Ұлттық тәрбие арқылы студенттердің шығармашылығын
арттыру тәсілдері
Студенттердің ұлттық тәрбие пәніне сәйкес шығармашылқ қабілеттерін байқап, бағамдау үшін белгілі бір тақырып бойынша ауызша (жалпы) әңгіме және жазуша анкета толтыру жұмысы жүргізіледі. Мысалы, "Ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәні" деген тақырыптың мазмұнын аша түсіп, ғылыми талдау, қорыту жұмыстарын жүргізу арқылы студенттердің шығармашылық қабілеттерін байқау үшін әуелі студенттердің шығармашылық қабілеттерін айқындау мақсатында мына төмендегіше анкетаны (сұрақ-жауапты) жазбаша толтыру ісі студенттерге ұсынылады.
Этнопедагогика пәні бойынша, ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәнін ашатын сұрақтар:
Ауыз әдебиетіндегі "терме", "термеші" деген сөздердің
мәнін баяндаңыз.
Өзіңіз қандай термені жатқа білесіз?
Қазақ әдебиетінің тарихындағы қандай термешілерді білесіз? (Атын атаңыз)
"Термелі сөз" (өнегелі сөз) деп қандай сөздерді айтамыз?
"Жыр" деп шығарманың қандай түрін айтамыз? (Өзіңіз жатқа білетін жырды атап, үзінді келтіріңіз)
Жырлау мен жыршының айырмашылығын баяндаңыз. (Ұлы жырауларды атаңыз)
Өзіңіз қандай жаңылтпаштарды білесіз?
Қандай жұмбақтарды білесіз?
Қандай мақал-мәтелдерді білесіз?
Қандай санамақтарды білесіз?
Қандай мазақтамаларды білесіз?
Өзіңіз шығарған жұмбақтарды, жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді, санамақтарды, мазақтамаларды мысалға келтіріп жазыңыз.
Әңгіме (сұрау-жауап) жазбаша (анкета толтыру) жұмысы арқылы студенттердің білімін және шығармашылық қабілеттерін айқыңдаған соң, ойын тәсілімен оларды топ-топқа бөліп, шығармашылық жарыс ұйымдастырылып, олардың дарын нышандарын айқындау жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, әрбір топтан өздерінше жаңылтпаштар, санамақтар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер шығарған студенттердің шығармаларын ойжарыс, сөз жарыс үстінде айқындауға болады: "бірінші топтың санамақ шығарушылары" қанша балл алғанын және шығармалардың көркемдік сапасы туралы көбінесе ұстаз-ғалым, кейде студенттердің "сараптаушы тобы" сараптай қорытып, өз бағаларын айтады. Сараптау қорытындысы бойынша, көп балл жинап, үздік шығармаларымен көрінген студенттер тобы және жеке студенттер атап өтіледі. Олардың ғылыми шығармашыпық қабілеттері, үздік шығармалары кейін оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаланылады.
Студенттердің этнопедагогика пәні бойынша ғылыми-шығармашылық қабілеттерін зерттеу үшін, олардың анкета арқылы берген жауаптары мен ойжарыста, сөзжарыста көрсеткен білімдарлығын ескере отырып, ұстаз-ғалым оларға өздерінің бағамдаған тақырыптары бойынша жазбаша зерттеу жұмыстарын жүйелі (жоспарлы) түрде тапсырады. Студенттер ұстаз-ғалымның тапсырмаларын орындап болған соң, сол ғылыми-шығармашылық жұмыстар бойынша жалпы студенттермен пікірталас, пікірлесу, айтыс, сөзжарыс, ойжарыс тәсілдерін қолданып, сараптау, саралау, бағамдау, бағалау жұмыстары жүргізіледі.
Білімпаздығы басым студенттердің шығармашылық дарындарын дамыту үшін, олардың шығармаларын жан-жақты әділ бағалап, шығармашылық жетістіктерін дәлелдеп, айқын көрсетіп, ынталандыру, ықыластандыру тәсілдері қолданылады. Мысалы, жеке студенттердің шығармашылық қабілеттерін айқындаған соң, жеке шығармалар бойынша әрбір студенттің жетістіктері мына жүйемен қорытындыланады:
Ғылыми шығарма (автореферат) қандай ғылыми ой тұжырымдарымен бағалы?
Шығарманың ғылыми және көркем тілі қандай ерекшеліктерімен бағаланады?
Автордың шығармашылық жұмыста көрінген дарын нышандары қандай?
Автор шығармаларын қайда, қашан пайдалануға болады? Т.б. жазу жұмысын тексергенде, немесе ауызша баяндау кезінде зерттеуге лайықты сұрақтарға студенттің берген жауаптарының мазмұндылығы ескеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |