Өктемдік пен сабыр сақтау
Баланы «қорқытып», өктемдік жасап, тәрбиелей алмайсың. Қаталдық, қатыгездік, қатаң талап қою сияқты құбылыстарды ажырата білу қажет. Мектепте «талап қою» деген термин бірінші орында тұрады. Ол – ұжымдық моральдың қағидасы. Қатаң талап қоюдың қаталдықпен «үш қайнаса, сорпасы қосылмайды». Біздің қоғамда талап қою әділеттілікпен сабақтас. Талап қою мен әдептілік арасындағы сабақ үзілсе, ол өктемдікке айналады. Өктемдік әдепсіздіктен туады.
Ұстаз өктемдік, билік етіп, қаталдық жасамайды, әдепті түрде педагогтық сабырлылықпен қатаң талап қояды да, оның орындалуын қадағалайды. Қойылған талап қадағаланбаса, талапты орындау жауапсыздыққа, оның соңы теріс әдетке, дағдыға айналады да, іс аяғы нәтижесіз болып шығады. Сондықтан ұстаз әдеппен талап қоя біліп, оның орындалуын сабырлы түрде қадағалайды. Педагогтық сабырлық, ұстамдылық, шеберлік болмаса, ұстаз кейде бұл істен қателік жіберіп алуы мүмкін. Педагогтік «сәл» қатенің өзінің үлкен зардаптары болады.
Ал, асқан шеберлікпен, тәсіл таба, талап қойып, оны қадағалаудың нәтижесі жемісті болады.
Бір мысал. Мен 3 сынып мұғалімінің сабағына қатысып отырмын. Сабақ басталды. Міне, кедергі... Асқар мен Асан бір орынға таласып, қағысып, қасарысып отыр. Асан «мен отырамын» деп, өр көкіректеніп, Асқарды итермелейді. Асқар тіпті міз бағатын емес. Оқытушы аз кідіріп, оларға қарады. Оқушылар «ишара білдіруден» жасқанатын емес. Оқтушы Асқардың қасарысуымен көп уақыт өтетінін сезді де, тез арада тәсіл тауып:
- Асан,сен Асқардың оң жағына отыр,-деді.
Асан ешбір сөз қайтармай-ақ жұмсара түсіп, Асқардың оң жағына келіп отырды. Сабақ жүріп жатыр. Жаңа сабақты бекіту кезінде Асқар оқытушының сұрақтарына жақсы жауап берді. Асан тіптен Асқарға риза болып отырды...
Қоңырау соғылды. Үзіліс кезінде екі дос аулада сырғанақ теуіп, бірге ойнап жүр. Олардың ойларында ешбір «кикілжің» жоқ. Асқар сабақ үстінде өзінің орынсыз қасарғандығы үшін оқытушының алдында іштей ұялып еді, енді досының «өкпелемегенін» көріп, көңілденіп жүр.
Талап қою - өктемдік емес, әдепті ұсыныс. Оның да әдіс-тәсілі үйлесімді болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |