Эстетика мен экология
Жарық дүниенің жарқын көркемдігі көз тартып, сезімге әсер етіп, өмірге қызықтырды. Жас бала тамылжыған табиғатқа, әсем әуезге, жан тебірендірер жақсы сөзге, айналадағы ақ көңіл адамдарға, әсерлі тұрмысқа қызығады, содан әсерленеді, көркемдікті түйсініп, оның мәнін түсінеді, әсемдікті танып, талғауды үйренеді. Жақсының да алуан түрі бар екенін көріп-біліп, бала оны таңдап, талғамына қарай ұнтады. Баланың көркемдікті қалауының шеңбері бірте-бірте ұлғайып, оның санасындағы эстетикалық мұрат қалыптасады.
Әрбір адамда жастайынан болатын өнерге бейімділік, көркемділікке құмарлық нышаны ұшқындана келіп, үйрену, дағдылану, еңбектену арқылы адам бойындағы дарынға айналады. Дарын дегеніміз – жеке адамның көркемділікке бейімділігі, әсмдік сырларының әсерін ұғынып, қабылдау қасиеті, әсемдікті әсерлене қабылдап, оны жан сала жаңғырту шеберлігі, көркемдік шыңынан көрінген нұр-сәуле.
Бала бармақтайынан-ақ айналадағы әсемдікке әсерлене қызығады. Талғау мен таңдауына дұрыс бағыт-бағдар бере алсақ, онда оның талғамы да жоғары болып қалыптасады. Сезіну, түйсіну, қабылдау, дағдылану сияқты психологиялық процестер арқылы оның дарыны дамып, жетіледі. Әсіресе, баланың табиғатқа қызыға құштарлануын қуаттап, эстетикалық бағдар бере білсек, бала игілікті еңбек арқылы қалаған мақсатына жете алады.
Жас бала, әсіресе, хайуанаттар мен құстарға қызыға қарайды. Оларды бағып, иемденіп, мәз болып, шаттанады. Бір әңгіме. Ауыл малын бағушы Есекеңнің кішкентай Жасұланы «құсқұмар» еді. Оның құмарлана аңсап, құс баққысы келетінін білген әкесі бір күні оған ұзақ құстың балапанын әкеп берді.
Маң-маң басқан қызыл өгізбен малдың соңынан келген Есекең баласына күлімдеп тұр. Ол қорбаңдап, көне-тоз қоржынынан бір нәрсе алып, баласына көрсетпек болды да, кенет есі шығып, қабағы түсіп кетті. Ұзақтың балапаны екі көзін тарс жұмып, аузын ашып жатыр. Жасұлан бала қуанарын да, ренжірін де білмей, аңырып тұрып қалды. Бала шыдамсызданып, балапанды әкесінің қолынан еппен алды да, әкеп, көгалдың үстіне жатқызды. Біраз уақыттан кейін балапанның дем алысы түзеле бастады. Ол қоржында жатып, тұншығып, талып қалған екен. Балапанға «жан кіре» бастағанын көріп, баланың жүрегі лүпілдеп, көңілі жадырай бастады.
Ұзақтың балапаны көзін ашып, қозғалақтап еді, бала қуанып кетті. Ол сарайдың ішіндегі бір бұрышқа балапанды түнде қондырып қойды да, түнімен қайта-қайта оянып, орнынан тұрып барып, балапанды көрген сайын, қуанышқа бөленді. Таң азанда ұзақтың балапанының «Қияқ! Қияқ!» деген сүйкімді үні баланы ұйқысынан оятып жіберді.
Жасұлан күндегісінен әлдеқайда ерте тұрды да, көгал арасынан шегіртке ұстауға асықты. Күнде шоршып, секіріп, қаптап жүретін шегірткелердің көпшілігі әлі де «ұйқысынан оянбаса» керек, олардың бірен-сараны ғана самарқау ырғып, баланың алдын орағытқындай болды. Жасұлан әуелі бес-алты шегіртке ұстап, балапанға әкелді. Оған «Қияқ» деп ат қойып, атын шақырды. Бала «Қияқ!» десе, балапан да «қияқ!» деп, аузын ашып, екі қанатын дірілдетті. Сол кезде бала бір шегірткені балапанның аузына салып үлгерді. Сөйтіп жүріп, ол балапанды әбден тойдырды. «Енді қанағат қыл, бөтегең жарылып кетер», - деп бала ернін балапанның тұмсығына тақап еді, ол «Менде тойым жоқ!» дегендей, «қияқ-қияқ!» деп, баланың аузына тұмсығын, жақындата түсті. Бала балапанның бөтегесін сипап көріп еді, томпайып-ақ тұр екен.
Жасұлан мен Қияқ сол күннен бастап айрылмас дос болып кетті. Бала құсбегі үлкендерден ұзақтың балапанын иемен асырау керек екенін сұрап алды да, оған күніне алты рет жем беретін болды. «Қияқ!» десе, екі қанатын дірілдетіп, аузын ашып, балапан Жасұланның алдына жетіп келеді. Біраз күннен соң балапанның аяғына таққан бауын да иесі шешіп жіберді. Күн ыстықта балапан пысынап, аузын аша бастаса, бала жалпақ табаққа су құйып, оның алдына қояды. Балапан құс тұмсығымен тамсап судан қанып ішеді де, табақтағы суға қанатын жанай батырып, аунап шомылады. Құсы рақаттанып шомылған сайын, иесі де көңілденіп қалады. Шомылып болған соң, Қияқ Жасұланның иығына қонып, қап-қара сүйір тұмсығымен қатайған салалы қанатының қауырсынын талдап тарайды. Құсының жұп-жұмсақ үлпекті мойнына иегін тигізіп, Жасұлан оның тұмсығынан сүйіп алады...
Кейін Жасұлан ер жете келе, нағыз құс өсіруші болып алды. Әкесі баласының еңбекке бейімділігін, іске мамандығын мақтан етіп жүрді...
Әрбір адамның табиғаттық, тұрмыстық эстетикаға көзқарасы, әсемдік талғамы мен көркемдікке құштарлығы өстіп еңбек үстінде дамып, қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |