Әдебиеттер: 1-7, 24,26,30,32,41,42,43,49,50,51.
№10- семинар. Тақырыбы: : Балалар фольклоры
-
Балалар фольклорының өзіндік ерекшеліктері мен зерттелу тарихы.
-
Идеялық-көркемдік табиғаты, атқаратын қызметі.
-
Балалар фольклорының халық педагогикасымен байланысы.
-
Балалар фольклорының жанрлары мен жанрлық түрлері.
-
Бөбектерге арналған өлеңдер.
-
Айтылу себебі мен мезгілі, тақырыбы мен стильдік өрнегі.
-
Балалардың өздері орындайтын жырлар.
-
Ойын өлеңдері.
-
Балалар фольклорының поэтикасы.
Әдебиеттер. 1-7,17,27,34,35,37,38,43,46,52,54.
Әдістемлік нұсқау
Семинар тақырыптары, онда қарастырылатын сұрақтар фольклортану ғылымының өзекті теориялық және методологиялық мәселелерін кеңінен қамтиды. Студенттің білімді өз бетімен алуға ұмтылушылығын, ізденімпаздық қабілетін арттыру мақсат етіледі. Студенттен әр семинардың берілген сұрақтарына тыңғылықты әзірленуі талап етіледі. Ол үшін студент көрсетілген әдебиеттер бойынша әрбір сұрақтың мәнін ашатындай конспект әзірлеуі қажет. Бұл біріншіден, білімінің жүйелілігін, үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, дайын конспектінің өздік жұмысты орындау, коллоквиум, кезеңдік және қорытынды бақылауға дайындалу барысында пайдасы зор. Семинардың тақырыбымен танысып алған соң, қажетті әдебиеттерді іріктеп алу керек. Бір сұрақтың айналасында айтылған түрлі авторлардың пікірлеріне іштей салыстырулар жасап, түйінді жерлерін қағаз бетіне түсіру керек. Осы мәселе төңірегіндегі өз ойыңыз қандай, соны дәйектеңіз. Бұдан соң белгілі бір тұжырымды дәлелдеу үшін өзіңіз оқыған көркем туындылардан, сын мақалалардан мысалдар келтіріңіз. Келесі семинарларда алдыңғы өткен сабақтарда дайындаған материалдарыңызды, алған біліміңізді дұрыс пайдалана біліп, жаңа тақырыпппен байланыстырып отырыңыз. Әр тақыпрыпты өткен кезде ұсынылып отырған көркем мәтіндермен мұқият танысып, көрсетілген үзінділерін жатқа оқу қажет. Семинар барысында теориялық мәселелерді меңгерумен қатар мәтінді жатқа білу талап етіледі. Емтихан алдынла мәтіндік тест алынады.
2.4 СТУДЕНТТІҢ ОҚЫТУШЫ ЖЕТЕКШІЛІГІМЕН ОРЫНДАЙТЫН ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРЫ ШЕГІНДЕГІ САБАҚТАР ЖОСПАРЫ (СОӨЖ)
-
Қазақ халқының мақал – мәтелдерін жаттау. Бұл тақырып бойынша «Мың бір мақал» ойыны ойналады.
-
Қазақ жұмбақтарын жаттау. «Жүз бір жұмбақ» ойыны ойналады.
-
Тұрмыс-салт жырларын жатқа білу. «Ұлт дәстүрі ұмытылмайды» атты сахналық көрініс қойылады.
-
«Қобыланды батыр» жырының түрлі нұсқаларын салыстыра оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
-
«Ер Тарғын» жырын оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
-
«Қыз Жібек» жырын оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
-
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
-
Шешендік сөздердің түрлі жанрларынан (шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау) жатқа оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
-
«Біржан-Сара» айтысынан Біржан мен Сараның өздерін сипаттайтын жерлерінен үзінді жатқа оқу. Бұл тақырып бойынша «Алтын сақа» ойыны ойналады.
-
Айтыс жинағын пайдалана отырып, айтыстың жанрлық түрлерін ажырату.
СОӨЖ жүргізу формасы:Пән барысында берілетін материалдарда қайталану болмау үшін СОӨЖ – ге берілген тақырыптардың барлығын ойын түрінде өткіземіз.
Әдістемелік нұсқау:Аталмыш тақырыптағы ойындар «Қазақстан» телеарнасында жүретін «Алтын сақа», «Мың бір мақал, Жүз бір жұмбақ» ойындарына негізделеді. СОӨЖ басталмас бұрын телеойынмен танысып алу қажет. Ойындардың барысында студенттің теориялық білімі, белсенділігі, ынтасы және шығармашылық шешім таба білу дағдысы бағаланады. Ойынға бүкіл топ қатысады.
2.5 СТУДЕНТТІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫС ТАПСЫРМАЛАРЫ (СӨЖ)
1-тақырып: Мақалдар мен мәтелдер
1.Төменде келтірілген мақал-мәтелдердің мақалын бір бөлек, мәтелін бір бөлек теріп жаз. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1том, 1 кітап, -Алматы, 1964), Б.Адамбаевтың «Халық даналығы» (- Алматы:Рауан, 1996) атты кітаптарына сүйеніп, олардың мақал немесе мәтел жанрына жатқызылу себебін түсіндір.
«Қырғи қабақ болу», «Көпке топырақ шашпа», «Жұмған аузын ашпау», «Ер арыс – аруақ, ат арыса - тулақ», «Төбесінен тік тұру», «Ер айтпас, айтса - қайтпас», «Кеңеспен кескен қол ауырмас», «Ат-тонын ала қашу», «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен», «Көңіл қалмас, көйлек жыртпас», «Берсе – қолынан, бермесе - жолынан», «Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады», «Итпен ойнасаң – үрерсің, баламен ойнасаң - күлерсің» «Тауықтың түсіне тары кіреді», «Той дегенде қубас домалапты», «Таз таранғанша той тарқар», «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар», «Халық қартаймайды», «Көпті сөкпе, кенді төкпе».
2. «Үнемі ауырдан жеңілге, қиыннан оңайға қарай ұстарып отыратын жалпы тіл заңына лайық мақал мен мәтелдер де қысқартумен, ықшамдалумен жетіледі. Қазақ мақал-мәтелдерін қысқарта ұстартудың бірнеше тәсілі бар...»- деген Б.Адамбаевтың пікірін нақты мысалдармен дәлелдеп, сол тәсілдерді көрсетіңдер.
3. Төмендегі мақалдарға тән ұйқас түрлерін анықтаңдар. Қазақ мақалдарының жинағын пайдалана отырып, әртүрлі ұйқасқа құрылған мақал-мәтелдерге 5-6 мысал келтіріңдер.
Жаман сайға су түссе,
Өткел бермес кешуге,
Жаман кісіге мал бітсе,
Сусын бермес ішуге.
***
Қошқар болар қозын
Маңдай жер дөң болар.
Жақсы болар жігіттің,
Етек-жеңі кең болар.
***
Өз сөзіңді шекер дейсің,
Өзге сөзді бекер дейсің.
Өзіңді-өзің хан көтеріп,
Өзге жұртты нөкер дейсің.
***
Қасқа, жайсаң билер бар,
Қасына ерген қулар бар.
Бидің басы қауақтай,
Қудың басы қуықтай.
2-тақырып: Шешендік сөздер
1. Төменде келтірілген шешендік сөздердің мәтінін мұқият оқып шығып, шешендік сөздердің қай түріне жататынын анықтаңдар. (Шешендік сөздер. –Алматы:Отау, 1992. Құраст. Б.Адамбаев).
1.«АТЫҢ ЖАМАН БОЛСА...»
Таймас шешен айтты деген сөз
Атың жаман болса,
Қамшылай-қамшылай
Дәрменің кетер.
Балаң жаман болса,
Айқайлай-айқайлай
Қадірің кетер.
Қатының жаман болса
Кедейлік жуық болар
Шайың суық болар.
Наның күйік болар.
Көңіліңе қайғы толар.
Үйіңнен мейман кетер,
Кедейлік қуып жетер. (51-б.)
2. БҰЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ?
- Бұл дүниеде не жетім?
Санай берсең көп жетім.
Үйрек-қаз қалқып ұшпаса,
Дария-шалқар көл жетім.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел жетім.
Ұлығы әділ болмаса,
Төресін түзу бермесе,
Болады байтақ ел жетім.
Өз бетімен білмесе,
Айтқан сөзге ермесе,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Замандасы болмаса,
Өңкей жастың ішінде
Қария болар тез жетім.
Қара қасты, қыпша бел
Сылаңдаса алдыңда,
Сөзіңді қабыл алмаса,
Құр қараған көз жетім.(73-б.)
3. ...Боран жас кезінде жарлы болып, Жантай деген байға жалданады. Жантай тынышсыз адам болып, ұрыс шығарып, Боранның қолы Жанатйға тиеді. Жантай Боранның маған қолы тиді деп билерге Боранның үстінен шағым береді. Алқа-қотан отырған билер Боранға сөз береді. Сонда Боран былай дейді:
Жалға жүрдім Жағалбайлы Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айда.
Жарымадым асына,
Тұман түсті басыма,
Шайтан болып ұрысып,
Қолым тиді басына.
Уа, билер, жақсылар,
Бірің қайың, бірің тал.
Бірің шекер, бірің бал.
Айтып-айтпай немене,
Бәріңе мәлім біздің хал.
Бірің балға, бірің төс,
Бірің айт та, бірің кес.
Алдарыңа салынды іс,
Арамға бермей әділ шеш!
Отырғандар Боранның ісін мақұлдап, Жантайдан тайын әперіпті. Боран содан кейін сөзге қатысып, шешен атаныпты.(127-б.).
3-тақырып: Батырлар жыры
«Қобыланды батыр» жыры/Батырлар жыры. 1том.-Алматы: Жазушы,1986 жылғы басылымы бойынша.
1.Жыр мәтінінде кездесетін төмендегі көнерген сөздердің мағынасын түсіндірме сөздікке сүйеніп түсіндір және осы сөздер кездесетін жыр жолдарын дәптерге түсір:азар, әбдесте, әбілет, бақал, берен, беренжі, жекен, жолым үй, қандек/қандақ, кіріс, көбеңірек, қалбай, қайдақ, қауыс, манат, салқам/салқым, суқар, татыр, телше, тіллә қалқан, халас, чына, ылығ/ылға.
2. Халық ауыз әдебиетінде шығарманың ішкі мәнін ашудың кең таралған тәсілдерінің бірі – символ, яғни, табиғатқа тән құбылыстар мен заттардан алынған бейнелерді қаһарманға не өмір құбылыстарына телу. Мейлінше кең таралған символдар: батыр немесе жас жігітті – «арыстан», «жолбарыс», «қыран», «көкжал», сұлу қызды – «асыранды қаз», «сұқсыр», «қызыл түлкі» т.б. Аталмыш символдар лирикалық өлеңдермен қатар, батырлар жырында, ғашықтық жырларда, тарихи жырларда, ертегілерде де қолданылады.
«Қобыланды батыр» жырынан осындай символдарды теріп жазып, олардың мағынасын ашыңдар. Символдардың бағалаушылық сипатына назар аударып, шығарманың жалпы мазмұнымен сабақтастығына баға беріңдер.
3. Символдар тек қаһарман бейнесін сомдауға ғана қызмет етпейді, сонымен қатар, қаһармандардың іс-әрекетіне, шығармада суреттелетін оқиғаларға баға беру үшін де жұмсалады. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырындағы «Қаланың алдын шаң қылды, қақпаның алдын қан қылды» деген символдық образ оқиғаның мәнін ашып тұр, шайқастың қаншалықты сұрапыл, ауыр болғандығын айқындап, Қобыландыға тән қаһармандық пен қажырлылықты ашып тұр.
Жырдан осындай жалпы мәндегі көркем символдарды табыңдар. Олардың мағынасына түсініктеме жасаңдар. Олардың мәтіндегі көркемдік қызметін анықтаңдар.
4. Жыр мәтінінен қазақ халқының көне наным-сенімдерін танытатын үзінділерді тауып, олардың мәнін, қандай наным-сенім іздерін білдіретінін, мәтіндегі қызметін түсіндіріңдер.
«Алпамыс батыр» жыры
1. Жыр мәтінінде кездесетін төмендегі көнерген сөздердің мағынасын түсіндірме сөздікке сүйеніп түсіндір және осы сөздер кездесетін жыр жолдарын дәптерге түсір:
алал, аршыға, атбесік, бәчча/батша, бәнт, берен, ғамкүн/ғамгин, ғариқ/ғарық, деңгел, жөш зайыл, зарада, зер, керік, мөһердер, мұштады, наяты/наһаят, нәубет, пайыз, пыстан, рәт/раһат, самалық, сарқана, сота, төлежу, шонық т.б.
«Батырлардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, тұлғасын ұлғайтып көрсету батырлық жырда маңызды орын алады» (Ш.Ыбыраев. Батырлық жырлар//Қазақ әдебиеті.Энциклопедия.- Алматы: «Білік» баспа үйі,1999. 157-158б.б.). Жыр мәтінінен ғалымның осы тұжырымын дәлелдейтін мысалдар келтіріңдер. Жыр табиғатына тән осы ерекшеліктің мәнін түсіндіріңдер.
4-тақырып: Лиро-эпос «ҚОЗЫ КӨРПЕШ - БАЯН СҰЛУ»
1. Жырға жоспар жасаңыз.
Үлгі:
1 Аңдағы кезігу
|
|
2. Құдалық
|
|
3.
|
|
4.
|
|
2. Жырдан диалогтерді тауып, оның маңызын дәлелдеңдер.
3. Баян мен Қозы, Қарабай мен Қодарды сипаттайтын сөздерді теріп алып, бас кейіпкерлер мінезін ашудағы орнын анықтаңдар.
Көмек-нұсқау: Қарабай: Үмітсіз дүниеден Қарабаймын.
І
|
Баян мен Жібек
|
1.Негізгі ұқсас қасиеттері
|
|
2. Өзіндік ерекшеліктері
|
|
ІІ
|
Төлеген мен Қозы
| -
Негізгі ұқсастықтары
-
Өзіндік ерекшеліктері
|
|
( №4 тақырыптың тапсырмалары Қ.О.Бітібаеваның «Мектеп» баспасынан 2003 жылы шыққан «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты оқу құралынан алынды.)
5-тақырып:Ертегілер
1. Төмендегі ертегілерді жанрларға жіктеп топтастыр. С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (-Алматы, 1984, «Казахская волшебная сказка»(Алматы, 1972) және Е.Тұрсыновтың «Генезис казахской бытовой сказки» (Алматы1973,) атты еңбектеріне сүйеніп, ертегі жанрларының өзіндік ерекшелігін түсіндіріңдер.
2. «Ер Төстік» ертегісіндегі қазақ халқына тән мифологиялық дүниетаным іздерін атап көрсетіңдер.
3.«Ер Төстік» пен «Аяз би» ертегілерін салыстыра отырып, екеуінде кейіпкерлер қалай бейнеленген, әрқайсысының ерекшеліктері неде? Оларды бейнелеудегі сөз қолданыстар, өрнектер қандай? Сол арқылы қиял-ғажайып ертегілер мен шыншыл ертегілердің бір-бірінен айырмашылығын көрсетіңдер.
Әдебиеттер:1-56
Әдістемелік нұсқау. СӨЖ тапсырмалары жазбаша жұмыс
(бақылау жұмысы) түрінде берілген. Сұрақтарға жауаптарды конспект түрінде дәптерге жазып: 1-кредит бойынша 3,6-апталарда, 2-кредит бойынша 11,14-апталарда СОӨЖ сабағында тексеріледі.
2.7 КУРС БОЙЫНША ЖАЗБАША ЖҰМЫС ТАҚЫРЫПТАРЫ
1- кредит бойынша тапсырма жазу түрінде беріледі.
Бақылау жұмысы тақырыптары.
-
Қара өлең.
-
Айтыс.
-
Батырлар жыры.
-
Ғашықтық жырлар.
-
Көне жырлар.
-
Тарихи жырлар.
-
Тарихи өлең.
-
Ертегілер.
-
Әпсаналар.
-
Аңыз жанры.
-
Қазақ фольклортануының тарихы.
-
Фольклор және қазақ әдебиеті.
Бақылау жұмысы дегеніміз берілген тақырыптың қысқаша мазмұнын беретін шығарма. Берілген тақырыптардан қалауыңыз бойынша бір тақырып таңдап аласыз. Сіз бақылау жұмысын 12 беттік оқушы дәптеріне жазып өткізесіз. 1-7 апта аралығында дайындалып, 7-аптада СОӨЖ сабағында өткізесіз., Егерде тақырыбыңыз өтіп кетсе 7-аптаға дейін тапсырып тастауға болады.
Реферат тақырыптары
-
Реферат. «Ш.Уәлиханов - фольклортанушы».
-
Реферат. «М.Әуезов және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «Ә.Марғұлан және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «С.Мұқанов және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «С.Сейфуллин және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «Ә.Қоңыратбаев және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. « М.Ғабдуллин және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «С.Қасқабасов және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «Ә.Диваев және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «Г.Н.Потанин және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «В.В.Радлов және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «Р.Бердібаев және қазақ фольклортану ғылымы».
-
Реферат. «М.Көпеев және қазақ фольклортану ғылымы».
Әдістемелік нұсқау. Берілген реферат тақырыптарынан біреуін қалауыңыз бойынша таңдап аласыз. Реферат 15-аптада СОӨЖ сабағында қабылданады. Реферат А4 форматта жазылады. Қолдан жазылған реферат көлемі 15 бет, ал компьтерден басылған реферат көлемі 10 бет болу керек. Реферат құрылымы: 1) жоспары; кіріспе; негізгі бөлім; қорытынды; қолданылған әдебиеттер тізімі. Сыртқы беті стандартқа сай, компютерге басылған болуы тиіс. Реферат стандартқа сай жазылып, қорғалса – 10 баллға бағаланады. Жай ғана өткізілсе – 4 балл.
Әдебиеттер: 1-56
Курстық жұмыстардың тақырыптары:
-
Қазақ фольклортану ғылымының тарихы.
-
Фольклордағы тұтастану құбылысы.
-
Қазақ фольклорының эстетикасы.
-
Қазақ фольклорының поэтикасы.
-
Фольклор және жазба әдебиет.
-
Қазақ фольклорының қалыптасып, даму тарихы.
-
Фольклор және шындық.
КУРС БОЙЫНША ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫ
1. Қай вариантта батырлардың тұсына сүйікті жарының аты жазылған?
А) Гүлбаршын-Қамбар
В) Құртқа-Алпамыс
С) Кенжекей -Қобыланды
Д) Ақжүніс-Тарғын
Е) Назым-Төстік
2. Мына тұлпардың иесі қай вариантта дұрыс берілген:
А) Тарлан-Қобыланды
В) Тайбурыл –Төлеген
С) Көкжорға-Алпамыс
Д) Қарақасқа-Қамбар
Е) Байшұбар- Тарғын
3. Қай жырдағы қай кейіпкердің мұңы?
« Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің-шекер, сорпаң-баз,
Қонар болсаң, жануар,
Міне – майдан, міне –саз!
Өлмеген құлға, құдая,
Болып қапты енді жаз!...»
А) «Ер Сайыннан» Ер Сайынның зары
В) «Ер Тарғыннан» Тарғынның мұңы
С) «Қозы Көрпештегі» Қозының толғауы
Д) «Қыз Жібектегі» Төлегеннің қоштасуы
Е) « Алпамыстағы» Алпамыстың монологы
4. Қай шығармадан? Кімнің мұңы?
«Сор құдықтың басына
Сорға бола қонды әкем.
Жалмауызға жанынан
Қорқып мені берді әкем»
А) «Ер Төстіктегі» Төстіктің мұңы
В) «Қыз Жібектегі» Сансызбайдың зары
С) «Қозы Көрпеш- Баян сұлудағы» қыздың толғауы
Д) « Керқұла атты Кендебайдағы» Мергенбайдың торығуы
Е) « Едіге батырдағы» Тоқтамыстың сыры
5. Төрт түлік мал туралы сенімде және жырларда айтылатын түйенің пірі:
А) Ойсылқара
В) Сексек ата
С) Қамбар ата
Д) Шопан ата
Е) Баян
6.Қай жыр осылай басталады?
« Бұрынғы өткен заманда
Дін мұсылман аманда,
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген болыпты,
Кедейліктен бай болып,
Төрт түлікке жолықты»
А) «Ер Тарғын»
В) «Ер Қосай»
С) «Едіге батыр»
Д) «Қамбар батыр»
Е) «Алпамыс батыр»
7. Қай жырдың басталуы осылай?
«Уақ ұлы Қамбар екен,
Қамбар ұлы Ер Көкше
Ер Көкше жас екен,
Жаста болса, бас екен...»
А) «Қамбар батыр» жыры
В) «Ер Қосай» жыры
С) «Ер Сайын» жыры
Д) «Ер Көкше» жыры
Е) «Ер Тарғын» жыры
8. Қай батырдың кімге айтқан сөзі?
«Қинады жоқтық жанымды,
Ұядан жалғыз баламын
Құс етін беріп бағамын
Үйдегі екі кәрімді,
Оған да назар саламын,
Қабатымен алармын
Алпыс үйлі арықты,
Сеніменен ойнасам,
Айналар ісім қиынға»
А) Қамбар батырдың Назымға айтқаны.
В) Алпамыстың Гүлбаршынға айтқаны
С) Тарғынның Ақжүніске айтқаны
Д) Қобыландының Құртқаға айтқаны
Е) Сайынның Аюбикешке айтқаны
9. Құртқа қай батырдың жары?
А) Тарғынның
В) Сайынның
С) Алпамыстың
Д) Қобыландының
Е) Едігенің
10. «Қазақ эпосымен әдебиет тарихының мәселелері» /1958/ атты ғылыми еңбектің авторы?
А) Қ. Жұмалиев.
В) Ы.Дүйсенбаев.
С) Б.Кенжебаев.
Д) М. Ғабдулин.
Е) Е. Ысмаилов.
11. Батырдың аяқтай алмаған шаруасын тындырып, оның кегін алып, жауды жеңетін кім?
А) Ағасы.
В) Інісі.
С) Баласы.
Д) Әйелі.
Е) Қарындасы.
12. Қай батырдың сөзі?
«Күнді бұлт құрсайды,
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды
Айды бұлт құрсайды,
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды.
Бойды байқап қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Хақтың маған бұйрығы
Таянғанға ұқсайды.»
А) Қобыланды батыр.
В) Ер Сайын
С) Ер Тарғын
Д) Ер Көкше
Е) Қамбар батыр
13. Қай жырдағы қай аттың шабысы?
«Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады
Кешке таман...
Жын қаққанға ұқсады.
Құла менен құлжаның,
Марал менен бұғының,
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен Қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен келіп басады.
А) «Алпамыс батырдағы» Байшұбар.
В) «Қамбар батырдағы» Қарақасқа.
С) «Қыз Жібектегі» Көкжорға
Д) «Қобыланды батырдағы» Тайбурыл.
Е) «Ер Тарғындағы» Тарлан
14. Мынау кімнің сөзі? Қай жырдан?
«Қара жерге қар жауар-
Қарды көр де, етім көр!
Қар үстіне қан тамар-
Қанды көр де, бетім көр»
А) Баян сұлу- «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырынан
В) Жібек-«Қыз Жібек» жырынан
С) Айман-«Айман-Шолпан» жырынан.
Д) Құртқа-«Қобыланды батыр» жырынан.
Е) Ақжүніс- «Ер Тарғын» жырынан.
15. Мақалдың жалғасын тап.
Малым-жанымның садағасы,
Жаным-
А) Қанымның садағасы
В) Арымның садағасы
С) Баламның садағасы
Д) Ақшамның садағасы
Е) Халқымның садағасы
16. Қай ертектен?
«Бала сол қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда бесті болады. Бала үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді».
А) «Ер Төстік» ертегісінен
В) « Керқұла атты Кендебай» ертегісінен.
С) «Алтын сақа» ертегісінен
Д) « Аламан мен Жоламан» ертегісінен
Е) «Құламерген –Жоямерген» ертегісінен
17. Мынау үзінді қай жырдан? Қыздың аты кім? Тазша кім?
«Шешіп киім, етігін,
Мойнына қыздың мінді енді,
Бағлан өскен хан қызы
Көтеріп тазды жүрді енді.
Салбыратып аяғын
Емшегіне ұрды енді,
Желке шашын тізгін қып,
Былай жүр деп, бұрды енді.»
А) «Қозы Көрпеш- Баян сұлу». Қыз –Баянның сіңлісі.
В) «Алпамыс батыр » Қыз –Қаракөз, Тазша-Кейқуат.
С) «Қобыланды батыр» Қыз-Қарлыға, Тазша -Қобыланды.
Д) «Ер Едіге» Қыз- пері, Тазша –Баба түкті шаты Әзіз
Е) «Ер Тарғын» Қыз –Ақжүніс, Тазша- Қожақ.
18.Осы жолдар қай шығармадан? Кімдердің қоштасуы?
«Балталы, Бағаналы ел, аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл, аман бол»
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,
Ойнап-күліп, ер жеткен жер, аман бол»
А) «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» Екі қыздың ел- жұртымен қоштасуы.
В) «Айман-Шолпан». Қыздардың көшердегі сөзі.
С) «Қыз Жібек» Жібектің елімен қоштасуы.
Д) «Ер Төстік» Кенжекейдің ұзатылғандағы сыңсуы.
Е) «Қобыланды батыр» Қарлығаның монологы.
19. Қай жырда осы сөз айтылады. Айтатын кім?
«Мен бір бүгін түс көрдім;
Түсімде жаман іс көрдім:
...мінген Көкжорға ат
Ер- тоқымсыз бос көрдім»
А) «Қобыланды батыр» Құртқаның сөзі.
В) «Алпамыс батыр» Гүлбаршынның сөзі.
С) «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» Баянның сөзі.
Д) «Қыз Жібек» Жібектің сөзі.
Е) «Ер Тарғын» Ақжүністің сөзі.
20. Мақалдың жалғасын тап.
Жер таусыз болмайды,
Ел ...
А) Жаусыз болмайды.
В) Даусыз болмайды.
С) Сөзсіз болмайды.
Д) Көзсіз болмайды.
Е) Ерсіз болмайды.
Тест тапсырмаларының кілті
Сұрақтардың номері
|
1
|
2
|
3
|
4
|
5
|
6
|
7
|
8
|
9
|
10
|
11
|
12
|
13
|
14
|
15
|
16
|
17
|
18
|
19
|
20
|
Д
|
д
|
д
|
а
|
а
|
е
|
д
|
а
|
д
|
д
|
с
|
с
|
д
|
е
|
в
|
с
|
в
|
а
|
д
|
в
|
Достарыңызбен бөлісу: |