Қазақ мемлекеттік



жүктеу 3.58 Mb.
бет18/18
Дата09.06.2016
өлшемі3.58 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

ҚАЗАҚ БАЛАЛАР АҚЫНЫ Ө. ТҰРМАНЖАНОВ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
Әкімқожақызы Ш. -2-курс магистранты (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)

Қазақ балалар поэзиясының түп-төркіні сонау фольклор үлгілерінен бастау алғанын ескерсек, қазақ халқының бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін небір тамаша ертегілерді, жұмбақтар мен мысал өлеңдерді, тақпақтар мен жаңылтпаштарды ойдан шығарып, оны бала санасына әрдайым сіңіріп отыратындығынан байқаймыз. Сондықтан да мұндай мұралар әлі күнге дейін құндылығын жоймай, бүгінгі күнге жетіп отыр.

Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров секілді ақындар кеңес кезеңінде балалар поэзиясын фольклор үлгілерінің заңды жалғастырушылары ретінде танылса, бертін келе яғни, соғыс жылдарынан кейінгі балалар поэзиясына өзіндік қолтаңбаларымен бір топ ақындар келді. Атап айтсақ, М.Әлімбаев, Б.Ысқақ, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, т.б. Сондай қарымды қаламгерлердің бірі әрі бірегейі – балалар ақыны Ө.Тұрманжанов болды.

Нан қоқымын шашпаңдар!

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар.-

деген тақпақты тақылдап айтқан талай балалардың сүйікті ақынына айналған Ө.Тұрманжанов құнарлы бай тілімен, тартымды сюжетке толы суретті жырларымен қазақ балаларына үлкен базарлық әкелді. Ақынның өлеңдері баланы адамгершілікке, мейірімділікке, үлкенді сыйлай білуге үндейтін үлгілі шығармалар ретінде балалар әдебиетінің қорына айтарлықтай қазына болып қосылды. Еңбекке, бірлікке, ынтымаққа, адамгершілік ойларға жетелейтін көптеген өлеңдері балалардың жадында жаңғырып, жаттап алып айтып жүретіндей сүйікті шығармаларына айналды.

Мысалы, “Отан ” атты өлеңіндегі :

Отан дейміз от жаққан жерімізді,

Отан дейміз өсірген елімізді.

Отан дейміз туған жер, ата мекен

Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Отан дейміз кең байтақ астананы,

Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.

Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,

Ол бірақ өз үйіңнен баталады. –

деген шумақтар баланың санасына бірден сіңіп қалатын, тілі жеңіл де, ойы ықшамды әрі жаттауға жеңіл шығарма десек, артық айтқандық емес. Ғибратты ойларға жетелей отырып, солардан белгілі бір қорытынды шығарады. Балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, “Отан отбасынан басталады” деген мақалдың өмірден алынғанан осы өлеңінде-ақ тайға таңба басқандай етіп түсіндіреді.

Немесе “Кім неге барсын?” өлеңіндегі мына қысқа да нұсқа жолдар нақыл түрінде айтылып, оқырманына біраз ой салатындай.

Тіл алғыш бала нанға барсын,

Тілазар бала талға барсын.

Тілі тәтті бала шалға барсын.

Нан- тамақ болады,

Тал- таяқ болады,

Шал- қонақ болады.

Оқуға да жаттауға да жеңіл мұндай өлеңдер баланың танымдық деңгейін биіктетіп, ақылдылыққа, тіл алғыштыққа жетелейтіндігімен тәрбиелік мәні зор.

Тәрбиеші, ата-ана балаларға осы секілді өлеңдерді оқып беріп, түсіндіру арқылы соның қорытындысын балдырғандар жаттаса, өмірлік рухани азығы болар еді. Өнегелі жақсы ойлар естерінде сақталып, саналы азамат болып қалыптасуына мұның өзі бірден игі әсерін тигізбес пе?!

Сөз зергері, балалар поэзиясында өзіндік жаңаша қырымен көріне алған балалар ақыны Ө.Тұрманжановтың енді бір топ өлеңдері сөзбен салынған суреттен құралады. Кестелі де тілге орамды мұндай туындыларынан көркемдік келісім де, қисынды логика да көрініс тапқан. “Екі торғай сайрайды”, “Ол беске, мен үшке оқимын”, “Жыртық кітап жылады”, “Әкемнің нақ өзіндей болып алып”, “Нан туралы баллада”, “Тілі жоқ айтар еді-ау сол торғайдың” т.б. өлеңдерінде жанды суреттер кестеленгендіктен, балаларға тартымты. Мәселен, “Мың жыламай, бір-ақ жылап қояр едім мен!...” атты өлеңінде бала аузымен айтылған “мың жыламай, бір-ақ жылап қояр едім ғой...” деген бір ауыз сөздің астарында қаншама мән жатыр? Достарының “соқырсың” деп мазақтағанына шыдай алмай, неге соқыр болып қалғанын білгісі кеп апасынан мән-жайды сұрауы, өзінің кемтер екеніне налыған баланың өкініші бала көңіліне аяушылық, жанашырлық сезім ұялатады. Сөйте тұра, баланың ақылдылығына іштей ризалық білдіресің. Әрі оқи отырып, өлеңің астарында оқырманға, балаларға, ата-аналарға деген ескертуді аңғарасың.

Жан-жануарларға деген балалардың қамқорлығын, мейірімділігін, албырт сезімін оятатын ақынның “Екі торғай сайрайды”, “Бөдененің пысық-ақ балапаны”, “Бақа, бақа, балпақ”, “Ақ бұзау мен көк лақ”, “Қозы, қозы, қозылар”, “Жалқау қоян”, “Көбелектерді сыйладым”, “Құмырсқа мен піл” атты бір топ туындылары да - тартымды сюжетке құрылып, құнды ойларымен оқшаулана алатын шығармалары.

Ақын “Көбелектерді сыйладым” өлеңін:



Гүл өсіріп, қуантып,

Көбелектерді сыйладым.

Жаз сұлуын мұңайтып,

Сыйламауға қимадым.-

деп аяқтайды. Өлеңнің өн бойынан көрініп тұрған тіршілік иелеріне деген құрмет, бүкіл табиғатқа деген сүйіспеншілік, жәндіктерге деген достық сезімі баланы жақсылыққа, қамқорлық секілді ізгі адамгершілік ойларға жетелейді.

Мұндай өлеңдеріне қарап, ақынның шығармаларын құрғақ қиялдан туған көңілге қонымсыз, ақылға сыйымсыз деп айта алмайсың. Белгілі бір сипат белгісі жоқ сурет бейнелер емес, шынайы өмірмен, дағдылы бала ғұмырымен байланысты көріністер, айшықты суреттер қолданылады. Асқақ сезімдерге бөлеп, өлеңімен өзіне тез-ақ баурап алады.

Бүкіл дүниеге, табиғатқа, жан беріп, меңіреу тасты да, гүл үстінде ұшып жүрген көбелекті де сүйіспеншілікпен, өмір тілімен сөйлете жырлайды. Жәндік атаулы қуанып, асыр-салып ойнап, сауық-сайран құрады. Жаратылыстың осындай әсем көрінісін балаларға салынған суреттей етіп, көз алдыларына елестете отырып, жырласа ол ақынның шеберлігі болып табылады.

Тағы бір айта кетерлік жайт - Ө.Тұрманжанов шығармаларының дені бала тәрбиесіне ықпалын тигізетін ойлы оралымдардан тұратындығы. Балаларға үлгі-өнеге ету үшін шығармасының ең соңында барлық оқиға желісінен, айтылған ойдан белгілі бір қорытынды жасап, естерінде қаларлықтай түйін түйеді.

Жақсы оқыса бала

Жақсылығын күндеме!

Ақсақ болса бала,

Ақсақтығын “мін ”деме!

Жуас болса бала,

Басынып бәрің жүндеме!

Ақсақтық та мін емес,

Жуастық та мін емес,

Биік болса арманы! –

Немесе


Жалқау болма, балақан!

Аңқау болма, балақан.

Аңқау болсаң- аңқау бол,

Жалқау болма, балақан!

***

Жаны жақсы ағаның

Етегін баспа, жолын қу!

Болайын деген баланың,

Бетін қақпа, белін бу!

Ақын көлгірсіп ақыл айтудан аулақ, жамандықтан жиреніп, жақсылықты үйретуге, баланың ойымен, санасымен санаса отырып, балалардың түсінігіне сай ғибратты ойға толы нақылды жырларын жазады.

Білем!” деме, балам!

Білмейтінің көп шығар.

Бәрін білген адам

Дүниеде жоқ шығар.

***

Он саусағың сау болса,

Ырыс емей немене?

Он екі мүшең сау болса,

Тыныс емей немене?-

деген ғибратты жырларымен балдырған оқырмандарын ойлылыққа, жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелесе, енді бір жыр жолдарынан тек балаларға ғана емес, жеткіншек жастар мен ересек адамдарға да ой салатын ақын шығармаларын көруге болады.



Қара басын қорғаған,

Қарнын ғана ойлайды.

Қарнын ғана ойлаған,

Өмірінде тоймайды.

Өз қамын ғана ойлаған,

Өмірінде оңбайды.

Өзгені оттан қорғаған,

Өмірінде тоңбайды.

Ақын аз сөзбен көп мағына береді. Сонымен қоса жырларында пәлсапалық мәнділікке саятын жақтары мен кейіпкер мінез-құлқын танытатын астарлы меңзеулер де, балалар мен жеткіншектердің танымдық ой аңғарын кеңітетін заттар, құбылыстар атаулары да жетерлік.

Көргені мен білгеніне тиісті қорытынды жасай алмайтын жас буындар үшін өлең аяғындағы осындай тұжырымды пікірлер оларға үлкен ой салып, ой өрісінің дамуына себеп болады. Олардың қалыптасып келе жатқан ойына иерең із қалдырады. Өзіне түсініксіз дүниелерді ажыратуына көмектеседі. Осы арқылы сәбидің ой өрісі молайып, оның ақыл-ойы, зейіні, зеректігі мен тапқырлығы дами береді. Балаларға арналған Ө.Тұрманжанов өлеңдеріндегі ең тамаша қасиет те - осында.

Баланың қиялымен, арманымен астастыра жыр жаза білген көрнекті ақын Ө.Тұрманжановтың балалар поэзиясында осындай ойлы оралымдары арқылы, баланың бал тіліндей тәтті жырлары арқылы, көркем кестелі өлеңдері арқылы өзіндік орны бар.



Жеткіншектердің сана сезімін улап алмас үшін, бала тәрбиесіне ерекше ден қою- уақыт талабы. Табиғатынан еліктегіш келетін балдырған балаларды ұлттық тәрбиеге, рухани білім алуға жетелеу ьалаларға білім беру ісіндегі басты міндет болуы шарт.
ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада балалар ақыны Ө.Тұрманжанов өлеңдерінің тәрбиелік мәні көрсетілген. Адамгершілік қасиеттерге жетелейтін толғамды ой түйіндері және балалар тіліне жеңіл тіл орамдарының қарапайымдылығы ақын өлеңдерінен көрініс табады.
РЕЗЮМЕ
В этой статье рассматривается воспитательное значение стихотворений детского писателя О.Турманжанова. А также особенности построения его произведений для детей, доступность языка.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет