Қазақ мемлекеттік қыздар


Монғол шапқыншылығы кезеңіндегі дулаттар



бет4/23
Дата15.06.2016
өлшемі1.71 Mb.
#137238
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

Монғол шапқыншылығы кезеңіндегі дулаттар
Тортаев С.Ә. -т.ғ.к.доцент(Алматы қ.,ҚазмемқызПУ)

Ғабжалилов Х.М. -т.ғ.к.(Алматы қ., Алаш орталығының төрағасы)


Дулат тайпасы монғолдардың қазіргі Қазақстан жерін бағындыруының қарсаңында өзінің этникалық территориясы болып табылатын Жетісу өңірін иеленіп отырды. Оны басы Рашид-ад-дин болып монғол тайпасына жатқызбақ болған әрекет сондықтан да тарихи шындықты аша алмайды. Аса беделді шығыстанушы В.В.Бартольдтің де осыны ескермей, Жетісу аймағы баяғы он оқ елі заманынан бері (VII ғасырдан) дулаттардың түркі тілдес бабаларының ата-мекені екенін ескермей, оларды монғол тайпаларына жатқызып жібергені өкінішті. Алғаш олардың мекені, ата-жұрты қарақытайлар мемлекетінің құрамында болды. 1212 жылдан бастап 1218 жылға дейін бұл мемлекетті Монғол үстіртінен қашып келген найман тайпасының ханзадасы Күшілік билеп-төстеді.

Шыңғысханның Күшілікті жеңуі дулаттар аймағында дінді қудалауды тоқтатты; 1211 жылдан бастап Шыңғысханмен байланыс орнатқан қара-қытайлықтардың бұрынғы дулат тайпасы сияқты мұсылман бодандары толық дін еркіндігіне ие болды. Қуғын-сүргіннен аман қалған қара-қытайлар да мұсылманша киінуге көшті. Орта Азияда қара-қытайлықтар билігінің ешбір белгісі – жазуы, құрылыстары сақталмады/1/ . Сөйтіп, Мұхаммед пайғамбардың дінінің таралуына қарсылық білдірушілер дереу құдайдан жазасын алып жатты. Ал ислам дініне сеніп, оны басшылыққа алып, нығайтып жатқандардың жолы оңынан болып, жастары ұзарып, бақыт құшағына бөленді/2/ Бұл әсіресе осы өңірдегі беделді дулат тайпасына қатысты болды.

Осындайда құрамына дулат тайпасының мекені де кірген қарақытайлар мемлекетін басып алған моңғол әскерінің Жетісу, Түркістан өңіріне басып кіруіне не себеп болды. Оған кім кінәлі еді. Оның нәтижесі қандай болды? – дегендей заңды сауалдар да туындайды.

Күшілік ханзада қаза тапқаннан кейін оның Түркістандық иеліктері Хорезмшахтың қол астына көшті. Бұған Шыңғысхан наразы болды. 1216 жылы Күшілік пен меркіт ханының ұлы Кудуды (Хуту) Жошы бастаған моңғол әскерлері қуып келіп, оларды Кили және Камих өзендерінің маңында талқандаған кезде моңғол әскерімен соғысуға Мұхаммед Хорезмшах та келді. Моңғол әскерінің «Бізге Хорезмшахпен соғысуға рұқсат жоқ, біз басқа жұмыспен келдік», - деген сөзіне құлақ аспай, Хорезмшахтың өзі соғыс бастап, осы соғыста өзі тұтқынға түсіп қала сақтады: баласы Жәлел-ад-диннің батырлығының арқасында ғана құтылды.

«Бұл қақтығыстың басталуына сұлтанның кінәлі екеніне қарамастан, Шыңғысхан өзінің бұрыннан қалыптасқан ұстанымына сай оған шабуыл жасағысы келмеді, әртүрлі жолдармен достық қатынасты сақтауға және көршілік құқын қорғауға тырысты. Сұлтан тарапынан ашу-ызасын туғызған, қалай да қарсы шара қолданып, өш алуды қажет қылған қылықтар жасалғанша ол (Шыңғысхан – авт.) онымен (Хорезмшахпен – авт.) күреске кіріскен жоқ»/3/. Бұл кезде Жетісу мен Түркістан өңіріндегі дулаттар Күшіліктің зобалаңынан кейін бейбіт өмірді аңсап, Хорезмшахқа да қарсылық көрсете қойған жоқ.

Шыңғысханның батыстағы күшті де қауіпті көршісі Хорезмшахпен тіл табысу мақсатымен 1216 жылы оған елшілік жібергені белгілі. Дулаттар мекені Шу, Талас өңірімен жүріп өткен бұл елшіліктің жергілікті жерде Шыңғыс ханды насихаттағанын айтпасқа болмас. Ол Хорезмшахтан өзін, яғни Шыңғысханды әмірші ретінде тануды талап етті. Сонда ғана екі елдің арасында тыныштық болатынына сендірген ол, одаққа біріксе, оларға ешкім қарсы тұра алмайтындығына Хорезмшахтың көзін жеткізбек болды.

Хорезмшах болса Шыңғысханның билігін мойындаудан үзілді кесілді бас тартты және ешбір себепсіз өзі соғыс бастамауға уәде берді. Егер бұл ұсыныс қабылданбаса, Хорезмшах күшпен жауап беруге дайын екендігін де жасырған жоқ.

Бірақ көп өтпей екі елдің арасындағы тыныштық Отырар қаласының әкімі Қайырханның монғол көпестерін қырып, олардың тауарларын тартып алуының салдарынан бұзылды. Шыңғысханның жағдайды біліп келу үшін Хорезмге жіберген елшісі тағы да өлтірілді.

«... Шыңғыс хаған сартауыл (Ортаазиялық Түркістан) еліне жіберген Ұқына бастаған жүз елшісі өлтірілгенін естігенде өз ордасында үлкен құрылтай шықырып: «Алтын арқанымызды сартауылдарға қидырып, қол қусырып отырамыз ба? Ұқына бастаған жүз жігітіміздің кегін қайтарып, сартауылдармен соғысып, егеске қысас істеп, сартауылдармен шайқасайық» /4/, деп Хорезмге соғыс жариялады. Осыдан соң 1219 жылы Шыңғысхан жазды Ертістің бойында өткізіп, аттарын жемдетіп алып, күзде онан әрі жылжыды. Жолында кездескен облыстардың бәрін басып алып, соғысуға келе жатқандығы туралы Хорезмшахқа хабар берді.

Бұл жорыққа Шыңғысхан жалаң моңғол әскерін ғана емес, сондай-ақ осы кезге дейін өз қоластына біріктірген түркі тайпаларынан да (керейт, қоңырат, жалайыр, меркіт, найман, қарлық, ұйғыр, арғын, дулат) жасақталған әскерді пайдаланды /5/. Дулаттар Шыңғыс ханның Хорезмшахқа барар жолында жатқан бірден бір саны көп түркі тайпасы еді. Оның үстіне олар Ұлы қағанды мойындайтындарын бірден мәлімдеді.

Бұл жорыққа дулат тайпасының да қатысуының бір дәлелі – Шыңғыс хан Жошыға «хушин тайпасынан шыққан Байқудың мыңдығын берді. Ол барунгарды, яғни оң қанаттағы әскерді басқарды», - деген дерек. Сол деректің авторы Хушидай-Байқу деген аға әмірдің болғандығын, оны Шыңғысханның Жошыға бергендігін, оның Бату әскерінің оң қанатын басқарғандығын жазады. Ол өмірнің соңында: «Мен қартайдым, қаусырадым, енді бұл істі атқаруға жарамаймын» деп өз орнына басқа адамды ұсынды»/6/.

Зерттеушілер/7/ «хушин» деген «үйсін» дегенді білдіреді, ал «Байку» деген Майқы бидің бұрмаланған аты деп түсіндіреді. Олай болса үйсіннің ішінде оның дулат тайпасының да өкілдері болды деуге толық негіз бар деп ойлаймыз. Жошының ғана емес, Шағатайдың да қол астына берілген екі мың әскердің құрамында дулат сарбаздары бар еді.

Күшілікті жойып, Жетісуды қарсылықсыз алған 1216 жылдан Отырарға жеткен Шыңғысханға 1219 жылға дейінгі уақыттарда Құланнан батысқа қарай Талас, Испиджаб өңірлеріндегі дулаттар да қарсылықсыз берілді де, оның әскерін толықтырды.

Сөйтіп, Шыңғысханның жаулау жорықтары негізінен жалпы алғанда моңғол тайпаларынан ғана емес, қазақты құраған көптеген іргелі тайпаларға арқа сүйеудің арқасында ғана мүмкін болды дей аламыз. Моңғол әскерінің құрамына кірген үйсін тайпалық одағындағы дулаттар 1219-1222 жылдары Отырарды, Жент пен Өзкентті, Сығанақ пен Баршынкентті, Ашынас пен Үргенішті Хорезмшахтан қайтарып алуға қатысты.

1220 жылы дулат тайпасының біраз рулары тұрып жатқан Қашқария да Шыңғысхан мемлекетінің құрамына кірді. Бұл қосылу қантөгіссіз, зардапсыз жүргізілді. «В последующее затем блестящее царствование монголов Кашгария достигла высшей степени процветания, до которого ни ранее, ни в последующее века она никогда не доходила»/8/ Бұл монғолдарды жалпы шығыс елдері мен халықтарын мақтауға ауызы бармайтын орыс халқының өкілі, Ресейдің бас штабының полковнигі А.Н.Куропаткиннің сөзі. Осы пікір Шыңғысханға қарсылықсыз берілген дулат, арғын, қарлық, т.б. тайпаларының дұрыс саяси шешімдер қабылдап, елді қырғын-сүргінге ұрындырмай, салт-дәстүрі, діні, шаруашылық жүйесі бір болып келетін Орталық Азия көшпенділерінің өркениетін өрлетуге үлес қосқандығының куәсі деп білеміз.

Дулаттар қоныстанған бұл өлкелердің рубасылары мен халқының Шыңғыс ханға өз еркімен берілуінің арқасында олар Қытайға, Мауренахр мен Батыс Азияға қарағанда, монғол шапқыншылығынан елеулі ауыр зардап шеге қойған жоқ. Монғол жаулап алушылығынан соң бұл өлкелерде болып қайтқан саяхатшылар дулаттар мекендеген аймақты мәдениеті гүлденіп тұрған ел еді деп суреттейді. 1220 ж. чжурчжен императоры Шыңғысханға Ву-гу-сун деген елшісін жіберді. Оның айтуынша қарақытайлықтар азайып қалған, олардың өзі де Хой-Худың, яғни мұсылмандардың салт-дәстүрін қабылдап, киімдерін киген. Жетісулық мұсылмандар басқа, жергілікті мәдениеттің христиандық өкілдеріне қарағанда әлдеқайда жауынгер халық болған/9/.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бартольд В.В. Сочинения. Т.Ү. -546 б.

2.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1. Кн. 2. -184 б.

3.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 2. – М. –Л., 1952. -190 б.

4.Моңғолдың құпия шежіресі. – Алматы, 1998. -176 б.

5.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1,кн. 2. -274-275 бб.

6.Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1,кн. 2. -274-275 бб.

7.Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов. – Алматы, 1968. -25 б; Осындай пікірді Ш.Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, т.б. ұстаған. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.1. – Алма-Ата, 1984. -275 б.; Қаақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.6. Алматы, 2004, 2004. -314 б.

8.Куропаткин А.Н. Кашгария. – СПб., 1879. -79 б.

9.Туркестан со времени завоевания арабами до монгольского влдычества. Сост. А.Н.Самойлович. – СПб., 1903. – 137 б.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Шыңғысханның Орта Азияға жорығы кезіндегі дулат тайпасының жағдайы баяндалады. Бұл тайпаның салт-дәстүрі, діні, шаруашылық жүйесі бір болып келетін моңғолдарға қарсылықсыз беріліп, дұрыс шешім қабылдағаны дәлелденген.


РЕЗЮМЕ

В статье описывается территориальное, политико-экономическое положение племени дулат накануне монголского завоевания. Доказывается, что дулаты, поступив разумно, избежали истребления.


Тарих торабында таңбасы қалған Тараз шаһары
Саурықова Ж.С.- оқытушы (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Еліміздің маңызы зор өндірістік және мәдени орталығы болып табылатын қазіргі Тараз қаласы орналасқан жерде, тарихшыларға Тараз деген атпен белгілі Қазақстанның ең үлкен ортағасырлық шаһарларының бірі орын тепкен. Бұл қала жайлы жазылған ең алғашқы мәліметтер IV - ғасырдың аяғына жататын Византиялық жазбаларда кездеседі /1/./. Орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі Византия императоры ІІ Юстинианның Шығыс бөлігінің әскербасы Земарх бастаған елшілерді түркілер қағаны Дизабулдың ордасына аттандырды. Византия тарихшысы Менандрдың суреттеуі бойынша Земарх сапар барысында Тараз қаласында және сол қалаға жақын бір жерде үлкен мемлекеттің әміршісі, Түрік қағанының ордасында қабылдауда болды /2/.

Кейіннен Тараз (Талас) туралы ортағасырлық географ, тарихшы, саяхатшылардың бәрі дерлік жазады. Бұған таң қалуға болмайды, өйткені қаланың орналасқан жері Ұлы Жібек жолындағы маңызды орындардың бірі еді. Сондықтан да, авторлар Тараз жайлы жазған кезде ең алдымен оның сауда саласындағы маңызы туралы айтады. Тараз қаласы транзиттік ірі сауда орталығы болғандықтан, деректемелерде «мұсылмандардың түріктерімен сауда жасайтын орны» және «көпестер қаласы» деп жазылады. Талас-Тараз қаласын негізгі орталық нысана ете отырып, заманымыздың ХІІІ- ғасырына дейінгі Ұлы Жібек жолының бағыт-бағдарлары және бұл күндері ертедегі Үйсін хандығының астанасы болған Чигу (Қызылсай, Қызыл аңғар) қаласының бекінісінің орны туралы деректер бар Сонымен бірге, ол түргештердің, ал содан соң қарлұқтардың және қарахандардың астаналық орталығы болған.

Ертедегі авторлардың бірде-біреуі Тараздың орнын дәл көрсете алмаған. Сондықтан да археологтар бұл қаланы ұзақ уақыт бойы әр жерлерден іздестірді. Ертедегі Қытай жазба деректерінде кездесетін жер- су, қала аттары қатарында Талас бір жағынан жағрафиялық өңір ретінде, тағы бір жағынан өзен және бекіністі қала ретінде жиі аталып отырған /3/.Тараз тұрған жер жасыл желекті алқап болған. Бұл төңіректе Тараздан басқа үлкенді-кішілі қалашықтар, елді қоныстар, жеке үй қожалықтары, сарайлар өмір сүрген. Қазір олардың тек орны – мүжіле-мүжіле төбешікке айналған үйінділері ғана қалған. Жаздың ыстық күндері бұл төбешіктердің шөбі тез күйіп кетеді. Егер биіктеу жерге шығып қарағанда, жасыл даланың ара- арасында үйінділер сарыала дақ болып бірден көзге түсіп тұрады /4/.

Тараз өңірінің ежелгі тарихы ерте палеолит дәуірінен басталады. Мұнда ежелгі адамдардың қоныстануына анағұрлым қолайлы орындар – Қаратау таулары болды Орта ғасырдағы Әл-Идрисидің картасында неғұрлым ертедегі деректемелер бойынша кеңінен белгілі Тараз қаласы көрсетілген. «Нұзхат әл-мұштақ» текстінде Тараздың солтүстік жағында қарлұқ-түріктер мекендейтіні атап өтіледі; Тараздың оңтүстігіне таман 5 фарсах болатын Касрибас деген жердегі жайылымдарда қарлұқтардың қыстаулары бар екені де айтылады. Қарлұқтардың Тараз аймағы шегінді мекендегенін басқа авторлардың мәліметтері де қуаттайды. Қарлұқ тайпалары билік еткен тұста, Тараз қаласыVIII ғасырдың бірінші жартысында-ақ « даңқты да инабатты шарұқ-түріктер» қаласы деп аталған еді. Талас- Тараз қаласы ерте орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының кемінде үш-төрт тармағы түйісер нағыз тоғыз жолдың торабындағы ірі мәдени-сауда орталығы әрі Шығыс пен Орхон- Алтай өңірінен басталатын ірі әскери жорықтар нысана алған стратегиялық бекіністі қала еді . Тараз ығы-жығы халқы көп, саялы бау-бақшасы бар қайнаған базар, орталығында түркі тілімен қатар араб, парсы, соғды, қытай тілдері жиі естілген қала.

Көне Тараз кезінде «ғалымдар қаласы» деп аталып, оқымысты, ғалым, ғұламаларымен де атағы шыққан қала болды. Араб деректеріне қарағанда ХІ-ХІІ ғасырларда Тараздан Махмұт бин Әли әл-Тарази, Әбу Тахир Мұхаммет ат- Тарази, Әбд Садық Ахмет ибн Хасан сынды көрнекті ғалымдар шықты. Тарихи жазбалар бұл ғалымдарды жоғары бағаландығын көрсетеді. ХІ ғасырда аты мәшһүр энциклопедист ғалым әрі ақын Жүсіп Баласағұни 6500 бәйіттен тұратын теңдесіз әдеби әрі ғылыми ескерткіш – «Құдатғу білік» атты философиялық поэмасын жазып қалдырды. Тараз өңіріне қатысты алғашқы тарихи деректер осы ғалымдардың ғылыми мәні зор мұраларында және өлкемен танысқан саяхатшылардың жазбаларында сақталды. Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті түркі және ирандық тілдерде сөйлейтін ғалымдары, әдебиетшілері мен ақындарының үлкен бір тобы өз шығармаларын сол кезде халықаралық ғылыми тілдің рөлін атқарған араб тілінде жазды. Тараздық ғалымдар қай өлкеден екендігін білдіру мақсатымен есімдеріне «ат-Тарази» жұрнағын қосқан.

Қазақ жерінде алғашқы мешіт Тараз шаһарында 890 жылы тұрғызылды. Исламның таралуына байланысты мешіттер, медреселер, кесенелер салынды. ІХ - Х ғасырдағы ескерткіштерге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары аймақта қалалық мұсылман мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді. Х ғасырдың басында Қарахандар әулетінің негізін қалаушы Сатұқ Боғра-хан тұсында ислам дінін қабылдап, ал оның ұлы Боғра-хан Мұса тұсында 960 жылы ислам мемлекеттік дін болып жарияланған. Мұсылман діні бірінші кезекте қалаларда таралды. Осы тұста Тараз қаласындағы христиан шіркеулері мешіттерге айналдырылды.

Х-ХІІ ғасырларда қаланың гүлденген кезеңі болды.Тараз қаласындағы мұсылман сәулет өнерінің інжу-маржандары болып саналатын, Әулиеата –Қарахан (ХІІ ғасыр) және Дәуітбек (ХІІІғасыр) кесенелерін ерекше айтуға болады. Х-ХІІ ғасырларда Тараз қаласының су құбырлары, сонымен қатар күйген кірпіштен көпшілік үшін салынған моншасы болған /5/. Бұл Тараз төңірегі тұрғындары мал шаруашылығымен айналысқанын және Ұлы Жібек жолындағы сауда орталығы болғанын, Тараз қаласында малдарын сатып немесе айырбастап, сауда-саттық жүргізгенін дәлелденген/6/. Осынау қасиетті Тараз қаласының ХІ ғасырдың бірінші ширегіндегі теңге сарайы табылған. Сонымен қатар Тараз қаласынан ХІ-ХІІ ғасырда төбесі күнбезделіп жасалған монша, ұзындығы 12,8 метр су құбыры, күнбез тәрізді,ұзын мойынды тәсілмен жасалған пеш табылған. Осы қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттар, өрнектелген бұйымдар тарихи ескерткіштер заттай және рухани мәдениеттің дамуына зор үлес қосты.

Бұл аумақта көне ғимараттардың монументальдық архитектурасы қангөй тайпаларының архитектура мен құрылыс үрдістерінің деңгейіндей дамығандығы бәрімізге мәлім. ХІІ ғасырдың аяғында бабамыз Қарахан дүниеден өткен кезде, оның қабірі басына сәулетті күмбез ғимараты салынып, бұл мазар «Әулиеата» аталып кетеді. Бірақ монғолдар шапқыншылығы кезінде қалада, қасиетті күмбезде қиратылды. Тек 1809 жылы кесене қалпына келтіріліп, Айша – бибі, Бабаджа – қатын, Дәуітбек ( Шамансұр ) сынды ерте орта ғасырдың архитектурасының ескерткіштері күні бүгінге дейін сақталуда. Көне тарихи ескерткіштер біртұтас қазақтың мәңгілік мұрасы.

Тараз қаласын 1220 жылы Шыңғыс хан әскерлері басып алады. Тараз Шағатай ұлысына қарады. Тараздың орнына Яны (Жаңа) деп аталатын қала тұрғызып, Дәуітбек (Шамансұр кесенесі) мазары салынды. Қалада 1334 жылға дейін теңге соғылып тұрды. Қала Әмір Темірдің және жоңғарлардың шапқыншылығы кезінде құлдырады. Бұл жорықтар жергілікті халықты қисапсыз қырғынға ұшыратты. XV ғасырдың бірінші ширегінде Тараз өңірі өзара қырқысулардың сахнасына айналды. Абылай хан 1774 жылы қаланы қалпына келтіріп, Әулие-Ата деп атаған. Қоқандықтар 1821 жылы ежелгі Тараз қаласының орнына Әулиеата бекінісін тұрғызды. Тараз 1856 жылы Әулиеата деп аталып, қалада аса ірі өзі ататас жәрмеңке өтіп тұрды. Мемлекеттік банк бөлімшелері, почта, телеграф ашылды. Әулиеата Қазақстанның ірі қалаларының біріне айналды. 1936 жылы 10 қаңтарда Әулиеата қаласы Мирзоян болып өзгертілді. 1938 жылы 5 маусымда қалаға жыр алыбы Жамбыл ақынның есімі беріледі. Жамбыл қаласы қазақ ақынының атымен аталған тұңғыш қала болды.

1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен қалаға өзінің тарихи Тараз атауы қайтарылды. Тараз– Республикамыздың әдемі де гүлденген қалаларының біріне айналды.

Тараз – Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге Еуразияға да тән қала. Өйткені ол құрлықтағы ірі ғылым мен мәдениеттің, қолөнер мен сауданың орталығы, керуен жолдарының байланыстырушысы. Осыдан дәл 2000 жыл бұрын б.з.д. І ғасырдың аяғы мен б.з. І ғасырдың басында Тараз қаласы осынау өлкенің саяси және экономикалық орталығы болып, сол кезден бастап өте қарқынды дами бастаған .

2002 жылы қыркүйекте Қазақстан ЮНЕСКО көлемінде Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойын атап өтті. Тараздың мерейтойы – мақтан тұтар ерлік істерге, ірі оқиғаларға, қолбасшылары мен жауынгерлерінің ерлігіне, ғалымдардың дарынды еңбегіне, ақындар мен суретшілердің тамаша шығармаларына толы бай әрі тамыры тереңде жатқан тарихы бар егеменді Қазақстанның даму жолындағы маңызы зор кезең.


әдебиеттер

1. Байпақов Қ. Қазақстанның ежелгі қалалары. Алматы, 2005.

2. Көркем суретті Қазақстан тарихы, 1-том .Алматы, 2006.

3. Қазақстан тарихы очерктер..Алматы, 1994.

4. Қазақстан тарихы 1-том. Алматы, 1996.

5. Чапай М. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

6. Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан. Алматы, 1995.
ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада Тараз қаласының көне мәдени тарихы қарастырылған.


РЕЗЮМЕ

В этой статье рассматривается древняя история культуры города Тараза.



ЖАҢА ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ

.

Н.Ә.Назарбаев еңбектеріндеГІ тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрудың теориялық негіздері мен жолдары


Бегалиева А.А. – т.ғ.к., доцент. (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлем тарихының басты оқиғасы ретінде тарихқа енген КСРО сияқты алып империяның күйреуі нәтижесінде пайда болған еледердің бірі – Қазақстан Республикасы халқының, бірінші кезекте қазақ ұлтының, алдында жаңа мемлекет қалыптастыру міндеті тұрғандығы белгілі. Мұндай аса күрделі істің басында, ел тағдыры шешілер сәтте атқарылар ауқымды қайнар көзінде, тағдырдың жазуымен, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұнғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды. Оның еңбектерінде тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды жазба дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасау, Н. Назарбаевтың жаңа мемлекет құру өте қымбатқа түсетін, аса күрделі іс екендігін КСРО-ның кезінде-ақ айқын көрсетті. Мысалы, ол өзінің 1991 жылдың наурыз-сәуір айларында, демек КСРО-ның күйреу қарсаңында дайындаған «Әділеттің ақ жолы»- атты кітабында одақтас республикалар арасында сол кезде ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстарды үзудің бәрі үшін де қатерлі екендігін айта келе: «Оның үстіне бір-біріне мүлде тәуелсіз жаңа мемелекеттерді құру дегеніңіз өте қымбатқа түсетін іс екенін дәлелдеп жатудың сірә, керегі бола қоймас»-деуі соның дәлелі. Дегенменен, көп ұзамай-ақ тағдыр оны дәл сол «өте қымбатқа түсетін», жаңа мемлекет құру ісімен айналысуға мәжбүр етті.

Н.Назарбаевтың қандай жағдайда жаңа мемелекет құру ісімен айналысуына тура келгендігін түсіну үшін, КСРО ыдырағаннан кейінгі Қазақстанда қалыптасқан жалпы жағдайды объективті суреттеп берген «Азия асқарларынан» үзінді келтірейік. Онда: «Кеңестен кейінгі елдердің басым бөлігі сияқты, Қазақстан да қайырым білмес жүйелік дағдарыстың жылымына батып жүре береді. Алып империяның күйреуімен бірге бәрі де: үйреншікті байланыстар, өмір салты және адамдық құндылықтар қирап түсті. Бұрынғы Одақтан мұраға алынған дерттерге енді ортақ идеологиямен, экономикамен және инфроқұрылыммен бекемделген бітұтас ағзаның қирауына байланысты шыққан жаңа дерттер қосылды. Соның өзінде де Қазақстан басқалармен салыстырғанда аса бір қиын жағдайға қалған болып шықты.

Оның өзіндік себептері де бар. Елді меңдеп алған дағдарыс кеңестік жоспарлы экономиканың қойнауларында баяғыдан сыздықтай пісіп келе жатқан ауқымды дағдарыстың тікелей жалғасы және салдары еді. Қазақстанға дәл осындай мұра қалды: жантәсілім ете бастаған экономиканың жарқыншағы, тозығы жеткен инфроқұрылым, әлемдік стандартқа маңайламайтын кәсіпорындар мен құрал-жабдықтар, экстенсивті ауыл шаруашылығы және азып-тозған ауыл, ақыр аяғында, білікті мамандар мен тәжірибелі басқарушылардың тапшылығы» - дей келе, мемлекеттік басқару жүйесіндегі ауыр ахуал мен оның салдары туралы: «Кеңістік кезеңнен алған мемлекет басқару жүйесінің быт-шыты шықты. Экономиканың белі бүгіліп кетті. Оның көлемі 55 пайызға кеміді. Қазақстаның қаржысы да, өнім өткізетін рыногыда жоқ еді, сондықтан кәсіпорындардың дерлік тоқтады. Дүкендерден азық-түлік пен ең зәру заттар табылмайтын. Адамдар зейнетақы мен жалақына айлар бойы алудан қалды. Елді жаппай жұмыссыздық жайлады. Жойдасыз ифляция әбден шегіне жетіп, жұртшылықтың тапқан- таянғанын жалматып жатты. Қылмыс өсіп кетті.

Ел қауіпсіздігінің мәселелері де оңай емес-ті. Шекаралардың аты бар да заты жоқтығы, қуатты ядролық арсеналдың қолда тұруы, көмірсутектілерінің мол қоры және жағдайы тұрақсыз өңірдің дәл ортасындағы геосаяси орналасуы ұлттық қауіпсіздікке едәуір қатер болатын. Егер бұған аса ауқымды аумаққа шашырай орналасқан халықтың этностық құрамы бойынша ала-құлалығын, әскердің әлсіздігін қоссаңыз, қалыптасқан жағдайдың қаншалықты күрделі екендігі көрінеді»-деп баяндалған.

Міне осындай жағдайда, елбасына жаңа мемлекет қалыптастыру сияқты аса күрделі істің басында тұруына тура келеді. Н.Ә.Назарбаевтың еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның бұл мәселеге ел тағдыры үшін шешуші маңызы бар мәселе ретінде қарап, оған ерекше көңіл бөлгендігін, оның бар маңызын жете түсініп, үлкен жауапкершілікпен және жан-жақты ізденістер негізінде, терең теориялық дайындықпен келгендігін көрсетеді.

Н. Назарбаев еңбектеріне, тарихилық принцпіне сай, жарық көрген уақыттарынан шыға отырып талдау жасау, оның жаңа Қазақстан мемлекетін құру туралы ойлары мен іс -әркетткрінің даму диалектикасын байқауға мүмкіндік береді. Мысалы, ол өзінің тәуелсіздік таңы жаңа атқан 1992 жылы, дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөздері: «Қазір біздің ұлтымыздың алдында тұрған ең басты міндет, ең қиын міндет–Қазақстан егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде: «Ұлт мемлекетсіз өмір сүре алмайды, құрып кетеді. өз кезегінде ұлттың жойылуы оның мемлекетінің өмір сүруін мәнсіз етеді. Мәселенің қатаң диалектикасы осындай. Сондықтан қай ұлтқа жататынына қарамастан барлығы үшін мүмкіндіктер теңдігі мен барлығының заң алдында тең принцпін жүзеге асырушы біздің мемлекетте тұрақтылығы ұлт–қазақтардың–мүддесі жекелеген жағдайда бірқатар мемлекеттерде орын алып отырғандай, ерекше бөліп айтылатыныда әбден орынды»- деп ұлттық мемлекет қалыптастырудың қаншалықты маңызды екендігін, бұл істегі қазақ ұлтының алар орнының ерекше екендігін атап көрсетеді.

Егер, мемлекеттің– адамдардың ұйымдасуы мен өмір сүруінің нысаны болып табылатын қоғамның негізінде пайда болатындығын, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде пайда болатындығын, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінің нәтижесі екендігін ескерсек, онда нақты қоғамның бейнесі жалпы сипаты мен әлеуметтік табиғаты қандай болса, нақты мемлекетінің де бейнесі, жалпы сипаты мен әлеуметтік табиғатының да сондай болғандығы белгілі. Өйткені қоғам дегеніміз – мемлекеттің объективті негізі, соның базисі. Демек, бізде бүгінгі күні негізінен қалыптасып, дами бастаған мемлекетіміз қазақ қоғамының, Қазақстанның ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы реальды дамуның объективті жемісі, соның бейнесі және көрінісі Н. Назарбаев аталған еңбегінде: «Бұрынғы Кеңес Одағының бет –бейнесін түбегейлі өзгерткен оқиғалар тарихи еншісіне айналды. Бүгінде өз тағдырын өзі айқындаған қазақ ұлтының жас егеменді мемлекеті, Қазақстанның бүкіл халқы мен экономикасы »өзінің жаңа жай-күйінің жолында тұр.

Қоғамдық организм, онда орын алған саяси және экономикалық қатынастар өзгеру үстінде. Қоғам мен экономика барған сайын ашық сипатқа ие болуда. Демократияның дамуы, меншікті қатынастарды реформалау және толыққанды нарыққа қадам жасау экономиканы дағдарыстан шығарудың баламасыз құралы ретінде танылды, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай жасалуда»– деп ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстанда орын алған түбегейлі қоғамдық-экономикалық өзгерістер салдарынан елде ұлттық мемлекетті қалыптастырудың объективті алғышарттарының пісіп жетілгенін айтады.

Одан әрі Н. Назарбаев: «Қазақстанды біз үшін басқа ешкім де өзгертпейтін, дүние жүзі қауымдастығында оған лайықты орын алып бермейтіндігін, біздің өміріміздің стандартын жоғары көтермейтінін түсіну маңызды» деп, Қазақстанның өзгеруі де, әлем қауымдастығы арасындағы өз орнын таба білуі де тек қазақстандықтардың өзіне ғана байланысты екендігін айта келе: «Барлық қазақстандықтар ілгерілеудің концептуальдық бағытын көрмейінше, алыстағы мақсатты түсінбейінше, олардың стратегиялық байланысындағы нақты бағдарламалық қадамдарсыз ол бос сөз болып қала беретініне сенімдімін»- деп айқын бағыт-бағдарды, түпкі мақсатты дәл таба білудің маңызын көрсеткен. Екіншіден, Н.Назарбаев: «Жер шарының басқа бөліктеріндегідей емес, КСРО-ның ыдырауы тарихи негізі жоқ атымен жаңа мемлекеттердің пайда болуына емес, тарихи тамыры тереңге жатқан, кейін күшпен жойыла жаздаған мемлекеттердің қайтадан қалпына келтірілуіне ұласты. Біз тек КСРО-ның ыдырауының ғана емес мемлекеттердің жаңадан жандандырылуы және заңдандырылуы жан- жақты күрделі процестеріне ұласты деп айтқан болар едік»- дейді. Бұл да толығымен тарихи шындыққа сай келеді. Арғы сақ, ғұн, түркі дәуірлерін айтпағанның өзінде ХҮ ғасырдың ортасынан бастап қазақтардың өз мемлекеті болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Демек, 1991 жылдың соңынан бастап біз де өз мемлекеттілігімізді қайта қалпына келтіру ісімен айналысы бастадық.

Үшіншіден, Н.Назарбаев: «Ұлттық жаңғыру, мемлекеттілікті қалпына келтіру әрдайым оп-оңай жүзеге асыра бермейді» -дей келе, сондай қиындықтардың бірі –империяның күйреп саяси үрдістер алмасып жататынын әлеуметтік өліара кезеңдерде ерекше күшейетін бағыт – этнопопулизм екендігін айтады. Оның айтуынша: «Популистер саяси ұпай жинау үшін ештенкеден тайынбайды. Ең бір қасиетті ұғымдарды да саудаға салады. Олар адамдарды үлкен уәделерге, даңғаза ұрандарға оңай иланатындықтарын да жақсы біледі. Қоғамның небір күрделі мәселелерін оп-оңай шешіп тастауға серт береді...этнопопулизм – демократиялық қоғамның денесіне шыққан «безеу» емес. Ол – вирус. Онымен ұдайы күреспей болмайды» – дейді.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысқанда» атты еңбегінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін іс жүзінде қалыптастырудың жолдары мен өзіндік ерекшеліктері туралы да айтады. Ол КСРО-ның, ойын картасынан тұрғызылған үй сияқты, көз алдымызда қирап қалуына байланысты туындаған қысылтаяң жағдай да ескі, әбден сынға ұшыраған мемлекеттік аппатарттың нәтижелі жұмыс істей алатындығын айта келе: «Қазақстан биік құрылымдарын революциялық жолмен күйрете салуға бой ұрған жоқ. Реформаның сипатына және даму барысына орай бірте-бірте өзгеріліп, жаңа сапаға көтерілді. Әсіресе мемлекетімізді қалпына келтіруіміздің эволюциялық сипаты басым болғанын ең үлкен табысымыз деп білемін»- дейді.

Демек, Қазақстан бір жүйеден екінші бір жүйеге көшуде революциялық емес, эволюциялық жолды таңдаған. Тарих Қазақстанның бірден-бір дұрыс жолды таңдай білгендігін толығымен дәлелдеп отыр. Түбегейлі қоғамдық өзгерістерге революциялық жолмен тезірек жетпек болудың халыққа не беретіндігін тағы да біздің өз тарихымыздан жақсы белгілі. Большевиктер партиясының өзіне сеніп үш бірдей революция жасаған, сөтіп қоғамды өзгертпек болған Ресей халқының жағдайы соның айқын дәлелі.

Эволюциялық жолды таңдаудың Қазақстанға не беретіндігі туралы: Н.Назарбаев өз еңбегінде: «Біз қоғам мен экономиканы басқарудың әкімгершілік жүйесін жоққа шығаруға үзілді-кесілді кірісе қойған жоқпыз. Бұл, бәлкім, Қазақстанның саяси-экономикалық орнықтылығының ең басты себептерінің бірі болуы ықтимал» – дейді. Өтпелі кезеңде, ескі мемлекеттік машина әлсіреп мүшкіл халге түскенде; «Ескі үрдісті қирата салу бөліне жарылушылықтың, аймақшылдықтың, діни және ұлттық өшпенділіктің қылмыстың қаулап өсуіне қолайлы жағдай туғызатындығына тарихтан талай мысал тауып беруге болады. Мұндай жағдайда мемлекеттік аппарат орнықтылықтың бірден- бір кепілі болып табылады» –дейді, Н.Назарбаев.

Осындай, біздегі жаңа жағдайға сай жаңа мемлекет қалыптастыру ісінде пайда болған міндеттердің бірі туралы Н.Назарбаев: «Егемендікті нығайта келе, алдымыздан басқа бір мәселе – мемлекеттігіміздің сипатын анықтау міндеті шықты. Қазіргі бар құрылымның ғұмыры ұзақ емес екендігі белгілі еді. 1990-1991 жылдары бір жүйеден екінші жүйеге көшер кезде кездесетін екі ұдай ахуал орын алды: Президенттік билік компартия және кеңестер билігімен қатар өмір сүрді. Экономикада да дәл осындай көшіп қону орын алды» - дейді. Бұл ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың біздегі өзіндік ерекшеліктерінің бірі еді.

Еліміздің бір жүйеден екінші жүйеге көшу кезінде атқарылуға тиісті міндеттердің күрделілігі және оларды шешеудегі Н. Назарбаевтың рөлі туралы «Азия асқарларында»: «Ел алдында үш қабатты транзит міндеті, яғни бір мезгілде үш өлшем бойынша: жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға; бір партиялық әкімшіл, әміршіл жүйеден демократиялық жүйеге, дәстүрлі санадан либералдық құндылықтарға өту міндеті қойылды. Мұның өзі бүкіл мемлекетік құрылым мен экономикалық жүйені түбірінен бұзу ғана емес, ондаған жылдар бойы қалыптасқан қасаң ұғымдарды, адамдардың ойлау жүйесі мен өмір сүру салты мен батыл еңсеруді талап етті.

Осындай жағдайда Назарбаевтың алдына күрделі таңдау қойылды; бірте-бірте қимылдау, сөйтіп реформаның қарқынынан айырылу немесе әлеуметтік қарсыластық туғызу қаупі болатынын біле тұра батыл да қатаң іс- әрекеттерге бару» - деп жазылған. Бұл Н.Назарбаетың өз еңбегінде айтқан ойларының өмір шындығынан туындағанын дәлелдейді.

Егер, Н.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында», осылай, ұлттық мемлекет құрудың теориялық негіздерін жасап, оның жолдары мен ерекшеліктерін көрсетсе жаңа сипаттағы, ұлттық мемлекет құрудың алғышарттары мен оны нығайту туралы ойларын, «Тарих толқынында» атты кітабында одан әрі жалғастырған. Ұлттық мемлекет құру сияқты істің, сол мемлекет құрушы істің, сол мемлекет құрушы ұлттың тарихы мен, бүгінімен болашағымен тығыз байланысты аса күрделі іс екендігін осы кітабында нақты деректерге сүйене отырып негіздеген.

Ол, «Тарих толқынында»: «Егер сыртқы әсер ықпалды былай қоя тұрып. Мәселені нақтылай түсінетін болсақ, онда ұлттық әрекеттің аясы үш түрлі фактормен анықталмақ»-деп, мемлекет құрудың ұлт әрекетіне қатысты ішкі факторлары, яғни алғышарттарын көрсеткен. Оның айтуынша: «Мұның ең ағашқысы – ұлттық бірігу (интеграция) мен ыдыраудың (дезинтеграция) тетіктері». Осы ең басты факторлардың бірі – ыдыраудың салдары мен мемлекеттілікке тигізген әсері туралы: «Қазақтардың өз ішінде ыдырауы ұдайы дерлік Тәңірдің жазасындай болып, қазақ мемлекеттілігінің мүмкіндігін қатты тежеп отырған»-дейді. Сондықтан ыдыратқыш үрдістермен күрес ұлттық әрекеттің ең мәнді бағыты болып отырғанын айтады. Н. Назарбаев: «Қазақтың өз ішіндегі бірігулердің тетіктерін, институттарын, құндылықтарын жетістірудің мән-маңызы әскери құрылыстан немесе сыртқы саясат институттарын жақсарудан бірде олқы емес»-деп қазақтардың өзара ауызбірлігінің маңызын жоғары бағалаған.

Екіншіден, Н.Назарбаев әрі қарай қазақтың ұлттық тұтастануы үшін табан тірейтін негізгі идеялық тұғыр біршама айқын дей келе: «Бұл – дербес мемлекетті сақтау және дамыту. Бұл мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамыту және нақтылы әрекетке ұластыру. Бұл – Қазақстанның аумақты тұтастығы»-дейді. Осылай ұлт адында тұрған, ұлтты біріктірер нақты міндеттерді атап көрсете отырып, ол міндеттердің аса күрделі және ұзақ уақытты, көп еңбекті қажет ететін міндеттер екендігін әрбір қазақтың білуі керектігі туралы: «Азаттық, Қазақстан аумағының тұтастығына, нақты экономикалық, әскери, ақпараттық дербесттікке қол жеткізу дегеніміз мейілінше күрделі және ұзақ уақытта созылатын, сондай-ақ ұлттың ерекше қажыр – қайратын қажет ететін үрдіс екенін сезіну әрбір қазақ үшін әліппелік ақиқат болуға тиіс»- дейді.

Үшіншіден, ұлттық рухты қайта түлетудегі және дамытудағы қазақ зиялыларының ерекше ролі туралы айта келе Н. Назарбаев: «Ұлттық мүдеге қызмет етудің тарихи ұлы үлгіерін шын мәнінде көрсетіп берген әйгілі тарихи қайраткерердің, мемлекет басқарушылардың тұтас легі біздің көз адымызда. Олар қазақ мемлекетін дамытудың нысанасын ХХ ғасырдың бас кезінде – ақ көрсктіп берген болатын...Біз асқақ сезімге бөлене отырып, ұлттық әрекетшілігімізге қатысты ғасыр басында Алаш қайраткерері бастап берген жолнұсқалар ғасыр соңында жалғасын тапты деп айта аламыз»–деп, біз төл тарихымызды ұлттық мүддеге қызмет етудің тамаша үгілерін көрсете білген зиялыларымыздың болғандығын, солардың үлкен бір тобын Алаш ардагерінің құрғандығын және біздің ең жаңа тарихымызда құра бастаған мемлекеттілігімізді солар бастаған істің тікелей жалғасы екенін айтқан.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев «Тарих толқынында» қазақ халқы үшін өзінің ұлттық мемлекетін құру ісінің КСРО-ның күйреу салдарының аяқ астынан пайда бола қалған іс еместігін, КСРО-ның күйреуі қазақтардың ғасырлар бойы армандаған мақсатына қол жеткізуге тек мүмкіндік қана бергендігін айтқан. Ол аталарымыздың осы мақсатқа жету жолында қандай қиыншылықтарға болса да төзе білетіндігі туралы: «Жатжұрттық басқыншылармен болған соғыстарда ауыр қырғынға ұшыраған, 30-жыдардағы этногеноциттің қаһарына қасқайып қарсы тұрған, тоталитарлы ғасырды бастан кешсе де мемлекет құру мүмкіндігін ғасырлар бойы дайындады» – дей келе, ендігі жерде сол мүмкіндікті пайдалана білудің қаншалықты маңызды екендігі туралы: «Ендігі, бүгінгі таңда қазақ халқы келісті ғұмыр кеше алатын мемлекет құру жолында өз ішіндегі ара-дара келіспеушіліктің салдарынан қарқынын тоқыратып алса, мұны еш нәрсемен ақтауға болмайды»- дейді.

Сонымен, қорыта айтсақ, ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында мүмкін болған тәуелсіз мемлекетімізді қайта қалпына келтіру сияқты аса күрделі де қиын, маңызды да жауапты, тарихи да тағдыры істің басында тұрған Қазақстанның тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның мемлекет құру барысында, осы істің теориялық негіздерін қалап, оның жолдары мен ерекшеліктерін және алғышарттарын дәйектілікпен көрсете білгендігін дәлелдейді. Біріншіде, жаңа мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы көксеген ұлттық мемлекет құру туралы армандарының орындалуы болса, екіншіден, бұл тарихи тамыры тереңде жатқан бұрынғы мемлекеттеріміздің жаңадан жанғыруы еді. Үшіншіден, Қазақстан бір жүйеден екінші жүйеге өтуде революциялық емес, эвоюциялық жолды таңдаған. Төртіншіден, жаңа жағдайға сәкес жаңа мемлекет қалыптастыра білу де ескі мемлекеттік машинаны дұрыс пайдалана білу тактикасын өзі толық ақтаған. Бесіншіден, ең басты, жаңа қалыптаса бастаған ұлттық мемлекеттің тағдыры, сол мемлекеттің негізін қааушы қазақ халқының тағдыры, сол мемлекеттің беріктігімен тікелей байланысты екендігін дәлелдеген.

Н.Назарбаев жасаған тұжырымдаманың айқын дәлелі өмірдің өзі. Қазақстан халқының, қазақ ұлтының өз мемлекеттілігін құру ісіндегі бүгінгі күні қол жеткізген табыстары. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихының келешек зерттеушілері ескеруге тиіс маңызды фактор.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Назарбаев Н.Ә. Халықтан жасыратын ештеңе жоқ. // Егемен Қазақстан 5-шілде 1997ж.

2.Назарбаев Н.Ә. Ғасырар тоғысқанда – Алматы, 1996,272 бет.

3.Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның Егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы: Алматы, 1992,56 бет.

4.Мұртаза Ш. Тәуелсіздік толғауы: // Егемен Қазақстан 2001, 26 қыркүйек.

5.Салқынұлы С. Тұңғыш Президент. Алматы, 2006.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұнғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев еңбектеріне жазба дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасалған.
РЕЗЮМЕ
В статье труды первого президента РК Н.Ә.Назарбаева рассматирвается как первеисточник по истории независимого Казахстана.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет