Қазақ тілі. ӨЗдік жұмыстарға арналған мәтіндер



бет5/13
Дата25.02.2016
өлшемі1.43 Mb.
#20735
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

4.5 Қасым хан (1511 —1518 жж. билік құрған)
Шамамен 1445 жылы дүниеге келген. Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Анасы Жағанбегім — Мұхаммед Шайбани ханның кенже інісі Махмұд сұлтанның апасының сіңлісі.

Қасым ханның мемлекетті басқару әдістері, ішкі және сыртқы саясаты туралы мәліметтер өте аз. Қасым хан есімі бірінші рет Мұхаммед Шайбани жөніндегі жазбаларда аталады. Ол мәліметтерде Қасым ханды «атақты сұлтандар мен батырлардың бірі», «Бұрындық ханның атты әскерінің басшысы» деп атайды. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң, Қасым хан билікті өз қолына алды.

Қасым хан билік құрған кезеңде де қазақтар мен Шайбани әулеті арасындағы Сырдарияға жақын қалалар үшін қақтығыстар мен шайқастар болып жатты. 1510 жылы қыста Шайбани ханның әскерлері Ұлытау баурайындағы Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Қасым хан олардың бетін қайтара алмайтынын түсініп, шегінді, біраз уақыттан соң күтпеген жерден шабуыл жасап, өз қарсыласын жеңді.

1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін, Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қамтып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жететін. Қасым тұсында Қазақ хандығы халқының саны 1 миллионнан асатын. Сондықтан да ол халықаралық саясаттан тыс қала алмайтын. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы еуропалық аренада әйгілілік пен саяси қуаттылыққа қол жеткізген еді.

Қазақ хандығымен алғашқы болып дипломатиялық байланыс орнатқан көршілес Мәскеу мемлекеті еді. Бұл князь Василий III билік құрған жылдары (1505-1533) жүзеге асқан болатын. Қасым хан тұсындағы қазақ хандығының тағы бір ерекшелігі - бұл кезеңде қазақтар Батыс Еуропада жеке этникалық қауымдастық ретінде таныла бастады. Тарихта бұл ұлы тұлғаның ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жол» атанып қалды. Қасым хан тұсында Казақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды.

Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған.


Сөздік

шамамен – примерно

жат ел – чужая страна

өз қолына алу – взять в свои руки

билік құру – властвовать

әулет – династия, род, потомки, семья

қақтығыс – столкновение, стычка

шайқас – сражение, битва

бетін қайтара алмайтынын түсініп – поняв, что нельзя отступать

шегіну – отступить

күтпеген жерден – неожиданно

шабуыл жасау – совершить набег

бөктер – косогор, склон

созылып жату – растянуться

тұс – в период (правления)

қамту – охватывать

жету – достигать

тыс қала алмау – не оставаться в тени

әйгілілік – известность

саяси қуаттылық – политическая сила

тағы бір ерекшелік – еще одна особенность

қас – настоящий, подлинный

ықпалын күшейту – усилить влияние

айналу – зд: стать


Тапсырмалар
1. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіз: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.

5. Мәтіннен тұйық етістіктерді теріп жазыңыздар, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.

6. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

7. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: әйгілілік, қуаттылық, таулық, хандық, еуропалық, орнатқан, қауымдастық, бірінші, атау, халықаралық.

8. Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазаңыздар: түбір, сөз тудырушы жұрнақ, тәуелдік жалғау, септік жалғау.


4.6 Кенесары хан (1802 -1847 жж.)
Кенесары Қасымұлы – қазақтың ең соңғы ханы. 1841-47 жж. билік құрған. Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы –қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғысханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянының қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.

1841 жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды. Кенесары қатаң тәртіп пен басқару принциптеріне негізделген Абылай атасының саясатын жүргізді. Кенесары Қасымовтың сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.

Сөздік
жою – уничтожить, ликвидировать

сөйтіп – итак, таким образом

ішкі тірлігі –внутренняя жизнь

тікелей араласу – зд: вмешиваться напрямую

үстемдік – господство, властвование

қалпына келтіру – придать форму

күш салу – приложить усилия

өз ойы – свои мысли

күшпен жүзеге асыру – осуществлять силой

шариғаттың негізгі ережелері – основные правила шариата

нығайту – укрепить

жетік білу – знать в совершенстве

жұмылдыру – привлечь, организовать

өзекті – основной
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіз.

5. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіздер.

6. Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.


4.7 Керей хан
Керей хан (туған жылы белгісіз, 15 ғ. 70 жж. басында қайтыс болған) — Қазақ хандығының негізін қалағандардың бірі.

1456 ж. Керей хан мен Әз-Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға еді. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428 ж. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті.

Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілқайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы — Шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1248-68) үстемдік етті. 15 ғ. ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қантөгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар болған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылысын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпелі тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді армандады.

Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан он екі жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті-Қыпшаққа қайта оралды.

Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472-73 жж. Сырдария жағасындағы қалалар үшін Моңғолстан ханы Жүністің ордасына Бұрыш сұлтанның шабуыл жасаған кездерінде айтылады. Тарихи материалдарда Керей ханның хандық билікті ұлы Бұрындыққа бергені туралы, Керей ханның Өзбек ұлысын басқарған кезеңі, оның тағдыры қай уақытта, қандай жағдайларда қаза болғаны туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген. Керей хан 1472-73 жж. оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі.
Сөздік:
үстемдік – господство, властвование

қоныс аударуы – переселение

мұрындық – тоненькая палочка, продеваемая через хрящи под

ноздрями верблюда, за которую приивязывают поводок

оқиға – событие, происшествие

мән-жайы – смысл, суть

ыдырау – рассеяться

үдей түсу – усиливать

толассыз – без затишья

қан төгіс – кровопролитные

езгі мен қанау халық – угнетаемый и эксплуатируемый народ

күйзеліске түсу – быть угнетенным

аласапыран – хаос

бытыраңқылық – разделение

салдар – последствие

мал жайылысын – пастбище для скота

зардабын тигізу – нести последствия

тауқымет тарту – испытывать лишения

тиімді жағдай – выгодные обстоятельства

дер кезінде – своевременно

ауып кету – переночевать
Тапсырмалар
1. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: көшіп кету, тәртіп, оралу, ұсақ, өзара, бұрын, ішкі, көшпелі, пайдалану, маңызды, оқиға, ұрпақ, армандау, құтылу,дала, ауыр, бейбіт.

4. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.

5. Мәтіннен біріккен және қосарлы сөздерді қатысты сөздермен бірге теріп жазыңыздар.

6. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

7. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіздер.
4.8 Тәуке хан (1680 -1718 жж. билік құрған)
Әз Тәуке атанған қазақ ханы — Жәңгір ханның ұлы. Билерге сүйене отырып, Тәуке хан сұлтандардың ықпалын бәсеңдетуге тырысты. Атақты «Жеті жарғы» заңдарын жасады. Ол XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қалыптаса бастаған қазақ құқығының ережелер жинағы болып табылады. Тәуке мемлекеттік басқаруды дұрыс жолға қою үшін қарулы күштерді ұйымдастыру, қазақ халқының бірлігін күшейту мәселесіне айрықша мән берді.

Тәуке хан тұсында тұрақты мемлекеттік органдар: Хан кеңесі, Билер кеңесі қалыптасты. Ол басқарған кезде жыл сайын Ташкент түбіндегі Күлтөбеде Үш жүздің басшыларының жиыны өткізіліп тұрды. Жүздер мен тайпалар арасындағы дау-дамайлар Үш жүздің әйгілі әрі беделді билерінің (Төле, Қазыбек, Әйтеке) қатысуымен шешілетін болды. Билер тобы хандықты басқаруға, заң шығару және сот ісіне араласа отырып, бірте-бірте билікке икемделе бастады. Тәуке заңдары арқылы барлық тайпалардың, рулардың ұраны және материалдық байлықтың айырма белгілері белгіленді, хандық биліктің беделін жоғарылату бағытында шаралар қолданды. Сонымен бірге, жаңа салық жүйесі енгізілді. Сот ісінде кісі өлімі қаралған кезде «қанды кек» принципі сақталды, тек ерекше жағдайларда талас билердің шешімін негізге ала отырып, құн төлеу арқылы шешілді.

Тәуке ханның хандық билікті дамыту және күшейту жолындағы қадамдары сәтсіз болды, себебі қазақ хандықтары бытыраңқы күйде еді. Мұнан соң Тәуке хан өзінің сыртқы саясатында Ресеймен дипломатиялық және сауда байланыстарын орната бастады. Тәуке хан тұсында Ресеймен дипломатиялық және сауда байланыстары дамыды, елшіліктер және аманаттар алмасу жүзеге асырыла бастады.

1716 жылы Тәуке хан жоңғарларға қарсы шабуылға шығуға Ресейден әскери көмек сұрады. 1698 жылы ойрат және қазақ феодалдары арасында қақтығыстар басталған еді. Жоңғар ханы Сыбан Раптан билік құрған кезде (1711-1712, 1714-1717) мұндай қақтығыстар үздіксіз болып тұрды.


Сөздік
сүйену – опираться

бәсеңдету – ослабить

дұрыс жолға қою үшін – с целью направить на правильный путь

қарулы – вооруженный

ұйымдастыру – организовывать

айрықша мән беру – придавать особое значение

тұс – период, время

дау-дамай – тяжба, спор, раздор

шешілу – решаться

заң шығару – издавать законы

араласу – 1.общаться; 2.вмешиться; 3.смешиваться ????

бірте-бірте – постепенно, медленно

икемделу – приспосабливать

айырма – различие, разница

билік – власть

беделін жоғарылату бағытында – для повышения авторитета

шаралар қолдану – проводить мероприятия

салық жүйесі – система налогов

«қанды кек» – кровная месть

сақталу – сохранить

талас – спор

негізге алу – брать за основу

құн – стоимость (в тексте:выплата за убийство, введенная при Тауке хане)

арқылы – при помощи

көмек сұрау – просить помощи

ойрат – ойраты (народность)

қақтығыс – столкновение

үздіксіз болу – быть непрерывно


Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (салық), морфологиялық талдау (көмек сұрау), синтаксистік талдау (Тәуке ханның хандық билікті дамыту және күшейту жолындағы қадамдары сәтсіз болды, себебі қазақ хандықтары бытыраңқы күйде еді).

5. Мәтіннен тұйық етістіктерді теріп жазыңыздар, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.

6. Мәтіндегі келесі сын есімдерге зат есімдерді табыңыздар: атақты, дипломатиялық, хандық, әскери, мемлекеттік,материалдық.

7. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.

4.9 Уәли сұлтан (1741 – 1821 жж.)
Уәли сұлтан (1741 - 1821) – Абылай ханның үлкен ұлы. Анасы Абылай ханның екінші әйелі Сайман ханым. Орта жүздің ханы болған. Оның 14 баласы болған.Үлкен әйелінен 5 бала, кіші әйелінен, Айғанымнан, 9 бала болған.
5 ЖЫРАУЛАР
5.1 Асанқайғы (XIV - XV ғғ.)

Асанқайғы Сәбитұлы – жырау, суырып салма ақын. XIV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген философ-ақын, қазақтың жырауы, XV ғасырдың 60-жылдары қайтыс болған. Оның шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады.

Асанқайғы Алтын Орда хандығының, сонан кейін Қазақ хандығының негізін салған Ұлығ Мұхаммедтің ең беделді кеңесшілерінің бірі болған. Шығыс Дешті-Қыпшақта өрбіген саяси күрес кезеңінде Әбілқайыр ханның қарсыластары – 1456 жылы Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандар Керей мен Жәнібектің жағында болды. Сонымен бірге, бұл хандықтың идеологы, барлық қазақ руларының бір мемлекетке бірігуін құптағандардың бірі.

Асанқайғы көшпенді халық тұрмысына жұт, табиғи апаттар көп нұқсан келтіретінін жете сезеді. Осыған орай, Асанқайғының жанға жайлы, жері нулы, суы мол, барлық адамдар терезесі тең өмір сүретін жерұйықты іздегені туралы аңыз да елге кең тараған. XV ғасырдың орта шенінде Ақ Орда күйреген соң, қазақтардың руларының Шығыс Дешті-Қыпшақтан Шу мне Талас өзендеріне үдере көшуін тудырған өзара феодалдық қырқысулар аңызда айқын суреттелген.

Асанқайғы – қазақ халқының ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен дала абызы. Осыған байланысты, Желмаясымен жер жаннатын іздеген жырауды Асанқайғы деп атап кеткен. Тұла бойы ізгілікке толы, халқын сүйген дананы Ш.Ш. Уәлиханов «көшпенділер философы» деп атайды.

Асанқайғының нақ жерленген жері белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша, Жезқазған облысының Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде жерленген екен. Асанқайғыға арнап жасалған ескерткіш «Асан ата күмбезі» деп аталады, Қызылорда облысында орналасқан, бұл ескерткіш 1982 жылдан бері мемлекет қорғауында.


Сөздік
суырып салма ақын – поэт-импровизатор

аркау еткен – в которых поднимались

философиялық нақыл – философские изречения

толғау – стихотворение-размышление

терме – нравоучительные песни

негізін салу (= қалау) – основать

ең беделді – самый авторитетный

кеңесші – советник

өрбіген – возрастающая

құптағандардың бірі – один из тех, кто поддержал

жұт – джут (массовый падеж скота)

табиғи апаттар – природные бедствия

нұқсан келтіру – нанести вред

жете сезу – основательно (детально) чувствовать

осыған орай – в связи с этим

жері нулы – плодородные земли

жерұйық – рай

кең тараған – широко распространилось

күйреген соң – после падения

үдере көшуін тудырған – кочевать с насиженных мест

өзара феодалдық қырқысу – межфеодальная вражда

айқын суреттелген – ярко изображен ???

ертеңін ойлау – думать о завтрашнем дне

еңсе көтеру – приободрять, поднимать дух

дала абызы – степной мудрец

осыған байланысты – в связи с этим

ізгілік – святость, благодеяние

жер жаннаты – рай

дана – мудрец, гений
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

4. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін табыңыздар: мұрат, шен, нұқсан, ізгілік, негіз салу, абыз, барлық, өмірлік, құптаған.

5. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.

6. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, синтаксистік талдау.

7. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

8. Мәтіннен тәуелдік ...... ???????


5.2 Ақтамберді (1675 – 1768 жж. )

Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Қаратауда туған, 1768 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Жүрекжота деген жерде қайтыс болған. Жорық жырауы, әскербасы, қоғам қайраткері.

Қазақ халқы басынан кешірген ұлы күйзелістер кезінде өмір сүрген Ақтамберді 17 жасынан бастап қалмақтармен, Орта Азия билеушілерімен болған шайқастарға қатысады. Бұл соғыстарда ол батылдығымен ерекшеленеді, кейінірек әскербасылық қабілетімен де көзге түседі. Талай-талай ұрыстарда ысылып, батыр атанған Ақтамберді жырау тарихқа «Ұлы апат жылдары» болып енген оқиғалардың ішінде жүрді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі.

Жоңғар мемлекетін талқандап, Қазақстанның шығыс өңірін жау қолынан босатқаннан кейін, Ақтамберді жырау қазақтарды ежелгі ата-бабалары өмір сүрген қоныстарына орналастыруға белсене атсалысты. Ол өз қарамағындағы қазақ руларын отырықшылыққа үйретуге тырысты. Бұл бағытта арық қазуды, бөген салуды ұйымдастырып, қазақтарды егін шаруашылығына үйретуді қолға алды.

Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой-толғаулары өзгелерден биік тұрады. Ол жылқы малын «ер қанаты» дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді. Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады. Ол жоңғарлардың билігінде қалған қазақ далаларын азат етуді, қазақ халқының өрлеуін, жоңғар басқыншыларын толығымен жеңуді армандайды.

Көптеген өлеңдерінде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар мен қызу шайқастар кезінде туындаған өлеңдері XVIII ғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді.

Сөздік
ұлы күйзелістер кезінде – в период великого упадка

ерекшелену – выделяться

әскербасылық қабілеті – способности военоначальника

талай-талай – неоднократно

ұрыстарда ысылу – закаляться в битвах

Ұлы апат жылдары – Годы великого бедствия

ұлт-азаттық күрес – национально-освободительная борьба

талқандау – разгромить, сокрушить

жау қолынан босатқаннан кейін – после освобождения от врага

қарамағындағы – находящиеся под его руководством

арық қазу – рыть канавы (каналы)

бөген салу – строить водохранилище

қолға алу – зд: заниматься

батырдың серігі – спутник (товарищ) батыра

жауға қарсы шабу – выйти против врагов

жігерлендіру – набраться отваги

азат ету – освободить

өрлеу – взлет, полет

басқыншылар – захватчики

толығымен – полностью

жан аямай – не жалея жизни

сұрапыл соғыстар – свирепые войны

қызу шайқастар – суровые битвы

жауынгерлік өр рухы – несгибаемый воинский дух

дәріптеу – восхвалять
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

5. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: ұйымдастырушылардың, басқыншы, жауынгерлік, ұлт-азаттық, егін, армандау, батырлық, жігерлендіру.

6. Мәтіннен біріккен және қосарлы сөздерді қатысты сөздермен бірге теріп жазыңыздар.

7. Тұйық етістіктерді жазып алып, қай тұлғада тұрғанын көрсетіңіздер.
5.3 Бұқар Қалқаманұлы (1668 – 1781 жж.)
Бұқар Қалқаманұлы – қазақтың аса көрнекті жырауы, мемлекеттік қайраткері. Ұзақ ғұмыр сүрген ол көптеген тарихи оқиғалардың куәгері. Тәуке хан тұсында беделді билердің бірі болған. Материалдық-тұрмыстық қиындықтарды басынан кешіріп, Ақтабан шұбырынды жылдарда өз билігінен айрылған Бұқар жырау билік басына Абылай хан келгенде мемлекеттік істерге қайта араласады. Ханның бас кеңесшісі және ең беделді билерінің бірі бола отырып, жырау қазақ халқының өміріндегі күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды.

Өз заманында Бұқар жырау білімдар адам болған және араб тілінде жазған. Оның поэтикалық мұрасынан бізге 1200 жолға жуығы жетті. Олар XIX-XX ғасырларда ел аузынан жиналып алынған болатын. Өз дәуірінің тұрақсыз және құбылмалы сипатын Бұқар жырау заңды құбылыс ретінде қабылдайды. Оның айтуынша, әлемде ешбір зат мәңгілік емес, адам өмірі мен табиғат та өзгереді.

Бұқар жырау бір орталыққа бағынатын біртұтас мемлекетке үш жүздің бірігуін аңсайды. Сондықтан да бұл арманын жүзеге асыратын Абылай хан деп санап, Бұқар жырау өзінің іс-әрекеті мен өлеңдері арқылы оны қолдап, хандық билікті нығайтып, дамыту жолында күрес жүргізеді. Ол орыс патшалығының басты мақсаты қазақ жерін отарлау саясатын жүзеге асыру екенін жақсы түсінді.

Өз туындыларында өзекті мәселелерді көтерген абыз ақын халықты бірлікке, достыққа және батылдыққа үндейді. Абылайдың кейбір іс-әрекеттерін қатты сынаған ол айбарлы ханның ақылшысы ғана емес, мемлекеттік саясат істеріне ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналды.

Қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы, Далба тауының баурайында қайтыс болған.
Сөздік
ғұмыр сүру – прожить жизнь

оқиға – событие

куәгер – свидетель

тұс – сторона, среда

беделді – авторитетный, уважаемый

бірі болған – один из

қиындықтар – трудности

басынан кешіріп – пережить

Ақтабан шұбырынды – Великое бедствие

айрылу – потерять

қайта араласу – вновь заниматься

күрделі мәселелерді – сложные проблемы

білімдар - знающие, знатоки, ученые

жол жуық - примерное количество (произведений)

ел аузы - уста народа

тұрақсыз – неустойчивый

құбылмалы – непостоянный

заңды құбылыс ретінде – как закономерное явление

оның айтуынша – по его мнению

әлемде ешбір зат мәңгілік емес – ничего в мире не вечно

бағыну – подчинение, повиновение

нығайту – усилить, укрепить

түсіну – понимать

өзекті мәселелер – основные проблемы

үндеу – призыв, обращение

абыз – мудрый

сынау – критиковать

айбарлы – грозный, величественный

қабырғалы – сильный, крепкий

баурай – подножие, склон


Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

5. Асырмалы шырай тұлғасында тұрған сын есімдерді көрсетіңіздер.

6. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшелері кездесетін сөйлемдерді жазып алып, сол сөйлемдердің синтаксистік талдауын орындаңыздар.

7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.

8. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -шы, -ші; -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті; -сыз, -сіз; -гер, -кер.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет