6. Стилистикалық коннотацияның ғылыми ереже анықтамаларын атаңыз, олардың ғылыми аппараты бойынша жалпы сипаттама жасаңыз.
Стилистикалық коннотация стилистикалық мән-мағына, бояу ұғымдарын бере отырып, тілдік бірліктердің қосымша мағына берушілік қасиетін ашып көрсетеді, яғни экспрессивтіэмоционалдық және функционалды-баға берушілік мағыналары қарым-қатынастың нақтылы қолданыс аясы мен шарттарына байланысты туындайды. Әсіресе функционалды стильдің белгілі бір түрінде стилистикалық коннотацияның тұрақты белгілері пайда болады: прагматика, инерция, молекула (ғылыми стиль), заңды тұлға, келісімшарт, өкім, мәлімдеме (ресми стиль), репортаж, бас мақала, хабарлама (публицистикалық стиль), жанр, стиль, идея, сөз-образ (көркем стиль) т.б. Стилистикалық коннотация белгі-қасиеті тілдік бірліктердің барлық түрінде (лексикалық сөздерде, тұрақты сөз тіркестерінде, сөзжасамдық тұлға-бірліктерде, синтаксистік құрылымдарда) көрініп, стилистикалық әсер тудыруға көмектеседі. Заман мен замана, тату мен тонның ішкі бауындай, тыңдамау мен сөзін құлаққа ілмеу, пысық пен пысықай, оқыды мен оқып тастады, айта бастады мен айта жөнелді сөздерінің соңғы сыңарларының экспрессивті-эмоционалдық қасиеті, стилистикалық мәні оларға жалғанған қосымшалар не тіркескен көмекші етістіктер, фразеологиялық байлаулы тіркестер арқылы айқынырақ көрінеді. Стилистикалық мәнде жұмсалатын тіл бірліктері, бояулы сөз өрнектері коннотация ұғымын қалыптастыра түседі. Сөйтіп, коннотация – стилистикалық экспрессивтікбағалауыштық категория ретінде танылып, «стилистикалық норманы құрудың негізгі тәсілі» болып саналады. Қазіргі тіл ғылымында стилистикалық коннотацияның негізгі арқауы болатын мынадай түрлері (аспектілері) көрсетіліп жүр: стилистикалық тапсырма, стилистикалық мағына, стилистикалық әсер. Стилистикалық тапсырма тікелей авторға тәуелді, автор танымынан туындайды, ал стилистикалық әсер адресатқа (қабылдаушыға) бағытталып, оның ақпаратты қабылдау реакциясын, ой-сезімін тудыруға негіз болады. Бұлар сөйлеушілердің қарымқатынасында көбінесе сұрақ-жауап формасы арқылы жүзеге асады. Сонымен стилистикалық коннотация – заттық-логикалық және грамматикалық мағыналарға қосымша жүктелетін экспрессивтік және стилистикалық қасиеттер.
Достарыңызбен бөлісу: |