Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын бекіту туралы



бет1/12
Дата12.06.2016
өлшемі0.85 Mb.
#130599
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі N 767 Қаулысы


      "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 12-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2011 жылғы 2 шілдедегі 
№ 767 қаулысымен    
бекітілген       
Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
      1. Осы Автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасы (бұдан әрi – Қағида) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 шілдедегі № 476 Заңының 12-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбiн айқындайды.
      2. Қағида Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және барлық жеке және заңды тұлғалар үшiн меншiк нысандарына қарамастан мiндеттi болып табылады.
      3. Осы Қағидада пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
      багаж түбiртегi – осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша багажды автомобильмен тасымалдау шартының жасалғанын, сондай-ақ тасымалдаушының багажды сақтауға немесе тасымалдау үшiн қабылдағанын растайтын құжат;
      борт журналы – осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нөмiрленген және тiгiлген, тасымалдаушының мөрімен бекiтiлген жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автокөлiк құралында болатын журнал, оған автокөлiк құралының рейс алдындағы техникалық тексеруден және жүргiзушiнiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландырудан өткенi туралы белгiлер қойылады;
      диспетчерлік жүйе – келісілген маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының қозғалысы туралы нақты уақыт режимінде үздіксіз ақпарат алуға мүмкіндік беретін жүйе;
      диспетчерлік жүйе операторы – диспетчерлік жүйені ұйымдастыруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жеке және заңды тұлғалар;
      жол жүру құжаты (билет) – ресімдеу жолымен жолаушыны тасымалдау шарты жасалатын қағаз немесе электрондық нысандағы құжат;
      жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерi (аялдау пунктi) – осы Қағиданың талаптарына сәйкес жайластырылған, жолаушыларды отырғызу және түсiру мақсатында автокөлiк құралдарының аялдауына арналған жол бойындағы белдеу учаскесi;
      қозғалыс кестесi – жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршрутының әрбiр аялдама пунктi бойынша автобустардың, шағын автобустардың, троллейбустардың қозғалыс орны мен уақыты туралы мәлiметтерді қамтитын құжат (кесте, графикалық бейне);
      қауiптi учаскелер – автомобиль жолдарының жүрiп өткенде жол-көлiк оқиғасы болуының жоғары қаупi туындайтын немесе қозғалыс режимiнiң елеулi өзгерiстерiне байланысты учаскелері;
      маршрут – автобустың, шағын автобустың, троллейбустың белгiленген бастапқы, аралық және соңғы аялдама пункттерi арасында белгiленген жүретiн жолы;
      маршрут схемасы – аялдау пункттерi, олардың ара қашықтықтары, сондай-ақ оларға тән бағдарлар (жол айрықтары, қиылыстар, темiржол өтпелерi, көпiрлер және тоннельдер) көрсетiлген маршруттың графикалық шартты бейнеленуi;
      рейс – маршруттың бастапқы пунктiнен соңғы пунктiне дейiнгi автобустың, шағын автобустың, троллейбустың жолы;
      қолмен жуу – автокөлік құралдарын су берудің жоғары қысымды аппараттарын, су жеткізу жүйелерін және (немесе) ыдыстардағы суды пайдалану арқылы қолмен жуу;
      механикаландырылған жуу – жуу құрамы және суды жеткізу үшін құрылғылармен, айналатын және (немесе) қозғалатын щеткалармен, сондай-ақ желдеткіш құрылғысымен жарақтандырылған арка үлгісіндегі ауыстырылатын тетіктерден тұратын автокөлік құралдарын автоматты жуу;
      таксометр – жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау құнын (бағасын) есептеуге арналған құрылғы;
      техникалық аялдама – автобустар мен шағын автобустардың жолаушыларды маршруттан түсіруді және маршрутқа отырғызуды көздемейтін аялдамасы.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.03.2014 N 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.
      4. Ұйымдастыру сипаты бойынша жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау тұрақты және тұрақты емес болып бөлiнедi.
      5. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау – тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды, троллейбустарды пайдалана отырып, алдын ала келiсiлген жол жүру маршруттары, бастапқы және соңғы пункттерi, жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерi белгiленген қозғалыс кестелерi бойынша жүзеге асыратын тасымалдар.
      Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру кезiнде тасымалдауды жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын көлiк құралдары (автобустар, шағын автобустар немесе троллейбустар) алдын ала анықталады.
      Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру кезінде маршруттан ауытқуға жол берілмейді.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      6. Осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде тасымалдаушы автокөлік құралында жол қағазының болуын қамтамасыз етеді, оны тасымалдаушы жүргізушінің рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландырудан және автокөлiк құралының техникалық тексеруден өткенi туралы белгiлер бар, тасымалдаушы ауысымға немесе рейске ресiмдейді.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      7. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды тасымалдаушылар ұйымдастырады және осы Қағида талаптарына сәйкес келетiн автобустарды, шағын автобустарды пайдалану арқылы жүзеге асырады.
      8. Тұрақты емес тасымалдау:
      1) заңды және жеке тұлғалардың бiр жолғы тапсырысы (өтiнiмi) бойынша тасымалдау. Мұндай тасымалдауға: туристiк, экскурсиялық, iс-шараларға қызмет көрсету жатады.
      Бiр жолғы тасымалдау белгiлі бір кезең ішінде шарттық негiзде жүзеге асырылуы мүмкiн;
      2) таксимен тасымалдау болып бөлінеді.
2. Автокөлiк құралдарына қойылатын талаптар
      9. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес техникалық тексеруден өткен автокөлік құралдары жіберіледі, ал халықаралық жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыру үшін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болуы қажет.
      Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық тексеруді және автобустар, шағын автобустар, троллейбустар жарамсыз болған жағдайда, олардың уақтылы ауыстырылуын қамтамасыз етедi.
      Бұл ретте жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау кезiнде пайдаланылатын автобустар, шағын автобустар, троллейбустар тиiстi стандарттардың талаптарына сәйкес келуi тиiс.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      10. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау кезiнде пайдаланылатын автобустар мен шағын автобустар Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнің Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетiнiң 2001 жылғы 22 қазандағы № 378 бұйрығымен бекiтiлген «Жолаушылар тасымалдары бойынша автокөлiк қызметтерi» туралы ҚР СТ 1040-2001 сәйкес келуi тиiс, бұл ретте:
      1) қалалық және қала маңындағы тұрақты автомобильмен тасымалдау маршруттарында кемiнде екi жолаушы есiгi бар қалалық автобустарды (I класты), шағын автобустарды, сондай-ақ қала маңындағы автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында қалааралық автобустарды (II класты) пайдалануға рұқсат етiледi;
      2) қалааралық облысаралық және халықаралық автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында қалааралық автобустар (II класты) немесе алысқа жүретiн автобустар (III класты) пайдаланылуы тиiс. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша осы маршруттардың ұзақтығы 300 км-ге дейiн болса, шағын автобустарды пайдалануға рұқсат етiледi;
      3) халықаралық қатынастарда жолаушыларды автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдайтын маршруттарға тасымалдау түрлерін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар тасымалдаушылар жіберіледі;
      4) жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауда тұрақты қалааралық облысаралық, халықаралық және қалалық (республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, сондай-ақ облыс орталықтарында) маршруттарда қолданылатын автобустар мен шағын автобустар тасымалдарды жүзеге асыру кезінде нақты уақыт режимінде байланыс арналары арқылы деректерді үздіксіз беру жүйелерімен жабдықталады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. Республикалық маңызы бар жолдар арқылы ұзақтығы 300 км астам қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық және халықаралық тұрақты және тұрақты емес тасымалдау үшiн пайдаланылатын автобустар мен шағын автобустардың шалқаятын арқашалары бар жұмсақ орындықтары болуы тиiс.
      Осы талап маршруты ирелеңдері, бұрылыстардың кіші радиустары немесе паромдық өткелі бар таулы жерлерден өтетін ауданаралық (қалааралық облысішілік) тасымалдауға қолданылмайды.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      11-1. Маршруттың ұзақтығы 500 км асатын болса, автобус салонында ауыстырушы жүргізушінің орны көзделеді.
      Ескерту. Қағида 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      12. Таулы маршруттарда 500 мың километрден артық жүрiсi бар немесе күрделi жөндеуден өткен автобустарды пайдалануға рұқсат етiлмейдi.
      Таулы маршруттарда пайдаланылатын автобустар тұманға қарсы алдыңғы фаралармен және артқы жүрiстiң қосалқы фараларымен жабдықталуы тиiс, ал шиналар бұжыртабаны суретiнiң биiктiгi кемiнде 3,0 мм болуы тиiс.
      13. Автобустар, шағын автобустар, троллейбустар:
      1) дәрiлер мен медициналық құралдардың қажеттi жинағы бар медициналық қобдишамен (автокөлiктiк);
      2) авариялық аялдау белгiсiмен;
      3) ақаусыз өрт сөндiру құралдарымен;
      4) жол-көлiк оқиғасы жағдайында шыныларды сындыру және есіктерді, терезелерді, авариялық люктердi жедел ашудың тиiстi құрал-саймандарымен және оларға ақпараттық тақтайшалармен;
      5) дөңгелеуге қарсы құрылғылармен жинақталады.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      14. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау кезiнде пайдаланылатын автобустарда, шағын автобустарда, троллейбустарда мыналар болуы тиiс:
      1) ешқандай кедергiсiз ашылып, жабылатын жолаушылар салонының есiктерi мен авариялық люктер. Есiктерде өткiр немесе олардың бетiнен алыс тұрған шығыңқы жерлер болмауы тиiс;
      2) жабық жай-күйде жүргiзушiнiң кабинасы мен жолаушы салонына жауын-шашынның түсуiн толық болдырмайтын төбе, авариялық люктер және терезелер;
      3) берiк бекiтiлген тұтқалар және отырғыштар;
      4) жолаушыларға арналған креслолардың отырғыштары мен арқалықтарының таза және жыртықсыз тыстары;
      5) тегiс, шығыңқы жерлерi немесе бекiтiлмеген бөлшектерi жоқ баспалдақтары мен салонның еденi.
      Салон еденiнiң жамылғысы жыртықсыз материалдан жасалуы тиiс;
      6) шаңнан, кiрден, бояудан және олар арқылы көрудi төмендететiн өзге де заттардан тазартылған терезелердiң мөлдiр шынылары. Терезе ойығын ақпараттық немесе жарнамалық материалдармен 30 %-дан артық жабуға тыйым салынады;
     7) жылдың суық мезгiлiнде жылытылатын және ыстық мезгiлiнде желдетiлетiн, құрал-сайман және қосалқы бөлшектер тиелмеген жолаушылар салоны.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      15. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау кезiнде пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустар мен троллейбустардың салондарын ылғалды жинау ауысымда кемiнде бiр рет және ластануына байланысты жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жүргізіледі.
      Сыртқы кузовты жуу ауысымнан кейін өткізіледі.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      16. Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалааралық облысаралық және халықаралық тасымалдау маршруттарында пайдаланылатын автобустар мен шағын автобустардың багаж бөлiмшелерi автобус салонынан тыс болуы тиiс.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      17. Тахографтармен:
      1) жолаушылар мен багажды автомобильмен халықаралық тасымалдауды;
      2) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты қалааралық облысаралық тасымалдауды;
      3) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты емес қалааралық облысаралық, ауданаралық (қалааралық облысішілік) тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын автобустар мен шағын автобустар жабдықталуы тиiс.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      18. Автобустардың, шағын автобустардың және троллейбустардың салонында жүргiзушi кабинасының (орнының) жанында мыналарды қамтитын ақпарат орналасады:
      1) тасымалдаушының толық атауы;
      2) тасымалдаушының, тасымалдауды ұйымдастырушының байланыс телефондарының нөмiрлерi;
      3) жол полициясының, аумақтық көлiктiк бақылау және медициналық қызмет органдары телефондарының нөмiрлерi;
      4) маршрут схемасының көшiрмелерi;
      5) жол жүру құны туралы мәлiмет.
      Тұрақты маршруттар үшiн (қалалық маршруттарды қоспағанда) сапар қашықтығына байланысты жол жүру мен багажды алып жүру құнының кестесi ұсынылады;
      6) ақы төлемей жол жүргенi және/немесе багаж алып жүргенi үшiн айыппұлдың мөлшерi;
      7) жолаушылардың құқықтары мен мiндеттерi.
      Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық (ауылдық) тұрақты тасымалдауда пайдаланылатын автобустар, шағын автобустар және троллейбустар дауыс зорайтқыш қондырғылармен, ал басқарудың автоматтандырылған жүйесi (бұдан әрi – БАЖ) жұмыс iстеген жағдайда желiдегi жұмысты бақылау құрылғысымен жабдықталуы тиіс.
      Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау үшiн осы тармақтың 4), 5) және 6) тармақшаларының қолданысы тарамайды.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      19. Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық және қала маңындағы тұрақты тасымалдау кезiнде пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың алдыңғы және артқы жақтарында маршрут нөмiрi көрсетiлген трафареттер қойылады.
      Маршруттың нөмiрi ашық сары түстi реңде шрифттiң биiктiгi кемінде 120 мм қара түспен ресімделеді. Жедел тасымалдауды жүзеге асырған жағдайда трафаретте маршрут нөмiрiнiң астында шрифттiң биiктiгi кемінде 60 мм қызыл түстi "Жедел" деген жазу ресімделеді.
      20. Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық (ауылдық) тұрақты тасымалдауда пайдаланылатын автобустар, шағын автобустар және троллейбустардың оң жағында, салонның жолаушылар есiктерi бiрiнің жанында маршруттың нөмiрi мен мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi қысқа сипаттамасы (аралық және соңғы аялдамалардың, маршрут өтетiн негiзгi көшелердiң, қоғамдық мәнi бар орындардың атауы) бар трафарет орнатылады.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      21. Қалааралық облысаралық және халықаралық маршруттардағы автобустар мен шағын автобустарда жол жүрудiң бастапқы, соңғы және iрi аралық пункттерi көрсетiлген алдыңғы және бүйiрлiк (оң жағында) трафареттерi мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде, ал қажет болған жағдайда басқа тiлдерде ресiмделедi.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      22. Алдыңғы және артқы трафареттерде тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жарықтандыру болады.
      23. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      24. Жолаушылар мен багажды тапсырыс берiлген автобустармен, шағын автобустармен және жеңiл автомобильдермен тасымалдау кезiнде пайдаланылатын автокөлiк құралдарының алдыңғы және артқы жақтарында "Тапсырыспен" деген жазуы бар трафареттер орнатылады.
      Жазу шрифт биiктiгi кемiнде 120 мм қара түспен ресімделеді және тiк төртбұрышты қоршамаға салынады.
      25. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауда пайдаланылатын автобустар және троллейбустар салонының алдыңғы жағында мүгедектерге, зейнеткерлерге, жүктi әйелдерге және мектеп жасына дейiнгi балалары бар жолаушыларға арналған орындар көзделедi. Осы орындардың жанына олардың пайдаланылу мақсатын көрсететiн ақпараттық тақта орнатылады.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      26. Такси төбесiнде орналасқан және 500 метрге дейiнгi қашықтықтан жақсы ажыратылатын айырым белгiлерімен жабдықталады. Айырым белгiде "Т" (такси) деген жазу және/немесе өзіне тән шашкалық белдеуi болуы және тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жарықтандырылуы тиiс.
      27. Такси сырттан өзінде жеңіл автомобильдің бүйір жақтарына тасымалдаушы өзі анықтайтын кузовтың түсін, биіктігі 10 сантиметрден кем емес және жалпы жиынтық ұзындығы 100 сантиметрден кем емес шахматтық тәртіпте орналасқан қара және (немесе) сары шаршылардан тұратын белдеу салуды қарастыратын бірыңғай түстік гаммада ресімделеді.
      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      28. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      29. Такси жарамды таксометрмен немесе кассалық-бақылау машинасымен жарақталады.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      30. Таксидiң салонында жолаушылар көретіндей жерде жүргiзушiнiң фотосуретi бар, тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiлген визит карточкасы, сондай-ақ:
      1) тасымалдаушының ресми атауы, оның мекенжайы және телефон нөмірі;
      2) таксометр болған жағдайда 1 км дейінгі, сондай-ақ келесі аралықтағы жол жүру құны көрсетілген ақпараттық тақта орнатылады.
      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау
маршруттарын ашу және тiзiлiмiн жүргiзу тәртібі
      31. Автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган, жергiлiктi атқарушы органдар, жеке және заңды тұлғалар жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарын ашу бастамашылары бола алады.
      32. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарын ашу жөнiндегi мәселелердi шешу үшiн бастамашы маршрут схемасы мен ол бойынша қозғалыс кестесiн әзiрлейдi және оларды тасымалдауды ұйымдастырушыларға:
      тұрақты халықаралық және қалааралық облысаралық маршруттар бойынша – автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті органға;
      жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысішілік) және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада қалалық және қала маңындағы тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына;
      жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша – аудандардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына жібереді.
      33. Егер:
      1) автомобиль жолдарының өткiзу қабiлетi белгілі бір маршруттар бойынша автобустардың тұрақты қозғалысын жүзеге асыруға мүмкiндiк берсе;
      2) автомобиль жолдарының жай-күйi және оларды жайластыру жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес келсе;
      3) осы Қағиданың 36-тармағында көрсетiлген шарт орындалса, жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдаудың жаңа маршруттары ұйымдастырылуы мүмкін.
      34. Жолаушылар мен багажды автомобиль көлiгiмен тұрақты тасымалдаудың маршруттық желiсiн қалыптастырған кезде, жергiлiктi атқарушы органдар кенттермен, ауылдармен (селолармен) аудан орталықтары арасындағы және аудан орталықтары мен облыс орталықтары және облыстық маңызы бар өзге де жақын қалалар арасындағы байланыс басымдылығын басшылыққа алады.
      35. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      36. Қалыптастырылатын маршруттар желiсi (халықаралық, қалалық және қала маңындағы маршруттардан басқа) мынадай шарттарға сәйкес келеді:
      1) қосарланған маршруттар автобустары арасында жоспарланған жүру интервалы бойынша:
      150 км дейінгі қосарлану ұзақтығы кезінде 1 сағаттан артық;
      350 км дейiнгi қосарлану ұзақтығы кезінде 2 сағаттан артық;
      500 км дейiнгi қосарлану ұзақтығы кезінде 3 сағаттан артық;
      500 км артық қосарлану ұзақтығы кезінде 4 сағаттан артық болуы тиiс;
      2) жетпiс бес пайыздан артық қосарлану учаскесiнде автобустардың орташа сыйымдылығын пайдалану кезiнде уақыт бойынша айырмашылығы:
      150 км дейiнгi қосарлану ұзақтығында 10 минутқа дейiн;
      350 км дейiнгi қосарлану ұзақтығында 15 минутқа дейiн;
      350 км артық қосарлану ұзақтығында 20 минутқа дейiн қысқартылады.
      Ескерту. 36-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      37. Жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдау маршруттарында (халықаралық қатынастардан басқа) барлық маршруттардың ұзақтығында автобустардың орташа жылдық толтырылуы жетпiс бес пайыздан артық болған кезде тасымалдауды ұйымдастырушы тасымалдаушылардың немесе жолаушылардың өтiнiшi бойынша қосымша қозғалыс кестесiн енгiзу туралы шешiм қабылдайды. Қалааралық облысаралық маршруттарға қатысты қосымша қозғалыс кестесін енгізу туралы шешімді автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша қабылдайды.
      Қосымша қозғалыс кестесiне қызмет көрсету құқығы маршрутқа қызмет көрсететiн тасымалдаушыға берiледi.
      Тасымалдаушы қосымша қозғалыс кестесiне қызмет көрсетуден бас тартқан немесе маршрутқа екі және одан көп тасымалдаушы қызмет көрсеткен (бір тараптан) жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдар осы қозғалыс кестесiн конкурстық негiзде осы маршрутқа қызмет көрсету жөнiндегi шарттың қолданылу мерзiмiне бөледi.
      Ескерту. 37-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.03.2014 N 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.
      37-1. Ұзақтығы 300 км-ге дейінгі тұрақты қалааралық облысаралық маршруттарда автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша автобустардың, шағын автобустардың еркін қозғалысы бойынша жолаушыларды және багажды тасымалдауды жүзеге асырудың тұрақты кезеңін көрсете отырып, қозғалыс кестесін бекітеді. Автобустардың, шағын автобустардың еркін қозғалысы бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдауға қызмет көрсету құқығы маршрутқа қызмет көрсететін тасымалдаушыға беріледі.
      Ескерту. Қағида 37-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.02.2013 № 199 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      38. Жаңа республикаішілік маршруттарды ашу кезiнде келiсу мынадай сатыға сәйкес жүзеге асырылады:
      қалааралық облысаралық;
      ауданаралық (қалааралық облысішілік);
      қала маңындағы және ауданішілік.
      39. Жергiлiктi атқарушы органдар жаңа ауданаралық (қалааралық облысішілік) маршруттарды ашу кезiнде тасымалдау көлемiн зерделеу үшiн осы маршрутқа екi ай қызмет көрсететiн тасымалдаушыны белгiлейдi.
      Зерделеу нәтижесi бойынша осы Қағидада белгiленген мерзiмдерде осы маршрутқа қызмет көрсету құқығына тиiстi конкурс өткiзу туралы шешiм қабылданады.
      40. Облыстың жергiлiктi атқарушы органдарымен жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысiшiлiк) және қала маңындағы тұрақты тасымалдаудың маршруттары бойынша қозғалыс кестесi оң келiсiлген кезде маршрут бойынша деректер осы Қағиданың 41-тармағына сәйкес тиiстi тiзiлiмге енгiзiледi.
      41. Маршруттарды ұйымдастыру мен есепке алуды жоспарлау мақсатында:
      автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган – жолаушылар мен багажды автомобильмен халықаралық және қалааралық облысаралық тұрақты тасымалдау маршруттарының;
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары – жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысішілік), республикалық маңызы бар қалаларда, астанада – қалалық және қала маңындағы тұрақты тасымалдау маршруттарының;
      аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары – жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік тұрақты тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асырады.
      42. Тiзiлiмдер маршруттардың мынадай негiзгi сипаттамаларын:
      жүрудiң бастапқы және соңғы пункттерi бойынша маршруттардың нөмiрiн және атауын;
      тiкелей және керi қайту бағыттарындағы маршруттағы пункттер бойының санын және атауын;
      тiкелей және керi қайту бағыттарындағы маршрут ұзақтығын;
      тiкелей және керi қайту бағыттарындағы маршруттағы қозғалыстың орташа пайдалану жылдамдығын;
      маршрутқа қызмет көрсету кезеңдерiн: жыл бойы, қосымша (белгiлi бiр күндерде немесе тәулiктiң кезеңдерiнде қолданылатын (қалалық маршруттарда демалыс, мереке күндері немесе "қауырт" сағаттар), маусымдық (алдын ала белгiленген уақыт аралығы iшiнде қолданылатын (саяжай кезеңiнде, демалыс аймақтары, жолаушылар ағыны жоғарылаған кезеңде жұмыс iстеген кезде);
      жолаушылар ағынын және жолаушылар айналымын;
      жолаушылар және жалпы отыруға арналған орындар бойынша автобустардың маршруттағы автобустардың, шағын автобустардың класы және паспорттық сыйымдылығын (жинақтау алаңшасының сыйымдылығын ескере отырып);
      тасымалдаушы туралы мәліметтерді (атауы, мекенжайы, тегi, аты, әкесiнiң аты, тасымалдауды ұйымдастырудағы жауапты адамның және басшының телефондары) және оған берiлген рұқсат құжаттарының қолдану кезеңiн қамтиды.
      Ескерту. 42-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      43. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет