Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Барманкулов М.К. Искусство современной информации. – Алматы: 1993.
2. Велитченко С.Н. Принципы формата в современном радиовещании и его специфические особенности: Учебное пособие. – Алматы: 2002.
3. Жақан С. Сөйлеу техникасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002.
Қапалова Әсел Ілиясқызы,
Журналистика және саясаттану
факультетінің 2 курс магистранты
БАҚ-та ғылым-білімнің жазылу тарихынан
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алып дүниежүзілік адамзат көшіне жеке мемлекет ретінде қосылған бүгінгі күні халқымыздың әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны, атқарар қызметі өте салмақты болып отыр.
Бүгінгі таңда қоғамдық санаға ықпал ететін бұқараны ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірден-бір күш бұқаралық ақпарат құралдарының басты тетіктерінің бірі – баспасөз болып табылады. Баспасөздің қоғамымыздағы алатын орнына жоғары баға берген Республикамыздың Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Газеттер мен журналдарға арқа сүйеместен өз саясатыңды қалай жүргізіп, реформа мәнін қалай ұғындыруға болатынын түсінбеймін. Егер ең бұқарашыл саяси мінберден айырылсақ, жұртты өз іс-әрекетіміз туралы, аймақтардың даму перспективасы туралы, мәселені шешудегі көзқарастар туралы қалайша хабардар етпекпіз» [1,3-б], – деп атап көрсеткен.
Бүгінгі демократиялық елімізде баспасөздің қоғамдағы рөлі елеулі өзгеріске ұшырады. Ол бұрынғыдай насихатшы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ой-санамыздың сараптаушысы және қоғамдық ой-пікірді қалыптастырушы да болып отыр. Сондай-ақ қазіргі қазақ баспасөзінің рөлі артуда. Әсіресе, ұлттық тіл мен жер мәселесі, еліміздің тәуелсіздік идеясын насихаттау, қорғау, идеология майданында бітпес күрес жүргізу ісінде атқарып отырған қызметін ерекше айтуға болады.
Соның ішінде баспасөздің көтеріп жүрген өзекті тақырыптарының бірі – еліміздегі ғылым-білім салаларына қатысты проблемалар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрын қағажу көрген тілімізді, өнерімізді, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді, жалпы мәдениетіміздің даму деңгейін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік туды. Сөйтіп, мәдени құндылықтарымызды игеру, еліміздің мәдени төлтумалығын қалыптастыру ісінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ бәрі үлкен қиыншылықпен, ізденіспен келді. Өкініштісі, осы ауқымды жұмыстарды атқаратын рухани-мәдени дүниеміздің қайнар бұлақтары мен халықты сусындататын ана тіліміздегі газет-журналдар тым әлсіз. Алайда, мәдениетіміздің осындай аумалы-төкпелі кезеңінде де бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен ғылым-білім саласындағы проблемаларды көтеруде, қазақ баспасөзі ғана өзіндік үн естіртіп келеді. Олардың ішінде ғылым-білімге арналған салалық басылымдардың үлес салмағы басым деп айта аламыз.
Салалық басылымдар дегеніміз – тек бір ғана салаға арналған газет немесе журнал. Қазіргі кезде қазақ журналистикасында салалық басылымдардың үлкен шоғыры қалыптасып келеді. Салалық баспасөз туралы белгілі ғалым Т.Бекниязов былай дейді: «Салалық баспасөз – түрлі салаларды қамти отырып бөлінеді. Министрліктер мен комитеттердің жұмысына арналады. Сондай-ақ оқу-білімге, өндіріске, ауыл шаруашылығына, құрылысқа т.б. арналуы мүмкін», дей келе ғалым: «...Қазақстанда салалық болып жіктеледі. Әлеуметтік топтарға және тақырыптық бағытта да басылымдар бар» [2,45-б],- дейді.
Қазақ баспасөзі тарихында ғылым-білімге, өнерге арналған салалық басылымдар болды. Сол салалық басылымдардың өзіндік мақсат-мүддесі бар. Мәселен, өткен ғасырдың 20-шы жылдарында жарық көрген «Жаңа мектеп», «Ауыл мұғалімі», «Қазақстан мектебі» т.б. басылымдардың басты мақсаты сауатсыздықты жою, ағартушылық қызмет жүргізу болып табылды.
ХХ ғасырдың басында арнайы салалық басылымдар, оның ішінде білімге, оқуға арналған басылымдар көптеп шығып тұрды. Мәселен, «Қазақстан мектебі» - ҚазССР оқу министрлігінің ғылыми-педагогикалық журналы. 1925 жылы тамыз айынан бастап, ай сайын шығып тұратын. 1925-1933 ж.ж. «Жаңа мектеп», 1933-1938 ж.ж. «Ауыл мұғалімі», 1939-1941 ж.ж. және 1946-1956 ж.ж. «Халық мұғалімі» деп аталатын. 1960 жылы «Қазақстан мектебі» болып шығады. Мұғалімдерге, балабақша тәрбиешілеріне, халық ағарту қызметкерлеріне, педагогикалық училище мен институт студенттеріне, ұстаздар мен ғалымдарға және оқырман ата-аналарға арналған журнал республикадағы халық ағарту ісінің сан алуан мәселелерін кеңінен талқылап, мұғалімдерге күнделікті жұмысқа көмекші боларлық әдістемелік нұсқаулар беріліп отырған.
«Халық ағарту жүйесіне кіретін оқу орындары мен мектептің, кәсіптік техникалық училище, пионер сарайларының, жас техниктер мен натуралистер, халық ағарту мекемелері мен мұғалімдер үйлерінің жұмыстары мен педагогикалық іс-тәжірибелерін жинақтап, жасөспірім шәкірттерге сапалы білім, сапалы тәрбие беру жолында күреседі. Журналда педагогика тарихы мен теориясына байланысты зерттеу еңбектері мен практикалық мәндегі материалдар, оқулықтарға, әдістемелік құралдарға рецензиялар жарияланып отырған».
«Қазақстан мұғалімі» – апталық газет, ҚазССР оқу министрлігінің, ағарту, жоғары мектеп және ғылым мекемелер қызметкерлері кәсіп одағы республикалық комитеттің органы. 1952 жылы қарашадан шығып тұрған.
«Бастауыш мектеп» – ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал. Алғашқы кезде «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасы ретінде шыққан 1994 жылдан дербес басылым. Басты мақсаты – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру ісін жетілдіру, мұғалімдерге ғылыми – әдістемелік тұрғыдан көмек беру. Педагог ғалымдарының, тәжірибелі оқытушыларының мақсатын жариялап тұрады [3,32-б].
«Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ» және т.б. басылымдар арқылы С. Сәдуақасов, Н. Нұрмақов, Н. Арықова, С. Есова, М. Жолдыбаев, Т. Шонанов және т.б. қазақ зиялылары сауатсыздықты жою, еліміздің алға жылжуына, ғылым, білімнің өсуіне алып келетіндігін, мектептерге ең бірінші қажетті мұғалім, оқитын ғимарат, оқулықтар, оқу құрал-жабдықтары және оқитын шәкірттер керектігін түсіндірген, мектептің оқу жоспары, бағдарламасы жөнінде ұсыныстар айтқан мақалалары жарық көрді [4,143-б].
Бұл басылымдарда қазақ тарихына, білім-ғылымға қатысты сүбелі дүниелер жазылып тұрды. Мәселен, «Жаңа мектеп» журналында жарияланған «Жанқожа батыр Нұрмағаметбаласы» атты мақала ХІХ ғ. 50-жж. Хиуа хандығының агрессивтік саясатына, орыс отаршылдығына қарсы Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмағаметұлының қолбасшылығымен болған күрес барысы жайына тоқталып, Жанқожаның шыққан тегіне, оның көтеріліс басшысы ретіндегі рөліне талдау жасалынып, оның батыр атының халық арасына тарауы Сыр бойы халықтарының Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы алып шығуынан деп қорытындыланады» [5,12-б].
