Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Бекхожин Х Қазақ баспасөзінің тарихының очеркі / Х.Бекхожин. – Алматы: Ғылым, 1981. – 191бет.
2. Қозыбаев С. Әлем баспасөзі тарихынан. / С. Қозыбаев, А. Рамазанова, Қ.
Аллаберген. –Алматы: Санат, 1998. – 300 б.
3. «Қазақ» газеті (Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов). - Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 2002.
4. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы: Қазақстан, 1993.
Әубәкірова Нұргүл Абайқызы,
Журналист
Мақсат Тәж-Мұрат – журналист, редактор
«Тәж-Мұратты өзгеден ерекшелеп тұратын екінші қасиеті дүниеге, өмірге, тіпті жазып отырған тақырыбына деген адалдығы һәм өзіндік көзқарасы. Бұрынғы тұжырымға бас изеп, мақұлға жығылу жоқ. Тыңнан сүрлеу іздеу басым»[3, №2, 2013]. Жазушы Дүкенбай Досжан өзінен кейінгі інісіне осындай баға берген.
Мақсат Тәж-Мұраттың қаламынан туған туындылар қазіргі дәуір тынысына үн қосқан, заман шындығын дәл ашып көрсететін сүбелі дүниелер. Мейлі ол зерттеу, әдеби толғам, мақала немесе эссе болсын – барлығы да бейнелі сөзбен, дәлелді дерекпен, тұщымды оймен жазылған. Қайықтың екі ескегіндей ғылым мен журналистиканы қатар есіп жүрген автордың еңбектерінде ғалымның логикалық ойлау жүйесі мен журналистің сан түрлі сезімге толы жүрек сыры айқын сезіледі. Публицистің көптеген мақалалары ғылыми зерттеу негізінде жазылған. Журналист не нәрсені жазса да, кеңінен толғайды. Оның мақалаларында дерек пен дәйек бір-бірімен қисынды қиюласып, дерек басты орынға шығады. «Менің журналист болуым, ғалым ретінде қалыптасуымды көп жеңілдетті. Сол сияқты ғалым ретінде қалыптасуым, журналист ретінде өсуіме негіз болды. Журналист – ғалым ретінде үстірт ойларға бармауды, қай тақырыпты болмасын кеңінен толғап жазуды үйрендім», - дейді Мақсат Тәж-Мұраттың өзі бір сұхбатында. ҚазМУ-дың журналистика факультеті мен докторантурасын тәмамдаған Мақсат Тәж-Мұрат «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде бас редактордың орынбасары, «Жалын» журналында жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарады. Сондай-ақ Қазақстан ЛКЖО ОК баспасөз секторының меңгерушісі, ҚазМУ-да аға оқытушы, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары және «Ана тілі» газетінде бас редактор болып жұмыс істеген. 2009 жылдан бастап 2013 жылдың басына дейін «Астана» журналында директор-бас редактор қызметін атқарады. Журналистік қырынан бөлек редакторлық шеберлігі мықты М.Тәж-Мұраттың әсіресе, «Ана тілі» газетінде бас редактор ретіндегі тәжірибесін кеңінен қозғауға болады.
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,- деген Ахмет Байтұрсынов атамыздың қасиетті қара сөзін ұран етіп алған «Ана тілі» газеті 1990 жылдың 22- наурызынан шыға бастады. Еліміз егемендік алып, іргеміз беки бастаған тұста ұлттық проблеманы қаузайтын, қазақ тілінің ар-намысын қорғайтын рухани басылым қажет еді. Сол мақсатта оқырман қауымға жол тартқан «Ана тілі» басылымы бүгінде табаны күректей 23 жыл ұлтымыздың рухани азығына айналып, қызмет етіп келеді. Алғашқы бас редакторы Жарылқап Бейсенбай қалыптастырып, халыққа танытқан ұлт газетін журналистика тарланы Мереке Құлкенов одан әрі дамытып, басылымның бағын ашты. Мереке Құлкенов басылымды аттай он жыл басқарды. Кейін «Қазақ газеттері» ЖШС-не директор болып қызмет ауыстырған кезде басылым редакциясында 1990 жылдан бастап қызмет істеп келе жатқан қаламы қарымды журналист Мақсат Тәж-Мұратқа үлкен сенім артып, тізгінді ұстатты.
«Ана тілінің» басшысы болып екі жарым жыл жұмыс істедім. Шыны керек, аз тер төгілген жоқ. Жақаң қалыптастырып, Мекең түрлендірген газетті одан әрі қарай жақсарту мәселесі мен үшін үлкен сын болды. Жақаңның кезінде жарияланған танымдық, ұлттық материалдар қазақтың қанын қыздырып, рухын асқақтатты. Газеттің таралымы бір жылдың ішінде 100 мыңнан асты. Бұл қазақтың арқаланып, аруақтанып тұрған кезі еді. Ал, Мекең газетті нарықтық кезеңде басқарды. Сол себепті «Ана тілі» ұлттық-патриоттық газетке айналды. Мен газетті қолға алғанда нарық қыспағы келмеске кетсе де, алдымызда бүгінгіні талдап, болашақты жоспарлау мәселесі тұрды. Соған байланысты мен журналистік зерттеулерге, әлеуметтік проблемаларға, репортерлық мақалаларға басымдық бердім» -дейді редактор бір сұхбатында.
Мақсат Тәж-Мұрат редактор қызметін атқарған кезде «Ана тілі» газеті жаңа айдарлармен толығып, басылымның мазмұны күшейді. Танымдық жарияланымдар көбірек басылып, газетте тақырып сан алуандылығы байқалды. Тіл газеті бұрынғы «Редактор бағанын» «Сағати көз» деген атпен бүгінгі күннің саяси-қоғамдық керегін қозғайтын бөлім ретінде жандандыруы құптарлық іс болды. Бұл бөлімде, көбінесе, бас редактордың қоғамда белең алған өткір проблемаларды бас көзімен көріп, көкірек көзімен сезініп жазған мақалалары ел назарына ұсынылды. Мысалы, «Ел иесіз дедің бе?!» (№ 36, 2007 жыл,6 қыркүйек), «Мэлс, белесебет және бір риуайят» (№ 34, 2007 жыл, 23 тамыз), «Ел қамын жеу мен ел малын жеудің арасы немесе Ісімағзам Еңбекті қалай жоғалттық» (№39, 2007 жыл, 27 қыркүйек). Бұл мақалардың барлығында бас редактордың қолтаңбасы бар. Оқырман үшін атқарар міндеті мен маңызы зор басылымға редакторлық етіп қана қоймай, журналистік кәсібін қатар алып жүрген Мақсат Тәж-Мұраттың «Сағати көз» айдарында жарияланған сын-мақаласының бірі – «Алты қазға арзу. Баспасөз сынына құлақ аспаудың соңы неге әкеп соғуы мүмкін». «Ана тілі» газетінің 2008 жыл 14 ақпандағы №7 санында жарық көрген аталмыш жарияланымның жанры талдамалық жанрға жатады. Мақалада деректер автордың ойын жеткізу құралы ретінде қолданылады. Автордың көзқарасы, оның түйіндері кең ауқымды орынға ие және нақты дерекке негізделген жалпылама жинақты құрайды. Мақаланың ерекшелігі оның бір ғана нақты ойды дамыта түсуінде жатыр. Логикалық ой мен дәлелдердің мақсаттылығы, сөйлемдер мен түйіндердің нақтылығы басты назарда болады. Мақаланың мәні ассоциация мен түйіндерден құралатын автордың ойында жатыр. Сатылай келе тезистердің көмегімен автор оқырманды өзекті мәселеге жақындата түседі.
«Сын түзелмей, мін де түзелмес» дегендей, редактор жоғары билік органдарының бұқаралық ақпарат құралдарының сөзіне құлақ аспауын, нәтижесінде халықтың пікірімен санаспауын сынға алып, проблемалық мақала ретінде газеттің бірінші бетіне жариялайды. Әрине, кез-келген мақала дерек пен дәйекке, нақтылы бір фактіге құрылады. Журналистикадағы басты нәрсе –ақпарат болса, мақаланың негізіне Байқоңыр ғарыш айлағы жайындағы бір дерек қозғау болған. Мақаланың бастауынан үзінді келтіре кетсек:
«Жуырда Ресей 2016 жылы Қиыр Шығыста Восточный ғарыш айлағын іске қосатындығын мәлімдеді. Ресейліктер Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алады деп жүрген Қазақстан үкіметін бұл хабар жасын соққандай қылды...Енді тез арада Қазақстан жағы ғарыш айлағы басы бүтін өз қолымызға көшетін 2016 жылы не істейтінін, отандық ғарыш саласын қандай жолдармен дамытатынын нақпа-нақ белгілеп алу міндеті туындады. Ал бұл саладағы істің жайы күрделі. Жуырда ғана есеп палатасы ғарыш қызметін дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы орындалмағанын, оған арнап бөлінген 16 млрд.теңгенің басым бөлігі игерілмей, бірқатары талан-таражға түскенін анықтады». Жазуға негіз болған ақпараттың кездейсоқ Байқоңыр ғарыш айлағы болуы да тегін емес. Журналистың бұл да бір шеберлігі болар. Байқоңырдың жырын жырлап, проблема көтеріп жүрген талай журналистеріміз жаза –жаза қолдары талып, шешімін таппайтын мәселеге қатысты бас қатырмайтын болды. Мақсат Тәж-Мұрат болса үзілгелі тұрған үміттің жалғауын жалғап, бұл мәселені республиканың түкпір-түкпіріне дейін тарайтын басылым арқылы тағы бір көтерді. Көтеріп қана қоймай, ғарыш айлағына қатысты қандай да бір жаңалықтар мен мақалаларды үзбей жариялап отырды, сол арқылы жоғарыда отырған шенеуніктердің назарын аударпақ болды. «Күнделікті газеттер жарыса жазып, «жамбасын жерге тигізіп» қойған осынау ойсыраған олқылықтарды тәптіштеп отырғанымыз, Байқоңыр мәселесін газетіміз арнайы көтергенін айту. Естеріңізде болса, ғарыш айлағында ұзақ уақыт қызмет еткен полковник Мереке Махатов «Первая казахская школа на космодроме» атты мақаласында айлақтың әлеуметтік проблемаларын талдай келіп, Байқоңырды Қазақстан жағының басқарып, пайдалануын бажайлаған «Ғарыш - 2020» бағдарламасын жасағанын хабарлаған еді («Ана тілі», №47, 22.11.07). Республика басшылығы назар аударған жағдайда бағдарламаны құзыретті мекемелердің қолына тигізетінін де жеткізген. Айтылмыш саладағы жауапты қызметкерлердің көпшілігі орыстілді екендігін ескеріп, кейбір оқырмандардың наразы болғанына қарамастан, мақаланы істің мүддесі үшін түпнұсқа тілде, яғни орысша жариялағанбыз. Ізін суытпастан қарап, пікір білдіру үшін арнаулы хатпен Ұлттық ғарыш агенттігіне жібергенбіз. Содан бері екі жарым ай өтті. Астана жақтан лүп еткен леп жоқ».
Биліктегілердің тасада тығылып, проблема атаулыдан қашып құтылғысы келетін жаман әдеттерін сынап-мінеп, баспасөзде мың мәрте көтерілсе де, әлі күнге дейін өз шешімін таппаған жоғарыда айтылғандардан басқа да проблемалардың бар екенін ескертеді. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін, мақаладан үзінде келтіре кетсек.
«Көптің бірі, көпшіктің кірі» боп қалған жалғыз Махатов мақаласы емес. Газетіміз былтыр қазақ жерінде генерал Колпаковскийге зәңкитіп ескерткіш тұрғызу тәуелсіздігімізді тұғырландыру жосынына қабыспайтынын айтып, көлемді-көлемді үш мақала жариялады. Алаш-Орда үкіметінің құрылғанына 90 жыл толу мерейтойын атап өту елдігімізге сын екендігін айтып, бақандай бес мақала бердік...Т. Жаңақұловтың «Терминдегі псевдопатриотизм туралы» атты мақаласына үн қосып, жалғаса шыққан пікірлерді де дереу тіл саясатымен айналысатын құзіретті органдардың, тіл білімі мекемелерінің назарына салып отырдық. Халықтың пікірімен бұлайша ойнауға болмайтынын ескертіп, «Баяғы жартас...» деген атпен және бір мақала жарияладық. Үштұғырлы тіл жобасына қатысты жарияланымдарды да, арендалық тұрғын үйге қатысты материалдарды да сөйттік.
Қыңбады. Шімірікпеді. Құлағын кесіп әкетсе де. Біздікі Төлеген Қособаның түбінде аспандап ұшқан алты қазға айтқан арыз болды да қалды»- деп іштегі өкпе-назын білдіреді. Өзегін өртеген өртеңнен ақ параққа қалам тербеу арқылы құтылғысы келеді. Журналист мақаласын қорытындылай келе, түйін сөзге былай деп жазады: «Жұртшылық пікіріне құлақ аспау –Кеңес Одағының ыдырауына әкеп соқтырған көп себептің бірі, бірақ елеулі себептің бірі. Өйткені «кері байланыс» дейтін үлкен күшті естен шығарған, яғни халықтың кәрінен, Алланың қаһарынан қорықпайтын шенеунік қоғамның сау ағзасын бүлдіріп жатқан зор қылмыс – жемқорлыққа да тынбай барады». Байқоңырдың ылаңымен басталған әңгіменің аяғы тамағын жемге толтыруды жақсы көретін шенеуніктердің жемқорлығы, оларға қарсы күрес жүргізу қажеттігімен аяқталады.
«Ана тілі» газетінің бетінде Мақсат Тәж-Мұраттың сынға қатысты айтылған мынадай бір пікірі бар еді: «Бізде сын болуы керек. Бірақ ол оппозициялық газеттердегідей ұрдажық сын емес, сындарлы, пайдалы сын болуы тиіс» (№25, 2007 жыл 21маусым). Бас редактор бағанында қалам сілтеп, көтерген мәселесі де «айтылған сөз - атылған оқтың» нақ дәлеліндей.
«Сағати көз» редакторлық бағанында Мақсат Тәж-Мұраттың қолтаңбасымен берілген тағы бір жарияланымның бірі «Алыстан дос, жақыннан жау іздеме» деп аталады (№6, 2007 жыл, 8 ақпан). Жанрлық тұрғыдан талдасақ, аталмыш материал саяси шолуға келеді. Ислам мемлекеті Ирактың бұрынғы әміршісі Саддам Хұсейннің дарға асылып, аяусыз өлтірілгені, әлем елдерінің оған деген көзқарасы мен мұсылман елдеріне қатысты ұстанатын позициясы.
Мақсат Тәж-Мұрат басшылық еткен тұста газеттің мазмұны тақырып жағынан болсын, газеттің негізгі құрылымы саналатын айдар жағынан болсын көп күшейді. Елтану бөлімі қосылып, саясат пен экономика жаңалықтары да газет назарынан тыс қалмады. Қаруымен емес, қаламымен ана тілдің арын қорғап, ұлттың қамын күйттейтін жас журналистердің толқыны қалыптасты. Қоғамдағы болып жатқан оқиғалардан, ауылдың тыныс-тіршілігінен, күн тәртібінде тұрған қазақ тілінің хал-ахуалы жайында сүбелі дүниелер жиі жарық көріп тұрды.
«Басылым бастығына тартады» деген жазушы Камал Смайылов атамыздың тамаша бір сөзі бар. Сірә, бұл нақыл Мақсат Тәж-Мұраттың кезіндегі «Ана тілі» газетіне арналып айтылған секілді. Мақсат Тәж-Мұрат тек журналист қана емес, ол зерттеуші, ғалым. Тарихқа бала кезден жаны құмар Тәж-Мұраттың есейе келе ғылым мен журналистиканы қатар алып жүруіне әкелді. Бүгінде Мақсат Тәж-Мұраттың жеткен биігі мен қол жеткізген жетістігі тек журналистік шеберлігі мен ізденімпаз еңбекқорлығының арқасы. Қолына өмір бойы диктофон ұстап алып жүре алмайтынын түсінген ол жаны қалауына ерік береді. Сөйтіп, үлкен шыдамдылық пен төзімділікті, тынымсыз еңбек пен ізденісті талап ететін ғылымға бет бұрады. Содан бері оның қаламынан туған әрбір дүние тарихи мұрамыздың қатарын толықтырып, өткені арқылы келешегін бажайлайтын әр ұрпақ үшін рухани құнды азық болып табылады. Сол мақсатта «Ана тілі» газетінің бетінде тарихи-танымдық материалдарға арналған арнаулы бөлім ашылды. «Айдың таса беті» деп аталатын жаңа бөлімде еңбегі елге елеулі журналист-ғалымдардың, жазушылардың ғылыми еңбектері жарияланып тұрды. Соның бірі танымал журналист Сауытбек Абдрахмановтың «Вер бана ат» атты Пушкин жайлы ғылыми зерттеуі (№4,2007 жыл, 25 қаңтар ).
Газет бұрынғы азулы, өжет бағытын одан әрі жалғастырып отырғаны байқалады. Газет бетіндегі өзгерістер «Ана тілінің» медианарықтағы орнын одан әрі бекемдеу ізденістері екендігінің нақ дәлелі. Газет редакциясы тақырыптарды блокпен беру, жазылатын мәселелердің ауқымын кеңейту, олардың пәрменділігін арттыру ыңғайында елеулі жұмыстар атқарды. Мазмұн, түр жағынан болсын басылым едәуір күшейіп, түрленді. Газет басшысы ретінде іске бел түре кіріскен Мақсат Тәж-Мұрат сүрлеу жолдың соқпағына соғылмай, тыңнан жол таба білген білімі мен білігі, таланты мен талабы түйіскен мықты редактор бола білді. «Әу баста кадр мәселесі көп қиындық туғызды. Өйткені, мен газетке келген кезең журналистердің 3-4 –ші ұрпағы ауысқан уақыт еді. Өзіңізде білесіз, қазіргі жас журналистердің журналистика туралы түсінігі біздің түсінігімізбен тоғыспайды. Олардың дені ғаламторға иек артып алған. «Нашар журналист интернет жағалайды, жақсы журналист ел аралайды» деген сөз күн өткен сайын өзекті болып барады. Қазір журналистердің ел аралап мақала жазуы жоқтың қасына пара-пар. Телефондық журналистика, пресс-релиздік журналистика белең алып кетті. Мен «Ана тіліне» келген кезде осы мәселені қолға алдым. Алғашқыда қарамағымдағы журналистерге мақалаға айдар, тақырып қоюдан бастап, мақаланың ішінде не айтатыны, не жазатыны туралы тәптіштеп түсіндіріп жүрдім. Жазған мақалалары сапалы болсын деп қосымша материалдар тауып берген кездерім де болды. Осылай әрекет ете жүріп, Мереке ағамыздың кезіндегі газет тиражын ұстап қалдық»,-дейді редактордың өзі бір сұхбатында. Редактор ретінде Мақсат Тәж-Мұраттың өзгелерден өзгешелегі ол басқа басшылар секілді науқаншылдыққа бас ұрмай, газет тиражын жасанды түрде көбейтуге үзілді-кесілді қарсы болды. Тираж табиғи түрде жасалды. 2007 жылдың басынан 2009 жылдың наурыз айына дейін «Ана тілі» газетінде бас редактор қызметін жемісті атқарғаны үшін Мақсат Тәж-Мұратқа «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді.
Дүйсембаева Мәдина Саматқызы,
Журналист
Тағдыры – сын, жаратылысы – сыншы қаламгер
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – қазақ халқымен қатар, қазақ журналистикасына тағдырлы белес болып табылды. Дәл осы кезеңде қазақ публицистикасының дамуында да жаңа дәуір басталды. Ол – азат ойдың, еркін сөздің дәуірі еді. Публицистика қоғамдық маңызды мәселелерді көтергенде ғана, оның әсер-ықпалы зор болатындығы белгілі. 1990-шы жылдар публицистикасының басты өзгешелігі – бұрын жазуға болмайтын, бұрын айтуға болмайтын мәселелерге еркін қалам тербелді. Заманының запыранын, қоғамның күрмеуі күрделі мәселелерін өткір өресімен, орамды ойымен сараптап, сыншыл да шыншыл публицистикасымен ерекшелінген жазушы, журналист, публицист – Марат Қабанбай. Таразы басың тең ұстап, қоғам мен биліктің кем тұстарын тең тарқатқан журналист.
Қазақ қоғамының құлдық санасын сырып, жұртты жалтақтықтан жырақтату жолында қазақ публицистикасына жаңа леп әкелген публицисттің еңбегі ерекше. Тәуелсіздіктің түпкілікті мәні шекара тұтастығынан емес, ел тұтастығынан, тәуелсіз санадан басталадындығы жайында қоғамға дамылсыз дәлелдер келтірген қарымды қаламгер. Ызалы жүрекпен, бұлқынған намыспен жазу даралығы азаматтық абыройының асқақтығын айқындайды. Саясатты сауатты сараптауда толағай біліммен қатар, болжампаздық, сезгіштік, гипотеза, зияткерлік танымның кеңдігі болуы шарт. Қазіргі таңда саясат, экономиканы мардымды деңгейде саралай алатын журналистер кемде-кем. Осы тарапта, Марат Қабанбайдың мақалалары күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпады. Сондықтан, Марат Қабанбай публицистикасы Отандық журналистика және публицистика тарихында стильдік ерешеліктерімен, эстетикалық талғымымен, публицистік позициясымен, шығармашылық ізденістерімен өзекті.
«Ана тілі» газетінің қазақ халқының тәуелсіздік алған шағынан бастап, әлі күнге дейін ұлттық намысты насихаттауда басылымдар арасында бірегей орны бар. 1990 жылдың 22 наурызынан бастап шыға бастаған газетпен бір күнде, публицистің 22 наурызда дүниеге келуі де сәйкестік емес. Марат Қабанбай «Ана тілінің» отымен кіріп, күлімен шыға жүріп, газеттің жылдардан жылдарға ұстанып келген қағидаларын, ұлттық мүдденің иісі аңқитын газеттің өзіне ғана тән моделін қалыптастыруда үлкен еңбек етті. Биыл Марат Қабанбайдың 65 жылдығына орай, публицистің еңбектері қоғамға қайтадан жаңғырып, тиісті бағалануына әбден лайықты.
Марат Қабанбайдың талантты жазушы, қарымды қаламгер ретінде қалыптасуы өмір мен еңбек жолдарынан бастау алады. Өмірден асқан ұстаз жоқ. Оны уақыт дәлелдеп отыр. Тағдырдың тауқыметі, тұрмыстың таршылығы ерте есейткен қаламгердің шығармашылығы елең еткізер, есті шығармаларынан басталды.
Кез-келген шығармаға жан бітіріп, кейіпкердің образын аша отырып, оқиғаны шынайы және әсерлі беру үшін, жазушы өзін сол шығарма кейіпкерінің орнына қойып, көкірегіндегі мінезге шомып кетуі тиіс. Бұл жағдайда балалар жазушысының арқалаған жүгі ауыр. Өйткені, жазушы әуелі бала психологиясына барлау жасап, дүниеге бір сәт бала жүрекпен, сәбилік санамен қарауы тиіс. Сонда ғана шығарма баланы еліктіріп әкететіні сөзсіз. Алайда, балалар аудиториясын зерттеп, баланың жүрек қылын табу өте қиын. Қазақ әдебиетінде балаларға арналған ақын-жазушылардың қатары аз. Ақын Қадыр Мырзалиев пен Қастек Баянбайдың балалар әдебиетінде қалдырған мұрасы қай заманда болсын өзектілігін жоғалтпайды. Осы қатарда жазушы Марат Қабанбайдың еңбегі де ұшан-теңіз. Шығармалары кішкентай оқырмандардың жүрегіне жол тауып, орта буынның мойындауына ие болды.
Жазушылықтан журналистика мен публицистикаға бет бұрып, қазақ әдебиетімен қатар, Отандық журналистика мен публицистикада мәні жоғалмас тың дүниелер қалдырды. Бұл Марат Қабанбайдың жазушылық тұлғасының ірілігі мен жан-жақтылығын дәлелдеп тұр. Осы арада, Марат Қабанбайдың әдебиет пен публицистикадағы стиль, жазу ерекшеліктерін жете түсінгендігін ескеру қажет. Яғни, қаламгер өз шығармашылығында таразы басын тең ұстай білген. Балалар әдебиетіндегі шығармалары жас өркенді тазалыққа, өмірге құштарлыққа тәрбиелейтін арманшыл, қиялшыл сарында жазылған. Ал, публицистикалық шығармаларында қиялды, романтиканы алшақтата ұстап, реалистік көзқараспен, суық зерекпен, сапалы сынмен, өткір мінезбен жаза білген.
Марат Қабанбайдың «Ана тілі» газетіндегі қызметі журналистік және публицистік қырларының шындалып, еңбегінің қоғамға пайдасын әкелген, өмірінің кульминациялық кезеңі десек те болады. Бұрын-соңды қазақ публицистикасында кездеспеген жазу шеберлігі мен мәселені талқылаудағы тапқырлығының арқасында мақалалары көпшілік оқырманға ой тастап, қазақтың қалғыған намысын оятты. Өйткені, әрбір сөйлемін буырқаған намыспен, кекті мінезбен, тұшымды және дәлелді ойлармен айшықтап отырған.
Ақбергенова Жазира Байсыйыққызы,
Журналист
Шархан Қазығұл публицистикасы
Қазақ журналистикасында публицистикалық шығармаларымен оқырман ықыласына бөленіп, өзіндік қолтаңбасымен ел есінде жүретін қаламгерлер баршылық. Журналистиканың жүгін арқалаған талантты, дарынды шоғырлардың ішінен публицистикасында өзіндік айтар үні бар, оқырман санасына сәуле түсірер салиқалы ой-пікірлері бірнеше газет-журнал беттерінде көрініс тапқан ─ Шархан Қазығұлды айтуға болады. Себебі, Шархан Қазығұлдың есімі журналист, публицист, редактор, қайраткер дейтін нақты ұғымдармен толыға түседі. Ол осындай даңққа дарыны мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында жеткен. Шархан Қазығұлдың журналистік мұрасымен таныса келе, біз оның жазбалары ұрпақтың рухани азығы болатынына шек келтіре алмаймыз. Себебі ол өзіндік стилі, өзгеше жазу өрнектері қалыптасқан талантты журналист.
Шархан Қазығұлдың шығармашылық жолы 1986-1994 жылдары Алматы облысының Балқаш және Іле аудандық газеттерінде бас редактор қызметінен басталады. 1994-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Министрінің Баспасөз қызметінде кеңесші (консультант), 2001-2004 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ қоғамдық қатынастар департаментінің бас менеджері қызметтерінде жемісті еңбек еткен. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрінде қызмет етіп, өзін таныта білген ол РR-маман ретінде де елге танылды. Сонымен қатар, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Шархан Қазығұл «Нұр Астана» және «Айқара» республикалық басылымдары мен «Qogam.kz» порталы сияқты жобаларды жүзеге асырып, редакторлық қызмет атқарған. Оның «Қажыгелдин қағидасы», «Әлем әйнегіндегі әсемдік», «Дүбәрә дүние», «Тоғыз тарау туынды» тәрізді бірнеше кітаптары бар. Бұл еңбектердің ішінде әдеби-көркем дүниелер де, публицистикалық жинақтары да тоғысқан. Жалпы, Шархан Қазығұл өзін «тәрбие көрмей өскен журналист» қатарына жатқызады. Ол «Айқын» газетіне берген бір сұхбатында журналист алғашқы шығармашылық жолын: «Шынымды айтсам, мен «тәрбие көрмей өскен журналистпін». Шәкірт болатын кезімде «бастық» болып кеттім. Жиырма тоғыз жасымда аудандық газетті басқардым. Редактордың шәкірт болып жүргені тағы ұят. Қысқасы, бірге етене еңбек етіп, дәл қасында отырып, қасиеттерін қабылдаған ұстазым жоқ. Бірақ өкіне қоймаймын». Десе де, ұстазсыз шәкірт журналистика саласында топ жарып, бірнеше өзекті мәселелерді көтерді. Қордаланып қалған қазақ журналистикасының проблемаларын шешуге атсалысты. Өзіндік ұстанымы мен жаңаша ойлау жүйесі, шеберлігі һәм ізденгіштігі арқылы бірнеше биіктерді бағындырды.
Журналистика – ой-шұқыры көп ерекше әлем. Бұл кәсіптің шыңына шығу екінің-бірінің қолынан келмейді. Себебі, журналист публицистика жанрының қай түрін де тиянақты меңгеру керек. Бұл орайда, Шархан Қазығұлдың өзіне тән ерекше журналистік жолы бар тұлға. Оның публицистикасы - жазылу стилі өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігімен, мазмұны көркем тілмен көмкерілгендігімен, айтар ойы айрықша зерделенгенімен көзге түседі. Қоғамдағы мәселелерді талдау барысында көпсөзділікке ұрынбай, айтар ойын анық жеткізеді. Қаламгердің шеберлігі сол публицистикаларында көптеген терминдерді көпшілік түсіне алатындай етіп, қарапайым тілмен жазады. Өзі жинақтаған фактілерді, өзі куә болған оқиғаларды ерекше стильмен жеткізіп, қажетті цифрлар мен дәйектерді ұқыптылықпен қолданады. Қазақтың сөз қазынасына терең теңіздей бойлай алатындығын және ешқандай әсіре қызыл сөз, мақтау-мадақ емес, керісінше, арық сөйлеп, кесек турайды. Ол мақалаларында атойлап ұран салмай, көпсөзділікке ұрынбай қысқа қайырады. Оның жазбаларын оқи отырып, еріксіз езу тартасың. Жалпы, публицистің жазу стилі жеңіл юмор, сатира, астарлы ой, діттеген мақсатына жетер әзілмен көркемделген. Бұл журналист үшін керекті ең басты қасиет деп айтуға болады.
Қазіргі қоғамда БАҚ-ның өзіндік орны бар. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет ─ халықтың көзі, тілі һәм құлағы» демекші, қоғамдағы ақ пен қараның аражігін ажыратып, билік пен бұқараның көпірі іспеттес БАҚ бүгінде «төртінші билік» деп аталды. Алайда, бұл атауға публицист Шархан Қазығұл өз мамандығының мәнін «Адаптацияның классикалық үлгісі Алайда, бұл сатқындық ─ категориясына жатпайтын құбылыс» атты редакторлық мақаласында ашады. Шархан Қазығұл журналистика саласының өнерге, ғылымға жатпайтын, билікке кірмейтін жұмбақ құбылыс екендігін алға тартады. Сонымен қатар ол қай уақытта да оқырманға сулы-жабағылы емес, керісінше, шынайы ақпараттың қажеттігін мәлімдейді. Мақаладан үзінді келтірсек: «Еліміз егемендік алып, демократиялық қоғам заңдарына бағынғалы бері журналистиканы «төртінші билік» деп, қопаңдатып қою да етек ала бастады. Бірақ, ешқашан да билікті біреу сыйға тартып көрген емес. Қазақ биліктің басын емес, қойдың басын ғана тартады сыйға. Онда да сүйкімің болса. Сүйкімсіз сүмелекке ол да жоқ. Билікті ықылым замандардан бері не тартып алады, не жеңіп алады. Сосын «төртінші билік» деген терминнің өзінде әжуа жатқан жоқ па?!... Журналистика ─ жұмбақ құбылыс. Басқалар үшін. Жанымен түсінгісі келмейтіндер үшін. Ал журналистикамен «ауырғандар» үшін ─ таптырмайтын тәтті құбылыс».
Публицистикада ой, идея басты роль атқарады. Сондықтан қаламгерлер қалам тербеген тақырыбына терең бойлап, аражігін ажырата білуі тиіс. Орыстың белгілі журналисі Анатолий Аграновский қай жерде ой болса, сол жерде публицистика белең алатынын айта отырып, жанрға қатысты пікірін былай бағамдаған: «Публицистика ойға құрылуы тиіс. Жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады». Автордың стилінің бір ерекшелігі ─ оның тақырып ашудағы тиянақтылығы. Жалпы, тақырып дегеніміздің өзі ─ туындының алғашқы қаланған іргетасы. «Тақырып дегеніміз ─ оқиғаның не туралы екендігін анықтайтын категория. Яғни, замансөз тақырыбы бүгінгі қоғам, қазіргі өмір». «Бәрінен бұрын тақырып пайда болады, ─ дейді Валентин Катаев, ─ пайда болады да жазушыны азапқа сала бастайды. Тақырып санаға сіңіп, ойға орныққан сайын, адам, зат образдары, болашақ пейзаж жұрнақтары туып, тұтаса береді». Шархан Қазығұл публицистикаларының тақырыптары бір тектес әріппен, ақ өлеңдей қатар өріледі. Айталық, «Келешектен келген Кекілбаев», «Беренсөздің бірегей бегі», «Көркем кісі», «Түрен тартқан Төре», «Жұматаев жұмбағы», «Түпкілікті тынбай тұрғанда тіліңе тіреу бол, бауырым!», «Бір анклав, екі анклав, үш анклав, енді бір қарасаң ─ Қытай», «Әлемді қорғасыныңмен емес, Оңғарсыноваларыңмен жаулап аласың», «Киноның көсегесі коммерциясыз көгермейді», т.б. Осы келтірілген мысалдардан журналист-публицист Шархан Қазығұлдың тапқырлығын, ойлау жүйесінің кеңдігін, жан-жақтылығын көреміз.
Шархан Қазығұл еңбектері тіршілік сырын тереңірек білуге, білгенін көңілге түюге, өмірмен қоян қолтық араласуға үйретеді. Егер «Көркем-публицистикалық жанрлар типтік деректерді талдау, суреттеу әдісімен жазылады...» деген қағиданы негізге алсақ, Шархан Қазығұлдың публицистикасының тақырыптық-мазмұндық ерекшелігін ол көтерген замана шындығы мен адам тұлғасы, мінез-құлқын бағамдайтын мақалалары көрсетеді. Шархан Қазығұл шығармаларында адам факторын жадынан шығармаған. Қоғамдағы өзгерістерге ықпал етерлік Әбіш Кекілбаев, Сауытбек Әбдірахманов, Нұртөре Жүсіп, Намазалы Омашев, Ғаділбек Шалахметов, Қали Сәрсенбай, Байболсын Жұматаев т.б.секілді қазақтың біртуар азаматтарының адами қасиеттері, адамдық танымдарын жазған. Шархан Қазығұлдың тақырып табудағы тапқырлығы мен тиянақтылығын жазған болатынмын. Бұл журналистің бір жағынан шеберлігі болса, екіншіден, тіл байлығының мол екендігін көрсетеді. Мысалы, «Келешектен келген Кекілбаев». Кекілбаев келешектен қалай келді? Автордың мақаласын оқу барысында мына жолдарға көзіміз түсті: «Адамды зерттеуді алға шығарудың қаншалықты қасиетті іс екенін бар болмыс бітімімен түйсінген Әбіш Кекілбаев сондықтан да келешектен келген кісідей көрінеді». Профессор Н.Омашевқа арналған мақала «Тәтті құбылыс теоретигі» деп аталды. Автор мақаласында: «...Қай дәуірде болсын, өнерге де қосылмай келген, ғылымға да жатқызылмаған, билікке де кірмеген, тек қана тылсымдығымен тәтті құбылыстай көрініп тұратын қазақ журналистикасының осы заманғы теоретигі Намазалы Омашұлының ұлттық публицистикамыздың әлі де ашылмаған аралдарына талай қонақтайтыны хақ. Жай қонақтамайды, өз өмірінің арқауына айналған ісін құнттап қонақтайды. Бұған күмән жоқ».
Автордың жазбаларында заман тынысы нақты деректермен бедерленеді. Шархан Қазығұл журналистік жолында тынымсыз ізденгіштігі мен еңбекқорлығын көрсете білген. «Жақсы журналистке қандай қасиет керек? Нендей талаптың үдесінен шығу керек дегенде, ең әуелі алдындағы ақ қағазға қаламға адалдық керек: қарақан бастың қамынан гөрі ел мүддесі, халық тағдыры, Отанның бүгіні мен келешегі қашанда бірінші орында тұруы басты талап». Осы талап үдесінен шыға білген Шархан Қазығұл туындылары үлкенді-кішінің рухани нәр алар асыл қазынасына айналып, елдің қамын, болашақтың жайын толғайтын публицистикалық материалдары оқырман қауымның көп нәрсеге көзін ашып, көкірегін оятты. Шархан Қазығұл «Желтоқсан жылнамашысы» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасында жанын жалау етіп көтерген жастардың жанкештілігі, стихиялы болса да, кездейсоқ емес әрекетінің ар алдындағы ақтық іс екендігін баяндайды.«...Қазір қарап отырсақ, тәуелсіздік өздігінен келе қалған, қолымызға қона қалған секілді. Кейбір «айтқышбектер»: «Бізге тәуелсіздікті Ресей өзі бере салды ғой», ─ деп соғатынын қайтерсің. Біз айтар едік, халықтың санасына жетіп, ойынан өтпеген нәрсе ешқашан жүзеге аспайды. Ал сол бұқараның санасына сәуле құйып, ойына нәр берген кімдер?...»,-деген сауал қойып, Мұхтар Шаханов, Желтоқсан оқиғасын талмай, жалықпай жан жақты зерттей бастаған Коммунар Тайбей есімдерін келтіреді. Бұл орайда, қоғамдық маңызды мәселелерді қозғайтын публицистика ─ бірнеше ғасырлардағы адамзат ақыл-ойының жемісі екендігін айта кеткен жөн.
Шархан Қазығұл аталған мақалада кеңестік пролетариат диктатурасы құлап, еліміз бодандық бұғауынан босағанын, егемен ел атанып, демократиялық жолға түскенін айтады. Алайда егемендіктің адам құқы тапталған жаралы желтоқсанда бастау алғанын ұмытпау керек екенімізді және еске салады. «...Ендігі бір жәйт ─ жастар жағдайы. Соңғы уақыта олар өз елінің болашағы туралы көп ойланбайтындай. Мынау нарықтық-экономиканың уақытша қиындықтарын сылтауратып, бәрі саудаға бет бұрып бара жатқандай. Сауда болғанда, кәдімгі қара бастың саудасы. Елдің келешегіне бағытталған бизнес болса бастарынан айналасың ғой». Иә, адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қоғамда орын алған құбылыстар қалам иелері тұрмақ, басқа да мамандық иелерін толғандыратыны хақ. Мұндай жайларды қалам ұстаған адам өз заманының болмысын жазуы тиіс. Шархан Қазығұлдың қоғам мен адам мәселесін бұл мақаласында алдыңғы орынға шығаруының да мәнісі осында.
Публицистикалық шығармаларда еліміздің ішкі-сыртқы саясаты және мәдениет пен мораль проблемалары сияқты актуальды мәселелері сөз болады. Шархан Қазығұл журналистігінің және бір ерекше қыры оның өткір мәселелерді мәдениет, өнер, әдебиет «ауылынан» да іздейтіндігі. «Киноның көсегесі коммерциясыз көгермейді» атты мақаласында автор қаланың қай кинотеатрына бас сұқсаңыз да, шетінен шетелдік фильмдерді «жарнамалайтынын» баяндайды. Кино ғана емес, оқырмандар отандық газет-журналдарды оқығаннан гөрі шетелдің баспасөзін жаздырып, «жастанып» оқиды. Шарханша айтсақ, ««Қайда барсаң да Қорқыттың көрі!». Қазақша газет-журнал дүңгіршектерде сатылмайды, сатылғанмен өтпейді. Кинотеатрларда қазақша фильмдер көрсетілмейді, көрсетілсе де қазақтар оны көргісі келмейді. Қазақша кітаптар саудаға шығарылмайды, шығарылғанымен қазақтар кітап оқуды қойған. Ал, қазақ драма театрларының тұрақты көрермендері ─ зорлықпен билет алуға мәжбүр болған оқушылар мен студенттер. Ақшаға келген нәрсе деп амалсыздан барып жатыр байғұс балалар». Автордың бұл ой түйіндемесі өмірден алынған факт! Қазақ киносының көшін бастап келе жатқан «Көшпенділер» киносын дәлел ретінде тілге тиек еткен Шархан Қазығұл аталмыш мақаласын: «...Ықтималдық теориясына сүйенсек, кинотеатрлардың қазақ фильмдерін көрсету мүмкіндігі артады. Әйтпесе, дәл қазір қазақша кино көрсетпейсіңдер деп кінә тағу да қисынсыз дау сияқты көрінеді де тұрады», ─ деп аяқтаған.
«Түпкілікті тынбай тұрғанда тіліңе тіреу бол, бауырым!» мақаласында автор мемлекеттік тілді менсінбейтін қазақтарды «сынайды», әжуалайды. Рас, еліміз егемендік алып, тәуелсіз ел атанғанымызбен, ана тілін білмейтін, қадірлемейтін қазақтардың қатары көп арамызда. Бұл тақырыпта мақала жазбаған журналист, пікір білдірмеген маман қалмады. Бірақ ол мақаласында атойлап ұран салмай, көпсөзділікке ұрынбай қысқа қайырады. Мақаланың қысқа жазылуына байланысты В.Инбер былай баға береді: «Тіл, дәлдік және қысқа жазу ─ шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр» Шархан Қазығұлдың аталмыш мақаласы қысқа жазылса да, мұнан оқырманның алары мол, түйсінері көп. Мақаладан үзінді келтірейік: «...Қазақ тілі үшін алдымен шырылдаған Шер аға еді, ол кісі де шаршады ма, шау тартты ма, шарбағынан шықпайтын болды. Шаршамай жүрген Шаханов. Қазақ тілінің жолында шапқылап жүр. Қарасөзбен қарлығып та айтады, өлеңменен өңештеп те айтады. Оған селк етіп жатқан адамды көрмедім. Қазақ тілінің сөзін сөйлеген адамға тітіркеніп қараймыз».
Бір ел бір елді мойындатуы үшін бірінші пушкасын емес, Пушкинін жіберетіні қазір тіпті де дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл біздің емес, публицист Шархан Қазығұлдың түсінік-танымы. Автор «Әлемді қорғасыныңмен емес, Оңғарсыноваларыңмен жаулап аласың» атты мақаласында әлемді қолымыздағы бар байлығымызбен емес, еліміздегі мәдениетімізбен, соның ішіндегі әдебиетімізбен, білікті, білімді мамандарымызбен, зиялы қауымдарымызбен таң қалдыруға болатынын баяндайды. Сонымен қатар Қазақстан халқының ауызбіршілігін, ынтымақтастығын мәлімдейді қаламгер. Осы мақаладағы мына бір мысалды сөзіміздің дәлелі болуы үшін алып қарайық: «Әзірге Қазақстанның әлем алдындағы ең мықты көзірі не десе, мен айтар едім: бейбіт өмірсүргіштігі». Автор мақаласын оқи отырып, алдағы күндерге деген сеніміміз молайып, үмітіміз кеңейеді.
Публицист Шархан Қазығұл «Қазаққа нигилизм қауіпті ме?» деген тақырыпта қалам тербеп, нигилизмді алыстан емес, қазақы болмыс-бітімнен, күнделікті тұрмыс-тіршіліктен тауып, рухани биіктікпен талдау жасайды. Нақтырақ айтқанда, нигилизмнің түп-тамырын эгоизмнен қарастырады. «Жұмыс орныма автобуспен барғанды жақсы көремін. Халықпен бірге жүргенге не жетсін! Көп нәрсеге көз жеткізесің! Біз қалай өмір сүріп жатырмыз? Тұрмысымыз қандай? Мәдениетіміз қандай? Бәрін байқауға болады. Басқасын айтпай-ақ қоялық, бір нәрсе көзге ұрып тұрады. Ол эгоизм...» деп басталады мақала Табиғат заңына бағынғысы келмейтін пенделер жанкештілігін алға тартады. Бұл орайда Шархан Қазығұл былай қалам тербейді: «Кейбіреулер мына жалғанда өзінің жасап жүрген ісін ғана керемет шаруа деп көрсеткісі келеді. Бүкіл халықтың назарын соған аудартудың әлегімен жүреді. Бірақ барлық нәрсенің ыстық суығы күндердің күнінде басылады. Халық бәрін електен өткізеді. Кімнің кім екенін анықтап, әркімді өз орнына қояды. Бұл тек уақыттың ісі» Сонымен қатар бұл мақалада автор ұлт мүддесі, тіл тағдыры, қазақтың бойындағы кемшіліктермен һәм қателіктер, экономикалық және саяси жаһандану, ұлттық сананы қалыптастыру тақырыбында тұшымды ой-пікірлерін сарапқа салады. Әсіресе, бүгінгі қоғамда кездесетін көреалмаушылық, өзімшілдік, жалқаулық, іштарлық, түсініспеушілік «дертінің» тамырын басып, оларға дәйекті мысал келтіреді. Мақаладан үзінді келтірсек: «Біреуді мақтасақ, аспанға ұшырып жібереміз. Сынасақ, құздан құлатып тынамыз. Сынағанда ешкімді де жәбірлемейтіндей немесе мақтағанда адамды ұятқа қалдырмайтындай, ортадағы ойды бедерлеу қолымыздан келмей ақ қойды... Ерек сөз айтқан адамда айбалтамыз дайын тұратын болды. Мұхтар Мағауын «мен» деп еді, «өзіңше болма» деп шетелге шығарып салдық. Сол Мұхаң емес пе еді, қазақ әдебиетінің жасын бақандай үш ғасырға ұзартқан. Болат Атабаев «мен мемлекет пен халық үшін емес, қарақан басымды асырау үшін өнерде жүрмін» деп бұған дейін айтылып келген «әдемі әуеннің шырқын бұзып» еді, «халыққа қызмет етіп жүрміз» деп шуылдап жүретін әншісымақтардың тырнағына да татырмай тастадық нән талантымызды...» Аталмыш мақалада белгілі халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бүркіт туралы заманауи аңызын алға тартқан Шархан Қазығұл кісі бойындағы тектілік қасиетінен де қалам тербейді. «Басқа елге түгілі, өз жерімізде жүріп ақ бүркіттік біраз қасиеттерімізден айрылып барамыз ау, ─ дейді ол ─ Отанымызда отырып ақ тұмсығысыз шабылған, қанатымыз қырқылған халықтың халіне жақындап қалған жоқпыз ба?!». Бұл мақаланың тобықтай түйінінде автор жылай бергеннен де, жыртығымыз жамалмайтынына және жалған намыстың жоғымызды тауып бермейтініне көзімізді жеткізеді. Мақаланы былай түйіндейді: «...Ақиқаттан алшақтаған сайын арымыздан айырыла беретініміз айтпаса да түсінікті. Әңгімеміздің әу басында бір еске салып кеткен танымдық нигилизм осынысымен қауіпті. Ақиқатты жоққа шығару ─ Арымызға сын».
Мейірімділік, адамгершілік, имандылық, тәрбиемен қатар, тойымсыз құлқын мен адам бойындағы жағымсыз қасиеттер туралы ой-пікір білдіруден Шархан Қазығұл айналып өтпеген. Оның «Жалғыздыққа тап болғанға дейінгі мәңгілік» атты мақаласында адам өмірінің құпиясы, «дүние жалған емес, адам жалған» екендігі айтылады. Мақала «Құлқыныңа құрық салып көрдің бе?», «Өмірдің ең соңғы құпиясы» атты екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде жер бетінде тіршілік ететін жұмыр басты пенденің бойында кездесетін тойымсыз құлқын баяндалады. «Әр мың жылда 43 ұрпақ ауысып отырады... Десек те, солардың барлығына тән өзгермейтін бір құбылыс бар. Ол ─ құлқын! Алла тағаланың адамды сұраққа алардағы ең басты критерийін өзгерту ешкімнің қолынан келмейді! Олай дейтініміз, адамдар баяғы қалпынан өзгерген емес. Дәстүр сабақтастығына қайран қаласың! Қазір де таяқ лақтырсаң, құлқынын ойлаған пендеге тиеді. Кейде күпіршілікке барасың: «Жаратқан шеберлігінің ең апогейі осы ма екен?!», ─ дейді автор. Мақала барысында автор жалған дүниеде бар нәрсенің «қолдан жасалған» қуаныш екендігін айтады. Пенде болған соң өмірге қонақ боп келгенімізді әсте естен шығарып алатынымыз жасырын емес...
«Өмірдің ең соңғы құпиясы» атты бөлімде ақша адамға өмір сүру үшін ауадай қажет құрал екендігін мәлімдейді. Былай қарасаңыз, ақша адам өміріндегі басты құндылық сияқты болып табылады. Оған талас жоқ. Бірақ бұл мақалада журналист ақшаның қоғамда ешқашан шешуші рөл атқара алмайтынын, ол бар болғаны рухани аурудың симптомы екенін көрсетеді. Өмірде өз арын ақшадан да биік қоятын адамдар болғанын, қазірде барын, бұдан кейін де болатынын айтады автор. Ақшаны қашанда рух ұлылығы жеңеді. Айналып келгенде құлқын түзілмей, қоғам да мін түзелмейтінін меңзейді автор. «Парадокс, жоғарыда айтқан құлқын деген түбі жоқ құдық тағы да есігімізді тықылдатып тұр. Құлқын ауруының ең сорақысы осы ─ сыйбайлас жемқорлық. Сол арқылы құлқынын толтырып отырған мемлекеттік шенеуніктер қоғамның азғындалуына ең басты кінәлі адамдар екенін өз басым салық төлеуші ретінде ойбайлап тұрып айтуға арланбаймын. Олар тек халықты ғана қақсатып қоймайды, бизнес өкілдерін де теспей сорудың неше түрлі үлгісін көрсетуден де қаймықпай келеді. Сондықтан да осы сұр жыланның түбіне балта шаппай, қоғамда заңдылық орнап, консенсус болуы екіталай», ─ дейді автор мақалада.
Шархан Қазығұлдың «сүйікті тақырыптары» көбіне мұнай саласына арналатындығын айтқымыз келеді. Автордың аталмыш тақырып бойынша жазған қай мақаласын алып қарасақ та, оның өткірлігін, өтімділігін аңғарамыз. Мұнайдың мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігіне айналғанын айта келе публицист осы салада жұмыс жасайтын кәсіби қызметкерлермен сұхбаттасып, мұнай «психологиясына» жан-жақты терең зерттеу жасайды. Автор мақалаларында елімізде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқандығын, мұнай келешектің игіліктерін қамтамасыз етудің бастауы болып тұрғандығын, мұнай саласы ел бюджетінің төрттен бірін құрайтынын, әлеуметтік бағыттағы қыруар шараға осы саланың негізінде қаржы түсіп жатқанын жазады. Сөзімізге автордың «Қазақ қарамайы әлемдік құбылысқа айнала ма?», «Қазақтың бір байлығы мұнай деген», «Көшпенділер енді Каспийде жүзеді», «ҚазМұнайГаз»: басым бағыттар берекеге бастайды», «ҚМГ: барлау арқылы өндіруді ұлғайту ─ өмір талабы» тәрізді бірнеше сүбелі мақалалары дәлел.
Шархан Қазығұл «сүйікті тақырыбы» туралы қалам тербегенде көлдей кесте сызып мысал келтірмеген, сандар тізбегін де самсатпаған, термин сөздерді көп қосып оқырманын жалықтырып алмаған. Экономика саласындағы мақалаларын да автор оқырманға түсінікті де қарапайым тілмен жазып, көбіне көркемдік аспектілерге жүгінген. Бұл белгілі публицистің мол тәжірибесінің нәтижесі екендігіне шүбә жоқ.
Журналист-публицист Шархан Қазығұл әр жанрдың бабына батыл да, еркін қадам жасай білген журналист. Жанрдың жай-жапсарын жыға таниды. Соның ішінде репортаж жанрын жетік меңгерген. «Репортаж ─ информациялық жанрдың флагманы. Репортаж ─ информациялық жанрдың космостық ракетасы» екенін жете ұғынған. Автор «Көшпенділердің кеме керуені кәрі Каспийге келді» атты репортажында 2004 жылдың аяғында Ресей Федерациясының Ленинград облысындағы Выборг кеме жасау зауытында Қазақстан флотының Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдайтын танкері жасалғаны туралы баяндайды. Автордың репортажын оқу барысында кемені көруге құдды өзімізде барғандай сезіндік.
Автордың аталмыш репортажын оқи отырып, «Астана» деп аталатын жаңа кеменің «кіндік шешесі» Жания Әубәкірова болғандығынан хабардар болдық. Репортажда Ш.Қ. кіндік шешенің сенімді ақтағанын қуана жеткізеді. Автордың репортажынан үзінді келтірсек: «...Тұсаукесер кезінде сөйлеген ен адамның ішінде жалғыз ауыз қазақша сөзі айтқан осы Жания болды. «Кемеміздің әрқашан жолы болсын!», ─ деді ау. Ішімізден «Бар бол, Жания! Кемең де бар болсын!» деп тіледік» [16. 9-10 б.] Ш.Қ. репортажын асқан шеберлікпен жазған. Репортажды оқу барысында біз тек фактілерді ғана емес, кеме тұсаукесеріне қатысқан тұлғалардың бет-бейнесін қателіксіз аша алғанын аңғардық. Мұның өзі публицистік шеберліктің шырқау шыңы десек те қателеспейміз.
Қорыта келе, Шархан Қазығұл мақалаларындағы ой жинақылығы киіз үйдей тұтасымен өріледі.Оның публицистикасымен таныса келе біз оның басқа ақпаратқа ғана сүйеніп мақала жазатын әріптестеріндей емес, ойлау жүйесінің кеңдігін, өмір философиясына тереңдей бойлай білетін қасиетін, қоғамға қажет тақырыпты қозғауда жеке бастың мүддесін емес, ел мүддесін ерекше назарға алатындығын, ұтқыр шешімдерді қабылдай отырып, ұсыныс шешім қабылдай білетін шеберлігін аңғардық. Бұл қолынан қаламы түспейтін журналистің ізденгіштігі мен зерттеу қабілетінің жоғары екендігін тағы бір дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |