Бірінші, Оспанның діншіл, коммунистік партия мен коммунизмге қарсы ниетін білген АҚШ елшісі Пакстон мен Макнан Маккирнан – 1948 жылы Оспанмен бірлесіп «Дінді қорғап, коммунистік партияға, СССР-ге қарсы тұру комитетін» ұйымдастырды. Оспан 1948 жылы қыркүйек айында, сенімді серіктерінен – Ләтіп, Момынбай, Қабас Тіркешұлы, Ғаббас мұфти, Манат, Қанатбай сияқтылардың басын қосып, құпия жиын ашып:
«Егер қытай халық азаттық армиясы Шинжаңға кіріп, оған қарсы күрес жасауға тура келсе, Құмылдағы – Жолбарыспен, Солтаншәріптермен бірлесуіміз керек. Оларсыз ешқандай істі тындра алмаймыз», – деп келіседі.
Сонан, Жолбарыспен, Солтаншәріппен қарым-қатынас жасау жөнінде Жанымханға ұсыныс жасайды. Жанымхан – Жолбарыс пен Солтаншәріпті Үрімжіге шақыртады. Жолбарыс өзі келмей, Солтаншәріп пен Түркістан бастатқан бес адамды жібереді. Олар қазанның сегіз-тоғыздарында Жанымханның үйіне келіп түседі. Оспанның уәкілі Ләтіп те келеді. Бұлар ақылдаса келе, қазанның жиырма бестерінде көлемдірек жиын ашады. Жиынға жоғардағы адамдардан басқа – Тәкіман, Ақмолла, Әбсадық, Сайдолла, Сәду сияқты он төрт-он бес адам қатынасады. Үш жақ:1 «күштерін біріктіріп, Үрімжіні меңгеру, «Үш аймақ» үкіметіне қарсы тұруды негіз етіп, қытай азаттық армиясын Шинжаңға кіргізбеу, сөйтіп, мал-мүлікті, дінді қорғау қажат» – деген бекімге келіседі.
Екінші, Оспан мен Жанымхан бір жерде болу бекімін жасасады. Жанымхан 1949 жылы тамыз айында Үрімжіден көшіп, Шонжы ауданының Шүйгінтай жайлауында отырған Оспанның қасына барады. Осыдан соң Оспан, Жанымхан, Дәлелхан Жанымханұлы, Тәкіман, Оразбай, Шаймардан сияқтылар бас қосады. Бас қосу үш күнге жалғасады. Негізгі тақырып: Үрімжі маңындағы қазақтарды аттанысқа келтіріп, Шинжаңның бейбіт жолмен азат болуына қарсы тұру. Соңында, Жанымхан, Оразбай, Шаймардан – Санжы, Құтыби өңіріндегі елді, Қалибек, Тәкіман, Сәліс – Үрімжінің Наньсан (Қаратау) өңіріндегі елді, Оспан – Жемсары, Шонжы, Мори өңіріндегі елді қозғауға міндетті болды.
Үшінші, 1949 жылы қыркүйекте Макнан Маккирнан екі адаммен жеңіл джип машинасына отырып, Жемсары тауына барғаннан кейін, машиналарын орман арасына тастап, атпен Оспан мен Жанымхандарға барады. Макнан Маккирнан – Оспан мен Жанымханға: «Батылдықпен көлемді қимыл жасау керек. Әйтсе де, Үрімжінің иегі астында тұрмай, Баркөл жаққа шеттеп барып алу қажет» – деген ойын айтады. Ақырында, олар Алтайдан көшіріп әкелген төрт мыңдай түтін мен – Жемсары, Шонжы, Мори ауданындағы мыңдай түтінді Баркөлге көшіріп, Үрімжі маңынан ауаша кетудің дайындығына кіріседі.
Осы кезде Оспанның қолына Дәлелхан Сүгірбаевтің тамыздың жиырмаларында жазған хаты тиеді.
«Бұрынырақ, түсініпестіктен халықтың тынышын алып, көп елді шет жерге көшіріп әкеткен едіңіз, – делінген хатта, – сол елді тағы да күйзелтпей, қайтадан атамекен қонысына әкеліп орналастыруыңызды үміт етемін. Өйкені, қазіргі дүние ауқымы, мемлекет жағдайы: керітартпа өктем үкіметтің – халықшылдық жолға кедергі болуына, бейбітшілікті бүлдіруіне әсте жол бермейді... Қытай халық азаттық армиясының Гоминдаң керітартпашылары мен қара өктемдіктің қалдықтарына қарсы жүргізген күресінің нәтижесінде, қытай коммунистік партиясы басшылығындағы халықтық төңкеріс – зор үстемдік орынға өтті. Қытай мемлекеті жерінен керітартпа топтарды түгелдей айдап шығып, жаңа қытай мемлекетін құру мәселесі туралы қазірдің өзінде талқы болып жатыр. Өлкеміз – Шинжаңдағы қара ө ктемдік те түп тамырымен құру алдында тұр. Олар қанша жанталасып арпалысқанымен, күні бітіп, үні өшетін уақыт таяды. Олардың өлімге таяған кездегі қулық-сұмдықтары мен айла-әдістері іске аспайды. Халықты аздырмай, тоздырмай, өзіңіз бастап атамекен Алтайға қайтып келсеңіз және бұнда қайтып келгеннен кейін де бұрынғы қате ой-пікіріңізден қайтып, адал қызмет көрсетсеңіз, үкімет білместікпен істеген қателіктеріңзді кешіріп, өз құшағына алады. Сізді ешқандай жазаға тарытпайтынына сенім беремін».
Дәлелхан Сүгірбаев Оспанға бұл хатты жазған кезде – Ләтіп, Әділхан, Момынбай, Шәри, Салық, Уақит, Манат, Жүкей, Үрістем сияқты 29 ел бастықтарына да жоғардағы мазмұнда хат жазған еді. Бұның ықпалы аса зор болды. Екі ойлы болып жүрген ел бастықтарынан – Ләтіп, Әділхан, Уақит, Шәри, Салық, Момынбай сияқтылар Оспанға ілесіп Баркөл жаққа көшпейтін болып, бөлініп шығады. Ал Оспан мен Жанымхан – Нұрлан, Қабас, Кашапат, Құсайын үяң бастаған үш жүздей түтінмен 1949 жылы қыркүйек айында Баркөлге көшеді. Макнан Маккирнан да олармен бірге кетеді. Оспан мен Жанымхан Баркөлге барғаннан кейін, Жолбарыс мен Солтаншәріп құшақ жая қарсы алады. Дәлелхан Сүгірбаев осының алдында, Баркөл, Құмыл жақтағы Солтаншәріп, Құсыман, Мұқадыл, Алтынбек сияқтыларға хат жазған болатын. «Оспан өз маңындағы елді ілестіріп Баркөл жаққа көшпекші, –делінген хатта, – онан соң Гансу, Чиңхай жаққа, тіпті шетелге кету ниеті бар. Сіздер Оспанның бұл әрекетіне қатынасып, халықты ауыр күнге кіріптар етпеңіздер». Хатпен қоса әр біріне, бір киімдіктен салемдеме беріп, Мұнтай деген адамды жіберген. Баркөлдегі бұл ел бастықтары Оспанға ілеспейтінін, оған кеңес беріп тосатындығын білдіріп хат қайтарды. Бірақ, кейін уәделерінде тұра алмай қалады.
Төртінші, Макнан Маккирнан – Шинжаңнан кетеді. Оспан мен Жанымханның қасында бір айдан астам уақыт бірге болған Макнан Маккирнан Пакстанға өтіп кету үшін, Баркөлден – Гансу, Чиңхай жаққа кетеді. Ол аттанар алдында Оспан, Жанымхан, Жолбарыс, Солтаншәріп сияқты ел атамандарымен жиын өткізеді. Оларға алған беттерінен қайытпау туралы кеңес береді. Қажет болғанда, ұшақпен әуеден қару-жарақ жеткізіп бермек ойын айтады. «Алда-жалда табан тіреп тұра алмайтындай болғанда – Шизаңға (Тибет), онан «Гаңгыр», «Усарық» деген жерлер арқылы Пакстанға өтіп шығыңдар, Шекарадан шығып кетер алдында жеке-жеке «Куәлік хат» жазып жіберіп беремін. Сол «Куәлік хат» арқылы СССР мен Моңғолиядан басқа, Шинжаңмен шекаралас қайсы елге барсаңдар да, сол мемлекет жағынан қарсы алынасыңдар – дейді. Оларды суретке алып, әр қайсысының суретінің артына бармақ іздерін түсіріп алады.
Макнан Маккирнан 1949 жылы қазан айының жиырмаларында Шинжаңнан кетеді. Оспан мен Жанымхан оны Чиңхайға дейін ертіп баруға – Зәлібай, Зиратбай, Қарқа, Қария, Қайса сияқты адамдарды қосып береді. Олар Чиңхайдың «Кас» деген жерінде отырған Құсайын тәйжіге жеткізеді. Зиратбай, Қария, Қайса сол жерден қайтады. Құсайының қосқан бір адамымен – Зәлібай, Қарқа Макнан Маккирнанды шекарадан өткізіп жібереді. Кетерінде Макнан Маккирнан Оспандарға «Куәлік хат» жазып береді. Мұны Құсайын шетке қашып өтуде пайдалану үшін алып қалады. Оспан бұны білгеннен кейін ашуланып, «Куәлік хатты» қайтарып әкелуге Зәлібайды қайта жұмсайды. Бірақ, Құсайын қайтарып бермей қояды. Зәлібай Оспанға келуден қорқып, Құсайынмен бірге шетке өтіп кетеді. Қазір Түркияның Ыстанбол қаласында тұрады.
Бесінші, Оспан мен Жанымханды райынан қайтарып, өз жағына тарту үшін қытай коммунистік партиясы мен үкімет орындары қыруар жұмыстар істеді.
1). Уаң жын – қытай халық азаттық армиясын бастап Шинжаң шекарасынан өтіп, Құмылға келе сала: Уақит сияқты адамдарды Баркөлдің маңындағы «Тоқтар сайы» деген жерде отырған Оспанға партияның саясатын түсіндіріп, хат жазып, сәлемдеме жібереді. Оспан бір ауыз лебіз білдірмей, келген адамға: Құрман бастаған адамдарын қосып, Уаң жынге амандасып келуге жібереді. Бұнда Оспан екі мақсатты көздеген еді. Бірі – кемеліне келіп алғанша түсін бұзбай тұрып, уақыт ұту; енді бірі – халық азаттық армиясының рухани бет-бейнесін, қару-жарағын біліп қайту. Оспан 1950 жылы сәуір айында, Жолбарыспен бірлесіп қарулы соғыс жасамақ болып жоспарлайды.
2). 1950 жылы ақпан айында, Шинжаң өлкелік халық үкіметі Оспанға – Құрманбай Тиянақұлын, Уақит Қалелұлын және бұрын Шонжыда тұрған бесінші атты әскерлер двизиясының ақиқатқа қайтқан полковнигі – Ма сияқтыларды уәкіл етіп жібереді. Олар бір жұма жүріп, Баркөлдің Бисан деген жерінде отырған Оспанға барады. Оспан бастабында өліспей-беріспейтінін айтады. Соңына келгенде: «Бағынсақ – бағынайық. Бірнеше талабымыз бар, өлкелік үкіметке ауызба-ауыз айтып қайтсын» – деген жауаппен қоса, Қанатбай мен Шаймардан Ермекұлын уәкіл етіп жібереді. Бұндағы мақсаты да – уақытты кешеуілдетіп тұрып, дайындалып алу болатын. Уәкілдер қайта қайтқанда, Оспан: «Орай пісіп жетілді, ең ұтымды орай осы» – деген түйінге келіп болады. Осы аралықта, Құмылдан қашып шыққан Жолбарыс бастаған жиырма шақты адам Оспанға келіп қосылады. 1950 жылы Бисанның Тар асу деген жерінде Жолбарыс, Солташәріп – бәрі жиын ашады. Онда қарулы соғыс қозғамақ болып тарасады. Енді бір жағынан үгіт қағаздарын таратады. Онда: «Коммунистер дінді жояды, ел бастықтарын, молдаларды қолға алады, өлтіреді. Мал-мүлікті сыпырып алады, байларды шөл далаларға жер аударады. Бәріміз коммунистерге қарсы тұрайық, кімде-кім қарсы тұрмаса, сол адам дін жауы, ұлт сатқыны...» –деп жазылған еді.
Қытай азаттық армиясының бір неше реткі үгіт, насихатынан еш нәтиже болмаған соң, қарулы күшке жүгінуге тура келді. Азаттық армия бөлімдері 1950 жылы маусым айында Тар асудағы Оспан тобының тас-талқанын шығарады. Оспан, Жанымхан, Жолбарыс, Солтаншәріп бастаған бір топ – Бисан тауының шығыс жақ сілеміндегі жыныс орманға кіріп кетеді. Қабас Тіркешұлы, Кашапат бастаған жиырма неше адам – Фукаңға, Қанатбай, Құсайын үяң, Құрман бастаған отыздай адам – Шонжыға келіп, қару тастап бағынады.
Алтыншы, Жанымхан қолға түседі. Оспанның – Бисан тауының шығысына баруы – Чиңхай арқылы шетелге қашу екенін аңғарған халық азаттық армиясы оларды өкшелей қуады. Қыркүйектің жиырмаларында Ақбұлақ деген жерде бой тасалап жүрген оларды қоршап алып, тағы да шайқасады. Осы жолы Жанымхан Тілеубердіұлы қолға түседі. 1950 жылы желтоқсан айының соңында – Үрімжіде оған өлім жазасы беріледі.
Оспан, Жолбарыс, Солтаншәріп және Жанымханның Дәлелханы, Қамит, Мәжит – деген ұлдары бастаған топ қазан айында Чиңхайдың Хайзы деген жеріне барады. Қыркүйек айында Қабас Тіркешұлы, Кашапат қайта қашып шығып, Оспанның соңынан бет алады. Олар жолшыбай «Ташбұлақ», «Шопы» деген жерлерде халық азаттық армиясымен бір неше рет соғысып қалады. Осы соғыстардың бірінде Қабас қара санынан оқ тиіп, ауыр жараланады. Олар әрең дегенде, Хайзыға жеткеніне бірнеше күн ғана болған Оспан тобына қосылады. Қытай халық азаттық армиясының тағы да соңынан із шалып келіп қалуынан сақтанған Жолбарыс, Солтаншәріп, Жәнабіл және Жанымханның үш ұлы «Кас» деген жерде отырған Құсайын тәйжіге барып қосылады. Ауыр жаралы: не өлмей, не жазылмай хал үстінде жатқан немере інісі, кезіндегі әскери қолбасшысы Қабасты тастап кете алмаған Оспан, Қабасқа қарайлап, Жолбарыс, Солтаншәріптен бөлініп, Хайзы маңында отырып қалады.
Жолбарыс, Солтаншәріптер «Қасқа» барған кезде, оңтүстік Шинжаң арқылы қашқан Қалибек, Тәкіман, Бала Хамза, Сәлістер де – Шаршан, Шақылықты басып өтіп оларға қосылады. Бұл араға көп аялдамай, олар бірнеше шағын топқа бөлініп, Пакстанға өтіп кетеді. Пакстан шекарасына таяғанда, Сәліс ауылымен бірге қашқан Жолбарыс олардың алтын-күмісі мен асыл бұйымына қызығып, бір-ақ қырып тастайды. Сәлістің қараңғыда көз жаздырып қалған жеті-сегіз жастағы Әбсен деген ұлы мен Әбдікәрімнің сегіз-тоғыз жастағы Тоқтар деген ұлы ғана тірі қалады.
Жетінші, Оспан қолға түседі. Оспанның Хайзыда екенінен хабардар болған халық азаттық армиясы, жершіл жол бастаушылардың көмегімен, 1950 жылдың аяғында, таң ата Оспан ауылын қоршауға алады. Белдеуде тұрған жайдақ атқа міне салып, қоршауды жарып шыққан Оспанды – Тоқанай1 деген жол бастаушы танып қойып, дереу армия командиріне хабарлайды. Оспанның артынан бес-алты жауынгер қуа жөнеледі. Амал қанша! Оспанның аты тайғанап жығылып, арыс ер қапылыста қолға түседі. Бір жүмадан соң Оспан автомобильмен – Құмылға, онан ұшақпен – Үрімжіге әкелінеді. Қоршауда Қабас Тіркешұлы да қолға түседі. Бірақ, жарасы асқынып кеткендіктенде, емдеуге келмей өледі.
Оспанның – Шердиман, Нығыметолла, Нәби деген ұлдары қоршаудан қашып құтылып кетеді. Олар Шинжаңға қайтып оралып, Боғда өңіріндегі Құрман, Нұрлан, Қанатбайлармен бірлесіп, бір жарым жыл уақыт тіреседі. Адамдары ең көп болған кезде төрт-бес жүзге жетеді. Олар 1952 жылы қыркүйекте – Көктоғай ауданына қару тапсырып, бағынады.
Шинжаңға кірген қытай халық азаттық армиясы – Оспанды 1951 жылы бірінші мамырда, Үрімжідегі халық алаңында елу мың адамдық ашық сотта өлім жазасына үкім етіп, табанда атады.
соңы
Қомымша
Дәлелхан Сүгірбаевтің өмірінен қысқаша мәлімет
Дәлелхан Сүгірбаев – 1906 жылы сәуір айында дүниеге келген. Он екі абақ керейдің шеруші руынан.
Дәлелхан бала кезінен ауылда ескіше, кейін жаңаша мектепте оқыған. Орыс, моңғол тілдерін өздігінен үйреніп, едәуір толық сөйлей алатын және жаза алатын болған.
1933 жылы – Шәріпхан Көгедаевтің басшылығындағы Алтай халқының Ма жұң иыңға қарсы көтерілісіне, 1936 жылы – Алтайда «империализмге қарсы тұру қоғамына» қатынасқан. 1939 жылы Шың шы цай үкіметі ашқан «Қазақ, моңғол, қырғыз құрылтайына» қатынасуға Үрімжіге келіп, бір жыл мырза қамақта отырған. 1940 жылдың қазан айынан 1941 жылдың қазан айына дейін Сарысүмбе ауданының әкімінің орынбасары міндетін атқарған. 1941 жылы қазан айының басында СССР-ге өтіп кетіп, Алматыда оқыған. 1944 жылы наурыз айының басында СССР-ден Моңғлия арқылы Алтайға қайтып оралып, Шіңгілдегі көтерілісшілерге қосылған. «Халықтың шың Шы цай үкіметіне қарсы ұйымына» және «Алтай қазақтарының көркею комитетіне» қатынасқан әрі орынбасарлық қызмет атқарған.
Дәлелхан Сүгірбаев – 1944 жылы қазан айында «Алтай қазақтарының төңкерістік уақытша үкіметі» бастығының орынбасары және қарулы партизандардың қолбасшысы болып тағайындалды. 1945 жылы қыркүйек айының ортасында подполковник шенімен ұлттық армияның Алтай атты әскерлер полкінің командирі және Алтай гарнизоны бөлімінің бастығы болып белгіленді. Қазан айының басында Алтай аймағының уәлиінің орынбасарлық міндетін қосымша атқарды. 1946 жылы маусым айында генерал-майор шенімен «Үш аймақ» ұлттық армиясы бас қолбасшысының орынбасары, шығыс солтүстік әскери шептің бас қолбасшысы болды. 1947 жылы наурыз айынан кейін Алтай аймағының уәлиі болды. 1947 жылы шілде айында Өлкелік біріккен үкіметтің мүшесі, Өлкелік денсаулық сақтау мекемесінің бастығы болып белгіленді. 1948 жылы тамыз айында «Шинжаңда беибітшілік пен демократияны қорғау одағы» орталық комитетінің тұрақты мүшесі болып сайланды. 1949 жылы маусым айында «Үш аймақ» шаруашылық істерін дамыту комитеті бастығының орынбасары болып тағайындалды.
Қытай Халық Республикасының құрылуын жариялау мақсатында ашылмақ болған бірінші кезекті мемлекеттік саяси мәслихат кеңесінің бірінші мәжілісіне қатынасу үшін «Үш аймақ» үкіметінің – Ахметжан бастаған басшыларымен бірге Дәлелхан Сүгірбаев «Қытай халық саяси мәслихат кеңесіне дайындық комитетінің» меңгерушісі Мау зы дүңның ұсынысы бойынша Бейжиңге бара жатып, 1949 жылы 27 тамыз күні СССР-дың Байкал өңірінің ауе кеңістігінде ұшақ апатынан 43 жасында құрбан болды.
Бірнеше тарихи құжаттар
Мау Зы дүңның Ахметжанға хаты
Шинжаң. Құлжа ерекше аймағының халық үкіметіне!
Ахметжан мырзаға!
Еліміздің Империализмге, феодализмге, бюрократ капитализмге және Жяң Жие шы бастаған Гоминдаң билеушілеріне қарсы халық азаттық майданы бүкіл қытай көлемінде, тез арада жеңіске жеткелі тұр. Қытайдағы демократиялық партия-топтарды, халықтық ұйымдарды, халық азаттық армиясының дала армияларын, азат аймақтарды, еліміздегі аз ұлттарды және шетелдегі мұқажырларды қамтыған мемлекеттік жаңа саяси мәсілихат кеңесі – мұқият дайындық арқылы қыркүйек айының ішінде жалпы мәжіліс ашады.
Бұл реткі жалпы мәжіліс – мемлекеттік халық саяси мәслихат кеңесінің ұйымдық заңын жасайды, өзінің мемлекеттік комитетін сайлайды. Сонымен бірге Қытай Халық Республикасы орталық халық үкіметінің ұйымдық заңын жасайды, орталық халық үкіметі комитетін сайлайды. Сендердің талай жылдан бергі күрестерің – қытайдың демократиялық төңкерістік әрекетінің бір бөлегі. Солтүстік батыстағы халық азаттық соғысының жеңіспен дамуына ілесіп, Шинжаңның толық азат болатын уақыты онша алыс емес. Сендердің күрестерің жақын келешекте ең соңғы жеңіске жетеді. Біз: сендердің өз уәкілдерің ретінде бес адамды мемлекеттік халық саяси мәсілихат кеңесінің жалпы мәжілісіне қатынасуға жіберулеріңді шын жүрекпен қарсы аламыз. Егер қосылсаңдар, қыркүйектің алдыңғы он күні ішінде Бейжиңге жетулеріңді сұраймыз. Жеделхатты алғаннан кейін жауап қайтаруларыңызды өтінеміз.
Жаңа саяси мәслихат кеңесіне дайындық комитетінің меңгерушісі – Мау Зы дүң.
1949 жыл, 18 тамыз, Бейжиң».
(Бұл хатты 1949 жылы тамыз айында Дың ли чүн жолдас алып келген).
ххх ххх ххх
Ахметжанның хаты
Мемлекеттік саяси мәслихат кеңесіне дайындық комитетінің меңгерушісі
қадірлі Мау Зы дүң мырза!
Хатыңызды тапсырып алдым. Хатта айтылған мәселелер өлкеміздегі барлық халықтың көптен бергі үміті еді.
Біз қытай халық азаттық армиясының ұлы жеңісін өлкеміздің де және дүние жүзі халқының да ұлы жеңісі деп есептейміз.
Хатыңызда алға қойылған мәселелерге шексіз борыштылық білдіреміз. Сонымен бірге біз Бейжиңге уәкіл жіберуге қосылатындығымызды қуанышпен білдіреміз.
Ерекше аймақ халқының уәкілі – Ахметжан Қасыми.
1949 жыл, 20 тамыз».
ххх ххх ххх
Мау зы дүңның жеделхаты
Шинжаңда Бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталық комитетіндегі сүйікті жолдастар!
Қытай халықтық саяси мәслихат кеңесі жиынына қатынасатын Шинжаң халқының бірінші топтағы уәкілдері – Шинжаң өлкесінің орынбасар бастығы Ахметжан жолдас, Шинжаң өлкесі Іле, Алтай, Тарбағатай – «Үш аймақ» ұлттық армиясының бас қолбасшысы Ысқақбек жолдас, Шинжаңда Бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталығының мүшесі Әбдікәрім жолдас, ұлттық армияның бас қолбасшының орынбасары Дәлелхан жолдас және Шинжаңдағы Қытай – СССР достық қоғамындағы Ложы жолдас 1949 жылы тамыз айында Бейжиңге келе жатқан сапарында ұшақ апатынан бақытқа қарсы қазаға ұшырады. Бұл – Шинжаң халқы мен қытай халқы үшін орыны толмас қаза болды. Мен бұған аза білдіремін. Ахметжан бастатқан бес жолдас тірі кезінде Шинжаң халқының азаттық істері жолында ерлікпен күрес жасады. Ең соңында Қытай Халық Республикасын құру жолында құрбан болды. Бұл – қытай халқының мәңгі еске түсіруіне татиды. Ахметжан жолдас, Ысқақбек жолдас, Әбдікәрім жолдас, Дәлелхан жолдас және Ложы жолдас мәңгі жасайды!
Қытай Халық Республикасы орталық халық үкіметінің төрағасы – Мау Зы дүң.
1949 жыл, 22 қазан».
ххх ххх ххх
Жоу ын ләйдың жеделхаты
Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталық комитетіндегі жолдастарға!
Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталық комитетінің төрағасы, Шинжаң өлкесінің орынбасар бастығы Ахметжан жолдас, Шинжаң өлкесі Іле, Алтай, Тарбағатай – «Үш аймақ» ұлттық армиясының бас қолбасшысы Ысқақбек жолдас, Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталық комитетінің мүшесі Әбдікәрім жолдас, ұлттық армияның бас қолбасшының орынбасары Дәлелхан жолдас, сондай-ақ Шинжаңдағы Қытай-СССР мәдениет ұйымындағы Ложы жолдас Шинжаң халқына уәкіл болып, қытай халықтық саяси мәслихат кеңесі мәжілісіне қатынасу үшін аттанған сапарында, 1949 жылы тамыз айында ұшақ апатынан құрбан болды. Бұл – Шинжаң халқы мен қытай халқының төңкерістік істері үшін ауыр қаза болды. Мен осы жеделхат арқылы аса қайғылы екенімді білдіремін. Ортақ күш салу арқылы құрбандардың рухын жалғастыруды және өріс алдыруды үміт етемін.
Орталық халық үкіметі әкімшілік кеңесінің премьер-министрі – Жоу ын ләй.
1949 жыл, 28 қараша».
ххх ххх ххх
Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің жеделхаты
Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталық комитетіне!
Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы орталық комитетінің төрағасы Ахметжан жолдас, одақ орталығының ұйымдастыру мүшесі Ысқақбек жолдас, одақ орталығының мүшесі, қомымша ақпарат басқармасының бастығы Әбдікәрім жолдас, одақ орталығының мүшесі Дәлелхан жолдас, Қытай-СССР мәдениет қоғамы Шинжаң бөлімшесінің бастығы Ложы жолдас бақытқа қарсы қазаға ұшырады. Бұл – Шинжаңдағы және қытайдағы төңкерістік істері үшін ауыр қаза болды. Бұған аза білдіреміз.
Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті
1949 жыл, 28 қараша».
ххх ххх ххх
Автордың қысқаша өмірбаяны:
Фатхан (Пәтіхан) Дәлелханұлы Сүгірбаев – 1927жылы 10 сәуір күні Алтай аймағының Сарысүмбе ауданында дүниеге келген.
1944 жылдың шілде айында Алтайда «Үш аймақ» төңкерісіне қатынасады әрі партизан қосынының қару-жарақ бөлімінің меңгерушісі болады. 1945 жылдың қыркүйек айынан 1946 жылдың қыркүйек айына дейін – әскери шаруашылық бөлімінің бастығы, 1946 жылдың қыркүйек айынан 1947 жылдың қазан айына дейін – Алтай әкімшілік мекемесі үгіт бөлімінің бастығы, 1947 жылдың қараша айынан 1949 жылдың маусым айына дейін – Алтай аймақтық банктың бастығы және «Үш аймақ» төңкерістік жастар ұйымының орынбасар төрағасы, 1949 жылдың шілде айынан 1949 жылдың желтоқсан айына дейін – Алтай аймақтық қазына басқармасының бастығы әрі Шинжаңда беибітшілік пен демократияны қорғау одағы Алтай аймақтық комитетінің бас хатшысы, 1949 жылдың желтоқсан айынан 1954 жылдың қараша айына дейін – Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің бастығы және аймақтық халық соты мекемесінің бастығы міндетін атқарды. 1954 жылдың қараша айында – Іле Қазақ автономиялы обылысының бастығы болып сайланады да, 1955 жылдың қыркүйек айынан – 1966 жылдың қыркүйек айына дейін – Шинжаң Ұйғыр автономиялы районының төрағасының орынбасары міндетін атқарды. 1952 жылдың тамыз айынан 1954 жылдың қазан айына дейін –Алтай аймақтық партия комитетінің тұрақты мүшесі, 1955 жылдың қаңтар айынан 1956 жылдың қазан айына дейін – Іле аудандық партия комитетінің тұрақты мүшесі, 1957 жылдың қыркүйек айынан 1966 жылдың қыркүйек айына дейін – Шинжаң Ұйғыр автономиялы аудандық партия комитетінің мүшесі міндетін атқарды.
1954 жылы – бірінші кезекті бүкіл мемлекеттік халық құрылтайының уәкілі, 1956 жылы – Қытай коммунистік партиясы сегізінші кезекті халық құрылтайының уәкілі болып сайланды.
1980 жылдан 1985 жылға дейін Шинжаң Ұйғыр автономиялы аудандық саяси мәслихат кеңесінің мүшесі, 1985 жылдан қазірге дейін тұрақты мүшесі болып істеп келеді.
болған.
Қожай ДОҚАСҰЛЫ
ОФИЦЕРДІҢ ҚОЙЫН ДӘПТЕРІНЕН1
Үш аймақ төңкерісі туралы аз аял
1.
Мен осы естелігімде, «Үш аймақ» төңкерісі қарулы күштерінің негізгі күші болып келген бірнеше атты полктің қысқаша құрылу тарихы туралы білгендерімді тарих зерттеушілері мен қалың оқырман қауымның пайдалануына ұсынып отырмын. Менің де білетінім шамалы. Олардың барлығы осыдан жарты ғасыр бұрын өткен оқиғалар болғандықтан да, сол кездегі тарихи ахуалды толық білетіндердің көбінің көзі бүгінде жоқ. Көзі тірілерінің көбі шет елдерге кеткен (Ресейге, Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға – ред.). «Ахуалды біледі» – деген қарттардың естеліктері мәдениет төңкерісі кезіндегі апатта өртелген. «Кейінгі ұрпақ оған да зар боп қалмасын» – деп, солардан қалған деректерді іздеп, жинастырып, құрастырып баспаға беріп отырмын. Бұл мақалаларды толық деуге болмайды. Кемшілік қателіктері болуы мүмкін. Мен сөзді кәсіп еткен адам емеспін. Сондықтан да түрлі кемшіліктер мен шашыраңқылықтар болса, өздеріңіз байқап, оймен ретке келтіріп аларсыздар.
Осы тарихқа куәгерлердің бірі Бұрһан Шаһиди: «Шың шы цай үстемдігінің соңғы кезіндегі әртүрлі кері баққан қылықтары Шыңжаңдағы әр ұлт халқының наразылығын туғызды. Үлкенді-кішілі күрестер ең алдымен, Шыңжаңның солтүстік өңірлерінде басталды», – деген болатын.
Естелікте «Үш аймақ» деп – Жоңғар ойпатын қоршай орналасқан Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтары айтылып отыр. Бұлар Қытайдың батыс шекарасына, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районының батыс солтүстігіндегі ұлан байтақ өңірге жайласқан. ХҮІІІ ғасырдағы әкімшілік бөлініс бойынша: Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтарының басқарылу құқығы орталыққа (Бейжинге – ред.) төте қарайтын еді. 1916 жылы Іле шекара қорғаныс мекемесі күшін жойып – қалалық шекара мекемесіне, Шәуешек уәзірлік мекемелік күшін жойып – Тарбағатай аймағына, 1919 жылы Алтай іс басқару бектігі күшін жойып –аймақ ретінде Шыңжаң өлкесіне қарайтын болып өзгертілген болатын.
«Үш аймақтың» жер көлемі – 350000 мың шаршы км. 1940 жылдан бұрын адам саны сирек еді. 1944 жылғы Шыңжаң өлкелік Қауіпсіздік қорғау басқармасының санағы бойынша Үшаймақтың жалпы адам саны –725 мың 948 адам ғана болған. Бұл санның аса көп бөлігін қазақ ұлты құраған.
Яғни, қазақтар: Іледе – 220 672, Тарбағатайда – 103 180, Алтайда – 53 352, жиыны – 383 559 адам болған.
Ұйғырлар: Іледе – 76 229 адам, Тарбағатайда – 1015 адам, Алтайда – 25 961 адам, жиыны – 90 212 адам еді
Қытайлар: – Іледе – 27 661 адам, Тарбағатайда – 26 229 адам, Алтайда –2 331 адам, жиыны – 56 121 адам болған.
Монғолдар үш аймақ «Үш аймақ»тың көлемінде жиыны – 43 164 адам, дүнгендер – 21 399 адам, орыстар – 18 522 адам болатын. Бұлардан тыс татар, өзбек, қырғыз, тәжік, сібе, дағұр сияқты ұлттар болды. Бұл сандық мәлімет Іле облыстық архивінен көшіріліп алынды. Осы арада оқырмандарға ескерте кететін бір мәселе, Шың ша цай үкіметінің Қауіпсіздік сақтау басқармасы халық санағына тараншыны бір ұлт деп санаққа алған. Олардың жалпы саны – 9 203 адам делінген.
Жұртшылыққа белгілі, Мәнжур үкіметінен бері қарай Шыңжаңды билеген Яң зың шин, Жин шу рің, Шың шы цай сияқты губернаторлар –Шыңжаңдағы ұлттар ортасына іріткі салып, оларды бірін-біріне айдап салу арқылы өз биліктерін нығайтып отырған. Осы себептерге байланысты сол кезде Іледегі ұйғырлар – тараншы деп аталған. Оларды 1870 жылдарда Зуо зуң таң – Оңтүстік Шыңжаңнан тың игертуге қоныс аударып әкелген. Олардың бір бөлігі Ақсу, Үштұрпандағы көтерліске қатысқан ұйғыр диқандары еді.
Үш аймақтың ауа райы жанға жайлы, қоңыржай, шөлейт болса да жауын-шышын мол түсетін, топырағы құнарлы жер. Онда Іле, Еміл, Ертіс қатарлы суы мол өзендер бар. Алтай, Тянь-шань, Боғда, Еренқабырға, Сауыр сияқты үлкенді-кішілі таулар бар. Халқы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Сонау ХҮІІІ-ХІХ ғасырдан бастап осы өңірлерге патшалық Рессей отарлау саясатын жүргізді. 1871 жылы Іле өңірін әскери күшпен басып алып, он жылдан астам өктемдік жүргізді. Ата-бабаларымыздың мал-мүлкін талан-таражға түсірді. 1881 жылы үш аймақ «Үш аймақ» халқы патшалық Ресей үкіметіне қарсы күрестері арқылы Ілені өз қармақтарына қайтарып алды. 1944 жылы он бірінші айдың он екісі күні Іле өңіріндегі Құлжа қаласы – Гоминдаң үкіметінің қолынан қарулы күрестер арқылы тартылып алынды. Сөйтіп Құлжада – «Шығыс Түркістан үкіметі» құрылды. Сол бойынша, 1944 күзден бастап 1946 жылыдың көктеміне дейінгі аралықта Үшаймақ – Шығыс Түркістан деп аталды.
Достарыңызбен бөлісу: |