Алайда, олардың барлығы дерлік ғылым, әдістеме, тәжірибе жағын қамтиды, яғни ұстаз оларды таза практикалық тұрғыда, күнделікті жұмысына қосымша материал ретінде пайдаланады. Кешегі Ахмет, Міржақып, Әлихан, Смағұл, Мағжан сияқты Алаш қайраткерлері қоғамға қызмет етуді мұғалімдіктен бастап, мектепке оқу құралдарын жазып, «Жаңа мектеп» журналын шығаруы жайдан-жай болмаса керек. Жаңа журналдың бас редакторы – ақын, журналист Жолдас Сарманов болды.
«Мұғалім» – тұңғыш педагогикалық журнал. Журнал туралы зерттеуші М.Ысмағұлов: «Бұл журналдың редакциялық коллегиясын Ғұмар Қарашев басқарған. Журналдың 10-нан аса сандары жарық көрген. Солардың қазіргі табылғаны 2 және 7 сандары» [6,12-б] – деген құнды мәлімет береді. Сонымен бірге автор: «Демек, 1919 жылғы Қарашта ағартушылық ыңғай қай кездегіден де күшті, пәрмендірек»,-дейді. Бұл сөзге «Мұғалімнің» бірнеше нөмірінде шыққан, ал қолда бар екі санда ортасынан соңына дейін жарияланған күйінде жеткен «Педагогика» атты еңбегі бір дәлел.
«Қазақ педагогика теориясын (қағидасын) ана тілімізде жазған тұңғыш автор Ғұмар Қарашев», – деген ой түйеді ғалым Қ.Жарықбаев. Ғұлама ғалым Ғұмардың «Педагогика» еңбегіндегі бала мен бала тәрбиесіне қатысты айтылған тұжырымдары бүгінгі күнде де тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Мәселен, ол: «Балаларға тәрбие берушілер мүмкін болғанша жастардан болу керек осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақсы жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі жұбаныш халдерін ортақтасар, бөлісер еді. Бойға жеткен кісі мен баланың арасында ортақтық, бірлік шын аз, мұндай аралары шалғай жатқан екі жанның байланысы берік бола алмақ емес. Балалар әр уақыт үлкендерге қызмет етіп, қызмет көрсетуі мүмкін. Бірақ жаны сәйкесіп, шын көңілден сүю, ол бір уақытта да болмайтын жұмыс» [7,18-б], – дейді.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары халық ағарту саласында сауатсыздықпен күресу мәселесі қолға алынып, барлық облыстар мен уездерде, болыстарда жергілікті Кеңестердің жанынан халық ағарту бөлімдері құрылып, бұл бөлімдер сауатыздықты жою және бұқараны мәдени жағынан көтеруге бар күшін салды. 1919 ж. 26 қаңтарда В.И. Лениннің сауатсыздықты жою туралы декретіне орай 1920 ж. маусымда сауатсыздықты жою жөнінде Бүкілресейлік төтенше комиссия құрылып, Халық ағарту саласына қазақ зиялылары тартылғандығы тарихтан белгілі.
«Қазақ мерзімді баспасөзі сауатсыздықпен күресу науқанын насихаттаушы бірден-бір ақпарат құралы болып табылды. Қазақ мерзімді баспасөзі оқудың маңыздылығын түсіндіретін мақалаларды жариялауды бірінші кезекке қойды. Осы ретте «Мұғалім», «Бастауыш мектеп», «Жаңа мектеп» т.б. басылымдардың қызметі орасан болды. Осы салалық басылымдарда мектептер ашу, оқулықтар жазу барысы, мектептерде жаңа оқу бағдарламасымен оқыту, бастауыш мектептерде оқытылатын оқулықтардың сапасы, «Жойылсын сауатсыздық» ұйымдарының жұмыс барысы, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білімді ұстаздар даярлау ісі жайында мақалалар үзбей жарияланып тұрды»[8,148-б].
ХХ ғасырдың басында әдеби-көркем, тек әйелдерге арналған салалық басылымдар да қанаттарын жая бастады.
Өлкелік комитеттің әйелдер бөлімінің органы ретінде 1925 ж. 5 мамырынан С. Есованың редакторлығымен шыққан «Теңдік» газеті, 1 шілдеден кеңейтілген журнал ретінде «Әйел теңдігі» атымен шығарыла бастады. 1934 жылдың аяғына дейін «Әйел теңдігі» 1935-1941ж.ж. және 1950-1954 ж.ж. «Сталин жолы» деп аталды. 1955 жылдың қаңтарында «Қазақстан әйелдері» болып шығарылды. Журнал қазақ әйелдеріне саяси және мәдени-рухани тәрбие берді, оларды партия мен кеңес үкіметі алға қойған міндеттерді орындауға жұмылдырды. Қазір журнал бәрімізге белгілі форматта шығады.
ХХ ғасырдың басында әдеби-мәдени салаларға арналған салалық басылымдардың үлкен бір шоғыры қалыптасты десек артық емес. Мәселен, білім, әдебиет, шаруашылық, саяси журнал ретінде Ташкентте «Шолпан» (1922), «Сана» (1922), Мәскеуде Н. Төреқұловтың бастамасымен «Темірқазық», Семейде М. Әуезовтің басшылығымен «Таң» (1925) журналдары шықты, С.Сейфуллиннің жетекшілігімен «Жаңа әдебиет» (1928), Ж. Аймауытовтың жетекшілігімен «Абай» (1918) журналдары шығып тұрды.
Бұл басылымдар қазақ халқының рухани дүниесінде үлкен мәнге ие. Оның үстіне қазіргі уақытта кез-келген сала дамып, күрделене түсуде. Осы салаларды саралап, жіктеп таразылайтын жеке-жеке ғылым салалары пайда бола бастады. Сондықтан да салалық басылымдарға қажеттілік туды.
Осы ретте Ресей ғалымы А. Мураковскийдің мына сөзімен келіспеуге болмас: «Журналистиканы салаландыру өте қажет. Мәселен, физика туралы жазатын журналистер кез келген ғалымдармен ядролық физика туралы тең дәрежеде сөйлесе білетін деңгейде болуы қажет. Бұл жерде журналистке жоғары біліктілік, саланы жете меңгергендік қажет болады. Оның әмбебаптылығынан гөрі, салаланғандығы маңыздырақ. Сондықтан да қазіргі уақытта бір саланы жетік меңгерген журналистерге сұраныс жоғары. Бір саланы жақсы меңгерген журналист қана сол саланың барлық проблемасын, оны шешу жолдарында қандай адамдардың жүргендігін біледі, оларды сөзге тарта алады, бір сөзбен айтқанда өзіне не керектігін біледі»[5,12-б].
Ғылым мен техниканың дамуы адамдардың барлық салада әмбебап болуын қажетсінеді. Мәселен, күнделікті қоғамдық-саяси басылымдарда жұмыс істейтін адам саясатты да, экономиканы да, қажет болған жағдайда мәдениетті де жазуға дағдыланған. Өйткені оған қойылған талап солай. Бірақ олай болуы мүмкін еместігін барлығы біледі. Жан-жақты хабардар болуы мүмкін, бірақ барлық саланы бір адам бес саусақтай меңгеруі ақылға сыйымсыз. Сондықтан да болар қазіргі күнделікті, апталық басылымдар редакцияны тақырып бойынша жеке-жеке топтарға бөліп тастаған. Мәселен, экономика, саясат, әлеумет, спорт т.б.
Бүгінгі уақытта ғылым-білімге арналған салалық басылымдарда кездесіп отырған бір проблеманың ұшы осы «әмбебап» кадрларға байланысты болып жатады. Аталған мәселе жайлы «Мәдениет» журналының бас редакторы Д.Исабеков жақсы пікір айтады: “Қаптап жүрген журналистердің көпшілігі біздің талабымызға сай келмей жатты. Олардың арасында өнер мен мәдениетті жақсы білетін, олардың ішкі проблемаларына үңіліп қарай алатын, қазақ мәдениетінің жетістіктері мен кемістіктерін әлемдік мәдени процестермен ұштастыра отырып сараптама жасай алатын қаламгерлер сирек боп шықты” [9,7-б], – дейді. Негізгі проблеманың бәрі маманда екені баршамызға аян. Сондықтан да ғылым-білімге арналған салалық басылымдар айналасындағы мәселелер, олардың бүгінгі қоғамда атқарып отырған қызметтері жайлы зерттеу артықтық етпесі анық.
Жалпы ғылым-білімге арналған салалық басылымдар бүгінгі уақытта жеке зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі деп шегелеп айтқымыз келеді. Салалық басылымдардың құрылымдық, жанрлық, тақырыптық ерекшеліктеріне жеке-жеке талдау жасау арқылы қазақ журналистикасы тарихында ғылым-білімге арналған салалық басылымдардың орнын анықтау бүгінгі тәуелсіз қазақ журналистикасының маңызды міндеттері деп білеміз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
-
Назарбаев Н.Ә. Бас редакторлармен кездесу. // Егемен Қазақстан. 2 шілде 1994.
-
Бекниязов Т. Журналистің шығармашылық шеберлігі.–Алматы: 2008.
-
Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі – Қазақстан тарихының дерек көзі. –Алматы: 2005.
-
Қожакеев Т. Жыл құстары. – Алматы: Қазақстан. 1991.
-
Нұрғалиева Л.Р. 1917-1937 жылдардағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері баспасөзде: тарихнамалық зерттеу: т.ғ.к. авторефераты. – Алматы: 1998.
-
Ысмағұлов М. Ғұмар Қараштың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлері. // Қазақстан мұғалімі. 21 мамыр, 1959.
-
Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С.К. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Қазақ ұлттық педагогикасы мен ұлттық психологиясының тарихы. Оқу құралы.–Алматы: Санат. 1995.
-
Нұсқабайұлы Ж. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-1995). – Алматы: Рауан, 1996.
-
Исабеков Д. Мәдениет – ұлттың алтын арқауы. // Мәдениет. №1. 2006.
Андирова Индира Бекболатқызы,
Журналистика және саясаттану
факультетінің 2 курс магистранты
«Айқап» журналы және оқу-тәрбие мәселесі
XX ғасырдың бас кезінде, яғни 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Тройцкі қаласындағы «Энергия» баспахансында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік саяси-өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап таратуда елеулі роль атқарды. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған ілгері дамытқан журнал.
«Айқап» журналын ұйымдастырушы және редакторы демократ –жазушы Мұқаметжан Сералин (1872-1929) болды. М. Сералин журналдың төңірегіне өзімен ниеттес көрнекті ақын жазушыларды, қоғамдық қайраткерлерді топтастырды. Журналдың секретары 1911-12 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-14 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Әр уақытта тілші, автор болып Сәкен Сейфуллин , Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев және осылар сияқты ақын-жазушылар қатысты [1,45-б].
«Айқап» журналы осылай аталуының себебі мен алдағы мақсаты туралы 1911 жылғы 11-санында бастырушылар алқасының атынан былайша түсінік береді: «Айқап» деген сөз қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен, кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді.
«Айқаптың» төңірегіне жиналып, қазақ халқының қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан әдебиеті мен мәдениетті жайында байсалды талғамдар айтқан журналдың редакторы М. Сералиннің «Айқап» журналының басқармасында қызмет еткен жазушылардың еңбектері ерекше. «Айқап» журналының бетінде қазақ поэзиясының классигі С. Сейфуллиннің алғашқы өлеңдері, Б. Майлиннің тұңғыш мақалалары мен әңгімелері, С. Дөнентаевтың бірнеше өлеңдері жарияланды.
Журнал оқу, жас буындарды тәрбиелеу және мәдени-ағарту ісіне шын мәнісінде демократиялық тұрғыдан көңіл бөлді. Бұл іске М.Сералин өзі сияқты мұғалім, жазушыларды, ақындарды, публицистерді тартты.
«Айқап» отырықшы болуды мәдениет мәселелерімен байланыстыра үгіттеді. М. Сералин орыс халқының ғылымын, өнерін, тілін үйрену керек дей келіп, ол үшін мектеп ашу қажет деген идеяны таратты. Бұл 4-5 үйдің қолынан келетін іс емес, кедейлердің баласын алыс жерге жіберіп оқытуға жағдайы келмейді. Сондықтан «бір жерге қала болып жиналудан басқа ем жоқ». Ал «50-60 үй бір жерде, жиналып отырса, оларға орталарынан молда (мұғалім) ұстап бала оқыту оңай. Сонда өкімет тарапынан орыс-қазақ мектебін аштыруды талап етуге болатынын» [1,9-б] айтты.
М. Сералин XX ғасырдағы қазақ ағартушыларының дәстүрін жалғастыра отырып, мектеп ашу, бала оқыту жөнінде нақтылы ұсыныстар жасады. «Біздің ілгері келешек күнімізде, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы талапкерлерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды» [2,20-б],-деп жазды ол.
«Айқап» журналы қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына да жан-жақты тоқталады. «Адам баласының тәлім-тәрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тәрбиелеуші – ана» деп, олардың үйдегі, семьядағы атқаратын рөлін өте жоғары бағалады. Журнал осы мәселені көтере отырып езілген қазақ әйелдері қатарынан жұмысқа тілшілер тартты. Тілеубайқызы Сахыпжамал (1911, №7, 11-12 бет) қазақтың ер балаларын оқытып, қыз балаға онша көңіл бөлмейтінін, олардың қалың малға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатынын халық алдында әшкерелейді. Осы орайда Тілеубайқызы Сахыпжамалдың «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақаласын атап өткен жөн. «Ер баланы оқытасыз да, бізді оқытпайсыз, қыздар оқыса бұзылады дейсіз. Бұзылған әйелдер оқығаннан бұзыла ма екен. Оқу адамды бұза ма екен? Біле білсең қыз баланы көбірек оқыту керек. Қыз бала түбінде бала шағаның анасы болады. Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алар ма?! Қыздарыңызды көбіне жәбірге ұстап бересіз, ұстап бергеніңіз сол, 14-15 жастағы қыздарыңызды 50-60 жастағы шалға бересіз. Екеуі тең бе, тең емес пе оған қарамайсыз. Шырылдатып ұстап бересіз. Егер де тең болса 14-15жастағы ұлдарыңызға 50-60 жастағы кемпірді неге алып бермейсіз?»,- деп тоқтайды Сахыпжамал. Бұдан артық жеткізіп, бұдан артық ашынып жазу мүмкін емес сияқты. Бұл мақала сол кезде миллиондаған қазақ қыздарының намысын жанып, ар-ұятын оятқан, қазақ даласын дүркіреткен, ұлы жаңалық болды.
Журналдың көп көңіл бөлген мәселерінің бірі - әдет-ғұрып, салт-сана мәселесі еді. Журнал қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыптың кемшілік, кері кеткен жақтарын сынай отырып, елді жақсылыққа, озық ойға, болашаққа шақырды. «Қазақтың қазіргі халі» деген мақалада елді кері тартатын кесапаттың алыстан келмейтінін, оның өз арамыздағы кәдімгі дау-жанжал, ұрлық, өтірік-өсек сөзден тарайтынын, бұл кемшіліктердің кәсіпсіздік білімсіздіктен туатынын жұрт алдына алақандағыдай жайып салады. Б. Майлин журналдың 1913 жылғы 15-санындағы (335-336 б.б.) мақаласында қыз ұзату тойында, өлімге ас беріп, еске алуда елдің үлкен шығынға бататынын айтып оның орына халықты пайдалы іске оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға , мектеп медресе салуға қаражат шығаруға шақырады.
Жалпы алғанда журнал қазақ елін білімге, өнерге шақырды, оқыту сапасын жақсарту мен білім беруді белгілі программаға сүйене жүргізу керектігін сөз етті: «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес» деген мақалада (1911, №5, 4-6 беттер) оқыту ісін дұрыс жолға қою үшін көптеген шараларды жүзеге асыру керектігі айтылады. Сондай-ақ қазақ шәкірттерінің хал-жағдайының тым нашар екендігіне тоқтала отырып журнал оларға көмектесуге шақырған көптеген мақала-хабарларды да басып отырды. Білім беру мәселесін шешу үшін оқу құралдарын шығару, қазақ тілінің әліппесін жасау, жазу жұмысын бір ережеге бағындыру туралы бірсыпыра мақалалар жариялады [1,9-б].
«Қазақ» газетінде М. Жаңа Байбақтының бала тәрбиесі жөнінде жазған мақаласын айта кеткен жөн». «Адам баласы басқа мақұлықтардан қандай ақылды, өнерлі болса, сондай осал, төзімсіз. Басқа жәндіктер ешбір жәрдемсіз, қарусыз жорытып жүретін ыстық я суықта адам баласы киім киіп, үй салып басын қорғайды. Тауықтың балапаны туысы мен тамақ іздеп шауып кетсе, адам баласы берген тамақты әрең ішеді. Сондықтан адамның адам болуына көп күтім, көп тәрбие керек. Басқа жәндіктерге тәрбие бек аз һәм тән тәрбиесі ғана керек. Адам балаларына, жаратушы аллаға, ұлтына һәм өзінен кейін өсіп -өнетін ұрпақтарына міндеті көп болғандықтан, тән тәрбиесі қанша керек болса, жан тәрбиесі сонша керек. Адамның аштан, отқа күйіп, суға түсіп өлмей адам болуына туған сағаттан бастап тән тәрбиесін жасау керек болса, жан тәрбиесін де сол мезгілден бастау керек». «Баланы жастан, қатынды бастан» деген қазақ мақалы осы туралы айтылса керек. Бала тәрбиелеудің керектігін жұрт баяғыда білген. Бірақ әр халық әр уақытта әр түрлі себептермен түрлі-түрлі түсінген. Мәселен, Мысыр халқы баланың шаруаға шеберленуін мақсат қылған. Спартак халқы бала тәрбиелеудің мақсаты баланы өжет, жауынгер қылу деп түсінген. Бірқатар халық бала тәрбиелеуді патшалыққа беретін салғырт орнына жүргізген. Біздің қазақ халқы да балаға тәрбиенің керек тігін көп заманнан түсінулі. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген ескі мақал. Бірақ біздің халықтың бала тәрбиелеудің негізін анық түсінбегендігі даусыз. Түсініп, дұрыстап орындаған болса, біз мұндай болмас едік. Біздің халықта бала тәрбиелеудің негізі «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» һәм «Көш бойыңды, жасыр ойыңды» болған. Дүниедегі адамнан басқа жәндіктер бір пайдаға асумен, қаруымен құрметтеледі (Ат мініс берумен, сиыр сүт берумен деген сияқты). Адам баласы тек адам болғаны ғана үшін құрметтеледі, құтырған жан басқа бір себептен пайдасыздыққа шыққан мақұлықты атып өлтірсе, жұрт қуанады. Пайдасыздыққа шыққан кісіні атып өлтірсе, жұрт аяйды, өлтіруші ождан азабын тартады. Мұның себебі, адамның адамдығы. Яғни басқа нәрселер тек мақсатқа жеткізетін құрал болғанда адамның өзінің мақсаты болғандағы әңгіме адамның жанында, рухында болғандығы. Олай болса, адамның тәрбиесі тек тән тәрбиесі болмай, жан тәрбиесі де болу керек. Жан тәрбиесі бір дүздеме болмай, нағыз екі бет болу [3,33-б].
Бұл бала тәрбиелеу хақында біз бүгін әңгіме қылып отырмыз. Грек халқы бұдан екі мың жылдай бұрын түсініп, педагогия дейтін ғылым шығарып, қолданып көрген. Бұл біздің көп кенже қалған ғылымдарымыздың бірі ғой. Бала ақыл тоқтатып, есеймей тұрып-ақ көргенін істей бастайды. Үйінде намаз оқушылар болса, намаз оқиды, насыбай атушы болса, қол насыбай қылып атады, шылым тартушы болса, шөпті шылым қылып тартады. Домбыра тартушы болса, қолына түскенін домбыра қылады. Жақсы істесе, жақсы, жаман істесе, жаман істейді. Бұлай болса, бала тәрбиелеудің негізі ата-анасында. Бірінші шарты ата-анасының балаға мүмкін қадыр жақсы үлгі көрсетуге тырысуы. «Баланың жаны кірсіз тақтай, не жазсаң соны оқырсың» деп бұрынғы даналар жұлдық қылып белгілеп кеткен. Сондықтан ата-анаға қолдан келгенше «Ұлы, қызы жақсымен ауылдас болып, жаманнан жиіркендіріп, жақсыға қызықтыру парыз. Екінші шарты мезгілі жеткен (7 жасар) баласын бай жалшылармен бірге бақтырмай, кедей 8 айға 3 сомға жалдап, өстіп құдайдан, баласынан, кейінгі ұрпағынан қарғыс алмай, баланы молдаға дін ғылымын үйренуге, Ордағы дүние ғылымын үйренуге беру. Бастапқысынан құдайын танып, иманын біліп, соңғысынан құдайдың жаратқан заттарын танып, ыждақатын күшейтіп, шын мұсылман, шын адам, ұлттық шын баласы болсын. Молдалар мен мұғалімдерге де бұрынғыдай «аюды үйреткен таяқ» деп балаларды сабап, арқасын қанатып, сонан соң «молданың соққан жері отқа күймейді» деп жұбатуды қоюы керек. Таяқ аюды-айуанды үйретеді, ақыл иесі адам баласын ыза қылып, арландырып шамадан шығарады. Дін үйретуші пайғамбарлар ешкімді сабамаған көрінеді. Мұғалім «ғұннасын» шығар деп таяқ жұмсаса, учитель «ударение» қайда деп құлағын бұраса, бұл бала тәрбиелеу болмайды. Яғни баланы қайыру, баланы бұзу баланың кірсіз ақ қағаздай жанын ластау болды [4,21-б].
Адам баласы барлық білікті сыртқы бес мүшесімен алады. Көзбен көріп, құлақпен естіп, мұрынмен иіскеп, тілмен татып, денемен сезіп.Сондықтан баланы оқытқан уақытта бұл бес мүшелердің барлығын бірдей тәрбиелеу керек. Бірқатары тәрбиеленіп, бірқатары тәрбиеленбей қалса, ол балаға зор кемшілік келтіреді. Адам балалары бір нәрсені білуде түрлі –түрлі болады. Біреу есіткенін ұмытпайды, біреу көргенін ұмытпайды, біреу татқан дәмін ұмытпайды. Бірақ ондай адам сирек болады. Бір медреседе, бір класта оқып жүрген балалардың біреуінің олай, біреуінің былай болуы осыдан. Сондықтан оқытушылардың бұл бес мүшені бірдей тәрбиелеуге ырдаһат қылулары тиіс. Мәселе, кітаптың ішінде «Қызғалдақ» деген сөз ұшырайды. Оқытушы қызғалдақ деген қызыл жапырақ деп өте шықса, ертеңге шейін тек есіткенін ұмытпайтын балалардың ғана қатерінде қалады. Басқасы ұмытады. Егерде қызғалдақ деген мынадай жапырақ деп көрсетсе, өзі жеңіл һәм жұмсақ деп ұстатса, исі жақсы деп иіскетсе, дәмі ащы деп жалатса, балалардың біреуіде ұмытпайды.
Сонымен баланы оқытқанда жеңіл жолмен бар мүшелерін бірдей тәрбиелеп, әзір білімді баланың кішкентай басына тыға бермей, жетелеп өзіне іздетіп, ақылын кәмілдеп, ізгілікке жетелеп, жүрегін адалдап, жақсыға қызығатын, жаманнан жеркенетін қылып табиғатын жіңішкертіп шығару мақсұт. Бұл газет бетіне жазылған қысқа ғана ой. Қалың кітаптар маңызды, тауыса сөйленетін бұл туралы сөздер ардақты ғылым иесі адамдардың жұмысы.
Достарыңызбен бөлісу: |