76
2. ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ОЙШЫЛДАРЫ
2. 1. Орхон жазбаларындағы дүниетанымдық бағдарлар
Түркілердің көне дүниесі Азияның бірталай кеңістігін алып жатқаны белгілі.
Моңғолия территориясынан өтетін Орхон өзені де түріктер үшін мекен болған
жер екені де, қазіргі замандастарымызға белгілі. VI-IX ғасырлар арасында
пайда болып халқымыздың ежелгі рухани, мәдени мұрасының белгісіндей
сипатқа ие болған Орхон жазбалары қазіргі замандастарымыздың жалпы
әлемдік мәдениетті сол тарихи кезеңге тән түркілік қоғамның дүниетанымдық
жүйесінен хабардар етеді. Сонымен қатар оның өзіндік биікке көтерілген
мәдениеті болғанын танытады.
Білге қаған (хан), Күлтегін (әскербасы), Тоныкөк (кеңесші) сияқты ірі
тұлғаларға арнап тұрғызылған құлыптастардағы жазулар тарихымыздың өткені
шытырман оқиғалы кезеңдерге толы болғанын көрсетеді. Негізінен Тәңірілік
діннің басымдық танытқанын байқаймыз. Қазіргі кезеңде зерттеушілер
Тәңіршілдік дінінің табиғатқа, оның заңдылығына, үйлесімділігіне жақын
екендігін жиі айтып жүр. Яғни ол шақ әзірге ислам дінінің түркілер еліне әлі
келе қоймаған кезіндегі жағдай екені Орхон мәтіндерінен анық көрінеді.
Бұл жазулардың тұңғиығында Абсолюттың суық та әділ, қатал да үйлесімді
заңдылығын мойындау жатқанын байқаймыз. Жалпы табиғаттағы заңдылық
77
табиғи іріктеу принципіне жүгінеді. Күштілер жеңеді, әлсіздер оларға бағынады
немесе осы бәсекелестікте өздерінің орындарын күштілерге береді. Түркілердің
ежелгі замандағы дүниетанымдық бағдарлары осы тәртіпке тікелей бағынған
болатын. Бірақ осы процестердің астарында жоғарыдағы Әділетті күштің
мейіріміне бас ию де жатқан болатын.
Сөйтіп, еларалық қатынастардың осындай қарсыластық шендесуден тұру
кезеңі адамдар үшін үйреншікті жайға айналғанын байқаймыз. Дегенмен сол
тарихи кезеңде этикалық принциптердің өзіндік келбеті қалыптаса бастағаны да
байқалады. Мәселен, алда тұрған қарсыластың күшін санымен емес, сапасымен,
яғни рухының күшімен анықтау бағалаушы бағдар ретінде қалыптаса бастайды.
Сондықтан түркілер үшін батырлық ұғымы тек шеберлікті білдірмейді, ол
рухтың шыңдалғандығын танытады. Міне, осыған ұқсас ойларды Платонның
«Мемлекет» деген шығармасынан кездестіреміз, яғни ежелгі гректер үшін
үлкен территориясы бар мемлекеттің немесе әскерлер тобының қажеттілігі жоқ
екендігі айтылады. Оның орнына аз да болса жетілген, шыңдалған, рухы мықты
жауынгерлер ғана мемлекетті жақсы қорғай алатындығын ескертеді. Әрине,
мемлекетті қалай орналастыру, қорғау, дамыту жөніндегі пікірлер көп екенін
белгілі.
Әрине, түркілердің көшпенді өркениеті отырықшы елдердегі тұрақтылыққа
бейімделмеген болатын. Сондықтан түркілердің кеңістік пен уақыт туралы
түсініктері ерекше сипатта болғанын аңғарамыз. Олар өздерін Ғарыштан,
табиғаттан, өздерінің туған жерінен бөліп алып қарастырмағаны байқалады.
Әрбір түркілік көзқарастың тұңғиығында өмірге деген риясыздықпен қатынас
жатыр. Яғни аспандағы күн де, жұлдыздар да оның жүрегінен орын алған,
сондықтан олар бар жерде түркінің де «Мені» орныға алатындай түсініктер тұр.
Елдің бірлігіне, тұтастығын ойлағанда қағандар тек тіршілік етудің төменгі
сатысында ғана қалумен шектелмейді. Ол «ата-баба мекенін» көркейтуді,
гүлденуді көксейді. Міне, осы қасиетті істе әр түрлі жаңылысулар, қателесулер
болатындығы Орхон жазбаларында ескертпе түрінде тұжырымдалған.
Шыныменде, қателеспейтін адам болмайды, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Бірақ,
негізінен халық үшін, елім үшін деп ер жігіт терін төксе, ұрыс даласында қанға
боянып жатса, онда түркілік дүниетанымға, қалыптарға сай өмір сүргені.
Осындай мәрттікті өмірге негізгі принцип ретінде ұсынған ежелгі түріктер көп
халықтар үшін өз заманында үлгі бола білді деген ойдамыз.
Орхон жазбаларын қазіргі қазақ тіліне аударып, оның түсінікті болуына
үлкен еңбек сіңірген М.Жолдасбеков болса /1/, ежелгі түріктердің әдебиетін
ғылыми пайымдауға біршама үлес қосқан ғалымдардың қатарына
И.В.Стеблеваны қосамыз /2/. Сонымен қатар шығыстың мәдениет ес-
керткіштерін тереңірек зерделей түсуге көмек көрсеткен бірталай еңбектер де
дүниеге келіп үлгерді /3/. Бұл тарихи сананың қатпалдарын түсінуге және оны
игеруге деген зерделі ұмтылыс болып табылады.
Әрине, түркілік дүниетанымыздың екшелей қарай түсуіміздің түкпірінде
өзімізді тереңірек тануға деген ұмтылыс жатыр. Тарихтың терең қатпарла-
рындағы дүниетанымдық иірімдердің мағынасын түсінбей қазіргі жаһандану
кезеңіндегі ұлттық мәдениетке жасалынып жатқан объективті қыспаққа төтеп
78
беру мүмкін емес. Сондықтан ежелгі дүниедегі рухани мұрадан даналықты
іздеудің өзі заңды дүние.
Сонымен Орхон жазбалары бізді неге үйретеді? Біріншіден, халқымыздың
ежелгі жазба мәдениетін құрметтеуге шақырады; екіншіден, тәуелсіздігін
нығайтып жатқан еліміздегі әрбір жас азаматтың өз елін, өз жерін ежелгі
түркілерше сүйе білуге итермелейді; үшіншіден, рухтың мықтылығы ғана
адамдарды үлкен жеңістерге жетелейтіндігін көрсетіп береді. Сондықтан,
ежелгі түркілердің бір қарағандағы қарапайым дүниетанымының астарында
жатқан қуатты күштердің бар екенін байқағанда ғана халқымыздың өткен та-
рихында қордаланған мәдени мұраның құдіретін шынайы түрде сезіне аламыз.
Ал, ол түсініктер мәңгі дамуға, рухани жетілуге, қиындықтарды ауыздықтауға
бағытталғаны белгілі. Сондықтан түркі жазбалары өткен мен келешектің көпірі
іспетті. Ондай жазбалар тарихтың сабақтастығын күшейтіп, ұрпақтар
арасындағы байланысты нығайта түсері анық.
Кез келген халықтың ежелгі тарихына көз жібертсек, онда олардың бар-
лығында өнерге, аңыздарға, діни сенімдерге, эстетикалық үлгілерге, моральдық
принциптерге деген қатынастардың бірте-бірте қалыптасқанын байқаймыз.
Бірақ, әр түрлі мәдениет өзінің дүниені рухани игеруін әрқилы етіп жеткізуге
талпынған екен. Біреулерінде ғасырлар сынағынан өткен, қазіргі ұрпақ үшін
ежелгі әлеммен байланысының тетігі ретіндей болған пирамидалар қалған
болса, екіншілерінде көптеген мифологиялық образдар мәдениаралық,
ойлауаралық сабақтастықтың белгісіндей болды. Ал, енді әлемге дүниежүзілік
діндерді сыйлаған Таяу Шығыс пен Ежелгі Үндістан жеріндегі рухани
құбылыстардың орны өзінше ерекше.
Сөйтіп, Көк пен Жердің арасындағы байланысты Тәңірінің құдіреті деп
түсінген түркілер жалпы ғаламның тұтастанған, жүйеленген заңдылығын ба-
рынша құрметпен сыйлағанын Орхон-Енисей жазбаларындағы тұжырымдардан
ұғамыз. Тәңірімен қоса Ұмайдың құдіретті күші жайлы Иолығ-тегіннің
жазбаларында барынша тікелей айтылады. Яғни табиғат пен әлеуметтік
дүниедегі әрбір құбылыстың ішкі мәні өзінен әлдеқайда құдіретті күштерге
бағынада деген түсініктердің қалыптасқанын байқаймыз.
Ежелгі түркілердің өмірлік принциптері, дүниетанымдық басымдылықтары
«Өлімнен ұят күшті» деген этикалық ұстанымға сүйенетіндігі Орхон
жазбаларынан оқимыз. Шын мәнінде көптеген өмірдегі пенделік рухани ада-
сушылықтың бастауы адамның ұятсыздығынан, яғни екіжүзділігінен баста-
латынын Күлтегін, Тоныкөктар заманында бабаларымыз айқын білген.
Табғаштармен, оғыздармен және құтандармен қанша рет ұрыс даласына
шықса да өлімнің алдында бас июді білмеген түркілік ата-бабамыз қорқы-
ныштың не екенін білмегені байқалады. Бұл дегеніңіз рухтың биіктігін, мық-
тылығын білдіріп қана қоймайды, ол сонымен қатар тіршіліктегі жақсылық пен
болашаққа деген түпкілікті сенімнің әр түркінің жүрегінде орналасқанын
білдіреді. Яғни бұны өз ісінің әділеттілікке, адалдыққа, үйлесімділікке сай
келетініне деген шексіз сенім десе де болады. Ондай сенімсіз соншама
соғыстарды бастан кешіру қиын және сол сенім арқылы елдің болашағы ой-
79
ланған. Онсыз осындай естелікті тасқа қашап жазып қалдыру мүмкін емес
болатын.
Күлтегіннің үлкен жазуында төмендегідей сөздер бар:
Бектері де, халқы да
Сенімді екен.
Сол үшін де елін сонша
(ұзақ) билеген екен.
Міне, қоғамның тұтастығы, адамаралық қатынастың негіздері туралы әле-
уметтік философияның нышанын осы тұжырымдардан аңғаруға болады. Елдің
ішкі тұтастығын ақтау үшін билеушіге деген сенім жоғары болу керек деген ой
тұжырымдалғаны байқалады. Жалпы ежелгі түркілер әлемінде мемлекеттілік
болмаған деген түсініктің өзі қазіргі заманның ерекше жаңылысуларының бірі
болып табылады. Себебі әрбір тарихи кезеңнің өзінің деңгейіне сәйкес келетін
әлеуметтік, саяси құрылымдар туралы түсініктері мен пайымдаулары болады.
Олар белгілі бір әлеуметтік болмысқа сай келетін құрылымдарды мойындайды,
соның тұтастығын қамтамасыз ететін әлеуметтік, саяси күштердің болғанын
қалайды. Ал оның одан басқа сипаттағы талаптарға жауап беруі немесе сәйкес
келуі міндетті емес. Сондықтан қазіргі кезеңдегідей тұрақты әскер, белгілі бір
қадалардан
тұратын
шекаралар
түркілер
заманында
шегеленіп
айқындалмағанмен, өзінің күні туғанда, уақыты келгенде әскер де ұйымдасқан,
туған жер туралы түсініктер нақтылана, деректеле түскен.
Орхон ескерткіштерінің танымдық, тәлімдік қорытындыларын түйіндейтін
заман келгенін ашық айтуға болады. Өйткені, қазіргі кезеңде әлемдік
қауымдастық өзінің өткенін зерделеумен қатар болашағына алаңдап қарауда.
Адамзат өз қолымен жасаған техникалық, техногендік қоғамы өзара кикілжіңді
өсірмесе, азайтуға іргетас болмай отыр. Тек озық ойлы, рухани жетілу жолына
түскен азаматтар ғана соғыс пен текетірестің адами орта үшін тек зиянкестік
әкелетінін байыпты жеткізуде. Егер Орхон жазбаларының түкпі мақсаты
жаугершілікті немесе соғыскерлікті культ жасау емес, керісінше халықтар
арасындағы сұхбатты, адамдар арасындағы өзара түсінікті орнатуға ұмтылыс
болып табылады десек қателеспейміз. Яғни өзара түсінісу философиясының
негізі сонау түркілер заманында қаланғанын айтуға болады.
Ал, енді қазіргі ұрпақ үшін осы өзара түсіністіктің іргетасын нығайтып
орнатудың уақыты жеткені белгілі /4/. Міне, тарих үйреткен тәлімнің ең не-
гізгісі осы болып табылады. Жалпы түркі халықтары туралы теріс таптау-
рындардың (стереотиптер) ғасырлар бойы белең алып келуі олардың көшпелі
өмір салтына байланысты болатын. Ал көшпелілерді отырықшы елдер онша
ұната қоймағаны рас. Себебі олар дүниетанымдық жүйе ретінде белгілі бір
қарама-қайшылықтағы әлемдер болып табылады. Бірақ олар бір-бірін тарихи
толықтырумен, бір-біріне игі ықпал етумен келген. Олардың әрбір өркениеттік
қақтығыстарының астарынан адамзаттың біртұтас дамуындағы қажетті
сатылардың белгілерін оқимыз.
ХХ ғасырда екі дүниежүзілік соғыс Еуропаның отырықшы елдерінен бас-
талғанын ескерсек, онда көшпелілерге деген сыңаржақты пікірді өзгертуге
тиістіміз. Осыған орай Орхон жазбаларының мәтіндік ерекшеліктерін жан-
80
жақты қарастырған сайын өзіміздің дүниетанымдық көкжиегімізді аша түсетін,
тарихи білімге объективтілікпен қарауға шақыратын білімнен су-
сындайтынымыз анық.
Әрбір тарихи кезең өзіндік құндылықтар жүйесін құрайды, салыстырмалы
түрдегі философиялық тұжырымдарды жасайды. Ол үшін тарихи санадағы
басымдық танытқан дүниетанымдық әмбебаптықтарды сараптай алуымыз керек
және оны келешектің қисынына сәйкес келетін қорытындылармен көмкеріп
отыруымызға тиістіміз. Сонда ғана тарихи мұраның рухани астары өзектене,
маңыздана түседі. Міне, осындай тұрғыдан бағаласақ, сонда сонау түркілік орта
ғасырларда тасқа мәтін болып түскен Күлтегін, Тоныкөктердің аты биік
деңгейдегі тарихи тұлғалардың рөлін атқаруы тиіс. Себебі елін, жерін,
халқының әрбір азаматының тағдырларын ойлаған тарихи кейіпкерлер әр
уақытта мәңгі ұмытылмас әлеуметтік субъектілер екені анық және ондай
тұлғалар қазіргі заманның көсемдерін, көшбасшыларын бейбіт жеңістерге
жігерлендіре түсетініне сенімдіміз. Олар ғасырлардан лайықты өту үшін ар мен
ұяттың басымдылығын ұмытпаған жөн деген идеяны келесі ұрпақтарға
жеткізген жандар болып табылады.
Түркілердің тарихында басымдық танытқан адамгершілік принциптері,
моральдік нормалар, этикалық бағдарлар тарих соқпағында жоғалып кеткен
жоқ. Кейінгі түркі тайпаларының қазақ деген халыққа біріккен дәуірінде әрі
қарай жалғасын тапты. Ата-бабалардың рухани үлгілері өмір сүрудің жоғары
деңгейлі формасы ретінде халық санасында сақталып отырды. Ол, әсіресе,
хандық дәуірдегі ақын-жыраулардың шығармашылығынан айқын байқалды.
Орхондық жазулар кезіндегі түркілік жазба мәдениеттің орнын басқа типтегі
мәдени үлгілер (ислам дініне бағдарланған), ойлар және дүниені пайымдау
құрылымдары бірте-бірте ауыстыра бастағанымен халық жадында терең орын
алған тарихи сананың белгілері өз күшін ұзақ уақыт сақтаған болатын.
Осындай процестердің оңды әсерін қазақ халқының кең территорияны иемдене
алғанынан аңғарамыз. Кезінде қалыптасқан түркілік мықты рухани күштің
арқасында ғана ғасырлар бойы этникалық тұтастығымыз сақталды, халықтық
келбетіміз айқындала түсті. Сондықтан Орхон ескерткіштерін мәтіндерінің
халқымыз үшін терең философиялық маңызы бар.
Әдебиеттер
Достарыңызбен бөлісу: |