Аттайды, басқа



бет4/4
Дата03.07.2016
өлшемі295 Kb.
#175019
1   2   3   4

6-ұзақ мерзiмдi басымдық:

Инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс

Адамға абырой әперетiн үш iс бар:
құмда қазылған құдық, өзенге салынған көпiр,
жол жағасына отырғызылған саялы ағаш
Шығыс мақалы

      Тарихи тұрғыдан алғанда, елiмiздiң аумағы арқылы Шығыстан Батысқа және керi қарай көлiк легi тоқтаусыз өтiп жатты, ал олардың жылжу жиiлiгi бүгiнгi күнi де саябырситын емес. Қазақстанның мiндетi отандық көлiк-коммуникация кешенiнiң бәсекелестiк қабiлетiн және аумағымыз арқылы өтетiн сауда легiнiң ұлғайтылуын қамтамасыз етуде жатыр. 


      Белгiлi бiр дәрежеде бұл сала бiршама дамыған, ал ұзақ мерзiмдiк келешекте жан-жақты өсу стратегиясына iлесуге тиiс, мұның өзi ұлттық рынокты жан-жақты жетiлдiруге және бiздiң көлiк және коммуникациялық қызметiмiзге ден қоятын жаңа рыноктар iздеуге саяды. Бұл стратегия автомобиль жасау, туризм, қызмет жүйесi, жол және күрделi құрылыс салаларын барған сайын дамыта беруге және отандық өнiмнiң өзiндiк құнындағы көлiк шығасысын кемiтуге жәрдемдесетiн болады. 

 Темір жол көлігі

      Аумағымыздың ауқымын және экономикамыздың шикiзаттық бағдарын ескерсек, Қазақстанда жүк тасымалының негiзгi көлемi темiр жол арқылы жүзеге асырылатын болады. Көлiктiң осы түрiнiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердi iске асыру үшiн басымдықтар ретiнде мыналарды атау керек:  
      - Халықаралық көлiк және сауда байланыстарын, сондай-ақ Трансазия магистралi бойынша транзиттiк жүк тасқынын қамтамасыз ететiн негiзгi темiр жол бағыттарын жаңарту;  
      - Достық стансасын дамыту мен Достық - Ақтоғай учаскесiн нығайтуды аяқтап, оның өткiзiм қабiлетiн жылына 10 млн. тонна жүк тасымалына дейiн жеткiзу; 
      - Жүк жинақталатын аудандарда көп модульды терминалдар ұйымдастыруға кiрiсу, сол арқылы көлiктiң сан түрлерiнiң технологиялық бірлiгiн қамтамасыз ететiн контейнерлiк және бумалық тасымалды қолдана бастау; 
      - Барлық көлiктiк-коммуникациялық монополияларды батыл қайта құрылымдауды жүзеге асыру, оларды бейiнi сәйкес келмейтiн кәсiпорындардан арылту. 

 Автомобиль жолдары және автокөлік

      - Автомобиль жолдарын шапшаң аралықтар құру арқылы халықаралық тасымалды қамтамасыз ететiн бағыттарда дамыту;  
      - Жекеменшiк автомагистральдар салу, қазiргi барларын жекешелендiру мен концессияға беру жөнiндегi жұмыстарды бастау. Оларға осы заманғы халықаралық талаптар деңгейiнде қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ету; 
      - Ауылдық жерлердегi автожолдардың желiсiн басымдық тәртiбiмен дамыту және ұзақ мерзiмдi келешекте олардың қатқыл табанды жолға көшiрiлуiне жету, автомагистральдар мен көпiр конструкцияларының өткiзiм қабiлетiн жақсарту. 

 Әуе көлігі

      - Авиацияда тәртiп орнату және ұшақтар паркiн лизинг пен жоғары сыныпты ұшақтардың белгiлi бiр көлемiн сатып алу есебiнен толықтыру;  
      - Әуежайларды қайта жаңартуды қолға алу, қызмет көрсету мен сервистi қамтамасыз ету деңгейiн халықаралық стандарттарға дейiн жеткiзу; 
      - Қазақстан арқылы өтетiн транзиттiк әуе желiлерiн дамыту мақсатында әуе қозғалысын басқару жүйесiн қайта ұйымдастыру. 

 Су көлігі

      - "Ақтау" айлағын қайта жаңарту және флотты "өзен - теңiз" түрiндегi кемелермен толықтыру үшiн шетел инвестицияларын тарту; 
      - Өзен пароходстволарының жұмысын, әсiресе, жүк және жолаушы тасымалындағы өзiндiк құны төмен кемелердi iске қосып, олардың жұмысын жандандыру. 

 Байланыс және телекоммуникациялар желілері

      Телекоммуникациялар нарықтық тетіктер қызметін ақпарат алуды кеңейту мен олардың берілуін жүзеге асыру арқылы қуаттап отырады. 
      Телефондар, факстар мен электрондық почта - осы заманғы бизнесті дамытудың өмірлік маңызды әрі объективті тұрғыдан қажетті шарты.  
      Ақпараттық технологиялар, оның басқа түрлерімен салыстырғанда, өз мәнісі жағынан неғұрлым "көпшіл" әрі икемді бола отырып, бизнесті, экспорттық қызметті дамытуға және экономиканы орталықсыздандыруға барынша жәрдемдеседі. Олар ұлттық экономикаларды шоғырландырады және аймақтың ауқымын кеңейте отырып, әлемдік экономикалық байланыстарды нығайтады.  
      Сонымен қатар телекоммуникациялар жаңа жұмыс орындарын бере отырып, ауылдық және қалалық аймақтардың арасындағы экономикалық көшi-қонды азайта отырып, әлеуметтiк салалардағы кереғарлықтар мен келеңсiз құбылыстарды азайтуға барынша жағдай жасай алады. Ақпараттық технологиялардың денсаулық сақтау мен бiлiм беру салалары үшiн, сондай-ақ айналадағы ортаны жақсарту үшiн маңызына баға жеткiсiз.  
      Баршаның пайдалануына ортақ әрi толығымен іске қосылған телекоммуникациялық жүйенiң келесi бiр жақсы жағы - жолдың ауырлығына, жекелеген аймақтардың алыстығына және жолаушы тасымалы бағасының қымбаттығына қарамастан, күллi жұртқа ақпарат алуға мүмкiндiк беретiн кепiлдiгiнде жатыр. 
      Бiздiң үкiметiмiз шалғайдағы әлсiз дамыған аудандарға, ең кемi, байланыс қызметiнiң ең төмен деңгейiн беретiн болады. Айталық, балалар мен жастарға арналған аймақтық оқыту бағдарламаларын таратып отырады. Мұның өзiндiк құны өте арзан, әрi алдағы уақытта едәуiр пайда келтiредi.  
      Бүгiнгi таңда Қазақстан Республикасының алдында, ең алдымен, болашақта әлемнiң дамыған елдерiнiң осындай инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабiлеттi дербес тәуелсіз және тиiмдi телекоммуникациялық қызмет көрсету жүйесiн құру мiндетi тұр.  
      Қазақстан телекоммуникацияларының қазiргi жай-күйi басқа елдермен салыстырғанда өз желiлерiнiң жетерлiктей тығыздығына қарамастан, елеулi экономикалық проблемаға айналып отыр.

7-ұзақ мерзімді басымдық:
Негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет

Бастығы көп ел заңнан таяды
Соломон

      Қазір мемлекеттік аппаратты қайта ұйымдастыру мен жетілдіру қолға алынды, алайда, бұл процеске неғұрлым қуатты қарқын беру қажет. Менiң биылғы жылдың басынан бері үкiметiмiз бен оның дербес құрамын түбегейлі реформалау стратегиясын iске асыруға кiрiсуiм де сондықтан. Үкiмет орталық және аймақтық деңгейлерде қысқартыла бастады және бұл процесс жалғаса бередi. 


      Бiздiң мiндет - Қазақстанда нарықтық экономика үшiн оңтайлы болатын мемлекеттiк қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиiмдi жүйесiн жасау, басым мақсаттарды iске асыруға қабiлеттi үкiмет құру; ұлттық мүдделердiң сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру.  
      Кеңестiк әмiршiлдiк экономика дәуiрiнде мемлекет бастан-аяқ бәрiн бақылауға тырысты. Соның салдарынан ол көптеген қайталанатын қызмет буындары көп ебедейсiз құрылымға айналды. Қалыпты дамыған елдерде кеңес мемлекетi бақылауына алуға әрекеттенген мiндеттердiң 80 процентi мемлекеттердiң функциясына жатпайды. 
      Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн мемлекеттiк құрылыс пен басқару мәселелерiн көп ретте жаңадан шешуге тура келдi. Ең алдымен бұл жаңа тәуелсiз мемлекеттiң өмiр сүруiнiң заңдық құқықтық негiзiн қамтамасыз етуге, әлеуметтiк саяси тұрақтылықты дәйектiлiкпен орнықтыруға қатысты болды. 
      Бүгiнгi күнi қоғамның және экономиканың күрделi жүйелiк қайта жаңғыруларын мемлекеттiк басқару жүйесiнiң өзiн жүйелi ету мәселесi күн тәртiбiне өткiр қойылып отыр. Әрине, бұған бiртiндеп, соның өзiнде мемлекеттiң функцияларын ұзақ мерзiмдi реформалаудың үйлестiрiлген, дәйектi жоспарын алдын ала әзiрлеген жағдайда ғана жетуге болады.  
      Үкiмет пен жергiлiктi өкiметтi түпкiлiктi қалыптастыруға мүмкiндiк беретiн жетi негiзгi стратегия принциптерi мынаған саяды:  
      1. Неғұрлым маңызды бiрнеше функцияларды ғана орындауға жұмылған ықшам әрi кәсiпқой Үкiмет. 
      2. Стратегиялар негiзiндегi iс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс. 
      3. Нақтылы жолға қойылған ведомствоаралық үйлестіру. 
      4. Министрлердiң өкiлеттiктерi мен жауапкершiлiктерiн, олардың есептiлiгiн және олардың қызметiне стратегиялық бақылауды арттыру. 
      5. Министрлiктердiң iшiнде, орталықтан аймақтарға және мемлекеттен жекеше секторға қарай орталыққа тәуелдiлiктi жою. 
      6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл да ымырасыз күрес. 
      7. Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерiн жақсарту. 
      Табысқа жеткен үкiметтер, әдетте ықшам келедi әрi мемлекет қана атқара алатын ең басты бiрнеше функцияларға жұмылады. Әлбетте, оңтайлы үкiметтер аз санды басымдықтарға және осы мақсатқа жету жолындағы стратегияларды iске асыруға ұмтылады. 
      Yкiметтiң тиiмдiлiгi өзара байланысты үш факторға: оның құрылымдық ұйымына, стратегиялық үйлесiмдiлiгiне және кадрлар даярлығының дәрежесiне негiзделедi. Бiздiң таяу болашақтағы мiндетiмiз стратегиялық жоспарлау әдiстерiн меңгерген қабiлеттi әрi адал кадрлардан тұратын шағын, оңтайлы аппарат құру болады. 
      Әлеуметтiк экономикалық өмiрдегi дағдарысты құбылыстардың негiзгi себептерiнiң бiрi - министрлiктер мен ведомстволар арасында, аймақтар арасында үйлестiрудiң болмауында екенiн айтып жату артық. Нақтылы мiндеттердi шешу жолындағы жауапкершiлiк көлемiнiң бiр-бiрiне сәйкес келмеуi, функцияларды қайталау және жең ұшынан жалғасу сан түрлi кедергiлерге және бюрократиялық iшараздыққа, қағазбастылық пен ұжымдық жауапсыздыққа әкелiп соғады. Бүгiнгi мемлекеттiк басқарудың дiнi де, тiнi де осында жатыр.  
      Бұл проблеманың тамыры - стратегиялық жоспарлардың жоқтығында болып отыр.  
      Әрбiр министрлiктiң, ведомствоның әкiмшiлiктiң жұмысы, сайып келгенде аймақтық дамудың өзi мақсаты айқын, міндеттерi нақты жалпымемлекеттiк стратегияға бағындырылуға тиiс.  
      Мұның тың көзқарас пен жаңа әдiстеменi талап етерi даусыз. Стратегиялық жоспарлау, қаржылық бағдарламалау мен жобалық менеджмент таяу болашақтағы мемлекеттiк басқарудағы жаңарудың өзегiне айналуға тиiс. 
      Ведомствоаралық және аймақтараралық үйлестiру басым мақсаттарға жедел жетуге деген саяси ерiк-жiгердiң көрiнiсi ретiнде ауадай қажет. 
      Ведомстволардың стратегиялық мiндеттердi iске асыру жөнiндегi қызметi мен күш-қимылын бақылайтын бiртұтас билiк жүргiзушi үйлестiрушi орган құру қажет.  
      Мемлекеттiк үйлестiру жүйесi тиiмдi әрi қарымды болуға тиiс. Оның жұмысының нәтижелерi барлық есептi органдар үшiн ашық болуы қажет. 
      Министрлiктер мен ведомстволардағы бүгiнгi қалыптасқан ахуалға келетiн болсақ, жауапкершiлік деңгейi өкiлеттiлiк көлемiнен асып түсiп отыр. Өкiлеттiктер мен жауапкершiлiктер арасалмағының бiр жағына қарай ауытқуы басқару тиiмдiлiгiн күрт төмендетедi. Әлемдiк тәжiрибе мекеме басшысына iшкi басқару жөнiнен кен өкiлеттiк берудiң билiктi асыра пайдалану мүмкiндiгiнен келетiн залалдан гөрi әлдеқайда көп артықшылықтар беретiнiн дәлелдеп отыр. 
      Министр мен әкiм кең өкiлеттiктер иеленуге тиiс және солай болуы керек, алайда, олардың қызметi жоғары тұрған органдарға есептi болуы қажет әрi ұдайы жасалып отыратын тәптiштеушi бақылау емес, стратегиялық бақылауға алынуы керек. 
      Бiр қолға шоғырланған барынша кең өкiлеттiктер қабылданған мiндеттемелердiң орындалмай қалғаны үшiн барынша кең дербес жауапкершiлiктi көздейтiнi анық. 
      Менiң айтып өткенiмдей, әр министрлiк пен ведомство өзiне тән емес функциялардан арылуы керек, оларды мүмкiндiгiнше орталықтан аймақтарға қарай, мемлекеттен жекеше секторға қарай ойыстыру қажет. Сатылар мен аралық буындар аз болған сайын, өкiлеттiктердiң ара жiгi де айқын ашылады. 
      Билiктi орталықтан алудың және өкiлеттiктердi өздерi шұғылданатын объектілерге тiкелей қатысты неғұрлым төменгi деңгейлерге ойыстырудың қажеттiгi айдан-анық, сонда орталық және өзге мемлекеттiк органдар өзiнiң iс жүзiнде керектiгiн және пайдалылығын ұдайы дәлелдеуге мәжбүр болады. 
      Нарықтың көмегiмен бiз аймақтар арасында: тұрмыс жағдайы жоғары аймақ, таңдаулы аймақ принципi бойынша бәсекелестiктi туғызып, күшейте беруге тиiспiз. Сонда өндiргiш күштер неғұрлым қолайлы жағдай жасалған аймақтарға шоғырлануға тиiс.  
      Аймақтардың жарыстас болуы олардың, әсiресе, бюджет мәселелерiндегi дербестiгiне көбiрек сүйенуi керек, шамадан тыс орталықтандыру, мiне, осы тұста айқын көрiнедi. 
      Бет-жүзiне, лауазымына қарамай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргiзу қажет. Басқару корпусы батыл тазаруға және жаңаруға тиiс. 
      Жаңа тұрпатты шенеунiк - өз ұлтының отаншыл әрi әдiл, iсiне адал және кәсiпқой бiлiктi қызметшiсi болуға тиiс. Мемлекеттiк қызметтiң беделiн биiк көтеру және қолдап отыру - бiздiң таяу жылдарда шешуге тиiс стратегиялық мiндетiмiз. 
      Күнi кешегi өткенiмiзден бойымызда қалған ескi ниет-пайымымыз, әсiресе, идеологиялық кертартпалығымыз, нарықтық шаруашылықтың жаңа жағдайында жұмыс iстеуге қабiлетсiздiгiмiз бен бiлместiгiмiз - әлеуметтiк-экономикалық даму жолындағы үлкен тосқауыл. Иә, алғашқы жалт еткен жағымды көрiнiстер бар. Алайда, тұтасынан алғанда, жаңа тұрпатты басқарушылар даярлау - таяу болашақтың кезек күттiрмес мiндетi. Басқаруға бiлек сыбана iс тындыруға әзiр, басым мақсаттар мен мiндеттерге жетуге қабiлеттi бiлiмдарлар келуге тиiс.
      Кәсiпқойлық, отаншылдық, ұзақ мерзiмдi мiндеттер қоюға қабiлеттiлiк, оларды жаңа жағдайда шеше алатын бiлiмдiлiк пен жiгерлiлiк - кадрларды iрiктеу мен жоғарылатудың басты өлшемдерi. 
      Республикада кәсiпқой мемлекеттiк қызмет негiздерi қазiрдiң өзiнде қаланды. Алайда, әлi де көп iс тындыру керек. 
      Кадрларды басқарудың жалпымемлекеттiк жүйесiн құру қажет, онда оларды елiмiзде және сырт жерлерде нысаналы әрi тиiмдi даярлаудың, оларды қызмет бабында жоғарылатудың әдiлеттi тәртiбi, бiрыңғай ақпарат тетiгi, әлеуметтiк қорғау кепiлдiгi әрi басқарудың ең iргелi ресурсы - адамға деген сергек көзқарас қамтылуға тиiс.  
      Сонымен бiрге бұл мемлекеттiк жүйенiң бiлiмсiз, бiлiктiлiгi төмен қызметкерлердi ығыстыра алатын қабiлетi де болуы керек. Әр қызметкер iс жүзiнде өзiнiң пайдалы екенiн және керектiгiн ұдайы дәлелдеп отыруға тиiс. 

Күн тәртібінде: 1998 - 2000 жылдар

Бүгінгі бір күн ертеңгі екі күнге татиды
Франклин

      Егер сiз ХХI жұзжылдықтың басына дейiн келесi үш жылға арналған қысқа мерзiмдi мiндеттерiмiздi белгiлеп, оларды орындай алмасақ, осы айтқанымыздың бәрiнiң де құрғақ қиял, жел сөз болып қалу қаупi бар. 


      Бiздiң көптеген азаматтарымызды дәл бүгiн алыс келешектiң онша алаңдатып отырмағаны аян, өйткенi қазiргi проблемалар еңсе жаздырмай тұр. 
      Адамдардың көпшiлiгi таяу уақытта аздап болса нақтылы нәтижелердi сезiнбейiнше, олардың ұзақ мерзiмдi мақсаттар мен жақсы деген уағдалардың өзiне сенiмсiздiкпен қарары анық. 
      Бiздiң стратегиялық жолымыздағы алғашқы қадамдар мен алғашқы нәтижелердi неғұрлым тереңiрек аңдау мен қадағалау мүмкiндiгi бар. Солардың негiзiнде таңдап алған жолымыздың дұрыстығын терең пайымдайтын боламыз, мемлекетке деген сенiм артады, ортақтық және отандық сенiм беки түседi. Бiздiң азаматтарымыз парасатты. Бiрталай жылдардың iшiнде экономика сауығып қарқын алмайынша, барлық әлеуметтiк өткiр проблемаларды шеше алмайтындығымызды олар жақсы түсiнедi. 
      Таяудағы бiрнеше жылдың iшiнде ұзақ мерзiмдi басымдықтарды iске асыру және ұзақ мерзiмдi стратегияның шеңберiнде қысқа мерзiмдi нақтылы iс-қимыл жоспарларын орындау үшiн мемлекет ресурстарының шектеулi екенiн де олар түсiнедi.  
      Соған қарамастан, адамдар ғасырымыз аяқталғанға дейiн азды-көптi жақсылықтар күтуге де және оларды алуға да хақылы, сондықтан да мен осы тұста Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарының негiзiнде 1998 - 2000 жылдарға арналған неғұрлым маңызды мiндеттерге тоқталып кетемiн. 
      Басым мақсаттар былайша түзiлуге тиiс: 
      - iлгерi елдермен белсендi қарым-қатынас жасау, Қазақстанның энергетикалық секторына капитал тарту және елiмiздiң әскери доктринасын әзiрлеу арқылы-ұлттық қауiпсiздiктi нығайту;
      - ауылдың неғұрлым өткiр проблемаларын шешу;
      - кедейшiлiк пен жұмыссыздыққа қарсы күрес;
      - iшкi саяси тұрақтылық пен қоғамның бiрлiгiн нығайту жолымен 
экономикалық өркендеуге жету;
      - барлық әлеуметтiк-экономикалық реформаларды аяқтау, ең
алдымен бюджет саласындағы реформаларды аяқтау, соның нәтижесiнде зейнетақыларды, жалақыны және әлеуметтiк жердемақыларды толық көлемiнде уақтылы төлеу;
      - қолайлы инвестициялық ахуал туғызу;
      - Үкiмет пен мемлекеттiк қызмет реформаларын
жеделдету, сыбайлас жемқорлық пен қиянатқа қарсы күрестi күшейту.

Ұлттық қауіпсіздік
2000 жылға қарай:

      - Қазақстанның төнiрегiнде қалыптасып келе жатқан стратегиялық тепе-тендiктi елiмiздiң геосаяси тұрғыдағы ұзақ мерзiмдi мүдделерiне сай келетiн тұрақтылықты мемлекеттiң сыртқы саяси институттары арқылы көтермелеу. 


      - Бiз Ресеймен және Қытаймен, Орталық Азиядағы көршiлерiмiзбен, ислам мемлекеттерiмен және Батыспен қарым-қатынастарымызды нығайтуда едәуiр алға жылжитын боламыз.  
      - Каспий шельфi мен Қарашығанақ кен орындарын игеруге АҚШ-тың, Ресейдiң, Қытайдың, Ұлыбританияның және басқа iлгерi мемлекеттердiң iрi компаниялары мен капиталы тартылды, ол алдыңғы қатарлы державалардың бiздiң елiмiздiң тәуелсiздiгiне деген мүдделiлiгiн күшейтедi. Ал мұның өзi әлемдiк рынокқа отын шығарып тұрудың тұрлаулылығын қамтамасыз етедi.  
      - Сыртқы саяси және барлау органдарының күш-жiгерi мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге жұмылдырылады.
      - Қазақстанның әскери доктринасы әзiрленедi, ол қалыптасқан жағдайға қарай әлсiн-әлi дәлденiп тұратын болады.
      - Демографиялық стратегияны iске асыру қаражаттың жетiспеуi себептi негiзiнен, оның жоғарыда аталған шығасысыз элементтерiнен басталады. Дегенмен Үкiмет балаларды және көп балалы аналарды қолдауға арналған жәрдемақыларды одан әрi төлеп тұратын болады.

 Ауыл проблемалары

      Ауылдың ең бiр елеулi проблемаларын шешуге келетiн болсақ, бiз 2000 жылға қарай:
      - жергiлiктi әкiмшiлiктi нарықтық қатынастарға араласудан шеттететiн боламыз;
      - жеке меншiк пен тиесiлi бөлiстердi заттай айқын телитiн күмәндi жеке шаруашылықтарға жекешелендiру жүргiземiз;
      - банкроттық тетiктерi арқылы ауыл экономикасын сауықтыратын боламыз;
      - ең алдымен фермерлер мен нағыз жеке шаруашылықтар үшiн кредиттердi арзандатамыз; 
      - Азия және Еуропа Қайта жаңарту және даму банктерi заемдарының, басқа ұйымдар мен тiлеуқор елдердiң көмегiнiң есебiнен ауылдағы шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытамыз; 
      - 25-30 мың теңге көлемiнде кiшi кредиттер үлестiремiз. Үкiмет үш жыл iшiнде мал мен мүлiк сатып алуы үшiн, заңда тыйым салынбаған кез келген бизнеспен шұғылдануы үшiн, жан бағып, өздерiнiң iскерлiк дағдыларын ұштауы үшiн өте қиын жағдайда қалған кемiнде 150 мың ауыл адамына қажеттi осындай қаражатпен қамтамасыз етуге мiндеттi;
      - тікелей отандық және шетел инвестицияларын тартатын боламыз;
      - фермерлерге өнiмдерiн өткiзуге жәрдем көрсетемiз;
      - сумен жабдықтау және ирригация проблемаларын шешетiн боламыз; 
      - барлық министрлiктер мен қорлар желi бойынша ауыл проблемаларының басымдықпен қаржыландырылуын қамтамасыз етемiз.

 Кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күрес

      Осы жылдардың iшiнде кедейшiлiк пе жұмыссыздыққа қарсы күрес стратегиясы:
      - кiшi кредиттер жүйесiн енгiзуге;
      - шағын және орта бизнестi дамытуға;   
      - еңбектi көп қажет ететiн салаларды басымдықпен дамытуға және бұларға шетел инвестициялары мен ұлттық капиталды белсенді тартуға;
      - шарттар мен контракттар және бюджеттi сатып алулар кезiнде жұмыспен қамту проблемаларына қатаң тұрғыдан келуге;
      - қоғамдық жұмыстарды, ең алдымен жол құрылысы мен орман отырғызуды дамытуға;
      - жеке кәсiпкерлiктi дамыту жолындағы қажетсiз әкiмшiлiк кедергiлердiң бәрiн алып тастауға;
      - қызмет көрсету саласын және әсiресе, туризмдi белсендi дамытуға негiзделедi.

 Экономикалық өсу 

      Өзiмiздiң осы бағыттағы ұзақ мерзiмді басымдықтарымызды iске асыру мақсатында келесi үш жылдың iшiнде:
      - қатаң монетарлық саясат бұлжытпай жүргiзiледi;
      - жекешелендiру аяқталатын болады
      - заң шығару жетiлдiрiлiп, жақсартыла түседi, мұның өзi елiмiздегi инвестициялық ахуалды барлық жерде бiрдей жақсарта түседi; 
      - шетел инвестицияларын тарту бұрынғыдан да белсендi жүргiзiлетiн болады, олардың көлемi мен нәтижелерi жайында халыққа егжей-тегжейлi ақпарат берiлiп тұруға тиiс. 
      Энергетикалық ресурстарға келетiн болсақ:  
      - Қазақстан КҚК құбыр арнасы құрылысын аяқтау және 2000 жылы оны iске қосу, ал 2004 жылы басқа құбыр арнасын - Қытай Халық Республикасына жеткiзу үшiн қолынан келгеннiң бәрiн iстейдi; 
      - Жерорта теңiзiне, Парсы шығанағына, Араб теңiзiне балама құбыр арналарын тартуды қаржыландыру мен салу мәселесiн пысықтайтын боламыз. Қазақстан өнеркәсiбi мен тұрғын үйлерге, сондай-ақ халықаралық рыноктарға отын жеткiзу үшiн газ құбыры арналары тартылады;  
      - Каспий шельфіндегі мұнай және газды барлау мен өндіру, Қарашығанақ газ конденсаты кен орнында газ конденсатын өндіру, тасымалдау және өңдеу жөніндегі келісімдерге қол қоямыз.  
      Инфрақұрылымды дамыту жоспарында мыналар қарастырылған: 
      - 2000 жылдың соңында "Достық" және "Ақтоғай" стансалары арасындағы темір жол инфрақұрылымын жақсарту, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында темір жол көлігінің қуаттарын ұлғайту;
      - 1999 жылдың соңына қарай Ақтау қаласындағы теңіз айлағын қайта жаңартудың бірінші кезегін жүзеге асыру;
      - 2000 жылдың соңына қарай Алматы - Ақмола - Бурабай жолын жаңғырту;
      - 2002 жылдың соңына қарай Семей қаласында Ертістегі көпір мен оның кірме жолдарының құрылысын аяқтау;   - 2000 жылы Ақмола қаласындағы әуежайды қайта жаңарту.

Экономикалық және әлеуметтік реформалар
2000 жылға қарай:

      - Жалақы мен зейнетақы төлемеу деген болмайды - бұл өткен уақыт құбылысына айналады;


      - Қоғамымыздың барынша мұқтаж топтары, соның ішінде 150 мың адам кіші кредиттердің көмегімен және 3,5 миллионнан аса адам (зейнеткерлерді қоса) әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі арқылы мемлекеттен көмек алады; 
      - Барлық өнімділігі төмен және шығынмен істейтін зауыттар банкроттық жосығынан өткізіледі;
      - Ұзақ мерзімді басымдықтарымызды қолдауға бағытталған бюджет реформаларды батыл жүргіземіз, қолымыздағы қаражатымызға қарай өмір сүру принципін ұстанатын боламыз;
      - Қазақстандықтар үшін салық төлеу үйреншікті іске, отаншылдық парызға айналады;
      - Зейнетақы реформасын нысаналы түрде жүргізе беретін боламыз;
      - Өз қаржы секторымыздың реформасын тәмамдап, құнды қағаздар нарығын іске "қосамыз".

Кәсіпқой Үкімет
2000 жылға қарай:

      - Үкімет пен мемлекеттік қызмет реформасы аяқталатын болады:


      - Біліктілігі саяз шенеуніктерден арылуға және мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалануға қарсы күреске бірінші кезекті мән беріледі.

 Үкіметке 1998 жылға 8 нақты тапсырма



Қол қусырып қарап отырсаңыз, түзу жолдың 
үстінде де табан астында қаласыз
Годфрей

      Мен өзіміздің ұзақ мерзімді басымдықтарымыз ішіндегі келесі үш жылдағы міндеттерімізді айқындап бердім, алайда сонымен қатар келесі жылдың өзінде шешуіміз қажет бірсыпыра міндеттер бар. Сондықтан да мен Үкіметке 1998 жылға мынадай 8 нақты тапсырма беремін: 


      1. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды және бюджеттік ұйымдарда жалақыны толық және уақытылы төлеуді қамтамасыз ету.  
      2. Бір жыл ішінде кемінде аз қамсыздандырылған 30 мың азаматқа, бірінші кезекте ауылды жерлерде жұмыс орындарын құруға 3 жыл мерзімге 400 АҚШ долларына пара-пар сомада кіші кредиттер беру.  
      3. Үстіміздегі жылдан бастап шағын және орта бизнесті, фермер қожалықтарын дамытуға, жұмыс орындарын құруға кемінде 100 млн. АҚШ доллары сомасында кредиттердің берілуін қамтамасыз ету. 
      4. Мектептерді, ең алдымен ауылдық жерлердегі мектептерді компьютерлендірудің кең ауқымды бағдарламасын іске асыруға кірісу, бұл мақсатқа 1998 жылдың өзінде кемінде 22 млн. АҚШ долларын бөлу. 
      5. Шаруа және фермер қожалықтарына арналған кредиттердің кемінде 2,5 млрд. теңгеге арзандатылуын қамтамасыз ету.
      6. Салауатты өмір салты жолындағы қоғамдық науқанды бастау.
      7. Осы мақсатқа кемінде 40 млн. АҚШ долларын бөле отырып, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісу. 1998 жылғы сәуірде осы бағдарламаны жүзеге асырудың принциптері мен одан күтілетін нәтижелер жайында жұртшылыққа баян ету.
      8. Балалардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету.

 Қорытынды



Күштімін деген сенімнің өзінде күш жатыр
Боуви

      Ұзақ мерзiмдi басымдықтарды таңдап алу, 1998 - 2000 жылдарға арналған мiндеттердi белгiлеу және келесi жылдың iс-қимыл жоспарын әзiрлеу - аса күрделi мiндет. Алдын ала бәрiн болжау мүмкiн емес, бұл жолда қандай қиындықтардың тосып тұрғаны да беймәлiм. Алайда осынау ұзақ мерзiмдi басымдықтарды әзiрлеу бiрден бәрiмiздiң қажырымызды жаншып, iске жұмылдырары анық, ал бұл бiзге жетiспей жүрген қасиет. 


      Бүгiнгi ұрпақтың көпшiлiгiнiң осынау стратегиямыздың iске асқан кезiне жетер-жетпесi де неғайбыл. Ендеше онысы нақтылығы мен дұрыстығын бағамдау - бiздiң балаларымыздың еншiсi. Бiздiң күнбе күнгi мақсаткерлiгiмiз бен табандылығымызға баға бере отырып оны әлем жұртшылығы саралайтын болады.  
      Осынау ұзынсонар жолда бiздi орасан зор ішкi және сыртқы қиындықтар тосып тұр. Өз дамуының стратегиясын әзiрлеуге қауқары жетпеген көптеген елдер әлемге аян. Өз жоспарларын iске асыра алмаған мемлекеттер болғанының мысалы одан да көп. Жағдаяттардың ыңғайы, бастаушыларының саяси ерiк-жiгерi мен қабiлетiнiң әлсiздiгi оларды мұратына жеткiзбедi. 
      Егер күн сайын енжарлығымызды еңсерiп, бойымыздағы барша күш-қуатымызды басты бағыттарға жұмылдыра алмасақ, табандылық пен икемдiлiк, тәртiп пен шығармашылық қарым таныта алмасақ, бiздiң де сондай күйге ұшырауымыз ықтимал.  
      Күнбе-күнгi қам-қарекет пен ағымдағы iстердiң ыңғайына жығылып, басты нысанамызды бiртiндеп естен шығару, жеңiл, тiптi кейде керексiз жұмыстарға ауысып, ауырын, алайда стратегиялық тұрғыдан маңыздысын кейiнге ысыру - ежелгi сiңістi дертiмiз. Сондықтан да күн сайын алдымызда тұрған басымдықтарды бажайлау, әр күн ертеңгілiк алдағы мақсатымызға қарай алға жылжудың аз да болса қамын ойлау, содан кейiн әр кеш сайын уақытымызды қаншама тиiмдi пайдаланғанымызды бағамдап отыру абзал.  
      Жыл соңына дейiн барлық 7 басымдығымыздың әрқайсысы бойынша оларды iске асырудың үш жылдық және жылдық нақтылы жоспарлары әзiрленiп, олар кейiннен даму жоспарлары мен бюджеттердiң негiзiне алынады. 
      Yкiметтiң құрылымы бiздiң стратегиялық басымдықтарымыз бен жоспарларымызға сәйкес келтiрiледi. 
      Биылдың өзiнен бастап Президенттің, Үкiметтiң, Парламенттiң және жергiлiктi өкiметтiң қызметi өзiмiздiң ортақ стратегиямызды iске асыруға бағындырылады. 
      Қазақстан Үкiметiнiң әрбiр министрiнiң қолында стратегиялық жұмыс жоспары болады, әрi ол өз ведомствосының, сол жоспардың әрбiр нақтылы тармақтарын орындау жөнiндегi қызметi жайында тоқсан сайын есеп беріп отырады. 
      Жыл сайын мен сiздердiң, елiмiздiң азаматтарының алдында не iстегенiмiз, ненi iстемегенiмiз және нелiктен iстемегенiмiз жайында есеп беремiн. Әрбiр жыл сайынғы Жолдауда мен бiздiң стратегиялық мақсаттарға қарай iлгерiлей түсуiмiз үшiн келесi жылға жаңа мiндеттер қойып отырамын. Алдымызда тұрған қиындықтардың көптiгiне қарап, бұл жоспарларды байыпсыздық санар көптеген күмәншiлдер де табылар. Бәзбiреулер бiздiң мұратымыз бен стратегиямызды бос сөзге балар. Ендi бiреулерi орталықазиялықтар, оның iшiнде қазақстандықтар Барыс болуға қабiлетсiздер.
      Қазақтың халық мақалы «Шапшаң жүргенге шаң жұқпас» дейдi. Сондықтан да бiзге - уақыт төрешi. Мұратына жүрген жетедi.     

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет