Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


«Үш аймақ» ұлттық армиясындағы бірнеше атты полктің қысқаша тарихы



бет12/29
Дата24.04.2016
өлшемі2.39 Mb.
#78735
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29

«Үш аймақ» ұлттық армиясындағы бірнеше атты полктің қысқаша тарихы: «Үш аймақ» төңкерісі деп – 1940 жылдың ақпан айынан 1947 жылдың шілде айына дейін Гоминдаң үкіметіне қарсы жүргізген Іле, Алтай және Тарбағатай халқының қарулы көтерілісін айтамыз. Шың шы цай бүкіл Шыңжаң халқына фашистік үстемдік жүргізді. Халықты аяусыз қанады. Ұлттар қорланды. Алым-салық өте көп болды. Осындай қысым көрген халық оған шыдап тұра алмады. Халық арасындағы елім деген ер жүрек азаматтар қолына қару алып, атқа мінді. Алтайдың Көктоғай ауданында – Есімхан, Ырысхан, Ақтеке би, Сүлеймен, Мұса мергендер бастаған қарулы көтерлістер болды. Іленің Нылқы ауданында – Фатих, Әкпар, Сейіт, Қайнам, Науан, Байшорын сияқылар бастаған қарулы көтерліс болды. Тарбағатайдың Майлы-Жайыр тауында – Нұрсапа, Байкенже; Еренқабырға тауында – Нұпай, Қабдолла, Қалибек, Тәкімандар бастаған қарулы көтерліс болды. «Үш аймақ» қарулы көтерлісі дегеніміз, міне, осылар.

Бұл күрестерге кеңес үкіметі, Монғолия үкіметі көмек қолын созды. Жауға қарсы бірінші оқты – Есімхан атып, алғашқы болып жеңіске қол жеткізді. Ең алғашқы көтеріліс құрбандары да қазақтар болды.

Алтайдағы төңкерісті кейін Оспан батыр батыр, генерал Дәлелхандар жалғастырып, жеңістен жеңіске жетіп отырды. Жеңіс соңында Оспан, Қалибек, Тәкімандар төңкерістен бет бұрып кетті.

Фатих, Қайнам, Нұрсапа, Қазыхан, Байшорымдар кеңес одағына кетті.

Осы партизандардың «Үш аймақтың» тауларынан ойға түсіп, диқандармен, қала халықтарымен бірге – қалаларды, кенттерді азат етіп, Уақытша үкімет кеңесі –Құлжа қаласында 1945 жылы 8 сәуір күні қызыл армиясы үлгісінде ұлттық армия құруды белгіледі.

Онда: үш жаяу әскер полкі – Кеңсай үшінші атты әскер полкі, Текес атты әскер полкі, Тоғыз тарау атты әскер полкі; Тарбағатай азат болысымен – Тарбағатай қазақ алтыншы атты әскер полкі, Сауан жетінші атты әскер полкі; Алтай азат болысымен – Сарысүмбе үшінші атты әскер полкі, монғол сегізінші атты әскер полкі, Сібе атты әскер батальоны, дүнген атты әскер батальондары құрылды. Полктерге жасыл түсті ислам туы берілді. Ұлттық армияның қолбасшысы генерал – Полинов болды. Штаб бастығы – Мажаров болып белгіленді.


Тоғыз тарау қазақ бесінші атты әскер полкінің қысқаша тарихы
Бұл полк – 1944 жылы шілде айында құрылған. Бұл полк: Ластай партизандарының Нылқыдағы – жеті шайқасына, Құлжа қаласындағы – төрт шайқасқа, Ашалыдағы – бес шайқасқа қатысқан партизандардың ішінен жасы 18-35 дейінгі соғыста батыр батырлық көрсетіп, еңбек сіңірген жиыны 1200 адамның негізінде құрылды. Қатардағы жауынгерлерді тәрбиелеуге кеңес қызыл армиясынан 24 офицерді келді. Олар ерекше қамқорлықта болды. Мен солардың асханасына азық тасушы болып жұмысқа тұрдым.

Полкте – бес қылыш, бір миномет, бір пулемет, бір байланыс эскадроны, бір комендант (полк штабын қорғайтын) және емдеу жасағы және қатынас, қожалық (қамдау) бөлімі, полк штабы болды. Полк командирлігіне – полковник Нүсіпхан Көмбайұлы, полк командирінің шаруашылық жөніндегі орынбасарлығына – Матназаров Тұрсын (қырғыз), полк штабының бастығына – Торғаев (қырғыз) тағайындалды . Бұл адамдар Қырғызстаннан келген, дүниежүзілік екінші соғысты басынан кешкен адамдар. Полктің артқы шептегі қамдау бөлімінің бастығы – Ажыбек, саяси бөлімнің бастығы Тұрсын Қалдыбев болды. Әрбір эскодрон командирі Кеңес одағынан келді.



  1. Бірінші эскадронның командирі – Самарқан.

  2. Екінші эскадронның командирі – Байгелді.

  3. Үшінші эскадронның командирі – Мәсекқазы.

  4. Төртінші эскадронның командирі - ...

  5. Бесінші эскадронның командирі - ...

Миномет эскадронының командирі – Ахмет Рақымбев (жергілікті адам). Пулемет эскадронының командирі – Мұқамия (Нылқы). Комендат эскадронының командирі – Төлеш Кеңес, одағы келген. 1946 жылы шілде айындағы бейбітшілік бітімінен кейін еліне қайтты.

Бұл полктің негізгі бөлігін – Әкпар, Сейіт бастаған партизандар жасағы құрады. Полктің алғаш ұйымдастыру жұмысына, бас штабтан Құсайын Сиябаев, Швелов (орыс) сияқты бірнеше кеңесшілер келді.

Әкпар, Сейіт партизандарының ішінде елеулі еңбек сіңіргендері – Манатқан, Нұрахмет Шымболатұлы, Мұқамия, Матсофы Селбеуұлы, Нүптіғалым Мамырбекұлы, Байжұма, Ақметбек, Мазақ, Аренжан, Ініс, Зікірхан, Ахмет Кеншібайұлы сияқты азаматтар болды.

Мен 1950 жылы мамыр айында Алтайдан Ілеге келдім. Сол күні Іленің уәлиі Әбілқайырдың үйіне барып сәлем бердім (аталас туысым болады). Сол күні Нылқыдан басталған төңкеріс пен Әкпар туралы ол кісіден сұрап, егжей-тегжейін ұғыстым. Оншақты күн өткеннен кейін Нылқы ауданының әкімі Фатих Мүслімовтың үйіне әкем Доқас мені ертіп барды. Әкемнің Фатихқа жолығудағы мақсаты – сол кісі арқылы мені әскерден босатып алып, Нылқыға ауыстырып, жергілікті жерге қызметке орналастырып алу еді. Ал, менің мақсатым – Нылқыдан басталған қарулы күрестің тарихын білу болатын.

Әбілқайыр мен Фатихтың әңгімелерінен ұққаным мынау болды: қарулы көтеріліс арқылы гоминдаңға қарсы тұруымызды кеңес үкіметі қолдапы, көтеріліс басталудан бұрын олар жасырын түрде кеңесшілер жіберіпті. Ластайда партизан штабы құрылғанда бір қазақ майоры болыпты. Ол бұл жаққа келісімен қызайша киініпті. Ол орыс тіліне жүйрік, жасы қырықтар шамасындағы адам екен. Есімі есте қалмапты. Нылқының қарулы күрестің базасы ретінде ұйымдастырылуы мына шарттарға негізделіпті: Нылқы ауданының жері кең, ұзындығы – 243 км, ені – 70 км келді. Шығысы – биік тау, батысы – еңіс. Таулары биік. Арыстан тауының биіктігі – 4590 метр. Ортасынан Қас өзені қақ жарып ағып, Іле дариясына құяды. Төрт жағынан тау қоршап тұрады.

Нылқы – 1939 жылы Күнестен бөлініп аудан болып құрылғанда халының саны – 36 236 адам болатын. Оның көбін қазақтар құрайтын. Қазақтардың саны – 26 248 адам болатын. Қазақтардан басқа: монғол, қырғыз, ұйғыр, өзбек, сібе, татар, қытай сияқтылары да бар және орыс, түрік, кержақ сияқты шет ел азаматтары да бар болатын.



  1. Жер жағдайы партизандық қимылға қолайлы, жауға қолайсыз. Биікте тұрып, етектен келген жауға соққы беруге оңтайлы, партизандардың жасырынуына, жауға тұтқиыл соққы беруіне, жауды қоршап жоюуына, алдап, адастырып кетуіне қолайлы.

  2. Нылқыдағы әр ұлт халқы гоминдаң үкіметіне қатты наразы болатын. Олардың партизандарды қолдауы, қорғауы сөзсіз еді.

  3. Гоминдаң үкіметінен жәбір көрген, түрмеге қамалған азаматтар көп еді (олар кейін партизандарға қосылып, ерен ерліктерімен көзге түсті).

  4. Нылқы ауданы – мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан да, көтерлісшілерді – мінер ат, ішер астан тарылтпайтын еді.

  5. Нылқы да Гоминдаңның қарулы күштері әлсіз болды.

Фатих: «Менің ағам Садық Мүслімов – Құлжадағы кеңес азаматтарының бастығы болатын. Онда: қазақша білетін Кырыленко деген бір орыс арқылы, Құлжадағы сауда серіктестігінің бастығы – Байшорин арқылы, Құлжадағы кеңес консулының қызметкері – Рафик арқылы байланыс жасап, кеңес консулы арқылы кеңес одағының көмегін алып тұрдық. Садық пен Жақанбайды гоминдаң үкіметі тұтқындап әкетті. Кырыленко олардан бұрыныңқырақ қимылдап, кеңес одағына өтіп кетті. Осыдан кейін біз – Байшорин, Рафик арқылы кеңес консулынан нұсқау алып тұрдық. Бізге бұлардан басқа ешкім ақыл айтып, қолбасшылық жасамады. Құлжа қаласын азат етуде ұйғыр туысқандар көтерліске шығып, көп үлес қосты. Қала азат бола салысымен, кеңес одағының қолдауымен әскери қолбасшылық штаб құрылды. Біз сол штабтың әскери қолбасшылығын қабылдандық», – деген болатын.

Жоғарыдағы екі адамның сөзінің маңызды түйіні де осы болды.

Гоминдаңға қарсы тұңғыш оқты Нылқының Ластай тауында Әкпар атты, ол алғашқы жеңіске жеткен соң, Нылқының отыз алты мыңнан астам бұқарасынан 8 мың азаматы оның жасағына қосылып, жойқын күшке айналды. Нылқының өз төңірегінде тоқсан күн ішінде 7 рет қарулы шайқас болды.

Бірінші Ластай шайқасы: Партизандар кеңес үкіметінің көмегіне қолдары жетіп, қаруланып, адам санын 3 400-ге жеткізіп, үгіт жұмыстарын жүргізіп жатқан кез еді. Гоминдаң үкіметі: «Ластайда – Фатих, Әкпар, Сейіт, Ғани, Науан, Байшорин бастаған «алты ұры» шығыпты, оларды ұстағандарға – сыйлық беріледі, ілескендерге –өлім жазасы беріледі. Үкіметке қарсы өтірік, өсек-аяң таратып, бұзықтық істегендер –тұтқынға алынады», – деп жар салды. Осы үгітті таратумен бірге жүзге жуық қазақты тұтқындады.

1949 жылы 17-тамыз күні Гоминдаң керітартпашылары Нылқының сақшы мекемесіндегі 50 адамды қаруландырып, Ластайдағы партизандардың көзін жоюға жіберді. Бұл жіберілген 50 адамның 30-ы әскер, 20-сы үгіт жүргізуші қызметкерлер еді. Олар сол арадағы қазақтарға зорлықпен жол бастатты. Олардың келе жатқанын көре сала, Әкпар бірнеше қарулы адаммен олардың қарсы алдындағы сайдың аузын ала жасырынып, мылтықтарына оқ басып, дайын тұрды. Әкпар оларды дүрбімен көріп тұрып, қасындағыларға:

– Гоминдаң әскерлері – келе жатқан топтың артында екен, қазақтар жол бастап алдында келе жатыр. Біз ең алдында келе жатқан аққалпақты қазақтың біреуін құрбандыққа шалайық. Оны көрген қарусыз қазақтар тым-тырақай алды-артына қарамай қашады. Олар атқа мықты. Қашқан да топтың алдына шығып кетеді. Гоминдаң әскерлері атқа осал. Қопаңдап шаба алмайды. Артта қалады. Біз осы уақытта шабуылға шығып, қуып жүріп көзін жояйық. Өлген қазақтың хабары халық ішіне таралса, енді қайтып Гоминдаң әскерлеріне ешбір қазақ жол бастамайтын, ермейтін болады. Ал, мен алдындағы көк аттыны атайын, – дегенде,

– Ол өз жақындарымыздың біреуі болып жүрмесін, өлмейтін жерінен атыңыз аға, – депті Сейіт.

– Мен атып көрейін, онан соң басқаларың қарулы әскерлерді дәлдеп атыңдар, – деп Әкпар төрт жүз метрдей аралықта нысанаға алып, мылтығының масасын басып қаған екен.

Марқұм Шалпар деген адамның оң жақ шекесін оқ сызып өтіп, қалпағын ұшырып жіберген екен. Ол адам дегбірсіздеу жан болса керек: «Ойбай, аттан! Аттан, еше аттан! Жау келді! Қырып салды! Жойып кетті!», – деп, тізгін ұшыменен самайын қызыл қанға бояп Нылқының қалашығына шауып келіп, сақшы мекемесіне хабар беріпті. Оны сақшы мекемесі елге хабар жеткізіп қояды деп, қайтармай қамап тастапты.

Партизандар сол жолы Әкпардың орналастыруы бойынша шайқасты жеңіспен аяқтап, жаудың 12 әскерін өлтіріп, 8-ін тірідей қолға түсіріп, 20 ат, 20 мылтық, 2000 дана оқ олжалапты. Бұл хабар елге жетіп, Әкпардың тобы күн санап арта түсіпті.

Екінші шайқас. 21-қыркүйек күні Әкпар, Сейіт, Хамит бір топ адаммен «Уәйіс мазарына» (осыдан екі ғасыр бұрын Уәйіс деген арап ислам дінін таратып, Нылқы қаласынан батысқа қарай 60 км. жердегі қызыл топырақты тау бөктеріндегі Қас өзенінің бойына ірі мазар тұрғызған екен. Сол мазар «Уәйіс мазары» деп аталыпты. Бұл қазір мемлекеттік қорғауда) келіп, сол мазарға жасырынып, жау жағдайын барлайды. Таң атысымен ат суарғалы келген он шақты әскердің көзін жоғалтып, жиырмадан астам мылтық, оқ олжалайды. Гоминдаңның Құлжадан келе жатқан екі машина әскері бұдан хабар алған соң, қайта қалаға қашып кетеді.

Үшінші шайқас. Бұл Нылқы қалашығын азат етудегі ірі шайқастардың бірі болды. 1945 жылы 6-қазан күні Әкпар мен Хамиттің қолбасшылығымен партизандар үш топқа бөлініп, қалашықты үш жақтан қоршауға алады. Бір тәулік бойы қатты шайқасып, қалашықты азат етті. Жау жақтан отыздай адам өліп, алпыс адам тірідей қолға түсті. 2 пулемет, 140 мылтық, 60 жәшік оқ, 1 машина олжаланды. Ауданның әкімі, сақшы бастығы, сот бастығы, Қанатбек деген жансыз сияқты, барлығы алты адам халықтың тілегі бойынша атылды.

Басілген шайқасы. Нылқының батыс оңтүстігінде Басілген1 деген бір асу бар. Әкпар мен Сейіттің тобы жау әскерінің келу жолына тосқауыл қояды Және алдарқата шегініп, Гоминдаңның бір батальон әскерімен шайқасып, оның 80 адамын өлтірді. Одан тірі қалғандары қашып кетті. Бұл жолы 62 мылтық, 1 пулемет, 9 тапанша, 60 мың дана оқ, бірнеше жәшік гранат және ат, түйе, азық-түліктерді олжалады.

Басілген кезеңіне жау әскерлері келіп тасты қалқалап, бекініс алған екен. Гоминдаң әскерлері жасырынып жатып алып, алдыға мылтық атып жатқанда, Жаңабай деген (лақап аты Жалбас) адам жер бауырлап барып, екі әскерді таспен ұрып жығып мылтығын тартып алыпты. Кейінгі кездерде естігенімізде Жаңабайдың батыр батырлық еңбегі «Қазақстан» газетінде жарияланыпты. Кейін келе оған қолбасшылық штаб жағынан батыр батырлық орден берілді.



Бесінші шайқас. 22-қазан күні Гоминдаңның әскери штабы: Нылқыны партизандар қолынан тартып алу үшін екі рет әскер жібереді. Оларды «Тастабан» деген жерде Әкпардың орналастыруы бойынша партизандар қоршап, 80 әскерін жойып, 70 мылтық олжалайды. Кәмал деген келіншек су әкелуге бара жатып, қарумен қашқан екі әскердің қаруын тартып алып, оларды әкпішпен ауылға айдап келіпті. Осы әйел әлі тірі.
Алтыншы шайқас. 29-қазан күні Гоминдаң әскерлері «Уәйіс мазарын», үлкен-кіші «Қарасуды» партизандар қолынан тартып алмақшы болып бара жатқанда, Әкпардың тобы шегінуге мәжбүр болған паризандардың үшінші тобына көмекке келіп, Гоминдаңның бірнеше әскерін жойып, 17 әскерін қолға алып, 24 мылтық олжалайды.

Жетінші шайқас. 3-қараша күні Гоминдаңның жүздеген жаяу әскері екі бомбылаушы ұшақтың көмегіменен шабуыл жасап, «Қарасуды» басып алып, Ластайға қарай бет алған кезде, партизандар – «Ақши», «Тақырмәлі» деген адырлы жерде жауды шырғалап, бір сайға қамап алып, үш жақтан шабуылдайды. Түстен қас қарайғанға дейін жалғасқан шайқаста, жау жақтан – 47 әскер өліп, он шақтысы қолға түседі. 32 мылтық, 10 жәшік оқ, 3 пулемет олжа алынды. Партизандар жағынан 6 азамат құрбан болды. Марқұм Әкпарға сол жолы жау оғы тиіп, ауыр жаралы болды. 10-қараша күні үйінде қайтыс болды.

Нылқы партизандары – Әкпар мен Сейіттің қолбасшылығында 1949 жылы тамыздың соңынан 6-қарашаға дейін Нылқы төңірегінде 7 рет соғыс жүргізіп, жау әскерінен 248 адамды жойып, 169 адамды тұтқынға алды. Өз қосынымыздан 1944 жылы 6 қарашадан 1945 жылы ақпан айының соңына дейін Құлжа, Ашалы сияқты жерлердегі жиыны 16 реткі шайқаста – 57 адам құрбан болды. Олар мыналар:

Әкбар Есбосынұлы, Сейіт Көрпебайұлы, Хамит Мүсілімов (татар), Әлиарыс Салқабайұлы, Бәкір Сыдықұлы, Әбдіақпан Ахметұлы, Мұратбек Жайырбайұлы, Зікірия Әшімұлы, Меделқан Сауырықұлы, Сыразбек Садақбайұлы, Жүніс Ыбырайымұлы, Аубалы ..., Нұрай Ыбырайымұлы, Шеру Дәуітұлы (дүнген), Илі ахұн Сабыров (ұйғыр), Бекбосын Мамырбек, Бексұлтан Нүсіпақынұлы, Сыдық Тұрсынбайұлы, Біләл Төлемішұлы, Шаңырың Сауыр (моңғол), Гоншың Доржы (моңғол), Тұқымды Әтекеұлы, Сатымқұл Күдірұлы, Бимолла Изам (ұйғыр), Әрдин Жаппар (ұйғыр), Нұрдыақын Жанпейіс, Орлов (орыс), Федор (орыс), Иван Тошов(орыс), Шора (орыс), Қожакелді Нілдхыметұлы, Әбіш Қапасұлы, Мұқай Нұрсапаұлы, Нәсіп Есімбайұлы, Нұрсолтан Мамұтұлы, Нұралы Қалиасұлы, Шаймардан Такежанқлы, Бегаділ Зиябайұлы, Айдарәлі Татанайұлы, Нұрданбек Қамысбайұлы, Заманбек Шүкірұлы, Әуесқан Базарбекұлы, Мағзамбек Сабырәліұлы, Мұқаш Әбдуашұлы, Нышан Жұмәділұлы, Нұрданбек Балабекұлы, Арсалаң (моңғол), Ботқа (моңғол), Сымайыл (дүнген), Дәулетбек, Отарқан, Жүмәділ Рақымұлы, Һошыр (ұйғыр), Ыбырайым (ұйғыр), Әбдіхалық Сәйпіұлы (ұйғыр).

1944 жылы 6-қараша күні таңға жақын Нылқы партизандары Құлжа қаласының шығысынан және батысынан қалаға басып кірді. Сейіт тобы (600 адам) қаладағы Гоминдаң қолбасшылық штабын алу міндетін мойнына алып, қолбасшылық штабқа шабуыл жасады. Қақпаға жақын келгенде қақпа жабулы тұрыпты. Сыбанбек, Қашықбай, Нұрғали, Матсофы, Атқожалар қақпаны балталап шауыпты, партизандар қақпаға басып кіріп атысып, 32 әскерді өлтіріп, 22 мылтық олжалайды.

Қолбасшылық алынған соң, ол орынға партизан штабы орналасты. Электр станциясы алынып, Гоминдаңның бір взвод әскері жойылды. Құлжа қаласында төрт шайқасқа қатысып, 11-қараша күні Сейіт құрбан болды. Манапқан, Нұрболат және кеңестік Қазақстаннан келген бір майор қазақ отрядына қосылып Жың ауданынан – Құлжадағы Гоминдаңның қалдық күштеріне көмекке келе жатқан әскерлерінге қарсы соққы беруге аттанды. 2000-ға таяу әскерге партизандар төтеп бере алмады. Шегінуге мәжбүр болды. Бұл оқиға партизан штабына мәлім етілген соң, штабтан Фатих Мүслімов пен кеңестік бір орыс полковнигі 100-ге таяу ауыр құралдармен қаруланып келіп, жауды жойды. Бұл жолы 1300-ден астам жау әскері жойылп, 200-ге таяу әскерді қолға түсіріп, көптеген қару-жарақты олжалады.

Құлжада құрылған – Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің ұйғаруы бойынша: Іле аймағы тынышталған соң, партизандар ішіндегі жастарды іріктеп алып қалып, қарт партизандар ауылына қайтарылды. Сол жолы алып қалған 300 партизанды жасақтап, Тоғызтарау ауданының кентінде қазақ атты бесінші полкін құрды. Осы полктің адамын толтыру үшін Нылқы, Күнес, Тоғызтарау аудандарынан 900 адам әскерге шақырылды. Әскерге шақырылған жастарға «мырза жасақ» деген ат берілді. Полк толық құрылып болған соң, кеңестік 24 офицер келіп, атты әскери машықтарын жүргізіп, соғыс тактикаларын үйретіп, жастарды нағыз әскер етіп тәрбиелеп шықты. Полк алдымен – оңтүстік бағытқа жауапты болып, Ақсудың Бай ауданынан келетін жолдағы асуды күзетуге бір батальон әскер орналастырылды. Олар сол жақтан келген әскерлерге бір рет соққы беріп, қайтарып жіберді. 1945 жылы шілдеде орта бағытқа жорық жасап, қашқан жауды қуып, Манас өзенінің басындағы таудан – Шоқан деген қызыл шоқының етегіне дейінгі он км. аралықтан бекініс алып, сонда бір қыс жаттық.

1946 жылы шілде айында Шыңжаң өлкелік үкіметі мен «Үш аймақ» халық уәкілдері арасындағы Үрімжіде өткізілген «Бейбітшілік бітімінен» кейін, полк қайта реттеліп, 5-6-7 полктар біріктіріліп, екінші Қобық полкі болып құрылды. Полк командирі – Нүсіпқан Көнбайұлы, полк командирінің орынбасары – Жағда Бабалық болып бекітілді. Кейін Жағда ауысып кетіп, орнына Ыбырайымбай болды. Штаб бастығы – Рамазан Оспанұлы, полктің имамы – Қанапия, саяси бөлім бастығы – Қазықан, қожалық бөлім бастығы – Ажыбек болды. Полк үш батальон болып құрылды. Бірінші батальонның командирі – Мәлік Ажы (1950 жылы атылған); екінші батальонның командирі - Әсен Жүнісұлы; үшінші батальонның командирі – Ысқақ болды. Полк – 1947 жылы шілде айының соңында Қобыққа барып орналасты.

Полк – бес жылдан артық уақыт Гоминдаң үкіметіменнен қиян-кескі соғыс жүргізіп, талай құрбандық берді, Алтайды азат етуде үлес қосты.

Алтайдың уәлиі – Оспан Ісләмұлы 1946 жылдың сәуір айынан бастап Сарысүмбе қаласын тастап, Көктоғайдағы Күрті деген жерге көшіп барды. Үрімжіге өкіл жіберіп, Гоминдаң үкіметіменен ымыраласып, қару-жарақ алды. 1947 жылы қаңтарда Оспан 200 адамды жіберіп Бурылтоғай ауданын басып алды. Бұдан хабар алған солтүстік қолбасшылық штаб: Пәтхолланың эскадронын, Стадинько деген орысты – Қобық полкінің жансызын (әскери барлаушы), Байжұманың эскадронын бұйрықпен Бурылтоғайға аттандырды. Үш эскадрон Оспан әскерімен соғысуға төтеп бере алмаған соң, Қобық полкінің бірінші эскадроны, Матсовтың (Мальцевтің –?) эскадроны алдыңғы шепке аттандырылды. Алтай полкінің үшінші эскадроны Қобық полкінің екінші эскадроны бір қыс Оспан әскерімен соғысты. Ұлттық армиядан подполковник Нүсіпқан, майор Машан (Алтай полкінен), капитан Әбдууайт, Байжұма (Қобық полкінен) сияқты отыздан астам жауынгер-офицер құрбан болды. 1947 жылы наурыз айында Оспан қолы қайта шабуылға шықты. Солтүстіктегі әскери қолбасшылар жағдайдың күрделілігіне байланысты атты үшінші полкті, Қобық полкін Алтайға жөнелтіп, Оспанның қолыменен соғысты. Оспан қолы Уәлибай құдығының төңірегінде үш топқа бөлінді. Олар: Қапас, Кәшәпат, Матенфу, Асылбек, Жылқайдар, Әсен тобы. Қобық полкінен үш эскадрон көмекке жіберіліп, Оспан шабуылының бетін қайтарды.

Наурыз айының соңында тағы бір рет соғыс болды. Оспан – ұлттық армияны қоршап жоймақшы болып, соғыс ашты. Ұлттық армия екі атты полкті, алты эскадронды, ауыр құралдарды іске қосып, Оспан тобын ортасынан бөліп, ішке кірді. Оспанның Жылқыайдар тобы – Шіңгілдегі жұртына кетті. Оспан – Бәйтікке қарай шегінді. Оспан жақтан елудей адам өлді. Ұсақ малдары қолға түсті. Оспанның шешесімен бір қызы қолды болды. Қырық мың ұсақ мал олжаланды. Полк – Оспанның соңынан қумай, бұйрық бойынша бекініс алып, сонда жатты. 1947 жылы 16 қыркүйек күні Оспан мың адамдық қолыменен шабуыл жасап, Алтайды басып алды. Ұлттық армияның екі полкі жеңіліске ұшырап, шегінді. Қобық полкі туынан айырылды. Полктің жеңілу себебі: командирлер – Оспан қолын осал, өздерін күшті санап – бұзақылық істеп, жаман ықпал туғызып, халықтың наразылығын қозғады.


Жетінші атты полктің қысқаша тарихы
Бұл естелікті Байжұма Берікболұлы (жетінші атты полктің хатшысы болып істеген, кейін Іле кен мекемесінің орынбасары болған, қазір зейнеткер) айтып берген.

Жетінші атты полк – 1945 жылы маусым айында Нылқыда құрылған. Полк үш эскадроннан құралған. 350 әскері бар. Полк командирі – Қазықан Манасбаев, орынбасары – Қанпия, комиссары – Сәрсенбек Әбішұлы.

Бұл полктің құрылу тарихы: 1945 жылы сәуір айынан бастап Сауан ауданының – Нұрбай, Қалибек, Тәкіман, семіз Хамза, бала Хамза сияқты азаматтары Алтай мен Іледе болып жатқан қарулы күрестің хабарын естіп, ішкі жақтан ұйымдасып, Гоминдаңға қарсы көтеріліске дайындалып жатқанда, Майтаудағы Гоминдаң әскерлерінің ішіндегі қазақ-ұйғыр болып 13 әскер – Сопахунның бастауымен Гоминдаңнан бөлініп, Нұрбайға келіп Ілеге баратын жолды сұрайды. Нұрбай – өзінің інісі Мұқамадиді Ілеге жол бастауға қосып береді. Бұл хабарды Гоминдаң жансыздар арқылы естиді. Сонымен Гоминдаң жағы Нұрбайды үкіметке қарсы адам деп танып, оның ауылын қоршауға алады. Нұрбай батыр батырлықпен қаруын көтеріп қарсы шығады, бірақ оқ тиіп құрбан болады. Гоминдаң әскерлері Нұрбайдың жетпіс жастағы анасын, төрт жастағы ұлын қинап өлтіріп, отыз жеті адамын тұтқынға алады.

Бұл оқиға Сауандағы Қызылөзен қазақтарының Гоминдаңға деген өшпенділігін қозғайды. Гоминдаң әскерлері Нұрбайды өлтіргеннен кейін, көп өтпей алпыс жастағы Қабдолланы, оның екі ұл, бір қызын және немере келінімен қосып атып тастайды. 1945 жылы мамыр айынан бастап халық ұйымдасып, Гоминдаң үкіметінің сол арада тұрған әскерлеріне шабуыл жасайды. Жау әскерінің біразының көзін жояды. Ел азаматтарынан – Абдулла, Мүтәліп деген кісілер құрбан болады. Туға қарай шегінген ел азаматтар, қаптаған қалың әскерге он шақты мылтықпенен төтеп бере алмайтынын біліп, семіз Хамза, бала Хамза, Зайкен, Бейсенбай, Төлегендерді Ілеге жіберіп, Шығыс Түркістан үкіметінен Сауан халқын қорғау үшін көмек сұрайды. Құлжадағы әскери штаб қызу қарсы алып бес адамға оғыменен бес мылтық және бір пардан әскери киім кигізіп қайтарады. Сонымен бірге оларға жәрдем беру үшін, 350 адамнан ұйымдасқан Қазықан, Қанапия, Сәрсенбек, Жолдас сияқты басшылардың қолбасшылығанда бір жасақ аттандырылады. Сол отрядтың хатшысы – Байжұма болыпты.

Партизандар Қызылөзенге келіп – Манас, Сауан қазақтарының қарулы көтерілісімен бірлесе соғыс жүргізіп, жеңіске жетеді. Кейін келе жетінші полк болып құрылды. Оның құрылу барысын былайша таныстырады: «Үш аймақ» әскери қолбасшыларының орналастыруы бойынша партизан отрядының бастығы – Қазықан, Қанапиялар 1944 жылы қыркүйек айынан 1945 жылдың қаңтар айының соңына дейін Әкпар – Сейіт тобында кіші жасақтың бастығы болып, ерлік көрсетіп, еңбек сіңірген ерлер еді. Ол екеуін қолбасшылық штаб Құлжаға шақырып алып, басшылық қызметке тағайындап, адам санын белгілеп, бірақ кімді таңдап алуды өз еріктеріне қалдырады.

Олар: Нылқы төңірегінде жеті рет, Құлжада төрт рет, Ашалы асуында, Көгіршін кезеңінде, Құс емшек, Борбосын, Панжым сияқты жерлерде бес рет, жиыны он алты рет шайқаста, өздерімен бірге ерлік көрсеткендердің атын атап, шақыртып алады. Олар: Нылқы ауданынан – Сәрсенбай, Жұмаділ, Шарапи, Қанағат, Жүнісқан, Байжұма, Жолдас, Құнанбай, Керімбай, Әлиза, Нүсіпбектер, Күнес ауданынан – Асқар, Қали, Байеке, Базарбайлар, жиыны отыз бес адам.

Отряд хатшылығына – Байжұма белгіленеді. Байжұма:

«– Нылқы қаласында бір апта шамасында партизандық соғыс тактикасын үйреніп, материалдық дайындықтар жасап, ұлттық армияның әскери формасын киіп, қару асынып, Іле тұлпарына мініп, Қас көпірінің аузында, сарқырап аққан Қас өзенінің бойында Әкпар-Сейіттің суретінің алдында:

«Төңкерістік құрбан Әкпар-Сейіт, сендер езілген, қорлаған халқымызды азат ету үшін қарулы күрес қозғап, халық азаттығы жолында ыстық қандарыңызды төгіп, қарулы күрес жолын аштыңдар. Қарулы күресті өздерің батыр батырлықпен бастадыңдар. Біз – сендер ашқан жолмен жүріп, сендердің төңкерістік рухтарыңнан үйреніп, сендерді үлгі етіп, азаттық үшін жанымызды құрбан етуден аянбай, алға басып, артқа бір қадам да шегінбей – Сауан, Манас, Қызылөзендердегі туыстарымызды жаудан қорғап, Нұрбай, Қабдолла сынды ерлердің кегін қайтарып, жауды жеңіп, жеңісті қолға келтіреміз! Алға! Алға!», – деп ұрандатып тұрып серт берген едік.

Артынан бір молда келіп: «Сендер соғысқа кетіп барасыңдар, қиян-кескі соғыста құрбан болып кетсеңдер, ондай өлім мен өмір арасындағы уақытта жаназаларың шығарылмай қалады. Сендер мұсылмансыңдар! Сол себепті шариғаттың белгілемесі бойынша соғысқа аттану алдында жаназаларыңды шығарамыз», – деп бізге топтық жаназа оқылды.

Бәріміз ол молдаға намаз ақы бердік», – деп есіне алады. Одан кейінгі әңгімесін былай жалғастырды:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет