнше, ол заңдардың орындалуы үшiн өте күштi, конъюнктураның өзгерiстерiне даяр болу үшiн құзыреттi, әлемдiк және отандық рыноктарды бiлетiн, босаң және шашыраңқы болмау үшiн өз жұмысын белсендi жоспарлайтын болуға тиiс. Ол халықтың әр түрлi топтарының мүдделерiн анықтауға, даму басымдықтарын айқындауға, жекеше сектормен тығыз ынтымақтастықта болуға және сол арқылы қоғамды бiрiктiре, берiктете түсуге тиiс.
Ал бүгiн мемлекет қажетсiз жерлерде зор әкiмшiлiк билiкке ие болып, керiсiнше, рөлi жоғары болуға тиiстi жерлерде енжар қалып отыр. Алайда, iстiң мұндай күйi бiздiң дамуымызға кедергi болып отырғаны барған сайын айқын көрiнiп келедi.
Екiншi жағынан алып қарағанда, салықтар мен баждарды толық ала алмай, жалақы мен зейнетақыны уақытында төлемей отырып, заңдар мен жарлықтар көбiнесе орындалмай отырғанда өзiмiздi күштi мемлекет деп санай аламыз ба? Осыған байланысты саналы салық төлеушiлер мен кәсiпорындардың адал иелерi, сондай-ақ халықтың аз қорғалған жiктерi үнемi зиян шегiп отырады. Ал кәсiпорындардың оспадарсыз басшылары мен салық төлемейтiндер алшаң басуда.
Бұл проблемаларды шешудiң стратегиясы белгілi. Бiз:
- Үкiметтiң әлi де орын алып отырған сауда мен өндiрiске әкiмгершiлiк араласуын жоюға;
- жылжымайтын мүлікті, қалған ұсақ және орта кәсiпорындар мен агроөнеркәсiп кешенiн қоса алғанда, жекешелендiру процесiн аяқтауға;
- орталық үкiметтi және жергiлiктi өкiмет орындарын парасатты ұйымдастыру мен оңтайландыруға, олардың рөлiн, өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн байсалды ой елегiнен өткiзуге;
- сот билiгi мен құқық қорғау органдарын реформалауды жандандыра түсуге;
- заңның шексiз үстемдiгiн белгiлеуге және заңды орындайтын азаматтарды қылмыстан қорғауға тиiспiз. Бұған керiсiнше, билiк пен заңның бар күшiн заңсыз жолмен, шалқып өмiр сүретiндерге қарсы қолдану керек.
Соңғы үш жылдың iшiнде бiздiң экономикалық стратегиямыз макроэкономиканы тұрақтандыру болды, бұл мемлекеттiк бюджеттiң тапшылығын қысқарту мен қатал монетарлық және несие саясатын дәйектi жүргiзудi бiлдiредi. Бүгiн бiз осы мәселенi шешуге бұрынғыдан да жақын тұрмыз. Бiрақ бүгiнгi табыстарымыз тоқмейiлсуге негiз бола алмайды.
Егер елдегi инфляция шектен асып кетсе, ұлттық валютаның бағамы экономиканың жалпы жағдайы мен бiздiң стратегиялық ұмтылыстарымызға сай келмесе, ал өсiм ставкалары нақты сектор үшiн жоғары болып, оған қол жеткiзу мүмкiн болмай қалса немесе нақты сипатында терiс болып отырса, бiз алға қойған мақсаттарды iске асыра алмаймыз.
Халықаралық тәжiрибенiң сабақтары айқын. Экономикалық жоғары табыстарға қол жеткiзген кез келген ел жедел экономикалық өрлеудiң алдындағы кезеңде жоғары инфляцияны жою жөнiнде барлық шараларды мiндеттi түрде қолданған және кейiн макроэкономикалық көрсеткiштердi белгiленген шекте ұстап тұруды қатаң қадағалаған. Бұл жолдан ауытқығандар сәтсiздiкке ұшырады.
Бiрiншi Азиялық Барыс болу үшiн бiздiң басымдықтарымыздың қатарына макроэкономикалық көрсеткiштер саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжiрибе енгiзілуге тиiс.
Ол - инфляция мен бюджет тапшылығының төмен болуын, ұлттық валютаның күшеюiн, жинақтау нормасының жоғары болуын көздейдi. Бұл рецепт Жапонияда, Кореяда, Индонезияда, Тайвань мен Чилиде iске асты. Қазақстанда да iске асады.
Бiздiң алдымызға не инфляция, не экономикалық өрлеу деген таңдау қойылған жоқ және қойылмайды да. Түпкiлiктi мақсат экономикалық өрлеу екенiн және макротұрақтандыру осы мақсатқа жетудiң құралы ғана екенiн бiз назарда ұстауға тиiспiз. Әрине, басқа процестерге қарағанда қаржылық тұрақтанудың көптеген әлеуметтiк топтардың жағдайын қиындатқаны белгiлi. Бiрақ жүйелi және құрылымдық қайта құру жағдайында басқаша болуы мүмкiн де емес едi. Нарық - қатаң қаржылық жауапкершiлiкке толы демократия. Халықтың көпшiлiгi мұны ендi түсiндi. Әрине, макротұрақтандыруға ауыр тоқырау мен ақшаның жетiспеуi iлесе жүрдi. Бiрақ нақты секторды құрылымдық қайта құру жүрiп жатыр, ендi таяу арада ақша және тауар массасы қажеттi сәйкестiкке жетедi.
Уақыты келгенде өмiр мен жұмыстың қиын кезеңiнде шыныққан адамдар да бұл дағдарыстан шығады. "Таршылықты көрмеген кеңшiлiктiң парқын бiлмейдi" дейдi қазақ мақалы.
Инфляцияны қолайлы деңгейге түсiре отырып, бiз стратегиялық күштi экономикалық iлгерілеуге бағыттаймыз. Бiрақ экономикалық, тiптi жалпымемлекеттiк стратегия монетарлық саясатқа сай келмейдi, сондықтан бiз бүгiн неғұрлым кең және бара-бар мүмкiндiкке иемiз. Бұл орайда, таяудағы жылдарда бiз назарымызды экономиканың нақты секторына, оны сауықтыруға, фискальды және монетарлық қатаң шектеулер жағдайындағы өсу мен күштi әлеуметтiк саясатқа аударамыз.
Ұзақ мерзiмдi болашақтағы макротұрақтандыру туралы әңгiме болғанда бiз осы салада пайда болатын қауiптi болдырмауға әзiр болуға тиiспiз. Пайдалы қазбаларымызды игеруге және экономиканың жекелеген секторларындағы үмiт артып отырған экспорттың ұлғаюы біздің валютамыздың бағамын едәуiр қиындыққа ұшыратып, оны көтеріп жiберуi мүмкiн. Ал мұның өзi басқа салаларды, ең алдымен экспорт және қайта өңдеушi салаларды "жоғалту" қаупiн төндiредi.
Сондықтан валюталық нақты ақша ағымының бiр бөлiгiн импортты кең қолданбастан игере бiлуiмiз керек. Бiрақ адам санының аз болуына және қазiрше халықтың сатып алу қабiлетiнiң төмен болуына байланысты Қазақстанның iшкi рыногы өте шағын. Сондықтан дүниежүзiлiк тәжiрибенi және инвестициялар нарығындағы жұмыс iстеп тұрған тетiктердi мұқият зерттеп алып, шетелдегi қаржы инвестицияларының стратегиясын алдын ала әзiрлеу керек.
Бiз аяқтаған бағаны ырықтандыруға ендi күмән келтiрiлмейдi және өзгерiс болмайды.
Жеке меншiк институттары жерге деген құқықтың, сондай-ақ меншiк құқықтарын және келiсiм-шарттардың орындалуын қорғайтын заң жүйесiн құрудың есебiнен нығайтылады.
Кәсiпорындарды жекешелендiру негiзiнен аяқталды. Ендi оны, ең алдымен аграрлық кешен мен әлеуметтiк салада түпкiлiктi аяқтау және акциялардың айналымы процесiн дәл реттеу керек. Стратегиялық сипаттағы кәсiпорындардағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерi орынды пайдаланылатын болады.
Ырықтандыру жолында бiз үлкен жетiстiктерге жеттiк, бiрақ ауыл шаруашылығында, өндiрiстiң бiрқатар салалары мен әлеуметтiк секторда нарықтық қатынастар төмен деңгейде қалып отыр. Өндiрiстiк сектор бүтiндей дерлiк меншiк иелерi алдында есеп бермейтiн немесе есеп бергенситiн олақ және, жемқор басшылардың iс-әрекетiнен туған төлем жүйесi дағдарысынан зардап шегiп отыр.
Көптеген iрi рыноктар арасындағы байланыстырушы буын ретiндегi бiздiң жағдайымыз ашық экономика мен еркiн сауда құруды талап етедi.
Тұйықтық пен өз рыногын оқшаулау әрекетiнен гөрi мұндай саясат елдер мен құрлықтар арасын әлдеқайда жылдам жалғайды.
Бiздiң ұлттық капиталымыз кiшкентайынан бастап шынығып, өз рыноктарында күресуге даяр болуға тиiс. Бұл өте күрделi мiндет, бiрақ онсыз ол ертең сыртқы рыноктарда жеңiп шыға алмайды. Бiрақ қазiр ол жас әрi әлсiз болып тұрғанда, жаңадан тәй-тәй басып келе жатқанда қорғансыз жағдайда түр, мемлекет оны қанатының астына алып, жылдам аяғына нық тұруына көмектеседi.
Iшкi рыноктары шағын бола тұрып аса биiк экономикалық нәтижелерге қол жеткiзген елдердi өзiн-өзi оқшаулау жолын таңдап алған елдермен салыстыру, жабық рыноктары, шектен тыс мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ шаруашылық жағынан даралануға қол жеткiзу әрекеттерi қысқа мерзiмдi экономикалық табыстарға алып келгенмен, түбiнде сәтсiздiкке ұрындырары бiзге мысал болып отыр.
Өзiмiздiң энергетикалық және өзге де табиғи ресурстарымызды игеру жалғаса бередi. Оның мақсаты - экспорттан экономикалық өрлеумен қатар елдiң саяси тұрақтылығына, сондай-ақ оның ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн табыс алу.
Шетел инвестицияларын тиiсiнше қорғауды және пайданы керi қайтарып алу мүмкiндiктерi бұрынғысынша назарда бiрiншi кезектегi мәселелер қатарында ұсталады. Экономиканың бiрнеше секторы бар: табиғи ресурстарды игеру, инфрақұрылым, коммуникациялар және ақпарат, елiмiз үшiн бұлар тұрақты маңызға ие. Осы салаларды дамыту экономикалық өрлеуге ғана емес, әлеуметтiк салаға да, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа кiрiгуiне ықпал етедi. Бұлар капиталды қажет ететiн салалар, оларды дамыту үшiн шетел капиталымен қатар мемлекеттiң қатаң стратегиялық бақылауы қажет. Бiрақ тiптi Адам Смиттiң де мойындағанындай, жекеше секторды қызықтырмайтын кейбiр қоғамдық мұқтаждар да бар. Мұндай жағдайларда және осы мұқтаждарды қамтамасыз етудегi соңғы шара ретiнде мемлекет оны өз мойнына алады.
Аймақаралық iрi көлiк орталығы ретiндегi бiздiң бағытымыз шетел инвестицияларының неғұрлым бәтуәгер режимiн орнатуды талап етедi. Тек осылайша ғана бiз қаржы мен бiлiмнiң қажеттi ағынын тартып, өз мүмкiндiктерiмiздi және шетелдермен тұрақты сауда айырбасын дамыта аламыз.
Әдiл әкiмшiлiк бұлжытпай орындайтын, анық тиiмдi және қатаң ұстанатын заңдары бар ашық және бәтуәгерлiк инвестициялық саясат шетел инвестицияларын тартудың барынша қуатты ынталандыру тетiгi болып табылады. Мұндай саясатты талдап жасау бiздiң негiзгi мiндеттерiмiздiң бiрi болуға тиiс, өйткенi Қазақстанның шетел капиталынсыз, Технологиясынсыз және тәжiрибесiнсiз жедел экономикалық өрлеу мен жаңартуға қалай қол жеткiзетiнiн көз алдымызға келтiру қиын.
Бiздiң инвестициялық ахуалымыз неғұрлым қолайлы, ал Қазақстан тартылған шетел инвестицияларының көлемi мен сапасы бойынша басты орынға шығуы үшiн бiзге саяси ерiк-жiгер мен нақты iс-қимыл қажет. Әлемге әйгiлi инвесторларды мүмкiндiгiнше көптеп тарту үшiн бiз қажеттi тетiктердi пайдалануда асқан шеберлiк танытуға да тиiспiз.
Сондықтан да мен өз Жарлығыммен Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттi құрып, оған тiкелей инвестицияларды қорғаудағы саясатымызды iске асыру құқығы бар Қазақстандағы бiрден-бiр мемлекеттiк орган мәртебесiн бердiм. Шетелдiң күрделi қаржылары соңындағы қуғынның ұзаққа созылатынын әрi ешқашан бiтпейтiнiн есте ұстау керек. Бұл бәйгеде бiздiң артта қалуға хақымыз жоқ.
Қазақстан үшiн индустриялы технологиялық стратегияны қалыптастыру қажеттiлiгi дүниежүзiлiк тәжiрибеден туындап отыр. Дамушы елдердiң барлығы дерлiк еңбектi қажет ететiн өндiрiстен капиталды, технология мен ғылымды қажет ететiн өндiрiстерге дейiнгi жолдан өттi. Өндiрiстiң инерциялық және ауыр құрылымын құлашты бiр сермеп түзетуге болмайды. Дүниежүзiлiк тәжiрибе жалпы ұлттық өнiмде ауыл шаруашылығының, өндiрушi өнеркәсiптiң үлесiн ұдайы кемiту және, керiсiнше, өңдеушi өндiрiстiң, ең алдымен - ғылымды қажет ететiн, қосылған құны жоғары өндiрiстердi, сондай-ақ қызмет көрсету саласының үлесiн ұлғайтуға саятын белгiлi бiр дәйектiлiктiң қажеттiгiн көрсетiп отыр.
Қолайлы жағдай туғанда елiмiздiң тiрек саласы болып табылатын мұнай-газ өндiру саласының, сондай-ақ бүкiл өндiрушi өнеркәсiптiң көлемi айтарлықтай артады деп санауға жеткiлiктi негiзiмiз бар.
Бұл - өз құрылымдық саясатымызды құруда басшылыққа алуымызға тиiс бағдар болады. Бұл ретте бiздiң индустриялық стратегиямыз жекелеген кәсiпорындарды қозғамайды. Бiз мемлекеттiк саясат тетiктерiн Қазақстанға қолайлы салаларды дамытуға жәрдемдесетiндей етiп пайдаланатын боламыз.
Тек шикiзатқа бағдарланған ел болып қалмау үшiн бiз жеңiл және тамақ өнеркәсiбiн, инфрақұрылымды, мұнай мен газ өңдеудi, химия мен мұнай-химиясын, мәшине жасаудың жекелеген шағын салаларын, ғылымды қажет ететiн түпкiлiктi өндiрiстердi, қызмет көрсету саласын, туризмдi бұрынғыдан да iлгерi қарқынмен дамытуға тиiспiз.
Тұрақты өрлеудi қамтамасыз етуге бiзге өндiрiстi диверсификациялау көмектеседi. Қазiрге бәтуәгер импорт кезiндегi қатаң бәсекелестiк жағдайында өндiрiстер мен бүтiндей салалардың нарыққа бейiмделу процесi жүрiп жатқан кезде, бiздiң шикiзаттан басқа өнiмдерiмiз бәсекеге түсе алмайтын кезде бiз өндiрiстiң ауыр шикiзаттық құрылымына қарай құлдырай беремiз, ал бүкiл өркениеттi және дамушы әлем бұған тiкелей қарама-қарсы бағытта жүрiп барады. Өндiрiстiң құлдырауы мен оның керiтартпа құрылымы бұдан былай есепке алмауға болмайтын екi есе қауiптi фактор болып табылады. Егер еркiн рынок шын мәнiнде еркiн болса, ол елде жаңа өндiрiстер туғызады. Бiздiң мiндетiмiз Қазақстанды дүниежүзілiк қауымдастық алдында инвестициялар үшiн тартымды жер ретiнде көрсетiп, неғұрлым маңызды салаларға инвесторларды пәрмендi тарту болып табылады.
Бiрақ әзiрге тек рыноктың күшiне ғана сенуге болмайды. Үкiмет диверсификацияның пәрмендi индустриялық саясатына кiрiсiп, назарды макродеңгейден микродеңгейге аударуға тиiс.
2010 жылға дейiнгi бастапқы кезеңде өз мүмкiндiктерi мен бәсекелестiк қабiлетi тұрғысынан келешегi бар еңбектi қажет ететiн салаларға көңiл бөлу керек. Бұл, басымдық тәртiбiмен айтар болсақ - ауыл шаруашылығы, орман және ағаш өңдеу өнеркәсiбi, жеңiл және тамақ өнеркәсiбi, туризм, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылым жасау. Осы салаларды дамыту арқылы бiз экономиканың құрылымдық мәселелерiн ғана емес, жұмыспен қамту және кедейлік мәселелерін де шешеміз, бұл қазіргі уақытта ерекше маңызды нәрсе.
Экономикалық өрлеуден еліміздің дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін баршамыз түсінеміз. Қарқынды экономика болмайынша біз мектептер мен ауруханаларды қаржыландыра алмаймыз, қоғамды жемқорлық пен қылмыскерліктен қорғай алмаймыз. Сондықтан бұл басымдық бүгін де, ертең де және алдағы отыз жылдың ішінде де ең маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді.
4-ұзақ мерзімді басымдық:
Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты
Тазалық - саулық негізі, саулық байлық негізі
Қазақтың халық мақалы
Экономикалық iлгерiлеу бiздiң азаматтарымыздың игiлiгiне өздiгiнен кепiлдiк бере алмайды. Гүлденген экономика жағдайында-ақ өз денсаулығын дұрыс күтпеуiнiң және қоршаған ортаның ластануы салдарынан науқас адамдардың саны жылдан-жылға өсiп отырғанын көзге елестету қиын емес. Қоғамымызды құруымызға қарай азаматтарымыздың өз өмiрiнiң аяғына дейiн сау болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшiн күш салу керек. Бұл мақсатты iске асырудағы бiздiң стратегиямыз мынадай құрамдас бөлiктерден тұрады:
Ауруды болдырмау және салауатты өмiр салтын ынталандыру. Мемлекеттiң, бiр жағынан, ауруды болдырмау, екiншi жағынан, салауатты өмiр салтын ынталандыру жөнiндегi қадамдары халықтың денсаулығына әсер ететiн маңызды фактор екенiн әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отыр. Аурулардың алдын алу дегенiмiз таза су мен кенеулi асты пайдалануды, тазарту жүйелерiнiң болуын, қоршаған ортаны ластайтын және экологиялық зиян келтiретiн объектiлердi қысқартуды, басқа да қауiптi факторларды төмендету жөнiндегi осыған ұқсас шараларды бiлдiредi.
Салауатты өмiр салтын ынталандыру әрқайсымыздың дене тәрбиесiмен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, есiрткiлердi, темекi мен алкогольдi тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т.с.с. бағытталған.
Жеткiлiктi құралдар болмай тұрған жағдайда ауруларға қарсы күрес пен денсаулықты нығайту жөнiндегi бiздiң стратегиямыз азаматтарымызды салауатты өмiр салтына әзiрлеуден басталады. Салауатты өмiр салты мен дұрыс тамақтануды, тазалық пен санитария ережелерiн насихаттайтын пәрмендi ақпараттық iс-шаралар жүргiзiлуi қажет. Ол мыналарды қамтуға тиiс:
Нашақорлық пен наркобизнеске қарсы күрес. Есiрткiнi әкелу мен таратуға қолданылатын жазаны қатайту және осыған байланысты бiрқатар елдердегiдей, оның iшiнде Малайзия мен Сингапурдегiдей өлiм жазасын енгiзу керек пе деген мәселенi қоғамның талқысына шығару керек. Есiрткi - өте ерекше және түпке жететiн сала, сондықтан бұл жерде адамгершiлiк принциптерiнiң қандай дәрежеде қолданылуы үлкен мәселе. Таразының бiр басында оны әкелiп, тарататын адамның өмiрi тұрса, екiншi басында соның "көмегiмен" қор болған есiрткi тұтынушылардың ғұмыры тұр.
Темекi мен алкогольдi тұтынуды қысқарту. Алкоголь мен темекiнiң адам өмiрiне зиянды екенi дәлелдеудi қажет етпейдi. Халықаралық тәжiрибе бұл салада мемлекеттiк саясатты жүргiзудiң алкоголь мен темекiге салық енгiзу, сондай-ақ маскүнемдiктен емделуге арнайы салық салудан бастап, бiрнеше сабағын ұсынып отыр. Бiз бұл мәселеде байыпты саясат жүргiзуiмiз керек. Контрабанданың ағыны мен қылмыскерлiктiң өсуi сияқты керi нәтижеге душар болмас үшiн бұл арада барлығын салмақтап, бiрнеше қайтара есептеп шығу керек. Бастапқы кезде алкоголь мен темекiнi жарнамалауға барлық жерде және түпкiлiктi тыйым салынуға тиiс. Шылым шегу терең ойластырылып, асыра сiлтеушiлiкке ұрынбай, бiртiндеп қоғамдық орындардан ығыстырылуы қажет. Мұны басқаларға үлгi болу үшiн мемлекеттiк үйлер мен мекемелерден бастау керек. Жалпы, адамдар нелiктен өз денсаулықтарын құртып, оны улайтындарға төзiммен қарауға тиiс? Мен барлықтарыңызды шылым шегушiлерге ымырасыз болуға шақырамын.
Қоғамдық сана мен мораль алкогольге барынша қарсы болуға тиiс. Мемлекет бұл сезiмдi тәрбиелеуге тиiс. Кеңес өкiметi жылдарында арақ бiздiң тұрмысымызға, әдетiмiзге, дәстүрiмiзге тереңдеп ендi. Ол ауылдық жерлерде де адам өмiрiнiң ажырамас бөлiгi болып алды. Бүгiн көпшiлiк қиыншылыққа тап боп, күйзелiске түскенде iшкiлiкке салыну артып отыр.
Көптеген елдер бұл кеселге тыйым салғанмен, табысқа жете алмады. Осыған қарамастан кейбiр елдер ұтымды ақпараттық және түсiндiру саясатын жүргiзу, мәдениет пен бiлiм арқылы едәуiр табыстарға қол жеткiздi. Өнеркәсiбi дамыған елдерде iшiмдiктi пайдаланушылар мен темекi тартушылардың саны кеми түсуде, өйткенi кәсiпкерлiк - денсаулығы мықты жандардың үлесi. Өмiр салтын терiс әдеттерден спортқа көшiру тиiмдi жолдардың бiрi болып табылады.
Әйел мен баланың денсаулығын жақсарту. Ана мен баланың денсаулығын қорғау бiздiң мемлекетiмiздiң, денсаулық сақтау органдарының, жұртшылықтың тiкелей назарында болуға тиiс. Уақыт өтiп, қазына кiрiсi өскенде мемлекет үшiн де, отбасын қолдауға тиiмдi демографиялық саясат үшiн де қолайлы нысанда аналар мен балаларға мемлекеттiк қолдау көрсетуге қаражат табамыз. Бiз бұрынғы уақыттан берi және қиындықтарға қарамастан бүгiн де осындай көмектi көрсетiп келемiз. Мен балалы болғысы келмейтiндерге салық енгiзу туралы ұсынысты көпшiлiк талқысына саламын. Одан түскен қаржыны көп балалы отбасыларды қолдауға жұмсар едiк.
Бiзге жергiлiктi деңгейде де отбасын, әйелдiң жүктi кезiн және балаларды тәрбиелеудi қолдаудың жаңа жолдарын табу керек. Неке мен отбасы институтын нығайтудың жолдарын мұқият талдау, жалғызбасты аналар проблемасын шешу керек. Егер бiз адамгершiлiгi жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бiр-бiрiнiң алдындағы, ал ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершiлiгiн күшейтуге тиiспiз. Ата-аналар балаларына, ал балалар өздерiнiң қартайған ата-аналарына қамқор болғанда, әйел отбасы мен қоғамда құрметке ие болғанда - елiмiз үшiн алаңдамауға да болады. Бұл ұсыныстар Қазақстан халқына қашанда тән болған, оларды жандандырып, жан-жақты қорғау қажет. Жұртшылық мұнда дұрыс шешiмдi көрсетiп, ол отбасы туралы заңда бейнеленуге тиiс.
Салауатты тұрмыс құрып, сол арқылы балаларына үлгi көрсетiп отырған ата-аналарды айрықша атап көрсету қажет. Мен компаниялар мен жұмыс берушiлерге осы тұрғыдан көтермелеудiң тиiстi нысандарын iздестiрудi ұсынар едiм.
Елiмiзде жыл сайын 200 мың аборт жасалады. Қоғамда абортқа тыйым салу керек пе, жоқ па деген мәселе пiкiрталасына түсуi керек. Мұндай өте нәзiк мәселеде де, басқа мәселелерде де мен көпшiлiктi қолдаймын. Қандай жағдайда да, әйелдiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрмейтiн отбасын жоспарлаудың өркениеттi жолына түсуiмiз керек.
Жас шамасына қарай жүргiзiлетiн саясатта бiз жастар мен жеткiншек ұрпаққа, сондай-ақ жас отбасыларға көңiл бөлудi күшейтуге тиiспiз.
Тамақтануды, қоршаған орта мен экологияның тазалығын жақсарту.
Экологиялық нашар ахуал бүгiнде адам өлiмiнiң 20 процентiне себеп болып отыр, ал кейбiр аймақтарда жағдай мұнан да қиын. Отандастарымыздың үштен бiрi сапасыз ауыз-суды пайдаланады. Жеткiлiктi және дұрыс тамақтанбау да терiс демографиялық салдарға әкеп соғады.
Сондықтан бiздiң әрқайсымыз тамақтану мен ауызсуға ерекше көңiл бөлуге тиiспiз. Бiздiң мамандарымыз қалай дұрыс тамақтану керек екенiн, табыс дәрежесiне қарай өз рационын қалай құру керек екенiн қазiргi заманғы жеке басының тазалығы ережелерiн орындауды, сапасы төмен ауызсудың зиянын қалай тигiзбеудi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіруден жалықпауы керек. Экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мен стандарттау органдары қойылған мақсаттардың басымдығына сәйкес жұмыс жүргізуге тиіс. Кез келген сапасыз тамақ өнімдерін өткізушілер мен жасап шығарушыларға, табиғи ортаны ластаушылардың бәріне берік және қат-қабат тосқауыл қойылуы қажет .
Мемлекеттік ведомстволардың басшылары осының бәрінде де үлгі көрсетуге тиіс. Сонымен қатар дінбасылар мен қоғамның басқа да құрметті адамдарын осы процеске қосылуға шақырамын. Бұл - маңызы зор мәселелер. Адамдардың денсаулығы мен оны мыңдаған отандастарымыздың өмірі осы шараларға тікелей байланысты.
5-ұзақ мерзімді басымдық:
Энергетика ресурстары
Байлық - байлыққа ие болуда емес, оны
ұқсата білуде.
Сервантес
Қазақстан табиғи ресурстардың, әсiресе энергетика ресурстарының орасан зор қорына ие. Бiздiң елiмiздiң аумағында, бағам бойынша мұнайлы алғашқы он елдiң қатарына қосарлық мұнай мен газ кен орындары бар. Сонымен қатар Қазақстанда көмiрдiң, уранның, алтынның және басқа да бағалы минералдардың мол қоры бар.
Соған қарамастан, бiз көп жылдар бойы өзiмiздiң iшкi қажетiмiздi қамтамасыз ете алмай келемiз. Бұл - кеңестер кезеңiнде жасалған бөлiс жүйесi, сондай-ақ өзiмiзде қажеттi инфрақұрылым болмауының салдары.
Сайып келгенде халықаралық рынокқа мұнай мен газ экспорттау үшiн қажеттi коммуникациялардың болмауы дамуымыздың жоспарларын жүзеге асыруға керектi қаражат алатын мүмкiндiгiмiздi барынша шектеп отыр.
Энергетикалық ресурстарды пайдалану стратегиясы мынадай элементтердi қамтиды:
Бiрiншiсi, бiз өз қорларымызды жедел әрi тиiмдi пайдалану үшiн үздiк халықаралық технологиялар, ноу-хау, iрi капиталдар тарту мақсатымен басты халықаралық мұнай компанияларымен ұзақ мерзiмдi әрiптестiкке барамыз. Бiз қазiрдiң өзiнде бiрсыпыра iрi контракттарға қол қойдық, ал басқа контракттар әзiрлену үстiнде.
Бiз ұзақ мерзiмдi келешекке өзiмiзге мiндеттерi сәйкес келетiн әрiптестер iздеймiз. Контракттарда бiз Қазақстанның мүддесiн, экологиясын, өз адамдарымыздың жұмыспен қамтылуы мен даярлануын, әлеуметтiк мiндеттердi шешу қажеттiгiн қатаң әрi парасат тұрғысынан көздестiретiн боламыз.
Өзiмiздiң табиғи ресурстарды пайдалануда бiз үздiк әлемдiк практикаға сәйкес келетiн және Қазақстанның мүдделерiне жауап беретiн орнықты келiсiмдерге мүдделiмiз.
Бiздiң кiрiстерiмiздiң тұрақтылығы және контракттарымыздың әдiлеттiлiгi, сондай-ақ әлемдiк қауымдастықтың қолдауының кепiлдiгi, мiне, осында жатыр.
Бiздiң стратегиямыздың екiншi бөлiгi - мұнай мен газ экспорты үшiн құбыр арналарының жүйесiн құру. Тәуелсiз экспорт арналары көп болғанда ғана бiз көршiмiздiң бiрiне тәуелдi болудан және келесi тұтынушыға баға жөнiнен кiрiптар болудан құтыламыз.
Үшiншiсi. Отын ресурстарын пайдалану жөнiндегi бiздiң стратегиямыз әлемдiк қауымдастықтың iрi елдерiнiң мүддесiн Қазақстанға, оның әлемдiк отын өндiрушi ретiндегi рөлiне бағыттау. Бұл ретте бiздің мұнай-газ бизнесiмiздi инвестициялауға тиiс компаниялар мен елдер АҚШ-ты, Ресейдi, Қытайды, Жапонияны және Батыс Еуропаның мемлекеттерiн қамтиды. Бұл елдер мен компаниялардың бiздiң ресурстарымызды тұрақты және тұрлаулы негiзде экспорттауға деген экономикалық мүдделерi Қазақстанның тәуелсiз және қарыштап дамуына жәрдемдесетiн болады.
Төртiншiден, шетел инвестицияларын тарту арқылы бiз iшкi энергетика инфрақұрылымын құру мен дамытуды, iшкi қажеттiлiк пен тәуелсiз бәсекелестiк проблемаларын шешетiн боламыз.
Ақыр соңында, бесiншiден, бұл стратегия осы ресурстардан түсетiн келешек кiрiстердi барынша үнемшiлдiкпен пайдалануды көздейдi.
Бiз өзiмiздiң стратегиялық ресурстарымызға қатаң бақылау қоюға, үнемшiл болуға әрi қаражатты ұқыпты жұмсап, олардың бiр бөлiгiн өзiмiздiң болашақ ұрпақтарымыз үшiн жинақтауға тиiспiз.
Достарыңызбен бөлісу: |