ӘДІСТЕМЕ
«Ер Тарғын» жырын оқыту әдістемесі
«Ер Тарғын» жыры - өз ерекшеліктері бар шығарма. Ол – қазақ халқының қалмақ басқыншыларына қарсы күресін баяндайтын көркем жыр. Жыр негізінен XVII-XVIII ғасырдағы қазақ халқы мен қалмақтардың арасындағы шапқыншылық оқиғаларға байланысты туған.
«Ер Тарғын» жырының өзінше көркемдік стилі бар, варианты аз, қара сөзбен де, өлеңмен де өрнектелген эпос. «Ол халықтық негізде туған, халықтық сипаты бар көркем жырлардың бірі» (М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, 1965 ж., 212-бет).
Осындай тарихи маңызы бар, ерекше құрылған көркем жырды оқыту мұғалімнен білім мен әдістемелік шеберлікті керек етеді. Мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктеріне, білім дәрежесіне байланысты, әдістемелік және дидактикалық жұмыстарды күні бұрын жоспарлап алуға тиіс; сыныпта және сыныптан тыс жұмыстар айқын белгіленуі керек.
Әрбір жанрды оқытудың өзінше мақсаттары мен міндеттері бар. «Ер Тарғын» жырын оқытудың мақсаттары, негізінде, мына төмендегіше:
1. «Ер Тарғын» жыры алғашқы оқылатын жыры болғандықтан, батырлық шығармалар туралы оқушыларға түсінік беріп, жырдың маңызын айқындау.
2. Батырлық жырдың ерекшеліктерін түсіндіру.
3. «Ер Тарғын» жырының тарихи, тәрбиелік мәнін ашу.
4. Сабақтарда салыстыру әдісін қолдана отырып, жырды талдау арқылы оқушылардың отан сүйгіштік, адамгершілік, этикалық, эстетикалық сезімдерін арттыру.
5. Әдебиет теориясынан мәліметтер беру, оқушыларды көркемдеп оқуға үйрету, есте сақтау (жаттау) қабілетін дамыту.
«Ер Тарғын» жырын оқыту кезінде мұғалім мына жайларды ескеруі керек болады.
1. Батырлық шығармалардың халықтық өшпес мұра екендігін, жырдың маңызы мен мәнін оқушыларға терең сезіндіре білу.
2. Халық поэзиясын қадірлей білуге, оны сүйіп, өлеңдерін жаттап алуға жаттықтыру.
3. Жырдың мазмұнын, көркемдігін, тәрбиелік мәнін терең ашу үшін, көрнекі құралдарды орынды дайындап, тиімді пайдалану, жырдан көркем мысалдарды жатқа мәнерлеп айта білуді үйрету.
4. Жырдың негізгі кейіпкерлерін топтап жаздыру, кейіпкерлерге мінездеме жаздыру, әдеби теориялық түсініктер мен сөздіктерді жаздыру арқылы оқушылардың жазу тілін, білімін дамыту, ойлай білуге, жаза білуге үйрету.
5. Әдеби кеш, диспут, сәулелі сабақ, инсценировка, көркемсөз үйірмесі сияқты кластан тыс жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру.
Мен «Ер Тарғын» жырын жеке сағаттарға бөліп оқытуды былай жоспарладым:
1-сабақ (кіріспе-баяндау) - «Ер Тарғын» жырының тақырыбы, идеясы, мазмұны. Бұл сабақта «Ер Тарғын» жырының мазмұнына шолу жасалынып, жырдың тақырыбы – ерлік, отан қорғау екендігі, идеясы – халықты сүю, ел үшін ерлік жасау екендігі түсіндірілді, жырдың тарихи, тәрбиелік мәні ашылды.
2-сабақ (талдау) - «Ер Тарғын» жырының мазмұнын тақырыптарға бөліп, көркемдеп оқу, кейіпкерлерін топтау.
Бұл сабақта мен оқушылармен бірлесе отырып, жырдың кейіпкерлердің ұнамды, ұнамсыз жақтарын айқындадым: Тарғын мен Ақжүністің Қарт Қожақпен кездесуін, Тарғынның Домбауыл батырмен кездесуін оқушыларға рольдерге бөліп беріп оқыттым. Мұнда көркемдеп оқу шарттарын талап ету арқылы оқушылардың көркемдеп оқу қабілетін арттырдым. Оқушылардың көркемдеп оқудағы кемшіліктерін дыбыстық (магнитофондық) жазу арқылы айқындадым да, көркемдеп оқу үлгілерін үйреттім.
3-сабақ (пысықтай бекіту) - «Ер Тарғын» жырындағы негізгі кейіпкерлерге мінездеме беру.
Бұл сабақта оқушылар жырдағы ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлерді салыстыра (ауызша) мінездеме берді, ол үшін оқушыларға мінездеме берудің жолдарын үйреттім. Жеке кейіпкерлерге мінездеме беру кезінде оқушылар, мүмкіндігінше, көркем мысалдарды жатқа айтты, кейбір мысалдарды жырдан тауып, мәнерлеп оқыды, жеке кейіпкерлердің әлеуметтік, тарихи орындарын айқындады, ұнамды кейіпкерлердің үлгі өнегелерін дәлелдеді.
4-сабақ (қорыту) - «Ер Тарғын» жырының құрылысы, тілі, көркемділігі.
Бұл сабақта оқушылар жырдың құрылысын (сюжетін, композициясын), көркемдігін талдап, мінездеу, шендестіру, әсірелеу сияқты көркемдік тәсілдерге мысалдарды жатқа айтты. Мен әдебиет теориясынан мәліметтер беріп, жырдың құрылысындағы ерекшеліктерін түсіндірдім. Пысықтау, талдау үшін берілген сұрақтарға оқушылардың берген жауаптарын қорытындыладым.
Әдебиеттік оқу сабақтарында көбінесе, әңгіме әдісі мен көптеп сұрау әдісін қолдандым да, оқушылардың өздігінен ой қорыта, білуін ұйымдастырдым.
Мысалы: «Ер Тарғын» жырының кіріспе – баяндау сабағын мен былай өткіздім.
Сабақтың тақырыбы: «Ер Тарғын» жырының мазмұны, тақырыбы, идеясы.
Сабақтың мақсаты: «Ер Тарғын» жырының мазмұнын баяндау, тақырыбын айқындау, идеясын ашу, тарихи мәнін дәлелдеу.
Көрнекті құралдар: «Ер Тарғын» жырының мазмұнын жоспарлаған кесте, батырлық жырдың ерекшеліктерін көрсететін кесте, «Ер Тарғын соғыстан соң» деген тақырыпта салынған сурет, «Батырлық жыры» атты жинақ, «Ер Тарғын» опреасының ариялары жазылған үнтаспалар.
Сабақтың барысы: І. Кіріспе баяндау.
а) Тақтаға «Ер Тарғын» жыры деген тақырыпты жаздым да, оқушыларға сұрақ қойдым:
1. Батырлық жырлар деп қандай шығармаларды айтамыз? (Оқушылар әр түрлі жауап берді. Оларға жыр туралы түсінік бердім де, тақтаға «батырлық жыр» деген сөзді жазып қойдым).
2. Батырлық жырдың қандай түрлері бар? (Бұл сұраққа оқушылар толық жауап бере алмады. Оқушыларға батырлық жырлардың түрлері туралы қысқаша түсінік беріліп, тақтадағы сөздің астына екі айырым сызықшалармен дараланып «батырлық жыр», «ғашықтық жыр» деген сөздер жазылды).
ә) Өткен сабақта сыныптан тыс оқуға тапсырылғандықтан, тақтаға «Ер Тарғын» жырының мазмұны туралы жоспар (кесте) ілінді де, жырдың мазмұнын жоспар бойынша айтып шығу жеке оқушылардан талап етілді.
б) «Ер Тарғын» жырының мазмұнын оқушылардың баяндауларына байланысты толықтырдым: Ер Тарғынның қамалға шабуылын, Қарт Қожақпен кездесуін, Ақжүністің сұлулығын, тарлан аттың жан серік екендігін баяндайтын шумақтарды жатқа айттым. Бұл жыр «Ер Тарғын» операсына негіз болғандығын айтып, оқушыларға опера, арияларын басқан үнтаспаларды көрсеттім, «опера», «либретта» деген сөздерге түсінік беріп, сол операны жазған М.Әуезов пен Е. Брусиловскийдің суреттерін тақтаға ілдім.
ІІ. Талдау әңгіме. а) «Ер Тарғын» жырының тақырыбын айқындап, идеясын ашып, тарихи мәнін дәлелдеу үшін, тәрбиелік мәнін сезіндіру үшін, оқушыларға мына төмендегі сұрақтар қойылды:
1. «Ер Тарғын» жырында қандай оқиғалар баяндалды?
2. «Ер Тарғын» жырында қандай ерліктер дәріптеледі?
3. «Ер Тарғын» кімдер үшін күресіп, кімнің намысын қорғады?
4. «Ер Тарғын» жырында қай жерде болған оқиғалар баяндалды?
5. Ер Тарғынның қандай іс-әрекеттері мен мінез құлықтары бізге үлгі--өнеге бола алады? (Оқушылар қойылған сұрақтарға қанағаттанарлықтай жауап берлі, бір-бірінің жауаптарын толықтырды).
ә) Талдау әңгімені қорытып, оқушыларға мына төмендегіше қосымша түсініктер бердім:
1. «Ер Тарғын» жырының тақырыбы – ерлік, батырлық: идеясы – отан сүйгіштік, халықтың қамын ойлау.
2. «Ер Тарғын» жырының XVII-XVIII ғасырлардағы қалмақ хандықтарының шапқыншылықтарына қарсы қазақ ерлерінің берген соққылары баяндалады, халық жеңіске сенеді.
3. «Ер Тарғын» жырындағы оқиғалар батыс Қазақстанда Шаған, Еділ өзендерінің бойында болады. Бұл оқиғалар қалмақ шапқыншыларының Шығыс Қазақстаннан (Жоңғардан) Батыс Қазақстанға (Еділ мен Шағанға) дейін қазақ елін бүліншілікке ұшыратқанын, қазақ халқының шапқыншыларға қарсы ерлікпен, табандылықпен күрескендігін көрсетеді, ерлерді, ерлікті халық туғызды.
4. Қазіргі ерлік тек отанды қорғауға ғана емес, еңбекте, халыққа қызмет етуде көрінеді.
б) Талдау әңгіме кезінде мынадай қосымша жұмыстар жүргізілді:
1) Оқушыларға иллюстрациялар («Ер Тарғын айқастан соң», «Сыпыра жырау») көрсетіліп, онда оқиғалардың қандай кезеңдері баяндалатынын айту оқушылардан талап етілді.
2) Қазіргі халықтар мен қалмақтардың достығы, жалпы халықтар достығы туралы мысалдар келтірілді.
3) Жырдан көркем үзінділер оқылып, ол үзінділер жырдың қандай бөліктерінен екендігін айту оқушылардан талап етілді.
4) «Берен», «сарт», «некес», «зайыр» деген көне сөздерге түсінік берілді.
ІІІ. Оқушылардың білімін сұрақ-жауап арқылы пысықтап бекіту. Оқушылардың есте қалдыру қабілетін арттыру мақсатымен, жаңа сабақты пысықтап, есте қалдыру үшін мынандай сұрақтар қойылды:
Батырлық жырлар деп қандай шығармаларды айтамыз, батырлық жырлардың қандай түрлері бар?
«Ер Тарғын» жырындағы негізгі кейіпкерлерді ұнамды, ұнамсыз жақтарға қарай топта.
«Ер Тарғын» жыры қандай оқиғаларға байланысты туған?
Оқушалрға бірнеше карточкалар үлестірілді: онда жаңа сабақты пысықтау үшін мына төмендегіше сұрақтар қойылды:
«Ер Тарғын» жырында қандай оқиғалар баяндалады?
«Ер Тарғын» жырының Ер Тарғын мен Домбауыл батырдың айқасын баяндайтын шумақтарды мәнерлеп оқып, эпостағы оқиғалар болған жерлерді картадан көрсет.
«Ер Тарғын» жырындағы батырдың сенімді серіктері туралы айт.
Жалпы қойылған сұрақтарға да, карточкалар арқылы қойылған сұрақтарға да оқушылар белсенді жауап беріп, ықылас қоя, ынтамен қатысты. Жырдың тарихи мәні, мазмұны, тақырыбы, идеясы туралы оқушылар терең түсініп, сұрақтарға жақсы жауап бергендіктен 9 оқушыға жақсы баға қойылды.
IV. Тапсырма. «Ер Тарғын» жырының мазмұнын жоспарлап, әдебиет дәптеріне жазу, жырдағы негізгі кейіпкерлерді топтап жазу, текстен Ақжүністің сұлулығын бейнелейтін шумақтарды жаттау.
Мектептегі бағдарлама бойынша өтілетін күрделі материалдар сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар арқылы пысықталды, білімдік, тәрбиелік мәні арттырылып, оқушылардың есінде мәңгі қалды. Ол үшін сыныптан тыс жұмыстарды тиімді іріктеп, жоспарлап алдым.
«Ер Тарғын» жырын оқыту кезінде сыныптан тыс жүргізілген жұмыстар:
1. Әдеби көрме. «Ер Тарғын» жыры оқылған соң, «Ерлік-өнеге» деген тақырып бойынша, әдебиет кабинетінде әдеби көрме ұйымдастырылып, әдеби көрмеде жырдың мазмұнына сәйкес салынған иллюстрациялар, оқушылар салған сюжеттік суреттер, «Ер Тарғын» операсынан алынған фотомонтаж, фотоальбом, көрнекті кестелер, батыр қолданған қарулардың макеттері, батырлар жырының жинағы. Ер Тарғын ерлік көрсеткен жерлерді көрсететін карта көрсетілді. Көрме, толық ұйымдастырылып болған соң, оқушыларға көрмені көрсете тұрып, әңгіме өткіздім. Әңгімеге белсене қатысқан оқушылардың білімі бағалау кезінде ескерілді.
2. Сәулелі сабақ. Мектептегі фото үйірмесімен байланыс жасап, кестелердің, иллюстрациялы суреттер, үлкейтіліп көрсетіліп, сюжетті суреттердің астына жазылған түсіндірме сөздерді диктор оқушы оқыды. Керекті материалдардың бәрінен құрастырылып жасалып, ал фильмоскоп арқылы көрсетілді.
Сәулелі сабақ пысықтау сабағы ретінде өтілді. Онда оқушылар шығарманың мазмұнын, идеясын пысықтап қана қоймай, сол шығарманың ғылыми, тәрбиелік мәнін неғұрлым терең сезінді. Бұл сабақта оқумен тәрбиенің эстетикалық, көркем көрнекі мақсаттары орындалды.
3. Әдеби кеш. «Ер Тарғын» жыры оқылып болған соң, мектеп бойынша «Ерлік дегеніміз не?» деген тақырыпта әдеби кеш ұйымдастырдым.
Достарыңызбен бөлісу: |