Ќазаќ этнопедагогикасы – ќазаќ халќыныњ мєдени м±расы, ±лттыќ тєрбие ќ±ралы



бет137/143
Дата05.01.2024
өлшемі1.77 Mb.
#488527
1   ...   133   134   135   136   137   138   139   140   ...   143
Кітап Тәрбие

«Шыдамды сүйіспеншілік»
Революционер-демократ А.И.Герцен «Әрбір ата-анада шыдамды сүйіспеншілік дарыны болу керек» дейді. Өйткені өзеуреп, өбектей берсеңіз, жас баланың жан дүниесінде жаһаннамнан биік менмендік қалыптасады да, есер ерліктің кесір-кесапатын көресіз. Менмендік, тоғышарлық, әлжуаздық, паңдық пен пасықтық қалыптасқан соң, балалық шақтың болашағы бақытсыз болады. Өйткені бақытты болу еңбек пен мінезге байланысты. Ерке бала да азамат болып өсуге керекті осы еңбек пен мінез мәнді қалыптаспайды да, оның өзін қасіретке ұшыратады.
Баланы еркелетпей өсіру үшін де талант пен табандылық, сабырлы мейірім, үлгілі өнеге қажет-ақ. Ата-ана өз жүрегінің нәзіктігін жасыра алмай, жанын сала жақсы көргенін балаға сездірсе, баласы оны сол дәрежеде сыйламайды. Әлпештеудің әлегінен сезімтал, дарынды бала да даңдайсып, сол мінез қырсығынан қабілеттілік қасиетін мұқалтып алады.
Біздің мектепте бірінші сыныпта оқитын Бағдат деген ақ сары, көкшіл көзді сүйкімді бала еді. Міне, Бағдат сынып жұмысын оқушылардың бәрінен бұрын орындап болып, екі қолын партаның үстіне қойып, түп-түзу отыр. Ол мұғалімнің айтқанын бұлжытпай орындайды. Бірақ жеңілтектігін білдіріп, абайсыз қимылдайды. Міне, ол абайламай, ебетейсіз екі қолында «тыныштық» болмай, сиясауытын қағып түсіріп, сиясын төгіп алды. Еденге түскен сиясауытты еппен ұстамай, екі қолын да былғап алды. Су жаңа аппақ көйлегенің жеңіне сия дағы түсті, тәмпіш мұрнына сия жағылғанын ол байқамай да қалды. Өйткені ол сабырмен ойланып қимылдамайды: еркіндік, еркелік оның тұла бойында осындай олақтық қасиеттерді дарытқан.
Бағдат орнында сабырмен тынышталып отыра алмады. Оның қасында отырған Омар деген бала оның бүйіріне ақырын түртіп, «Жеңінді былғап алдың ғой» деген ишарат білдіріп еді, ол досына бетін тыжырып, аузын қисаңдатты, сыныптасы күркетауықтың қоразынша қызараңдап қалды. Бұл құбылысты сезген мұғалім Бағдатқа ескерту жасап еді, оның ойы бұзылып, қимылы қисынсызданып кетті де, біраздан соң ол қайтадан тағы да «моп-момақан» болып, монтия қалды.
Бағдат атасы мен әжесінің қолында «тәрбиеленіп» жүр. Ол атасының тілін алып көрген емес, ал әжесіне кейде «қорыққанынан» бағынған сыңай танытады. Ол атасына былапыт сөз айтудан тайынбайды. Ондай жағдайда шүңет көзді, бурыл сақалды Шыныбек атайдың маңдай терісі тырысып, жүзі қарауыта түседі де: «Қой деймін енді! Ой, бар болғыр» деген сөзден басқа еш нәрсе айтпайды. Немересі мектепке келгенге дейін атасы әлгідей «әумесер» сөзді естісе, «тіліңнен айналайын» деп, өзінен-өзі рақаттанып қалатын. Енді «есер сөз» ерсі естілсе бастады. Ал немересінің әлжуаздығы туралы атасының ойына кіріп-шыққан емес. Еңбекке баулудың орнына, «алақанына салып, әлпештеп» отырған немересі туралы мұғалім бірде қартқа ескертіп, былай деді:
- Балаңыз ерке, болбыр. Оны еңбекке үйрету керек.
- Шырағым-ау, әзірше өзімнің бойымда қуатым бар... жас баланың жанын жасытып, қабырғасын қайыстырып не бопты сонша...
- Ең болмағанда, бала өз киімін күтіп кисін, өз бөлмесін таза ұстасын.
- Ол жағын әжесі нетеді ғой.
- Әуелі, үстіне киетін киімді де мен киіндірем, - деп қалды әжесі. - Әйтеуір ұрсып жатып зорға киіндіреміз...
- Бағдат, бұның қалай? – деді мұғалім.
Бағдат ұяла қызарып, басын қисаңдатып, әжесіне ала көзімен бір қарап қойды да, мұрнын тартты...
Тәрбиенің маңызы қандай екенін, баланы қалай тәрбиелеу жолын осы қара шал да басқадан кем білмейтін шығар?! Нақыл сөздерді тақпақтап айтып, өз өнегесін жайлы мінезімен көрсетіп жүрген кісінің немере дегенде ақыл-парасатынан айырылып қалатынына қалай қынжылмассың? Әр нәрсенің шегі бар. Аса зор мейірім де шегінен асса, зиянды болатынын қадірменді қарт қайдан білсін?!
Бағдат басқа да ерке балалар сияқты ашушаң, қиқар, қыңыр, ызақор болды. Ол мына жарық дүниеде өзінен басқа қадірлі адам жоқ деп ойлады. Бірде ол баспа болып ауырып қалды. Кемпір-шал «асты-үстіне түсіп» жан ұшырды. Атасы көзінен аққан жасы сақалын жуып, уайымдап отырса, немересі сүйсіне түсіп: «Басым ауырып бара жатыр!» деп, бақыра жылайды. Сөйтіп, ол атасын үрейлендірген үстіне үрейлендіре түсті. Бұған кім кінәлі? Бүгінгі ерке Бағдат келешекте қандай болмақ?...
Еркелік - есерлік. Баланы ондай кеселден сақтау үшін, ата-ананың мейір-шапағатында сабырлылық (такт), «шыдамды сүйіспеншілік» қабілеті болу қажет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   133   134   135   136   137   138   139   140   ...   143




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет