20. С.Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар» шығармасындағы ұлттық болмысқа жат мінез-
құлықтарды талдап жаз.
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын.
(Абай)
«Тойдан қайтқан қазақтар» шығармасы – комедия жанрындағы пьеса. С.Балғабаев өз
шығармасында ұлттық болмысқа жат мінез құлықтарды астарлап жеткізе білген. Оқиға желісі
«Қазақстан» пойызында келе жатқан жолаушылар арасында өрбиді.
Ұлтымыздағы бір жағымсыз жат қылықтардың бірі – жағымпаздық. Пьесада бұл айқын көрініс
тапқан. «Жасасын жақсы ағалар! Асыл ағалар жасасын! Жасасын қамқор ағалар, Бастық ағалар
жасасын!» [123-бет] деген тұсынан немесе үшінші көріністегі Қошқарбайдың: «Жасасын Мэлис
Әлібаевич! Мэлис Әлібаевич жасасын! Жасасын асыл ағаларымыз! Ұлы ағаларымыз жасасын!» [129-бет]
деген сөзінен жағымпаздықтың, екіжүзділіктің көзге көлгірсу, бетке жылтырау, аяқ-қолын жерге
тигізбей мақтау, жазылып жастық, иіліп төсек болудың үлгісін көрсетеді. Осы көріністерді оқыған сәтте
Абайдың «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң адамдарды көріп, бетіңді басып, қашып кеткің» келеді. Өкінішке
орай, қазіргі қоғамда бұл әдет біздің қанымызға сіңіп бара жатқан сияқты. Бұрын бұл қылықты
«жағымпаздық» деп тыжырына қарайтын болсақ, қазір әдемілеп, заманауи стильде
«коммуникабельный», «қоршаған ортадағылармен тез тіл табыса алатын» жағымды қасиетке теңеп
жүргенімізді қайтейін?!
Қазақ халқында «Алаған қолым береген», «Бара бергенше, пара бер» деген парақорлыққа
қатысты кері кеткен мәтелдер бар. Шығармада осы кері кеткен қасиеттер билетсіз жолаушының:
«Қарағым-ау, оқудағы балама барып... қазіргі кезде бала оқыту деген... Бұрын тек оқуға түсерде ғана
беретін едік...енді ай сайын... сессия сайын... Біресе ақша сұрайды... Біресе соғым сұрайды...Тіпті күріш,
консерві сұрайтындары да бар» [126-бет] деген сөзінен 90-жылдардағы парақорлықтың белең алып
кеткенін байқаймыз. 90-жылдары белең алып, қазір шарықтау шегіне жеткен парақорлық деген кесел
қазіргі уақытта «жемқорлық, сыбайластық» деген атауға ие болып, өңін айналдырып, әлі сайран салып
жүр. Ешкім бермесе, ешкім алмайды, беруші де өзіміз, алушы да өзіміз. «
Қазіргі қазақ қоғамына
қарасаңыз, дәп бір базарда жүргендей сезінесіз. Шынын айту керек, тәуелсіздік алғанға дейін «пара»
деген аса бір жан түршіктіретін жаман сөз емес-тұғын. Жалпы түркі халықтарына ортақ бұл сөзге «ақша»
ұғымы синоним бола алады, бірақ заман өзгерді. Заман өзгерген соң ұғым да басқа сипатқа ие болды.
Кезінде қазақ болыс болып, шен алу үшін пара беруші еді... Енді өмір сүру үшін пара ұсынатын індетке
шалдықты»./алаш айнасы.кз./
Соңғы уақытта әр ру өз аталарын ел қорғаған батыр, топты жарып сөйлеген шешен, жұртты
аузына қаратқан көсем ретінде көрсетіп, соны ғылыми түрде дәлелдеу әдетке айналып бара жатыр, әдет
еме-ау, жарысқа, бәсекеге түсіп кеткендей. Пьесада өздерінің руының адамдарын «… батыр бабамыз …
бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды…» деп дәріптеп, қазақ тарихын өрескел
бұрмалаушы жалған «тарихшы-ғалымдар» Асай Мүсеевич бейнесіне жинақталған. Иә,
бабаларымызды,тарихымызды ұмытпағанымыз дұрыс, бірақ оны жағымпаздықтың құралы ретінде
пайдалану – барып тұрған парықсыздық.
Жұмысымның қорытынды бөлімінде мынадай ойға келіп, өз-өзіме сұрақтар қойдым. Осындай
жағымсыз қылықтармен алысқа ұзай аламыз ба, өркендеп өсе аламыз ба? Жазушы осы тұрғыда билетсіз
жолаушыны былай сөйлетеді: -«Ай, қазақтар-ай! Қайран, қазақтар-ай! Барар жерлеріңе аман-есен жетер
ме екенсіңдер?! Тағы бір пәлеге ұшырап қалмай, аман жетер ме екенсіңдер?!» [161-бет]. Иә, өмір –
өткінші пойыз, біз соның ішіндегі жолаушымыз. Кімбіз? Қайда барамыз?
Қайда кетіп барасың, қайран, қазақ?
Есімің болып барады елге мазақ.
Өз-өзіңді сыйлауды білмеген соң,
Өмірің өмір емес – қызыл тозақ.
Достарыңызбен бөлісу: |