6. ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ
ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЫНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ ҮРДІСТЕР
6. 1. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы құндылықтық
басымдылықтар
Қазақ халқының сан ғасырлардан бері өз уақытын күткен рухани түлеуге,
әлеуметтік жаңғыруға, этникалық бұлқынысқа деген ұмтылысы және сонымен
қатар ұлттық болмысындағы әмбебап дүниетанымдық мәселелерді терең
пайымдауға деген талпынысы негізінен іргелі мағынада ХХ ғасырдың басына
дөп келген еді. Сол тарихи кезеңде қазақ болмысында біршама сауатты, әлемдік
тарихи процестен жан-жақты түсінігі бар, этникалық өзіндік санасын
жетілдіруге ұмтылған ұлттық интеллигенция қалыптаса бастайды. Сөйтіп, қазақ
қоғамында алғашқы рет кең байтақ еліміздің әлеуметтік-этникалық кеңістігінде
өркениеттілікті, тұтастанған ұлттық дамуды мақсат еткен зайырлы қоғамның
принциптері қалыптаса бастаса, екінші жағынан ислам дінінің құндылықтары
қоғамдық санада жаңғырығып, әлеуметтік және саяси мәселелермен астасып
жаңаша маңыздылыққа ие бола бастайды. Діннің догматтық түрдегі таралуынан
гөрі жүрекке жайлы болатын, адамның рухани көзін ашатын формасына
қажеттілік арта түседі.
Қоғамдық сананың жаңа кейпі ретіндегі, исламды қабылдаудағы рефомизм
сияқты Жәдидизм бағытының қазақ жерінде орныға түсуі мен ежелден келе
жатқан сопылыққа деген құрметпен бірге беки бастайды. Сонау араб жеріндегі
мұсылмандықтың орталығы болған Меккеге, яғни Қағбаны нысана етіп алған
қажылық жасау үрдісі нығайып, оған баратын қазақтардың саны көбейе түсті.
Бұл процестердің тереңінде қазақ қоғамының өзін-өзі танып-білуге, әлеуметтік
дүниені өзгертуге деген үлкен талпынысы жатқаны белгілі болатын. Енді осы
мәселелердің кейбір теориялық тұстарына тоқтала кетелік. Ол үшін әлемдік
философия тарихына, оның ішінде қазақ философиясының тарихына қатысы
бар мәселер төңірегінде кейбір ойларды да ортаға салуды жөн деп санаймыз.
ХХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы философиялық ойдың, оның ішінде
құндылықтық бағдарлардың анықтала түсуі және халық арасында өрбіп отыруы
жайлы біршама еңбектер осы кезге дейін елімізде орыс және қазақ тілдерінде
жарық көргенін айта келіп, олардың кейбіреуінің біздің зерттеулерімізге өте
жақын келетін мазмұны бар екенін ескерте аламыз. Әрине, бұл жерде кеңестік
кезеңнің өз талаптары кейбір еңбектердің мәтініне өзіндік түзетпелер
жасағанын жасырмауымыз да керек. Әрине, ондай жағдайға барлық ғылымдар
саласы ұшырағаны да белгілі. Әсіресе, бұл жағдай өз дәуірінде гуманитарлық
салада біршама мағлұматтар берген К.Бейсембиевтің Прогрессивно-
демократическая и марксистская мысль в Казахстане. Алма-Ата: Наука, 1965-
303с. атты еңбегінен айқын байқалады. Ал кейінірек жарық көрген
А.Қ.Қасабеков., Ж.Алтаевтардың Қазақ философиясының тарихына кіріспе.
Алматы: Ер-Дәулет, 1994,-172б. Т.Х. Ғабитовтың Традиции и инновации в
казахской философии// Основы философии. Алматы: Ғылым, 1998.- 156с. /25-
63/О.А.Сегізбаевтың История казахской философии: От первых архаичных
343
представлений древних до философии развитых форм первой половины ХХ
столетия: Учебник для вузов. Алматы: Ғылым, 2001,-456б. Г.Ж. Нұрышеваның
Общественное сознание казахского общества начала ХХ века. Алматы, 2001.-
74с. деген іргелі еңбектерінде жаңаша мағынадағы тұжырымдар келтіріледі.
Әрине, жоғарыда аталған жұмыстардан басқа зерттеулер қазақ философиялық
ойының әр түрлі қырларын аша түскені белгілі. Олардың қатарына Философия
институтының мамандары дайындаған «Қазақ даласының ойшылдары» атты
философия тарихы бойынша дайындалған бес томдық топтаманы да атауға
болады. /1/
Жалпы ХХ ғасырдың философиялық ойы туралы жан-жақты тұжырымдар
келтіру үшін оның рухани бастаулары болған тарихи процестер мен рухани
бастаулар туралы сөз қозғағанымыз жөнді. Өйткені кез келген әлеуметтік
құбылыстың дүниеге келуі кездейсоқ дүние емес. Өмірде барлық процестер бір-
бірімен байланысып, себептік қатынаста болып, сабақтасып жатады. ХХ
ғасырдың басында Ресейдің көптеген қалаларында жоғары және арнаулы
білімдер алып келген қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары баспасөз ісімен
үлкен жауапкершілікпен айналыса бастайды. 1911 жылдан 1915 жылға дейін
«Айқап» журналы жарық көрді. Оның редакторы Мұқамеджан Сералин
болатын. Журнал қазақ жеріндегі әлеуметтік-саяси ойдың аграрлы-
демократиялық бағытын танытты. /2/ Ал 1912 жылдан 1918 жылдар ара-
лығында шығып тұрған «Қазақ» газеті либералды-демократиялық бағыттың
мүддесін қорғады және жердің мемлекеттік меншікке өтуіне қарсылық білдіріп
отырды. Жалпы «Қазақ» газеті ұлттық мүдденің жаршысына айналған болатын.
Ол газетті алғашқы рет «Алаш» партиясының бағдарламасы жарық көреді.
Жалпы бұл партияның негізгі мақсаты – Ресей мемлекетінің құрамында қазақ
автономиялық мемлекетін құру болатын. Ресейдің федеративті демократиялық
республика болғанын қалаған қазақ интеллигенциясы, оның құрамына енетін
әрбір мемлекеттің автономиялығын бекітіп, оларға толығымен бірдей
деңгейдегі құқық берілуі мен мүдделерінің қорғалуын қалады./3/ Бұл
әрекеттердің бәрі әрине толық тәуелсіздік алу жолындағы қазақ ұлтының ХХ
ғасырдағы алғашқы қадамы екенін қазақ зиялылары жақсы түсінді. Бірақ
осындай тәжірибе жинақтамай, үлкенді-кішілі мәселелерді жан-жақты
талқылаудан өткізбей ұлттық болмысымызды өзгертуге болмайтындығын да
зерделі азаматтар жақсы түсінген іспетті.
Міне, сөйтіп қазіргі егемендікке, еркіндікке қол жеткізген Қазақстан Рес-
публикасының саяси мүддесінің негіздері ХХ ғасырдың басында-ақ қаланған
болатын. Ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық осы үлкен игілігі қадам-
дардан жақсы байқалады. Ендігі мақсат – ата-бабаларымыздың арман-ниетінен,
қажырлы іс-әрекетінен дүниеге келген, көп күтіп, ХХ ғасырдың аяғында ғана
қолымыз жеткен «тәуелсіздік» деген Тарихи Құнды Игілігімізді пендешілікті
қуған қандастарымыздың ұсақтанған дау-дамай әңгімелерінің құрбаны етіп
жібермеу, оны қастерлеп, еліміздің әрбір азаматының өмірінің мәнді болуына
бағыттау болып табылады.
Әрине, қазақ қоғамында оған дейін де, яғни Х1Х ғасырдың соңында ха-
лықтың өзіндік рухани құндылықтар жүйесін білдіріп отыратын газет шығару
344
тәжірибесі қалыптасқан болатын. Мәселен, 1870 жылдан 1882 жылдар
аралығында жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті», 1988-1902
жылдарындағы «Дала уалаятының газеті» Ташкент пен Омбы қалаларында
шыққаны белгілі. Бұл газеттерде көптеген этностық сана үшін маңыздылығы
зор мақалалар жарияланады. Мәселен, қазақтың ауыз әдебиеті мен салт-
дәстүріндегі ерекше белгілер алғашқы рет әлеуметтік талдау тұрғысынан
талдаудан өтеді. Сонымен оқырмандар алғашқы рет Шығыстың інжу-мар-
жандарымен осы баспасөз беттері арқылы тікелей танысады. Қазақтың бетке
ұстар ұлттық интеллигенциясы, ойлы азаматтары осы баспасөздердің бет-
терінен көріне білді. Ал, енді ХХ ғасырдың басындағы жаңа құндылықтық
бағдарлардың жалпы сипаттамасы, жаңа өмірге деген бетбұрысы, ұлттық са-
наның өзіндік деңгейінің көтеріле бастауының нышаны жоғарыда аталған
«Айқап» пен «Қазақ» беттерінен көріне білді./4/
Жоғарыда аталған әлеуметтік-саяси процестердің маңыздылығы ерекше
және олар қазіргі Қазақстан жағдайындағы қоғамдық сананың бағыт-бағда-
рының өркендеуіне де ғасырлар астарындағы түпкі себептерінің қатарына
жатады. Сондықтан тарих қойнауындағы күрделі процестерді әлеуметтік–
философиялық, мәдени-философиялық және тарих философиясы тұрғысынан
талдаулар жасай түскеніміз абзал. Олар тек қана тереңдетілген кейіптегі алдағы
зерттеулердің нысаны болғанда ғана жөнді нәтижелер береді. Дегенмен қазіргі
кезеңде елімізде, көрші мемлекеттерде осы мәселелердің төңірегінде біршама
теориялық конструкциялардың қалыптаса бастағанын да ескерте кете аламыз
және оларға осы тарауда қысқаша тоқтала кетуді де жөн көрдік.
Жалпы тарихи процесті философиялық талдау барысында өзара тығыз
байланысты екі маңызды құбылысты байқаймыз. Біріншісі – тарихи кезеңдерді,
тарихи деректерді, тарихи тұлғаларды жан-жақты зерттеуден тұрса, екіншісі –
зерттеу қорытындыларын ғылыми ортаға, жалпы оқырманға белгілі бір
деңгейде дәйектелген тұжырымдар ретінде жеткізе білу болып табылады.
Кейде осы екі құрамдас бөліктен бір жүйенің ішінде өзіндік қайшылықтар
туындауы ғажап емес. Себебі тарихи процесті барынша терең игердім, түсіндім,
оның әрбір қалтарысына лайықты баға бердім деген зерттеушінің өзі кейбір
ойларын қисынды, нақты тұжырымдармен жеткізе алмауы да мүмкін. Немесе
қоғамда болып жататын процестерге, оның бетке шыққан көріністеріне
құбылыстық деңгейде ғана сипаттама жасап, ондағы мәндік негіздер
қамтылмай қалу қаупі де жоқ емес. Сондықтан Тарих философиясымен, немесе
философия тарихымен айналысқан зерттеуші тек қана өзінің жеке
дүниетанымдық шеңберінде шектеліп қалмай, замана туындатқан Ақиқатты
іздеудің жаңа тәсілдерін, болашаққа жол ашатын әмбебаптық үлгілерін игергені
абзал. Бұл жаңаша логиканы қажет ететін, жаңаша құндылықтық жүйені
басшылыққа алуды үйрететін сала. Ғасырлар бойы қордаланған рухани байлық,
рухани мұра өзін танытары анық.
Тарихи процесс кәсіпқой тарихшылар тұрғысынан алғанда негізінен ба-
яндалу әдісі арқылы тұжырымдалады. Әрине, бұл тәсілдің белгілі бір деңгей-
дегі құндылығын жоққа шығаруға болмайды. Ол тарихи деректер тізбегін
жасауда, кейбір тарихи оқиғаларды бейнелеуде өзінің жемісті ғылыми нәти-
345
желерін берері анық. Әсіресе, қоғамдағы үлкен бетбұрыстар болған кездерде
әлеуметке тарихи шындықты жеткізуде бұл тәсілдің орны ерекше. Дегенмен,
баяндау тәсілі арқылы философиялық терең пайымдаулар жасалмай қалатын
кездер жиі кездеседі. Тарихи процестің терең қатпарлары зерделенбей қала-
тыны анық. Оған бола тарихшылардың орасан зор еңбегін жоққа шығаруға да
болмайды. Осындай жағдайда тарих философиясының көмегі қажет-ақ. Ал
тарих философиясының негізгі зерттеу нысаны тарихи процесс екені белгілі.
Өткен тарихи кезең – ХХ ғасыр болса адамзаттың ең күрделі күндерін өткізген
шақ болып табылады. Ал қазақ халқына ол уақыт оңайға соққан жоқ. Енді міне
өткеніміздің сараптап, өшкенімізді жандыратын шақ келді. Әсіресе, қазақ
философиясының осы тарихи дәуірге тән ерекшелігін айқандай түсу абыройлы
іс деуге болады. Сондай күрделі саланы тереңдеп түсінуге үнемі оралып
отыруымыз артықтық етпейді.
Жалпы қазақ жеріндегі күрделі тарихи процестердің түпкі астарына
үңілетін болсақ осындай тағдырға мойынсұнушылық терең бекігендігін
байқаймыз. Әрине, мойынсұнудың да әр түрі бар. Біріншісі, діни ақиқатты
негізге ала отырып, әрбір құбылысқа жоғарыдан берілген белгі, қатаң шара-
сыздық ретінде қабылдау арқылы мойынсұна тіршілік ету. Екіншісі, «күшті
қорқытады, терең батырады» деген принципке сүйене отырып әлеуметтік
теңсіздіктің қисыны сай өмір сүруге тырысу болып табылады. Әрине, одан
басқа да түрлері кездесуі мүмкін. Себебі, өзінің ақылын, ойлау жүйесін тіршілік
ету барысында әр түрлі бағытта белсендендіре алады. Тек оның нәтижелері
қандай болатынына әлеуметтік субъектілердің барынша терең бойлай
алмайтындығы қарапайым сана үшін үлкен мәселе болып табылады. Әйтпесе,
тарихи сананың кейбір қатпарларындағы көптеген жаңылысулар орын алмаған
болар еді.
Ал, енді қазақ халқының тарихи процестегі рухани дамуға қарай белсенді
қадамдары сол
халықтың ішінде өмір сүрген данагөй тұлғаларының іс-әре-
кеттері, шығармашылығы арқылы жүзеге асып отырды десе болады. ХХ ға-
сырдың басына дейін өмір сүріп халықтың рухани әлемінде терең із қалдырған
тұлға – Абай Құнанбаев екенін мойындағанымыз белгілі. Абай айтқан терең
ойлар, керемет құндылықтар жүйесі өзінің жастарды тәрбиелеуші құдіреті
бойынша әмбебап күшке айналғанын қазіргі ХХ1 ғасырдың өзінде айта аламыз.
Әлемді билеуші күш адамға байланысты оның дүниеге деген ыстық ықыласы,
яғни махаббаты екендігін өте әсем жеткізген рухани тұлға екенін ескере
отырып, бұл түсініктің сонау Қожа Ахмет Иассауи жырларынан қазақ
даласында бастау алатын тарихи бар екенін атап өте аламыз./5/
Абай үшін дүниені терең танып білу үшін, оны әрбіпр адам жүрекпен қа-
былдап, ақылмен електеп, барлық білім көздерінен сусындап, үлгілі мәдени-
еттерден үйреніп қана жүзеге асыруға болатындығымен байланысты. Мәселен,
төмендегі жыр жолдары адам ішкі дүниесіндегі ұлы тәртіпті, өзара байланысты
басқа әлемнен сапалы түрде ажыратып тұр емес пе?
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса
346
Хайуанша жүріп күнелтпек. /6/
Ал, енді Абайдың ойы қазақ даласында өз заманында кең тарамаса да, оған
ұқсас өмір туралы ойға шомуы, оның мәні мен онтологиялық негіздерін іздеуі,
аксиологиялық иерархиясын анықтауы ағартушылық жолында жүрген зерделі
жандар үшін ХХ ғасырдың басында үлгі боларлық сипатты іске айнала
бастайды. Бұл да қазақ қоғамының интеллектуалдық, философиялық
құрылымдарды өз қоғамдық санасында гүлдендіре бастауының белгісі болатын.
Мәселен, Ғұмар Қараштың «Өмір пәлсапасы» деген өлеңінде адамға берілген
тіршіліктің құндылықтық астары былай деп сипатталады:
Мысалы мынау жалған бір жел қайық,
Қылп етіп, қия бассаң кетер тайып,
Таяныш тұрағы жоқ болғаннан соң,
Бұлайша мысал етсек болар лайық.
Таянып тұрақсызға көңіл қойып,
Тіршілік бес күн небар тиген еншің
Пайдалан мейлінше қанат жайып.
Аз еншің, өкінішті жолға шашпа.
Келуі қайта айналып алмағайып.
Қалмайды ізі – жолың бұ жиһанда,
Кеткен күн тағдыр суы жуып, шайып.
Нені іздеп келіп едің, қайда кеттің,
Бұл жұмбақ шешуі жоқ таңғажайып.
Анық сол: атқан таңдай әзі ғұмыр
Уақыты бітсе кетер әлі-ақ байып /7/
Бұл өлең жолдарынан қазақ ойшылының өз дәуіріндегі экзистенциалдық
дүниетанымының кейбір қырларын аңғарамыз. Өмір деген үлкен жұмбақтың
шешуін табамын деп әуреленбе, одан да кең қанат жайып өмір сүріп, пендеге
берілген уақыттың өзі бекер емес деген ойды тұжырымдайды. «Өмір» фено-
менін өзінің шығармашылығына арқау еткен Ғұмар Қараш қазақ даласында
образды түрде бейнеленген «бес күндік өмір» түсінікті өз жырында қолданады.
Дегенмен, өзінің дүниетанымын пессимистік, боркеміктік бағдарда ұстамайды
және өмірді жай ғана, мағынасыз, жауапкершіліксіз өткізе салу дегеннен аулақ
болуға шақырады. Міне, сондықтан халқымыздың мәдени мұраларын, данагөй
сөздерін зерттеу барысында байқалатыны қазақ ойшылдарының бір-біріне
деген рухани жақындығы осы мәселе төңірегінде айқын байқалады, яғни
олардың көбісі дүниенің ішкі имманенттік күші адамды адамгершілікке,
руханилыққа итермелейтініне кәміл сенеді. Ал Абай болса осы күшті нағыз
махаббаттың, адами сүюдің белгісі ретінде айшықтап көрсетеді. Махаббатты
дүниені ұстап тұрған нағыз құдірет екендігіне өздері ғана сеніп қана қоймай,
бүкіл ел-жұрттың осы ғаламат күштің алдында бас июін, әрбір ісін осы
кереметпен астастыра отырып атқарғанын қалайды.
Өткен ХХ ғасырдың басында гуманистік ой-сананы қазақ топырағында
барынша биік деңгейге көтеруші ойшылдардың қатарына Шәкәрім Құдай-
бердіұлын жатқызамыз. Оның діни-философиялық тұжырымдары негізгі фи-
лософиялық еңбегі «Үш анықта» келтірілгені ғылыми көпшілікке белгілі. Діни
347
философияның шешетін негізгі мәселелерінің қатарына жан мен рухтың өзара
байланысы, рухани дамудың тылсым күшін байыптауға тырысу жататыны
белгілі. Шәкәрімнің бұл сұрақтарды зерделеуде төмендегідей қорытындыларға
келгенін көруге болады: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен
көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан.
Ұждан дегеніміз ынсап, әділет, мейірім»[8] дей келіп, руханилықтың
субстанциялық орталығын, оның барлығын біріктіруші шынайы өзегін таба
біледі. Міне, сондықтан осындай типтегі философиялық дүниетанымды біз
нағыз гуманистік құндылықтық жүйе, халық үшін болашаққа жетелер мұрат
пен бағдар деп атар едік.
Шәкәрімнің ойлары нағыз биік тұлғаға тән тұтастанған дүниетаным қазақ
ойшылында ХХ ғасырдың басында-ақ қалыптасып үлгіргенін білдіреді. Ал
осындай дүниетанымдағы біртұтастыққа жеткен көрнекті тұлғалар, тарих да-
ралары қай халықта болса болғаны анық. Бірақ, өкінішке орай бұндай аксио-
логиялық тұжырымдар Шәкәрім өмірінен кейін көптеген жылдар өткен соң
ғана айтыла бастады. Тек адамның жан дүниесінің, рухының мәңгі екендігін
айтудың өзі үлкен данаға тән көрегендіктің белгісі болатын. Осындай руха-
нилыққа толы әрекеттердің халық үшін бекер еместігін қазіргі кезеңде ғана ой
талқылауынан өткізе бастағанымыз байқалады.
Шәкәрімнің қазақ мәдениетіндегі орны мен философиялық ой тарихындағы
атқаратын қызметі жайлы төмендегі пайымдаулар нақты берілген әділетті баға
дей аламыз: «... Шәкәрім өзіне дейінгі болған, өзінің рухани ұстаздары Шоқан,
Ыбырай, Абайға қарағанда, грек, Еуропа кәсіби философиясының тарихымен
тікелей шұғылданып, оларды тек танып-біліп қана қоймай, ол өз пікірлерін,
ойларын ортаға салып, айта отырып, өмірге қазақ кәсіби философиясының
іргетасын қалап, өзі де нағыз қазақтың алғаш кәсіби философы атанды. Сөйтіп,
қазақ философиясының деңгейін әлемдік философияның қатарына қосуға
жақындата түсті. Біздіңше, ұлттық философиялық тұғырнамамыздың бастауы,
қалыптасуы осы кемеңгер ойшыл, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлынан
басталады деп батыл айта аламыз»/9/
Әйтпесе, жалпы адам өмірінің барлық құндыдлықтық іргетасы шайқалып,
мағынасыздық құрылымдары өзінің билігін жүргізер еді. Қазіргі Батыстың
қазіргі постмодернизм бағыты осы мағынасыздықтың бел ортасында жүргендей
күй кешуде. Жеке бастың даралылығын барынша дәріптеу, әрбір тұрақты
рухани құндылықтың өзіне күмәнмен қарау ХХ ғасырдың екінші
жартысындағы Батыс философиясының ерекшелігіне, ішкі қасиетіне ай-
налғанына талай жылдардың жүзі болды. Міне, сондай жағдайды философия
әлемінде қанағат тұтынушылар көбейіп жатқандығы әлемдік рухани дағда-
рыстың белгілерін танытады. Әрине, оның бәрі бекер емес болатын. ХХ ға-
сырдағы әлеуметтік төңкерістер, дүниежүзілік соғыстар әрбір жеке адам үшін
жөнді ешнәрсе бермеді, есесіне топтық, таптық өзгерістерге деген сенімін
жоғалтты.
Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлердің идеялары тарих қатпарларында
жатқан гуманистік идеялардың жандануына түрткі болды. Міне, сөйтіп, екі
жақтан түйіскен белсенділік ұлттық болмыстың біршама жетілуіне әкеліп
348
соқты, заман көптеген тарихи тұлғаларды туындатты. Бұл қазақ қоғамының
саяси тұрғыда сауаттана түсуімен қатар әлемдік өркениеттегі маңыздылығы
жоғары құндылықтар дүниесімен танысуға мүмкіндіктер ашты. Патшалық
Ресей барынша қараңғылықта ұстамақ болған өзінің боданындағы, тәуеліндегі
елдерде мәдени гүлденудің қажеттілігін мойындағысы келмеді. Қазақ
интеллигенциясының буржуазиялық-демократиялық революцияға, тіптен, одан
кейінгі социалистік революцияға кейбір үмітпен қарауының себебі түпкі
қайшылықтардың шешілмей келуінде болып тұрған еді. Ал, Мұстафа Шоқай,
Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, жоғарыда аталған Міржақып Дулатов
және т.б. көптеген қазақ қоғамының бетке ұстар көрнекті қайраткерлері халық
үшін тәуелсіздік келмей қайшылықты мәселелер тиісті шешімін таба алмасын
білді. Міне, сондықтан алдымен «ұлттық-мемлекеттік автономия» идеясын
жүзеге асыруды ойласа, оның арғы жағында егемендік алу, тәуелсіздікке қол
жеткізу сияқты қадамдар жасалынатына нық сенімді болатын. Осындай саяси
бағдарлар қазақ қоғамын барынша түлете түсті.
Қоғамдық сананың жоғары руханилыққа, білімділікке қарай ұмтылуы, әрбір
азаматтың сауатты да ақылды болуына жол ашу түбінде әлеуметтік дүниедегі
жетілуді, үйлесімділікті өркендете түсетініне ХХ ғасырдың басында өмір
сүрген қазақ зиялылары да ерекше көңіл бөліп, үлкен мән беріп отырған.
Мәселен, халқының мәдени, азаматтық және рухани жетілуінің қамын ойлаған
Ахмет Байтұрсынов төмендегідей тұжырымдарын көпшілікке ұсынады:
«Осындай жұртқа пайдалы, үлгі аларлық жақсы істі жұрттың құлағына салып,
біздің айтайын деп отырғанымыз мынау: білім жарысын істеу әр жұрттың
қолынан келетін іс. Істейін десе, қазақтың да қолынан келеді. Европадай зор
істеуге болмаса да, бойымызға шағындап, «сабасына қарай піспегі, мұртына
қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады. Осыны есімізге алып, Европа үлгісін
қазақтың мүшесіне лайықтайық»[10]. Қазаққа керек үлгіні Европадан іздеудің
арғы жағында қазақ қоғамының жетілу тетіктеріне алаңдашылықтар жатыр
деген ойдамыз.
Қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытов өз заманында
айтқан мынандай сөздері халыққа деген терең жанашарлығының айғағы болып
табылады: «Біздің халықтың ішінде жік те жоқ, құл да жоқ. Біртегіс өнер білім
алуға құқы бар, ерікті теңдес азаматтары ғана бар екенін білеміз. Біздің
мақсатымыз: өнер – білімнің жарық сәулесіне ерікті азаматтарға жол ашу,
тұйықта жатқан сансыз таланттардың (озаттықтардың) өрбуіне себепші болу.
Сөйтіп, өнер, білім жемісін халыққа тегіс жеткізу әр адамның ақыл күші да-
муына кең майдан ашамыз, көпке бірдей білім негізін құрамыз»[11]. Міне,
қоғамдық қайраткердің адамның рухани жетілуіне бағытталған идеялары
қоғамдық болмыстағы субъектіні белсенділікке шақыруына ұласады. Сол
арқылы қоғамдық қайшылықтарды шешуге болатындығына сенеді. Бұл түпкі
негізінде гуманистік ойлау стилі жатыр, адамсүйгіштік қасиеттер жатыр дей
аламыз.
Тұтастанған дүниетанымның иегері әр уақытта елдің бірлігін, мемлекеттің
тұтастығын, халқының білімділігін ойлайды. Өзінен гөрі өзгенің қамын көбірек
ойлау нағыз руханилықтың белгісі екені анық. Осындай қасиеттердің иегері,
349
қазақтың ХХ ғасырдың басындағы діни философиясының өкілі Мәшһүр Жүсіп
Көпейұлы болып табылады. ХХ ғасырдың басындағы ислам әлеміндегі
модернистік-ілгерішіл қозғалыс – жәдидшілдіктің усули-и-жәдид (жаңа әдіс),
оқыту әдісін, ғылым-білім мен дін үйлесімділігі туралы тәрбиелілік, өнегелілік
маңызы бар пікірлер толғаған ағартушы-ойшыл./12/ Оның халық бірлігін, ұлт
тұтастығын негізгі құндылықтық бағдар еткен өмірлік позиция төменгі жыр
жолдарын анық байқалады:
Асқынды болып жара-жауырларым,
Тіпті жоқ жазулы істі ауырларым.
Бірлік қыл, басыңды қос, пайдаңды ойла,
Қазағым, қайран халқым, бауырларым /13/
Қазақтың кең даласын өзінің нәзік лирикасымен өрнектей білген Мағжан
Жұмабаев сынды керемет ақынымыз өзінің көркем образдарға толы дүниета-
нымын поэзиясында жеткізе білген. Ол өзінің «Бір күні» деген философиялық
сипаттағы өлеңінде тіршіліктегі өзара бәсекелестің бітпейтін негізінің
құпиясын іздейді. Бұл құбылыстың негізінен күшті мен әлсіздің арасында
туындайтынына мегзей келе осы текетірестің нәтижесі қандай деген сауал да
қойып үлгереді. Әрине, күштінің басымдық танытатын кезеңі көбірек болады.
Енді жағдай сондай болды екен деп әлсіз үнемі жүнжіп жүре беру керек пе?
Осы жерде ақын «күшсіздер де тырыссын, қатар болсын!» деген өз шешімін
ұсынады. /14/ Шыныменде әрбір табиғат мүшесінің, әрбір жеке адамның,
әлеуметтік субъектінің ішінде игерілмеген күш бар, ашылмаған мүмкіндіктер
бар. Солар дүниеге паш етілгенде ғана ол жаңаша қырынан танылады. Бұл
керемет диалектикалық заңды Мағжан Жұмабаев барынша түсінікті көркем
баяндаулармен өз оқырманына жеткізеді. Жалаң саясаткершіліктен гөрі,
осындай шығармашылықтың халықтың зердесіне рухани құндылық болып
орныға қалар мүмкіндігі көбірек. Себебі, қазақ халқы өлең сөзге, оның қадіріне
өте үлкен мән-мағына берген және оны өзінің діліне жақын еткен халық болып
табылады.
Шын мәнінде өмір деген үлкен теңіздің бойына бойлау үшін әрбір адамның
ішіндегі өзімшілдіктің қорғанын бұзып, оны барынша азайған, басқаша
айтқанда зерделенген күйге түсіруі керек. Ол дегеніңіз Мағжан айтқандай
«рухани күшсіздердің күшейуін қажет ететін нәрсе.» Атақты ақынымыз бо-
лашақ ұрпақты осындай маңызды нәрселерге назар аудартып отырын
байқаймыз. Әрине, бұл ойды бұрмалап, тіршілікте басқаша түсінуге ты-
рысқандар өмірдің ащы дәмін тартары анық. Әркімнің жетілу барысында, тұлға
ретінде қалыптасу жолында өтуге тиісті соқпағы, алуға тиісті асуы бар екені
белгілі. Сондықтан ол да кейбір пенде үшін қажетті өмір мектебі.
Әрине дүниедегі барлық қайшылықтардың шешімі бір сәтте табыла кет-
пейді. Әлемнің, тарихи субъектінің тарихи процестегі даму заңдылығына
сәйкес жетілудің өзіндік сатылары, кезеңдері мен бұрылыстары, қайшылықтары
мен белестері болады. Ал социумдағы, тұлғалық жетілудегі биік шыңдарға
жетуге тек шаршауды білмейтін, қайраты қандай істе болмасын қажымайтын,
атқарған әрекетінің қоғамдағы тек әділеттілік үшін қызмет ететініне сенген
жандар ғана шыға алады. Оның дұрыс немесе бұрыстығына, нәтижесі игілікті
350
ме, әлде бір сәттік тез оңып кетер әсіреқызылдай дүние ме? Оны Уақыт деген
үлкен сарапшы, Ақиқат деген қатаң сыншы өлшеуден өткізеді. Сонда ғана
құндылықтардың шынайы бағасы, парқы белгілі болады. Оған дейінгі адами
ізденістер сол ақиқаттың өлшеміне бір қадам болса да жақындай түсуге тырысу
болып табылады.
Әдебиеттер
1. Қазақ даласының ойшылдары (ХУ-Х1Хғғ) 4-кітап. Алматы: Философия
және саясаттану институтының компьютерлік-баспа орталығы, 2004.-309б
2. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти то-
мах. Том 3. – Алматы: Атамұра, 2000. – 768. /624/
3. Бөкейханов А., Байтұрсынов А., Дулатов М. «Алаш» партиясының про-
граммасы // Қазақ. 1917.№ 251.
4. Нурышева Г.Ж. Общественное сознание казахского общества начала ХХ
века: Учебное пособие. – Алматы, 2001.- 74с. /38/
5. Иасауи Қожа Ахмет Диуани хикмет. Алматы: Мұраттас, 1993.- 325б. /61-
62/
6. Құнанбаев А. Қара сөздер. Поэмалар. Алматы: Ел, 1993, -154б. 38 сөз. /
103/
7. Қараш Ғ. Өмір пәлсапасы // Замана. Алматы, 1994,- 240б /122/
8. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. Алматы: Қазақстан, 1991,-80б /6/
9. Философия тарихы: Оқулық. / Ж.Алтай, А.Қасабек, Қ.Мұхамембетәли.
– Алматы: Жеті жарғы, 1999.-288б. /257/
10. Байтұрсынов А. Білім жарысы // Қазақ. – 1913.- 31 мамыр.
11/. Аймауытов Ж. Шығармалар жинағы. 4-том. Алматы, Ғылым, 1998,-
446б. /281/
12.Бейсенов Б.Қ. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әлеуметтік философиясы.
Философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайын-
далған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2002.- 20б /8/
13. Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп. Таңдамалы. Т.1.Алматы: Ғылым, 1990.-274б.
/24/
14. Жұмабаев М. Жан сөзі: Өлеңдер мен дастандар. – Алматы, Раритет,
2005.- 256 б. /8-9/
Достарыңызбен бөлісу: |